Файзулла Төлтай. МАЗАРТАСТАҒЫ ЖАЗУ

ӘДЕБИЕТ
6262

1

Мағырып пен мәшүріптің ортасында дәл сол сынды сенделген ешкім жоқ,
өмірінің соңына дейін сенделді де жүрді,
түн жарымында таң шақырып жүрген алжыған әтештей марқұм;

өтіріктің құйрығы секілді өмірі ұзын болғанымен де сүріп жарытпады ғой, сабаз,
тәнінен бұрын жаны үлкен мазарға көміліп,
жер қыртысынан ми қыртысына дейінгі аралықты алып жатқан үлкен бір мазарға.

Ал оның артынан ел ертең аңыз ғып айтатын ештеңе қалмады,
ұйқасын құрай алмаған өлеңдердің бір-екі қолжазбасы ғана күмбездің аспанын торлап жүр,
өздерін сөздерге жерленген ойлардың рухымыз деп ойлап.

Енді сол рухтардың орақ пен балғасын ерітіп елтаңба жасаған елдің
ескі балдағына сүйенген күйі
дәл осы жерге кеп жығылған кемеңгер Абайға обал-ақ...

2

Шын мәнісінде мазардың ішінде бір ғана адам жатқан жоқ,
бірнеше ғасырлар бойы басында шырақшы болған мыңдаған адамдар жатыр,
балтырлары бір-біріне оралып;
бәрі оны тау сынды шынжырлап аламыз деді,
жел сынды мінгесіп аламыз деді,
соңында өздері шынжырға байланған тау болды,
жел болып белдері қайысты...

Қазірдің өзінде жыртық шекпен мен тесік өкшелі етікті киіп
мазардың қасынан уақыт өзіне көр қазып отыр;

қызық,
қыста көмілген өліктің иісі көктемде шықпайды деп ойлай ма сонда?!

3

Валмики мен Гомердің көлеңкелеріне сүйенгісі келеді марқұм,
Платон мен Сократқа және Шемси мен Румиға сынық кесесімен шарап ұсынады тағы;

бірақ оған бұл жолы күн мен түнді бір сәтте көретін олар ештеңе бермейді,
бергендерін де кері алып қойғалы қашан;
ал оның ескі бір балдақтан басқа өзіне тиесілі ештеңесі жоқ –

біз енді мүрдесін арқалап жүрген уақыттан еш қайыр келмегеннен кейін,
амалсыз сол ескі балдақтың мойнына мазар гүлдерін тағып,
шайтаншырағының жұпары жағылған кітапқа жерледік...

ол қазір кітаптың ішінде гүлдерді мойыномыртқадан тізілген алқа деп ойлап жүр,
кешегі алып империяны бір сүйкеп құлатқанына сенгені секілді...

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...