«Өлтіре алмағандардың бәрі бізді тек күшті ете түседі». (Ф.Ницше) IМұқағали М...
Тоқтар Жақаш. Қыземшек оқиғалары
Антон Столяров деген тілшінің "Басыңнан "тарс" етіп соққы тисе ғана - нағыз журналистсің. Одан басқасының бәрі - насихат" деген әдемі сөзін оқып қалдым. Көңіліме қонды. Содан, мына оқиға еріксіз есіме түсіп, бір күліп алдым.
2004-2005 жылдар болуы керек. Өзімнің туған елім - Созақ ауданында орналасқан Қазатомөнеркәсібінде күйіп тұрған мәселе жайлы зерттеу жасадым. Оқта-текте ауылға барғанда небір сұмдықты естисің ғой. Сол нәрселерді эфирден көрсетуді мақсат тұттым. Ол кезде КТК телеарнасында жұмыс істеймін. Содан, ауылға бір аптаға іссапармен шығып кеттім. Бағытым - ауданның түкпірінде, Бетпақдалаға еміне кіріп жатқан Қыземшек. Қазатомөнеркәсібіне алдын-ала ресми хат жазып, бүкіл уран кәсіпорындарын аралайтын болып, келісімдерін алғам. Қыземшектегі рудникті Иванин дейтін қартаңдау орыс басқарады екен. Түнделетіп жеттік те, таңертең дайын тұрған нысандарды аралап шықтық. Уранды қалай байытып, сары кекті қалай алатынын көзбен көрдік. Кеңседе мамандармен сұқбат жазып алып, сыртқа шықсақ, бір топ тұрғын күтіп тұр екен. Камераны қосып, жаза бастадық. Топырлаған ылғи қаракөздер. Жап-жас жігіттер мен келіншектер. Барлығының мәселесі - жұмыс екен. Сөздерін тыңдасаң жүрегің ауырады. Жақын маңдағы ауылдардан көшіп келіп, не жұмысқа, не ішіп-жемге, не баспанаға жарымай отыр. Жас болса да әрқайсысының 4-5 бала-шағасы бар. Мына Иванин оларды не жұмысқа алмайды. Не пәтер бермейді. Бос орын болса, сонау Ресейде зейнетке шыққан шал-шауқандарды шақырып, жақсы айлықпен тек орыстарды ғана алады екен! Ультраұлтшыл емеспін. Бірақ өз елің жарымай жүргенде өзгені жарылқау деген иттік қой! Қала типтес кенттің сыртында осындай жұмыссыз жүрген әлеуметтік аутсайдерлердің шағын ауылы пайда болыпты. Барып, оны да аралап көрдік. Ешқандай архитектуралық талапқа сай емес. Архитектураны айтасыз, мұндай кепелерге мал қамаудың өзі обал! Уақытша тұруға деп, картоннан, шикі балшықтан, қоқыста жатқан қаңылтырдан, әйтеуір қолдарына түскен нәрсемен кішкентай-кішкентай итарқалар салып тастапты. Қара күз еді. Әлгі үйлердің іші сыз тартып, жан-жақтан сукық азынап тұр. Сондай кепелерде сәбилер мен кішкентай балалар өсіп жатыр! Тура бір 21 ғасыр емес, 19-ғасырдағы Арал маңындағы жатақтар секілді. Мұндай сұмдықты бұрын біреу айтса сенбес едім. Киерге киім таппай, мектептен қалып жатқан балаларда есеп жоқ! Осы тұрғындар жайлы "Ел-жұрт" бағдарламасына шырылдаған бір хабар түсірдім. Бір кішкентай бала әке-шешесінің ақшасыз қиналатыны, бірнеше күн ас-сусыз отыратыны жайлы сүйек сырқыратар сырын айтты. Оператор екеуміз сұқбат барысында көз жасымызды тия алмадық! Қалтамыздағы ақшадан бірдеңе берген болдық. Кенттің полициясы мен рудниктің бүкіл қызметкері әр басқан қадамымызды аңдып, бізді бөліп әкетуге тырысып әлек. Күн сайын әр үйде дастархан жайып, қонаққа шақырады да тұрады. Біз бірден әкімшілікпен байланысты шорт кестік. Жұмысқа кедергі келтірмеуді сұрадық. Сондай күннің бірінде ескі танысым келіп, бұдан өткен сұмдықтың шетін шығарды. Телеарнаға түсіруді келістік. Сонымен, ертеңіне, күндіз сағат 11 жобасында әлгі танысым айтқан жерге келдік. Айналасы атшаптырым, бетон қоршау екен. Тесіктен үңілсек, ішінде жер қазып, бірдеңені бұзып жүрген адамда есеп жоқ. Кіп-кішкентай балалар шанаға ауыр заттар артып, сүйреп жүр. Сөйтсек, бұл Қыземшектің дәл іргесінде салынған, ресми рұқсаты жоқ "могильник" екен! Уранға әбден пайдаланып, радиациясы қауіпті темірлерді осында көмеді. Ал мына ызғып жүрген адамдар - кешегі кепенің тұрғындары, бала-шағасымен көмілген темірлерді қазып алып, жинап, соны өткізіп күн көреді екен! Мұндай сюжетті шым-шытырық кинолар үшінде әдейі ойлап таппайсың ғой! Дереу, асай-мүсейімізді алып, оператормен бірге қоршаудан секіріп түстік. Оператор камераны ыңғайлап, түсіре бастағанда іштегілер істеп жатқан жұмысы мен заттарын тастай салып, арғы беттегі тесікке жүгірді. Кешегі ескі танысым жанымда еді. "Тоқтаңдар! Әй, бері келіңдер! Бұл - біз ғой!" деп айқай салып еді, таныды ғой деймін. Бәрі тоқтай қалды. Сосын, қорқақтап, ыңғайсызданып, жақындай бастады. "Осылай күн көріп жүргендерің - жұмыссыздықтың кесірі ғой. Қорықпаңдар! Мына телевидениеге бәрін айтыңдар!" деді танысым. Аналар да сол сәтте есін жиды ғой деймін. "Иә. Өлместің күнін көріп жүргеніміз өтірік емес қой! Міне, мына балалар қазір мектепте сабақ оқып отыруы тиіс. Бірақ амалсыздан осында жүр. Айтайық!" деді жас шамасы 40-қа жақындап қалған бр жігіт. "Айтамыз... айтамыз... өлсек те тұяқ серпіп өлейік!" деп шуласты жұрт. Біз осы іссапарға әбден дайындықпен шыққанбыз. Жолай, облыстық СЭСтің радиолог маманын дозиметрін қоса алып келгенбіз. Дереу, дозиметрмен мына жұрттың қазып алған металдарын өлшей бастадық. Масқара! Мына темірде 125 микрорентген! Ал мына баланың шанасындағы темірде 368 микроренгенді көрсетіп тұр! Радиациялық фон әрі кетсе 18-20-мкр-рентгеннен аспауы керек қой! Дереу, камераны облыстың радиологына бағыттап, "ал, мына нәрсе бойынша не айтасыз?" деп бірден қабырғаға тіредім. Негізінен, осы мәселелер осы радиологтың құзырында ғой. Ызғырық жел өңменіңнен өтеді. Ал радиолог жауап бере алмай, екі-үш минут үнсіз тұрды да, самайынан қара тер бұрқ етіп құйыла жөнелді. Мынадай суықта қимылсыз тұрып, терлеген адамды бірінші көруім! Ары ойланып, бері ойланып, мұндай кентке жақын маңынан "могильник" салудың заңсыздығын, ондай болған күнде қоршаудың берік болуын және күзет қойылуы керектігін айтып, далбасалап кетті...
Біз енді осы мәселелер бойынша Иваниннің пікірін тыңдамақ болып, кеңсеге қайта келдік. "Мен сендерді сотқа беремін! Сендер "қазақтарды жұмысқа алмайды" деп ұлтараздығын қозыдырып отырсыңдар!" деп өзімізге дүрсе қоя берді. Орынбасары Бейімбетов деген Мойынқұмның бұрынғы әкімі болған кісі екен. Шығып бара жатып, "мына жерді өзіңіз басқарып, шулаған қазақтарды жұмысқа алуыңыз керек қой!" дедім. Ана кісі үнсіз күрсінді де, қойды. Дәл сол күні маған тағы бір әйел жасырынып келді. Айтпақшы, сол кезде бізге түн жамылып, ақырын, аңдып жүргендердің көзіне түспей, партизандарша келетін еді. Ол әйелдің әңгімесі тіпті масқара! Ауылдың әкімі (әкім де әйел адам еді) "Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне" бөлген қаржыны жеп қойған ба, бірдеңе. Оны қаржы полициясының анықтағаны жайлы дәлел-фактысы да бар екен. Өзі сол әйел-әкімнің немере-сіңлісі ме, бір жақындығы бар. Қош. сонымен, Алматыға келіп, сұмдығы бірінен бірі өткен материалдарды бұрқыратып жібердік. "Күндерек", "Шарайна", "Ел-жұрт" бағдарламалары бір ай бойы осы Қыземшектің проблемаларына арналды. Тіпті, анау-мынауды өткізе қоймайтын орыс жаңалықтары, "Портрет недели" және ОРТ-Еуразия арнасы да менің материалдарымды аударып беріп, шулатып жіберді. Эфирден сюжеттер өтісімен, араға бір апта салып, Қазатомөнеркәсібінің президенті Мұхтар Жәкішев Қыземшекке тікұшақпен ұшып келіп, бүкіл тұрғынды жинап, өздерінің арасынан комиссия шығарады. Иванинді бірден жұмыстан алып тастап, әлгі Бейімбетовты бастық етіп тағайындайды. Иванинмен қоса, рудниктегі Ресейден келген бүкіл орыс ауа көшеді. Ал комиссия болса, "әр үйден кемінде бір адамнан жұмысқа қабылдаймыз" деген шешімге келіп, 125 адамды жұмысқа орналастырады! Ауыл тұрғындары мәре-сәре! Күн сайын телефон соғып, алғыстарын жаудырып жатыр. Арнайы қонақ болып келіп, бәрін көзбен көріп кетуімізді өтінді. Айтпақшы, анау "могильникке" қатысты облыстың Табиғат қорғау прокуратурасы қылмыстық іс қозғапты. Осылай, бір сапарымыз жеңіске ұласып жатса, екінші жақтан Қыземшек ауылына сотқа шақырған қағаз келді. Сөйтсек, Қыземшек ауылының әкімі мені және КТК телеарнасын сотқа беріп, "ар-ожданын төккеніміз үшін" телеарнадан 10 миллион, менен 5 миллион өтемақы талап етіпті. "Жазған құлда шаршау бар ма?" дереу, телеарна заңгерін ертіп алып, Қыземшекке аттандық. Сөйтсек, менің материалымда бір сөзден ғана қате кетіпті. Әкім "Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған" емес, "Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің отбасына арналған" қаржыны жеп қойған екен!) Сотқа сол үшін беріпті. Жегесін бәрібір ғой деп ойлаймыз ғой. Сөйтсек, бәрібір емес екен. Оның өзін анықтап жазбасаң, өзің сотталады екенсің! Телеарна басшылығына риза болдым. Шығарып салып тұрып: "Ештеңеден қорықпа. Өтініш те жасама. Егер, өз еркімен арызын қайтарып алмайтын болса, сол ауданда бір ай жатсаң да бүкіл кемшігін жіпке тізіп, ақпараттық соғысты аяма. Егер, бір түсіру тобы аз болатын болса, ауданға журналистік десант жібереміз!" деп қолдап тастады. Содан, Қыземшекке қайта келдік. Қуанған жұрттың ризашылығы шексіз. Жұмыссыз адам қалмапты. Өздерінше, мені көсем етіп алыпты. Қызды-қыздымен кейбір белсенділер мені танымаса да кенттің тұрғындарына менің атымнан сөйлейтін болып алыпты).Рудниктің жаңа басшысы Бейімбетов те бізді қуана қарсы алды. Қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге кіріскен екен. Бұрын Қыземшектегі көпқабатты пәтерлер рудниктің меншігінде болып келсе, енді халыққа жекешелендіріп бере бастапты. Жер кепедегі жастарды пәтермен, жатақханамен қамтамасыз етіп жатыр екен. Келген жұмысымызды естіп, ауыл тұрғындары таң қалды. "Ол әкім кешеден бері "үйге КТКдан қонақтар келеді" деп дайындалып жатыр еді ғой. Сотқа бергені несі?" деп таң қалысты. Сот отырысы белгіленген уақытта айтылған жерге жеттік. Прокурор мен судья кезек-кезек шақырып алып, "Бейбіт келісімге келсеңіздерші" деп ұсыныс жасады. Артымда үлкен қолдау тұрғанда қалай келісе қояйын? "Келіспеймін. Процесті бастайық!" дедім. Содан сотты 3-4 сағатқа кейінге шегерді. Одан тағы да ертеңге қалдырды. Ертеңіне "Әкім арызын қайтарып алды. Сот болмайтын болды" деп хабарлады. Ал біз тағы да үш күн Қыземшекте аялдап, елдің қуанышына масаттанып жүріп алдық...
Айтпағым не ғой... мені сотқа бергенде неге сыразым 10 миллион сұрайды, осы? Әлде, маңдайымда "10 млн" деген жазу тұр ма? Осыны түсінбеймін