IҚаламыздың тау бөктеріне жетіп жығылған тұсында буы бұрқырап тұратын бір монша бар еді. Көпшілікке...
ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА. ТАҒЫ ДА МАҚАТАЕВ ТУРАЛЫ
«ҚОШ, МАХАББАТ!»
«Кәдімгі ақын Мүқағали прозашы да болған ба?» -деп, ақынның «Қош, махаббат!» атты қара сөзбен жазылған жинағын қолына алғандар таңдануы да мүмкін. Аты-шулы қара сөз шеберлерінің көбі дерлік творчество деген салтанатты сарайдың қақпасын алғашқыда өлеңімен тықылдатқан ғой.
Ал, Мұқағали болса, «Дариға-жүрек», «Өмір-дастан», «Өмір-өзенге» бара жатқан жолында қасиетті қара сөздің ауылына түстене кеткен секілді. Маған осындай әсер қалдырды. Мен Мұқағалидың тірі кезінде оның әр-жерде басылған әңгіме-мақалаларын оқымаппын. Көңіл бөлмеппін... Енді қайтып келмейтініне көзіміз жеткенде ғана аласұрып жоқтап, мойындайтын әдетіміз бар емес пе?!
Соңында жоқтайтын ұрпағы барлар ғана ұлылар санатына қосыла алады. Енді, міне, ақынның қаламынан шыққан әр сөз, әр сөйлеміне үңіле қарап, өзімізше ой түйіндеуге, өзімізше түсінуге тырысатын кезеңге біз де жеттік.
Сонымен, қолымызда «Қош, махаббат!» - Мұқағали Мақатаевтың қаламынан әр жылдарда өмірге келген қара сөзбен жазылған туындылар.
Маған бір оқырман: «Өлеңі бір басқа, өзі бір басқа ақындар көбейіп кетті», - дегені бар. Ал Мұқағали сынды ақын жайлы бұлай айтуға ешкімнің де ары бармас еді. Өйткені әр өлеңнің әр жолынан, әрбір ұйқас-ырғағынан көзіңді бірден қаймықтырып аштырмайтын айнаға шағылысқан сәуледей шындық жарқырайды. Бұл кітаптағы проза тілімен жазылған әрбір үзік сырдан да сол ақын Мұқағалидың Хантәңірінің шыңындағы кіреуке түспеген қардай жан ниеті, Шалкөденің сайына асып-тасып аңғал құлаған бұлақтай сайран сезімі бірден жүрегіңді баурап алады.
Кітаптың беташары – «Құлпытас» әңгіме, новелла, тіпті эссе де болатындай. Қала тірлігіне, үйренбеген, әділет соқпағымен ғана жүріп өтем деген Смағұлдай мұғалімнің әлдекімдердің алайған көзінен діңкелеген шарасыз кейпі, жатаған көрінгенмен бала жанының саясындай ауылдағы мектебі – бәрі-бәрі кішкентай Зияшқа трамвайы сартылдаған, мүгедек қарияны «билеті жоқ» деп түсіріп жіберген қатыгез кондукторлы қаланың у-шу өміріне қарама-қайшыдай көрінеді. Және бұл керемет табиғи, нанымды шыққаны сондай, кішкене қыздың сағынышына ілесіп, өзің де дала кезіп қайран ауыл қайдасың деп тартып кеткің келеді. Осы әңгімеде үлкендердің - өмірді құрап тұрған адамдардың - түсініксіз, оғаш қылықтары, тіршілікке тән қайшылықтар мен қақтығыстар, осындай ортада, цивилизация бесігі - қалада, ауыл адамының психологиясына түсетін салмақ, содан жан әлеміне таршылық пен қытымырлық ену трагедиясы шебер көрсетіледі. Жаңа Ортаға - қалаға көшіп келгелі Зияштың анасы ашушаң, тырысқақ болып кеткені, «самай шашы үкінің жүніндей қобыраған момақан әженің (болашақ жазушының анасы) есеп шығара алмай отырған оқушыдай, баласы мен келініне кезекпе-кезек жаутаңдай қараған бейнесі тұп-тура көз алдыңда тұра қалады. Ауылын аңсап, «жазушы болам» деп қалаға көшіп келген әкесінің қылығына түсіне алмай, мектепке томпаңдап бара жатқан кішкене қызды машина қағып, қаза табуы жүрегіңді шымырлата, сыздата отырып, көп ойларға меңзейді. «Құлпытасты» оқығанда ақынның «Майгүлге» өлеңі есіңе бірден түседі. Қазіргі орыс совет жазушысы, орыс көркемсөзінің көрнекті шебері Валентин Распутиннің «Француз тілінің сабақтары» атты шығармасын оқығанда дәл осындай қайран қалып, дәл осылай сүйсінген едім.
«Марусяның тауы» да суретке толы. Прозалық шығарманың төрт аяғы тең басуы үшін негіздердің бірі осындай сурет болса керек. Қазақ арасына сіңіп кеткен орыстар қай жерде де кездеседі ғой. Тағы да сол өз ауылыңдағы «қазақшаға судай – орыс деген аты болмаса, қазағыңнан артық» деп бүкіл ауыл сүйсінетін орыс семьясы елес береді. Жаңалықтың бәрі оп-оңай келмейтінін, әділдік салтанаты үшін құрбандықтар қажет екенін тәптіштеп түсіндірмей-ақ, Сағи ақсақалдың әңгімесі арқылы ойлы оқырман өзіндік пікір-түйінге келері сөзсіз. Ауыл баласы, қазақ Сағидың ұлты басқа, бірақ өзіне керемет ұнайтын Марусяға деген сүйіспеншілік лүпілі, айтылмай қалған сезім, жас кеңес өкіметінің жауларының қолынан жазатайым қаза тапқан сол қызға деген махаббаты осынау шалқар дала, ақиық таулардың тірлігіндей мәңгілік секілді. Осы әңгіме бүгін біз көп айтып, аузымыздан тастамай жүрген халықтар арасындағы достық, бауырластық мәселелері төңірегінде де үлкен ой салар шығарма дер едім. Екі сөзінің бірін орысша айтып, соны мейлінше «мәдениеттілік» деп ұғатын шофер мен студенттің көргенділігі «Маруся тауын» иесіз қалдырмауды ниет етіп, сол маңға қыстау салып қой баққан Сағи ақсақалдың шарасынан асып-төгілмей-ақ тереңіне сүңгітетін сезім саясымен салыстырғанда теңіздің жанындағы тамшыдай.
Сөзіміздің басында Мұқағали шығармаларының қай-қайсысында болмасын, ақын жүрегінің лүпілі көрініп тұр дедік, «Өзгермепті» деген әңгімесі де осы ойды дәлелдейді. Жас ұрпақты тәрбиелеу құқына ие болып, мұғалімдік тұғырына отырған Әбен не адамдық, не адалдық қасиеті жоқ, өз қарнының аш-тоқтығымен бүкіл әлем тынысын өлшейтік тоғышар қалпында көз алдыңда тұра қалады. Әңгіменің эпиграфы ретінде «Оқытушы барлығын да білу керек қой, әкем-ау, барлығын да», - деген А.П. Чеховтың сөзін алуы да тектен-тек емес. Осының өзінен автордың неден жиіркеніп, неден тітірегенін айқын көруге болады. «Әже» деген тақырыпқа біріктірілген үзік сырлар мен «Қос қарлығаш» әңгімесінің айтар ойы сабақтас жатыр.
Жалпы Мақатаев творчествосында қазақ ұғымындағы қасиетті Ана образы, сол халық түсінігіндегі болмыс, бітімімен ақыл, парасатымен елес береді.
Келіншегі мен кішкене перзенті Мәлікті, анасы Жамашты ауылда қалдырып, жаңа семья құрған суретші жігіт Манастың сыйдаң бейнесі өзі оқиғаға қатынаспай-ақ шығарманың өн бойында қатынасып отырады. Ауылдағы шофер Әшірдің бірге өсіп, мектепте бірге оқыған Зияшқа деген махаббаты де сендіреді. Жамаш ананың келіні мен немересіне деген сезімі тіпті өз ұлына деген махаббатынан да басым. Және бұл қазақ психологиясы үшін таңданарлық құбылыс емес. Дәл осындай қасірет басқа түскенде екі оттың арасында қалатын ананың жай күйі Мұқағали қаламынан тағы да нанымды шыққан. Себебі, Мақатаев өзі сенбейтін нәрсеге өзгені сендірем деп қызыл терге түсетін суреткер емес екендігі белгілі.
Осы кітаптағы шарттылық нышандары бар шығарма -«Қош, махаббат!». Автор драма деп атапты. Студенттік өмір, жастық шақ, алау сезім белгісіндей осы шығармадағы Айбар мен Айшаның, Бану мен Бағдаттың, Асанның арасындагы махаббат шырғалаңы - осының бәрінен автордың айтар сөзі, күнде бастан кешіріп жүрген өмірдің тартысты тұстарында қандай тұжырымға тоқтары айқын көрінеді. Тағы да зұлымдық пен аңғалдықтың, арсыздық пен адалдықтың заңды жалғасындай автордың позициясы әр өлеңінде шындық салтанаты деп жанұшарған Мұқағали-ақынның позициясымен бірдей. Иә, Мұқағали прозалық туындыларында да, поэзиясындағы секілді, басқаша бола алмапты. Өлімнен басқа ешнәрсе ажыратпайды деген Банудың Бағдатқа деген адал сезімі тірліктің бұралаң соқпақтарымен бұрыла келіп, басқа арнаға құйғанда, қиналасың, қинала отырып нанасың.
Өмірдің өзіндей өткінші адамзаттың баянсыз сезімі-ай деп үнсіз мойып, мойындайсың. Осы тұста да дүниедегі барлық қара бұлттар шуаққа ғана, шапағатқа ғана тоғысса деп көксеген ақынның аппақ арманын, өзінің көркем қиялымен иіп әкеліп, Банудың да, Бағдаттың да, оның жан жолдасы Айбардың да жанына кірбің түссе де, ең соңында ертегідей жарасым тапқызған «бақытты» түйіннен көреміз. «Ей, адамдар, ат құйрығын үзіспей, келісім, жарасым тапсаңдаршы, мынау жердің үстіндегі аз күндік ғұмырда татулықтан асқан табиғат үйлесімі бар ма?!» - деген Мұқағалидың жан дауысы естілгендей әсер қалады.
Әрине, бұл шығарма драматургияның шырғалаңды заңдылықтарынан тыс жатуы да мүмкін. Былай қарасаң, көзге ұрып, көрерменді орнынан ұшып тұра келгізер тартыстар да жоқ. Алайда мұнда өмірдің өз бедер-өрнегі бар. Үлкен матаның шетінен кішкене ғана бөлшегін-бір жамауды қиып не жыртып алсаң, көлемі кішкентай болғанмен әлгі матаның бар қасиеті сол жамауда да қалады ғой. «Қош, махаббат!» - міне, осындай өмір-әлемнің бір кішкене үзіндісіндей. Бұл шығарма қазақ драматургиясы тарихындағы кесек туынды болмағанмен, өне бойындағы шыншыл рухымен - Мұқағали рухымен құнды.
«Жыл құстары» - осы кітаптағы көлемі жағынан да, қамтитын оқиғасы жағынан да үлкен шығарма. Мұқағали - халықтың тарихын, бүгінгі заманның кешегі көрінісін біліп өсуге оқырманын баулитын суреткер. «Сен бүгініңді сүй - ол кешегі бабаларыңның қанымен келген» деген секілді «анау аспанда қыран самғап барады, міне, аяғыңның астында жылан жорғалап барады - жыландай болма, қырандай бол!» - дейтін жалаң ақыл айтпайды. Сезімімен сурет салады. Өткен күндердің суретін. Сол арқылы ойдан жырақтап бара жатқан оқырманды ойлауға меңзейді. Ой мен сөздің еліне жетелейді. Жаңа өмірдің - шындық салтанатының жолында құрбан болғандардьщ рухын қастерлеуге шақырады.
Мұқағали Мақатаев поэзия туралы сын-мақалаларды көп жазған ақын емес. Оның көзі тірісінде талайлардың аузын аштырып, көзін жұмғыздық деп жүрген ақындар болған, олар әлі де бар, яғни, таңдана, табына қалған сәттерде Мұқағали да жүректен шыққан ойын сөзбен өрнектеуге әбден мүмкіндігі болған. Бірақ ол мақалаларды көп қалдырмапты. Дегенмен ілгеріректе әдеби жыл қорытындысында поэзия туралы жасаған бір-екі баяндамасы, одан бөлек Олжас Сүлейменов, Еркеш Ибраһим, Қадыр Мырзалиев туралы шағын мақалалары аңғартады. Әсіресе, Қадыр поэзиясы жайлы қуанышын, жүрекжарды ой-толғамдарын жайып салған «Сезім найзағайы» мақаласы тереңдігімен, шынайы, бүкпесіз айтылған ойларымен құнды және Қ.Мырзалиев творчествосын бірде сыбап, бірде мадақтап, әлі күнге тоқайласа алмай келе жатқан сыншылар пікірлерінің, мақалаларының бәрінен өрелі тұр!
Мұқағали Мақатаев – қазақ тарихындағы ең оқырманы көп, қалың халық басты жанашыры болған суреткер. Ол ең алдымен ақын. Қазақ жырының құдіреті.
«Қош, махаббат!» - сол жыр құдіретінің қарасөзбен жазылған ой өрнектері. Түйін, тұжырымдары. Мақатаев – үлкенді-кішілі прозалық туындыларында да сол ақын Мақатаев күйінде қалған. Өнердің биіктігі мен адам биіктігінің тұтастығын, жарасымын іздеген ойлы оқырман үшін керегі де сол болса керек.
1989.
КҮН ҒҰМЫРЛЫ ТАҒДЫР-ЖЫР
Халық деген керемет бір күш бар-ау. Оны кейде «тобыр», «өресіз», «кім не айтса, соған ереді» деп түрлі анықтауыштармен айыптап жатамыз. Бірақ халықтың пікірі – тарихтың безбені, қылтанақтай қиянат жасамай, дөп басады. Халық дегеніміз – кейбіреулер айтып жүргендей бір өңірдің ғана тұрғындары емес, ол жалпақ жатқан даланың әр бұтасын паналап, аптап пен желге тотығып, күнінен бұрын ажарын әжім жеген қазақтар. Әншейінде бастары да, ой-пікірлері де бір жерден шықпай пышырап жүреді деп өзіміз кінәрат артып жүретін қазақтар. Осылай, шашырап жүріп күн кешкен халықты Жердің тартылыс заңындай бір арқада түйістіріп көзге керінбейтін күштермен матастырар, бірі-бірін сағындырар, жоқтатар құдірет - алтын қазық тұлғалар. Халқымыздың тарих шежіресіне көз салып қарасақ, осындай алтын қазық тұлғалар елдің рухани бірлігі мен тірлігін сақтап қалған.
Мұқағали Мақатаев - қазақтың рухани өмірінің алтын қазықтарының бірі. Тарбағатай мен Атырауда, Баянауыл мен Қазығұртта жүрсе де, қазақ атаулы желісіне үйірілген құлындай Мұқағали жырымен табысып, шұрқырасып жатады.
«Радионы ашсаң - Мұқағали, газет-журналды ашсаң - Мұқағали, мезі қылардай көп айтылып кетті» деушілердің де әр жерден төбесі көрініп қалып жүр. Бұл - қызыл көз Қызғаныштың шаншуы, Құрманғазыньщ күйлері немесе Ақанның әндері бүгінгі композиторлардың ешқайсысын аласартпайды; қайта, сонау көз ұшында өзінің сәулесімен көңілін жаулап, керемет әуендер туғызуға ұмтылдыратыны секілді, Мақатаев поэзиясы да ешбір ақынның жыр әлеміне, ешбір жазушының романдар қоржынына найзағайын түсірмейді.
Мұқағали жыры арқылы халықтың өрісі мен абыройы биіктейді, ал халқының мәдени деңгейімен Мұқағали да құдіреттене түседі.
Ақын - жаны жараланғыш нәзік, әрі тәкаббар түлға. Бірақ шын ақын жаратылысынан қаншама өзімшіл, мен-мен болғанмен, өзін кіші сезінетін, алдында қорқатын, сескенетін бір ұлы күш болады. Ол – халқы. Мұқағалидың ұлылығы сол – ол халық деген құдіреттен үнемі жүрексінеді. «Мені ұқпадықтар, аяламадыңдар» деп, ақын перзент Ана-Еліне бұлданбайды, зілденбейді.
Туған халқым!
Қатемді кешір менің?
Сенің арқаң – сескенбей, есіргенім.
Ой-қырыңа мың сәлем мен көрмеген,
Көлдер менен тауларға көлбеңдеген.
Құмда отырған қойшының қараша үйін,
Қайсы бір сарайлардан кем көрмеп ем,
Жетім қалған қозыға жем берген ем…
Жетіліп, жетісіп ем сендерменен,
Кешір менің жанымды емделмеген?
Қазақ даласының еңкейген кәрісі мен еңбектеген сәбиіне дейін ақын жырларын қасиетті бойтұмардай қастерлесе, мұндай ақыны бар халық - бақытты халық!
Мұқағали туралы, оның поэзиясы хақындағы алып-қашты әңгімелер туралы ойласам, көз алдыма бір көрініс келе қалады...
Мұсылман жұртының кие тұтар асыл заттарының бірі - күмістен соғылған бұйымдар. Анамның көзіндей күміс білезік әлі күнге түсін жоғалтар емес; ылғи қолыңа салып жүрсең, жарқырай береді. Ол анамның анасының Кейкі ауылына келін болып түскенде салып келген білезігі екен. Бұдан 7-8 жыл бұрынға дейін ондай білезіктерді салу ерсі көрінетіндіктен, ескі сандықтың түбінде жатып-жатып, қоңырайып, тіпті күмістен гөрі қолаға ұқсайтын. Оқта-текте шығарып, топырақпен ысқылап сабындап жусам, бұлт арасынан шыға келген күндей жарқ ете қалады. Ұстаған сайын ажарлана түсетін, ешқандай қоспасыз шынайы таза асылға ғана тән қасиет болса керек. Жаратылысынан адал, таза адаммен жолдас болсаң, жыл өткен сайын, қасиет-қадірін сезінген сайын, қимастығың арта түседі.
Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы соңғы жылдары елдің аузында жүргені рас. «Әу» деп ән салатындардың бәрі дерлік Мұқағалидың сөзіне әуен шығаратыны рас. Көзі тірісінде есімі қалың жұртшылыққа бүгінгідей танымал болмағанымен, арамыздан өзі кетіп, көзі жұмылғасын, ақын жырлары су көрмеген құмайт даладай табиғилықтың бәріне сусаған халықтың тіршілік нәріне, күнделікті қорегіне айналды.
Атырауға барсаң да, Арқа мен Алтайға барсаң да, алдыңнан Мұқағали шығады: Австралияның не немістердің құйып қойғандай костюмін кимей-ақ, галстүгін тақпай-ақ, біресе сәбише шаттанып, ақ түйенің қарыны жарылғандай ақ жарқын, бірде қайғысын қара жер де ауырсынардай кейіпте, енді бірде ақылы мен сезімін көзінен ғана ұқтырған сәл мұңдылау түрінде қарсы алдыңда қасқая қарап тұрғаны. Мұнайшы да Мұқағали әнін салады, балықшы да, малшы да Мұқағали жырымен айта алмай жүрген ойларын жұртқа естіртеді. Қатонқарағайда қалған қарындасының сағынышы ма, дауылы Махамбет боп дауыстаған құм Нарындағы ақын жанды бауыры ма, Асанқайғы аруанасының ізінен өнген Шардараның шарқ ұрған шағаласы ма, бұлттары өлең боп кеткен Оқжетпестің көк тасты қиясындағы қарағайы ма, әйтеуір бәрі Мұқағали болып сөйлейді. Мұқағали болып ән салады. Бұл – біреудің бұйрығымен немесе жарлығымен келер ықылас емес. Бұл - атағымды шығарам деп қол жиып, елдің мұңын айтқансып көсемситіндерге тән жалған даңқ, жалтақ абырой емес, - халықтың бойына сіңіп, қапас қуыста демің тарылғанда төбедегі нүктедей сызаттан келген тынысыңды кеңейтер ауа секілді құдірет. Нағыз өнер құдіреті деген де осы.
Туады, туады әлі нағыз ақын!
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын.
Туады, туады әлі нағыз ақын!
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға.
«Мұқағали анаған да, мынаған да арнау өлең жаза беріпті және альбомдық жырлар» деген бірен-саран пікірлерді де естіп жүрміз. Мақатаевтың арнау өлеңдері біздің көбімізде кездесетін пәленше елуге, түгенше жетпіске келді деген арнаулардан мүлде бөлек, тіпті әдебиетті зерттеуші ғалымға диссертациялық материал болардай. Біз /ет пен сүйектен жаратылған өзге ақындарды айтам/ арнауларымызда пәленше мен түгеншені мақтап-мадақтап отырып аламыз ғой, ал Мақатаевтың арнау өлеңдері - тұнып тұрған өмір, тағдыр, сезім.
Пәленшеге арнағаны әншейін өлеңнің бас киімі ғана, ішкі жан әлеміне үңіліп қарасаң, қаны сорғалаған шындық. Кез-келген ақын ат ізін сала бермейтін тіршіліктің шындығы. Мысалы, ақынның «Шәмілге жазған хаттардан» деген топтамасын қараңызшы!
Ойласам, талай-талай қырды асыппын,
Досым деп доңызбен де мұңдасыппын.
Шәміл-ау!
Қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен! Шын ғашықпын!
Ғашықпын!
Ғашықпын деп білдіргенім – бүлдіргенім.
Жарқ етіп жайдың оты шашылғанда,
Жалт етіп қарауға да үлгірмедім...
Қанша сезім, қаншама шынайылық! Бір өлең емес, романға жетер өмір. Жанарынан жайдың оты шашырап, ебедейсіз ақынды табындырған Қыз бейнесі де көз алдыңда көлбеңдеп тұрып алады.
Махаббат бүгін тағы қарамады,
Қарамады...
Жанымды жаралады,
Шәміл-ау, білесің бе –
шын махаббат
Осылай қарамаудан жаралады!
Махаббат менен кеткен,
бөлекте жүр.
Мен де бір – жанып түскен терек те бір...
«Әбділдаға» деген өлеңнің де әр шумағы – суретпен салған ескерткіш.
Сөйлесең, бурадайын, лықып-тасып,
Жаралы жауынгердей сылтып басып.
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,
Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып.
Мұқағалиға деген бүкілхалықтық махаббатты көре алмайтындар, көрсе де көтере алмайтындар арасында: «Мақатаевты тірлігінде еленбеді деп мүсіркей берудің керегі не?» – дегендей пікір айтушылар да бар. Ақын өзінің «Ғабаңа» (Ғабит Мүсірепов) деген өлеңінде:
Біреулер келекелеп, жыртаңдайды,
Түбінде құртса мені, құртар қайғы.
Алайда жырларымды жырта алмайды!
Менен де үміт күтіп туған елім,
Мен-дағы үмітпенен туған едім,
Мас болған өлеңіне бір жан едім,
Ғабеке, айтыңызшы мыналарға
Маңдайынан сипап, аялап ардақтаған орта болса, Мұқағалидың осынша таусылып шағынуы мүмкін бе еді? Біздің қоғамдағы, оның ішінде қазақ топырағындағы жақсыны да, орташаны да, жаманды да қалыпқа салып, бір өлшеммен өлшеу - өзгелерден гөрі жаны азаптанғыш, өзгелерден гөрі сезгіш те сезінгіш, осындай жаратылысының салдарынан басын тауға да, тасқа соққыш келетін ақын үшін азабы мол тірлік іспетті қасірет. Қай саладағы болмасын ұлы суреткерді ұнтақтаудың ең бір тиімді әдісі - осы теңгерме тірлігіміз, текті мен тексізді қатар тұрғызып қойып, соңғысын сұңқар деп, алдыңғысын мылқау деп, мән бермейтініміз.
«Мұқағали, халің қалай? Үй-жайың бар ма? Не жазып жүрсің?» - деп, тым болмаса, ақынға бір рет телефон соққан басшы болды ма екен? Болған емес. Әйтпесе:
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау – шапан, мынау атың, мін» - демей,
секілді жыр жазылар ма еді?
Шиеттей балаларымен екі бөлмеде сығылысып өмір кешкен ұлы ақын төрт-бес бөлмелі үйде тұрып, жұрт мініп жүрген машинаны мінгісі келмеді деймісің. Ер-тұрманы бүтінделмей өткен Ақынның ғұмыры қамшының сабындай қысқа болғаны да, мүмкін, жан қуанышының аз болғанынан шығар?
Кетем бе деп қорқамын
өз отыма өртеніп, -
деуі де айтыла салған тіркес емес сияқты.
...Мақатаев поэзиясына қызғаныш жүрмейді.
Мақатаев – ру мен жүз шеңберіне сыймайтын, ұлттық тұлға.
Мақатаев поэзиясы – жыр түсінер, көңілі сергек оқырманның елі, Отаны. Ол елде ешкім ақыл үйретпейді, мораль оқымайды, пәлсафа соқпайды, ол қайраткер болам деп ала шапқын өмір кешіп, ақ тер-көк тер болмайды, ол тек сезімімен сурет салады. Суреткердің жаратылыс маңдайына жазған еншісі де сол. Бір кездесуде маған жас жігіт сұрақ жазып беріпті: «Апай, Мұқағали Мақатаевты қайраткер деп санайсыз ба? Егер қайраткер болса, халық үшін не істеді? Ініңіз Қайрат...»
Мақатаев – қазақ халқының ұлы қайраткері. Өз оқырманын, өз ұрпағын рухани тұтастық пен адамдық тазалыққа, намыстылық пен адалдыққа тәрбиелеу – қайраткердің қайраткерінің қолынан ғана келетін іс. Қайраткерлік аурухана немесе кітапхана салумен өлшенбейді.
Әр суреткер - қайраткер. Суреткердің халық үшін істегені - оның өлмес творчествосы. Творчество адамына ананы істемедің, мынаны істемедің немесе депутат бола алмадың деп кінә тағу - күнә. Сондықтан әр ұлтта оқта-текте бір туар бірегей талантты адамды, суреткерлік қасиеті болмаса да, қолынан іс келетін кез-келген азаматтың орнына отырғызып қоғам механизмінің әр шегесін шұқытып қою - тарихтың алдында қылмыс. Ұлт қамын ойлайтын қоғамда бірегей таланттың бойындағы кез-келгенге қона бермес киелі қасиетті өз арнасында шығаруға мүмкіндік жасайды. Талантқа көрсетілер қоғам қамқорлығы деген осы. Мұқағали Мақатаев ақынның көре алмағаны да - осы. Шығыстың ұлы ақыны Қожа Хафиздың:
«Ақыны Патшасын іздесе көргені елдің сор болар.
Патшасы Ақынын іздесе бақытты халық сол болар,
- деген жолдарын қоғам тізгінін ұстаған әр азамат есігінің маңдайына, кабинетінің төріне іліп қойса ғой деп ойлаймын.
Адамдар бір жылы сөз қимағасын,
Жаным-ай, несіне сен қиналасың,
Жаным-ай, сыйламаса, сыйламасын.
Өтсе,
Өтсін
басыма бақ бұйырмай,
Тіл кесілмей, тұрса екен жақ қиылмай.
Енді менің күнелтер жағдайым жоқ,
Шығыршықта айналған ақ тиындай...
Айтатын саған сырым бұл,
Ертеңім менің бұлыңғыр.
Әлсіреп дымым құрып жүр... -
деген жолдар ішкені алдында, ішпегені артында, үріп ішіп, шайқап төгіп жүрген, төрт жағы құбыла адамның көкірегінен шықпаса керек.
Мақатаевтың тағы бір ерекше қасиетті - ол өзінің тауқыметті тұрмысына, жалғаннан жай таппаған жан дертіне қоғамын, халқын, әдеби ортасын кінәламайды. «Мен данышпанмын, сендер ақымақсыңдар» деп әкіреңдемейді.
Әйтеуір, кінә тауып бір жеріңнен,
Сынауға тіптен құмар кім көрінген, -
деп жекелеген шенқұмар «сыншыларға» оқта-текте ғана ренішін білдіреді. Қала берді, өзін айыптайды. Мұхамбет пайғамбар да жаратылыс берген өз қасиетін өзімдікі демей «Алланың сөзі, мен тек сол сөздерді халқыма жекізушімін» деп ұғынған ғой.
Әдебиетшілер арасында «Мұқағали өлеңдерінің басы жоқ, аяғы жоқ - алқа-салқа» деген пікір айтатындар да ұшырасады. Әр өлең - өмірдің қаны, жаны, маңдай тері мен көз жасы, қуанышы мен дірілі бар өмірдің қиындысы. Өмір - теңіз. Оның бас-аяғы болмайды.
Екіншіден, бас-аяғы бар өлең - өлең құрастырғыштардың өнімі. Мұқағали - өлең жасамаған, өлеңді толғатып туған... Аяғы ауыр ана құрсағындағы сәбиін босанады. Мұқағалидың әр өлеңі - халық перзенті. Оған қарасың, сарысың, көзін баданадай емес деп айып тағу орынсыз.
Мақатаев поэзиясы - мезгілмен бірге жасайтын ескерткіш. Ол поэзияның туған мекені - ақынның жан дүниесі.
Мұқағали ақын арамызда жүрсе, биыл алпыс жасқа толған болар еді. Қазақ республикасының түкпір-түкпіріндегі үлкенді-кішілі ауыл, қаланың бәрі қой жылын Мұқағали Мақатаев поэзиясының жылына айналдырып жіберді.
Бұл той қазақтың қай аймағынде өтсе де жарасымды. Өйткені бұл - халқымыздың рухани байлығының салтанаты. Алайда арнайы той ақынның кіндік кескен топырағы - Алматы облысының Райымбек ауданында, қазақ атаулы бес саусағындай білетін Қарасаз, Шалкөде жайлауында өткізілмек. Ақын тойы қарсаңында Алматы қалалық кеңесі астанамыздағы бұрынғы Пастер көшесін Мұқағали Мақатаев көшесі деп атау туралы шешім қабылдады. Райымбек ауданындағы Энгельс колхозы да енді ақын есімімен аталатын болады. Сонымен қатар ауданда және астанамызда екі қазақ орта мектебі ақын есімімен аталу мәртебесіне ие болады. Қарасазда Мақатаев музейінің құрылысы аяқталып, той салтанаты басталар күні есігі ашылмақ...
Мұның бәрі Ақынға деген халқымыздың ықылас, құрметі. Ендігі жерде Ақынның өзіне қажеті болмаса да, тірілер үшін, әдебиетіміз үшін қажетті құрмет.
Алайда, осы орайда айта кететін ойларымды да бүгіп қалғым келмейді.
Мұқағали арамыздан кеткелі тарих тегершігі он бес жыл айналыпты. Халқымыз он бес жыл бойы Мақатаев кітаптарын іздеп оқумен келеді. Қазір қазақ топырағындағы ең сұранысы, іздеушісі көп ақын - Мұқағали Мақатаев. Ал оның кітаптарын бір том, бір жинақ етіп, соқыр көзден шыққан жастай тамшылатып шығарудамыз. Ақынның толық шығармалар жинағын жүз мың данамен шығарсақ та, исі қазақ қандай көтеріңкі бағамен де сатып алары күмәнсіз. Алты-жеті жылдан жыр қылып жүріп әрең дегенде жоспарланған үш томдықтың бірінші кітабы он екі мың данамен ғана шыққалы отыр.
Бұл – кітап шығару саласындағы жоспарсыз, жүйесіз, халықтың сұранысына мән бермейтін құлқымызды тағы да көрсетіп отыр. Қазақ тіліндегі кітаптардың тиражын проза болса, отыз мыңнан, поэзия болса он мыңнан асырмайтын ауру әлі жазылмай келеді.
Мақатаев шығармаларының бес томдық толық жинағын күнілгері жазылуға мүмкіндік беріп, ұялмайтын тиражбен шығару – парыз. «Алпыс жылдығын өткіздік, енді жетпісіне дейін тізгінді тарта тұрайық» деушілер, құдайға шүкір, табылады.
Мақатаев сынды ақынның толық жинағын шығаруды келесі ғасырдың үлесіне қалдыруға болмайды.
Екіншіден, Мақатаев поэзиясы – бүкіладамзаттық әдебиеттің алтын қорына енуге тұрар қазына. Әңгіме қалай болса солай аударып, орысша кітабын шығаруда емес. Мақсат – лайықты, ең болмаса, өз деңгейіне жақындайтын талант тауып аударту.
Үшіншіден, Мақатаев творчествосы - әдебиеттану, тіл ғылымдарының саласында қаймағы бұзылмаған тақырып. Біздің әдебиет, тіл ғылымы институттарымыздың ғалым басшылары бұл жәйды ескерулері керек-ақ.
Бұдан жеті жыл бұрын Мақатаевқа Қазақ ССР-інің Мемлекеттік сыйлығын беру жайлы Бексұлтан Нұржекеев екеуміз шарқ ұра жүгіріп, талай басшының босағасына барып, ештеңе шығара алмап едік. Биыл алпыс жылдық салтанатын өткізу жөніндегі ұйымдастыру комиссиясы – төрағасы Қазақ ССР Спорт және Жастар жөніндегі Комитет төрағасының орынбасары Шәріп Омаров – Мақатаев творчествосына Мемлекеттік сыйлық беру туралы Республика үкіметіне ұсыныс жасады. Меніңше, Мұқағали Мақатаевқа Халық жазушысы атағын беру келістірек секілді.
Сөзіне ән көп жазылған ақындардың бірі – Мақатаев. Күйтабақ шығаратын «Мелодия» фирмасының басшылары Мақатаев творчествосына арнап 2 күйтабақ шығарғаны жөн. Бірі – көркемсөзді өзі шебер оқыған өлеңдері де, екіншісі – ақынның сөзіне жазылған әндер күйтабағы.
Көзі тірі ақындар мен әнші-күйшілер өз күйтабақтарын шығару үшін табандарынан тозып он мыңнан артық тираж беретіндігі туралы алдын ала мөр басылып кепілдеме беретін облыстық сауда мекемелерінің жөні түзу басшыларын іздестіруде. Қай ақынның творчествосын халық қалайды, сол сұранысқа қарай өздері жоспарлап, өздері шығарудың орнына жоғарыда айтылған екі мекеменің екі әтешті төбелестіріп қойып, өздері содан ләззат алғандай рахаттанатын ауыл балалары секілді, ақындарды, әншілерді саудаға үйрететін құлықтарына мәз болып отырған сыңайлары бар.
Мұқағали өзі келіп заказ бер деп сұрамайды. Сауда орындарында іні-сіңілілеріміздің арасында өздері біліп істейтін сұңғыла көкіректердің болуына күмәнім бар. Сондықтан «Мелодия» фирмасының республикалық бөлімшесі мен Күйтабақ үйінің басшылары бұл жұмысты өздері жоспарлап, өздері реттегендері жөн.
Ол күйтабақтарды да, Мұқағалидың үш томдық жинағын да осы тойдың алдында шығарып, елді де, ақынның аруағын да ризалауға әбден болатын еді. Бірақ біздің баспа басшылары қағаз жоқ дегенді желеу етіп мынандай қытымыр заманда «том-том боп дүкендерде тұратын» өз шығармаларын, өздерінің алдына барып, үпит-сүпитпен тіл табысатындардың шығармаларын шығарудан аса алмайтындығы о бастан белгілі жай. Осы жолы да сол өрелерін көрсетті.
…Қарасаз аспанында шаттық шарықтайды. Шалкөденің шолпылы арша-шыршаларына дейін елеңдеуде. Әншейінде бұлыңғыр тартып, кез-келген жанарға іліне бермейтін қасиетті Хан-Тәңірі тәкаббар кеудесімен көк тіреген күйі баурайынан тараған асқақ үнге күлімсірей, сүйсіне құлақ түре қалғандай.
Қанаты күн сәулесімен шағылысып көк аспанға өрлеген шаңқай құс шамырқана шырқап барады. Алысты меңзейді. Кеудесінде күрсіністер мен көлеңкелері мол Жердің мұңды да асқақ әуенін мәңгілікпен жалғайтындай.
Иә, мәңгілікпен!..
МАҚАТАЕВТЫҢ 60 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КЕШТЕГІ СӨЗ
Адамзат баласы өз ұғымдарының шынайысы мен жалғанын алмастырып алып, дүниетаным тұрғысында көбінесе адасумен өтеді екен. Адамзат баласының өзін-өзі осылайша алдаусыратумен өтетіні жайлы біздің эрамызға дейінгі ойшылдардан бастап, әр заманның ғұламалары қабырғасы қайыса талай рет айтып, дәлелдеген.
Ал, әр ғасырда тым сирек дүниеге келетін дара тұлғалар айналасындағы адамдарға абсалюттік шындық пен қара бояуы бадырайған жалғандықтың арасын, айырмашылығын дәлелдеп беремін, сөйтіп замандастарымды рухани адасудан аман алып қаламын деп шаршаумен өтеді екен. Бірақ мұндай ақиқатты, жаны ашуды жұмыр басты пенде шіркін дөп аңғара берсін бе?
«Апыр-ау, мынау ақын біздің дұрыс деп ұққан дүниемізді жалғанға шығармақ, жалған дегенімізді дұрыс демек. Бұл өзі көпке топырақ шашатындай кім өзі!» - деген тектес наразы күңкіл әлгі мүбәрак ойлы ақынның адам баласының трагедиялы тағдырына ара түспек болған үнін өшірмекке ұмтылады.
Міне, осыдан келіп Ақын мен қоғамның арасындағы айығып болмас қайшылық басталады. Ақынды замандастарының түсінбеуі, тіпті Мұқағали тағдырлас жандарды тәлкек етуге тырысушылық басталады. Өз қарақан басының қамы үшін емес, тұтас адамзат баласының бақыты үшін өз жанын жегідей жеген ақын өзі соларға мейірім қуатын шашқан адам баласынан осылайша соққы жемек. Сондықтан да:
Маңдайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім, - деп, Мұқаң тектілер таусыла жырлайды.
Өз басым ақынға деген құрметтің азаюын, саябырсуын дүниені жалғыз жаратушы Алла тағалаға деген сенімінің жоғалуынан деп білемін. Себебі, уақыт ақыл, ақиқатқа суарылған оттай ыстық сезімімен ғұмыр кешкен парасатты Ақын өзге пенделерден гөрі Алланың шапатағ-шуағына ғұмыр кешетін жан. Құдайдың сөзін жердегілерге жеткізетін тағдыр иесі де – Ақын! Демек, ақынды елемей, ескермей, оның тағдырын пүшәйман халге түсіруге тырысу – сол қоғамға түскен жара, жуылмас дақ!
Ақын – адамдар мүсінді болмыс. Адамзат қоғамы – уақытша заңдылықтар мен шарттылықтар қоймасы. Ол заңдылықтардың қалыбына ақын болмысы сыймайды, нағыз суреткерді қоғамның бағаламайтыны, қабылдамайтыны сондықтан.
Тірілер санатында аз жүріп, өз ортасынан, қоғамынан қағажу көрсе, жыр толы кеудесінен бірі итеріп, екіншісі қақпайлап оның дүниеде бар-жоғы кезінде еленбей ғұмыр кешсе, оған ұлы талант болып туғаны үшін ақынның өзі кінәлі.
Мен Мақатаев ақынды бақытты деп санаймын. Өйткені ол өзінің мәңгілік ғұмырының шежіресін, өзі тірісінде аяқ асты болып жүрсе де, жазып кетті. Ол сіз бен бізге күн ғұмырлы сәулесін қалдырып аттанды. Жалған данқ, жасанды бедел жинамай, жасанды өлең жазбай, билігі барларға жағынбай аттанды. Барлық бақытты тұлғалар бақытсыз күн кешіп өтеді деген екен бір мықты.
Мақатаев бұл жалғанға қалдырған жарық сәуле-жырлары бүгін халқының басын құрап, елдік пен бірліктің, рухани тұтастықтың байрағына айналып отыр.
Мұқағали – қайшылықты ғұмыр кешкен адам. Тіршілігінде өз болмысына лайық өмір қызығын көре алмай өткенін бүгін айтып жатсақ, ол біздің жаңалық ашқанымыз емес.
Ендігі мәселе – сол ақынның рухани әлемін танып – білуіміз болмақ.
Мұқағали әлемі - абсалютті Ақиқатқа жақын тұрған дүние. Мұқағали әлемін терең түсініп, оған бойлау арқылы біз өз ішкі жан дүниеміздегі бәлкім бұған дейін тежелісте келген рухани күштерімізді ашып, сол арқылы өз ішкі тереңдігімізге үнемі бойлармыз. Демек, Мұқағали мұраларын біздің әрқайсымыз өзіміз үшін айта түстік десек, Мұқағали рухының да біздің жан дүние мүмкіндіктерімізді жырлары арқылы аша түскені.
Демек, бүгінгі жасалынып жатқан той да, ақынға көрсетіліп жатқан құрмет те - ең әуелі олардың өздеріне өздерінің жасап жатқан рухани қамқорлығы.
Өсер елдің баласы ақындарын құрметтейді, мәдениетті, рухы биік халық қана дара таланттарын көзі тірісінде-ақ қадірлейді.
Көзі тірісінде билікті топ мойындамағанымен, туған елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап өткен қайран ақынның халқының шын мәніндегі ұлы перзенті болғандығын бүгінгі күн дәлелдеп отыр. Қазақ поэзиясының уақыттың дауыл-желі мызғыта алмас алып бәйтерегі Әбділда Тәжібаевты академик болмаса да халықтың академик деп ұғатыны секілді, туған халқы көзі тірісінде-ақ мойындаған Мұқағали Мақатаевқа халық ақыны деген құрметті атақ заңды түрде берілсе деп ұсыныс жасаймын.
1991