Сүндет Сейітов. Үміт

ӘДЕБИЕТ
4226

Жақында ғана "Икигай" атты жыр жинағын оқырман қауымға ұсынған жас ақын Сүндет Сейітовты құттықтай отырып, назарларыңызға бір топ өлеңдерін ұсынамыз. Мархаббат!!!

Густав Климт. ҮмітҮМІТ

Бетперде таққан адамдар емес,
Адамды таққан бетперде.
Вирусты тапқан жамандар емес,
Жақсылар десем, жек көрме!

Пайғамбарлар-ай, қайда жүрсіңдер,
Үмметің бүгін ашқұрсақ.
Жүректер сосын қайда дүрсілдер,
Кеудені көрге лақтырсақ?

Танауым бітеу, тыныс ала алман...
Дегендей: "Құдай көп көрер".
Қабырға ішіне ығыса қалған,
Ығыры шыққан өкпелер.

Адамдар қазір ентігіп жатып,
Шығысқа күнді батырды.
Келер күн деймін, сол күні бақыт,
Алдамшым болар ақырғы...

Жалғыз емеспін, көппін деймін де,
Қоршауын бұзып үрейдің.
Төрткүл әлемге, төрт бірдей дінге,
Төрт түрлі бақыт тілеймін...

Осы дүниеде қалғым келеді,
Өмір сүрсем де кембағал.
Құдай қаласа, ауру береді,
Құдай қаласа, ем болар...

Густав Климт. ОтбасыСАҒЫНЫШ

Көзімді зағипқа беріңдер,
Қолымды батырға беріңдер,
Жолымды ақынға беріңдер,
Жанымды анама беріңдер,
қайта өмір сүрсінші ол!

Терімді кітапқа қаптаңдар,
Қылмыскердің емес,
Ақынның терісі дерсіңдер...

Көзімді - өзіме беріңдер,
Қолымды - өзіме беріңдер,
Жолымды - өзіме беріңдер,
Жанымды қайтармаңдаршы,
Қайта өмір сүрсінші ол...

Көзіммен көрейін соны,
Қолыммен ұстайын соны,
Жолыммен шақырып оны,
Жаныммен сүйейінші мен,
Сағындым...

Қылмыскердің емес,
Ақынның сағынышы дерсіңдер…
Густав Климт. Өмір мен өлімСАҒАН ЖАНЫМ АШИДЫ...

Саған жаным ашиды, ашиды да,
Сенен аулақ ұстаймын досымды да.
Сенен алыстатамын бар кесірді,
Саған тәуелді етемін ғасырды да.

Саған ғашық етемін енді өзімді,
Саған ашық етемін көр көзімді.
Саған асық етемін сері кезімді
және сыйға тартамын сол кезімді.

Ақын бар да шығар-ау, менен ұлы,
Шығар бәлкім оның да кемел үні.
Саған деген құмардан туар мүмкін,
Қазақ эротикасының шедеврі.

Жан-тәнімді күйдіріп азап оты,
Соған ақын тап болды, жазалы аты.
Саған қалай жетемін, мен шарасыз,
Қазақ Республикасының азаматы?..
Густав Климт. Адели Блох Бауэрдің портретіАНАЖАН

Қайда қалды мейірім, айтшы, соны?!
Нәр сұраған жанымның қатты шөлі...
Қай ғасырда, қай жылы, қай мезгілде,
Жан дүнием нұрланар сәт түседі?

Көз жасыңнан шөлдесем, сімірем де,
Сүп-сүйкімді күн кешем бір іреңде.
Сырқатыңнан күні ертең айығасың,
Сен аңсаған шипаның бірі - менде...

Жымыңдаған көздерің мұздан нұрлы,
Көктем - көкшіл келеді, күз - жаңбырлы...
Тағдыр менің өкпеме дақ түсірді,
Тағдыр сенің миыңа із қалдырды...

Дақ пен ізді біз қайтсек жеңе аламыз?
Тар ауада біз қайтсек дем аламыз?
Қай Отанға бет бұрсақ оңаламыз?
Қай Отаннан қай күні ораламыз?!

Жан жарың да анажан, сырқат дейді,
Жеңіл түрін сырқаттың - мұрсат дейді!
Бізге Құдай мәңгілік жанар берсін,
Ұшқан құсқа назар сап тұрсақ мейлі...

Толқып-тасып тынады жан теңізі,
Қолтықтасып тағдырдың мәңгі егізі.
Уайым жоқта ұқсаңыз, Құдай да жоқ,
Уайым бар да, Құдай да бар негізі...

Сабыр...
Густав Климт. Үш түрлі жастағы әйелдер (үзінді)ДҰҒА

Әкемді алсаң, ал Құдай, шешемді алма,
Шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой..
(Халық айтқан екен) 


Бергі беттен анамыз кеткен түні,
Ары жағына көпірдің жеткен күні.
Көкқарғаның суығы кешіккен кез,
Ауылымның жоқтады бес кемпірі.

Өгей қатын болмайды өз анамдай,
Жас парлаған маңдайда көз оңалмай..
Билеу қандай болады көңіл күйсіз,
Қайғы үстінде сімірген боза қандай?..

Әкемді алса, Құдайым не болады?
Анамды алды, ажалдың шоқ орағы.
Өлім жетіп, жалғызым жоғалғанмен,
Түн ішінде өлең боп оралады.

Жамап берген әкемнің бәтеңкесін,
Киіп алсам, қадайды қатер несін.
Шекпен киіп алғанмын қырыққабат,
Шешем мықтап алған ғой әпергесін...

Шешемді алдың, Құдайым, әкемді алма,
Бәтеңкесінен қымбат өтем бар ма?
Шекпеніммен інімді қорғап жүрем,
Тұмсығымен түртпестей бөтен қарға.

Анамның қайда екенін күн айта ма?
Әкемнің жерде екенін түн айта ма?
Әкесін анасы үшін құрбан еткен,
Халықты түзей көрші Құдай Тала!
Густав Климт. Фрицы Ридлердің портретіМӘЙІТХАНА 

Мәйітхана есігі ашылса...
Емші қауымға түрменің есігі ашылып...
Тағы да жәһаннам есігі бір елі ашылып,
Төбесін тас тескен жан алғыш жандардың,
Жұлыны үзіліп түскенше сәждеге бас ұрып,
"Күнәмді кешірер", - деп сеніп, жасаған құлдығын
Түкке керексіз етеді,
Мейірсіз,
Рухсыз,
Шарасыз,
Қимылсыз денелер шашылып.

Мәйітхана есігі ашылса...
Қоғамның жасырған шындығы белгілі
болары... әу баста тек маған белгілі...
Білмеске - барлығы тамаша екені белгілі,
...Қоғамның жасырған шындығы
қай күні белгілі болары белгісіз...
Былығы көп елдің шындығы
белгісіз болары белгілі...

Дәрігер қорықпай бірде бір кісіден,
Барлығын жасырар жанымен, күшімен.
Жорналшы, ақындар, ызалы қаралы ел
Мәйітхана есігін ашқанда,
"fuck you" көрсеткен жарты қол шығады,
Бүтіндей қорғалған тоңазытқыш ішінен...
Густав Климт. Ана мен балаКӨЗ

Жаным, көзіме қарашы!
Ағынан ажырап бара ма қарасы?..
Біз солай ажырап кеткенде бір күні,
Күлкілі ойларға толықсыр санасы
адамның…

Жараңның,
жарамның бұл күні бар ма емі?
Адам да болайық әлсіздеу хәлдегі.
Өтінем!
жо-жо-оқ өтінбеймін мен,
Еркекке өтіну – белсіздік пәрмені!..

Әр нені есіңе алмасаң…
бар мезгіл:
шетінен керемет, ғажайып, кербез-дүр.
Көздерің мендегі сәулені көрмесе,
Соқырлық емес бұл,
жай ғана көр кез бір…

жаныңда – мейірім,
Ерніңде – ұлы дәм,
Тәніңде – тазалық,
Ақындар, біз осы ғажапты жазалық!
Бірақ та ғажаппен жаралған Қыз өңі –
босанған ананың өңіндей бозарып,
қажыған…

Ақындар – кескінді жырлауды білгенмен,
Жанарды жырлауды білмейді!
Кім көрген?
Мөп-мөлдір көздердің мап-мамық езумен,
Жарасып кетерін кісінеп күлгеннен…

Мен оған ғашықпын, оған мен ғашықпын!
Көзіне ғашықпын, өзіне ғашықпын!
Сөзіне ғашықпын,
кеудесін жасырған бөзіне ғашықпын!
Шынында ғашық боп, есінен ауысқан,
Туғаннан есалаң өзіме ғашықпын!..

Арудың жанары, ақынның – өлеңі,
Ақынның жанары, арудың – өлеңі.
Сол қыздың көздерін жырлайын бір сөзбен:
Ол қыздың көздері барлығын көреді!..

Густав Климт. Өмір ағашыМӘРИЯ

Мұң толы мөлдір көзіңмен күлімдеп қана,
Өзіңе ұқсас тағдырға жының кеп қара…
Өзімізге ұқсас мінезге, өзімізге ұқсас…
Һәм құлқымызға бас иген бұрын көп дана.

Сезім…
Кезіңді тұнық, кей шақта кезіңді лайлы,
Тазарта алмай, ластамай, төзім сұрайды.
Тағдырды алдауда талғампаз жыламай жаның,
Тәніңе біткен танадай көзің жылайды…

Тағдырды алдап не келді, алданған бізге,
Сәл әділ көзбен қарадық, сәл жалған күзге…
Бір бума хаттар келді ғой қыздардан маған,
Бір бума гүлдер келгенде шалдардан сізге…!

Сор күні сізге тумасын Балқадишаның,
Сіз үшін мендік болсыншы бар хамиша мұң.
Әкем болса да, басыма туды ғой күні,
Мәрия әулиенің ішінде қалған Исаның…

Ірілік сенде мәрия–ай, ұлылық менде,
Жылылық сізде мәрия–ау, сірілік менде.
Ірілікпен де мәрия, ұлылықпен де,
Жылылықпен де бір түні сірілікпен де,
Қоштасып қана кетеміз, жүрегіміздің,
Сезімді сүйіп жарқ еткен күні біткенде…
Густав Климт. СүйісШЫНАЗ ЖЫРЫ

Шыназдың қасынан Боз өзен ағады,
Боз өзен әу баста-ақ сағалы, жағалы.
Боз ару өзеннің Сырлы өзен арнасы
Күн ара толықсып есігін қағады…

Боз өзен - Хауа ана, Сырлы өзен - ер Адам,
Екеуі Шыназға шектеуден қараған…
Сондағы - ұрпағы арықтар, тоғандар,
Әзіреті әулие Екеуден тараған…

Шомылсаң батасың, ұрттасаң қанасың,
Шошынсаң кетесің, ұнатсаң қаласың…
Жоғалтқан есіңді немесе затыңды,
Іздесең, үзбесең сол жерден табасың…

Өзбектің әлемі, өлеңі әдемі,
Жырына, сырына һәмма жұрт дәмелі.
Шеттегі қазақты сол елге шақырып
танытсаң өнерін,
Тыңдатсаң өлеңін шіркін-ай, қане еді?!

Таңданып қарайсың ұлығы неде деп,
Кептерің пыр-пырлап, ұшады көбелек.
Қазақтың әлемі, өлеңі, өнері өзінен зор болса,
Өзбектің жыры да өзінен керемет...

Боз өзен күледі, күле сап жылайды,
Боз бала ғұмырын Бозсудан сұрайды.
Халқына су емес, қантамырларын да,
Өзеннің атымен атаған ұнайды...

Боз өзен, Сырдария, боз Шыршық қолдаса,
Ауыр деп тұрғам жоқ жүруге жолды аса…
Шыназ жұрт барсаңыз, бір аттам Отан ғой,
Шекара соңында болғаны болмаса…


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...