Азамат Нұрмұхан - 1984 жылы 17 тамызда Алматы облысы Алакөл ауданы Қызылқайың ауылында дүниеге...
Фазиль Искандер. Бедел
Георгий Андреевич санаулы физиктердің арасында Мәскеуде ғана танымал адам болатын.
Мамыр айының мерекелік демалыс күндері, ол саяжайына әйелі және кенже ұлымен бірге қаланың қарбаласынан демалып, бірнеше күн мейірін қандырып, тыныштықта жұмыс істеу үшін келді.
Бүкіл саяжай қалашығы Сталиннің соғыстан кейін совет физиктеріне атом бомбасын жасағаны үшін берген сыйы еді. Алайда, саяжайлар көптен бері қатты қаусап, оларды жөндеуге қаражат жетпейтін. Соңғы жылдары, тіпті қайта құрудан бұрын, мемлекет физиктерге көңіл бөлуді қойды: мавр өзінікін істеді..., оның үстіне атом бомбасын жасаған физиктердің аға буыны бүгінде о дүниелік еді.
Мейрамның үшінші күні жуынатын бөлменің құбырынан су ағып, Георгий Андреевич конторға аяңдады. Ол сол жерден екі сантехниктің біреуін құбырды жөндеуге шақыруға болатынын білетін. Бірақ контор қызметкері сантехниктердің өздерінің істен шыққанын айтты.
- Женяға не болды? - деп сұрап еді.
- Қолын сындырып алды, - деді контор қызметкері.
- Ал Сережаға ше?
- Сережа басын жарып, жаңа ғана сіздің алдыңызда көлікпен алып кетті, - деп көңілсіз жауап қайырды.
Георгий Андреевич ойлағаны болмай, ұнжырғысы түсіп саяжайға оралды, Ресейде өмір сүру қиын, құбырды жөндеместен бұрын, әуелі слесарді жөндеу керек. Көп күндерге созылатын мұндай мерекелік күндер бізге керек пе?! Жұмыс біздің адамның ішімділікке кетпеуіне амалсыз үзіліс береді, ал мерекелік күндер таза маскүнемдік!
Алайда ойлағаны болмаса да, ол өзінің көңіл-күйін бұзбастан, бірден жұмысына отырды. Жалғыз нәрсе ол жұмыс үстінде әлі де болса өзінің қартайғанын сезбейтін. Оның жақсы көретін студенті атақты бір физиктің: «Георгий Андреевич, қандай дарынды ғалым еді! Оның басылып қалғаны қандай өкінішті», – деп, күрсініп айтқанын жеткізгенде Георгий Андреевич, менің басылып қалғанымды қайдан шығарған? - деп зығыры қайнағанды. Алайда соңғы екі жылда оның төрт бірдей басты ғылыми еңбегі журналдарда жарияланды. Иә, атақты физик бұл журналдарды көрмегенде шығар! Ресейде қалған физиктер бірінің жұмыстарын бірі оқымайды. Бұл бүгінгі көрініс. Ол соңғы жазғандарына қатысты шетелдік әріптестерінен тәнті болған пікірлерді де естіді.
Ол алпыс бесте, шынына келсек, ол кәріліктің алғашқы нышандарын сезе бастады. Тек жұмыста ғана емес. Мәселен, тамақ жеген оған қуаныш әкелмейтін, ол өзін күштеп қана емес, ұнамаса да тамақты езіп, ұсақтап жеуге көндіретін. Қашанғы осылай бола береді! - дейтін.
Таңертең қырынған кезде ашуланатын, электр ұстарасын қосқанда, қанша қырынуға болады деп ойлайтын! О, Құдайым-ау, өмір бойы күн сайын ертемен қырыну керек пе! Оның кейбір әріптестері дәстүрге мойынсұнып, баяғыда сақал қойды. Өзі сақал қойғысы келмейді. Георгий Андреевич, олар қырынудан шаршап, сақалдарын жіберді, сірә, олар қартайғандарын осылай жасырады деп ойлайтын.
Қартайып келе жатқанының үшінші нышаны, ол түнде есік тиектерінің жақсы жабылғанын тексеретін. Бұрын бұл туралы ешқашанда ойламайтын. Алайда мұны кәріліктің белгісі деп санамады, неге десеңіз, қауесетке толы академиялық қалашық саяжайларының тоналуынан сақтанғаным деп өзін жұбатты.
Әйтеуір не керек, құдайға шүкір, кісі өлімі болған емес. Рас, ұрылар маскүнем физикті ұрып тастады. Үйді тонаған кезде ол саяжайда болатын, оның үйінен алатын ештеңе болмаған көрінеді.
Ұрлауға және сатуға болатын барлық нәрселерді ол өзі шығарып сатқан. Қарақшылар оған өкпелеп, ұйқысына оятып тұрғызып, төсегінде тұрған бос бөтелкені көріп, бекер кеткен еңбектері үшін ұрып –соққан. Ол арақты жалғыз ішкенді ұнататын болған ғой!
Бірақ Георгий Андреевич қандай бір себептермен ұйықтамас бұрын есік құлыптары мен ішкі тиектерді тексеретін құлшынысының артуын қарақшылықтың жиілеуімен емес, жеке мүлкіне деген философиялық тұрғыда кәрілігімен байланыстырды.
Ол Гетенің жас кезде бәріміз либералмыз, біздің жоғалтатын ештеңеміз жоқ, ал қартайғанда консерватор боламыз, өйткені балаларға жиғанымызды қалдырғымыз келеді дегенін есіне алды.
Ол бірнеше халықаралық сыйлықтардың лауреаты болғанымен, осы күнге дейін дүние – мүлік, байлық жиған емес. Ешқашанда ақшаға көңіл аударған емес, ол ақша жинамады деген емес, әйтеуір жиған ақшасы тез жұмсалып кетті.
Оның екі үлкен ұлы биолог болатын, ұлдары үйленгенде екеуіне де пәтер сатып алып берді. Олар ерте үйленді. Бұл кеңес кезінде болатын, пәтерге ақша берген ұлдарының бірі әкесіне оның беделін пайдаланып, кооперативке кіруіне көмектесуін өтінді. Бірақ Георгий Андреевич үзілді-кесілді бас тартты, ол мұндай жолмен пайда тапқанды жақтырмайтын, оны қалай істеу керегін де білмейтін, олай жасағысы да келмейтін.
- Мен саған ақша бердім, әрмен қарай өзің әрекет қыл, - деп ұлына қатты айтқан.
- Ақша ең басты емес, - деп ұлы сол жолы ұялмай жауап берген.
Иә, қазір сол жылдар оған алыс көрінгенмен, кеңес дәуірінің кезінде, бәлкім, солай болған шығар.
Қазір ақша бәрін шешеді. Оның үлкен ұлының екеуі де Еуропада келісімшартпен жұмыс істейді. Олар жақсы орналасты, өз күндерін көріп жатыр, Ресейге тіптен жоламайды. Үлкен ұлдарына алаңдаудың қажеті жоқ шығар, бірақ Георгий Андреевич кіші ұлының келешегіне іштей қам жейтін. Бұл да ішінара болса да кәріліктің салдары еді.
Екі ұлынан кейін он бес жыл салып үшінші ұлы өмірге келді. Ол қазір он екі жаста, ал әкесі үшінші ұлын аяғына тұрғызуға уақыт жетпей қала ма деп уайымдайтын. Уақыттың өзгергені сонша, ұлы бір күні әкесіне келіп, ашуланып:
- Папа, біз неге қайыршымыз? - деп сұрады.
Ұлының сұрағы оның басына ашық аспаннан найзағай түскендей болды, ол бұған таң қалып:
- Біз ешқандай қайыршы емеспіз! Біз зиялы отбасылар деңгейінде өмір сүріп жатырмыз! - деп ашуын баса алмаған.
Бұл шынымен солай еді. Әкесінің ойынша, ақша оның отбасына жеткілікті еді, бірақ, әрине, өте жұпыны өмір сүру үшін ғана еді. Алайда мектепте ойда жоқта ұлының көптеген бай құрбылары шыға бастады, олар өздерінің сәнді киімдерімен, ең жаңа батыс аппаратураларымен мақтанып, жастарына қарамай ақшаны оңды солды шашатын. Олар алтыншы сыныпта оқитын!
Георгий Андреевич ұлына ондай балалардың әкелері елдегі күмәнді экономикалық жағдайды пайдаланып, арсыздықпен пайда тапқан алаяқтар екенін сол жолы бекер түсіндірді, өйткені, сол сәтте өзі де оның сөздері далаға айтылып жатқанын сезіп еді.
Ол балалары алдында өзін кінәлі сезінді: өмір бойы ғылымға беріліп, оларға көңіл бөлмегеніне өкінді. Құдайға шүкір, екі ұлы, ақылды өсті, әкесінің көмегісіз – ақ өздері аяқтарына тұрды. Иә, әйтпесе шетелдіктер осынша ынтамен олармен келісімдерді ұзартпас еді! Батыс фирмалары талантты ғалымдарды әкететін әдеті! Оның жасына қарамастан, оған да шықырту ұсыныстары түскен, бірақ ол ұсыныстарды қабылдамады.
Ол өзінің ұрпағы туралы ойлады, біз жаңа демократиялық уақытты ынтыға күткенбіз, егер демократия сұмдық осындай хайуандықпен келсе, оған өзіміз жауаптымыз деп түсінді. Оған елден кету қашқанмен бірдей көрінді.
Алайда балаларының жазыға не, енді кенжесіне не болмақ? Ол спортпен айналысқаннан басқа ештеңе білмейді, кітап оқымайды. Бұл бүгінгі ұрпақтың қасиеті ме, әлде Ресейде кітап оқу ең қымбат нәрсе болудан қалды ма? Мүмкін бұл бүкіл әлемдегі үрдіс шығар? Мұндай көріністер болғанымен, ол бұған сенгісі келмеді. Кітап әрқашанда ойшыл суреткермен сөйлесудің ең ыңғайлы тәсілі деп білетін, кітап адамның өмірінен кетуі мүмкін емес! деп ойлады.
Ол ұлына кітап оқи бастады. Ұлына Пушкиннің «Атылған оқ» әңгімесін қандай ықыласпен қалай оқыды десеңші. Ол өмірінде толқып, мәнерлеп, дауыстап бұрын соңды оқыған емес. Ол он бес минут оқыды, ұлы үндемей тыңдап отырды. «Жетті! Жетті-ау, оған», - деп, ол ішінен: Пушкин шығармасының шабытына еніп, Пушкин тұнығына ілінді-ау! деп ойлағаны сол еді, ұлы бірінші үзілісті пайдаланып, орындықтан тұрып, сыпайы түрде:
- Папа, кешіріңіз, бірақ бұл мен үшін тым ерте, - деп бөлмеден шығып кетті. Әкесінің сонда қатты қысылғанын көрсеңіз. Ұлының сөзінен кейін өзінің босқа кеткен ынтасына, күш жігеріне өкінді. Бірақ бір анығы Пушкин ұлына жетпеуі мүмкін емес еді!
Дегенмен, әкесі ұлына бірнеше кітап оқыды, оның ішінде «Капитан қызын» да оқыды. Шығарманың мағынасын ұлы үстірт, жеңіл - желпі қабылдағанымен, мүлдем түсінбеді деуге болмайды. Ол, әрине, оқырманды қызықтыратын, автордың шынайы көркем жазған, сүйкімді көріністерінің мәтіндерін түсінбеді.
Шынымен теледидар мен компьютерлік ойындар олардың санасын жаулап алғаны ма, олардың жеңіске жеткені ме? Содан кейін ол өзінің қолындағы ең үлкен мүмкіндігін пайдаланып, «Қажы Мұрат» повесін оқуға көшті.
Қажы Мұрат ұлын біраз оятқан болды. Әкесі оған кемеңгерлікпен, қарапайым жазылған ғаламат туындыны оқығанына қуанды. Ол Қажы Мұраттың өлімі ұлын дүр сілкіндіреді деп ойлады, алайда әкесі күткендей ештеңе бола қойған жоқ.
- Мен осылай болатынын білгенмін, - деп, ұлы кітаптан кейін жеңілденіп, кабинеттен шығып бара жатты. Не дегенмен, ұлы өзін байсалды ұстады. Соған да рахмет!
Алайда оның ұлы қатыгез емес еді! Әкесі бірнеше рет ұлын теледидар көргеннен кейін ас ішетін бөлмеге кіргенде, жасаураған көз жасын көретін. Ұлының жаңа ғана аянышты фильм көргені анық болатын. Ол теледидардың шарттарын үйреніп алғаны сонша, енді оған кітап оқудың шарттарын қалай түсіндіруге болады? деп ойлады.
Оған үнемі осылай дауыстап оқи беру мүмкін емес. Ол он екі жаста. Құдайым - ау, оның жасында мені кітаптан ажырату мүмкін емес еді! Георгий Андреевич, оның үстіне, физика саласындағы жетістіктері қандай да бір жұмбақ түрде ұнатып оқыған кітаптардың ықпалы деп санайтын. Физикамен шұғылданып жүріп, ол кітаптардан алған шабыттан қуат алатын. Мұндай күйдегі бақытты сезімдерді ол физикаға дейін де талай басынан өткерген. Ол үшін кітап ең басты еді.
Жоқ, оны кітапты өзі оқуға үйрету керек. Бірақ ұлы кітап оқығанды керек етпейтін, тыжырынып, қандай болмасын жолмен осы бір жайсыз істен бас тартуға тырысатын.
Саяжайда ол ұлымен бірге бадминтон ойнайтын. Ойнағанда ұлы әкесін мазақ етіп, күліп, үнемі оңай жеңетін. Ұлы әкесінің жас кезіндегідей спортқа өте зерек болатын.
Әкесі жұмыс істейтін немесе оқитын көзілдірігімен ойнап жүріп, ол жанынан өтіп бара жатқан қауырсын шарды қолындағы ракеткасымен күштеніп, аямай ұратын. Мұндайда ұлы әкесіне қарап күлетін. Бірақ бұл әкесіне әсер етпейтін. Өйткені бірнеше жыл бұрын ұлына өзінің шар қауырсынды қалай ұру керегін түсіндіргені есіне түскен.
Уақыт қалай зымырап жатыр! Ал бір кезде осы ұлы әкесін онымен күн сайын ойнауды өтінетін. Ал дәл қазір, енді әкесінің ұлынан басқа серіктесі қалмады. Ойын кезінде ұлының мазақ етіп, күлгеніне қарағанда, ол жоғары деңгейдегі физик болғанмен ұлының алдында беделінің жоғын түсінді. Георгий Андреевич ұлының алдында беделге ие болу керек деп ойлады. Бірақ оған қалай жетуге болады? Бұл өте оңай шаруа. Ұлын теледидар мен компьютерлік ойындардан кейін еліктіретін жалғыз нәрсе спорт болатын. Спорт арқылы ұлының алдында беделін асыру керек, ұлын бадминтон ойнауға шақырып, оны жеңу керек деп іштен шешті.
Келесі күні ұлына онымен бадминтон ойнауға шақырғанда:- Егер мен сені жеңсем, сен екі сағат бойы кітап оқисың! – деді.
- Сен мені жеңемін дейсің бе...? - Папа, сенің басың шайқалған шығар! – деді әкесін тіпті елеген емес.
- Қалай менің шартыма келісесің бе?
- Әрине! Кеттік!
- Тек көзілдірігімді киейін!
- Бинокль кисең де өзің біл!
Әкесі кабинетіне барып, артық жатқан ескі көзілдірігін киді, әдетте жұмыс істеген киетін көзілдірігін тағуға дәті бармады. Ол көзілдіріктің көзінде қалай тұратынын байқап, басын бір шайқады, көзілдірігі шайқалған емес. Қартайған көздеріне жұмыс істеуге көмектесетін осынау құралы бұл жолы да оған ойын кезінде көмектесуге уәде бергендей көрінді.
Ол ракеткасын қолына ұстап, ұлының артынан ілесіп, саяжай ауласына шықты. Күн өте жылы еді. Кеш келген көктем қауқарына енді ғана еніп, көрші ауладан гүлденген алма ағашы иісі анқып, әйелі отырғызған гүлдердің үлкен жүйегі гүлдене бастаған еді. Сүмбіл гүлінің шашақтары атып, нәркес және наурызшешектер гүлденіп тұрды. Қайыңдар жылу сәулесін бойына сіңіріп, қарағай діңгектері қызарып, ісініп үлгерген, тек күңгірт шыршалар өздерінің жасыл көкжиектеріне адал болып қалған.
Көгалда жайнап құлпырған ашық күлгін хош иісті ботакөз өсімдіктері төгіліп тұрды. Неткен өмірге деген құштарлық! Күтпеген жерден ол егер олардың өмірге деген балғын құштарлығын менің өмірлік тәжірибемді ұштастырса, ғылым туар еді деп ойлады. Бірақ бұл мүмкін емес болатын. Кенет ол осынау көк шалғын үстінде қолын кеңге жайып, ештеңе ойланбастан аспанға қарап жатқысы келді, тек олардың астында емес деп, өзін- өзі мысқылдап, қайтадан өзіне жоқ деп, көк шөп үстінде физика туралы ойлап жатамын деп өзін түзеді.
Қарағай, шырша мен қайыңдар арасында олардың әдетте бадминтон ойнайтын шағын алаңы болатын. Олар торсыз ойнайтын, ойын кеңістігі белгіленбейтін, сондықтан жоғалған соққыны кейде көзбен анықтауға тура келетін, сондай-ақ, алаңда шұңқырлар мен шіріген ағаш томарлары жатқанды, олар кейде шарды қайтарып алуға кедергісін келтіретін. Әкесі тектілік танытып, ұлына ойын алаңының ойшықтарынан туындаған қателіктерді кешіретін, бұл ұлына ұнамаса да, ұлы да әкесінің істегенін істейтін, ол да кешіретін.
Әкесі ұлын қалай болса да жеңуге бел буып, іштей жиналып, алға қарай серпілді, алайда сыртынан қарағанда ол сабырлы көрінетін. Бұл, ойын алдындағы әкесінің қулығы еді. Бірақ қулық жасау адамгершілікке жатпайды деп, ұлының соққыларын әреңдегенде қайтарып,осылай ойлады. Ұлы болса үнемі әкесінің барлық соққыларын қайтаруға тырысты.
Иә, егер айла ізгілікке қызмет етсе, оның ақталғаны емес пе, - деп Георгий Андреевич қайтадан өзін тынышталдырды, фарисейлердің жымысқы сұрағына Христостың өзі айлаға салып: «тіліккке тілік, құдайға құдайы» деді емес пе, Георгий Андреевичтің ойынша, Христос тіліккке тілік төлемесе Иудеи халыққа одан да зор, шексіз зұлымдық жасар еді, қан төгілуден басқа шешім қалмағанда, халықтың келісімі айланың ақталғаны деп түсінді. Иссус өзінің қанын аяған жоқ. Бірақ өзінікін ғана ма!
Осыдан бірнеше жыл бұрын, ұлы суға жүзуге енді ғана үйреніп жүргенде, тереңдіктен сұмдық қорқатын, ұлын тереңде жүзіп үйрету үшін Георгий Андреевич айлаға салды. Ол жағаға сәл жүзіп келіп, ұлын оған дейін жүзіп келуге шақыратын, қолын судан шығарып, судың түбінде аяғы жетіп тұрғанын білдіріп, екі қолын сыртқа шығарып көтеретін. Ал шындығында, оның аяғы судың түбіне жетпейтін, бірақ аяғымен су астында жұмыс істеп, суда қалқып тұратын. Ұлы бұл айлаға ілінді, оған жүзіп келді, біртіндеп ұлы тереңдікте жүзуге үйренді.
...Шар қауырсынды шолпылдатып ұрған соққылар естілді. Георгий Андреевич ойынға барлық күшін салып шарды ұрғанымен, оның ойын, көбінесе ойынға мүлдем қатысы жоқ сан ойлар маза бермеді.
...Әріптестерінің жұмысына ықылас танытпайтын физикті білікті ғалым деп санауға болмайды... Соққы!….
... Егер Пушкин тағы он жыл өмір сүрсе, Ресей тарихы мүлдем басқаша болуы мүмкін бе еді! ... Соққы!
... Венада тұратын физиктің хатына тағы да жауап беруге ұмытып кеттім! Қандай ұят!... Соққы!
...Бүкіл орыс мәдениеті екі тіркестен тұрады: біріншісі Пушкиннің: «Бейбіт ақында сіздің қандай шаруаңыз бар! Аулақ жүріңіз!», екіншісі Толстойдың: «Үндемеу мүмкін емес!» деген тіркесі. Пушкин айтқан тіркесте көпке дейін жететін даналық жатыр ... Соққы!…
…Тұншығу! Тұншығу! Өмір бойы он төрт сағат жұмыс істеу мүмкін бе! Ал мерекеде он төрт рюмка ішуге бола ма?!... Соққы!
... Ал қазір Столыпиннің реформалары туралы көп жазылады. Әрине жақсы. Ал Витте реформалары туралы неге айтылмайды? Әлде оның тегі келмей ме? Дұрыс емес!.. Соққы !
...Тынық Дон деген сөз тіркесін алғаш рет Пушкин өзінің «Кавказ тұтқыны» туындысында жазған..., егер ол ұлына Пушкинді қайта оқымаса..., мұны ешқашан есіне алмас еді! Соққы!
…Әлемге діни көзғарас атеистік ғылым түзетулерге қарағанда дұрысырақ. Кейде бұл біздің ақыл-ойымыздан тыс деп айту үшін батылырақ ақыл керек!... Соққы!
...Ресей жерінің кеңдігі сонша билеушілері сол кеңістіктен қорқатын. Осыдан психикалық тұрақсыздық туатын, олар шектен шығып, шектен тыс, ойланбаған шешімдерді қабылдауды туғызатын.... Соққы!
Егер кітап оқу өркениеті аяқталса, онда адамзат баласының өшпенділігі он есе артады. Шынайы Толстойды және шынайы Шекспирді ештеңе де алмастыра алмайды... Соққы!
Басқа халықтың өмірі туралы білім сол халықтың ана халыққа деген қарым -қатысын жұмсартады. Қараңғылық бәрінен де қауіпті... Соққы!
…Саясат! Қожа Насреддин айтқандай: даналық мөрімен соғылған жүздерді көрмей тұрмын.... Соққы!
...Ақымақтың алғашқы белгісі: ақымақ сөздерінің саны ақпарат сандарына сәйкес келмейді.... Соққы!
... Қандай алжығандық! Шетелдік физикті үйге шақырып, мекен-жайымды айтып, үйдің корпусын көрсетуді ұмытып кетіппін! Қарғыс атқыр телефон! Бірақ ол, жәрады, үйді өзі тауып келді ! Алжу деген осы ... қоңырау шалған кезде мен жұмыс үстінде отырдым... Соққы!
...Өлім қорқынышты емес, алайда оны лайықты қарсы алмасаң сол қорқынышты... Соққы!
...Адам қызарып, өмірге қадам жасайды, бозарып, өлімге қадам жасайды!.. Соққы!
…Соққыға қойылған адамның жағы соққан қолды үйретеді дейді,.... Күмәнді нәрсе, біржақты соққы.... Соққы!
Әкесі мен баласы әдетте жиырма беске дейін ойнайтын: бірінші болып жиырма бес ұпай жинаған адам жеңіске жететін. Ұлы әкесінің жинақтылығын ескермеді, бірінші кезде көптеген соққыларды жіберіп алды, әкесі өзіне сенімді ойнап, ойламаған жерден сытылып алға шықты. Онда бес есебімен әкесінің пайдасы кезінде ұлы қозғала бастады.
- Ал, енді бірде бір допты сен менен енді алмайсың! - деп ұлы ашуға булығып, көйлегін шешіп, жерге лақтырды. Сымбатты, жарасымды, арық, жас бұлшық еттерін ойнатып, қара спорттық шалбар мен аяғында ақ кедимен ұлы әкесінің алдында, кединің баулары салбырап тұрды. Әкесі оның салбырап тұрған бауларынан жығылып құлайтынын ескертті, алайда ұлы қолын бір сілтеп, оттай жанған көздерімен әкесін бір сүзіп, соққыны қабылдауға дайын тұрды.
Әкесіне бірінен соң бірі қатты соққылар ағылды. Бірақ барлық соққыларды әкесі, өзіне таңдана жүріп, жалтара бұрылып, лезде қабылдап, қайтарып тұрды. Кейде әкесі жаңа ғана үйреніп жүрген ойыншы ұлымен ойнап жүргенін ұмытып, шарды ақырын, ал кейде жоғары ұрып тойтарды. Ұлы болса аса қатты ұрып, ал әкесі соққыны жіберіп алғанда, не қарсы жаққа бұрыла алмағанда, ракеткасын шарға тоса алмағанда шарды қолымен ұстап, ұлының алдында бірнше рет күлкіге қалды.
Алайда, әкесі өте қиын соққыларды қуып жетіп, ұрып тұрды, әкесі ұлының көзінен ақырын күлімсірегенін байқады. Сөйткенмен, ұлы әкесін дүмпулі соққыларымен қуып қалжыратты. Әкесінің жүрегі бүкіл кеудесіне соғып, денесінен тер судай ақты. Бірақ әкесіне неғұрлым қиын болған сайын, ол соғұрлым жеңіске жетуге ұмтылды. Ол әр соққыға шешуші, соңғы соққы ретінде қарап, барлық күш-жігерін ойынға салды.
Әкесінің жойқын күш-жігеріне қарағанда ұлының айырмашылығы: булығып аяғына әрең тұрған әкесінен сергек еді, тың болатын. Бірақ ойын жеңіске жақындаған сайын, ұлы қобалжи бастады. Сәтсіз соққыдан кейін ол ашуға булығып, ракеткасын лақтырып жіберді.
- Ашуланба, одан әрі нашар ойнайсың, - деп ұлын ескертті.
- Мына ракетка қолымнан сырғи береді, — деп айқайлаған ұлы, - Мен басқасын аламын, – деп үйге жүгіріп кетті.
Осы екі-үш минут оны құтқарғандай болды. Енді ол шаршағанын сезді, осындай бірнеше қарбалас шиеленіс болса, жерге құлап түсетін едім деп ойлады.
Әкесі сәл тынығып алып алды. Ұлы жаңа ракеткамен келіп, ойынды жалғастырды.Жаңа ракетка бұрынғыдан жақсырақ болмаса да, ол тынышталып, шарды одан да дәлірек, қатты ұра түсті. Ұлы жаңа ракеткамен құлаштап ұрғаны соншалықты әкесін жеңіп қана қоймай, әкесін мынау өмірден қуып жіберуге тырысқандай болды. Бұл Георгий Андреевич кейбір жас физиктердің көзінен жиі көретін: «Осы Сіз қашан өлесіз!» дегенді есіне түсірді. Георгий Андреевич сияқты ғалымның беделі олардың керексіз идеяларына көлденең тұратын.
Ұлы әкесін тағы тұйыққа тіреді, алайда, кенеттен ұлы әкесі айтқандай кедиінің бауларына сүрініп, құлай жаздады, ебін тауып, әйтеуір тепе-теңдігін сақтап, құламады.
- Аяқ киіміңнің бауын байлап ал, әйтпесе мен ойнамаймын! – деп әкесі оған айқалады. Ол ұлы жерге жалп етіп құлайма деп қорыққан.
Ұлы кедиінің бауын байлағанша, әкесі осы уақытта демалып алды. Әйтпесе, шамадан тыс болдырып, құлаудың алдында тұр еді. Ұлын жығылып құламасын деп ойынды тоқтатқан әкесі өзі де біраз тынығып алды.
Бірер минуттан кейін ойын жалғаса түсті, ақыры ұлы әкесін қалжыратты, әкесі ұлынан екі ұпайға алға шығып, жеңіске жетті.
- Ал, қалай екен ұлым, кәрі жылқы атызды бұзбайды ма екен? – деп, ұлын құшақтап бетінен сүйді.
- Жәй, кездейсоқ жеңіс, - деп өзін ұстай алмаған ұлы жылап жіберді. Ол әкесінің бетінен сүйгенінен жалтарып, бір уақытта әкесінің кеудесіне жабысып, әкесінен жұбаныш іздеген болды. Әкесі кенет бүкіл болмысымен ұлының оған деген құрметін сезді.
«Ұлым, сен менен жақсы ойнайсың, бірақ менің арманым көп, менің аз уақытым қалды», - деді әкесі. Ол бірден өзінің осынау сөздерді айтқанына өкінді. Қалай болғанда, сөз өздігінен шықты. Ұлы оны түсінді дейсің бе?
- Ертең мен сені оңдырмай жеңемін, - деп, ұлы өзіне әрең келді.
- Көрейік, - деп жауап берді әкесі, - бүгін сен екі сағат кітап оқисың.
- Нені оқу керек?
- Сен әзілдерді жақсы көресің емес пе, «Он екі орындық пен алтын бұзаудан» бастайық.
- Мен бұл фильмдерді теледидардан жиырма рет көргенмін.
«Олар фильмдер емес, ең алдымен кітаптар», - деп түсіндірді әкесі.
- Жарайды, бірақ сені ертең жеңемін, - деп ұлы келісті. Баласының бұл сөзі әкесіне кітап оқуға бойкот жариялаудың жасырын қаупіндей естілді.
Георгий Андреевичтің әйелі оларды түскі асқа шақырды. Олар ас үйде хош иісті, буы бұрқыраған дәмді борщ ішуге отырды. Борщ иісі кенеттен Георгий Андреевичтің тәбетін туғызды, мүмкін тәбеті еске түсті ме.
«Біздің әкеміз әлі әлді екен», - деп анасына таңдана айтып, артынан «бірақ ертең оны бәрібір төмпештей жеңемін» деп бұртиды.
Түскі астан кейін ұлы әкесінің тілін алып, бөлмесіне кітап оқуға кетті. Георгий Андреевич бұл жолы қатты қалжырады. Ол алдағы жазда күн сайын ұлын осылай кітап оқуға мәжбүр етемін бе? деп ойлады.
Бірақ, өзін тынышталдырып, мұны кәрілікке қарсы күрес деп санайық, ертеңде ұлын жеңу керек деп шешті.
Орыс тілінен тәржімалаған Салауат Кәрім