Германияда орган доноры Томас Гувер операция кезінде кенеттен оянып кеткен, деп хабарлайды madenipor...
МӘСКЕУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ АНТОЛОГИЯСЫН ОРЫС ТІЛІНДЕ ШЫҒАРАДЫ
16 қазан күні Мәскеуде қазақ әдебиетінің орыс тіліндегі антологиясын аудару, басып шығару мен тарату жұмыстарына қатысты келіссөздер аяқталды.
Нақтырақ айтсақ, "Қазіргі қазақ прозасының антологиясы" мен "Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясын" орыс тіліне аударып, басып шығаруға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, сондай-ақ Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымы атсалысады.
Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің үздік үлгілері жинағын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқаны мәлім. Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет". Оның мақсаты – заманауи қазақ әдебиетінің, музыкасы мен бейнелеу өнерінің жауһарларын, кино мен театр, хореография саласының тәуелсіздік жылдарындағы табыстарын дүние жүзіне таныстыру.
Меморандумға қол қою рәсімі Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі И.Н.Тасмағамбетовпен "Ұлттық аударма бюросының" директоры Р.Кенжеханұлының қатысуымен өтті. Қазақстан тарапынан меморандумға "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева қол қойды.
Рәсім барысында А.Балаева: "Қазақстанның бұрыннан сенімді серіктігі, әріптесі Мәскеу мемлекеттік университеті мен Ресей жазушылар қауымының орталық аймақтағы ірі ұйымының мол тәжірибесі мен жоғары беделінің арқасында жобамыздың сәтті жүзеге асатынына, яғни қазақ әдебиетінің орыс тіліне аудармасының сапасы жоғары болатынына әрі басылым орыстілді кеңістікте кең таралатынына сенімдімін, – деп жылы лебізін білдірді.
Өз кезегінде Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы баспа үйінің директоры Александр Веракса университет баспасы жобаның сәтті жүзеге асуына оқу орнының талай жылғы тәжірибесіне арқа сүйеп бар күштерін салатынын жеткізді. Ал, Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының төрағасы Владимир Бояринов аударманы антологияға дайындау барысы Қазақстан мен Ресей қаламгерлері арасына алтын арқау болып, өзара мәдени ықпалдастыққа оң әсерін тигезетініне үміті зор екенін айтты.
Меморандумда көрсетілген ынтымақтастық аясында Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымы әдеби жинақтарға сұрыпталған шығармалардың көркем аудармасымен және оны редакциялаумен айналысады. Ал, Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі антологияны басып шығаруды, сондай-ақ оның орыстілді оқырмандарға таратуды, насихаттауды ұйымдастырады.
Айта кетсек, қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің жауһарларын БҰҰ-ның 6-тіліне (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз тілдері) аудару "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында қолға алынып отыр. Жоба өз кезегінде, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ауқымды бағыттарының бірі саналады.
Жобаның мақсаты – дүние жүзіне әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерімізді таныстырып, мейлінше кең насихаттау. Қазіргі қазақ әдебиетінің қос антологиясын даярлау бойынша ұйымдастыру жұмыстары әлдеқашан басталып кетті. Олардың біреуі – "Қазіргі қазақ прозасының антологиясы", екіншісі – "Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы" деп аталады. Әр антологияның көлемі – шамамен 600 бет. Әрқайсысына 30 автордан енеді. Антологияның мазмұны мен құрылымы Қазақстан Жазушылар Одағында өткен арнайы мәжілісте бекітілген.
Бүгінгі таңда жобаның барлық басты серіктестерімен келіссөздер аяқтала келді. Мысалы, басылымның ағылшын тіліндегі нұсқасын әзірлеуге Кэмбридж университетінің баспасы, испан тіліндегісіне – Испанияның мәдениет министрлігі және Сервантес институты, француз тіліндегісіне – Париж мэриясы мен Францияның Ұлттық кітап орталығы қатысады. Ал қытай тіліндегі нұсқасы даярлауға ҚХР Ұлттар баспасы атсалысады.