Көз қарықтырған аппақ қарды омбылай, Алатаудың биігін бет ала жетектескен шырша мен қарағай сұлбасы...
Физули. Дерттенді жүрек, өртенді жүрек
3878
Физули - әзірбайжан халқының ұлы ақыны. "Мәдениет порталы" ақынның хасидаларын қазақ ақыны Жүсіп Қыдыровтың аудармасында оқырман қауымға ұсынады. Мархабат!
* * *
Дерттенді жүрек, өртенді жүрек – жанартау бейне лаулаған,
Сөндіре алмас көз жасым да оны – нөсердей көктен саулаған.
Не ғажап мынау? Көкпеңбек судай аспан ба төнген төбемнен,
Көз жасым ба әлде күмбездей көктен көк толқын болып аунаған.
Шерменде жүрек, дәрменсіз жүрек, махаббат сені мерт етер,
Көктемгі тасқын – тоғанды бұзып, тосқауылменен ойнаған.
Не шара енді? Ғашықтық жайлы, жүрегім, саған көп айтпан,
Жаралы жанға су бермес артық – шілдеде миың қайнаған.
Мақаупес диқан, су алып кетсін қызыл да жасыл бағыңды,
Раушан гүлің шөп-шалам екен қасында оның жайнаған.
Мақтана да алмас сұлу деп қарпім әдемі жазу жазғыштар,
Тартылған сымдай келбетін көрсең, көзің де ешбір тоймаған.
Сені ойлап, сәулем, сағынып аңсап сарғайсам, мейлі бақылмын,
Қолыма кірсе тікені ащы – раушаннан ондай айналам.
Ғашықтық дерттен бишара болсам, аяма, семсер салып өт,
Таңдайы кеуіп шөлдесе науқас, аяп еді суды қай бабаң?!
Кәусардан шырын сусын жоқ десе дүниеден безген сопылыр,
Оларға айтсам: «Сүйгенің ерні ең тәтті шырын, бал маған».
Іңкәрімді іздеп, бір жұтым судай хабарға зар-ау көңілім,
Көз жазып қалсам сәулемнен бір сәт, жындымын бейпіл сарнаған.
Беу, қайдан көрдім осы бір сұлу, жұп-жұмыр мойын, бітімді,
Жүрегім – арал тұншыққан суға, көз жасым – теңіз аумаған.
Бұл дерттен өлсем, құмыра жасап күлінен менің тәнімнің,
Ішіне оның бұлақтың тастай құй дағы суын, «ал» де оған.
Айнала ұшып жалынып кептер, имесе басын бәйтерек,
Тамыры оның көз жасын ішер со бейбақ құстың сорлаған.
Көл болып ақса көз жасы шіркін, көңілі де босар раушанның,
Дұшпандық етпес бұлбұлына ол мәңгі бұтағына қонып сайраған.
Таулардан аққан мөп-мөлдір бұлақ жайнатар жадау тірлікті, –
Мұхаммед расулға солай деп берген сертінен әсте танбаған.
Киелі сондай күш берген суға хақ тағала мен пайғамбар,
Маржандай тамшы шағылып күнге дүние болып ойнаған.
Гүл аялаған, ей, қасиетті жер, қандыру үшін шөліңді
Ғалайссалам жартасты жарып, жасады теңіз қайнаған.
Шарапаты оның жер жүзін шарлап, бақ еткен жапан даланы,
Кәпірдің дінсіз – ошағын, үйін жоқ етіп бір-ақ жалмаған.
Мағлұм ба саған: қиқулы күнде, жау шапқан аласапыранда,
Саусағынан бұлақ ағызып расулым, қандырған әскерді аңдаған.
Қолында жаудың һалал су – һарам жыланның зәһар уындай,
Ғалайссалам киесіменен шәрбатқа ол демде айналған.
Сиқырлы судың тамшысы һәр бір – меруерттей таза, мөп-мөлдір,
Меһірбандылық теңізі дерсің бет жусаң көңіл жайланған.
Пайғамбарымның басқан бір ізін сүйгісі келіп ұмтылып,
Жатады теңіз теңізге сыймай жағаны ұрып долданған.
Тұтқыны ол жердің, босанып шықса оралмас та еді қайтадан,
Сосын ба, бұрқап, күн-түні көкке қол созып тынбай қарманған.
Уа, пайғамбарым, мадақтап сені күнәсін жумақ үмбетің, –
Мастардай бейне қанша ішіп суды мастығын жаза алмаған.
«Бір көрсем, шіркін, арман жоқ сені, құдайдың сүйген пендесі»,
Деп жалбарынар пақырлар шөлде бір жұтым суға зар болған.
Сусындар барып мөймілдеп толған шық-суға мың сан жұлдыздан,
Кеудеден жаны пыр етіп ұшса түңіліп мынау жалғаннан.
Су болмаса егер, күмбездер зәулім соғылар ма еді сүмбідей.
Төгеді күн де жерге мол нұрын – толқынды сәуле толған маң.
Тозақтан қорықпан! Қасқайып тұрсам қайнаған оттың ішінде,
Мейіріңнің бұлағы сөндірер оны – құтқарып жанды сорлаған.
Лайланып аққан жаңбырдың суын маржан да етер өзіңсің –
Сондықтан саған Физули шайыр маржандай сөзін арнаған.
Жақсылықты да, жамандықты да елемей, күйбең білгендер,
Ақирет күні өкініш жасы көзінен судай саулаған.
Сол кезде маған шапағатың тисе, күнәмді кешсең, жаббарым,
Жаннаттан жаным жай табар ма еді деп мен де дәйім ойланам.
* * *
Салсын деп сөзбен бейнесін елдің бүгінгі
Жаратқан құдай ұзартты және ғұмырды...
Дүниеде фәни – Бағдадтай әсем кент жоқ деп,
Дар-үс-салам деп қойып атын, жыр қылды.
Қасиетті жерім – қарилер мұнда қойылған,
Дұға оқыса олар, құлақ сап фәни мүлгіді.
Бір өзің, Бағдад, жердегі жәннат фердауси,
Саялы бағың құлпырған мың-сан хұр гүлі.
Жылжыған жылдар паш етер байтақ әлемге
Халифат, патша болғанын оның тұрғыны.
Мамырайханның мекені болған құтты жер,
Төсінде өткен дүниенің небір білгірі.
Шартарапқа шалқыды даңқы халифаттың,
Төрт арыстың сүйегі жатыр бұл күні.
Қараны, ақты айырып берер би жатыр,
Кербелден шыққан қара мен ханға үлгілі.
Әулие имам бата қып, шариғат айтқанда
Ғаламға жалпақ естіліп бұдан тұрды үні,
Жүнәйдтің басқан ізі бар, болған Мағруфа,
Мәнсүрдің дары, бүп-бүтін Бихлул шынжыры.
Нуширван оны астана етсем дер еді,
Ал Хатем болса, адасып жүрер түн-күні.
Ғаделет бұтағы жапырақтап өссе әр жерде,
Тамыры оның Бағдадта, досым, біл мұны.
Ләйлі мен Мәжнүн қаңғып жүр әлі құмдарда,
Хосрау мен Шырын шарабын ішіп жүр, міне.
Пана іздеп келсе – бар пенделерге жайлы орын,
Күнәсіз болсын, күнәлі болсын, бір діні.
Озбырлар менен обырлар байыз таба алмай,
Бипәтуалық – Бағдадтан қашып, сырғыды.
* * *
Бұл көзе – әсем қыздардай, аққудай мойны иілген,
Шаттыққа бөлеп көңілді, жазылар қабақ түйілген.
Алтынды арай нұрына таңдайын қағып ғашықтар,
Думанның сәнін келтірген тал бойына ел сүйінген.
Бағында шырын ләззаттың көздердің жауын алатын
Раушан гүлдей шарапқа бір құмарлық білінген.
Әселдей шарап мөп-мөлдір құйылған кезде кесеге,
Қып-қызыл жалын сұп-сұйық көргендеймін-ау бүгін мен.
Ғашық жандардың қан жұтқан бөліседі ол азабын,
Баз бейбақтардың мойнына қыл арқан болып ілінген.
Тұтанбай тұрған жүрекке шараппен ыстық шоқ тастап,
Қыз, жігіттерді әурелер сезімнен құлап-сүрінген.
Той-жиын болса кернейлеп, думанды жастар ішінде
Отырар ұлы байбатшам алтын зер шапан киінген.
Қара қылды да қақ жарған қазыдай әділ, ақ жүрек,
Құлшылық етер құдайға пендеге ләзім пейілмен.
Отырар топтың ішінде сұңқардай сұлу қомданып,
Қарық қылатын һәммені күлкімен, әзіл, сыйымен
Падишалардың падишасы, дәметер мейірім күллі жан,
Етегін сүйіп Ғайса да, тәжім ғып Қыдыр иілген.
Фағфурлар* болды малайы, қаған да мойынұсынды.
Ескендір, Дара** патшаны асықтай құл ғып иірген.
Жам менен Жәмшид сауықшыл, тобығынан оның келмейтін,
Тең таппай оған Хосрау да, ісіне ғажап сүйінген
Ғаделетті хан да шараптан шарапат, шексіз қуат ап,
Көреген болып, дана боп, бақытты – елге үйірген.
Шапағат тисе кеседен мұбада берген әміршім
Сол үшін бәрін құрбан ғып, саулығын тіле шыныңмен.
Көңілі хұрсан Физули, қол жайып сен де тілек ет:
Һәмме ел, шаһар жердегі жайнасын бақыт гүлімен.
*Фағфур – мұсылман авторлары қытай императорларын осылай атаған.
**Дара – Ахмеидтер әулетінен шыққан соңғы Иран шаһы. Оны А.Македонский өлтірген.
* * *
Күзгі бақ іші алтынын төсеп, әнеки, жатыр алаулап,
Сылдырыменен бұлақтың балдай ұйықтайды жан-жақ манаурап.
Күз дейді? Айтпа! Көктемім келді, көңілім, нуды арала,
Көктеткен жерді ісіне хақтың көңілің бөлші санаулы-ақ.
Аспанда тұрып ол ұстаз, райхан балаларға дәріс береді,
Әп-сәтте сонсоң шәкірттей самсап гүлдерге мың-сан толар бақ.
«Далаға лақпа, тамырға нәр бер» деп суға қатал бұйырар,
«Гүлстан» айтқан нәсиетті шөпке үйретер талмай, алаңдап.
Көрсетті гүлге – ашуды қалай өлеңдей әсем шоқтарын,
Тағдырдың кейбір тәлкегін айтты қызғалдақтарға оянбақ.
Арқасы соның ғылымды білген, әне, анау лала гүлдердің,
Су гүлі болса, жарысқан жұртты есептен жеңер жалаңдап.
Ертемен торғай логиканы айтса, роза күлер сылқылдап,
Жаңылып сөзден бейбақ құс сасып дәрісті алар тәмамдап.
Су шымшық тынбай шырылдап ұшып, бұлбұлдың ашып сауатын,
Ән салу сырын үйретеді оған, құранға және қарайлап.
Құлақ сап түгел тыңдайды сәби бұлбұлдың сыңғыр дауысын,
Жаңылған жерін, үнінің кемін айтады мін ғып бәрі ойлап.
Жылжыған уақыт дәрігер бейне науқастың жайын білетін,
Жазады емдеп, бетіне демде шыға да келер қаны ойнап.
Мен ауруларға ішіңдер дедім дауалы шәрбат шарапты,
Ондай ғып Лұқман, Бұхраб та емдеп көрмеген еді маңайлап.
Сиқыр ма, не сыр, япырмау десей: ұйтқыған жел де, таң қалам, –
Бір шайқап өтер дағдарған ақыл-ойымды кенет борандап.
Ышқынып гулеп, жеңіңнен кіріп, шығады ойнап жағаңнан,
Кім білер сырын? Білемін деген қалатын шығар арандап.
Туды бір уақыт – жаңбырлы, жазғы, айнала жасыл жайқалған,
Баққа да гүлді, шөлге де құмды – су сеуіп жатыр жағалап.
Күні де жетіп шоқтарын ашып, гүл біткен алды көз жауын,
Бұлбұл да сайрар, тамылжыр үнге тұрған бақ көптен қараң қап.
Уақыт-шебер сан жылдар әрлеп тастан да жақұт жасайды,
Теңіздің суын – құлпырып тұрған маржан ғып берер ол оңдап.
Мұрсат бер оған, бір тамшы суды мұхитқа қосар түбінде,
Бір түйір шаңды аспандағы алыс жеткізер Күнге амалдап.
Білмедім, бірақ не жазып қалдым, кінәм бар қандай алдында,
Соққыға жығып, жүргені дәйім жанымды менің жаралап.
Кейбіреулерге асырып-төгіп, бақ берсе тағдыр аямай,
Сыйлары маған – ғазап пен мехнат, не жаздым сонша алалап?
Қайтейін мені зарлатып қойса, сорлатып қойса өмірі,
Қанымды сылдыр су емсе деймін, тасқын боп ақсын домалап.
Көз жасым бітіп, шаршасам егер, қиындықпенен тіресер –
Денемді сынбас тас етсе нетер, болса да не бір ғаламат.
Сонда да ешкім құрта алмас әбден соры ашылмаған бейбақты:
Өлгенмен өзі, зарлы үні оның тұрады жерді он орап.
Мүсәпір жандар көзімнен аққан қанды жасты да байқамас,
Шыңғырып жүрек, жуаннан көрген қорлығын айтар саралап.
«Топан су келді! Қашыңдар, ойбай!» – десе дағы Нұһ пайғамбар,
Мыңқ етпей оған, кәссіз сұм, залым тұрғаны жұртты табалап.
Уа, тәңірі, айтшы, ғазаптың қалың әскері жанды аямас
Таптайды неге жүректі нәзік? Әділдік пе осы, жамағат?!
* * *
Жаһанды жалмап жұт келсе, қорқыта алмас адамды,
Әмірші адал болмаса – қорқатын, әне, заман-ды.
Қайғы-мұң түссе басыңа, уақыт өзі сейілтер,
Сол қайғы-мұңды бөлетін досың болмаса жаман-ды.
Ештеңе емес дімкәсің, дімкәстің ең зор дөкейі –
Ауруыңды егер тап басар болмаса емші, залал-ды.
Ғашық жігіттің көңіліндей тоз-тозы шығып ел-жұрты,
Тәкаппар қыздай – басшысы қарамаса да, таланды.
Нәпсінің ашкөз тойымсыз құлы болса ол санасыз,
Адалдықтан һәм айырылып, досты да жау деп санайды.
Қасиетті ұлы құдіретке тіл тиетұғын күн туса,
Туысқан еткен адамды – тұмардың күші тәмам-ды.
Ашылар еді-ау бағың, ел, әмірші етсе мүбада
Шешен де тілмар мейірімді, жомарт пейілді балаңды!
Тіріге түсін бермесе, жазылмайтұғын кесел ол,
Қатыгез болса падишаң – жегенің у һәм һарам-ды.
Мұңыңды оған айтпайсың – бір иі түспес бәрібір,
Шаһтан тек жеку алғанша, дуана аш боп бағады.
Бағдадымның ырысты жұлдызы туған оңынан,
Тып-тыныш-тірлік; маңдайға бұл бақ та сыйса, жарады!
* * *
Көз алдымда осы дидарың айдай, жүресің дәйім бірге сен,
Мен – тоты құспын, бар жемім – қант, Үндістан – елім нулы, әсем.
Бір өзің үшін ауылдан бездім, адамнан бездім, сәулешім,
Қап тауындағы самұрық құстай жападан-жалғыз күн кешем.
Құзғын да емес, өлік жеп түзде әйтеуір күнін көретін,
Мен – құмай құспын, құр сүйек – талшық, өлексе маған у де сен.
Сайрар ем артық сан тоты құстан, үнімді кім бар тыңдайтын,
Амалым қанша, айласын тауып, сырымды терең білмесең.
Мекенім менің – мейрімсіз елдей, тірі жан жайды сұрамас,
Ойларым – шамдай, жазығым сол-ақ, жағам ба Күндей күлмесем?!
Тәкаппар ма екем, көзге ілмес жұртты, өзімді ерек санайтын,
Бұларға бәрібір – аспандағы Айды жарқырап тұрған Күн десең.
Қор жапалақтай кез келген құсты ілмейді сұңқар ойларым,
Патша да болсам, кез келген таққа отырмас едім, білмесем.
Сыртыма қара: айбарақ қылар даңқым жоқ сұсты, айбатты,
Ішіме үңіл: жан бар ма екен өзімнен асқан бір көсем.
Бақыттың тағы, самалы ескен шаттықтың бағы бойымда,
Айтпаймын артық: әр жерде сөзім патшалық етіп жүр десем.
Байлық-бақ деген керексіз маған, сұлтаннан күтпен рахым,
Қайыршылықтың ханымын еркін, айдарым ойнар үрлесең.
Тірліктің у-шу теңізін тастап, жағаға шықтым уһ деп мен,
Отырмын енді жай тауып жаным, тыныштықпенен тілдесем.
Мен де иілмеймін тұмсығын бекер көтеріп біреу сөйлесе,
Дананы көрсем, шынтағында оның жастығы болып жүр де сен.
* * *
Сабырлы кісі науқастан, түбі, сауығар,
Сабырлы кісі бақытқа, түбі жолығар.
Уақыттың көші асықпай-саспай жылжитын
Жеткізер сені мұратыңа үлкен, сағынар.
Білгені болмай, сабырсыз болса тағы да
Күйгелектеніп құр бекер шаршап-сабылар.
Қарсы жүзсе егер ағысына адам уақыттың,
Кейіндеп адым, өзінен өзі тарығар.
Салдарлы жігіт жөнімен жүрер аптықпай,
Жөнімен жүрсе, сәнімен мақсат алынар.
Артық-кем емес, жазғаны болар маңдайға,
Күмбездей төнген аспанға бәрі бағынар.
Замана көшін өзгерте алмас пенделер,
Жердегі істі жөндейтін жалғыз тәңір бар.
Мейірімі аз ба құдіреті күшті құдайдың,
Араның уын иісі жұпар бал қылар.
Мұратқа өзім таба алар ма екем соқпақты,
Құдайдың даңғыл жеткізетұғын жолы бар.
Көңілім, шарқ ұр, алға ұмтыл шексіз жазықпен,
Ұмтылсаң ғана бақыттың тәтті дәмі бар.
Адал да аңқау әлеуметіңе айтып қой –
Аурудың мәнін дәрігер ғана дәл ұғар.
Жақсымен жүрсең жомарт та, мәрт те боларсың,
Жаманмен жүрсең, ұяты кір боп жағылар.
Келісті, көркем адамдар аз ба өмірде,
Ілімге бейім ілуде біреу табылар.
Әлемнің терең сырына әркім жете алмас,
Жететін адам дүниеден безіп, сарылар.
Кез келген кісі құрметке кемел бөленбес,
Кез келген тамшы бұлт болмас жаңбыр, қары бар.
Алмастың асыл табылып жатқан түрі көп,
Қымбатын ғана тәжіне патша тағынар.
Әділет деген жатады күлдің ішінде,
Расулдей әділ кісіге ғана шалынар.
Елді әділ басқар – болады сонда береке,
Құдайдың берген қаруы ол саған, қабыл ал.
Көркем болса іші, сыртын да сұлу жаратар,
Мазмұны, түрі қолымен хақтың салынар.
* * *
Гүл ашты раушан, оянды тірлік желпіген жібек желменен,
Бозторғай шырқап, төгілтті әнін, егілтті мұңмен-шерменен.
Япырмау, мұнда кім екен ерте тастаған жайып торларын –
Шырмауық гүл ме, соры ашылмаған бұлбұлға «түсіп, өл» деген.
Көк аспан бұлттан атпаса жерді алмастай жебе-жаңбырмен,
Тал бойы жебе раушан гүл күйсіз, жылайды үнсіз ол неден?
Қызғалдақ шіркін лаулаған оттай ұшырап көктің кәріне,
Жағасын жыртып, түңілген халде, көктемге рай бермеген.
Шүйінші! Жайнап көктем де жетті, апаттан дүние құтылды,
Күркіреп өтті нөсерлі бұлт қандырып жерді шөлдеген.
Саф алтын ауа – көктемгі тәуіп, кірісті енді ісіне,
Раушан гүлдің тамырын ұстап, дәруін беріп емдеген.
Нарцис те бойын көтерді, әне, көрді де шықтан алқасын,
Шараптай мөлдір ауаны ішіп, жазылды ауру меңдеген.
Күмбезді түннің моншағы жайнап, шағылып тұрса көзді алып,
Тазарып кірден жаңғырды дүние сұлулық болып көлбеген.
Ыстық пен суық – екі ата жауды татуластырып уақыт,
Сұрапыл күшке тұсауын салып, жүріңдер деді жөнменен.
Ашты раушан да алқызыл шоғын жұпардай иісін аңқытып,
Түрмеден шыққан Жүсіптей ұяң Мысырды нұрымен әрлеген
Таңданба егер-зұлматтан шықса тіріліп, жайнап Нарцис те,
Қайтарып ұлын оралса Жақып қайғыдан әзер өлмеген.
Жарқырап жатқан айнадай суды саусағыменен шөп лайлап
Бусанған жер де – Рахш* аттай тұяғы қызып, терлеген!
Жан кіріп бойға әр тұстан тірлік оянып жатыр қыбырлап,
Дауалы жаңбыр – Қыдырдың суы әлсірегендерге әл берген.
Ем-дәру іздеп тәуіптер енді шарқ ұрмас шауып әр жаққа,
Айығар дерттен – гүл баққа кіріп хош иісін жұтып, желдеген.
Көктемнің әмбе құдіреті сол ма, ойланыңдаршы, жарандар,
Гүлстан ішін райхан, лала, раушан гүлмен сәндеген?
Ол ғана емес! Жайнатты елді әділ боп туған әміршім,
Даруссаламның бақытты бағын аялап нұрлы сәулемен.
Панасы көптің, ары да мөлдір, жаны да таза Ибраһим бек.
Адамның бәрі рақымды болсын, мәрт болсын дейді ер деген.
Бітімі өзге, ақылы бөлек атадан туған ардақты ұл,
Басқан ізі артық – ойламай жұртты, бір басын білген пендеден.
Әр ісі де оның, намысы да оның кем емес әйгілі Асафтан,
Сүлеймен шаһтың айнасын таттан тазартып, сырын өңдеген.
Кіршіксіз, аппақ жүрегіне әсте жуымас қарлық, жамандық,
Ғылымның жарық шырағыменен түнекті қуып сермеген.
Раушан гүлдер шоқ ашқан шақта аралап бақты жүргенім –
Үйренсем деймін құстардан сені жырлауды жаңа әнменен.
Шықпасам бақтан қызыл да жасыл, көздерім тоймай құмартып,
Көркіңді нұрлы, ақылыңды ойлы тапқаным содан дем берген.
Мың қата шүкір! Өзіңнен елге әділет нұры тарайды,
Сен ғана болдың Ғирақтың жерін пейішке әсем теңгерген.
Таңданар ма екем – тіріліп кетсе қабірде жатқан өлілер,
Хисапсыз қазына табылып жерден, байыса сосын ел деген?!
Физули жындай шарлап жүр жерді даңқыңды көктен асырып,
Тәнті боп сенің ісіңе әділ қуаныш бойын кернеген.
Әміршім, сендей әділетті жанды мақтасам – көңіл жай табар,
Жүректің қылын шерткендей болып, хұрсан боп сонда сөйлегем.
Жаратқан құдай, алуан-алуан гүлдерге толы бақтарға
Жауса егер бұлттан маржаның ұдай, ешқашан үміт сембеген.
Күн өткен сайын жайнасын Ирәм бақыттан мәңгі жасарып,
Әміршім көңілін шалмасын ызғар, соқпасын дауыл селдеген.
*Рахш – Рүстем патша тұлпары.
* * *
Қыпша бел құмыра үйірген тілді шырын-ау жүзім шарабы,
Гүлдегі шықтай құбылып бір сәт, жақұттай жайнап жанады.
Келдің сен қайдан? Гүлі ме ең бақтың? Әсел ме едің мөп-мөлдір,
Дер едім сені: білімнің кені, тірліктің мәні саналы.
Жүзімнен туған қызсың ба ару, раушанға сіңлі ме екенсің,
Қаһарлы сұлтан көргенде сені бірден-ақ жібіп салады.
Өзгенің жанын тонайсың неге, өзіңнің шашып қазынаңды,
Құлатып бірде, тұрғызып қайта әлдендіресің адамды.
Көз жетсе дағы, сөз жетпес сені мадақтап, мақтап жырлауға,
Еш қолға түспес маржансың қымбат, айта алмас ешкім бағаңды.
Мінезің қызық: өтпейсің кейде кісінің алдын кес-кестеп,
Құтырып кейде, күлесің жатып әулиелерге қараңғы.
Алдыңда сенің тік тұру – жарлы, байдың да мәжүп-парызы,
Айтшы сен, қандай дұғамен байлап қойып ең сонша оларды?
Қай сиқырменен ақылды алып, сезімді ынтық етесің,
Лаулаған от пен тұп-тұнық судан жаралған десем болар-ды.
Біресе жүріп, біресе тұрып, біресе құлап аяққа,
Біресе күліп, біресе жылап таппайсың тыным-шараңды.
Айлакер, аяр діншілсің бейне – жып-жылтыр сырты, лас іші,
Анадан тумай, аузында алла, күнәға батқан һарамы.
Жоқ, аулақ, құрысын! Көп әулиесымақтан қарлығың аспас бірақ та,
Құр сөз айтса олар, әр тамшың сенің күш болып бойға тарайды.
Шын сопы өзің! Бетіңе шіркеу бола алмас у-шу масхана,
Дүмшелер, мейлі, мешітті сенің басқан жоқ десін табаның.
Уа, парасаттылардың құдіретінің сақшысы әмбе панасы,
Бізді де сақта, сақтасаң қалай ел үшін туған дананы.
Мақсатың – анық, ниетің – таза, мінезің қызба, ойнақы.
Ұнапсың бекке, тағатсыз дәйім қолына кесе алады.
Сандалып жүріп, тұрағыңды ақыр таптың-ау деймін мәңгілік,
Бұл жерде енді әлпештеп сені ханымдай күтіп-бағады.
О, шарап, сені жек көрер адам бар ма екен со бір Сарайда,
Жарлының біздей жағдайын айтып отырсаң кейде болады!
Ақ маңдайдағы қап-қара меңді – нышаны дейді ел бақыттың,
Қуанышымды осы шаһыма жеткіз, жүрегім шалқып соғады.
Бағдадтың күні ол жайнаған көктен, Шамға да әділ әмірші,
Бақыттың құсы қонған бұл елді көтерді патшам жоғары.
Уа, Уәйіс бек! Даңқтың нұры! Сәулеңді жерге төгесің,
Бар ойлағаның – халқыңның қамы, ардақты – атың бағалы.
Мақпалдай қара Үндістан түні қызметшің болар иілген,
Құлағын тескен румдық құлдай күн шығып, саған қарады.
Түн – қара сұлу көлеңке болып ұрланып кірер бөлмеңе,
Күн – күңің болып, нұр сеуіп ерте, тазартып қояр ауланы.
Әмірші Жамның думанда, тойда көрген жұрт шарап кесесін,
Тәуетіп, сүйіп, сонан соң ғана жөн деді қолға алғаны.
Уа, Жамшид, сен де аяған жоқсың шараптан не бір сыйыңды.
Өзіңдей жұрт та төксін сол сыйды тарқап бір шері-арманы.
Сиқырлы құмыра – бәйтерек бейне, сымбатты, әсем келісім,
Көзімді алмай қарасам дағы мейірім, сірә, қанбады.
Қасиетіменен, шарапатыменен түлетіп талай көңілді,
Уа, әміршім, шарабың шырын жасартты не бір жандарды.
Сен берген шарап – көңіліңдей мөлдір, белгісі кірсіз достықтың,
Қас адам егер қолына алса, кесеңді түсіріп алады.
Фәниде мынау не патша өтті қылышын сермеп оңды-сол,
Шарапқа емес, көзесін қанға толтырып ішу амалы.
Ей, қызметші! Толтыра құйшы кесеге шәрбат шарапты,
Кегіңді ал сол бір қатыгез шақтан сапырып отты сабаны.
Падишам менің, жасай бер мәңгі, Физули соны тілейді,
Жарылқа, оңда еліңді жалпақ, өзіңсің оның қамалы.
Тас түнек деген барады қашып жап-жарық әділ нұрыңнан,
Жарқыра, ием, шамшырақ болып, сейілді тұман, тарады!
* * *
Айнадай судың толқынын түртіп самал жел салды өрнегін,
Көк балаусаның суретін тоқып айдынға құрды өрмегін.
Құрақтың алып мөп-мөлдір шығын, күмісін берді жасминнің,
Раушанның оттай шоғынан тіллә ап, уыстап шашты – көргенім.
Хұрсан боп дүния, бек риза болды береген, жомарт бейіліне,
Шетен ғана ренжіп: «Гүлімді жөнсіз төгеді,– дейді,– ол менің».
Өзіңнен озған Рахштан ұялып, жүзіңді бүркеп жібекпен,
Үп ете қалып, кетесің жоқ боп. Үркексің бе әлде сен керім?
Хош иісі аңқып, құлпырған гүлден суретін іздеп сұлудың,
Тұнжырап және отырып қалды самал жел, орап шер көңілін.
Найзасы желдің көрінбес көзге – ойнайды түйреп су бетін,
Жалт еткен жүзі қаруын судың шіркей де құрлы көрмедің.
Буалдыр, жансыз денесін судың көгілдір көкке көтеріп,
Самал жел, енді жеңістің тәжін басыңа киіп сәндендің.
Не керек, әттең, жетпедің ұшып шыңдағы сәнді Сарайға,
Жеткенде, бүйтіп жүрмес ең қаңғып, қуғынын көріп әр жердің.
Ұмтылсаң, сірә, жеті қат көкке жетер де едің, пайда не,
Сарайдың алтын есігін ашып, сығалап тағы көрмедің.
Тозаңын судың бүріксең де көктен, сөнбеді оттар, лаулады,
Күпірлік етіп күнәкар болып, тәубаға енді келгенің.
Ілияс сынды шапшыған теңіз үстінен қорықпай ұшасың,
Ибраһим сынды отпенен ойнап, жалынмен билеп ерледің.
Пайғамбар салған жолменен әлде келесің бе екен жол тартып,
Суға да батпай, отқа да күймей жүретін тентек сен бе едің?!
Ғалайссаламның шапағат нұрын Сүлеймен көріп, сыйынған,
Сүлейменге сен де қызметші болдың жібекпен желпіп терлі өңін.
Түстіктен, құмнан, теріскей тұстан жел тұр!– деп бұйырды Әмірші,
Еркесі болсын, деді ол, самал – азулы сол бір желдердің.
Уа, расул бағының раушан гүлі! Татисың ғажап гүлзарға,
Жәбірейіл дағы қуа алмас бақтан самалдың салқын дем-лебін.
Тәңірге барар жолды, әттең, таппай, жабырқап, сынды көңілі,
Әйтпесе сиқыр раушан бақтан мұңайып шықты дер ме едім.
Жаббарым тұрған тараптың жұпар иісін гүлге себеді,
Көрдің бе оның толқынның түсін сүрме қып қызға бергенін.
Қоғажай самал қанатыменен жүрмесе жебеп зәуеде,
Араздық оты, арамдық оты салар еді жерге шеңгелін.
Білінбей ұшып, бөгелмей ұшып, ұрланып кірді бақтарға,
Раушан, шетен гүлдерін және тонап ап кетті-ау ол көрім.
Айыбын сезіп, «мен үшін, расулым, сұрашы, дейді, кешірім,
Қиямет-қайым күніне шейін қабірің – ием сол менің.
Тұрайын мәңгі қасиетті мүрдең үстінде құйынша айналып,
Аспанға шыққан шаң-топырақтай ғайып боп кетсем – семгенім».
Тұтқында жатып тұншыққан гүлді аймалап самал ашқандай,
Сенің де лебің көңілімді ашып, ойымды менің тербедің.
Армандап зәулім Сарайды сол бір ашығып әбден, арып ем,
Жетемін енді: қолтықтан демеп сүйеген самал – сенгенім.
Құдіретті жазмыш жаралған би боп адамға, жерге әуелден,
Самал да сондай еркесі, биі жалбызды-сулы жерлердің.
Хош иісін гүлдің адамға самал жеткізіп тұрар мәңгілік,
Физули сөзі жасасын мәңгі хұрсан ғып, билеп ел көңілін.
Аударған Жүсіп ҚЫДЫРОВ,
І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты.