Аударған А.ЕлшібековI─ Әй, сопайған неме! Бу жібер! - деп дауыстады денесі аппақ жуан мырза, буалдыр...
Лев Толстой. Адамға қанша жер қажет?
(хикаят)
I
Бір күні қалада тұратын апасы деревнядағы сіңлісіне қонаққа келеді. Апасы қала көпесіне тұрмысқа шыққандағы, сіңлісі деревня мұжығына тиген еді. Апалы-сіңлілі екеуі шай ішіп, жайымен әңгімелесіп отырады. Апасы әлдеқандай болып мардамсып, қаладағы өз тіршілігін мақтай бастайды: тап-таза, кең үйде жүріп - тұрып жатқанын, бала-шағаларының көйлегі көк, тамағы тоқ екенін, өздерінің не ішіп, не жеймін десе де бәріне мол екенін әртүрлі серуенге, сауық-сайранға шығатынын, театрларға баратынын жыр қылып айтады.
Сіңлісі мұны жақтырмай қалады да, көпестердің өмірін даттап, өздерінің шаруа өмірін мақтайды.
- Мен өз тірлігімді сенің тірлігіңе айырбастамаймын, - дейді ол - Қарапайым, жұпыны өмір кешсек те, қорқу - үрку дегенді білмейміз. Иә, сендердің таза тұратындарың рас, бірақ саудалары бірде оздырса, бірде тоздырады. "Саудада дос жоқ" деп халық тегін айтпаған. Кейде тіпті бүгін бай болсаң, ертең кедейленіп тақырға отырып қаласың. Ал, біздің шаруа тірлігі баянды: мұжықтың қолы қысқа болғанмен жолы ұзақ, байларша асып-тасып жатпасақ та, қарынымыз тоқ, уайымымыз жоқ, әйтеуір.
Апасы бұған қарсы дау айтады:
- Қойшы, сол тоқтықтарыңды, бұзау-торпақ, шошқа - тораймен араласып жатқан! Жасау-жабдықтан, жиһаз - мүліктен жұрдайсыңдар, тіпті кісімен жөндеп сөйлесе де алмайсыңдар! Отағасың қанша тер төксе де осы көң - қоқыспен жүріп өлесіңдер, балаларыңның да киетін қамыты сол, - дейді.
- Басқа түссе - баспақшыл, оған шара бар ма, - дейді сіңлісі. - Сонда да өміріміз орнықты, ешкімге жалынып - жалбарынбай-ақ, ешкімнен қорқып бұқпай-ақ бірқалыппен жүріп жатамыз. Ал, сендердің қаладағы әрнеге әуес, әуейі тірліктеріңнің беті аулақ: бүгін тәуір болсаң, ертең шайтан түртіп, бір бәлеге ұрынасың - не сенің қожайының картаға, не арақ-шарапқа салынып кетеді, не қылмаңдаған бір қатынға еріп кетеді. Күнің қараң болғанын сонда көрерсің. Мұндай жай болмайтын шығар?
Әйелдердің не айтып отырғанын Пахом - қожайын пеш үстінде жатып тыңдай береді.
- Ақиқат шындық осы, - дейді ол - Біз деген қаршадайымыздан жер-анамызды жыртып -аударып азаптанып жүргеніміз, сосын басыңа бәлелі ой қайдан келсін. Біздегі бір қасірет -жер тапшылығы. Шіркін, жер жеткілікті болса, мен ешкімнен де, тіпті жын-шайтаннан да, қаймықпас едім!
Қатындар шайын ішіп болып, киім-кешек жайлы тағы біраз сөйлескесін, аяқ-табақты жинап, жатып қалады.
Ал, шайтан пештің сыртында отырып, бәрін де естіген екен. Шаруаның әйелі күйеуінің мақтануына себепші болған кезде ол, тіпті, қуанып кетеді: егер жерім болса, мені шайтан да ала алмас еді деп бөсуін қарашы.
"Мақұл, - деп ойлайды шайтан, - екеуміз бәстесіп көрелік. Мен сенен жерді аямайын. Жермен алдап, түбіңе жетермін".
II
Мұжықтармен көршілес, шағын ғана дәулеті бар бір әйел тұрды. Оның жүз жиырма десятин жері бар-ды. Өзі мұжықтарға ешбір залалы жоқ, байсалды адам еді. Бірақ оған отставкадағы бір солдат приказчик болып жалданады да мұжықтарға айып төлетіп, күн көрсетпей қояды. Пахом дызалақтап, қанша сақ болайын десе де, бірде аты сұлыға барып түседі, бірде сиыры бақшаны таптайды немесе баспақтары шабындықты бүлдіреді - соның бәріне әлгі приказчик айып салады.
Пахом бәрін де төлейді, бала-шағаларына кейіп, қол жұмсайды. Бір жаздың ішінде сол приказчиктің кесірінен Пахом байғұс біраз күнәға батады. Сол себепті мал қораға қамалып, қолға қарағанда қатты қуанады - жем-шөп шығын болғанмен, әйтеуір құлағы тыныш.
Қыстың күні сол қатын жерін сататын болыпты, оны үлкен жолдың қарауылы алатын болып келісіп жүрген көрінеді деген сыбыс тарайды. Мұжықтар мұны естігенде "қап" деп сандарын бір-ақ соғады. "Ал, егер, - деп ойлайды мұжықтар, - жер жол қараушыға тиетін болса, Ол мына қатыннан бетер сілікпемізді шығарады. Біз бүл жерсіз күн көре алмаймыз, бәріміздің де бағып отырғанымыз сол". Мұжықтардың бәрі бас қосып, бай қатынға келеді, жерді жол қараушыға сатпай, бізге беріңіз деп жалынады. Мұжықтар қауымдасып сол жердің бәрін сатып алмақшы болады; олар бір рет, екі рет бас қосады - істің сәті түспей қояды. Шайтан азғыра ма, қайдам, әйтеуір, келісе алмайды. Сосын мұжықтар әркім хал -қадарынша жеке сатып алсын деген шешімге тоқтайды. Байқатын бұған да ырзашылығын береді. Бір күні Пахом көршісінің бай қатыннан жиырма десятин жер сатып алғанын, ал, ақшаның жартысын бір жылдан кейін беруге көнгенін естиді. Пахомның іші күйеді. "Жұрт жердің бәрін пышақ үстінен бөліп әкетеді де, мен құралақан қалам ғой", - деп ойлайды. Сосын әйелімен ақылдасады.
- Жұрт сатып алып жатса, — дейді ол, - біз де оншақты десятинін сатып алайық. Әйтпесе жүдеп біттік: приказчик айыппен - ақ туралатып барады.
Енді қалай сатып алатынын ойластырады. Олардың сақтап жүрген жүз сомдай ақшасы бар-ды, оның үстіне бір құлынды, омартасының жартысын сатады, ұлын жұмысқа жалдайды және бажасынан біраз ақша қарыз алады, сөйтіп, өлдім-талдым дегенде ақшаның жартысын жинайды.
Пахом ақшаны жинағаннан кейін, бір шоқ тоғайы бар он бес десятин жерді таңдап алып, соған саудаласпақ болып бай қатынға келеді. Әлгі он бес десятинді сатып алып, қол алысып, кепілдеме қалдырады. Сосын қалаға барып, сатылымын жердің қағазын бекіттіріп, ақшаның жартысын береді, қалғанын екі жылда төлемекке серт етеді.
Сөйтіп, Пахом жерлі болады да қалады. Пахом тұқымдық астық қарыз алып, әлгі жерге сеуіп тастайды; егіні бітік шығады. Бір жылда бай қатын мен бажасына берешек қарызынан құтылады. Хош, сонымен Пахом помещик болып шыға келеді: оз жерін жыртып, егін егеді, өз жерінің шөбін шабады, өз жерінің ағашын кесіп, оз жеріне малын жаяды. Пахом мәңгі меншігіндегі жерін жыртуға шыққанда да, жас егіннің көгі мен шабындығын көруге келгенде де көңілі өсіп, бір жасап қалады. Өз жеріндегі шоп те өзгеше өсіп, гүл де басқаша шешек атып тұрғандай көрінеді. Бұрын осы арамен талай-талай жүрген - ешбір ерекшелігі жоқ кәдімгі жер сияқты еді, енді қарап тұрса, мүлде басқа.
III
Пахом осылай тірлік етіп тағдырына шүкіршілік қылып, жүріп жатты. Бәрі орын -орнында, ісі сәтімен тынып жатқанда мұжықтар Пахомның егіні мен шабындығын бүлдіре бастады. Ол жайымен өтініп те көреді, бірақ құлақ асқан жан болмайды: бірде бақташылар сиырды шабындыққа айдап салса, түнгі өріске шыққан жылқы егініне түседі. Пахом малды өзі қуалап, қайырып тастайды, ешкімге шағым айтпайды, ақырында төзімі тозған соң болысқа шағым айтып көреді. Мұны мұжықтар қасақана емес, жер тар болған соң жасайтынын сезсе де: "Бұлар үндемесең басынып кетеді. Өстіп сес көрсетіп қоймасаң болмайды", - деп ойлайды.
Сөйтіп, сот арқылы бір рет сес көрсетеді, екі рет сес көрсетеді, әуелі біреуіне айып салады, сонсоң екіншісіне айтып төлетеді. Сосын Пахомның көрші - мұжықтары онымен араздаса бастайды; кейде мұның жерін әдейі бүлдіретін болады. Бір залым түнделетіп орманға барып, оншақты жөке ағашын кесіп, қабығын жалаңаштап сыдырып әкетеді. Пахом орманға барып қараса, бірдеңе ағараңдайды. Жақындап келсе - кесілген ағаштар шашылып жатыр да, түбірлері шолтиып - шолтиып қалыпты. Жауыз тоғайдың шеткі ағаштарын аралата кесіп, кейбіреуін қалдырса етті, жоқ, бәрін жылан жалағандай тұқыртып кетіпті. Пахом қатты ашуланды. "Шіркін-ай, мұны кім жасағанын білсем. Бар ашуымды содан алар ем", - деп ойлайды. Ойлап-ойлап келіп: "Мұны істеген Семкадан басқа ешкім емес", - дейді. Салып отырып Семканың ауласына келеді, бірақ ештеңе таба алмайды, тек екеуі керілдесіп ұрсысып қалады. Пахомның соны Семка жасағанына бұрынғыдан бетер көзі жеткендей болады. Дереу шағым береді. Сотқа шақырады. Соттай - соттай келе мұжықты ақтайды: нақты дәлел болмайды. Пахом бұған қатты наразылық білдіреді, старшинмен, соттармен ұрсысып қалады.
- Сіздер ұрыға болысып отырсыздар. Егер өздеріңіз адал болсаңыздар, ұрыны ақтамас едіңіздер, - дейді ол.
Пахом соттармен де, көршілерімен де қырынқабақ болып жүреді. Оны тіпті үй -орманыңмен өртеп жібереміз деп те қорқытты. Сонымен Пахомның жері кеңейсе де, елмен жараса алмай, жолы тарыла береді.
Сол кезде ел ішінде жұрт жаңа орынға кетіп жатыр екен деген хабар тарады. Пахомның көңіліне бір ой келді: "Маған оз жерімнен кетудің ешбір қисыны жоқ, ал, егер бізден кейбіреулер кетсе, арқа-басымыз кеңіп қалар еді. Мен олардың жерін алып, өз меншігіме қосар едім; тұрмысымыз біраз түзелер еді. Әйтпесе, мына таршылықтан құтылмаспыз".
Бір күні Пахом үйінде отырғанда үстіне жолаушы бір мұжық келіп кіреді. Мұжықты қондырмақ болып, алдына ас қояды, жөн-жосық сұрасады: қайдан құдай айдап келеді? -дегендей. Мұжық төменгі жақтан, Еділдің арғы бетінен келе жатқанын, онда жұмыс істегенін айтады. Сөзден сөз шығып, мұжық ол жаққа көп халық барып қоныстанып жатқанын сөз қылады. Біздің кісілер сонда орын тепті, қауымға тіркелді. Сосын оларға жан басына он десятиннен жер бөліп берді, - дейді.
- Ал жерінің құнарлылығы сондай, - дейді ол, - қара бидай еккен екен, биіктігінен ат көрінбейді, қамтып орган бес уыс бидай бір бау болады екен. Бір мұжық, сол жаққа екі қолынан басқа ештеңесі жоқ, тақыр кедей болып барған екен, қазір алты аты, екі сиыры бар көрінеді.
Пахомның жүрегі лүпілдеп, тулай жөнеледі. "Онда жақсы тұратын болсақ, бұл араның таршылығына қор болып қайтеміз. Жерімді де қора-қопсымды да сатайын. Бұл ақшаға мен ол жақтан үй-жайды да, не керектің бәрін де сатып аламын ғой. Ал, мұндағы таршылықтан табатының - күнә ғана. Бірақ соның бәрін өзім барып, өз көзіммен көріп қайтуым керек".
Жазда жиынып-түйініп жолға шығып та кетеді. Самараға дейін Еділмен кемемен жүзіп барады да, сосын жаяу - жалпылап торт жүз шақырымдай жер жүреді. Көздеген жеріне де келіп жетеді. Бәрі рас екен. Мұжықтардың арқа - басы кең, емін-еркін жүріп - тұрады, жан басына он десятиннен жер кесіп беріпті, қауымға да шын көңілден қабылдайды екен. Ал егер ақшаң болса, үлесіңе тигеннен басқа, меншігіңе қанша жер алам десең де, ең шұрайлы жерінен десятинін үш теңгеден ала бересің; қанша алам десең де оз еркіңде!
Пахом осының бәрін көріп-біліп, күзде үйіне қайтып келеді де, мал-мүлкінің бәрін сата бастайды. Жерін пайдасына сатады, үй-жайын да, күллі мал-мүлкін де сатады, қауымнан шығып, көктем келісімен үйлі - баранымен жаңа қонысқа көшіп кетеді.
IV
Пахом жаңа жерге үй ішімен ошарыла келіп, бір үлкен ауылдың қауымына жазылады. Шал-шауқандарды араққа жығып, хат - қағаздарын түгел жөндеп алады. Пахомды қабылдап, бес жанға, жайылымнан басқа, елу десятин жер кесіп береді. Пахом үй-жай, қора-қопсы салып, мал алады. Жан басына келетін жердің өзі, бұрынғымен салыстырғанда, үш есе көп. Жері де шұрайлы, бұрынғыға қарағанда тұрмысы да он есе оңалады. Егістік жер де жем-шөп те жеткілікті. Қанша мал ұстаймын десең де өз еркің!
Үй-жай салып, мал жинап жүрген Пахомға әуелгі кезде бәрі жақсы көрініп еді, жүре келе бүл жер де тар болып көрінеді. Бірінші жылы Пахом жан басына берген жерге бидай егіп еді - астықтың астында қалды. Сосын бидай егуге құмартты, бұрынғы жері аздық қылды. Ал, қолындағы бар жерін ұнатпайды. Бидайды жұрт ақселеулі тың жерге немесе тыңайған жерге себеді. Бір жыл ексе, екі жыл тимей, селеу шықсын деп тыныс береді. Ал, мұндай жерді аңдушылар да, алушылар да көп, бәріне бірдей жетпейді. Мұның төңірегі де дау-дамай. Қолы ұзын дәулеттілері егінді өздері еккісі келеді де, кедейлері көпеске жалға береді. Пахом егінді молырақ еккісі келді. Келесі жылы көпеске барып, бір жылға жер сатып алды. Егінді көбірек сеуіп еді - түсімі жақсы болды; бірақ ауылдан шалғай - он бес шақырымнан тасу керек. Қарап тұрса - сол аймақтағы көпес - мұжықтар оз алдына оқшау хутор болып тұрып, шаш-етектен байып жатыр. - Іс деп осыны айт, - деп ойлады Пахом, -мәңгілікке меншік етіп жер сатып алып, хутор салсам бәрі айналамда қол астымда болар еді.
Пахом осылайша үш жылдай тұрды. Жерді жалдап алып, бидай егеді. Бұл бір берекелі жылдар еді, бидай бітік өсіп, басы артық ақша да қорлана бастады. Осылай тұра беруіне де болатын еді, бірақ Пахом жыл сайын жұрттан жер сатып алып, сол үшін бас қатырудан жалығып кетті: бір жерде құнарлы алқап болса бітті, мұжықтар жапырласып барады да, талап әкетеді; кешіксең болғаны егетін жер қалмайды. Үшінші жылы бір көпеспен бірігіп, мұжықтардың мал жаятын жерін сатып алды; жерді айдап бітіргенде мұжықтар соттасып, сол шырғалаңмен жүргенде еңбектері зая кетті. "Өз жерің болса ғой, - деп ойлады ол, -ешкімге жалбақтамас та едің, күнә біткеннен де аулақ жүрер едің".
Сонымен Пахом жерді қай жақтан біржола, басыбайлы сатып алуға болатынын сұрастыра бастады. Ақырында бір мұжыққа тап болды. Ол бес жүз десятин жер сатып алған екен, бірақ кедейленіп қалыпты да, енді соны арзанға сатпақ. Пахом онымен мәмілеге келмек болды. Сөйлесе, сөйлесе - ақырында мың бес жүзге келісіп, оның жартысын кейін бермекші болды. Осымен біржолата келісіп, істі бітірмек еді, бірақ бірде Пахомның үйіне құдайы қонақ болып бір жолаушы көпес келеді. Шай ішіп, сөйлесіп отырады. Көпес өзінің шалғайдағы башқұрттардан келе жатқанын айтады. Сол жақтағы башқұрттардан бес мың десятиндей жер сатып алдым. Бәрі мың сомдай ақшаға түсті дейді жүргінші. Пахом содан шұқылап ананы да, мынаны да сұрай береді. Көпес жауап қайтарады.
- Әуелі шалдардың аузын алдым, - дейді ол Шамасы, жүз сомның шапаны мен кілемін, бір жәшік шайды сыйға тартқан шығармын және ішетіндерін шараппен суардым. Ал, жердің десятинін жиырма тыйыннан алдым, - деп, жолаушы сатып алған қағазын көрсетті. - Жер өзеннің бойында, дала селеуден көрінбейді.
Пахом күллі жай-жапсарды бастан-аяқ сұрай бастады.
- Ондағы жерді бір жылда да аралап шыға алмайсың, - деді көпес, - соның бәрі башқұрттардың жері. Ал халқы қой сияқты, ештеңені де ұқпайды. Тіпті тегін алуға да болады.
"Пәлі, - деп ойлады Пахом, - мың сом ақшама бес жүз десятин жер сатып алып және мойныма қарыз іліп қайтем. Мына жерден мың сом ақшаға қарық болайын деп тұрмын ғой!".
V
Пахом о жаққа қалай бару керек екенін сұрап алды да, көпесті шығарып салысымен жолға әзірленді. Үйді әйеліне тапсырып, бір қызметшісі екеуі буынып-түйініп, жүріп кетеді. Қалаға соғып, бір жәшік шай, тарту-таралғы, арақ - шарап, қысқасы, көпес айтқан нәрсенің бәрін сатып алады. Жүре-жүре жеті жүз шақырымдай жерге жетеді. Жетінші тәулікте башқұрттардың көшпелі аулына келеді. Бәрі де көпес айтқандай. Жұрт иен далада, өзен бойында киіз үйлерде тұрады. Өздері жер жыртпайды, нан да жемейді. Ал, дала толы қыбырлаған мал, үйір-үйір жылқы. Қараша үйлердің сыртындағы желіге құлындарды тізіп байлап тастапты, мұнда күніне екі рет бие айдап келеді, биелерді сауып, сүтінен қымыз ашытады. Қатындары күбі пісіп, құрт қайнатады, ал еркектерінің бар бітіретіні - қымыз, шай ішеді, қой етін жеп сырнай тартады. Бәрінің беттері жып-жылтыр, бір көңілді жұрт, ала жаздай сауық-сайран құрады. Халқы - қараңғы, орысшаны мүлде білмейді, бірақ бауырмал
Пахомның қарасы көрінісімен үйлерінен жамырай шығып қонақты қоршап алды. Тілмәш та табылды. Пахом оған жер жайымен келгенін айтты. Башқұрттар жаппай қуанысып: Пахомды қолтығынан демеп, дедектетіп бір әдемі ақбоз үйге әкеп кіргізді, кілем үстіне отырғызып, астына бірнеше көпшік тастады, өздері алқа-қотан отырып, қымыз, шай беріп сыйлай бастады. Қой сойып, етке тойғызды. Пахом тарантастан тарту-таралғысын алып, башқұрттар мәз болып, қуанысып жатыр. Өзара былдырласып, біраз әңгімелесті де, сосын ойларын тілмәшқа айтты.
- Саған мына сөздерді айт деп жатыр, - деді тілмәш, - олар сені жақсы көріп қалды және қайтсе де қонақтың көңілін тауып, сыйға сый жасайтын әдетіміз бар. Сен бізге көп тарту-таралғы бердің; енді сен өзіңе біздің қандай нәрсеміз ұнады, соны қала, жарай ма?
- Маған бәрінен бұрын ұнағаны сіздердің жерлеріңіз, - деді Пахом. - Біздің жақта жер жетіспейді және соның бәрі түгелдей жыртылған, ал, сіздерде жер көп, әрі өте құнарлы екен. Мен мұндай жерді өмірде көрген емеспін.
Тілмаш түсіндіріп жатыр. Башқұрттар дабырласып көп сөйлесті. Пахом олардың не айтып жатқанына түсінбейді, бірақ көңілді екенін, дауыстай сөйлеп күлісіп жатқанын көріп отыр. Біраздан соң бәрі тынышталып Пахомға қарасты, ал тілмәш қолма-қол сөйлеп кетті:
- Бұлар саған мынаны айт дейді: Сенің жасаған жақсылығың үшін қанша жер қаласаң, сонша жер беруге әзірміз дейді. Тек қолыңмен көрсетсең болғаны - сол жер сенікі дейді.
Олар тағы да әңгімелесіп, өзара керілдесіп таласып жатты. Пахом бұлар неге таласып жатыр деп сұрады. Тілмәш іле жауап қатты:
- Кейбіреулер жер жайын старшыннан сұрау керек, онсыз болмайды дейді. Ал, енді біреулері старшынсыз да беруге болады дейді.
VI
Башқұрттар таласып жатқан кезде, кенет түлкі тымақты бір кісінің келе жатқанын көрді. Бәрі үнсіз тына қалды да, орындарынан тұрды. Тілмәш жайымен:
- Бұл - әлгі старшын, - деп күбір етті.
Пахом дереу ең асыл шапанды, бес қадақтай шайды алып, оған ұсына қойды. Старшын тартуды алып, төрге шығып отырды. Башқұрттар табанда оған бірдеңелерді айтып жатты. Бұларды әбден тыңдап болған соң, старшын енді жетті дегендей, басын бір изеді, содан Пахомға қарап орысша сөйлеп кетті:
- Ендеше рұқсат, - деді ол - Қалаған жеріңді ал Жер көп, бәрімізге де жетеді.
"Қалай мен бүл жерді қалағанымша ала берем, - деп ойлайды Пахом. - Оны бір ретін тауып маған бекітіп беруі керек қой. Әйтпесе, қазір сенікі деп тұрса, кейін қайтып ала салады да".
- Жақсы сөз - жарым ырыс, - деді ол, - сіздерге көп-көп рахмет. Сіздерде жер коп екен, ал маған аз ғана жер керек. Мен тек соның қай жер екенін білсем. Қанша айтқанмен бір есебін келтіріп жерді өлшеп, маған бекітіп қойсақ. Әйтпесе, өлі боламыз ба, тірі боламыз ба, бір құдайдың еркінде. Қайырымды халайық, сіздер мұны беріп отырсыздар, ертең күн туғанда - балаларыңыз қайтып алады ғой.
- Айтқаның дұрыс, бекітіп берелік, - деді старшын.
Пахом тағы сөйледі:
- Менің естуімше, сіздерде бір көпес болған. Сіздер оған да жер сыйлап, алыс-беріс қағазын жасап беріпсіз; маған да сондай бірдеңе істесеңіздер.
Старшын мұны бірден ұқты.
- Оның бәрін де реттейміз, - деді ол - Бізде хатшы да бар, қалаға да барамыз, мөрді де басқызамыз.
- Ал, жердің нарқы қандай болмақ?
- Біздің нарқымыз біреу: бір күнге мың теңге.
Пахом мұны ұқпады.
- Күн дегеніңіз - қандай өлшем? Онда неше десятин жер бар?
- Біз оны есептей білмейміз, - деді ол - Біз бір күнге шақтап сатамыз, бір күнде қанша жерді айналып шықсаң - сол жер сенікі, ал, бір күннің құны - мың сом.
Пахом қайран қалды.
- Бір күнде қыруар жерді айналып шығуға болады ғой, - деді ол.
Старшын күліп жіберді.
- Соның бәрі сенікі! - деді ол - Тек бірақ шартымыз бар: егер күн батқанша шыққан жеріңе қайта келіп үлгірмесең - ақшадан айрыласың. Біз бәріміз жиналып саған ұнаған жерге барып тоқтаймыз, біз сол жерде тұрып қаламыз да, сен әрі қарай жүре бересің, көп жерді айналып қайтып келесің, ал өзіңмен бірге күрек ала кет, қажет жерді есіңе сақтап, мүйісіне шұңқыр қаз, немесе шым ойып соны үйіп қой, сосын шұңқырдан шұңқырға соқамен із тартамыз. Қандай шеңбер жасаймын десең де еркің, тек күн батқанша шыққан жеріңе қайтып келсең болғаны. Айналып шыққан жерің - өзіңдікі.
Пахом қуанып кетті. Ертерек шығыспақ болып келісті. Тағы да біраз сөйлесіп, қымыз ішіп қызарып, ет жесті, соңынан шайға қанды. Пахомды мамық төсекке жатқызып, башқұрттар кетіп қалды. Ертең таң қылаң бергеннен жиналып, күн шыққанша белгілі жерге жетпекші болды.
VII
Пахом құс мамық үстінде жатса да, көзі бір ілінбеді, ойынан жер шықпай қойды. "Құнарлысын көбірек қамтырмын, - деп ойлады ол - Бір күнде елу шақырымдай жерді айналып шығармын. Қазірге күннің ұзақтығы жылдай. Елу шақырымда қилы-қилы жер болатын шығар. Құнарсыздау жерін сатып жіберермін немесе оны мұжықтарға өткізермін, ал, қалаулысын саралап өзім алармын да, қоныс-жай салармын. Екі өгіз, соқа сатып аламын екі жұмыскер жалдаймын; елу десятинадай жерді жыртамын да, қалғанына мал жайып семіртемін".
Пахом түні бойы ұйқы көрмеді. Тек таң алдында ғана көзі ілініпті. Ұйықтағаны сол - бір ғажап түс еніпті. Түсінде осы қараша үй ішінде жатыр екен, сырттан біреудің қарқылдай күлгені естіледі. Бүл күлген кісіні көргісі келген екен дейді, жатқан жерінен тұрып, киіз үйден шықса, үйдің тап алдында бағанағы башқұрт старшыны қос қолымен қарнын құшақтап, шалқая түсіп бірнәрсеге мәз болып күліп отыр екен. Бұл оның қасына келіп: "Неге күлесің?" - деп сұрайды. Қайта қараса, ол башқұрт старшины емес, анада мұның үйіне келіп, жер туралы әңгіме айтатын көпес. Одан: "Мұнда келгеніңе коп болды ма?" -деп сұрай бергені сол еді, - көпес дегені көпес емес, баяғы төменгі жақтан келе жатып, бұған соға кететін мұжық болып кетті. Пахом тағы бір қараса бүл мүлде әлгі мұжық емес, қарқылдап күліп отырған мүйізі қарағайдай, айыр тұяқты әзәзілдің тап өзі, ал, оның алдында жалаң аяқ, жұқа жейделі, шалбарлы бір кісі жатыр сұлап. Бұл кім екен? - деп Пахом оған үңіліп, анықтап қараған сияқты. Сөйтсе, әлгі адамы өлік және мұның өзі болып шықты. Пахомның қорыққанынан төбе шашы тік тұрып оянып кетті. Шошып оянды. "Түске де кірмейтін бәле жоқ екен", - деп ойлады ол Айналасына қарап еді, ашық есіктен дала ағарып, таң атып келе жатқанын көрді. "Жұртты ояту керек, жүретін уақыт болды", - деп ойлады ол. Пахом төсегінен тұрып, тарантаста жатқан жұмыскерді оятып атты жек деп әмір етті де, башқұрттарды оятуға кетті.
- Далаға баратын, жер өлшейтін уақыт болды, - деді ол.
Башқұрттар да орындарынан тұрысып, бәрі бір жерге жиналды, ұзамай старшын да келді. Башқұрттар тағы да қымыз ішпек болды, Пахомға да шай бергісі келді, бірақ ол бұған уақыт өткізгісі келмеді.
- Босада жүретін болсақ, жүрелік, уақыт болды, - деді ол.
Башқұрттар шоғырласып, біреулері атқа, екінші біреулері арбаға мініп, жолға шықты. Ал, Пахом жұмыскерімен бірге өз тарантасына күректі ала мінді. Бәрі бір кең далаға келді, таң сарғайып ата берді. Бұлар бір төбенің, башқұртша шиханның басына шықты. Жұрт арбалардан, аттарынан түсіп, бәрі бір жерге үйіріліп тұра қалды. Старшын Пахомға келіп, қолымен даланы мегзеп көрсетті.
- Мына көз жетер жердің бәрі біздікі, - деді ол. - Қалағаныңды ал.
Пахомның көзі жайнап кетті. Алдарында алақан сияқты теп-тегіс, ақ селеулі дала көсіліп жатыр, топырағы мойылдай қап-қара, ал ойпаң жерге кісінің белуарынан келетін әртүрлі шөп өсіпті.
Старшын түлкі тымағын шешіп жерге тастады.
- Белгіміз, міне, осы, - деді ол - Тап осы жерден кетесің де, осы жерге қайтып ораласың. Айналып шыққан жердің бәрі сенікі.
Пахом ақшасын суырып алып, тымақтың үстіне тастады, шекпенін шешіп жалғыз желетпен қалды, қарнын жинап, белін күдері белбеумен қаттырақ буып алды да, нан салған қалтаны қойнына тықты, су құйған қауашақты белбеуіне ілді, қонышын бір тартып, жұмыскерінен күректі алып жүрмек болды. Қалай қарай жүрсем екен деп біраз ойланып қалды - айналаның бәрі шұрайлы. "Бәрі бірдей екен: шығысқа қарай жүрейін", - деді. Күн шығатын жаққа қарсы қарап тұрып, біраз қимылдап, денесін
қыздырмақ болды, енді көкжиектен күннің шығуын күтті. "Уақытты текке жібермеспін. Салқынмен жүргенге не жетсін", - деп ойлады. Күн ұясынан шашырап шыға бергенде Пахом күректі иығына салып, йен далаға қарай жүріп кетті.
Пахом жай да емес, қатты да емес, бір сыдырғы аяңдап келеді. Бір шақырымдай ұзап барып, сәл аялдап, шұңқыр қазып, көрнекті болу үшін шым ойып, оны үйе салды. Тағы да ілгері қарай жүре берді. Еті қызғасын жүрісі де жылдамдады. Біраз ұзап барып, тағы бір-бір шұңқырдан қазды.
Пахом бұрылып артына қарады. Күн көтерілген соң шихан да, оның үстіндегі халық та анық көрінеді, тарантас дөңгелегінің шен темірі жалтырайды. Ол бес шақырымдай жер жүрдім ғой деп шамалады. Бойы жылынған соң желеткесін шешіп, иығына салды да, әрі қарай жүре берді. Тағы да бес шақырымдай жүрген сияқты. Дала жылып кетті. Күнге қарап, ертеңгі астың мезгілі болған екен деді.
"Көлікпен жер жыртқанда ат күніне төрт рет тынығады, - деп ойлады Пахом. - Соның төрттен бірін ғана өттім, бұрылуға әлі ертерек. Етігімді шешіп алайын". Отырып етігін шешіп, беліне қыстырды да, ілгері кетті. Жүрісі ширап, жеңілдеп кеткендей. "Тағы да бес шақырымдай жүрейін, сосын солға қарай бұрылармын. Жері қандай құнарлы еді, мұны көзің қиып қалай тастарсың. Ұзаған сайын қызықты болып бара ма, қалай", - деп ойлады. Тағы да тура тартты. Артына қараса, шихан бұлдырап әзер көрінеді, үстіндегі халық құмырсқа сияқты қыбырлайды және бірдеңе жылтылдаған сияқты болады.
"Қой, жетер, бүл жағын біраз қамтыдым білем, бұрылайын", - деп ойлады Пахом. -"Терлеп те кеттім, шөлдеп те барам". Тоқтап, шұңқырды үлкенірек етіп қазып, шымды үйді де, қауашағын шешіп, суға қанып алып, күрт солға бұрылды. Содан тоқтаусыз жүре берді, жүре берді, бір кезде жердің шалғыны биіктеп, күн ысып кетті.
Пахом шаршай бастады; күнге қарап, асқа отыру керек деп ойлады. "Тынығу да керек". Пахом аялдап отыра кетті. Нан жеп, су ішті, бірақ жатпады: жатсам ұйықтап қалармын, -деп ойлады. Аз-маз отырып, аяқ суытып, ілгері жүріп кетті. Әуелде зымырап тез жүрді. Тамақтан күшіне күш қосылыпты. Сосын күн қайнап, көзіне ұйқы толды; сонда да тоқтамады бір сағатқа төзсем мәңгілік азық табам, - деп ойлады.
Бұл жағынан да коп жүрдім ғой, енді бұрылайын дей берген кезде, алдынан бір ылғалды ойпаң жер шыға келді: енді мұны қалай қиярсың. "Бұл жерге кендір жақсы өседі", - деп ойлады. Тағы тура тартты. Ойпаңды түгел қамтып, өтіп барып, шұңқыр қазды да, екінші рет бұрылды. Пахом бұрылып төбеге қарады: аңызақтан дала мұнартып, алыстағы сағым арасынан бірдеңе қалқып төбе басындағы адамдар бұлдырап әрең-әрең көрінгендей болады - оларға дейін он бес шақырымдай шығар. "Хош, - деп ойлады, - бұ жағын ықшамдамаса болмас". Үшінші рет бұрылып, жүрісін тездете түсті. Күнге қараса бесінге таяп қалыпты. Бүл қанатпен тек екі шақырымдай ғана жүрді. Шыққан жеріне дейін сол он бес шақырымдай болып қалар. "Мейлі, жерім қисық болса да, тіке тартып, мезгілінде жетейін, - деп ойлады ол - Артық жерді қайтем. Онсыз да көп жерді қамтыдым". Пахом жеделдетіп шұңқыр қазды да, шиханға төтелей тартты.
IX
Пахом шиханға тура салып келеді, бірақ жүрісі ауырлай берді. Өзінің зықысы шықты, жалаң аяғы да жараланып, домбығып кетіпті, тіпті тізесі дірілдеп әрең келеді. Шіркін, сәл ғана дем алса, бірақ болмайды ғой, онда күн батқанша шыққан жеріне жете алмайды. Күн мұны күте ме, төмен қарай құлдилап, домаланып барады. "Аһ, - деп қобалжыды ол, - қателестім бе, көз тоймастық жасадым ба, қайттім? Жете алмай қалам ба?" Жалтақтап алдындағы төбеге бір, аспандағы күнге бір қарайды: шыққан жері қашықтағы, күн жиекке таяп қалған сияқты.
Пахом алқынып, қиналып келеді, соған қарамай жүрісін тездете түседі. Жүріп келеді, жүріп келеді, бірақ төбе жеткізер емес; ит бүлкілге басты. Желеткесін, етігін, қауашағын, бәрін лақтырып тастады, тек күрегін тастамай, соған сүйеніп митыңдап келеді. "Аһ, - деп күйінді ол, - қанағатсыздық жасадым, күллі еңбегім зая кетті, енді күн батқанша жете алмаспын". Қорыққанынан берекесі қашып, тынысы тарыла берді. Пахом тәлтіректеп келеді, көйлегі мен шалбары терге малшынып денесіне жабысады, тамағы құрғап қалды. Кеудесі ұстаның көрігіндей бір көтеріліп, бір басылады, жүрегін біреу дүрсілдетіп, балғалап жатқан сияқты, аяғы да икемге келмей, бүгіле береді. Байғұстың зәре - құты қалмады: "Зорығып өліп кетпесем етті!"
Өлімнен де қорқады, сонда да тоқтай алмайды. "Сонша жүгіргенде, - деп ойлады ол, - енді тоқтасам, мынау бір мисыз ақымақ екен дер". Екі өкпесін қолына алып жүгіріп келеді. Жақындап та қалған сияқты, башқұрттар бұған дем беріп қиқуласып жатыр, олардың айқай-шуынан делебесі қозып, жүрегі жанып кеткендей еді. Пахом ең соңғы күшін жинап, безіп келеді, ал, күн де еңкейіп жиектеп барып, тұманға кіргендей қып-қызыл болып үлкейіп, қан сияқты ұйып тұрып қалды. Қазір домаланып жоқ болады ғой. Күн ұясына тақады, межелі жері де тиіп түр. Төбе басындағы халықтың бұған қолын бұлғап, шақырып жатқанын Пахомның өзі де көріп келеді. Жерде жатқан түлкі тымақты да, оның үстіндегі ақшаны да көрді. Сол арада қолын қарнына айқастыра салып отырған старшынды да көрді. Табанда түнде көрген түсі есіне түсті. "Құдай өмір берсе - жер жететін болды ғой, -деп ойлады Пахом. "О, сұм дүние, алдап соқтың білем, енді жете алмаспын, сірә!"
Пахом жаутаңдап күнге қарады, ол дөңгеленіп жерге де жетті, бір шеті ұясына ене бастады, әне, доға сияқтанып көкжиек те иіліп түр. Пахом бойында қалған күшін жинап, күллі денесімен ілгері ұмтылып, құлап қалмас үшін аяғын абайлап басып, бүлкілдеп келеді. Пахом ақырында төбеге де жетті, кенет дүние қап-қараңғы болып кетті. Бұрылып қараса - күн батып кетіпті. Пахом аһ ұрды. "Бар еңбегім зая болды-ау", - деп ойлады ол. Енді тоқтай берейін дегенде, башқұрттардың шулап жатқанын есітті, сол арада төменде келе жатқан бұған күн батқандай болып көрінсе де, төбе басында тұрғандарға әлі батпағанын сезе қойды. Пахом өкпесі қабынып төбеге жүгіріп шықты.
Шихан үсті әлі жап-жарық. Жүгіріп шығысымен Пахомның көзіне бірінші шалынғаны -тымақ. Тымақтың қасында қарнын сипап, келемеждеп күліп старшын отыр. Пахомның есіне тағы да көрген түсі түсті, со замат тымақты ұстады да, аяғы бүгіліп, құлап түсті.
- Айда, жарайсың, тамыр! - деп айқайлады старшын. - Талай жерге иесің енді!
Пахомның жұмыскері қасына жетіп келіп, көтерейін деп еді, қараса оның аузынан қан кетіп, жан тәсілім етіпті.
Башқұрттар бастарын шайқасып, аяп жатыр сорлыны.
Жұмысшы күректі алып, Пахомның көрін қазды, - оның басынан аяғына дейін шақтағандағы қажет жер үш-ақ кез екен, - байғұсты сол жерге көме салды.
1885
Аударған Ә.Жұмабаев