Осыған дейін ақындар арасында «Папирус» айдарын жүргізгеніміз ел назарында. «Тәуел...
Гүлімай Әбішқызы: «Сəлеметсіз бе, БАҚЫТ?!»
4779
Сəлеметсіз бе, БАҚЫТ?! Сізді күтіп... Төзімнің тамшыларын талмап жұтып жүргенде, арман бізді түу алысқа алып кетті бір демде. Жиырмамыз жамырасып, ешкім білмей тұрағыңызды ақ құмға жазып кетіп ек сұрағымызды. Жауабы желмен өшті ме, əлде көшті ме құм? Əлі күнге бір хабар естімедім... 💐💐💐 Иыққа үлбір желегім сап, Үміт саулап етегімнен, Бақытсыз өлеңімді ап Эдем бағына кетемін мен! Күлте сайын жасым тамып, Гүл өсіріп,мастанармын. Жаным-жұмақ,басым-тамұқ, Қойныма шер жастанармын. Есептемес елде қалам Сауап,ынсап,күнә арасын. Өзім болам көрген адам Вавилонның мұнарасын. Эдем бағы тұрағым боп, Жұпар текті жыр төгемін. Ораларға пырағым жоқ Ер жиылмас Күлтөбемін. Естен шығып аспан асты, Сонда ешкімді сағынбаймын. Тастап кетем тастамасты Жүрегіме бағынбаймын. ...Иыққа үлбір желегім сап, Үміт саулап етегімнен. Тек бақытсыз өлеңімді ап Эдем бағына кетемін мен! 💐💐💐 Қара өлең құлайды кеудеме Қанатын жайып сап. Түн сайын жылайды. Беу, неге? Тек осы дерттен бір айықсақ. Уілдеп шақырған бір әннің Үзіліп кетердей сағағы. Сәбидей тәп-тәтті былдырлап Санамда қоңырау қағады. Төсектің наласын арқалап, қиялды тербетіп отырмын. Қалғысам ішегін тартады Онсыз да сүйкімсіз қотыр мұң. Сөнсе үміт соңғы рет қарманып Сұлбасын сызылған әріптің. Таңсырап,өлердей қансырап Бауырымда боздайды ғаріп түн. Фәнидің тілегін тәрк етіп, Түссе өлең шер толы шараға, Жалаңаш жүрегі жарқ етіп Жоғалса... қапыда қалам, ә? 💐💐💐 Ұлпаға үзіп-үзіп тастағалы Нәтімді қаңтар-ұлық. Болмай қап кезбе бұлттың басқа амалы Әлі тұр аңтарылып. Мұң аңқып құндағымнан тарағанда-ақ Қарқылдап қос қанаты сынық қарғам. Аңдаусыз аспанға алғаш қарағанда-ақ Көзіме көктем нұры тұнып қалған. Жадыма жаз әуенін тоқығасын Сыр төккем жөргегіме. Күзде кеп оқимысың,оқымасым, Сүрініп өрмегіме? Ұлы өртке тамызық боп ақтың бәрі Жалынға жұтылғасын. Таңдайға татымады хақтың дәмі, Кермек жас-ұтырлы асым. Өттім де өзегінен күйіп ардың Барымды ұмыттырып, Ажалдың маңдайынан сүйіп алдым Көзімді жұмып тұрып. 💐💐💐 Уа! Жарық күн! Өзің жолға салдың ба түнек-керді? Өң мен түстің арасын сағым қылып, Менің үшін қойдың ба бұл өткелді? Таң нұрына саусағын малындырып, Сұрасын деп, хақ маған тілек берді. Шуағыңа жаһанды табындырып, Саған мәңгі соғатын жүрек берді, Жарық күн! Әлмисақта, Нәсілсіз, құл, қауымсыз, Ерте, ерте, ертеден бұрын,тіпті, Ешкінің құйрығынсыз, қырғауылсыз, Жоқ кезде жауыздық та, Сезім біткен жатқанда қауызды ықтап. Сабарға төсі барын білмей пенде Нәпсісін ауыздықтап Өткен бе еді? Буаз бұлт мамырласа, бүйірінен Қытықтап, ойнаушы ма ед көктем лебі? Көрген бе едің қапасқа қамалғанын ЕЛІ ҮШІН ЖАННАН АЗАП ШЕККЕН БЕГІ? Айтшы, күнім! Жарық күн! Жеткіз мені ой шыңына! Неше қайнап сорпам да қосылмай жүр Бүгінгінің сыңқыл қыз, тойшы ұлына. Ақыл-есім, пейілім, ықыласым Ауып кеткен ТОБЫЛДЫҢ ОЙШЫЛЫНА!!! Әкетші мені қола дәуіріне. Қоғамға қайтармай-ақ қойшы мына! Жарық күн! Жарық күн! Сәулең ғана шынайы. Өзге "шынның" бәріне Мен алданып қалыппын... 🌷🌷🌷 Бүйіріңде мен бармын ғой, дүние, Дөңгеленші ақырын. Құйрық, жалсыз құйындаған күніңе Ілесе алмай туа шабан ақылым, Далам кетті борбайында даң-дұңның, Дүбірінен жауыр болды тақымым. Шың басында қалып қойғым келеді Шымбайыма батқанда әр шақырым. Зеңгір көктің жұпартекті желіні Жанасқанда исініп, Құзар шыңға қиялыммен қонақтап, Емінер ем сүйсініп. Күңіренсе Құлжығылған заңғары Құпия сыр түйсініп, Күмбір күзге оралар ем Қанатыма күй сіңіп... 🌷🌷🌷 Басыбайлым батпан құйрық сағыныш Жауыр жамбас, боздауық. Қанатымен күн сипаған шағымыз Қонып қалған сөзге ауып. Кетті жылым... Келді жылым қаяулы Менің алақайымсыз. Жүрегімде жүз қасиет аяулы, Сырты қарапайымбыз. Шұнақ аяз мейірімге сараң ба Неге мүрде санатты? Қазағымды құдайға айтып қалам ба Ұшқан сайын қанатты. Көктен созған көп елестің жетегі Жер қойнында тұншығып, Үмітімді үзіп-үзіп өтеді Үрей тінді мың шыбық. Тәңір берген түйсігіне сүйеніп Обал, сауап үшін деп, Сенген ұлтқа қылмай ма екен иелік Құдіретпен мүсіндеп. Ұзын арқан, кең тұсаулы ғұмырдың Шешілер ме ноқтасы? Бауырыңды жібітейін жұмыр күн Жанарыма тоқташы. Басалқаң кім? Бұлай неге билейсің? Есіңді жый! Дүние! Неге мені маңдайымнан сүймейсің? Сезіміңе кім ие? 🌷🌷🌷 Ей! Қалқан! Нәті қара темір ме едің? Сенің арғы жағың ба егілмегім? Әлде бергі жағың ба жеңілмегім "Айтақтың" ата тегі көтергесін Қазақтың тіредің бе кеңірдегін? Қалқиып кімді кімнен қорғамақсың? Қасың кім? Нені білдің? Не білмегің? Қалқаным! Арзан айбат тиегішім, Артыңда-арманыма ие мүсін, алдыңда-аза бойлы сүйенішім. "Көршімнің" қышып отыр иегі шын. Алаштың арасынан былай тұршы Кеудеге көтерілсең күйеді ішім. Қара көздің қиығын қалқалама Үмітімнің арса-арса сүйегі үшін, Өтінем! 🌷🌷🌷 Көзіңді менің көзіме қада! Көзіме қара, билігім! Көкірегімнен көшіп барады Көкелеп, сенген қилы күн. Сөзіңнен сәлде орай да орай Көнтері тартты милығым. Сусаған тамыр семердей болды, Үзілер болды сүйрігім. Төзімім мүлде таусылып қалды, тәубеде ғана күйлімін. Сыбағасына сұғыңды салма, Сол болсын ұлтқа сыйлығың. Қанатын бірдің қырыққаныңмен Кестірмес мыңым құйрығын. Қара қазанның қайнауы жетті Құдайдан күткен бұйрығын. Қазақтың көзі тұңғиық қандай!!! Қорықпай бойлар мыйлы КІМ?! Қап-қара, мөлдір көзіме қарап Қасиетіңді жый бүгін! ҚАРАШЫҒЫМДА СУРЕТІҢ ҚАЛСЫН. ҚҰНЫҢДЫ ЖОЙМА, БИЛІГІМ! 🌷🌷🌷 ...Күңірене бермейін десем Көкірегім толып кетердей. Мүрдені жерлейін десем Мүмінім бірге өліп кетердей. Тескен таудан әрі ассыншы Тұқымы құрығыр дерт дегенің! Мен осында қалам! Мінерге көлік те ерттемедім. "Үлкен Айдайға" салмас бұрын "Кіші Айдайымды" айтып алайын. Құдайға кеше тапсырып кеткем... Қазағымды өзіме қайтып алайын. Жасырынар жерім қайда еді Бала кезімдегі? Өмірге берер өлеңім де әлі Өзімде еді... 🌷🌷🌷 Дешті Қыпшақ даласының кіндігі кесілгелі қанды ірің, Өң мен түстен іздегенсіп танымын таба алмай жүр жан ділін. Көкіректе күркіреп бір керең бұлт, жауғыза алмай жаңбырын, Шайқалады жүректегі запыран ұшықтаса тәнді ырым. Абайсызда түсіп кетіп өңге ізге қайран "бойы бұлғаңым", Тас төбемнен нұр себелеп тұрғанда қағын жалап жылғаның. Өзегімді жарып шығып бір өксік, жер таянып тұрғаным Осы ғана. Кешір, құрбаным!.. Ғұсылданған ғаламымнан бүгінде ығып нәубет, ауса мұң, Көшіре алмай көкжиектен күнәмді кемсең қағар шау сағым. Қасиетті, мол мұраңның қаймағын көсіп жылмаң саусағым, Таңдайыма зәмзәм тамып кеткендей, өзімше паң, нау шағым. Аумағасын шығысымнан жарық күн, бұзбағасын шырқымды ай, Батысыма күлем сыңар езулеп бағы жанған сылқымдай. Кешегісі түгел сынды ұлтымның жоным жуан, тұрқым бай Тобыл бойлап тартып бара жатырмын керуенім бір тынбай Жөнім түзу, сыбайыма сырт ыңғай. Жанымдағы... Жақсым да бір Мырқымбай. Жаманым да Мырқымбай! 🌷🌷🌷 Күлегеш той! Қызығыңды жемес ем, Құзырыңда жасыдым. Желек асты желкілдейді демесең Бұ ханшаңның басы мұң. Базынасын боздауық бұлт демесе Бебеулер ме асық үн? Жатырласым жатқа кетті... Алғаны Бағын білсе-ау бәсінің. Бұлдыр-бұлдыр бейтараптау дүние, Жоқ бітім де, жоқ ылаң. Айдынымның арайы сәл кемшін дүр Ақ қайраңға соғылам. Жалын шарпып жағалауда күтеді Жасампаз бір оғылан. Жанып кетем! Алау тартып алам да Жанарының шоғынан. 🌷🌷🌷 Адал перзент те бола алмай, Айтынып, сөзде жеңе алмай, Атылып, ақтан өле алмай, Ақ төсіңде сандалып жүрмін әлі! Періштелер ішінде бір кінәлі - Мен-бейшара! Бейнамыс, hәм бейсана! Айбалам да барады сағымға еріп. Айбалтаның астында тағың берік. Аузымдағы орағым айға білеп, жатайын боғым теріп. Өлкейекке апарып, ӨЗБОЛҒАН-АУ! Жалғыз тастап кетсеңші жағым керіп! Өз қағынан жерініп, қағынды елік. Мен - тірі өлік! Сен-нұр елік! Хан моласын айналып, Өтірік жылап жүрелік. КӨШЕСІЗ ДЕ, КЕШЕСІЗ, Күнәсіз дәурен сүрелік! 🌷🌷🌷 Мен түсінбедім, ал! Неге ізімнен қалмайды сықсың қайғы? Қаңтардың құныс күніне еріп арса-арса ақпан да тұқшыңдайды. Алақанымды соза бергенде қуаныш қалай қырын кетеді? Адалдың көші оза келгенде арамың қалай мәреге бұрын жетеді? Әнебір қалың бетті аяз шіркін немен қызартарын, күнді кешке еңкейткен Тәңір көлеңкемді несіне ұзартарын Білгім кеп. Бірақ жаhаннан жырақтай берем жалғыз жүргім кеп. Құрау-құрау дүниенің қиығына көз жасымды төгем егіліп. Құрдымға құлдыр-құлынымды құлатып ап, отырмын қабырғам сөгіліп. Әр көңілден шуақ суырып, дүбір іздеймін, дүниені даңғаза ғып. Аш баладай жеймін сосын пәлсапаңызды нанға жағып. Жұбанайыншы жұмбағың шешіп, жер кіндігі ме ең, Мамай қорғаны? Үкісі үзілді!.. Қамажайым-ай!!! Қалай болғаны? Қалай болғаны?! Асан, Үсенімді жұртыма тастап, ілгері көшу ісім бе еді? Пендеңе бәрібір-ау… Періштелерім түсінбеді. Мен де түсінбедім, ал. 🌷🌷🌷 Ұштым ұждан жұмағынан қанатымды сүйіп күн. Қиялыңда дос көрдің бе, қош келдім бе, сүйіктім? Боздауық таң бауырында безілдетіп ақ сырнай. Бозаң қалам,жатырмысың бағы қонған тақсырдай. Өтіріктің өкшесіне өрмегімді ілдім де, тарқамайтын кемпірқосақ тоқып қойдым, білдің бе? Бүрме-бүрме бес күнімнің қымтай-қымтай тақымын. Сирағыма жетпей қалды ырылдауық шақырым. Жетім көңіл жылтың қағып жұлығынан жалғанның. Күнді əкеткен көкжиекке кеште тағы алдандым. Қарашаның құндағында қалғығанда ызбай мұң, кірпігімді кезек-кезек күзеткен-ді жүз қайғым. Жанарыма жасырынған жарқылдан да жалықтым. Бауырыңа енсем бе екен, мен де сендей ғаріп, түн? ...Ұшсам ұждан жұмағынан қайта айналып келем бе? Қанатымды қайырып ап... Құлап түссем! ӨЛЕҢГЕ!!! 🌷🌷🌷 Күз жайлы емес өлең Сары самал аңқып сыңсу айтқанда жапырақ саулап етегі, жылатып жазды әкете берер ырықсыз ымның жетегі. Тойшы ауыл қоршап тұрар-ау сонда жазды аяп, аяп өздерін желек астымен көшкенде өмір көшіп ап көктен көзге мұң. Үзіліп гүлі, бұзылып үні сырғыса думан қырындап тоң теріс тамыз жөнелер қыңбай сәулесін тақ-тұқ ырымдап. Күндікке жаздың күймесін соғып мазасыз мезгіл қарт ұстаң қадірі қашқан көлеңке байғұс сығалап өтер әр тұстан... Ұзаған жаздың үніне ұйып жасай да алмай бір кесім саусағың бұлтқа тиердей болып сезімді сәтке іркесің. Саршаның ісін сөкетке сайды Мизам да мәнсіз есінен. Кетері бардың кернейін тартып келетіні осы несі деп. ... Келер деп жазды күтемін мен де күрсінтіп мұңмен сыбай күн. Құлап кеткенше құзырына өзім көкірегімдегі Құдайдың. 🌷🌷🌷 Өмірзая! Мендіктің зая бəрі. Жек көргенім, сүйгенім... аяғаным. Сиямын деп сүннеттің қалыбына, қиямын бек құрметке сай ағаны. Зая бəрі. Зая бəрі! Адалым, тазалығым, естігенім ұжмақтық ғазал үнін. Ай астында ашқанда аза бүрін сəулесі өшіп үр сезім ғажабының, мүрде аңқып, маңып кетті мазалы күн. Назалымын. Өмірзая! Сені де тоса ма мұң? Əлі аңсаумен жүрмісің қосақ əнін? Жерден, көктен екеуміз телміргенмен жақтауына бір ғана босағаның; маған да жолықтырмас дос адалын, сен де өзгерт əпсанаңды боса амалың. Сені "зая" атаған Жасағаның. Мені зая матаған Жасағаным... Өмірзая, біздіктің зая бəрі. 🌷🌷🌷 Сәби үні сүйкімімен сауласа Санаңызға саф алтынын жұқтырып, Былдыр көштің бұла жолына аунаса Әр көкейде алуан елес тік тұрып. Бал дәуренді қуалайды өкшелеп, Атып шығып алаңғасар мың дерек. Кел, ойнайық "Ақ серек пен көк серек" Айтшы, бізден сізге тағы кім керек? Көше сайын құлдыр қаққан бұлақ жыр Қақпақылдап базарын, Жетегімде ағыл-тегіл жылап жүр Апам ғұрлы ажарым. Жылатарға, жұбатарға қош айтып, Жұпарына жұтылсам ба жөргектің. Санайсың ба саусағыңды шошайтып Ит жылғыны ұмытпайтын сергек күн. Ардың құны арзанқолдау тығырық Үлкен өмір үйін тіккен сарсаңға. Алақанның ар жағына жығылып, Шынымен-ақ жасырынып қалсам ба? 🌷🌷🌷 Бозаңдау қала. Боз үнің. Шалғайың дал-дұл жалпылдап, жыртылып қапты-ау төзімің. Зордан екен "қонағың" сораң-сораң мұржасы, сыбыр-сыбыр сөз,ымы. Жотасына Жайықтың шашылып қап "көзірі", "алтылығын" аша алмай, алақтап отыр өз ұлың. Көпіріңде көшіп жүр "көкем-айдың" көзі мың. Іргеңе ізім қалдырдым өзі шаттық, өзі мұң. Өрісіңе көгендеп кетіп барам, Атырау, қоңыраулы қозыны... Ұлым саған аманат! 🌷🌷🌷 Қызалақ бала едім-ау іс – шала, ойым – «дана» Ақтөбе, қала едің ғой сен қарапайым ғана. Сөмкеме сыймай қалып сайын дала, шыт көйлек, көз, көңілге толтырып, уайымды ала келгенмін саған сеніп. Жаз. Маусым айында ма. Өзіңе мұң шағушы ем, жоқ, әлде қайыңға ма. Ауылым, апамды ше? Әлде... М. жайында ма? Дегенсің; «сағынышты мойындама!» Айттың «тек жаман қыздар жылайтынын Әдемі болмайтынын бұлай түрім» Содан шығар жетем деп сұлулыққа «біз өкшемен» жүгіріп құлайтыным. Содан шығар қойныңа күз кіргенде Тәңірден саған көктем сұрайтыным. Білсем-ші қаланың да құрылысын жүректегі жылдардың құрайтынын. Төсіңді талай қиқу дүбірлетіп керуен оздырғанда. Бәс тігіп бозашының «бәйгесіне» бос қауыз, боз қырманда. Бармағым тістегенде шер саулаған бекерге сөз құрбанда Біздің жалаң жанымыз көзге, ұрғанда Бір күні! Берекеге кез қылғанда Ақыры мерекеге кез қылғанда Екеуміз Тағы да шық сүйестіріп Тұрайық та! Күз келіп, бұйырғанша бір айыпқа. Алшынның ақ қанатын төгілдіріп көтердің бойың көкке Менің де шашылып қап ойым көпке Әйтеуір, екеумізде дос көбейді Мақтайтын мұнайың деп, тойың деп те «Мырзаң» да, «мүмінің» де төріңе озды Сабырмен сойыңды епте, Ақтөбем! 🌷🌷🌷 Шүкірінен шүйке созған бір шыбық зырылдайды ұршығым. Лүпілінен жүйке қозған тіршілік, бұрылмайды жыршы күн. Өзегіне өлең салып, құлшылық өксіткенде бүршігін, көкжиекке ала кетті көздің жасын бір сығым Шляпасын "ни перед кем" шешпеген нəті түзу қырсығым! Тəжайықтың есінде жоқ дөңайбат, төсінде тұр оймақ күн. Ғажайыптың көшінде деп оңай бақ, өгіз жегіп, ой бақтым. Талабыма Ібіния ит қосқан, алып қашты маймақ түн. Ғаламыма қазақшалап "Битқоштан" су сұратып қоймақпын. Аға, сонда... күмілжіген кездерін кешесің бе аймақтың? Қолға түскен көсеміндей Үндістің біз де кейде шарасыз, қарбаластың қамауында күндіз түн айыпталып жаласыз, екі əлемнің есепшісі екі еске ерік беріп парасыз, екіұдайлау елестеген Гефеске сыр ақтардық наласыз. Енді Сыйрат көпіріне салса да біздік көңіл аласыз. ...Шындық бүгін жылап келді шыдамай тері илеуден өлесі. "Бақыт деген ақ шекпенді құдағай" Өтекеме бересі Алажағын кетті дейді сұрамай шайырлардың төресі "Көкірегі гүлдеп кеткен" бұл ағай өзіне-өзі төреші. Өзіне өзін төтелеткен өресі. Өзіне өзін жетелеткен елесі. Басып озып бүгінгінің белесін Жетіп қалды! Ғасырға да келесі! ЫРҒЫЗҒА Жармола, елесің жүр құба белде мамырлап шалғайыңнан тұман өрген. Шолпысы сыңғыр қағып Ырғыз өтсе күрең мұң телмеңдейді тұма көлге. Шанағын шежіреңнің шертіп едім, қос аққу қалқып ұшты жұмақ елден. Əн-бейне Зəурешің бе, Мəні қыз ба алдымнан сылаң қағып шыға келген. Боздауық буаз түннің алқымы ісіп, сан өзен су бүркіген талпынысып. Жерігін табамыз деп жұлдыз біткен заулап жүр қанатынан жарқыл ұшып... Əлхамның мəртебесі биіктер күн Əулием, өзіңе бас иіп келдім. Мұңына Маңтөбенің малшынам деп, нəтіме наз-кебенек киіп келдім. Жадымда шегендеулі шер сандығым əттеңін ала кетем сүйікті елдің. Ырғызым ықылымнан тұнған аңыз несібең ғасырлардан жиып-тердің. Ертегі ел əуезіне елтиінші мен бүгін кейіпкермін.