Гүлмәрия Барманбекова. Раушан гүлінің жұпары (новелла)

ӘДЕБИЕТ
5450

 ...Бала-шағасы, күйеуі бар, ес тоқтатқан әйелде де осындай сұрапыл сезім болады екен-ау! Ғашықтық дегеніңнің өзі көктем сайын шешек ататын көпжылдық гүл сияқты болғаны ма? Қарлығаш үш баласының әкесіне қосылмас бұрын да дәп осылай күйіп-жанған. Осы жігітпен бірге болмасам, өмір сүріп керегі не дегенге дейін барғаны әлі есінде. 

 Ендігісі мынау. Өзінен тоғыз жас кіші жігітті өліп-өшіп сүйіп қалам деген ой үш ұйқтаса түсіне кірді ме екен? 

 Ташкенге іссапарға барған жерінен жиырма үштегі өзбек жігіті кез болды. Көрген жерде Қарлығашқа желімдей жабысып, кетер-кеткенше екі елі ажырамай қойған. 

Он жылға татитын он күн. Болған-біткені осы. 

 Батылын қарамайсың ба! Жігіт сезімін ашық білдіруден сескенбеді.

- Періштем! Мадоннам! Жер бетіндегі нәзіктік пен сұлулықтың жиынтығынан құралған құйма алтыным!

- Олай деме! Мен бала-шағалы әйелмін.

- Бала-шағаң болса қайтейін, бола берсін! Сен үшін ақырына дейін күресуге рұқсат етші! 

 Өзбек жігіті оқтай жанарын Қарлығашқа жалбарына қадап тұрып осылай деді. 

- Осындай да махаббат бола ма!?

- Демек, болғаны ғой! Сөзіме сенбесең, көзіме қара, сен деп соққан жүрегімді көресің!

 Жігіттің сыбырлай сөйлеген сөзінен білінер-білінбес діріл байқалады. Тынысы тарыла түскендей, дауысы үздігіп шықты. 

Сол сәт Қарлығаштың жан дүниесін быт-шыт қылып талқандап өткен беймәлім сезім алпыс екі тамырын бойлай бұрқыраған қанына тұтқындықтың тәтті уын біржола шашып жіберді.

 Хош иісі аңқыған раушан гүлінің күнде бір дестесі таңмен таласа Қарлығаш жатқан қонақүй бөлмесінде тұрады. Алғашқы күндері ол гүлдестені терезеден лақтырып жіберетін. Өрімдей жігіттің өзіне деген ынтызарлығын жастыққа, жай ғана өткінші нөсер сезімге балап, шынайылығын мойындай алмаған. 

 Отбасылы әйелдің күтпеген шындыққа көндіге қоюы оңай болған жоқ. Бір жағынан, бұл жағдай Қарлығашқа қызық болып көрінді. Ары қарай не болар екен деген әуестігі оянды. 

Күнде лақтырғанын қайтейін, кешкісін қызметтен қайтып оралғанда, қып-қызыл раушан гүлі гүлсауытта тағы жайнап тұрады. Есікті ашар-ашпастан бұрқ ете қалған нәзік те өткір жұпар Қарлығаштың жанжүрегін аймалап өтеді. 

Өзбек жігіті бөлмеге қалай кіретін болды екен? Әлде қонақүйде танысы бар ма? Гүлді ішке енгізуді содан өтінетін шығар. 

Бірде жігіттен мұның сырын сұрап көрген. Ол қуақылана жымиып: «Фирманың құпиясы!» дей салған. 

Ақыры Қарлығаш гүлді терезеден лақтырудың пайдасыз екенін түсінді. Одан да әр түн сайын раушан жұпарынан ләзат тапқаным жөн деп шешті. Дәп сол хош иіс өзінің бар ғұмырына сіңіп қаларын білген жоқ. 

Неге екені белгісіз, күйіп-жанып үздігіп тұрған жас жігітті Қарлығаш кеудеден итермеді. Әрекетін мақұл көріп, құшағын да жаймады. Қашықтық сақтап, ілтипат білдіріп қана жүріп алды. Жігіт осыған да риза еді.

Қарлығаш елге қайтарда: 

 - Саған күн сайын, түскі сағат бір жарымда қоңырау шалам – деді, нық сеніммен.

 - Күнде ме?

 - Күнде!

- Сосын не болады?

- Сосын көреміз не болатынын.

 - Көрсек көрейік, қашанға дейін қоңырау шаларыңды! – деп Қарлығаш жігітке сынай қарады. Айта бересің де, екі күннен кейін бәрін ұмытып кетерсің деген ойын ішке бүгіп қалды. Әйтседе өзбек жігітіне қызмет телефонын қалдырып кетті. 

Ол кезде ұялы телефон деген атымен жоқ. Үй телефонын беруге біртүрлі қаймықты. Күйеуі, балалары білсе өлім ғой! 

Несіне қуыстанғанын өзі білсеші. Жігіт пен екеуінің арасында бүлініп кетердей ештеңе болмағаны Құдайға аян. Өліп-талып, үздігіп жүрген ана жігіт, бұрын-соңды кездестірмеген қылықты қызықтағаннан басқа мұның түгі де кеткен жоқ. Телефон нөмірін бергенде тұрған не бар. 

Тура түскі бір жарымда кабинеттегі қара телефон безектеп қоя берді. Қарлығаш шыр еткен дыбыстан селк ете түсті. Кабинетте өзінен басқа ешкім жоқ болатын. 

Шынымен сол болды ма екен?! Түскі үзіліс болғаны мұндай абырой болар ма!

Қарлығаштың қолы дірілдеп, телефонның құлағын көтере беріп, ар жақтан естілген жігерлі қоңыр дауыстан жаны жадырап сала берді. Сол екен! «Періштем!» деген сөзді одан басқа кім айтар дейсің. Дәл өзі! 

Аттай тулай жөнелген жүрек дүрсілі құлағына естіліп тұрды. Телефонның арғы жағынан жеткен раушан гүлінің бұрқыраған нәзік хош иісі біраздан соң бүткіл бөлмені жайлап кетті...

 Уақыт жылжып өте берді. Телефон шылдырлауын тоқтатқан емес. Еркелете аймалаған қоңыр барқыт дауыс, жан тербеген жұпар сезім, жүрек тебірентерлік тәтті теңеулер Қарлығаштың көңілінде түйін боп тұрып алған «Шынымен ғашық па екен?» деген күлімсі күдікті арнасы кепкен арықтың суындай сарқылта берді. Жан дүниесінде өзіне де беймәлім бір өзгеріс пайда болғалы қашан. Әлдеқандай сезім ұшқыны тұтана бастағандай ма, қалай?  

 Жоқ, жоқ, бұлай болмауы тиіс! 

 Қарлығаш тұла бойын билеген жағымсыз үрейдің құрсауынан құтыла алар емес. Өзін тапа-тал түсте қораға түскен ұрлықшыдай сезінеді. Дәп осы тұрғанда біреу қылмысының үстінен түсетіндей, әп-сәтте бетінің ұшы дуылдай жөнеледі. Жүре келе үдей түскен беймаза ойдан жанын қоярға жер таппай далбасалап қалды. Не жанбайтын, не сөнбейтін шоқ сезім бір сәт жүрек тұсын қарып түсіп, көлдіретіп жүре береді.  

 Түскі үзіліс жақындай бастаған сәтте Қарлығаштың кеудесінде қараптан-қарап, әне-міне тесіп жіберердей сұрапыл дүрсіл пайда болады. Кәдімгі тұлпар тұяғының дүрсілі дерсің! Әкем-ау, бұл нағылған бітпейтін дүрсіл өзі! Жүрек сырқатына шалдыққаннан сау ма? Тексерілуі керек шығар. Әне, тағы да екі беті нарттай қызарып, жанып барады! Біреу байқап қалмаса игі еді!

 Бір минут ары да емес, бері де емес, тура бір жарым болғанда телефонның арғы жағынан раушан гүлінің жұпары аңқып қоя береді... Күнде солай.

***

 Ұшы-қиыры жоқ, шексіз, шетсіз әлем сахнасы бір сәтте өзгеріп сала берген. Жиырма үш жасар өзбек жігітінің жанында мына жарық дүниедегі бар тіршілік түкке тұрғысыз, мәні де құны да жоқ еді. Жалғанның бар ғажабы тек қана соның қоңырсалқын үніне, майда жібек сөзіне ұялағандай. Қарлығаштың жаны мен тәні, ерік-жігері, назары, ой-пайымы бір ғана бағытқа – Ташкентке ауды. Соны ғана көрді, соған ғана тәнті болды, соған ғана риясыз сенді. Соның ғана аласапыран сезімінен боранды күнгі бұрқасындай қуатты күш бұрқырап тұрды.

 Бірде азап, бірде рахат шегіп, жан арпалысына тұншыққан минуттар сағаттарға,  күндер айларға жалғасып жатты. Не ауру емес, не сау емес. Екі ортада делсал күй кешіп жүріп алған. Ішіне бүккен сағынышы кеудесін тесіп барады. Раушан гүлінің хош иісін аңсап, бір нүктеге ұзақ қадалып, үнсіз отыратынды шығарды. Қалай ғана түсті бұл күйге? Түсінсе бұйырмасын! Уақыт өткен сайын саябырсудың орнына өрши түскен күйдіргі сезімнен жынданып кетпесе болғаны. 

 Әшейінде төрде ілініп тұратын домбыраны көп қолға ала бермейтін. Кейінгі кезде жиі бебеулететін болды. Пернені бойлай аласұрған нәзік саусақтары жанұшыра жоғын іздейтіндей. Сазды әуен өзінен-өзі төгіле береді. Әбден құмарынан шыққанда барып, бір түрлі мұңайып, тұңғиық ойға батып, тағы да отырып қалады. 

 Көкірегі қарс айырылып, толқи береді. Қарлығашты соншама бейшара күйге түсірген осынау сиқыр сезім неткен қатал еді! Жақындарының арасында жүріп жалғызсырағаннан, жабырқағаннан өткен азап бар ма! Бұл күйден құтыла ала ма, жоқ па? Қайда қашып тығылса екен? Кімге барып мұң шақпақ? Сырын сарқа ақтаратын жан табыла қояр ма? Адам түгіл ауаға сыр ашудан именеді. Жүрексіз қоғам түсінер деймісің мұның күнаһар сезімін. Таспен атқылап өлтірер. Жоқ, оданда осылай, жан баласына жақ ашпастан жүре бергені дұрыс. Құсадан өлген жанның моласын көрген жоқ. Қала берді жердегі тіршілік иесіне бұйырмаған, жанжүрегіндегі сондай тәтті, сондай ғажап, ғарыштық сезімді адам түгіл күн сәулесінен де қызғанатыны өзіне ғана мәлім. Еш уақытта сөнбесе екен сол сезім! Мейлі, өртесе өртей берсін! Өлгенше өртесін! Шыдайды! Тек, өшпесін! Үнемі өзімен бірге болсын! Кімнің ішкі әлеміндегі алай-түлей дауылды кім көріп-біліп жатыр? Ешкімнің бақшасына түспесе, ешкімге зияны тимесе, Қарлығашта кімнің қандай шаруасы бар? Өзіне ғана тән тәтті әлемінде, өзі ғана қайнап-тасып жүре берем деп түйген ол. Бәрібір бар болмысын билеген құдіретті сезім жалынын мұхит суын сепсе де ешкім өшіре алмайды. 

 Енді бір сәт онсыз да жаралы жүрегінің қанын сілбіретіп, осып-осып өтетін ар-ұятының семсерінен қорғана алмай қалады. Неменесін күлбілтелейді, күнаһар екені рас қой! Некедегі әйелдің күні-түні бөтен еркекті ойлауы күнә емей немене? Тіпті, ешкім білмей-ақ қойсын делік. Өмір бойы құпия сақтап өтсін, мейлі. Бәрібір күнә! Жарының алдындағы адал ниетті, пәк пиғылды тәрк еткен күнә! Ақталуға еш себеп жоқ! 

 Адам табиғаты – құпия, сезімнің қатпар-қалтарыстары одан өткен күрделі, ақыл жетпес құбылыс екен-ау!  

  Әйелінің домбыраға ерекше ықыласы ауғанын көріп жүрген күйеуі: «Біздің Қарлығаштың ұйықтап жатқан қабілеті қайта оянды!» деп, мәз. 

 Бұл болса, жұбайынан әлдеқашан суынып кеткен, ол бұған мүлдем керек емес, тіпті жиіркенішті! Түн баласы бөтен адаммен төсектес болғандай азапты күй кешеді. Бөтен жанды «иемденудің» өзі ер мен әйел арасындағы пәк сезім мен тәнтіліктің жібек пердесін сыпырып тастайды екен. Әр түннен соң жұбайы ішіндегі шырынын ішіп тастаған бос қалбырға айналады. Оның орнында жай ғана жыныстық, хайуани нәпсі ғана қалады. Ал мұның нәзік тебіреніске толы сұлу сезімі тұтана алмай, бейшара кейіпте булыққан күйі үнсіз сөне береді. Жарының ыстық демін сезініп, құшағының жалынын, ернінің бал дәмін тата алмаған әйел не деген сорлы еді! Жапырағы солған раушан гүлінің бастапқы сұлу табиғаты қалпына келмейді екен. Хош жұпары да жоғалып кетеді екен.

 Іссапарда жүргенде бұған бәрі ойын секілді көрінген. Тәкаппар көңіл өзбек жігітін өзіне тең көрмегені де рас. Оның үстіне ол бұдан көп кіші. Бала ғой. Оның үздіккен сөздерін таңдана қызықтағаны болмаса, білегінен де ұстатқан емес. Одан алыстағанда барып, белгісіз сезімнің шырмауына шатылғанын бірақ білген. Шатылғанда да оңбай шатылды! Құдды анау дуалап жібергендей. Адам сезімінде де мұндай аярлық болатынын психологтар ғана білетін болар-ау! 

 Қол жетім жерде тұрған екі ғарыштық сезім бір сәтке түйіскенде ғаламат гармония орнап, дүлдүл дүние мың құлпырып шыға келетінін сезінуден өткен бақыт бар ма екен! Сол мезет баяғының бекзадалары мен бикелерінің арасындағы аңыз-ертегілер осы күннің шындығына айналып кетеді. Түс уақтысының бірер-жарым сағаты қаншалықты қысқа болса, қуаты соншалықты құдіретті әлгі тәтті сезімдер соңыра екіге айырылып, көктегі күн секілді бір-бірінен алыстай береді. Күн көкжиектен көтерілген сайын ыстығы күйдіре түседі. 

***

 Құланның қасынуына шүріппенің басуы дөп келді...  

 Қарлығаш Бауыржан екеуі студент кезінде біраз уақыт қыз-жігіт боп бір жүргені бар. Көп ұзамай қыз оны тастап кеткен. Алғашқы махабатының менсінбей кеткеніне күйінген Бауыржан өзін өлердей сүйген басқа бір қызбен дереу-ақ табысып кетті. Онымен оншақты жылдай достасып жүріп, оның да ақыры баянсыз болыпты. Одан кейін қанша қыздың артынан жүгіргені бір Құдайға аян. Қазіргі жарымен де бақытты боп жарытқаны шамалы деседі. Бозбала күнгі махаббатын ұмыта алмай, өмір бойы азап жүгін арқалап өтудің жүрекке қаншама салмақ түсіретінін басқа-басқа, Қарлығаш жақсы түсінеді. Басында бар. Енді міне, Павлодарға кезекті іссапарында сол Бауыржанмен күтпеген жерден кездесіп қалды.  

...Қарлығаш көптен отқа айналып, өртеп тұрып алған өз сезіміне осылайша су сепкісі келді ме екен? Әлде балғын шағында өзіне ғашық болып, әлі сол азаптан арыла алмай жүрген ескі танысын аяды ма? Жылдар бойы қан қақсаған жаралы жүрек азабының өтеуі болсын деді ме екен? Әлде білдей азаматтың ұлы махаббатын дер кезінде бағаламағаны үшін өзін осылай жазалағысы келді ме? Әйтеуір сол түні ол ескі танысының өлердей өтініп сұраған тілегін орындауға бел буды. Өз жүрегін өртеген өзбек жігітімен өткізуге батылы бармаған бір түнді Бауыржанмен өткізуге қалай тәуекел еткені өзіне де түсініксіз. 

 ...Қарлығаш Бауыржанның тәніне өзбек жігітінің болмысын оп-оңай орналастыра қойған. Сол-ақ екен, раушан гүлінің жұпары аңқып қоя берді. 

 ...Ол ештеңені көргісі де, білгісі де, естігісі де келмеді. Санасында өзінің және өзбек жігітің бейнесі ғана. Екеуі бір тәнге айналған. Мынау байтақ әлемде екеуі ғана екенін сезіну үшін шалажансар күйде балқып жатқан сол бір қас-қағым сәт пен әлдебір кеңістіктен аңқып тұрған раушан гүлінің хош исі жеткілікті еді. Дүлдүл дүние мың құбылып, жұмақта ғана болатын сазды әуен құйқылжып тұрды! Дәп осындай бақытты сәтті Қарлығаш еш қашан  бастан кешкен емес! Ғашығының от құшағында, осынау сұрапыл сезімнің жалынына өртеніп өліп кеткісі келді! Біраздан соң Қарлығаштың жаны да, тәні де өртеніп, күлі ғана қалды.  

***

 Содан бері талай жылдар өтіп, талай сулар ақты. Самайды ақ шалды. Сонда да сол күнаһар түн Қарлығаштың ойынан кетер емес. Раушан гүлінің жұпарын да еш ұмытқан жоқ. Кешеден бері көңілі теңіздей толқи береді. 

 Серуен жолын селдір мұнар торлаған. Айнала төгіліп жатқан алтын жапырақтар күз маусымының сарыала салтанатын айшықтай түскендей. Өктем мезгілдің «басқыншы» пиғылына дес бермей, нөпір жапырақтың арасынан бұлқына қылтиған бір шөкім балғын майса Қарлығаштың көзіне оттай басылды. Құдды бір уақыт үстемдігін мойындамаған кәрі тіршіліктің сәл ғана сәтке жасара түрленетін жылымшы үмітіндей. Қураған шөптің арсынан қылтиған жасыл жапырақтарға қонақтаған жақұт тамшылар сәулелене мөл-мөлт етеді.

Бір тамшы көздің жасындай...

Мөп-мөлдір мұңын жасырмай...

Табиғат тектес мінезім,

Менің де күйім осындай! – деп күбірлей берді Қарлығаш.

Гүлмәрия Барманбекова

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...