Шаштараз мұғалімнің шашын қиып жатыр.- Осы неге бізде білім сапасы жыл өткен сайын нашарлап бара жат...
КЕНЖЕ ЖҰМАНҰЛЫ, «АЛТЫН ҚАЛАМ» ӘДЕБИ ЖҮЛДЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ ҚОРЖЫНЫ МОЛАЯ ТҮСПЕК
– Елімізге танымал «Алтын қалам» әдеби жүлдесі биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Елге айтар жағымды жаңалықтарыңыз бар секілді. Олай болса, әңгімеңіздің әлқиссасын жамағатқа жаңа маусымның жылы жаңалығын айтудан бастағаныңыз жөн болар еді.
– Балалар жазушыларына арналған Халықаралық «Дарабоз» байқауы биыл алғаш рет «Алтын қалам» әдеби жүлдесі аясында өтеді. Бұған дейін 11 жыл қатарынан ұйымдастырылып келген байқау жаңа қалыпқа көшірілді. Сайысқа қатысып жатқан жұмыстарды оқырмандар бағалайды. Барлық шығарма жүлденің ресми сайтына орналастырылады. Енді балалар шығармасымен айналысып жүрген қаламгерлер өз шығармаларын akalam.kz сайтына жібере отырып, конкурсқа қатыса алады. «Дарабоз» байқауын қанатының астына алуы – «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастырушыларға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл сайыс қаламгерлерге де оңай соқпайды. Өйткені үздік шығармада қазақтың қара домалақтарының болмысы, іс-әрекеті, мінез ерекшелігі, қиялы, арманы барынша көрсетілуі тиіс. Бұл аталым бойынша бір ғана жеңімпаз жарияланады. Үздік туынды авторына жобаның серіктесі ZHERSU инвестициялық-өндірістік корпорациясы 1 000 000 теңге тағайындады және балаларға арналған үздік шығармалардың жинағын шығарады. Сонымен қатар биыл Есенқұл Маманұлы атындағы сыйлық жарияланды. Бұл сыйлықтың иегеріне де 1 000 000 теңге беріледі. Тағы бір айта кететін жаңалығымыз, жақында ғана Алматыда өткен баспасөз маслихатында конкурс сайтының таныстырылымы өтті. Жүлденің ресми сайтының атауы ғана қалып, интерфейсі өзгертілді, мүмкіндігі артты. Сонымен қатар сайттың мобильдік нұсқасы жасалды. Енді кез келген адам біздің сайтты ұялы телефон арқылы көріп, дауыс бере алады. Қазір отандастарымыздың дені смартфон пайдаланатынын ескеріп, көптен ойымызда жүрген істі жүзеге асырдық.
– Әдеби жүлде былтыр Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тақырыбымен ұйымдастырылды. Биыл қай тақырыпқа басымдық беріп отырсыздар?
– Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толып отыр. Қазақ жерінде бір ғасыр бұрын болған тарихи оқиғаны ел есінде жаңғырту мақсатында шараны айтулы датаға орайластырдық. «Алашордаға – 100 жыл!» деген арнайы аталым жария етілді. Атауы осылай болғанымен, авторлар Алаш қозғалысы ғана емес, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы туралы, қазақтың басынан өткен нәубет, халқымыздың батырлары туралы, яғни қазақ тарихына қатысты жазылған кез келген жұмыс қабылдана береді. Үздік деп танылған шығарманың авторы 1 000 000 теңге сыйақы алады. Жарияланған Есенқұл Маманұлы атындағы сыйлық биыл «Алашордаға – 100 жыл!» тақырыбында жазылған үздік әдеби туындыға беріледі. Есенқұл Маманұлының кім екенін көзі қарақты оқырмандар біледі. Алаштың біртуар азаматы жайлы айта кетсек, ол – қазақтан шыққан алғашқы кәсіпкер-ағартушылардың бірі. Жастайынан өжет, еркін, бастаған ісін жарты жолда қалдармайтын табанды болып өскен. 1907 жылы қажылық сапармен Меккеге барып қайтқан. Ағалары Тұрысбек, Сейітбаттал бастаған ағартушылық-кәсіпкерлік істі жалғастырып, жаңа тұрпаттағы мектеп ашуды қолға алған. Жетісу өңіріне белгілі өнер-білім ошағы – «Мамания» мектебінің қалыптасуы, оның даму тарихы Есенқұл есімімен тікелей байланысты. Ол ел ішінен қаржы жинап, Түркия, Польша және Ресейде оқып жүрген қазақ студенттеріне жәрдемақы төлеуді ұйымдастырған. Сондай-ақ қаржы тапшылығынан жабылып қалу қаупі төнген «Қазақ» газетіне Есенқұлдың басшылығымен қаржылай көмек берілген. Әсіресе, ол 1913 жылы халықтың өмірін шынайы бейнелеген қазақ романдарына бәйге жариялап, қомақты жүлде белгіледі. Сол уақытта Есенқұлдың меценаттық бастамасын М.Сералин, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, т.б. ұлт зиялылары азаматтық ерлік, көпшілікке өнеге ретінде бағалады. Есенқұл Маманұлының осындай игі бастамаларын бүгінгі таңда жалғастырып жатқан қазақ азаматтарына айтар алғысымыз мол. Елінің гүлденгенін, халқының өсіп-өнгенін тілеген осындай жақсы жігіттердің бірі Бауыржан Оспанов биыл Есенқұл Маманұлы атындағы дәстүрлі сыйлықты жариялады. Бұл сыйлық жыл сайын беріледі.
– Байқаудың сайтын ашып қарағанымызда «Шетелдің үздік авторы» деген жаңа аталымды көзіміз шалып қалды. Бұл басқа мемлекетте тұратын авторлар арасындағы сайыс па?
– Иә, бұл аталымда тек шетел қаламгерлері бақ сынайды. Біздің жүлдеге республикамыздан тыс жерлерде тұратын авторлар көптен бері қатысып келеді. Мысалы, былтыр АҚШ, Израиль, Ресей, Малайзия, Қырғызстан, Украина, Чехия, Өзбекстан секілді әлемнің 8 елінен авторлар өз туындыларын жолдады. «Алтын қалам» туралы ғаламтордан біліп, өтініштерін жолдаған екен. Бұл қаламгерлердің көбісі – өткен ғасырдың 90-жылдары, 2000 жылдың басында шекара асып, басқа елге біржола қоныс аударған отандастарымыз және ТМД елдерінде туып-өскен азаматтар. 2011 жылы «Шетел авторларының үздік шығармасы» аталымын алғаш енгізгенбіз. Мұндай қадамға ойламаған жерден бардық. Өйткені шетелде тұратын қаламгерлер де «Алтын қаламға» қызығушылық танытып, шығармаларын жіберген. Оларды ескерусіз қалдырмау үшін арнайы аталым енгізгенбіз. Сол жылы «Шетел авторларының үздік шығармасы» аталымы бойынша молдовалық Вика Чембарцеева және ресейлік Роман Рубанов марапатталды. Мұнан кейін өзге елден жолданған жұмыстардан бас тарттық. Өйткені біздің мақсатымыз – қазақ әдебиетіне жұрт назарын аудару, заманауи шығармаларды, жаңа авторларды оқырманға таныстыру. Әрине, шетелдегі қандастарымыз да бәйгемізге қатысса, аса қуанар едік. Сонда жат жердегі қазақ әдебиетінің аяқ алысымен, даму барысымен танысуға мүмкіндік туар еді. Қазір шетелде аз да болса қазақ кітаптары жарық көріп жатыр, өкінішке қарай солармен жіті таныса алмай отырмыз. Дегенмен биыл өзге елде тұратын қаламгерлердің өтініші бойынша «Шетелдің үздік авторы» деген жаңа аталымды жарияладық. Қазірдің өзінде Украина, АҚШ және Германия азаматтарынан әдеби туындылар келіп түсті. Сондай-ақ бізге аударма материалдарды жібергендер, көркем аудармаға арналған жаңа аталымды жариялауымызды сұрағандар бар. Әзірге, өзге тілден қазақшаға немесе қазақшадан өзге тілге аударылған әдеби шығармаларды қабылдап жатқанымыз жоқ. «Алтын қалам» бірнеше әдеби жанрдың басын біріктіріп отыр. Егер өзге сайыстар бір жанрмен ғана шектелсе, біз назар аударуды қажет ететін бірнеше әдеби саланы қамтып отырмыз. Олардың қатарында проза, поэмадан басқа, драматургия, сатира, фантастика, детектив, киносценарий және басқа аталымдар бар.
– Бәйгеге кімдер қатыса алады, шығармалар қай уақытқа дейін қабылданады?
– Қаламгерлерден шығармаларды қыркүйек айының 15-іне дейін қабылдаймыз. Дауыс беру қыркүйек айының 30-ына дейін жалғасады. Соңынан түскен шығармалармен оқырмандар және қазылар алқасы танысып үлгеруі үшін қосымша 15 күн уақыт берілген. Байқау үш кезеңнен тұрады. Алғашқысында оқырмандар дауыс береді. Ең көп ұпай жинаған шығармалар келесі кезеңге өтеді. Екінші турда қазылар үздік жұмыстарды таңдап, сыйлыққа үміткердің қысқа тізімін жасайды. Ең соңында әр жанр бойынша қысқа тізімге енген 5 шығарманың біреуі ғана жеңімпаз атанады. Байқаудың тағы бір ерекшелігі, авторлардың аты-жөні көрсетілмейді. Оқырмандар авторға емес, тек әдеби туындыға дауыс беруі тиіс. Сондай-ақ өзіне ұнаған жұмысқа пікір білдіре алады. Жеңімпаздарды марапаттау шарасын қазан айына жоспарлап отырмыз. «Алтын қаламға» кез келген адам тегін қатыса алады. Үміткердің мамандығына, жасына, мекенжайына, шығармасының көлеміне шектеу қойылмайды. Тек жолданған жұмыстар байқау шарттарына сәйкес келуі тиіс. Барлық шығарма электрондық нұсқада қабылданады. Қатысушылар жазған дүниесін adebiet2014@gmail.com немесе kenze2002@mail.ru электрондық мекенжайына жөнелтуі керек. Келіп түскен шығармаларды сайт әкімшісі қарап шығып, akalam.kz әдеби порталына орналастырады. Сол сәттен шығармаға дауыс беру басталады. Ескерте кететін жайт, авторлар шығармаларын сайтқа жолдағанда міндетті түрде аты-жөнін, электрондық мекенжайын көрсетуі керек. Бұл деректер толық болмаса, байқауға қатыстырылмайды. Автор жайлы деректер (мекенжайы, өмірбаяны, байланыс телефоны) тек сайт әкімшісінің мұрағатында сақталады және сайтта жарияланбайды. Байқауға бұрын қатысқан қаламгердің екінші рет бақ сынауына рұқсат етілген. «Алтын қалам» иегерлері де жаңа туындыларын жолдап, көппен бірге тағы бақ сынай алады.
– Биыл «Алтын қалам» жүлдесі неліктен жылдағыдан ерте жарияланды?
– «Алаш қозғалысының 100 жылдығына» байланысты әдеттегіден ерте бастауға тура келді. Авторлар осы тақырыпта жазылған еңбектерін саралауға, толықтыруға немесе жаңа дүние жазып шығуға үлгеруі үшін өткен жылдардағыдай мамыр айында емес, ақпан айында бастап жібердік. Биыл сондай-ақ «Жылдың үздік сатирасы» аталымына қазақ сатиригі Есенжол Домбаев атындағы сыйлық беріледі. Айта кетейік, былтыр жылдың үздік романы атанған қаламгер Тұрысбек Сәукетаевтың «Мен жындымын» шығармасы өткен айда жеке кітап болып шықты. Еліміздің ірі қалаларындағы кітап дүкендерінде сатылып жатыр. Оның алдында «Алтын қаламның» қолдауымен «Аруна» баспасынан Тұмар Мүкештегінің балаларға арналған «Шимай-шатпақ» кітабы жарық көрді. Байқасаңыз, біз әдеби жүлде ұйымдастырып қана қоймай, әдеби агенттің қызметін де атқарып отырмыз. Бәйге арқылы жақсы авторлар тауып, олардың шығармаларын баспадан шығарып, көпшілікке ұсынып жатырмыз. Бұл сала көрші Ресейде 2000 жылдары басталып, қазір жақсы дамып келеді. Қазақстанда әдеби агенттің қызметіне жүгініп жатқан авторлар санаулы-ақ. Оның өзі орыс тілінде жазатын қаламгерлер. «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» деген сөз бар емес пе?! Біз де болашақта қазақтың үздік туындыларын шет тіліне аударып, жаңа әдебиетімізді әлемге кеңінен насихаттауды армандаймыз.
«Алтын қалам» әдеби жүлдесінің бас серіктесі Бауыржан Оспанов жетекшілік ететін ZHERSU инвестициялық-өндірістік корпорациясына, бас ақпараттық серіктесіміз «Русское радио» ұжымына, сондай-ақ КТК, 31 телеарнаға, «Айқын», «Жас Алаш» басылымдарына, Қазақстан баспасөз клубына қолдау көрсеткені үшін алғысымызды айтамыз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ
www.aikyn.kz