Аскерхан АҚТАЙ - ақын, драматург. Бірнеше реткі республикалық мүшәйраларының жүлдегері. «Сүмбі...
Ақын Ақсұңқар Ақынбабаның Анна Ахматовадан жасаған аудармалары
Ақын, талантты аудармашы Ақсұңқар АҚЫНБАБА қазақ әдебиетіндегі аударма саласына көп жылдардан бері еңбек етіп келеді. Классикалық орыс поэзиясының «күміс ғасыр ақындары» атанған Анна АХМАТОВА, Марина ЦВЕТАЕВА, «орыс поэзиясының жауһары» Белла АХМАДУЛИНА тағы басқа әлемдік поэзияда мәңгілік ізін қалдырған бірегей ақындардан жасаған тәржімалары қазақ поэзиясының аударма саласына қосылған іргелі үлес болып қалары сөзсіз.
Назарларыңызға ақынның Анна АХМАТОВАДАН жасаған аудармаларын ұсынамыз.
Анна АХМАТОВА
«АҚТАЛАДЫ БІЗДЕР ТӨККЕН АУЫР ЖАС»
Бәрі маған үйіп-төгіп ант берген:
Тәтті түске шомдыруға түнімен,
Әперем деп Күн мен Айды, бақты ерен,
Көк аспанды, қызыл, сары күнімен,
Жасылорай орманды да тұнған бақ,
Тау өзенін сарқыраған жолымда,
Және шойын дуалдағы дуадақ,
Құс біткенді қондырам деп қолыма.
Амалым жоқ еді сонда сенбеуге,
Соның бәрі боларына, кезінде.
Тасты-құзды соқпақтармен өрлеуге,
Тау бөктерлеп бара жатқан кезімде...
Қазан 1916, Севастополь.
***
Қаншама жыл күттім бекер тек сені,
Жас өмірді өткізіп құр мүлгумен.
Бірақ, қайта жанып кенет өшкенім,
Қайта оянып сенің тәтті үніңмен,
Құлап қайта тұрды тәнім, жаным да-
Күлімсіреп шыққаныңда алдымнан.
Ал, көшеде нөпір барад ағылып,
Тәу етуге дәргейіне Тәңірдің!
Жұбататын жүректердің зар,мұңын,
Қоңыраудың сырлы үніне жан жылып,
Қоңыр самал тербеп өтті жалынын,
Шағылысып нәзік мұзы сәуірдің.
Аппақ гүлдер қойылып кең үстелге,
Бокал толы қызыл шарап келгенін,
Таңсәрімен көргендей боп кенелдім.
Саусақтарым -
Тамған сары балауыз,
Сүйген кезде безіп бойдан әл,дегбір,
Ойнақшып қан, тауып мұңнан жан байыз,
Есім шыққан таңғажайып халге ендім.
1916
***
Арқалаттың
Өміріме балауса,
Қаншама азап
Төсеп қойған жолына.
Арып-ашқан
Сезімімді қалайша,
Алып барам
Байлығыңның алдына?
Даңқ жайлы
Тағдыр әнін салады,
Жарамсақ үн,
Тым ұзақ.
О, Тәңірім,
Қарау құлың налалы,
Қуанбаймын күн ұзақ.
Жұмаққа да,
Тозаққа да
Безенген,
Гүл де,
Күл де
Алып кіре алмаймын,
Жауаптымын әр нәрсеге-
Кез-келген,
Бұ дүниеде барлығына алаңмын!
19 желтоқсан 1912
***
Мен олармен бірге емеспін, кім егер,
Жауларымның талауына тастаса.
Дөрекі әнін жарамсақтың тілемен,
Өз әнімді бере алмаймын ешқашан.
Мылқау өрттің сасық иісі, ал, мұнда,
Жастық шақтың қалдығын да жоқ қылған.
Қабылдадық қарасын да, ағын да,
Бас тартпадық біздер ешбір соққыдан.
Шын бағасын берген кезде кешірек,
Ақталады біздер төккен ауыр жас.
Бұл әлемде бізден асқақ ешкім жоқ,
Және біздей шыдамды жан табылмас.
1922
***
Үстелдегі сағат тілі ымыртты,
Көрсетіп тұр. Ал, ақ қағаз тынымсыз.
Бұршақ иісі жылы лебін жүгіртті,
Ай астында құстар ұшып жүр үнсіз.
Түнге қарай шашымды өрем тастай ғып,
Ертең оның болатындай қажеті.
Терезеден қарап тұрмын, теңізге,
Енді қайта мұңайтпастай өзекті.
Өтінбейтін мейірімді аңсаған,
Адам қалай билік ете алады!
Көтере алман ғасырымды шаршаған,
Айтқан кезде ол есімімді налалы.
1913
***
Бәрі әдіра: махаббат та, қуат та,
Тасталған тән жем боп қатал қалаға.
Қуанбаймын күнге де,
Сеземін тек, бірақ та,
Ыстық қаным суынғанын наладан.
Танымаймын шаттық -Муза досымды,
Қарайды ол үн шығармай. Неге де?
Дөңгелетіп, иіп әкеп басымды,
Тіреп қойған арып-ашқан кеудеме.
Тәнті болып ұлылыққа құзырлы,
Ар сұрағы мазалайды тек енді.
Жауап қаттым, жауып тұрып жүзімді:
Жылағым да, ақталғым да жоқ тегі.
1916 Севастополь
***
Қош айтысу қолымыздан келмейді,
Қаңғырамыз иықтасып көңілсіз,
Кешкі ымыртқа үнсіз батып барамыз,
Сен ойланып, мен үнсіз.
Шіркеу барып, көзімізбен өткеріп:
Дұға,
Тәжім,
Некелердің мәресін,
Сыртқа шықтық,
Үнсіздікпен шектеліп,
Неге бізде керісінше бәрі осы?
Жеңіл дем ап қабірлердің басында,
Мамық қарда отырайық немесе,
Екеуіміз мәңгі бірге болатын,
Бір шатырды сызып жаттың сен кеше.
1917 Петербург
***
Қонақ
Бұрынғыдай барлығы:
Асхананың терезесін тынымсыз,
Ұрғылап қар жапалақтап жауды кеп.
Мен өзім де жаңа емеспін, тұрды үнсіз,
Бір бейтаныс маған қарай жақын кеп.
«Не қалайсың?»-болды алғашқы сауалым,
«Сізбен бірге болу!»- деді тозақта.
Құрғап қалған саусақтарын ақырын,
Былай деді ол,
Созып тұрып гүлдерге:
«Сені қалай сүюші еді жарқыным,
Қалай және сүюші едің түндерде?».
Сақинама жанарымен жылусыз,
Ұзақ қарап тұрды сосын көз алмай.
Әлемтапырық бет жүзінен қыбырсыз,
Тұрдым ешбір тірлік иісін сезе алмай.
Білдім, оған қажетсізін ешненің,
Қарсыласар менде де оған күш жоғын.
1 қаңтар 1914
***
Жұлдыз жаққа мәңгі сіңіп кеткен от,
Солар еді жан-тәнімнің дауасы,
Жоғалтпайсың енді ешкімді неткен бақ,
Қанғаныңша жыла жаным жаралы,
Ханшатырдың ауасы,
Қайта жырлап, шырқау үшін жаралды.
Күмістелген сырға талдар жағаны,
Ұрғылайды қыркүйектің желі өпкен,
Орынынан көтеріліп,
Баяғы-
Маған қарай келе жатыр көлеңкем.
Бұтақтарда жыр жолдары асылған,
Менің де онда орыным бар сияқты.
Мына жаңбыр нұр боп жауған тамшы ән,
Қуанышты хат келгендей жұбатты.
1921
***
Жұбатардай келдің мені бейнебір,
Әлемдегі ең қадірлім,
Орынымнан тұратын жоқ менде әлім,
Терезеде айқұш-ұйқыш сол шарбақ.
Өлігімнің түсетіндей үстінен,
Әкелгенің сұрқы қашқан бір тал гүл.
Сенің күлкің ауыртады жүректі,
Мұңлы, сырлы түстенген.
Өлімшімін, бірақ, оның мәні не?
Тағы бірге болмақ болсаң кешкірім.
Саған және кімді сүйсең бәріне,
Мен Құдайдан сұрар едім кешірім.
***
Бағынам ба?
Саған?
Денің сау ма өзі?
Құдай ғана бағынарым, білемін.
Қажеті жоқ енді дерттің қан көзі,
Күйеу - жендет,түрме маған үйі оның.
Көріп тұрсың, келдім, бірақ мен өзім,
Желтоқсанның тоңдырады сызы өтіп.
Еркіңнен тыс ашық еді күн көзі,
Терезені тұрды түнек күзетіп.
Сілкіп алып ақ қанатын қан бөккен,
Бар күшімен қарсыласар желқұзға,
Құстар солай соқтығысып әйнекпен.
Енді ғана тынышталды өзегім,
Хош бол, жаным, менің мәңгі сүйіктім,
Енгізгенің үшін мендей кезбені.
1921
***
Қанды кештің қанды көзі есімде,
Мен оларды жеңе алмаймын қалайда.
Сабырлы бол шешімге-
Сен еркексің әрі жаусың оларға,
Келгісі жоқ қайғыға ол көмекке,
Дұға етсе кім, болады сол кедергі,
Әр түн сайын үнсіз келіп кенеттен,
Түсіңді кім бұзса ол да кедергі.
Сен емес пе ең кәпірлерді түн қатқан,
Әшкере еткен, үйреткен,
Сен емес пе ең небір сұмдық зұлматтан,
Құтқаруды сұрамаған түнектен!
«Не болғанын мен өзім де білмеймін
Бара жаттым...ажалға ма?
Араша!
Құлап жатып ұмсынып ем,
Күлдей кіл-
Алдымдағы далбасаға балаша.
Көздерінен тамған сәуле тамшысын,
Ар-намыстың жасын іштім сорға мас».
Бәлкім, содан қуатыңның бар күшін,
Біржолата сорып алған соңғы жас.
1922
***
Иен дала сұлап жатыр оңымда,
Ежелгі әлем байтағындай күрең түс,
Бағаналар дар секілді солымда,
Бір, екі, үш...
Үстерінде ұзақ құстың айғайы,
Өңі сынық өлі-тірі Ай дағы,
Ештеңеге емес және пайдалы.
Бұл- майданның бітер шағы сезіңіз,
Бұл- өзіңмен кездесетін кезіміз.
29 сәуір 1944, Ташкент
***
О.Мандельштамға
Мен олармен өмір едім, тірі едім,
Арманда өткен зары олардың қисапсыз,
Қанға батқан біздің жастық күндердің,
Әлсіз қара хабары бұл ынсапсыз.
Сол ауамен,түпсіз терең ішінен,
Кере тыныс алушы едім түндерде,
Сол түндерде қаңыраған, түксиген,
Зарлы айғайың бекер шыққан мүлдеге.
Қалампырдың иісі неткен тәтті еді,
Бір кездері түсіме кеп енетін,-
Эвридика кезген бура өткелді,
Еуропаға шулы ағынмен келетін.
Бұл біздердің көлеңкеміз асылған,
Нева өзенге, Нева өзенге, Неваға,
Бұл Неваның толқындары тасыған,
Бұл жолдама мәңгі өмірге, өлмеуге!
Мынау кілті сондағы ескі пәтердің,
Бұрынғыдай енді сайран салмайтын.
Мынау даусы жұмбақ жырдың, көктемнің,
Табыттағы қонақтарға арнайтын.
1957
***
Римдегі соңғы күн.
Жазылмаған топтаманың ақыры,
Тек жүрекке соғады ауыр көшкенде,
Бұл өмірде көп нәрседен тартындым,
Маған жалпы қажет емес ештеңе,-
Масалардың қарағайы мен үшін,
Өз тілінде сөйлеседі, ұғады,
Көкті жұтқан,-
Көк шалшықта
Егіз шың,
Екі басқа көктемдей боп тұрады.
***
Біз бекерге шеккен жоқпыз бірге азап,
Еш үмітсіз қалғанда да, дауылды,
Ант беріп, дауыс беріп, жыр маздап,
Өмір сүре бердік біздер сабырлы.
Ғибадатқа жаққан шамдай жан-тәнім,
Таза қалу үшін де емес шеккенім,
Мен де бірге табанында тапталдым,
Қан жүктеген қанішер мен бектердің.
Жо-жоқ! Пана іздегем жоқ жат күннен,
Жат қанаттан ту сыртымнан керілген.
Сорыма орай бірге болған халқыммен,
Тағдырыммен бірге болған едім мен.
1961
***
Орыс тілінен тәржімалаған Ақсұңқар АҚЫНБАБА