Кенжеболат Жолдыбай: «Өзіңнен мықтымен достас»

ӘДЕБИЕТ
3833

Халқымызда «Биік тауға шықсаң – көзің ашылады, жақсы адаммен сөйлессең – көңілің ашылады» деген тамаша тәмсіл бар. 



Көсемсөз бен көркемсөздің тізгінін тең ұстап, жемісті еңбек етіп келе жатқан, жазушы-драматург, ғалым, Алаш зерттеушісі, қоғам қайраткері, кемел ойдың, кестелі тілдің иесі Жолтай Жұмат-Әлмашұлы сөйлескен адамын әп-сәтте өзіне үйіріп алатын, мәйекті әңгімесімен матап тастайтын, етек-жеңі кең, жүзінен нұры төгілген мейірімді жан. 


Тек бүгінгідей ұшқыр уақытта сезіміңді тереңдетіп, мерейіңді молайтып, жаныңды шабыттандыратын ерекше жанмен кездесудің сәті түсе бермейтіні қиын. Осыны ескере отырып, сондай-ақ философтардың «Өзіңнен мықтымен достас» деген орынды уәжін қаперге алып, жарты жылдай бұрын әлеуметтік желідегі фейсбукте Жолтаймен достыққа шығудың әрі шығармашылығымен, қазіргі қоғамның дамуына қатысты жеке пікірлерімен күнде болмаса да, реті келіп жатқан тұста танысудың мүмкіндігі туған еді.
Жолтайдың шығармаларын және ФБ парақшасындағы жазбаларын оқи отыра кенен ойларға, философиялық толғамдарға, ұлағат болар сом-сом алтын сөздер кеніне кенелдім, әрбір сөйлемін мінсіз мүсіндейтін, мағыналы ойын дөп түсіретін әр сөзінің астарында ұлан-ғайыр ұлағат ұялап жататынын түйсіндім! Мәселен, 2020 жылы туғанына 1150 жыл толатын іргелі энциклопедист ғалым, ғұлама философ Әбунасыр әл-Фараби туралы жазылған «Отырардың жусаны» атты тарихи - абстракциялы әңгімесінде ұлы бабамыздың өмір жолы алғаш рет тамаша көркем дүние түрінде баяндалады. 


Отырарда туып, тынымсыз ізденістегі білімінің арқасында ақыл-ойдың алыбы атанып, өмірінің сегізінші белесіне таянғанда Халеб шаһарында мәңгіге көз жұмған Әбунасырдың балалық шағы, «білім деген бұйдалы сапарға белді қыл арқанмен тартқандай бекем буа талап қылып», Шаш, Самарқан, Бұхара қалаларында білім нәрімен сусындауы, Отырарға келіп жас шәкірттерді білім әлдиіне орап, оқытпақшы болғаны, осындағы Керім-ай сынды ару қызға деген ынтызарлық сезімі, білген үстіне біле түссем, одан да әрі қазына, үңги түссем деген ниетпен Бағдад шаһарына қоныс аударуы, ақиқат пен әділдік орнықтыру жолында небір ғылыми тайталастарда күрескерлік танытуы аталмыш әңгімеде Жолтайға ғана тән шеберлікпен әрі дәмді де мәнді тілмен әдемі көрініс тапқан. Әңгіме түйіні – ел қадірін, жер қадірін перзенттік жүрек тебіренісімен ұғатын, дарабоз дала тағдырымен жан дүниесі бітісіп, бірігіп кеткен жандар үшін Ұлы Даланың жусаны олардың ең қадірлі де қасиетті тұмары екеніне саяды. «Қас-сақ перзенті біраз уақыт болды, қатты науқас. Сырқаты күннен-күнге меңдеп барады. Төсекте жатып, төбеге көз салған. Көзінің алдынан Отырарда өткен балалық шағы дөңгеленді. – Қайтадан өзіңе орала алмадым ғой, Отырарым-м... Жан қалтасынан бір түп жусанды шығарып, тағы да, бірақ бұл жолы соңғы рет, құшырлана иіскеген»... 


ФБ бетіндегі жазбаларында Жолтай шиыршық атқан құлан жүйріктей, сөз атты кереметтің алыс тартар айқын даңғылына жол ашып, әңгімелерінің денін өзінің сыралғы досы - «Сөз мырзаға» бағыттайды. Сөйтіп, өмірдің мәні мен мағынасын «ойсалар», «сыңар ой», «ойтолғам», «тосын ой», «кертолғау», «кермек сөз», «көңіл толқыны» тәрізді пәлсапалық тұжырымдармен ұтымды түйіндейді. Жалпы алғанда, Жолтайдай зерделі жанның әрбір айтқан сөздері адамды сұлулық пен іңкәрлікке, адалдық пен құштарлыққа, ізгілік пен игілікке үндейді, өреңді өсіріп, көңіліңнің көкжиегін кеңейтеді. 


Драматургия жанрында да Жолтайдың парасат - пайымыңды нығайтып, рухыңды шыңдайтын, жүрегіңді тербеп, қиялыңа қанат байлайтын, шабытты шалқытатын дүниелері баршылық. Бұған таяуда Астана қаласында қойылып, көрермендердің зор ықыласына ие болған, Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» атты жабық конкурста «драматургия» номинациясы бойынша бəйге алған «Қайырымды қаладағы қарлығаштар» атты драма-абстракциясы мен «Мұңмен алысқан адам» атты драма-эллегиясы толық куә бола алады. Бірінші қойылым қайырымды қаланы армандаған – әл-Фараби, иманды қаланы аңсаған –Ахмет Иассауи және көрікті қала салсам деп болашаққа иек артқан хан Абылай сынды бабалардың тілек-ойлары олардың елестері арқылы бейнелесе, екіншісі – өткен ғасырдың 30-жылдарындағы аласапыранда туған топырақты тастап қашқан бір отбасының мұңлы тағдыры арқылы бүкіл қазақ бастан кешкен ауыр жағдайды суреттейді.


Әрине, мен бұл саланың маманы емеспін, Жолтайдың шығармаларын тереңдеп талдау жасауға дәрменім жете бермейді. Дегенмен мен үшін бір нәрсе айқын. Ғұмыр деген қамшының сабындай келте өмірді парықтай білейік десек, біз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының шығармаларын оқуымыз керек, әсіресе ұрпақтарымызға үзбей оқытып, қойылымдарын тұрақты көрсетіп отыруымыз керек.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...