Әлем ақыл-ой, білім мен ғылым негізінде өзгеріп отыратын үлкен орта. Қарқынды даму, заманауй т...
Лира Қоныс. Адам (әңгіме)
...Ол бір іңкәр әлем еді. Жан дүниесін айтамын. Адамдардың мың-мың оңбағандығына көзі жетсе де, оларды жылап тұрып сүйетін. Мен мекен ететін Төле би мен Байзақов көшесінің қиылысындағы жалғыз бөлмелі, жұпыны үйдің қос терезесі аулаға емес, көшеге қараған. Сонысы жақсы, еріккенде әйнектен үңілсең ішің пыса қоймайды. Әудем жерде сауда үйі болғандықтан бұл маң ылғи да ығы-жығы адам. Әдеттегіше екеуміз тиекке асылып, төменге көз салғанбыз. Мен құр тұрмын. Жасырып қайтемін, кейбір әйелдердің сәнді көйлегіне назар салу үшін қараймын ба деймін. Ол да қарауда. Бірақ, басқаша. Адамдарға деген ынтық көңіліне тоят тапқысы келіп үңілетін болса керек. Ғарышта жүрген армандарының жерге қонып, іске аспасын білсе де терезе сыртындағы әлемнен қайыршы көзбен тесіле жақсылық іздейді.
...Көзіне қара көзілдірік ілген, қолында асасы бар жігіт алақанын жайып қайыр сұрауда. Оның жан-жағына сипаланып жүретін кейпі көпке аяныш туғызып, саусағына тиын қыстыратын. Тағы да сол кәсібіне кіріскен. Көрген баққаным осы маң болғандықтан мұнысы жалғандық екенін білемін. Бірде кешкісін ауладағы орындыққа аяқ басқан оның ұялы телефонын әрі-бері шұқылап, әлдекімнің нөміріне хабарласып тілдескенін байқағам. Аз уақыттан соң Әуезов театрындағы комедияның бірінде мәз болып қойылым тамашалап отырғанын көргенімде күдігімнің расына көзім жеткен. Содан бері, апта сайын жер басып жүргенім үшін тастайтын аз ғана садаға-тиынымды оған бермейтін болдым. Дүние есігін ашқанына төрт-бес-ақ ай болған нәрестесі бар, қымбат киімді адам көрсе онысын дереу шымшылап жылатып қайыр бере көр деп зар қақсайтын жасы жиырмаға жете қоймаған тәжік келіншек болушы еді, шешесі үшін емес, сәбиі үшін ендігісін садағамды соған қалдырдым. Бірақ, оны сауда үйінің күзетшілері жиі-жиі қуып жүрді де, бірер жетіден соң біржола қарасын батырды. Біршама уақыт садақа беретін адам іздеп қалдым. Біз күнелтетін аймақта тек қазақ газеттерін сататын дүңгершек бар еді, ендігісін садақаға берер теңгеме қазақша басылым сатып алуға көштім, өйткені, қазақ басылымдарының күні тым қараң ғой... бір тиын болса да себім тие берсін деген ойым болған шығар...
Бұл жердегі кедей адамдардың күні осылай. Ал, байшыкештермен шаруам жоқ. Өзімнің кедейлігіме байланысты олармен тоғыспаймын. Тек, терезеден үңілуден аспаймын. Кенет, екеуміз екі түрлі оймен бақылап тұрған әлем у-шуға толып кетті. Бір әйел байбалам салуда. Аңғарғаным, алаяқтың бірі сөмкесін жымқырған-ау.
- Адамдар таяуда бірінің етін бірі жейтін шығар...
- Олай деме.
Маған жек көре қарады. Ашулы жүзбен. Таң атқаннан қара кешке дейін әуреленіп жасаған қар қаласын әлдекім бұзса сәби қарай ызаланады, ол маған тап солай қадалды. Әдемі қиялының ақ түтегін шығарғаныма ренжіген. Ақталмасам біраз уақыт бұртиып жүруі кәдік.
- Жо-жоқ... Олардың қатыгез сәтін көп көрген соң...
Сөзімді аяқтатқан жоқ. Жігіттен гөрі қызға жарасымды сұқ саусағымен ерінін басқан.
- Тісс-с-с...
Ол сыбырлай сөйледі:
- Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер. Тырнағы қанша батса да батыр дей бергін. Мақұл?
Көңілінің жүйріктігіне өзге түгілім өзі де жете алмай жүретін оған кезіккен сайын өзімнің өмірдегі мың-мың ақымақ тобырдың белгесіз нүктесі екенімді ұғатынмын.
Ол сөмкесінен нан алып уатуға кірісті. Көгершіндерді біздің үйге үйір қылған да сол. Бұл құстар терезенің алдына күнде келеді. Ол араға күн салып келмей қойған кезде құрсақтары сазып, құр-құрлап қанаттарын қаққылап шыдамсыздық танытатын. Асымды көшеден айырып, шаңырағыма тек қонуға келетін болғандықтан, менен үміт күтуге болмайды: Үйге аяқ басқан достарым өздері үшін жейтін нандарын ала келмесе, ас үйден қатқан нанның табылар күні аз. Сондықтан да, көгершіндер менің балконымнан оның қарасы көрінсе болғаны, жақыннан табылады. Қанаттарымен бірін-бірі қағып, жапатармағай ұмтылуда. Ал, ол құстардың кейпіне қарап күлуде. Күлуге болатын құбылыс па..?
Ішін басқан күйі күлкісі тиылмай, төсек үстінде аунап жатты. Ол көріп тұрған әлемнің сұлбасын да шала алмадым. Терезеден төмен үңілгем. Тым-тырыс. Бөлмеме қыдырыстап біреу келе қалса, оны көргендер жындыханадан шыққан жанға балар еді.
- Мен бәріңді де жақсы көремін!
Төсектен атып тұрды.
- Ертең саған бәліш пісіріп әкелемін. Әзірге жақсы. Апам іздеп қалар.
Сөйлеп жүріп аяқкиімінің бауын байлады да, бөлмеден шығып кетті. Ол келіп кеткен сайын өз бағамды білетін болармын, бір елі төмендеп қаламын. Тобырдың жанарына бағынбаған болмысынан тектілік іздедім. Қарапайым. Тым қарапайым. Сықпытына қарап адам табиғатыннан биігірек ұғымды табу да қиындау. Ал, жұрт оны есалаң көрді.
- Мен білсем, ол балаға бірдеменің шалығы тиген,-деп сәуегейсіді бірі.
- Жүйке дәрігеріне көрсету керек,-деп жанашырлық танытты.
- Ұлылық ауруымен ауырып жүрген пақыр ғой, ұлылар осылай өмір кешеді,-деді біреу қанында жоқ данышпандық кейіпке түсіп.
Өзі болса ештемені де естімеген қалып танытты. Пенделерді тек өзіне тән жылылықпен жақсы көріп, елеусіз шаттықтарды місе тұтып, жалған-жасандылықтан жаны азат қалыпы өмірін жалғай берген.
Әйткенмен... ол ертеңгісін келмеді. Келесі күні де, тіпті сол аптада еш қара көрсетпеді. Алаңдағам. Оның амандығына. Айтпайтын. Жалған сөзді. Амалсыз үйіне телефон шалдым. Мән-жайды жылап отырып баяндады. Әрине, анасы. Өзі жоқ. Кетіп қапты. Мәңгілікке.
Ол ғайыптан пайда болыпты да, қайта ғайыпқа сіңіп кетіпті. Күлкілі әрі қасіретті он алты-ақ жыл жер басқан. Ол бәрін де түсініп қойып еді: Біз, адамдар-қорқау өмірде өле алмай әлек болатын алаңғасарлар екенмізді, қайғылы уақытта да, қызықты уақытта да жасанды түске еніп, бақытты кейіпте жүретінімізді... Және де ол барлығын мойындамау үшін жанталасты. Әр жанардан, әр қарашықтан иман нұрын іздеді. Ар дегеннің адам бойында емес, қағаз бетіндегі жанды жұбатар өтіріктерге айналғанын түсінгісі келмеді. Адамдардың барлығын шексіз сағынышпен сүйді және адам қашан жаратылған деп емес, қашан жаратылып бітеді деген данауи оймен алысып жүрді. Шарқ ұрып іздеген иманның адам бойынан безіп бара жатқанын аңғарса да, әр намазының соңында оларға арнап бата жасап, жаратқаннан шексіз бақыт тілейтін. Бақыт іздеп сандалып жүрген пенденің көп екенін, бірақ, бақыттың көп емес екенін, ол құрғырдың бәрімізге бірдей жетпейтінін әдейі-ақ аңғарғысы келмеді. Тексіз парқын әйгілеп қойған тас ғаламда сенім мен үміттің де алдаудан әрі аса алмайтынын білмей қалған жоқ. Есейе бастағаннан-ақ өмірдің өзіне еркелейтінін, сараң ғана із тастап жымиятынын да ұғынған. Ақмоншақ жастан түзілген ғұмырда бәрібір күйбің тірліктің күйкісінен ада қала алмайтынымызды да бармақты тістеп тұрып түсінген. Қасқырдан туғанымызды, тумасақта жыртқыштық қанымызда бар екенін... Пенде ғұмырға жағынуың үшін де адами қызмет көрсетуің қажетін... пенденің алдынан шыққан сан қысталаңдарда өтірік күліп өзін ақтап алатынын... ол барлығын да бес саусағындай білетін. Бәрін түйсіне тұра ешбір жалғандықтан жеріген жоқ. Адамдар өздерінің шексіз ақымақтығын жасыру үшін ақыл жайлы әңгіме айтатынын ұғына тұра адами тұғырнамасынан еш таймады. Өзіне ғана тән іңкәрлігімен мөлдіреп сүйе түсті...
Ол әрдайым кішкене қолдарына қарап күрсініп алатын. Себебі, барлық жұртты құшағына сыйдырғысы келетін. Көшеде көрінгеннің баласын құшақтап жүруші еді.
Ол өзінің есімін Мойра деп атағанды жақсы көрді. Грек мифологиясындағы жақсылық жасаушы періштеге тиесілі есім. Оның өзі де періште еді.
Ол – Алланың періште жаратқалы тұрып, аңдаусызда адамға айналдырып алған іңкәр мүсіні тәрізді еді.
Сөйтседағы ол көп жасай алмапты. Адамдардан адамдық қана күткен нағыз адам жоғалып кетіпті. Оның жоғалуы-пенде ғұмырға ең таза адамның бәрібір симайтыны жайлы сұмдық заңдылықтың барын айқындап қойыпты. Жалғандық атаулыға кішкене ғана жұдырығын алып жүгіріп, жарық дүниенің бір-ақ қарысына куә болған ол әлі өтірік күлуді үйренбеген қалпында туыларда жаңылысып кеткен жатырына қарай самғапты.
Өкініштісі сол, мың-мың пенделер сиысып өмір сүріп жатқан жер шарынан, ауасы тегін, суы тегін мынау жердің бетінен оған орын табылмапты. Ертеңгілік сабағына қарай асығып көше қиылысынан өте берген оны өзі соншалық ғашық болған адамның бірі көлігімен қағып өтіпті. Көлік ішінде ажал отырған екен...
Ол бүгінде мәңгілік ұйқыда жатқан мекеннің тұрғыны. Шап-шағын төмпешік-жер бесікте тербеліп ұйықтап жатыр. Мен оған жиі барып тұрдым. Кім білсін, жаңа әлемінің тұрғындарымен етене танысып болғанша жалғызсырамасын дедім бе екен. Әйтсе де, оған қарап:
- Жүрші, үйге қайтайықшы,-деп айта алмадым.
Айтуға ауызым бармады. Себебі, ол бізден кеткен жарты жылдың ішінде адамдарда еш өзгеріс болған жоқ қой. Одан да қара қабырғаларға ақ мұраттардың суретін салып, сол жер ғұмырын жалғастыра берсін. Қолымнан келері атын атап дұға оқу. Алла нағыз адамның алдын әманда жарық еткей...