Марғұлан Ақан. Groundhog Day (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
2807

Ренато Гуттузо. Күнбағыс

Қалғып кеткен екен, көзін ашса әлі сол кезек. Қасында отырған әже қолындағы талонын көтеріп, менеджерге қарай жақындады. Талондағы нөмір ретіне бойынша келесі кезек Мақсатта. Есінеген сайын айналасындағылар үрке қарап, жақтырмады. Оны сезініп отырған ол жоқ. Менеджер алдында отырған әже пакетін көтеріп тұра бергенде Мақсат атып тұрып, жүгіре басып, орындыққа жайғасты.

- Сәлеметсіз бе!

- Сәлем! Анау кредитті жауып тастауға келдім. 

- Барлық соманы ма?

- Иә, бәрін жауып тастайық. Сөйтіп сендерден тезірек құтылайын.

Мақсаттың бұлай сөйлегеніне менеджер қыз күлді де, жеке куәлігін сұрады. Ары - бері бір нәрсені тексергендей болды да:

- Кешіріңіз, сіз қандай кредитті төлеуге келдіңіз?

- Өзімнің?! Мақсат та сұраулы күйде қарады.

- Қашан алдыңыз?

- Ойбай-ау, 2 жыл болды ғой ай сайын 42 мың бес жүз теңгеден салып келемін. 

Менеджер тағы да бір нәрселерді тексергендей болды да Мақсатқа күлімдеген күйі:

Сіз біздің банктен кредит алмағансыз, – деді.  

- Немене?

- Қайталап айтамын, сіздің ешқандай қарызыңыз жоқ. Тіпті алмағансыз. 

Мақсат ештеңе түсінген жоқ. Ол 2 жыл бойы ай сайын терминалдың қасында он мың және бес мың теңгеліктерді санап тұратынын, темірден жаралған тас жүрек терминал жұтудан басқа ештеңе айтпайтынын есіне түсірді. 

- Әй, көке! Сен мені жынды қылып тұрсың ба әлде бұл бір пранк па?

- Кешіріңіз, мен сізге қалай бар, солай айтып отырмын. Сіз біздің клиенттер базасында жоқсыз. 

- Қалай жоқ? 24 ай осы банктің жағдайын жасап келдім ғой. Не мен жындымын, не мені жынды қылып отырсыңдар! Шақыр, анау, кім еді... бастықтарыңды.

Мақсаттың бұлай дауыстап сөйлегенін айналадағы адамдар тағы жақтырмады. Лезде бөлім бастығым жетіп келді де, ол да базаны тексеріп шығып, Мақсатқа қарызы жоқ екенін ескертті.

- Мақсат мырза, сіз бізден кредит алмағансыз. Егер аламын десеңіз...

- Әй, мыналар қайтеді! Алғаны несі?! Аларын алып болдық. Енді құтылсақ деп келіп отырмын. Сендерге уақытында төлемесек те, бәрін ерте жауып тастасақ та жақпайды екенбіз ғой. 

Мақсаттың сенбей отырғанын көрсету үшін оған бір жапырақ қағаз шығарып әкеліп берді. Қағазды оқып отырып қалтасындағы 700 мың теңгеге бір, қағазға бір, менеджер қызға бір қарап отырып қалды.

- Сонда... әлі түсінбедім... Мен кредит алмасам, 2 жыл кімге, неге төлеп келдім? Өзімен-өзі сөйлесіп отырған Мақсатқа менеджер қыз орынды босатуды, басқа адамдар күтіп тұрғанын айтты. 

Ренато Гуттузо. Спагетти жеп отырған адам

Қалтасындағы ақшасын қайта-қайта ұстап, қолындағы қағазды қайта- қайта оқыған ол далаға шықты. Мақсат мең-зең. Оның ішін жегідей жеп бара жатқан нәрсе «кім төлеп тастады?». Сол сұрақты өзіне қойып, жауап алайын десе, менеджер мүлде кредит алмағанын айтты. Басы қатты. Бірақ іштей қуанып тұр. Себебі қалтасындағы 700 мың теңге өзіне қалады. Оны ойлаған сайын езуі тартылып, жымия берді. Қайтадан ескі ой келді. Бәлкім, қателесіп кеткен шығар. Ертең «төле» деп хат келіп тұрса ше? Ақшасын қалтасына салды да, ертең қайта келермін деп үйіне қарай бет алды. 

Болған жағдайға ары-бері ойлап жауап таппаған соң үйге келіп ерте жатып қалды. Таң ата ерте оянып алды. Сөмкесінің түбіне тығып қойған ақшасын алып шығып қайта-қайта санап шықты. Толық. 700 мың теңге. Қалтасынан кешегі қағазды да қоса алды. Банк алдында борышы жоқ туралы анықтама. Есі ауысайын деді. Екі жылды есіне түсірді. Пәтерден-пәтерге көшкен сайын қай жерде жақын терминал бар, сонда барып кешкісін тұрақты төлеп тұрды. Әр терминал жадында сақталған. Кей кездері артығымен төлеп жіберген кездері, кейде жетпей қалғаны, кейде сол ақшаны табамын деп сандалып кеткен сәттерінің бәрі көз алдына келді. 

Банк бөлімшелері ашылды-ау дегенде үйден шығып кетті. Жаяу жан-жағына қарап, ойланып келеді. Банк есігін ашып, ішке кірген кезде кешегі менеджер қыз күтіп алды. Оған күле қарады да:

- Қайырлы таң! Ерте келіпсіз ғой?

- Қайырлы таң! Кешелі бері ойланып, ақылым жетпеді. Өтініш, тағы бір қарап бересіз бе менің аты-жөнімді?

- Әрине, әкеліңіз!

Мақсат жеке куәлігін берді. Менеджер қыз қарап шығып бас шайқады. 

- Сонда сіздің кредит алған-алмағаныңыз есіңізде жоқ па?

- Әй, алдым деймін. Тек біреу төлеп тастады дейін десем, ондай жомарт бар ма қазір? Оны қойшы, мен сендердің базаларыңда жоқпын ғой. Бұл не нәрсе сонда? Ғайыптан ғажайып болмаған болар енді... 

Менеджер қыз да түсінбеген сыңай танытты. Мақсат ақшасы мен анықтамасын көтеріп далаға шықты. Кенет бұрылып, банкке қайта кірді. 

- Кешіріңіз, мен мына ақшаны онда жұмсай берсем бола ма?

- Түсінбедім? Ақша сіздікі ғой, өзіңіз білесіз,- деп менеджер қыз тағы күлді. 

Мақсат басында қарызы да, кредиті де жоқ екенін енді сезінді. Кім төлесе де, қандай ғажайып болса да, оған енді бәрібір. Қалтасындағы 700 мың теңгені ұстаған қалпы ойын-сауық қуып кетті.

Мақсат осыдан 2 жыл бұрын банктен кредит алады. Оған да себеп бар. Студенттік өмірдің бал дәмін татып жүрген жігіт басқа бір ортаға ойысып, айналасындағы жақындарынан алшақтай бастады. Нәпсі, құмарлық дегенді тыя алмаған Мақсат ақыры бәс тігудің бәйгесінде топ жарамын деп ойлады. Алғашында жолы болып, 50 мың салса, 70-80 мың теңге қылып еселеп жүрді. Уақыт өте бәрі керінің кебін киді. Әр кеш сайын ол телефонын ашып жіберіп, ақша береді-ау дегеннің бәріне хабарласады. Анадан, мынадан деп 30, 50, 100 мыңдап ала берді. Берешек белден асып, жағдайы қиындаған сәтте тез құтылу үшін біржола кредит алып бәрін жаппақ болды. Солай істеді де. Қайта есі кіріп, реттелді. Қарыздарын жапты, оқу бітіріп, жұмысқа орналасты. Бәрі сабақты ине сәтімен келе жатты. Әке-шешесі баласына енді қаладан үй алып беруді ойлады. Оның қоғамында «мә, саған миллиондар, үйдің кілтін бер!» дейтін күн жақында туа қоймайды. Мемлекет жарылқап отырған бағдарламаның біріне ілініп кетуді ойлады. Демалыстардың бірінде Мақсатты ауылға шақыртып, жағдайды айтты. Бірақ баласының басында кредиті бар екенін естіді. Ашуланғаннан басқа не болсын, әкесі өзі қарызданып жүріп 700 мың теңгені баласының қолына ұстатты. 

Ренато Гуттузо. Құмарпаздар

Ауылдан келген күні қолындағы ақшаған қараған сайын ниеті бұзылған Мақсат қайта құмар ойынға оралғысы келді. Арпалыста ары жеңді. Енді міне, қарызын жауып, басқа бір өмірге қадам басқалы тұрған жігітке көз оң болды ма, банк ешқандай кредиті жоқ екенін айтып шығарып салды. Қуаныш та, таңданыс та бар. 

Араға екі күн салып, Мақсат қайта құмар ойынға оралды. Айналдырған сол екі күннің ішінде 700 мың теңгенің күлі көкке ұшты. Үстіне тағы 700 мың теңге қосып алды. Әкесі естісе, бұл жолы аямайды. Анасының жүрегі ауыратын еді, оларды тағы да алаңдатпайын деп, алаңғасар ұл банкке келді. Бітпейтін кезек. Талон алып, орындыққа жайғасты. 

Ой жеп барады. Бірнеше күн бұрын ғана қарызы жоқ еді. Банк алдындағы борышын сиқырдан келіп біреу «төлеп» кеткен. Соны ойлады. Енді бірде тағы да ай сайын кезекке тұрып, тағы да сол терминал жағалап жүретінін ойлады. Жүрегі ауырады. Көңілі құлазып отыр. Сол отырған қалпы кезек күтемін деп қалғып кетті. Санаулы минуттан кейін қасындағы жігіттің «сенің кезегің» деген сөзінен селк етіп оянды. Бұл жолы басқа менеджер қыз күтіп алды. 

- Сәлеметсіз бе!

- Қайырлы күн! 

- Қандай сұрақпен келдіңіз?

- Кредит алайын деп едім...

- Иә, қанша көлемде?

 - Бір миллион! 

- Жақсы. Жеке куәлік берсеңіз, қазір реттейміз. 

Қыздың күлкісі ұнаған жоқ. Жалпы оған қазір ештеңе ұнап тұрған жоқ. Амал бар ма?! Бір-екі пернетақтаны басып-басып жіберген менеджер қыз:

- Кешіріңіз, Мақсат мырза! Сіздің төленбеген қарызыңыз бар екен.

- Түсінбедім? Қарызы несі? Мен сіздерден бірінші рет ақша алайын деп тұрмын ғой?

- Жоқ. Сіз бізден екі жыл бұрын кредит алған екенсіз. Осы айдың 42 500 теңгесін ертең төлейтін күн. Сіз бұл соманы толық жапсаңыз ғана бере аламыз. Не істейін?

- Тоқтаңызшы!

Мақсаттың басы қатқаны сонша, бармақтарының терісін біртіндеп жей бастады. Аршылып түскендерін тырнағымен қопарып, отырған жерінде домалата берді. Ақылы жетпей кетті. Шамасы жоқ ойлануға. 

- Өткенде ғана барлық қарызды жауып тастайын деп келгенде біздің базаға тіркелген жоқсыз дедіңіздер ғой! Дауысы қатты шықты. Жұрт жалт қарады. 

 -Мақсат мырза, менің міндетім сізге осыны айту. Ары қарай мәселе сіздікі. Өтініш, кезекті ұстамаңыз. Ертең төлем жасайсыз ба?

- Жоқ! 

- Ең дұрысы – төлеңіз. Әйтпесе банк сізді сотқа береді. 

- Қорқытпаңдар! Жетер! Мені ақымақ қылып жатсыңдар ма? Қайта тексеріңіз! 

Менеджер қыз тағы да тексерді. Сол жауап. Ештеңе өзгерген жоқ. Кенет Мақсат орнынан атып тұрды да, кезекте отырған орындығына барып, тез-тез қалғып кеткісі келді. Ұйықтап кетіп, қайта оянғысы келді. Көзін жұмып біраз отырды да, қайта менеджерге барды. 

- Не істеп жатсыз ? – деді менеджер қыз. 

- Енді көрші. Енді тексерші. Тез-тез. Менің қарызым болмайды қазір қара! 

Менеджер қыз Мақсатқа «жынды болар» деп бір қарады да, тексеріп берді. 

- Мақсат мырза, кешіріңіз, бірақ сіздің банк алдында төлеу керек әлі жеті жүз мың алты жүз екі теңге қарызыңыз бар. Төлейсіз бе әлде не істейсіз?

- Ештеңе! Ертең төлеймін. Рақмет! 

Ренато Гуттузо. Римдегі калабриялық жұмысшының қайта тірілуі

Мақсаттың ішінде төңкеріс болып жатыр. Кімге сұрақ қойып, кімнен жауап аларын білмейді. Кеше ғана қолына ұстаған ақшасы бар осы жерден қуанып шыққан, таңданыспен кеткен жігіттің тағдыры бір сәт те ғана өзгеріп кетті. Бұл қандай қателік? Бұл ненің жазасы? Банк алдындағы қарыз, өзгеге беретін берешегі, ауылдағы ата-анасы, айналасындағы адамдар... Бәрі де Мақсаттан күдер үзгендей. Бәрі де оны ұмытқан секілді. Ол үлкен ораға түскенін, бұл қарыздан жақында құтылмайтынын түсінді. Түсінбеске шара бар ма, ешкім емес, өзінің қолымен көсегені осы ғой... қалтасынан телефонын шығарып достарына хабарласа бастады. Ешкім тұтқаны алмады. Жүрегі одан сайын тулап, тыныштық таппады. Болар іс болып, бояуы сіңді. Оған тек енді көну керек. Телефоны шыр ете түсті.

- Қалайсың? Сен қайда жүрсің? 

- Бұл кім?

- Кім деген несі? Мұратпын. Бастығың! Жұмыс қайда?

- Иә, бара жатырмын. Қазір жетемін. 

- Тездет! 

Екі оттың ортасында өртенген, екі әлемнің ортасында қалған Мақсат жұмысына қарай жүгірді... 

Ол сол күні, сол орындықта қалғып кеткен кезде құдіретті күштің қайта екінші өмір бергенін сезбеді. Түсінген жоқ. Болжаған да емес. Ол сол күні қайта дүниеге келгендей таза еді. Оған тек екінші өмір берілген жоқ, таңда да берілді. Мақсат ештеңе өзгерткен жоқ. Қайта туса да сол қателік қайталанды. 

... Көктен бақылап отырған періштелер «адамға екінші рет өмір беру керек пе?» деген ойды ортаға тастап, құдіреті күшті Тәңірден сынап көруін сұрап еді. Сынаққа қалғып кеткен Мақсаттың тағдырын алды. Сәтсіз сынақ па, о бастан Мақсаттың тағдыры солай жазылды ма оны ешкім білмейді. 

Ол күн сайын сол орындыққа барып қалғып кетуді әдетке айналдырды... 

Марғұлан Ақан,

ақын, жазушы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...