МҰХТАР МАҒАУИН. КЕЛДЕ-МҰНАРА

ӘДЕБИЕТ
4452

Келде-мұнара туралы мен алғаш рет кітапқа әбден құныққан, жаңа бір өмірдің есігін ашып, әлем, тіршілік жөнін тани бастаған тоғыз, он жастағы бала кезімде естісем керек. “... Қазақтардың басынан келде-мұнара тұрғызыпты...” Біразын жатқа білетін батырлар жырынан, қолға түскен, мұқият оқыған тарихи шығармалардан, тіпті, ғажайыпқа, қиялға толы, қарақшылар мен рыцарьлар, ергежейлі мен алыптар, жиһанкездер мен жабайылар туралы батыс романдарының өзінен ұшыраспаған. Адам естімеген әңгіме. Әбіш атадан шықты. Біздің жамағайын туыс. Ертегі, жырдың кеніші. Менің өз атам Мағаш екеуі түскі шай үстінде өткен-кеткен анау-мынау әңгіме айтысып отырған. Мұндай бас қосқан кеңестің бәрі қызық. Ескіден тартса, тіпті қызық болар еді. Мен біраз тыңдап отырдым да, әлдебір кідірісте: “Ата, батырлар туралы айтшы?” – дедім, араға қыстырылып. “Е-е... – Әбіш ақсақал кезекті сөзінен жаңылып, маған қарап бөгеліп қалды. – Айттым емес пе. Хазіреті Ғали, Қаһарман. Қалғаны өзіңнің анау кітабыңда да бар екен. Алпамыс, Қобыланды...” “Сен Қабанбайды айт!” – деді атам. “Қабекең?.. Е-е, жарықтық... Ұмытыңқырап қалыппын”, – деді сосын көзі жасаурап. “Есіңе түсіріп көр, – деді атам. – Баяғыда қызыл іңірден таң атқанша толғаушы едің ғой...” “Ол да бір дәурен...” – деді менің атамнан әлдеқайда қартаң Әбекең. Демін ішіне тартып, тұқырып, азғана отырды. Еңсесін тіктеп, кесе түбінде қалған шайын ұрттады да, дастарқан басынан шегініп, төрге таман жылжыды. Аяғындағы көнетоз мәсісін жаңа көргендей, шүйіле қарап, тізесін жаза берді де, қайтадан малдас құрды. Екі иығын қомдап, шаңыраққа, биік аспанда қалқып көшкен ала бұлттарға ойлана көз салды. Оң қолын, алақанын ашып, жоғары көтере бере, мықынын таянды. Содан соң бастап кетті. Әуелі – төгілген жыр, оған жалғас – сырлы сөз, тағы жыр, тағы да хикая. Арыстан Абылай хан қапалы. Енді қазақтан ұл туа ма деп қамығады. Қайғы мәнісі – Көкжарлы Барақ батыр қапелімде қазаға ұшырапты. Бұл жолғы жау – қырғыз екен. Алатаудан асып түсіп, бейбіт елді шабады ғой. Барақ арттағы ханды күтпей, асығыс қарсы аттанып, дұшпанын жапырып жеңеді. Бет қарай алмаған қырғыз жансауға сұрайды, бітімге келеміз, қонысты босатамыз дейді. Ақ үй тігеді. Ақбозды құрбанға шалады. Сөйтіп, аңғал батыр бел шешіп, жайланып жатқанда жаңа әскер түсіреді, тұтқиылдан тиеді. Барақ бастаған бар қазақ қан жұтып айқасып, түгел қырғын табады. Содан соң... қырғыздар шәйіт өлген қазақтардың бастарын түгел кесіп алып, келде-мұнара тұрғызыпты! Мен түршігіп, қайыра сұрадым. “Иә, – деді ақсақал. – Сарт, қырғыздың тілінде “кәллә-минар”, біздіңше “келде-мұнара”, кәллә, келде – бас деген сөз, кесілген неше мың басты төбе қылып үйген ғой... Өшпенділік қана емес, өзгеше зәбір...” “Содан соң?” – деп сұрадым, әлгінде үйілген бастан тітіресем, енді ыза, намысым қайнап. Содан... Абылай хан үш алашқа сауын айтады. Оның ішінде талай майданда қалмақтан да, шүршіттен де аруағы асқан Қаракерей Қабанбайға арнайы шапқыншы жібереді. Ақыры, бар жарлығы орнына келеді. Үш лек қолды өзі бастап, Қабанбайды ту етіп, үш тараптан Қырғыз ұлысын шетінен түре шабады. Қиратып жеңеді. Елін алады, жұртын басады. Қырғыздың мың сан әскері жер жастанады. “Келде-мұнара... Келде-мұнара тұрғызды ма?” – деп сұрадым. “Құдай сақтасын! – деді Әбіш ата қолын ербеңдетіп. – Қазақшылыққа жата ма! Садақпен атты, найзамен шанышты, қылышпен шапты, басын кесіп алып, қанжығаға байлады... Қанын шашып өлтірді – бұдан артық не керек. Қалмақпен, шүршітпен соғысқанда да... бас кескеннен арыға бармаған!” Қатулана түйілді де, ары қарай толғап кетті. Бар ұмытқаны есіне түсіп, жазыла жырлады. Бесіннен кеш қараңғысына дейін.

Ойхой! Ғажайып жыр еді. Ержан ұғлы Әбішпен бірге кетіпті. Хатқа түспепті. Кейін, арада бір мүшел, шын мәнісінде тұтас бір ғұмыр өткенде, университет аспирантымын, Ғылым академиясының архивіне қол жетті. Әуелгі кезектен-ақ “Қаракерей Қабанбай” жырын іздеппін. Әлденеше нұсқасы бар екен. Бәрі де Әбіш ақсақалдың мен естіген жырынан төмен шықты. Ал келде-мұнара хикаясы атымен жоқ. Сірә, кейінгі жинаушылар қырғыз өкпелейді, “халықтар достығына” көлеңке түседі деп, тастап кетсе керек. Тек сол үзік қана емес. Абылайдың қырғыз ұлысын қирату тарихы тұтасымен таңбадан тыс қалыпты.

Алайда, төбе болып үйілген кесік бастар, оған жалғас қарымта жорық, жырымен болмаса да, барлық сыпат-бітіс, мазмұнымен жадымда сақталған, есімнен шықпай-ақ қойды. Келде-мұнара елесі қалай ұмытылсын. Жырда манағы, Көкжарлы Барақты алдап өлтіретін, енді бар әскері қырылып, тоғыз ұлымен бірге тұтқынға түскен қырғыздың Садырбала ханы мойны қылышқа ілінер ажал алдында Абылайға тура қарап: “Арманым жоқ, көзімнің тірісінде мың сан қазақтың басынан Алатаудың бір төбесіндей келде-мұнара тұрғыздым!” – дейтін. Бұл да кейін ұмытылған, өзгеше бір әсерлі, өнегелі әңгіме. Кінәсі ауыр қырғыз көсемі тоғыз баласымен бірге өлімге кесіледі. “Соңғы тілегіңді айт!” – дейді ғой Абылай. Садырға. Күнәсін мойындап, кешу сұраса, жанын қимақ екен. Бірақ қырғыз қайыспайды. “Кенже ұлыма бір ауыз сөз...” – дейді. Мақұл. Айтты. Келер сәтте кеудедегі басы ұшып түсті. Қара қаны ақтарылды. Содан соң үлкен ұл. Келесісі. Қатарынан сегіз ұлдың басы шабылады. Кезек тоғызыншы ұлға келіпті. Жеті жасар бала екен. Қолынан ұстап, тізерлетіп отырғыза бергенде Абылай оқыс дауыстады дейді: “Уай! Мұның тұқымын құртушы ма едің? Қасықтай қаны кешу!” – депті. “Балам, бері кел, – дейді содан соң. – Тірі қаласың. Бірақ айт, жаңа хан әкең құлағыңа сыбырлағанда қандай өсиет тастады?” Бала айтыпты: “Атам біздің бәріміз өлеміз, хан Абылай бұл болса, кеңшілік жасайды, сен қаласың, тұқымымызды құртпайды деді. Содан соң... бүгінгі көресіңді ешқашан ұмытпа, ер жетіп, ел ұстаған кезіңде қазаққа қайта аттанып, Абылайдың осы бір ісін ұрпағының алдына келтір деді”, – депті Садырдың кенже ұлы. “Хан екі айтпайды, сол арада Абылай “Әттегене!..” деп бармағын тістеген екен, – деп қайырушы еді Әбіш ақсақал. – Кейін осы кеңшілігі Кенесары мен Наурызбайдың алдынан сор болып шықты ғой!” – деп, тұқырып отырып қалған.

Бұл да соғыс заңы екен дейік. Таратып, талдай келгенде онша келіспей тұрса да. Көңілге медеу іздесеңіз... ілкіде біз шауыппыз. Шетінен жапырып, ортасынан ойып, топырлата қырып. Бәрібір. Әуелгі келде-мұнараға жете алмайсыз.

Келде-мұнара... Адам басынан үйілген төбешік! Алғаш естігеніміз – ескілікті сөз еді. Сұрауын арнайы іздемесек те, көп ұзамай-ақ көне жырдағы өзгеше көрініс – аңыз емес, ертегі емес, ақиқат шындық екенін анықтадық. Өмірде болған, тарихта таңбаланған. Ойлап тұрсаңыз, адамзаттың соғыссыз өткен күні жоқ. Өлім, қаза – әдепкі жағдай. Қысас, жазаның да қилы тармағы бар. Десе де, бізге келде-мұнара бәрінен де биік көрінеді. Қинап, өлтіріп қана қоймайды. Басты денеден бөлшектеп алумен тоқтамайды. Бірінің үстіне бірін қалайды. Мың сан басты. Мәнісі не?

Келде-мұнара тарихын арнайы зерттеген ешкім жоқ. Тек жол-жөнекей, нақты бір көріністерін, еске салу, деректеу негізінде әрқилы болжал айтылып қалады. Еуропалық ғылым тарабынан. Кейбірі мүлде қисынсыз. Мәселен, соншама басты бір жерге жинау – табыну, игілік, береке шақыру көрінісі екен. Басқаша да тұспал бар. Жеңіс салтанатының айғағы дейді. Анық. Үрейлі ескерту. Бұл да рас. Біздің байыбымызша, осыған қоса, негізгі бір мақсат – “күш алу” рәсімі. Жабайы тайпалардың өлтірген кісісінің етін бөліп жегені сияқты. Арғы қазақта ерегескен дұшпанының қанын ұрттайтын әдеті тәрізді. Бірақ бұл да негізгі себеп емес. Ең бастысы – жеңілген жауды қорлау. Және естіген кісінің құтын қашырып, көрген жанның жүрегін тітіретер, алыс-жақын жұрттың кеудесін басар өлім елесінің көрнекі ескерткіші. Оншалықты бас қатырар жұмбақ емес.

Қай заманда, кім шығарды? Бұл жағы мүлде бұлыңғыр. Тарихқа түскен алғашқы көрінісі – миләди 1340 жылы. Ғират сұлтаны Пир Хұсейін кезекті бір соғыста жеңілген ауған сарбаздарының басын төбешік етіп үйген көрінеді. Яғни, қызылбас жұрты жайлаған Хорасан. Оның ішінде Ғират қаласы. Атап айтып отырғанымыз – адам естімеген ғаламатты өз сорына ойлап тауыпты. Иә, бұл туралы кейін. Әуелде мұндай озбыр жаза осы төңіректегі қанға құмартқан мәлік атаулыға қызық көрінген. Ретіне қарай, әдетке енгізе бастаған. Шынында да қызық. Жеңген – сен болсаң, шабылған бас – бөтендікі болса. Ал дүние кері айналса – қызық басқаға көшеді. Бұл жолы да тайғанақ дүние теріс бұрылыпты. Біздің бар әңгіме сол төңіректе.

Алғашқы келде-мұнара қаланардан төрт-ақ жыл бұрын, дүниенің басқа бір қиыры емес, ат жетер аймақ – Мәуреннахрдың Кеш қаласында, барлас-түрік Тарағай бектің шаңырағында дүниеге келген Темір атты қара қайыс бала көп ұзамай бұғанасы қатып, үзеңгіге аяқ салады. Жалаңқылыш жауынгер, қатардағы әскер көп ұзамай-ақ қайратымен, ерлігімен, ең бастысы – өзгеше әдіс-айла, қулық-сұмдығы, ақыл-парасатымен топтан озады, сөйтіп, небәрі он тоғыз жасында жергілікті әмірдің оң тізесін алады, күн санап абырой-атағы көтеріле береді. Талай майданға кіреді, талай рет тура келген ажалдан қалады, тұтқын да болады, қашқын да болады, қарақшылықпен айналысады, жеңілген әмірді тастап, жеңген патшаның үзеңгісін ұстайды, уақыт озған сайын төңірегінен талайы артып, әскербасы, шектеулі аймақтағы әмір дәрежесіне жетеді, ақыр түбі тынымсыз майданда аруағы асып, дер шағы – отыз төрт жасында ұлұғ әмір атанады. Билігі тежеусіз падишах. Есімі, айттық, Темір еді. Енді Әмір Темір болды. Біздің тарихтағы атақты Ақсақ Темір. Отыз төрт жаста. Алда – бүкіл ғалам тарихын басқа арнаға бұрған, екі-ақ айы кем отыз бес жылдық билік, жарым дүниенің ойран-топаны, дария болып аққан қан және... тау-тау үйілген бас – жүздеген келде-мұнара тұрған. Жүздеген келде-мұнара! Соның ең алғашқысы, иә, таптыңыз, жаңағы Ғиратта қаланған екен. Ақсақ Темір патшалығының тоғызыншы жылы, ғираттық пақырлардың өздері ойлап тапқан ең әуелгі келде-мұнарадан тура қырық үш жыл өткен соң, миләди 1383-те. Айтпақшы, құрылыс иесі – Ақсақ Темірдің өзі емес, әумесір баласы Мираншах екен. Ұлығ әмірге қатты ұнап кетеді. Бірақ әлденендей кінәраты бар сияқты. Иә. Аса зәулім емес. Мешіт мұнарасының биігіне жетпей жатыр. Жеткізу үшін... ол жағын кейінге шегере тұрып, қолдағы бар сайманды кәдеге жаратады. Осы Хорасандағы Исфизар қаласын алған кезде екі мың сарбаз қаруын тастап, тұтқынға берілген еді. Екі мың бас... ештеңеге жарамайды. Басымен қоса, бар денесін пайдаға асыру керек. Сөйтіп, Әмір Темір төтенше шешім тауып, айқаса-арқаластырып, бой-бойы, қатар-қатарымен байланған екі мың адамды бірінің үстіне бірін қалатып, тірі мұнара тұрғызады. Әрине, келде емес, кісі-мұнара. Қаланып біткенше астыдағылар бастығырылып өліп жатыр, үстідегілер буынып, талып жатыр – ақыр шығатын жан, анық кереметі – жақынға қуаныш, алысқа – үрей. Қайткенде де, ең үлкен мәртебе –сайыпқыран падишахқа тиесілі. Ақсақ Темір әмір атанып, таққа мінгеннен бері алғаш рет сол күні тыныш ұйықтаса керек. Соңғы қаншама жыл, жанын тынымсыз қажап, үнемі ашу-ыза, қатал үкімге жетелеп тұратын айықпас дерт – сырқыраған сан, қақсаған тізе, шынтағы өсіп, бүгілуден қалған оң қол – құрт кемірген қу сүйектің бар азабы сап басылғандай. Дендері сау, аяқ-қолдары бүтін, бәрібір саған кіріптар, жексұрын сұмдардың шиыршық ата қиналған қалпын, деміге тұншығып, өкіріп, өксіген жан тәсілімін тамашалаған қандай рақат. Көкте құдай бар ма, жоқ па, жердегі ақиқат тәңірі – сен ғана. Мерей, мақтан. Азғана уақытқа. Өйткені... өлді – бітті. Небәрі екі-ақ мың. Оның үстіне, тірідей қаланса да, ашық аспан астында өлді. Егер тірідей көміп көрсе қайтер еді? Ең қызығы осы емес пе. Бәлкім, сонда шын қанағат табар... Көп ұзамай-ақ мұндай мерекенің де сәті түседі. Анадолы, Сиваста. Қалың нөпірге қарсы тұра алмай, жансауға сұрап, жарағын тастап, қаншама сыпақ – түрік әскері қолға берілген екен. Міне, орайы келді. Бұрын жасақшы жауынгер, енді кіріптар жәсір – төрт мың тірі кісі. Кемедегінің емес, тұтқындағының жаны бір. Сол бір жанға арнап, жалғыз-ақ қабір қазылады. Кең, терең, ұзын ор. Көр. Кешегі асау, бүгінгі момақан жауыздар әлі тумаған, әйел-ана құрсағындағы қалпына келтіріліп, енді жер-ана құрсағына енуге тиіс. Яғни, жатырда жатқан балаша, белі бүгіліп, аяқ, қолы айқаса тартылып, домалата байланады. Кеңшілік – бір-бірден. Сол қалпында көрге салынады. Тірідей. Төрт мың тірі кісі. Ортақ көрге, ауқымды, терең көрге кезек-кезегімен, қатар-қатарымен тоғыта бастайды. Міне, төрт мыңы түгел көр түбіне түсті. Тыпырлай тулап жатыр. Ышқына зарлап жатыр. Қандай тамаша. Қарап тұрғанға. Ал тірідей көрге, көр емес, топырақ жаһаннамға түскен бейбақтар... тезірек ажал тілесе керек. Ажал – анық. Тек тым тез емес. Топырағын үйіп, көме салса ғой, қолма-қол өле қалады. Яғни, топырақ тиімсіз. Әуелде үстеріне күл төгеді. Қақалсын, шашалсын, тұншықсын, қиналсын. Кесімді уақыттан соң күл үстіне су шашады. Тозаң басылып, тірідей көмілгендер азғана тыныс алу үшін. Тағы да күл. Айқай, аттан, зар – көмілгендер. Күлкі, қуаныш, масаттық – көмушілер. Бір жақтың азабы шектен асады, екінші жақтың қуанышы кенересіне жетеді. Ақыры, соншама бөгелген шын ажал – топырақ анаң. Құшағына алды. Тыпырлап, қыстығып, тұншығып, шырқыраған ғазиз жан, төрт мың атпал азамат – бақытсыз мүскіндердің бәрі де тыным табады. Ал көмушілердің қызығы, олардың ұлұғ әмірінің мереке-базары одан әрі жалғаса берген. Жеңімпаз жендет үшін бұдан артық қандай масаттық болуы мүмкін!

Айыз қанды, көңіл жай тапты, бірақ... көз тоймапты. Өлімге байланған төрт мың ақыр түбі топырақ астында қалды ғой. Көзден тасада. Демек, қарсы алдыңда андағайлап тұрған қызыққа жетпейді екен. Бірақ бұл ретте мана тым ұтымды көрінген мүрде-мұнара онша тиімді болмай шықты. Ашық аспан, шақырайған күн астында, айналасы бір жыл толмай, арам етінен тазарған соң қараса, бар сүйек араласып кеткен. Мал сүйегінен айырымы шамалы. Адам басы әр тұста ғана. Оның өзі қиқы-жиқы. Біреуі төбесінен, біреуі желкесінен қарап тұр. Бет-жүзімен тіке қараса қандай көрікті болар еді. Саудыраған көлденең сүйексіз, тек қу бастар ғана!.. Келде-мұнараның тарихтағы салтанат-мерейі осы арадан басталады.

Алғашқы тәжірибемен салыстырғанда, айрықша назар аударуға тиіс сыпаты – көрнекі әрі зор болуға тиіс. Әсем әрі биік. Әсемдігі – қатар-қатар тізіп, бірінің үстіне бірін жалғап, қиыстыра қалаған құрылымда. Ал зорлығы – аумағы мен биіктігінде. Азғана жеңілдік – тіпе-тік қабырға емес, түйетайлы төбе. Ал құрылыс қажеті мол болса, биіктік – қолдағы нәрсе. Биік дегенде, мешіт мұнарасымен бой таластырсын. Талас емес, озық тұрсын. Әрине, зормен қатар шағын құрылымдар да керек. Үлкенге селбес қосшы ретінде. Яғни, бір жерде бір емес, әлденеше мұнара – тірі... амал не, кесілген бастан жан шығады, – тірі адамның, жаңа ғана, кешелі-бүгін ғана жер басып жүрген кісінің әлі қаны құрғамаған мың сан басынан үйілген ғаламат төбелер!

Әуелгі тамаша – 1387 жылы, Испағанда жүзеге асқан көрінеді. Иранның ежелгі астаналарының бірі. Сәнді, сәулетті, айбынды шаһар. Ақсақ Темірге бағынғысы келмейді ғой. Соғысады, жеңіледі. Кіріптар болады, алым төлейді. Бірақ ешқашан құлдықты мойындамаған қызылбас қайта көтеріледі. Әп-бәлем! Міне, құдайдың... емес, жын-перінің орнына келтіруі! Ақсақ Темір дәулетті, берекелі, батыр қаланы қайыра шауып алады. Бар байлығы – қолда. Бірақ ұлұғ әмірге ең керегі – мал емес, жан екен. Бүлінген, қираған, қаналған, тоналған шаһар – қазаға кесіледі. Жеңімпаз жетпіс мың әскерге бұлжымас жарлық беріледі. Әрбір жауынгер бір бас әкелуі міндет. Кеше ғана, қызу да қатал қақтығыс кезінде қамалды қорғаушының көбі қаза тапқан. Көбі емес, түгелге жақын. Қаншама өлі бас. Алайда... бір жеңімпазға бір бастан санағанда, жетпіс мыңға толмайды. Ал жарлық орындалуы шарт. Қаһарман әскер құрметті міндетін атқаруға кірісіп кетеді. Тірілердің басы шабыла бастайды. Қанға құныққан жендеттер жас па, кәрі ме, әйел ме, еркек пе – ештеңеге қарамапты. Жетпіс мың жасақ түгел емес деп көрсетеді шежіреші. Біраз жұрттың қаннан қаймықпаса да, мұсылман, оның үстіне, қарусыз, жазықсыз кісінің басын шабуға дәті жетпеген. Алайда, мойынға жүктелген салмақ бар. Тым құрса бір бас. Әйтпесе, өзіңнің басың кетеді. Әуелде қиналғанмен, ақыр түбі оңай амалы табылса керек. Қанкешті рақымсыз, қызық қуып, әлденеше басты қатарынан шапқан озықтар тиімді саудаға кіріседі. Бір бас пұлы – пәленбай ақша. Қанды қырғын үстінде кесік бас саудалаған жаңа базар ашылыпты. Әуелде – жиырма динар. Уақыт озған сайын төмендей берді дейді. Он бес, он, жеті-сегіз... Ең соңғы бастар жарым динарға да өтпей, тегін қалыпты. Яғни, шабылған бас – межелі жетпіс мыңнан әлдеқайда асып кетті деген сөз. Әскер әміршінің жарлығын абыроймен, артығымен орындады. Енді өз кезегінде құрылысшылар іске қосылыпты. Бұрын тас қалады ма, бас қалады ма, қайткенде де талай мұнараны қолдан өткерген тәжірибелі шеберлер. Нақты жоба, айнымас қағидалары бар. Кесік бас атаулы қалай болса солай үйіле салмайды. Беті сыртқа қарап, орайымен орнығуы керек. Қалыпқа түскен кесек, қашалған тас емес. Қалануы, қаланса да бекуі қиын. Өкінішке қарай, бұл бас деген шіркін төрт бұрышты текше емес, домалақ доп қой. Амал жоқ, лай, саз, балшық қолданасыз. Қожалақтап, сыртқа шығармай. Өлшеммен, еппен. Тығындау, биіктету емес, еріксіз қажеттілік. Алдымен қатарластыра, күргейлете тізіп, содан соң бірінің үстіне бірі қойылған құрылыс бастарын өзара жымдастырып, мызғымастай бекіту үшін ғана. Әйтпесе, қай топырақта домаламаған бас. Мұнда бәрі сәнімен. Әуелде көздері шүңірейіп, беттері қабарып, үстідегі мойыннан тамшылаған қан астыдағы маңдайды айғыздап, аумақ-айдынымен дөңгелене көтерілген төбешік сатылып биіктеген сайын айбарлана, асқақтай түседі. Міне, қаланып бітті. Көшпендінің шошақ бөркіндей, тұтас бір төбе. Жеңімпаздың салтанат-мерейінің нақты, көрнекі бейнесі. Қараған жан қуанышқа бөленеді. Мына біз қандай мықтымыз. Кереметпіз. Қаласын алдық. Табанға салдық. Халқын қырдық. Қанын судай ағыздық. Басын допша домалатып әкеліп, келде-мұнара орнаттық. Бұл – қанішер жендет, қатардағы қарақшының қуанышы. Ең үлкен мерей, өзгеше қызық – ұлұғ әмірдің еншісінде. Көкірегі кеңіп, жаны жай табады. Оң қолдың шынтағын, оң аяқ – ортан жілік пен асық жілікті, екеуі қосылған ұршық, буын, тізелікті – сай сүйегін кеміре мүжіген, иесінің қаһарын асырып, қатал үкімдеріне күш беріп тұрған дауасыз сырқат тұла бойдан сыпырылып түспесе де, бір сәт толастап, мүлгіп кеткендей, әмірші де жадырап, байсал тартады. Мәртебесі көтеріліп, мерейі асқар таумен таласады. Арман-мұраты айға, күнге жетеді. Ең бастысы – көз тойды, көңіл орнықты. Өзінің күш-қуатын, ашу-ыза, кегі мен қаһарын әлемге әйгіледі. Аңыз, жырдағы Рүстем мен Алып Ер-Тоңға жасамаған ғажайып. Жер-әлемді жаулаған Шыңғыс қағанның түсіне де кірмеген ғаламат!

Сөйтіп, Испағандағы жетпіс мың шәйіттің кесік басы түгелдей әдемілеп үйіліп, қаланың әр тұсында, қираған көшелер қиылысы, ойрандалған базар ортасы, сыртқы қақпалар, өртенген, құлаған сарайлар алаңында, аз емес, көп емес, тура бір жүз жиырма келде-мұнара жасалыпты. Бәрі бірдей зор емес. Кейбірі әлденеше жүз ғана бастан. Көрмеген кісі қалмасын деген қарапайым есеп. Қайда барса алдынан шықсын деген ұтымды байып. Анталаған өлім суреті. Ең негізгісі – Жұма мешіті алдындағы келде-мұнара – еңселене көтеріліп, көк күмбезден де бойы асып тұрды дейді.

Арада бес, он, жиырма күн, бір, екі, он ай өтеді. Ашық аспан астындағы жетпіс мың бас түгелдей борсып, құрттап, шіріп, сасып, адам естімеген тозақ лебімен төңірегін түгел ит шыдамас иіске толтырады. Жел айдаған, құйын үйірген леп ат шаптырым аймаққа жетеді. Міне, қандай тамаша! Ұлұғ әмірдің жеңімпаз жолына көлденең тұрған сорлының көрер күні осы! Таны, біл, құлдық ұр!

Бір жыл, екі жыл өтеді. Келде-мұнара сәл-пәл шөккен. Бірақ айдыны аса түскен. Тек қана қу бас! Бірінің төбесіне екіншісі иек сүйеп, оған үшіншісі, төртіншісі мінбелеп, қатарласа, жарыса, сатылай биіктеген мың сан қу бас. Жалтыраған маңдай, ақсиған тіс, қуыс танау, қарауытқан көз. Аппақ маңдай суық ызбар төгеді, үңірейген көз өңменнен өтеді, ырсиған жақ ажал шақырады. Жалғыз маңдай, екі көз, қосар жақ емес. Мың сан ажал елесі. О дүние емес, бұ дүниедегі ақырзаман көрінісі. Мың сан қу бастан – адам басынан тұрғызылған тозақы төбешік. Келде-мұнараның ең келісті көрінісі де осы. Көрген адам – елін алдырған, жақын бауыр, ағайын туыстан айрылған, өзі кездейсоқтан тірі қалған мүскіндер, осы өңірге әлдеқалай жолы ойысқан аталас жұрт – жаннан түңіліп, енді қайта кеуде көтерместей бейшара кепке түседі. Жеңімпаз жасақ, жасақ басындағы дана қолбасы көңілі тола масаттанып, тағдырына ризашылық айтады. Жаңа жорықтарға, жаңа келде-мұнаралар тұрғызатын қасап қырғынға асығады. Шынында да, сәтті жыл, бақытты күнде тағы да мыңдаған бас шабылып, бұрынғыдан да зор, әуелгіден де әдемі, өткеннің бәрінен айбынды жаңа келде-төбелер бой көтереді. Бүкіл Иран. Хорезм. Ғирақ. Сирия. Анадолы. Үзе, Таң, Еділ, Жайық. Моғолстан, Үндістан... Әмір Темір өзінің елу жылдық соғыс майданында, оның ішінде, отыз бес жыл патшалық дәуірінде тек ислам елдерін ғана қырғынға ұшыратыпты. Хақ дінді мұсылман, оның ішінде мың жыл бойы айдыны асып келген түрік қауымы.

Шыңғыс қаған – Құлағу елхан әулетінен соң әлденеше патшалыққа ыдырап, бар қуаты бөлшектенген Иранды аяусыз тапады. Қосөзен бойы – бүкіл Ғирақты ойрандады, ұлыс ордасы, ертегілік, қасиетті қала Бағдатты жермен-жексен қиратты, күл-топыраққа теңеп өртеді, бүкіл мұсылман жұртының ұйтқысы, әлемдік ұлы қала қатарынан біржола шығарды. Сирияны талқандады, екі жүз жыл бойы кәпір қауымына қарсы қалқан болып тұрған айбарлы мамлүк әскерін қырғынға ұшыратып, дін-исламның мерейі, киелі Шам қаласын күйретті. Еуразиядағы ең қуатты, ұлы мемлекетіміз Алтын Орда – осыдан қырық жыл бұрын Батыс Еуропадан келген оба жарым халқын жусатып кеткен, бұдан соңғы өзара қырқыс әлсіреткен, апат пен бұлғақтан енді ғана оңала бастаған Қыпшақ ұлысын талқандады, бұл тарапта сол заманда әлемдегі ең сәулетті әрі ең үлкен шаһар саналған Сарай-Беркені, ежелгі, құтты, байтақ астана Сарай-Батуды, елдің әр қиыр, бар тарабында орда болып тұрған және бір жүзден астам қаланы жермен-жексен қылды, Дәшті-қыпшақтың ен даласын еркін жайлаған мың сан халықты түп-тұқияны, етекті әйел мен еңбектеген баласына дейін қырып-жойды, сөйтіп, Ұлұғ Ұлысты қайтып оңалмас кепке түсірді. Бүгінгі Қазақтың түстік-шығыс аймағына орныққан қуатты Моғолстанға қарсы қатарынан бес мәрте жорық жасап, қаншама халықты харап етті. Күн беттегі, жаңа көтерілген, қарымды, серпімді, пәк дінді Дели сұлтанатын дағдарысқа ұшыратты. Бүкіл Еуропа бірігіп жасақтаған темір құрсау жүз мың әскерді шылпыра тоздырып, қаптай төгілген жойқын шабуылды крест жорықтарының ең соңғы жұқанасы атандырған, Батыс әлемін тітіретіп, жаңаша тарих сұлбасын белгілеп тұрған Түрік ұлысының әлуетін кемітіп, бағын қайтарды. Сөйтіп, Ақсақ Темір барлық күш-қуатын, шектен асқан зұлымдығын тек қандас бауыр, дін қарындасқа – түрік дүниесі және ислам әлеміне қарсы бағыттапты. Жолында тұрған, көлденеңнен ұшырасқан бірлі-жарым, кездейсоқ қақтығыс болмаса, христиан жұртының босағасынан ары аттамаған. Аттағаныңыз не, Франциямен одақ жасасқан, Англиямен, Испаниямен елші алмасып, достық, түсіністік қатынас орнатқан. Трапезунд, Генуя, Венеция әскерін көмекке шақырған. Өз қауымына қарсы күреске. Ақсақ Темір – Тамерлан. Исламның қас дұшпаны, түрік тектілердің бас жендеті. Шабумен, жеңумен шектелмеген. Ешқашан қайта көтерілместей тапап, халқын жаппай қырып, қаласын құлатып, қиратып, елді біржола тұралатып отырған. Нәтижесінде бүкіл әлемнің мың жылдық болашағы – қалыптасқан, орнығып тұрған бағдарын өзгертіп, ағысы теріс, басқа бір арнаға түсті. Құдыретті Түркия елу жылда әрең оңалды. Бірақ бұрынғы жойқын күштің қарымы кеміген, Батыс жұрты қамданып, ес жиып, ұжымдасып үлгерген. Ең бастысы – кеңшілік, тыныш заманда жаңа тәсіл, жаңа ғылым тауып, жаңа саясатқа жетігіп, түп тамыры бекіп, әбден күшейген. Ақырғы нәтижесін енді көріп отырмыз. Біз тарапта Алтын Орда қираған, Русия көтерілген. Ақыр түбі бәрімізді алып жеген. Таяу Шығыстағы мұсылман елдері айбын-қуатынан айрылған. Адамзаттық даму шеруінен шет қалған. Үндістан хақ жолына түсіп үлгермеген. Зардабын бүгінгі дін-қарындас көріп отыр. Тым құрса Әмір Темірдің өзі орда тіккен Мәуреннахр бақытқа жетсе ғой. Жоқ. Көп ұзамай, кеше ғана қираған көршілерінің кебін киді, одан соңғы жағдайы және белгілі – Алтын Орда әулетімен бірге орыс боданы; бүгін де жетісіп жатқаны шамалы. Айтып-айтпай не керек, бұдан бес жүз жыл бұрын Ақсақ Темір ойрандап кеткен мұсылман-түрік әлемі қайта оңалып, қатарға қосылуы үшін тағы бес жүз жыл керек болар. Бұл қалыпта ол күнге жетсек. Құса болыңыз, жынды болыңыз, анық ақиқаты осы. Жарым дүние – бүгінгі Батыстың ойшыл ғалымы, білімдар оқымыстысы бір ауыздан мойындап, өзі шыққан нәсілге, қарындас, діндес қауымға қарсы жүргізген жеңімпаз жорықтары, шексіз қаталдық, аяусыз қырғын арқылы бүкіл христиан әлемін, Еуропаны, Орыс елін сақтап қалды деп бағалаған Ақсақ Темірдің бұл тараптағы бар ісін санап түгесу мүмкін емес.

Айтпақшы, біздің мақсат – Ақсақ Темірдің ғұмырбаяны емес, ол тұрғызған келде-мұнаралар жайы еді ғой. Біріне-бірі жалғас, өзектес болғанымен, негізгі тақырыбымыздан аз-маз ауытқып кетіппіз. Қотанымызға, яғни кесік бастарға қайтып оралайық.

Сонымен, бақытсыз Испағандағы келде-мұнараға жетпіс мың кісінің басы қаланды дедік. Көп ұзамай Испаған қырғыны көп сойқанның бірі, бірі емес, әдепкі, үшінші, бесінші қатардағы оқиға болып қалады. Жаппай қантөгіс жөнінен ғана емес, келде-мұнара тұрғысынан қарағанның өзінде. Мәселен, 1401 жылы, қасиетті Бағдатты алғаннан соң тоқсан мың кісінің басынан тау-төбешік үйіпті. Бұл да ең жоғарғы көрсеткіш емес. Осыдан алты жыл бұрын, сәулетті Сарай-Берке құлағанда жүз мың адам қазаға ұшырады деп айтылады. Білгір тарихшылар Алтын Орда астанасында бұдан әлденеше есе көп халық болды деп есептейді. Сонда, қалған екі, үш, бәлкім төрт жүз мыңға рақым жасағаны ма? Ұлыстың шалғай шетіндегі ұсақ қалалардың өзін тыйпылдап отырғанда, бас қалаға бұйырған қандай кеңшілік? Екінші байтақ – Сарай-Бату... ол да әлемдік қала болған. Қазіргі, батыс қапталын Ақтұма жуып, жеміргеннің өзінде көз көрім аумағы – он екі де тоғыз шақырым, яғни, бір жүз сегіз шаршы – он мың гектардан астам жерді алып жатқан ғаламат шаһар, неше жүз мың халық тұрды – соның қаншасының басы келде-мұнараға қаланды? Тарихтағы дерегі анық, манағы тоқсан мың бастан өрілген алып келде-мұнарадан да зор өлім төбесі үйілмеді деп кім куәлік бере алады? Сол қанды жорықта, кең даладағы көшпенді жұртты айтпағанда, жүзден астам қала қиратылды дедік. Әрқайсысында төрт-бес мыңнан ғана кісі өлді деп есептеңіз. Екі Сарайды қоспағанның өзінде жарты миллионға еркін жетесіз. 1398 жылы, исламдық Үндістанға қарсы жорық үстінде, сұлтан Махмұд-шахқа қарсы шешуші ұрыс алдында, ілкіде, қамал бұзар қара жұмысқа, тірі қалқанға қажет болар деп тұтқынға алынған, енді әскермен бірге келе жатқан, қарусыз жүз мың ер-азамат, шұғыл жарлық бойынша, жарты сағат ішінде түгел қылышқа шалынады. Олардың басын ақ жуып, ақыретке орап па екен? Арада апта өтіп, жолындағы әскерді түгел қырғанда, сұлтанат астанасы Делиді алғанда... ұрыста шәйіт болғандарды санамайық, бар қарсылық тоқтап, қалаға кіргеннен соң – үш күн, үш түн бойы толассыз қантөгіс болады. Бұл жолғы өліктің санына ешкім жетпеген. Бұрынғы жүз мыңдар жолда қалыпты. Батыс тарихшылары әлденеше жүз мың дейді. Көптігі сондай, осы үш күн бойы маскүнем қызойнақтан мойны босамаған ұлұғ әмір, ғұмыры қанға тойып көрмеген Ақсақ Темірдің өзі, осыншама бейбіт халық, қатын-қалаш, бала-шаға, бәлкім екі жүз мың, бәлкім жарты миллион мұсылманның нахақтан қазаға ұшырағанын көргенде: “Мен бұлай жасамақ емес едім...” – депті, жүрегі шайлығып. Бірақ жан ләззаты, қажетті келде-мұнара тағы да зәулім мешіттерден бойы озып, күңірене көтерілген. Бәлкім, осы уақытқа дейін тұрғызылған келде-төбелердің ішіндегі ең үлкені. Халқы мол, хақ дін, пәк дін жолына бет бұрған Үндістан шегіндегі бүкіл мұсылман қауымы тітіреп тұруы үшін.

Христиан әлемін неге қорқытпаған деген сауал туады. Алтын Ордамен күресті, неге Русияның шегіне аттап баспады? Анадолыны талқандады, неге Румелі – Балқан түбегіне, христиан ұлыстарына қарай жүрмеді? Дели сұлтанатын жаулады, одан ары – ғайри дін ұстанған, пұтқа табынған жұртқа неге тимеді? Ең жеңіл жауап – аяқ астында. Манағы, Испағандағы жаппай қырғында, нысаналы жетпіс мыңға жету үшін аула, үй атаулыны жағалай сүзіп, тірі бас іздеп жүрген әскерге: “Ғайса үмбетімін деп жансауға сұраған кісіге тимеңдер!” – деген нақты нұсқау беріліпті. Ислам шегіндегі саудалы, керуенді, базарлы үлкен қалаларда жат жұрттық тұрғындар да, келгіншілер де көп, оның ішінде христиандар да молынан ұшырасады, Испағанда да дәл осылай, ендеше, мұндай, құдайдың қалаулы ұлдарына тиіспеу керек, ал қаптап жүрген мұсылманды қыра бер! Ұқтыңыз ба? Ғайри дін өкілі жақын туыс болып шықты. Тексере қарасаңыз, Ғайса жолын тұтынуы да шарт емес екен. Жарым дүниені жайпағанда, алтыны ақтарылып, жібегі төгіліп жатқан, мал байлығы кенересінен асқан, жан байлығы әлемге таң, қисапсыз олжасы тұрыпты, кесілмек бас – мың сан келде-мұнараға жететін, төгілмек қан теңіз болып шалқитын, арыда Табғаш, беріде Шын-Машын атанған, әлемді жаулаған Шыңғыс қағанның өзі болашақ ұрпағым үшін ең қатерлі дұшпан деп, айрықша көңіл бөліп, дәргейіне келтірген Қытай жұртына неге тиіспеген? Неге, неге тек қана мұсылман қауымын, түрік нәсілін қарақтады? Егер Ақсақ Темір Алтын Ордадан соң Орысқа енсе, Анадолыдан соң Балқанға өтіп, одан ары кешегі Бату ханның көлденеңнен үзілген жойқын жорығын мәреге жеткізіп, бүкіл Еуропаны жайпап шықса, Моғолстанды бес рет шаппай, бейбіт келісім бойынша Жетісу, Шығыс Түркстанды көктей өтіп, Қытайды қиратып қайтса... бүкіл әлем тарихы басқаша өріліп, мына біздің тағдыр да басқаша тартылатын еді ғой. Қиялға сыймас ғаламат. Батыс емес, біз қожайын. Басқаға болмаса да, өзімізге-өзіміз. Қалай, қалай ғана Әмір Темір... Бәлду-бәлду!.. Тым беріден қайырып отырсыз. Бұл тарапта ешқашан да бас қатыра көрмеңіз. Бізден бұрын ойлаған. Батыс жұртының білгірі мен ақылманы. Көктен түскен кеңшілік деп. Бірақ осыншама бақыттың түп-тамырын таба алмай, пұшайман болған. Ешқандай қисын, себеп жоқ! Ақыры... Ақсақ Темір дегеніңіз – моңғол да, түрік те емес, өзіміздің кісі деп шешкен. Орысша айтқанда, Орта ғасырларға өтіп кеткен Штирлиц. Штирлицтің көкесі! Джеймс Бонд! Джеймс Бондтың әкесі! Супер-шпион! Ата-тегі, тумыс-болмысы Батыстан, византиялық грек, арнайы тапсырмамен Шығысқа өтіп, биік дәрежеге жетіп, түптің-түбінде ислам әлемін, түрік дүниесін ешқашан оңалмас апатқа ұшыратқан, кемеңгер қолбасы, дана саясаткер, өзіміздің Иисус Христостың асып туған, ғажайып үмбеті деп. Кейін, өкімет тапсырмасы бойынша, советтік зерттеушілер қабірін қазып, табытын ашқан кезде мағұлым болған қызыл сақал, күрең шашы демесек, бас сүйектің нақты өлшемі, сол бойынша қалыптанған сурет – бөтен емес, мына біздің тұрпат. Сыртқы бейнесі. Ал ішкі наным, иман тұрғысы... күңгірт десек те, ғайри дін ұстанғаны туралы ешқандай дерек жоқ. Керісінше, өзін мұсылман санаған. Алла атымен көз жұмған. Ендеше... тағы да сұрақ. Өзімізді-өзіміз ажалға сүйреп, көр жиегіне әкеліппіз. Елу жылда оңалған – Түрік, жүз жылда оңалған – Қызылбас қана. Әуелгі межеге жетпесе де, ежелгі күш-қуатын тапты. Қалған қауым, оның ішінде мына біз – құрдымға құлағалы тұрғанымызға тура бес ғасыр болды. Неге? Құрдымға құлауымыз емес, әуелгі бастауы. Өз тамырымызға өзіміз балта шабуымыз. Таң қаларлық ештеңе де жоқ. Өзіне-өзі қол жұмсап та жатады ғой. Дүниеден түңілген, тығырыққа қамалған, жарыққа жетуге амал-айла таппаған шақта. Рас, біз айтып отырған заман басқаша болатын. Төрт құбыла сай. Бірақ төрт құбыласы сай пенденің өзі төңірегін тегіс бүлдіріп, туған бауырын бауыздап, әке-шешесін құсадан өлтіріп, ақыры өз басы да тұзаққа ілінетін жағдайлар бар. Патология деп аталады. Әлдененің ауып кетуі. Мыйдағы өзгеше бір жіптіктің теріс жалғануы...

Десе де... Ақылға сыймас жағдай. Мұсылманға қас, қанқұмар жендеттігі ғана емес. Әскери даналығы. Өз заманында бірінші. Мұны жақсы білген. Кәміл сенген. Сонымен қатар, бар заманда бірінші болғысы келген. Қуатты мемлекет құру, төңірегін тегіс талқандап, жиһангер атағын шығару ғана емес. Ондай ұлы тұлғалар бұрын да болған. Ескендір Зұлқарнайын. Шыңғыс қаған. Қайтсе де бұларға жете алмасын біледі. Ендеше, басқа бір тарих. Ажалмен ойынға өзгеше бір жаңалық енгізу керек. Бүгінгі жақын жұрт таңырқап, алыс жұрт айбынатын, түптеп келгенде, бәрі де қорқатын. Келер ұрпақ аңыз етіп айтатын. Ақыр түбі атағын әлемнен асыратын. Міне, манағы түйінге қайтып оралдық. Мыйдың өзгеше құрылымы туралы. Әлбетте, мұндай кері құрылым – кез келген жұмыр басты пенденің үлесіне тиюі мүмкін. Дана қолбасы, зұлым саясаткер болу шарт емес. Қатардағы көптің бірі. Төңірегін қалай былғаса да, ауыл-үй, шектеулі мезгіл шеңберінде қалады. Бұл біреу – жер-әлемдегі жалғыз емес. Анда, мында, қалада, далада дегендей. Жинақтап келгенде бірталай. “Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар” деген қазақ. Мый талшығы ерекше бір жүз, бірер мың емес, жүз мыңдардың ішінен озып туған даналар болады десек, жаңағы, жіптігі теріс жалғанған, кесімді уақыт емес, арғы-бергі барлық замандағы мыңдардың арасынан кері тұлпар, к-і-с-і емес, і-с-і-к шықса несі бар. Ол Ісіктің ақыл-парасаты сіздің Кісімен парапар, ал әдіс-айласы, қулық-сұмдығы он есе артық. Ең бастысы – бар шаруасы керісінше, түгел ісік. Ақсақ Темір ромей емес – түрік, христиан емес – мұсылман, алайда, қалғанының бәрі теріс. Міне, сіздің жұмбақтың шешуі. Келде-мұнараның сыры.

Әлемдік келде-мұнараның авторлық құқығы, айнымас патенті, сөз жоқ, Ақсақ Темірге тиесілі. Ілкідегі, әлсіз нұсқалар – жасқаншақ талап қана. Бұл ғажайып істі жеріне жеткізе көтерген, шырқау биікке шығарған, бұрын болмаған ғаламат ретінде тарихта таңбалаған – Тұран падишахы. Тегі – түрік, руы – барлас, мекені – Орталық Азия. Түптеп келгенде, осы өзіміздің атамыз. Мақтан, өзбек-қазақ, мақтан, байтақ құрылық! Ең жоғарғы керемет – бізде. Бір-бірлеп кесетін, жекелеп қызықтайтын, жүздеп шапса да кәдеге асырмай, далада тастайтын кәдімгі жұмыр басты мың-мыңдап жинап, тау тұрғызудан адам естімеген мәртебеге шыққан. Қазіргі тілге көшірсек, әлемдік чемпион. Алайда, атақ-дәреже бір орында тұрмайды. Күші асқан, әдіс-айласы асқан басқа біреудің еншісіне өтуі мүмкін. Бұл жолы да солай болыпты. Атақ-абырой, ес пен ерлік, ұлыстық сана, ұлттық мерей... – бәрі де Ақсақ Темір қатерден сақтап қалған славян, герман нәсіліне, одан арғы, көреген Әмір жік-жапар болып, достық, дипломатиялық қатынастар орнатқан роман, ағылшын-сакс әулетіне көшіпті. Иә. Ақыл-парасат, ғылым-білім, күш-қуат, мемлекеттік берік құрылым ғана емес. Кісі өлтіру өнері. Ақсақ Темір қызылбас пен үндіні де, араб пен түрікті де қанша қырғанымен, біржола құртып, түбімен тақырлай алмап еді. Ағылшындар мен испандар жарым дүние – жүздеген халықты тып-тыйпыл жоғалтып, бұлардың біржола босатылған жиделі-байсын мекеніне өз әулетін орнықтырды. Мәңгіге. Ол – нәсілі, діні бөтен шет аймақ, жат жұрт дерсіз. Өздерін-өздері қашан аяпты. Арыдағы жүз жылдық, отыз жылдық, жеті жылдық соғыстарды айтпағанда, тек XX ғасыр үлесіне ғана тиесілі, әуелгі төрт жылдық, кейінгі алты жылдық әлемдік екі қырғында неше милион кісі өлді? Ақсақ Темір қаншама заман, соншама тыпырлағанда, асса үш-төрт миллион адамның жанын үзді. Ал еуропалық текті нәсіл... беріден тартқанда одан отыз-қырық есе артық нәтижеге жетіпті. Елу жылдық үздіксіз ұрыс, тынымсыз жорық, тоқтаусыз майданда емес, небәрі екі-ақ соғыс, он жыл орайында. Біріншілік қайда, далада қалдыңыз. Ол енді басқа мәселе, басқа дәуір дерсіз. Бәрі де уақытпен, жағдаймен өлшенеді ғой. Ақсақ, яғни Әмір Темір бар заманда озық. Өзгесін айтпағанда, келде-мұнараның өзі... Мінеки, біздің манадан бері тұзақ тастап, сіздің теріс қадамыңызды аңдап отырғанымыз – басқа емес, осы келде-мұнараға қатысты. Бұл тарапта, тіпті, сонау орта ғасырлардың өзінде біріншіліктен айрыла бастапсыз. Бейнелі емес, тура мағнасында.

2005 жыл, «Жұлдыз» журналы

(жалғасы бар)

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...