Мұратбек Жақсылық. Қытайдан жеткен сәлемдеме (пьеса)

ӘДЕБИЕТ
4024

 (Қазақтың көрнекті жазушысы Рақымжан Отарбаевтың "Қытайдан жеткен сәлемдеме" әңгімесі желісінде)

(Трагедия)

(Инсценирока)

Қатысушылар:

1.Өмірбай – 60 жас шамасында

2.Жас Өмірбай – 25 жас

3. Базаркүл – 55 жас. Өмірбайдың екінші әйелі

4.Тақай – Өмірбайдың інісі

5. Әсемай – 23 жас. Өмірбайдың алғашқы жары

6. Таңжарық – Өмірбайдың әкесі

7. Ақбала – Өмірбайдың анасы

8 . Акбар батыр

9. Әуез қария

10 Ли Чансың- Шекра басшысы

11. Шихай-шекара кызметкері

Бірінші сурет

Бұл өлке – біздің ауыл жайлаған жер-ай!

Желіге асау құлын байлаған жер – ай!

Көзіме от жалындай көрінедай – ай! 

тебісіп, құлын - тайдай ойнаған жер – ай!

Ей, ахау сабаз!

Ұшырдым ұясынан балапан қаз-ай!

...

(Бұлақ басынан су алуға келген Әсемайдай ару қызбен Өмірбайдың мәңгілік махаббат жыры сөз болады) 

Өмірбай. Әсемжан бұйырса бүгін, біздің әулеттің үлкендері сендердің шаңырақтарыңа құдалық сөйлесуге барады ... 

Әсемайдың ұяң да әдемі жүзінен нұрланған кейіп байқалады. Бір - бірне ынтық екі жүрек бірнің соңына бірі ілесіп сахнадан түседі.

Екінші сурет

Сахнаға Өмірбаймен, оның кейінгі әйелі Базаркүл шығады. Ауылдың кешкі қым-қуыт тіршілігі. Базаркүл қара сиырын күрпілдетіп сауып, Өмірбай қолына таяқ алып, жас бұзауды жасқап тұр.

Базаркүл. Әй, шал, не естігенің бар? Әлгі туыс қуалап шегара асып кеткен Тоқай оралыпты. Қоржын басы тоқ. Қызылды-жасылды дүниені теңдеп әкеліпті дейді.( сиырдың жарты қарыс емшегін жұлмалап жатып )

Әлгінде көрші қатыннан естідім. Пақырға шыр бітейін депті. ( Өмірбай оқыс оянып кеткендей жан-жағына қарағыштай берді.)

Базаркүл. ( ашуланып ) И-и қақсаңшы мынаны! Шаяқ келгір, бұзауына өліп-өшіп сүтін іркіп тұрғанын қарашы. Соңғы иірімі аздай. Ал іш атау кереңді. (Базаркүл есіне әлде не түсендей орыннан жұлқына көтерілді.) Қытайдан қашып, биттері торғайдай болып келіп еді. Шеттерінен құтырайын депті. (Өмірбайдың үн жұрғасы түскен.)

Үлен үйдің іші, дастархан үстінде Базаркүл күңкілдеп сөйлеп отыр.

Базаркүл. Құдай , Қытайдың арзан қол жылтырағына жұрт мелдектеп тойып болған. Енді, тағы қандай қыл-қыбыры жетер екен десеңші?( әдемі ақ сары жүзіне әжім үйір бола бастаған Базаркүл.)

Базаркүл. Өңің неге қашып отыр? 

Өмірбай. Жай, әншейін...

Базаркүл. Жай болса, мына телефонды көтерші. Астанадағы қыз бен күйеу келеміз дейді. Ерлан « ата-әжемді сағындым» депті. Зекетің кетейін сол! Тәңертең ана қысыр саулықты өріске жібермей ұстап қал. Жас сорпа ішсін. (Базаркүл ауызын жия бергені сол , есік сықыр етіп ашылып, үйге Тақай кіріп келді.Қолындағы қомақты түйіншегін табалдырық жанна дүрс еткізіп тастады да, мақамдап созып амандық-саулық алысты.)

Тақай. Асслаумағалайкум Өмірбай аға! Амансың ба жеңеше? Мал-жандарыңыз тегіс аманшылық па?

Өмірбай. Уағалайкум уассалам! Шүкір...! Кел төрлет бауырым.

Базаркүл. Ойбай, мыныны қара! Екі беті қып-қызыл боп тіпті жарасып кетіпті. Майлап жібергеннен саума ей?

Тақай.( Тақай көңілді. Дауысын көтере сөйлеп ) Қане, жеңеше, шайыңды ысыт! Майлап та, қанжығама байлап та жіберді, несін сұрайсыз?

Өмірбай абдырап көрші інісін төрге оздырып, өзі пеш түбіне қарай екі-үш құйрық жылжып отырды.

Базаркүл. Иті сары май жемейді десеңші. ( Өз-өзінен тұтана сөйлеп )

Тақай. Иә, дәл айттыңыз. 

Өмірбай. Ел-жұрт тегіс аман ба екен? ( жөтеліңкіреп)

Тақай. Ой, аға, кәрі-жасы бірдей дұғай сәлем айтып жатыр. Баяғы тобанаяқ боп жүретін заман жоқ. Несін айтасыз дәуірлеп тұр екен. Ақ жеңешем сіздерге сәлемдеме беріп жіберді.

Базаркүл. Естуімізше ол жақтағылардың барлығы бақа-шаян, құрт-құрырысқаңа қарамай қылғыта береді дейді ғой. Сонысы распа?

Тақай. Ой жеңеша-ау, сенде қызықсың. Ол жақтағы ағайынның мұсылманшалығы бізден әлде қайда көш ілгері тұрса, сіздің айтып отырған бақа-шаян, құрт-құмырысқаңызды не қылсын. Қысы-қыстау, Жазы жайлау болып көшіп қонған қордалы жұрт, құрт, май, ірімшік, қымыз-қымыранымен-ақ шалқып өмір сүріп жатыр қазір.(Сақылдап күліп)

Базаркүл. Ә...ә... Былай де. Қайдан білейік. Мына жұрттың барлығы ауызына келгенін көкіп жүр ғой сөйтіп.

Тақай. Жә, жеңеше, көзіңмен көріп куә болмай тұрып, біреудің сыртынан тон пішіу де арға сын. Алдымен зеріттеп біліп алған соң пікіріңізді ортаға салсаңызда кешікпес едіңіз. Енді мүныңыз дұрыс болмады .(Өмекеңе көзін қысып, езу тартады. ) Осы мен білсем , жеңгемнің екі үздік қасиеті бар деймін да аға. Біріншісі Ұйқысы тастан қатты, сосын екіншісі сөзі зәрден ашшы.

Базаркүл. Немене, естіген құлақта жазыққа жазық жоқ . Тіліміз зәрлі болса басқа қатын қарастырып алмадың ба ағаңа...

Тақай. Ой... Жеңеше-ау! Жәй қалжың ғой. Оған бола шамданбаңыз. Біз қанша дегенмен қарық қыламыз деп жақсы ағамызға қамданғанымызбен, осы ауылдағы қыз, келіншектерінің қай-қайссыда сіздің көлеңкеңіз құрлы бола алмас ...А..а... (шәй ішіп отырып мыср етіп күліп жібереді. Дастархан жиылып бата жасалғаннан кейін...) Қой аға, күнде кешкіріп барады. Мал-жан бар дегендей. Келесі жүздескенгеде сөз қалсын. 

Таңжарық. Рақымет айналйын! Келіп тұр. Келінге бізден дұғай сәлем айт!

Базаркүл. Иә, келіп тұр. Жыл құсындай жоғалып кетпей... ( Сықылықтап күледі )

Тақай .( Қарқылдап күледі ) Әй қағынғыр жеңшем. Жарайды онда аман тұрыңыздар.

Үшінші сурет

Үй ішінде Базаркүлмен Өмірбай оңашаланып шәй ішіп отыр.

Базаркүл. Мә, киіп көрші. «Дұшпаныңнан түк тартсаң да пайда» деген. Қытайда қалған қатының беріп жіберіпті.

(Өмірбай қолына жалт – жұлт еткен көгілдір матаны ұстап алыпты.)

Базаркүл. . (Тамсанып) Әдемісін! Сәбидің алақанындай мына бір магнитафонды да қоса салыпты. Е, пақыр қайтсын?!

Өмірбай мақпалдай жұмсақ иленген әдемі тонды кигенде тұла бойына құп жарасып, өне бойына жылу жүгіріп сала береді.

Базаркүл. Саған жараспайды. Кәрі кісіге киім қонатын ба еді? Астана ақшұнақ аяз деседі. Күйеу балаңа кигізе сал! Ауызының салымын қарашы. Әлгі қызды айтамын. Иіні тозып жүр еді. Көйлек тіктіріп кисін. Магнитафонды көргенде Ерлан қалай қуанады десеңші! Әй, қой, шалым

жата қалайық. Тәңертең малды өріске ертерек қосайық.

( Базаркүл көңілденіп жүріп шал екуінің төсек орынын салып, жалт-жұлт еткен көгілдір матаны бүктеп шкапқа салды.)

Түн ортасы Өмірбайдың ұйқысы келер емес. Арғы-бергі өткен өмірі есіне түсіп елегізеді. Базаркүл бір қалыпты тыныстап ұйықтап жатыр.

Төртінші сурет

(Әсемай кішкентай ғана жұпыны үйде бесікте жатқан бөпесін емізіп отыр. Күнделікті үйреншікті әдетімен Өмірбай үйге алқам-салқамы шығып, ашуы терісіне симай кіріп келеді.)

Өмірбай. Әсемай қарын ашып кетті, тамағың дайн ба?

Әсемай. Қазір дайын болады отағасы. Сәл күте тұрыңыз ә...!

Өмірбай. Күні бойы не істедің үйде? Сылтауың таусылмайтын болды ғой осы. Қашан көрсең өлген қойдың өкпесі құсап сүйретіліп жүресің . ( Пауза ) Өшірші ана заржақтың үнін.

Әсемай. ( үндеместен бесіктегі бөпесінің қасына жақындайды)

(Осы сәтте сырттан шұбатылған ұзын көйлегіне сүрініп Ақбала үйге кіріп келеді.)

Ақбала. Аааа... Балам келдіңбе. Қайда бардың бүгін? Жаңа сені... Ана көрші Қалиқаның келіні бар ғой... Тұқымың өскірдің аты кім еді өзі? 

Өмірбай. Сақышпа ?

Ақбала. Жоға. Анау үлкен келінін айтамын...

Әсемай. Құсни, құсни ғой апа, Құсни.

Өмірбай. ( Әсемайға ызғар шаша қарайды)

Ақбала. Иә, сол Құсни. Солардан-ақ көретін болдық қой көресінді. өзіңді үйге келіп кетсе тығыз шаруам бар дейді. Бұл ауылда сенен басқа да еркек кіндікті құрып қалғандай, саған қайта-қайта жабысып алғаны несі.

Өмірбай. Солардың атын атамашы апа. Әбден мезі болдым ... Алдында бір, екі рет көмектесе қалып едім, қыр соңымнан қалмайтын болды. Байын соғысқа мен аттандырып жібергендей адамды әурелей беретіні несі... (Пауза) Әсемай тамағың дайын болайын деді ме?

Әсемай. Иә... Қазір дайын болады.  ( Ақбала Әсемайдың жанна таяп келіп)

Ақбала. Құдай-ау, әлі сүйретіліп жүрмісің !Тәңертеңнен бері қақсадым ғой ас әзірлігіне кірісе бер деп. Ыбылжып мына тұрған тұрысың не... ( Пауза) Әперіп жіберші алдыңдағы ыдысты?

(Сырттағы мал-жанның жәй-күйін қамдап, ымырт үйірілген уақытта Таңжарық қария үйге кіріп келеді.)

Таңжарық. Япыра-ай! Биылғы мына қыстың қаһарынан ама-сау шықсақ жарады. Әйтпесе жағыдайымыз қиынға соққалы тұр. Оның үстіне қырсық айналдырып қолдағы мал-жанның күй-жәйіде күрт төмендеп кеткенін қарамаймысың. Енді қалай амалдасақ екен?

Өмірбай. Әке естіуімше, көрші ауылдағы Төкеңнің қыстауында жем-шөптің қоры едәуір мол көрінеді. Өзіңіз барып қолқалап көрсеңіз қайтеді? Егерде ол кісі өз рұқсатын берсе, шаналы арбаны ат қорадағы күрең қасқаға жегіп, ертең ертерек тұрып бір айлық мал азығын тездетіңкіреп тасып алсақ ... Кейін барлығы қалпына келген соң өтеміне өзіңіз бірдеңе дерсіз ааа...

Таңжарық. Оныңда жөн екен балам. Мен барып сөйлесіп көрейін. Мақұлдығын берсе, қалған шаруаны өз мойныңа аларсың жәрайма?

Өмірбай. Жәрайды.

Таңжарық. А... Айтпақшы әлгі Оспан ағаның қытайларға қарсы жүргізген көтерілісі жер-жерде жеңіске жетіп жатыр дейді . Анығын естіп, білгендерің жоқ па?

Ақбала. Ой, шал-ау! Боқтан өзгеге басыңды ауыртып қайтесің. Оспан қайнаға қалың елді ұлардай шулатып азамат біткенді алыс, жақын мйданға әкетіп жатыр дейді. 

Таңжарық. А... Дұрыс. Дұрыс істеген...

Ақбала. Несі дұрыс. Өздері барып ұрынған соғыстың уысында кетерліктей, қара халықтың не жазығы бар еді. Тыныш жатқан жыланның құйрығын басып, қытығына тимесе, өзге жұрт өңмеңдеуін қояр еді ғой.

Таңжарық. Әй кемпір, артық сөйлеймін деп арандап қалма тегінде. Әр істің өз себебі бар. " Отан оттанда ыстық" дегенді түсінемісің...

(Кенет аула сыртында үрген иіттің дауысы жаңғырып естіледі.)

Акбар батыр. Жат ей, жат...! 

Таңжарық. Балам бұл кім болды екен ? Сыртқа шығып қарап көріңдерші.

(Өмірбай орыннан түрегеліп сыртқа шығады.)

Өмірбай. Әй... Бұл кім?

Акбар батыр. Біз ғой батыр...

Өмірбай. Ассалаумағалайкум, армысыз аға!

Акбар батыр. Уағалайкум ассалам!

Әуез қария. Уағалайкум ассалам! бар бол балам. ( Пауза ) Әкең үйдеме?

Өмірбай. Иә, ақсақал. Үйде. Кешкі асын ішп отыр. Қане төрлетіңіздер.

(Әкбар батыр, Әуез қария, Өмірбай үшеуі үйге кіреді.)

Әуез қария. Ассалаумағалайкум! Бармысың Тәке! Мал-жаның тегіс аманшылық па?

( Әсемай иіліп сәлем жасайды. Таңжарық Әуез ақсақалды төрге шығарып қызу әңгімеге кіріседі)

Таңжарық. Уағалайкум ассалам Әуез аға! Шүкіршілік. Қане төрлетіңіздер.( Пауза) Өзіңіздің халіңіз қалай? Күйлі қуаттысыз ба? Байқаймын, күтіміңіз тәуір көрінеді. Айналайын ақ қауырсындай аппақ жеңешем сізді бәйгеге қосар тұлпардай жақсы жаратыпты.

Әуез қария. ( қарқылдап күледі) Оның рас. Құдай қуат дарытып бұл күнге жеткізгенне де шүкіршілік еттік... Енді төтеден ажал келіп қалмаса, қалған іске апыр-топыр асығыстық жасамай болтын емес...

Таңжарық. Иә, аға ол нендей іс? Жұмбақтамай мән-жәйді түсіндірсеңізші. 

Әуез қаря. Онда... Оны мына қасыңызда отырған Әкбаржан түсіндірсін. 

Акбар. Өзіңізге де мәлім аға. әңгіменің ашығын айтқанда... Қысқысы... Ел болып еңсе тіктеп, ер Оспанның соңынан ермекші болып жатырмыз . Әрбір үйден ат жалынын тартып мінген айбарлаы азамт болса, қатарға қосып, қасқая жауға шабуға әзірлік жұмыстарын бастап жібермекші едік . Бірақ, сарбаздар саны әлі де кемшіл болып жатыр ... Бір бүйірден маңғол, бір бүйірден қытай мен орыс бірігіп, кіндігімізбен байланған туған топырағымызға тұмсығын қадамақшы иттің баллары. Тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында кетпес үшін, тайлы таяғымызбен жауға қарсы жұдырықтай жұмылмасақ жұтылып кетуіміз бек мүмкін ...

Таңжарық. Аааа.... Былай де...  Сонда Акбаржан, сен маған жалғанда көрген жалғыз ұлыңды жауға аттандыр демексің ғой?

Акбар. Енді... Сіз ағат түсінбессіз аға. Ел-жұртың жерінен айырылып жетімдік көрсе, жетіскеніміз осы деп жер шұқып отыра беремекпіз бе? Абаданың таққа мініп, қалғанымыз атқа мінер уақытта, өз ішімізден алты бақан алауыз болмай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, қолтығымызға су бүріккелі отырған сұмдардың, сұрқиялығының алдын алар едік... Ата жұрттан алыстап, арқа сүйеніш етіп осындағы ағайынға әзер қосылғанымызда, құрығын әзірлеп, құтымызды қашырғалы отырған қас жауымыз анау! Еріккенімізден ешкімімізде ер атанғалы отырған жоқпыз. Ата-баба аманат еткен жер үшін, қыран текті бұлбұл дауыс ел үшін, өлсек бір шұңқырда, тірі жүрсек бір төбеден бой көрсетуге серт етіп келіп отырмыз. Қазақ баласы үшін найзаның ұшында, семсердің жүзінде өлгеннен артық не бар ? Ертеңгі киелі азаттықпен, ұрпақтарымыздың ұлы болашағы жолында күресу қай қайсысымыздың болсын бұлтартпас борышымыз емеспе... Бірақ, сол борыш бодауын төлетпей болатын емес. Сондықтан шығыс түркістанымыздың шырайы бұзылмай, мемілекеттік райы биітей берсін десек бір бекімге тездетіп келгеніміз жөн. Өйтпесе қара қытайдың қара табанның астында ұлымыз құл, қызымыз күң болғалы отыр ағайын... Ал ауылымыздағы алдымен ауызға ілінер ақсақалымыз өзіңіз сіз. Сіз жол бастайды деп сеніп келіп отырғанымызда сенімімізге селкеу түсірмессіз аға...

Таңжарық. Жә, түсіндім... ( Үнсіз ұзақ отырады)

Өмірбай. ... Бірақ... Мен, бір үйдің үміт етіп отырған жалғыз бойтұмарымын. Ат жалынын тартып мінген осынау азамат шағымда, қарт ата-анамды қараусыз, қалай қыйып кет деп отырсыздар маған...

Ақбала. Құдай-ау, қайнаға-ау! Бұл не қылғаныңыз. Жалғызымды жауға аттандырып, жалаңбұт қалған кісідей жәрбиіп қалай отырмақпын. отымның алды, суымның тұнығы емеспе Омашым. Жоқ... менің сіздерге қосақтап берер балам жоқ... Керек болса басқа жақтан іздеп тауып алыңздар.

Акбар. ... Жеңеше...!

Жаңадан бері сөздің орайын күтіп отырған Әуез қария осы кезде сөзге араласады

Әуез қария. (Іштей ауыр күйзеле отырып. ) Мен бәрінде түсініп отырмын Ақбала айналайын! Таңжарық бауырым, егер мына сақалымның ағын сыйласаң, бір екі ауыз ақылымды айтайын. 

Таңжарық–ау! Мен асарымды асап, жасарымды жасаған адаммын. Енді өлсемде арманым жоқ. Бірақ осы өлер шағымда көзіммен көріп, куә болған жайларымды тілге тиек етіп, түйінін айтпасам мойыныма қан қараз боп кетер. (Көзіне жас алып отырсада қасқая сөйлеп) Иә, сен жаратқаннан жалбарынып сұрап алған жалғызыңды, азамат болып ат жалынын тартып мінген осынау тар кезеңде, таршылыққа салмайын деп, осы ұлыңның садағасы жолында сарқылғалы отырсың... Оныңды жөн деп білейік мақұл. Өзің ойлап көрші...? Жер мәселесі жетімдік көріп, ел мәселесі елеусіз қалғалы отырған, мынау алмағайып заманда, қадалған жерден қан алмай қоймайтын қанқұйлылардың қара табанның астында, қасиетті қара жер қара жамылғалы отыр. Осындай шақта шамаңды шағалап, барыңды бағалап бас пайданы көздегенің жарамас... (Пауза) Әкең Құрманбек өз уағында  озық ойлы жігіттің бірі болатын. Түсініп отырмын. Өзіңнен кейінгі зәузәтінің тірегі осы Омашың болған соң, бұл жолғы қанды қырғыннан қайтсеңде балаңды аман алып қалғың келіп отыр. Бірақ есіңде болсын, «Ер азамат елі үшін туып, елі үшін өледі.» деген. Ердің соңы- Оспан, Елдің ойы – бостан. Осы екуінен асқан әулие емеспіз. Сондықтан ел сойылын соғар уақытта сөкеттік көрсеткендерің жөн емес шырағым. Дұрысы балаң барып қатарға қосылсын. Сен түгілі қаусап кәрі сүйегі шашылғалы отырған, меніңде жалғызым сарбаздар сабына қосылды. Ештеңеден қаймықпа. Бір Аллаға тапсыр. Ертең күні ар сотының алдында азаптанбаймын десең, арлы істің алдында жүргендерің жөн . Менің айтайын дегенім осы шырағым... Ер азамат елге тіреу, ал ел біреу. Енді қалғанын өзің біл...( Әуез қария мән-жәйдан хабардар еткеннен кейін, бата жасап өз жөндеріне кетеді)

Ақбала. " Жақсының айтқаны келмейді, жаманның сандырағы келеді" деген рас екен-ау! Неменеңе кібіртіктеп қалдың жаңа. Бармайды деп басымырақ айтсаң, басың бәлеге қалар ма еді.

Таңжарық. ( Едәуір ұзақ ойланып) Қыңқылдамай жәйіңа отыр. (Пауза) Балам Омаш бері қара. Сен менің үмітімді селге кетірмейтін қында қайралған қылышым іспеттессің. Әділдікке жету үшін әрине, азабына көніп, ақырына дейін күресу керек. Онсыз төгілген терде, көңілден шерде үзілмейді. сондықтан сопайып жұрттың соңында қалғаннан көрі, қолыңа қару алып халқыңа қалқан бол балам. ...

Ақбала. Алжыған-ау, жар басында ойнаған жалғызды жауға аттандырғаның қай сасқаның?! Өзі үрейқуық, қорқақтау. Бүргедей боп жүріп шіеріктердің найзасының ұшына ілініп кетсін дейсің бе? Оспан қайнаға асарын асап, жасарын жасаған. Ешкінің дауын боталы інген беріп сатып алып, соқтықпаса жүре алмайды.

Таңжарық. Қысқарт болды.

Өмірбай. Әке, мен майданға кетсем сіздер қайтесіздер? Қолыңызда "Барып кел, шауып келге " жұмсайтындай не бір қолғанатыңыз жоқ. Көрінгенге жалынып көпекөрнеу көргенсіз шал атанғаныңыз, азамат аты бар арыстандай ұлыңызға, ар емеспе...!

Таңжарық. А... Онда менен туған арыстан болсаң, айтқанымды екі етпеуге тиіссің ғой... Жаңадан бері жаудан бұққан немедей несіне тоныңды теріс айналдырып отырсың.

Өмірбай. Енді түсініп отырсыз ғой әке...

Таңжарық. Сонда нені түсінуім керек. Сенің сылбыр, сабырсыздығыңды ма, жоқ әлде жаудан бұққан қорқақтығыңды ма? Қашан ақыл кіреді осы саған. Ел іргесін бүтіндеп етек жапқалы отырса, ебелең-ебелең етіп сен не деп оттап отырсың. Қалың елдің қамы үшін хан көтерілген Оспан ағаның соңынан еру ер бақыты емеспе.(Пауза) ... Іштей күткен үмітімнің үйіндіге айналғанын қарашы... Ертеңнен қалмай аттанатын бол... Бар деміңді ал.

Бесінші сурет

Қалың қазақ қолының тоз- тоз шығып, Оспан батырдың тұтқындалуынан кейін, иен жатқан даланы дара билегісі келетін қытай комнистері қаптайды.

(Дастархан басы. Әсемай емізулі кішкенесімен, Ақбала барлығы шәй ішіп отыр.)

Әсемай. Апа-апа...! Бармысыз үйде? Ұлыңыз келдіме? (демі сығыла жүгірген беті)

Ақбала.  Не болып қалды тыныштықпа? Өңің бозарып кетіпті ғой?

Әсемай. Әлгі...Әлгі... Оспан атаның соғысы жеңіліс тауыпты. Бүгін ол кісіні қытайлар Үрімжіге апара жатыр дейді. сонда Өлім-өлім... жазасына кесетін көрінеді.

Ақбала. Рас айтып отырмысың? Кімнен естідің?

Әсемай . Иә... Жаңа почташы Нұрбектен естідім.

Ақбала. Құдай өзің сақтай көр, жар бола көр жалғызыма! ... Сонда Оспан қайнаға қалай қолға түсіп қалыпты...?

Әсемай. Нұрбек ағаның айтуына қарағанда, астыртын әскер арасына жасырынған жансыздардың, құпиялықты әшкерілеуі себеп болыпты.

....

Өмірбайдың соғыстан оралатын сахнасы этюд арқылы көрсетіледі

Өмірбай кешкі мал қамынан соң атынан түсіп үйге келеді. Аттың ер тоқымын, құйысқан айыл тұрманын алып үйдің кіреберіс ауызына қояды.

Әсемай. Ералы балам атаң қайда? Апаңның қасындама? Ааааа... Онда алысқа ұзап кетпей маңайда бол, жәрайма?! 

Әсемай. Келдіңіз бе?

Өмірбай. Иә.

Әсемай. Кешкі асыңыз дайын болды Өмеке, тездетіп беті қолыңызды жуып дастархан басына келіңіз.

Өмірбай. Үйдегі үлкендер қайда кеткен?

Әсемай. Көрші Қайша апаның үйі шақыртып сол жаққа кетті.

Өмірбай. А...а... Алдымен шөл басатын айран-шалабң барма? (Пауза) Басым сынып барады...

Әсемай. Қазір. Не болған сізге? Соғыстан оралғаннан бері басыңыздың ауыруы бір басылмай келеді, ертең емшіге барып қаратып көрсек қайтеді?

Өмірбай: Қанмен жуынған қайсар басымды қайдағы бір қағылған, соғылған қайыршыларға қаратар жәйім жоқ. Болды осымен доғар бұл сөзді.

...

(Өмірбай сырттан басының мең-зеңі шығып үйіне әзер оралды)

Өмірбай. ( Маңдайын ұзақ уқалап отырып) Туу... Сынып барады... Әсемжан көкжелкемді кішкене түйгіштеп жіберші. Қан майданда жудан қашамын деп қатты жарақат алған ем, қарашы соның зардабы енді білініп жатыр. 

Әсемай. Қой, бұлай жата бергеніңіз жарамайды. Неде болса ертең ертерек тұрып, малды өріске айдағаннан кейін, емханаға барып басыңыздң ауыруын емдетіп қайтайық.

Өмірбай. Жәрайды. Білесіңбе Әсемжан? Сондағы адам шошырлық қанды қырғында бар ғой, Оспан батырдың өзіне ойламаған жерден бірнеше рет шабуыл жасалды. Қазақтың әлгі " Батыр - аңқау, сенгіш" келеді дегені рас екен. Сол жолы Осекеңнің бас амандығы үшін, арнайы жасақталған арамыздағы бірнеше ,батыр жігіттерден іріктеліп алынып, ол кісінің күркешесінің алдына қарауыл қойылған болатын. Кенет жым-жырт, қап-қараңғы қапас түнде, әлде біреу байқатпай Оспан ұйықтап жатқан күркеге кіріп, оны жансатпақшы болып жатқанда, менің аяқасты сезіктеніп қалып, жатқан орнымнан қарғып тұрып, әлгімен айқаса кеткен азулылығымның арқасында, қанды қолды оп-оңай-ақ қолға түсірдік.

Әсемай. Ойбаййй...! Қандай қорқыншты. Сіз жазым боп қалсаңыз қайтер едік? Үйдегі ата-апам қайтер еді? Неге осыны ойланбағансыз... а... Қайта құдай сақтаған екен.

Таңжарық. Әй, барсыңдар ма үйде? Өмірбай әй Өмірбай...! Құдаларға апарпатын малды әклді. 

Алтыншы сурет

Өмірбай қайын жұртна өзінің көрші інісі Тәліммен бірге Әсемайды алып кетуге бара жатып жарты жолдан үйіне қайтады.

Өмірбай. Апа, апа су-су беріңізші кенезем кеуіп барады. 

Ақбала. Не болды балам тыныштықпа? Түрің аза тұтқан кісідей қуарып кетіпті .

Өмірбай. Түүү... Сұрақ астына алмай тұра тұрыңызшы апа. Таңдайымды жібітіп алайын.

Таңжарық. ( Сыртқы шаруа жәйін реттеп тастап үйге кіреді)

Әй, мына отырысың не? Кеткенің жаңа ғана еді ғой...

Өмірбай. Әке құрыдым мен, құрыдым. Жаңа Бөкелердің ауылына жете бергенімде Жол жөнекей азат кезігіп қалды маған..

Таңжарық. Иә, ол не дейді? 

Өмірбай. Оспанның соңынан ілескен сарбаздарға қудалау жүріп жатыр екен. Бөкелердің ауылындағы бірталай жас жігіттерді "Оспанның құйыршықтары" деп тұтқындап әкетіп жатыр дейді.. Осының барлғы сіздің кеселіңізден болды әке. Әуез шалдың айтақтауына еріп, өз кезінде сөзіме құлақ аспап едіңіздер... Ал енді не болды? "Отан, намыс" деп өтірік ұрандағаныңздан не шықты? Мақұл бардық, соғыстық сондағы көріп отырған нәтижеміз осыма? Әлде қаптаған қара қытай мені аяйды деп отырсыздар ма? Мен түгілі сіздерді де, сіздерден тараған өрім бутақтыда аямайды керек десеңіз.

Таңжарық. Тарт тіліңді...

Ақбала. Бапаным-ау, мұның не. Әкеңе тіл тигізбесеңші...( жалайды)

Өмірбай.  Сәбет шекрасының жабылуына үш күн уақыт қалыпты. Біз тездетіп бүгін қимылдып қалмасақ үлгермейміз .. 

Таңжарық. Келінді қайтеміз сонда...?

Өмірбай. Келіндеріңзге Тәлімді жібердім. Бұйырса бірер күнде шекара түбінде жолығатын болдық.

Таңжарық. ...( Абдыраныңқырап) Мал-жанды қайтеміз ? Бәрін тастап кетеміз бе осылай?

Ақбала. Айтып отырған малың не сенің. Өлсе қалатын боқ дүние жалғызыңнан артық па еді. Өз қолымыз өз ауызымызға жетпей өгей күннің күйін кешкенде де өлгеміз жоқ. Мұндағы жұрттың арасына келіп абиур табамызба дегенде, алапаты елді шарпыған арсыз аштық пен соғыс, аяусыз елді қан-қақсатып отырса, қай жәйдағыны қопсытып сен не деп оттап отырсың. (пауза) Бір баламнан айырылып «Аһ» ұрып отырғаным аздаияқ, тағы біреуінен айырып қан құстырғалы отырмысың мені.

Таңжарық. ( Едәуір ойланып отырып) ... О... Жалған-ай десеңші! Менің бала кезімде қалың қазақ аштықтан қырылып, ауыр нәубетті заман бастарына орнаған соң, бас сауғалау үшін тау асып, тас басып қытай жеріне келген еді. Жол бойы сан-мың қауыпты-қатерге жолығып, жүздеген, мыңдаған адамның көмусіз қалған мәйіттері қарға, құзғынға жем болған. Сондай сорақы, ашынышты оқиғаларды көзіміз көрді. Мұнда елден қашқан елеусіз, кірме атанып келіп жат жұртта әзер орнығып, орын теуіп қалған шағымызда, кесапаты келелі елдің керегесіне кептелген, кесірлі аштықпен клеңсіз күйге ұшыраймыз деп, мархұм анамнаң мүрдесі қалған қу моланы тастап, қайтадан сабылғалы отырмын ба сонда...?

Ақбала. Шал-ау, "Өлі арыстаннан тірі тышқан артық" деген. Сүйектері қурап қалғанна жарты ғасыр уақыт өткен адамдардың моласын жоқтар не көрінді саған. Балаңның тағдыры қыл үстінде тұрғанда бұл не қылғаның.

Таңжарық. Жә... "Басқа түссе баспақшыл" деген. Енді қалғанын жүре көрерміз. 

Жетінші сурет

Шихай. Құрметті жолдастар! Кешегі халықтың, жартысынан көбі шекарадан өтіп болды. Ал бүгін, қалған топпен бірге, 300 ден аса адамды, шекарадан өткізуге жоғарғы жақтан бұйрық беріліп отыр. Сондықтан кешкі сағат алтыдан кейін барлық қызымет жолдары бекйтін болады. Тездетіп үлгеріңіздер!

Таңжарық. Япырай, келінге не болып қалды екен? Мұнша кешікпеуге тиіс еді. 

Ақбала. Үйде жүргенде де үнемі осылай сүйретіліп жүретін. Ол келемін дегенше шекара бекіп кетпесе болды әйтеу. Мына пйғылына қарағанда төркініде қалғысы келтін түрі барау..

Таңжарық. Әй жағың қарысқыр-ай, жар басында тұрсаңда жаныңнан бір жақсы сөз шықпайтын болды-ау сенің. Жолда келе жатқан шығар. Сонша неменеңе түңіліп отырсың.

Ақбала. Енді дәл қазіргі тар кезеңде тәптіштенбей тездетіп жетсе болатын еді ғой. Жалғызымның сорын қайнатып соқа басым сопайып қалсам деген ғапылдық емей немене мынау!... Айналып келгенде осының барлығы сенің кеселіңнен. Сол қатынды " келінім-келінім" деп әбден өбектетіп бетімен жібердің...

Таңжарық...

Шихай. Құрметті жолдастар! Шекраның жабылуына жарты сағат қана уақыт қалды. Тездетіп үлгеріңіздер. Кешкі сағат алтыда балық қызмет жолдарын тоқтатамыз. 

Ақбала. Құдаййй! Мына келінді күтеміз деп күресінде қалдық-ау! Жаңадан бері қаншама адам тұтқынға түсті. Осылай сарыла күтіп отыра берсек өз түбімізге өзіміз жетеміз...Жинал бол! ... Құлқымыз үзіліп, шырқымыз бұзылғанда, шыбын жанымды шжғырған кездері аз болыппа еді әкеңнің. Мен бала таппай баспалап бақсы кезіп жүргенде, бір жола менен үмітін үзіп " Бала белде, қатын жолды" деп қайғылы басымды қан қақсатқан осы алжыған емеспе еді. Енді келіп келіншіл бола қалуын. Келіннен садаға кеткір... (пауза) Өрім бұтағымызбен құрып кетпей тұрғанымызда тездетіп шекарадан өтіп алуымыз керек. Әйтпесе тұқымымыз тұздай құриды...

Таңжарық. Балам-ау! онда артта қалып бара немерелерімізді қайтеміз? Осылай зар еңіретіп тастап кете береміз бе?

Ақбала.  Қолдан келер не шара бар? ... Жоқ жерден жанашыр болғаныңды қоя тұршы әзірге... Саған салсақ түрменің түбінде шіритін шығармыз құдай біледі...

Өмірбай. Көке, апа, жетер енді...! Сөзді ушықтырмай қоя тұрыңыздаршы...

Ақбала. Омашжан балам осы істеліп жатқанның барлығы да сен үшін. Өмірің алда, жассың. Жаратқанның, Әсемайыңнан басқада бір бұйыртқаны бар шығар саған. Үмітңді үзбе шырағым! (пауза) Неменеңе мелшиіп тұрсың ... Жүріңдер енді қозғалайық.

Сегізінші сурет

Шекара айналасы алқынған адамға толы. Үміт пен күдік қатар шапқан қасыретті жыл. 

Әсемай. ( Жалбарына) ...Жолдас-жолдас! ( Пауза) амалын тауып бізді де шекарадан өткізіп жіберіңізші? Сәбетке менің қыздай қосылған қосағыммен бірге ата-енем барлығы түгелі шегерадан өтіп кетіпті. Әсілі ол кісілер мені осында күтетін болған. Шиіттей ғана балам бар еді. Аяңыз мені. Жасаған жақсылығыңыз құдайдан қайтсын...

Ли Чансың. Нишы шей? Ни жияу шымы миң зы? Сіз кім боласыз сонда? Атыңыз кім? 

Әсемай. Атым - Әсемай...

Ли Чансың. Әсемай тұң жы ! Кі шы, жігі вунти бушы замын кыи же жуеды. Биенжиің игуанбей бангы шяушылы. Ни хуи чүи ба!

 Жолдас Әсемай, бірақ бұл мәселе сізбен, біздің айтқанымызбен шешілмейді... Шекраны бекіткенімізге де жарты сағаттай ғана уақыт өтті. Қайтып кетіңіз.

Әсемай. Балаларым! Балаларымды әкесіз қалтыра көрмеңіз өтінем... !

Әсемай.Түсінемін ғой, түсінем. Болмаса жасағалы отырған жақсылығыңыздың  өтемі ретінде азда болса мына алтын, сақиналарымды сыйға берейін. Қабал көрсеңіз екен...

Ли Чансың. Үшшш... ( Сұқ саусағын ауызына төсеп) Шиің лы. Шым е буяау шо. Яау бу шы чиің биен гың нән ды.

 Болды дымыңызды шығармаңыз. Әйтпесе жағдайыңыз қиынға түседі.

Әсемай. Жарайды... Жәрайды...

Ли Чансың. Ни шоды суан. Руго ни жаңфу « Шы, о жың миің омін шы фу чи ляң, омін пәй рын чүй жяу та голәй. Шың үйді шы ран хоу зай же жө... 

Дегеніңіз болсын. Егер күйеуіңіз сізді «Иә, қыздай қосылған қосағым, растаймын десе, онда артынан адам жібертіп шақыртайық, Қалған мәселені сонда шешерміз мақұлма... 

Әсемай Иә..

Ли чансың. Жұбайыңыздың аты-жөні кім?

Әсемай. Өмірбай Таңжарықұлы...

Ли чансың. ...

Өмірбайды қытай шекара қызыметкерлері Сәбетке өтер аралықтағы кең жазықта қуып жетіп, Өзін кері қайтарады.

Ақбала. Балам, байқашы мыналардан. Түстері тым суық қой. Қандай жағыдай болмасын Әйел, бала-шағаңның барын айтушы болма. Жәрайма құлыным.

Өмірбай үнсіз басын изейді.

Ли чансың. Аты-жөніңіз...? ( 2рет сұралады )

Өмірбай. Өмірбай Таңжарықұлы

Ли Чансың. Әйеліңіздің бары рас па?

Өмірбай. Жоқ. Қайдағы әйел? Оспан батырды ғұмыры көрген емеспін.

Ли чансың. Балаларыңыз ше?

Өмірбай. Ешкімді білмеймін. Өкіметке қарсы соғысқаным жоқ.

Ли чансың. Жалғыз бастысыз ба?

Өмірбай. Иә.

Тоғызыншы сурет

Алдыңызға иіліп сәлем еттім, Өмеке! Бұл өзіңіздің құдай қосқан қосағыңыз Әсемай ғой... – Бізді ұмытқан жоқсыз ба? Тым құрыса сөзім жетсін деп балаларға айтып, «сәлем хат» жолдап отырмын. Қайтейін, пешенедегі жазу солай шығар. Біз Алтайдан сабылып жеткенде қақпаны қайта ашпастай ғып жауыпты. Сіз кейінге мойын бұрмай, көппен бірге өтіп кетіпсіз.Сезіп ем келгенше сол қабағым қоймай тартып еді...

...Кешікпей Сәбеттің бір сұлуына бұғалықты салыпты деп есіттік. Қойыны құтты болса жарады. Біз пақыр сол өткен дәуреннің естелігін еміп қартайдық қой. Сіз төсек жаңғыртқан кез шығар, Аллау аппақ болып шырайланып кетіпсіз. Қасыңызға қалыңдығыңызды алып, бізден аулақтау кетіп, « Қаражорға» биін билеп жатыр екенсіз. Өксіп ояндым... Бірін айтып біріне кеттім-ау, бір тон беріп жібердім. Қайбір денсаулық қалды дейсіз, үстіңізге киіп жүргейсіз Өмеке...

Көкейімдегі күйік-шер айтпасыма қояр емес, Өмеке. Келе «Күйеуімнің соңынан бізді де босатыңыз» деп арыздандым. Неке суын іштік, қаттаулы куә қағаз қайдан болсын? Шекара бастығы иманды жігіт екен, « Егер күйеуіңіз «иә, қыздай қосылған қосағым, растаймын десе...» 

(Өмірбайдың жанары жасаурап, қолы қалтырап кетеді.)

« Өмеке-ау, «Иә, соңымда Әсемай мен қос ұлым қалды, жібере көріңіз» десеңіз, бізді шекарадан әне-міне өткізгелі тұрған. Көрші бөлмеде отырып барлық жауаптасуды есттік. Бізден танып шығып, құрбандыққа қиып кеткеніңіз қалай?! Жүрегіңіз жұмсақ еді ғой...

Әсемай. Содан бізді шекараға тиіп тұрған ауылға қоныстандырды. Қыста мал бақтық, жазда шөп шаптық. Аязда үсіп, аптапқа пісіп жүріп қос ұлыңызды қатарға қостым, Өмеке қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқтыртқан жоқпын. Ертеректе Көлсайдан бел орақпен шөп шауып жүргенімде екі тентек қыр басына шығып, арғы бетке телміретін де тұратын. Сәбет жақтан қыбырлаған қара көрсе, « Әкем келе жатқан шығар!» деп ұшып кете жаздайтын. Мен де соларға сеніп, Өмекең болса, бәлкім, есіне түсерміз деп ән бастайтынмын. Қыз-жігіт боп ай астында ақсүйек ойнап, алтыбақн теуіп жүргенде «Балапан қазды» әуелетіп шырқаушы едік қой. Есіңізде ме? Қос жетімекепен қосылып шырқаған сол дауысым құлағыңызға жетпеді ме, Өмеке?...

Өмірбай. Тірідей көмдің ғой, Әсемай! Балапандарым менің!.. Кеш сорлы әкелеріңді! Кеш!

Соңы

  17.06. 2021 – 11.03.2021

  Мұратбек Жақсылық

author

Рахымжан Отарбаев

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...