Темірғали КөпбайМолдалар бал аштыру күнә дейді. Солай да шығар... Желіккен жас қыздар болмаса, ақыл...
Амангелді Кеңшілікұлы. НЕ БОЛАДЫ КҮНІ ЕРТЕҢ?
Ауруын жасырған пендеге ажал құрық салатыны қандай рас болса, өзін-өзі алдаумен өмір сүретін мемлекеттің түбі құлап тынатыны да дау туғызбайтын ақиқат емес пе?.. Қанша мойындағымыз келмей бұлтартқанмен қатал Әлемнің алдындағы жалғыздығын қайта сезінген «алаң да, алаң, алаң жұртты» (Қазтуған) қатыгез Уақыттың қан қақсатып, зар илеткелі тұрғаны өмірдің мейірімсіз шындығы. Ұлы шешен халқы тулақтай жері үшін еңкейген кәрісінен бастап, еңбектеген баласына дейін қолына қару алып, өз мемлекетінің тәуелсіздігі мен бостандығы жолында қан төгіп жатқан аласапыран кезеңде, Қазақстан үкіметінің кеңпейілдігі ұстап, ең шұрайлы жерімізді Қытайдың қанжығасына байлап жіберіп, бұдан да сорақысы, мемлекеттік телеарналардың осы сұмдықты Қазақстанның ең үлкен жетістігі ретінде бағалауы үлкен сатқындықтың басы ғана..
Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бері ресми билік басына шын мәнісіндегі зиялы қауымның келе алмауы, қаһарлы Әлемнің қыспағында қалған аңғал қазақты алдамшы сезімге беріліп, жабайы өркениеттің айтқанына жығылып, кеңестер империясы құлағаннан кейін жасалған «соқыр идеологияның» етегінен ұстауға мәжбүр етті. Бірақ «соқырды соқыр жетектесе, екеуі де орға құлайтынын» (Матфей ХV, 13) аңғал қазақ әуелде аңғарған жоқ. Әрине «құлдырау мен өрлеу», «кету және қайтып оралу» (А.Тоинби) секілді құбылмалы дәурен мен алақұйын процессті аяғын қаз-қаз баса бастаған кез-келген мемлекет басынан кешеді. Дегенмен ұлтарақтай жер үшін де адамды адам аямайтын, экономикасы көш ілгері дамыған азулы мемлекеттер шаңырағы шайқалған, күн көрісі адам төзгісіз халге төмендеген елді түп-тұқиянымен құртып жіберудің мың түрлі тәсілін ойлап тапқан, Достоевскийдің «Албастылар» атты романындағыдай Қоғам Адамға қарсы шығып, Адам Құдайдың қарғысына ұшыраған ғасырдың аяғында, қазақ топырағындағы саяси институттардың әлсіздігі мен саяси реформаларды алға жылжытудағы дәрменсіздігі, мемлекеттік ойдың (государственная мысль) қалыптаса алмағандығынан, жерін сатуға шақ қалған солақай әрекеттер, келесі жүзжылдықта қазақ ұлтының басым көпшілігін ассимилияцияға ұшыратып, қалған бөлігін ит байласа тұрмайтын резервацияға қуып тығуы ықтимал. Өз халқының сәулетті келешегіне топырақ шашып жатқан, қандай оңбаған еді деп, сөге көрмеңіз. Егер де жаңа ғасырда Америкадағы көне үндістер секілді жер бетінен жойылып кететін екі халық болса, соның бірі қазақ бола ма деп қауіптенемін.
Ең алдымен мәдениетті өркениеттің алмастыруынан ұлттың этникалық ерекшеліктерін жоғалтуы, тілге қатысты шаралардың мемлекеттік билік тарапынан қолдау таппауы, қазақ халқын ассимилицияға ұшыратып, жергілікті тұрғындардың мұң-зарын екінші сортты проблемаға айналдыруы кәдік.
ХХ ғасырдың басында бүкіл Батыс Еуропа мәдени құлдырауға ұшыраған шақта Макс Вебер, Освальд Шпенглер, Мартин Хайдегер, Арнольд Тоинби т.с.с ойшыл гуманистер қоғамның тегершігін кері айналдырып жіберетін бұл қауіпті синдром қалай пайда болды деген сауалдың шешімін табудың жолын қарастыра бастады. Еуропаны үрей билеп, бүкіл Батыстың ойлап тапқан құндылықтары күдік тудырып, қайта зерделеніп, сарапқа салынды. Кезінде бұл үрей Ресейді де қатты толғанысқа салғаны рас. (Сенбесеңіз Л.Н.Гумилевтің өзі Тоинби, Шпенглермен теңдес тұлғалар деп бағалаған К.Леонтьев пен Н.Я.Данилевскийдің еңбектерін оқып көріңіз)
1920 жылдардың ортасына таман Еуропада өркениетке қатысты фундаментальдық үш түрлі космостық көзқарастың қақтығыс пайда болды.
«Живые культуры умирают» деп түйген Освальд Шпенглер Еуропаның келешегін жоққа шығарып, өркениетті кінәлады.
«Рационалистическая цивилизация есть деградация высших духовных ценностей культуры и та обречена» (О. Шпенглер «Закат Еуропы»)
Макс Вебер Еуропаның келешегіне сеніп, оның құлдырауы жөніндегі теорияны далбаса деп санады.
«Европейскую культуру нельзя измерять прежними ценностными критериями, на смену им пришла универсальная рациональность, что меняет представление об этой культуре» (М.Вебер. Протестантская культура и дух капитализма)
Меніңше Вебер мен Шпенглерге қарағанда 1923 жылы жарық көрген ұлы гумманист Альберт Швейцердің еңбегіндегі бұл қатерден құтылудың жолын ұсынған концепциясы шындыққа жуықтайтын секілді. Оның пікірінше Батыс Еуропа құлдыраудан құтылуы үшін шын мәнісіндегі этикалық рухани құндылықтарға қайтып оралуы қажет екен. (Қараңыз: А.Швейцер «Распад и возрождение культуры»)
Кейіннен Арнольд Тоинби «Постижение историй» атты мың бетке жуық монографиялық еңбегінде адамзат тарихында өмір сүрген жиырма бір өркениеттің тағдырын зерттей келіп «Адамгершілік пен ізгілік тек дәстүрдің аясында өмір сүреді» деп жазды.
Жиырмасыншы ғасырда қазақ ұлты дәстүрдің аясында өмір сүруден тым алыстап кетті. Сондықтан бізде дәстүр жалпыұлттық сипат алудың орнына номенклатуралық истеблишменттің анда-санда көңіл көтеретін экзотикалық шоуына айналды. Біздің мәдениеттанушы ғалымдарымыз дәстүрлі мәдениетпен тікелей қатынасқа түсіп, диалог-полемика жасаудың орнына тек белгілі дүниелерді қайталап, констатация жасаудың ауылында төркіндеп қалды. Азаттық алғаннан кейін мемлекетіміздегі жер асты, жер үсті, тіпті рухани байлықтарымыздың да қожайыны Батыс боп шығуы аз нәрсені аңғартпаса керек.
Жалпы осы уақытқа шейін біздің қоғамда Батыстың руханияты мен адамгершілігі туралы тым біржақты көзқарас қалыптасқан. Белгілі әдебиетші, әрі тарихшы Вадим Кожиновтың айтуынша, қаһарлы Иванның кезінде Ресейде төрт мыңға жуық адам өлім жазасына кесілсе, дәл сол уақытта Еуропада бес жүз мың адам айуандықпен өлтірілді. (Қараңыз В.Кожинов «История Руси и Русского слова от истоков до смутного времени») Тіпті, бір Варфоломей түнінде Францияның королі ІХ Карл мыңдаған адамдарды отқа жағып жіберді. Айуандықпен өлтірілген гугеноттардан Париждің көшелері қан сасыды. Сонымен қатар Австралияға ақ нәсілділер келгенге шейін жергілікті халықтың саны 250 мың болған, қазір қырық мыңдайы ғана қалған көрінеді. Олардың өзі ең жаман жерлерде, резервацияда тұрады.
Аяулым! Батыс Еуропа басынан кешірген тарихи оқиғаларды мен қызыл сөзге қызыққандықтан ғана тізіп отырған жоқпын. Батыс Еуропаның кешегі өмірі мен Қазақстанның бүгінгі тағдырына параллель жүргізу үстінде бір шындықты аңғарғандаймын. Үкімет Еуропаның саяси модельін қабылдау арқылы Қазақстанды Батыстың саяси коллониясына айналдырып жіберіп, егемендік алғаннан бергі жасалған аморфты (борпылдақ) идеологияның осалдығы сезіліп қалды. Егер де Үкімет алдағы уақытта өз жанына ұлттық идеологияны жасай алатын саяси элитаны топтастыра алмаса Қазақстандағы бүкіл билік мемлекетті сүліктей сорып орға құлататын антисистемалық күштердің ықпалында кетіп қалуы мүмкін.
Қоғам катаклизмаға ұшыраған кезде руханияттың орнын өркениет алмастырып шынайы құндылықтарды санадан тықсырып, құнарлы топырақта туған ұлттық мәдениетті жойып жібереді. Мәселенки эллиндік мәдениеттен кейін Римге келген өркениет руханияттың құлдырауына әкеліп соқтырып, жауыздық, қастандық, алауыздық, екіжүзділіктің қанат жайылуына, этикалық, моральдық нормалардың бұзулуына ықпал жасады. Өркениет әр қашан, әр кезеңде өзінің территориялық кеңстігін кеңейтуді өзге халықты ассимилияцияға ұшырату арқылы жүзеге асырып отыратындығын Клод Леви Стростың (Первобытное мышление) еңбектерін оқу арқылы көз жеткізу аса қиындық тудырмайды. Адамның психологиясын өзгерту арқылу мемлекетті жаулап алу, қантөгіссіз, шығын шығармай, орасан мол ақша жұмсамай, тіпті өз мемлекетінің атына кір келтірмей өзге елдің қожайыны болудағы өркениет үшін ең тиімді жол. Өркениеттің ең басты мақсаты «интелектуалдық деңгейде әлемдік билікке ұмтылу болып табылатынын» Артур Шопенгауэр 1819 жылы жарық көрген еңбегінде (Мир как воля и представление) жазған-тын. Кейіннен бұл концепция Прудон, Бабель. Фейербах. Энгельс, Маркс, Вагнер, Дарвин, Дюринг, Ибсен, Ницше, Стриндберг, Шоудың еңбектерінде кеңірек дамытылды.
Ұлттық идеологияның әлсіздігі қазақ халқын дәстүрге емес, жабайы өркениеттің айдағанына көніп, айтқанына ергізіп жіберді. Тәуелсіздік алғаннан кейін тіліміз мемлекеттік дәрежеге ие болды деп қанша қуанғанымызбен, іс жүзінде бейшара күйге түсіп, теледидардағы қазақша хабарлардың сағаты қысқартылып 12 пайызға әупірімдеп әрең жетуі, ана тіліміздің келешегіне қатысты сенімсіздікті ұлғайта түсері хақ. Егемендік алғанмен дәстүрің жаңғырып, тілің дамымаса тәуелсіздігіңнің де құны соқыр тиынға татымағаны. Ғылыми деректерге жүгінсек Қазақстанда төртжүзден астам ғана орыс тілінде шығатын басылым бар, ал қазақ басылымдарының санының саусақпен санарлықтай екендігі ресми биліктің қазақ тілінің тағдырына қатысты немқұрайлы көзқарасын аңғартса керек. Басқаша сөзбен айтқанда тіл ресми билікке қалың елдің сезімінде ойнап, жеке амбициялық мақсатын жүзеге асыру үшін ғана қызмет ететін таптырмас құрал ғана болып отыр.
Бір өкініштісі тілге қатысты дау-дамай қозғалса болды, Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып жатыр сынды саясат жалын күдірейтіп шыға келеді. Соңғы уақытта бұл саясаттың тақымын қысқаны соншама, тіпті қазақ тілінің еңсесін көтеруге мұршасын келтірмей бара жатыр. Мысалы ҚХРП ның белсенді мүшесі К.Тоғызбаевтың «Патриотизм и безопасность Отечества» атты мақаласының өзі неге тұрады.
Тоғызбаевтың айтуынша қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, елдегі қауіпсіздіктің әлсіреуіне әкеп соқтырады-мыс.
«Властями декларируется но явно не учитывается, что через русский язык народы Казахстан наиболее эффективным образом приобщаются к ценностям мировой цивилизации, что несомненно увеличивает шансы на выживание казахстанского обшества и госсударста. И наоборот проекты подобные предложениям 70 ти при реализации способны подарвать в конечном итоге состояние безопасности страны».
Меніңше, бұл іспеттес сөздердің соңғы кезде орыс тілді басылымдардың беттерінде бой бермей өршіп кетуінің астарында елдің, тіпті орыс халқының да емес, жеке топтың мүдде-мақсатын көздейтін саясаткерлердің мысық тілеулес пиғылы бұғып жатқанға ұқсайды. Әрі-беріден соң бұл сыңайдағы саясаттың отын маздатып жүрген орыс, еврей, кәрістер немесе басқа ұлттың өкілдері емес, орыс тілді қазақтар екені көңілге өкініш ұялатады.
Ең алдымен тіл әдемі сөздердің жиынтығы ғана емес, мемлекеттің тұрғыда ойлаудың (системность мышления госсударста) құралы. Ғасырымыздың басында Ұлы Британияда ирландиялықтар егемендік алып, өз ұлтының тілін мемлекеттік деп жариялағанына тарих куә. Дегенмен ғылыми деректерге жүгінсек, жетпісінші жылдардың ортасына таман 3,5 миллионнан астам ирландиялықтардың 70 мыңдайы ғана өз ана тілін білетін болып шықты. Мұның ең басты себебі ирландиялықтар өз ана тілін мемлекеттік ойлау жүйесіне айналдырып, ұлттық саясатының мығымдығын таныта алған жоқ. Сондықтан «орыс тілді проблеманы» қайта-қайта көтере беру, белгілі топтың ұпайын түгендеу алдындағы саяси ойыны және кешегі кеңестік империядан қалған құлдық психологияның бір көрінісін екенін анық аңғарасың. Сонымен қатар мемлекеттік және коммерциялық телеарналарды орыс тілді қазақтар мен орыстардың игілігіне беріп қою, ресми тұрғыдан қазақ тілін мойындатпаудың ең ұтымды тәсілі. Ресми билік бүгінгі уақытта орыстың емес, қазақтың оянып кетуінен сескенеді.
Құрдымға кететін мемлекет –жалтақ саясатты ұстанатыны әлімсақтан әйгілі, бесенеден белгілі ақиқат. Бір ғажайыбы Қазақстанда адам құқығы бұзылып, саяси қудалау күшейген сайын халықты демократиялық процестерді ілгері жылжытуға шақыру күшейе түседі. Егер де сөз бостандығы немесе демократия туралы ресми билік көп айта бастаса, біздің мемлекетте ақиқатты айтамын деген шын мәнісіндегі зиялыларды қудалай немесе оларды халықтың жауы қылып көрсететін науқан белең алып шыға келеді. Кезінде Мұрат әуезов ең алғашқылардың бірі боп жерге қатысты дабыл қаққанда жер-жебіріне жетіп жамандаған ресми қазақ басылымдары емес пе? Енді Қытай Қара Ертістің суын таяу уақытта бұрып алмақшы көрінеді. Оны бұрып алатын 330 шақырымға созылған Қара Ертіс- Қарамай каналы да даяр тұр. Кезінде үкімет бұл мәселені асығыс шешкендігінің кесірінен үшінші мыңжылдықтың басында Қазақстанның көптеген аймақтары сусыз қалуы мүмкін.
Менің ойымша Президент халық үшін шын мәнісінде қабырғасы қайысатын хас зиялыларды үкімет басына тарта білгені абзал. Қазіргі үкімет басына жиналған үркердей топ елді де, Ел басын да алдап мемлекеттің беделін түсіріп жатыр. Егер ресми биліктің солақай әрекеттері ауыздықталып, шынайы демократиялық жолға түспесек Қазақстанның ендігі жерде бүкіл абырой-беделінен айырылатынына шәк жоқ. Бұл өзге елдердің мемлекетімізге деген сенімсіздігін ұлғайта түседі. Сондықтан еңсесі биік ел боламыз десек, бесігімізді түзеп, ұлтты білдірмей құртып жіберетін антисистемалық саясаттан бас тартпақ керек. Ол ағылшын немесе орыс үшін емес, қазақ халқының жойылып кетпеуі үшін қажет.