Мұхит Жақсылықұлы. Өмірімді өзгерткен қыс

ӘДЕБИЕТ
36832

(Естелік әңгіме)

1979-жылы бұрынғы Свердловск қазіргі Екатеринбург қаласының политехникалық институтында IV курс оқып жүрген кезім. Жаңа жыл мерекесі өтісімен кезекті емтиханға дайындалып, үй тапсырмасына берілген құрылыс жобасын сызып жатқанмын. Бұл 1979-жылғы 3 қаңтары еді. Таңғы 10 шамасында I курста оқитын Бабақұмар деген жігіт «Срочная телеграмма» деп жазылған тілдей қағазды қолыма ұстатты. 

Жеделхатта «Тез кел, анаң хал үстінде жатыр» деген бір ауыз сөз жазылыпты. Осы сәттен бастап менің тып-тыныш тұрған алаңсыз өміріме үлкен қара дауыл келіп соққандай, барлық  арман-мұратымның астаң-кестеңі шықты. Басыма келген жалғыз ой, анама тез жету ғана болды. Не болса да жазған жобамды өткізіп кетейін деп, мектепке жүгіріп бардым. Өзім жасаған құрылыс сызбаларын мұғалімге дұрыстап айтып та бере алмадым...

Мұғалім Э.М.Семенов деген ұзын бойлы, еңкіштеу келген қасқа бас кісі әрі-бері сұрап көрді де, бетіме қарап аңтарылып отырып ештеңе шықпасын сезгендей 3 деген баға қойып берді. Ол кезде 4 не 5-ке жауап берердей менде шама да жоқ еді... 

Жүгіріп шет ел студенттеріне жауапты декан Николай Павлович Селивановқа келдім. Телеграмманы көрсетіп едім: «Кетпейсің, Елшіліктен рұқсат керек, басыңды қатырмай сабағыңды оқи бер» деді. 

Өмірімде мұндай күйінбеген шығармын. Бетіне қарап тұрып: «Анам жалғыз ғой, егер оны жоғалтсам, маған қайтадан ана табылмайды, ал оқу табылады, сіздің айтып тұрған сабағыңызды қойғаным бар! Рұқсат бермесеңіз де кетемін!»  деп шығып кеттім. 

Есік алдында қайда барарымды білмей тұр едім, аспирантурада оқитын Төлеубай ағай келіп қалды. (Төлеубай Нығырбайұлы қазір Алматы қаласында тұрады) Жасынан жетімдік көріп өскен сұңғыла азамат деканды көндіріп, Елшілікпен сөйлесіп, ақыры Москвадан: «Отбасы ауыр жағдайына байланысты бір ай мерзімге Моңғолияға барып келуіне болады» деген рұқсат алып берді. 

Ендігі мәселе жолға қажетті қаражат табу болды. Сол күні Свердловск қаласында оқитын ұлты қазақ студенттер асарлатып жолыма қажетті қаражатты жинап берді. Аяғымдағы бәтеңкемнің ескіргенін көрген досым Байтелиев Мұрат Әмірбекұлы (Қазір Түркістан облысы, Жетісай қаласында тұрады) өзінің аяғындағы жаңа бәтеңкесін маған кигізді. Бірге оқитын жанашыр, жақыным Тілеухан Әбуұлы түнгі 3-те Новосибирск қаласына ұшатын ұшаққа отырғызып, ақылын айтып қала берді. 

Түнгі 5 кезінде біз мінген ұшақ Новосибирскіге қонды. Әуежайда таңертеңгі 10-ға дейін болып, Барнауыл қаласына ұштым. Барнауылға келсем, Моңғолия шекарасына жақын Қошағаш ауылына баратын ұшақ жарты сағат бұрын ұшып кетіпті. Ақыры ертеңгі ұшаққа билет алдым да Сибирь атты қонақ үйге қонып шығуға орын алдым. Күндіз қала аралап келіп ерте жатқаныммен, шешемнің аяулы бейнесі көз алдымнан кетпей түні бойы ұйықтай алмадым. 

Таңнан тұрып таксимен әуежайға келіп елдің алды болып ұшаққа отырдым. Ұшақ ішінде аяқастынан Совет Одағының бір қаласында кәсіптік техникалық училищеде моңғол студенттеріне жауапты қызметте жүрген, өзім кезінде орта мектепте оқып жүргенімде Орыс тілінен сабақ берген моңғолиялық қазақ мұғалімімді жолықтырдым. (Атын атамауды жөн көрдім) Шүйіркелесе кеттік. Ұзамай ұшақ Қосағашқа келіп қонды. Әркім шағын аэропорттан өз-өз таныстарын күтіп алып кетісіп жатты. 4-5 адамы бар бір УАЗ-469 мәшинаға сөйлесіп, 5-6 шымданы мен зілдей ораған кілемін салып беріп, әлгі таныс мұғалімімді отырғызған мен өзім көлікке сыймай далада қалдым. 

Жан-жағыма қарасам әуежай басында бірде-бір мәшине қалмапты. Аудан орталығы он-шақты шақырымдай жерде. Ақыры сөмкемді арқалап орталыққа қарай жаяу жүгірдім. Алдымнан қарсы соққан қыстың ызғарлы бораны бет қаратпайды. Сонда да кешке дейін Моңғол мен Совет елі арасындағы шекара бекеті Ташантаға жетіп, мүмкіндік болса бүгін шекара асып кетсем екен деген оймен қаратер жүгіріп келемін. Ақыры аудан орталығына келіп, Моңғолияға бензин таситын көліктердің біріне отырып, кешкі 5 аса Ташантаға жеттім. 

Ташанта бекеті сағат 4-ке дейін ғана жұмыс істейді екен. Шекара жабылып қызметі қалған. Сүлкінім түсіп, ағаштан салынған жұпынылау қонақүйге келдім. Қонақ үйге менен бұрынырақ келген әлгі мұғалімім де орналасып алыпты. Бір түйеге жүк болар заттарын да төрдің алдына үйіп қойыпты. Екеуіміз де түні бойы ұйықтай алмай шықтық. 

Ол кісі маған өз уайымын айтып, алып келе жатқан дүниелерін шекарадан қалай асырсам деумен көз ілмеді. Мен ауру анашымның денсаулығы не болды екен, аман-есен сауығып кетсе шіркін, ақ-қар, көк мұзда алыс жерден неге шақырттыңдар, деп еш ренжімес едім, барғанымда алдымда бұрынғыдай жайдарланып, мені көріп қуанып отырса екен деп, бір үмітпен Құдайдан тілек тілеумен болдым. 

Осылайша қыстың сарыла күткен ұзақ сары таңы да әрең атты. Мұғалім жүктерінің бір бумасын маған ұстатып, төрт қол сағатын екі қолыма екі-екіден тағып берді. Осылайша, Ресейдің шекарасынан аман-есен өттік. Бұрын келген бензин мәшинсына жасы үлкен сол кісі отырып Моңғол шекарасына қарай бет алды. 

Маған келесі көлік келгенше жарты сағаттай тосудан басқа амал жоқ. Айналада ұйтқи соққан қарлы бораннан ештеңе көрінбейді. Мен мінген мәшина жолай бұзылып жүрмей келе жатыр екен. Осылайша, ілдебайлап отырып екі ел шекарасының орта тұсына келгенде мәшинаның суы қайнап жүрмеді. Қайта-қайта тоқтап жүргізуші екеуіміз радиаторға қар ерітіп құйып отырып Моңғолияның Қызыл үй шекара бекетіне дейінгі жарты сағаттық жолды үш сағат жүріп әрең жеттік-ау. Шекарада тексерісінде бір мәселе болған-ау шамасы, адамдар күбір-дыбыр болып жүр, сұрастырсам әлгі мұғалімнен «үлкен кілемге ораған мың дана ши-қалам шығыпты» десті білетіндер. Ол кісіге қарайлайтын шама да жоқ, шекара асырып бер деген дүниелерін қолына ұстаттым да, көліктен қалмайын деген оймен Ақкөлдің орталығына қарай тарттым. Бар ойым – өз үйіме тезірек жету ғой.

«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, жүк-тасымал орталығы Ақкөлде он жыл бірге оқыған досым Сәулехат жолыға кетті. Жайымды білген ол дереу асханаға апарып тамақтандырып, Өлгейге жүргелі тұрған жүк мәшинасын тауып отырғызып жіберді.  

Жолдың қары қалың әрі боран қатты болғандықтан, көлігіміз бірнеше рет жолдан шығып кетіп, аунап та қала жаздап Өлгеймен Ақкөл ортасындағы Шыңдаба кезеңінің үстіне әрең шықтық. 

Кеш бата Өлгей орталығына жетіп, бізге туысқан болып келетін әрі он жылдық мектепте директорымыз болған Қапшан ағаның үйіне келдім. Мінезі ашық Шәрипа жеңгем көзіне келіп қалған жасты іркіп, бетіме тура қарамай құшақтап амандасты да ас бөлмеге кіріп кетті. Ағамыз сабырлы, салмақты кісі еді, ештеңе болмағандай «Жаңа әкеңе сөйлестім, жеңгей бірқалыпты екен, бүгін кеш болып кетті, жақсылап демал. Ертең бір мәшинаға Хотгор шахтасынан көмір арттырып Бұлғынға жіберу жөнінде автобазға сөйлесемін» деп, үйдегі телефонын қолына алды. 

Жолсоқты болып әбден шаршаған басым бойым жылынып, ар жағыма ауыл қонысымен ұйықтап қалдым. Бірақ, дәл осы күні анамның дүниеден қайтқанын, аға-жеңгемнің жаманат хабарды мен келердің алдында ғана естігендерін кейін білдім ғой, әттең! 

Ертеңінде мен жолға шығарда Өлгей орталығында қара боран қатты болды. Көшеге шықсам, көз аштырмайды, құм шелектеп жауған жауындай тынысыңды тарылтып әп-сәтте ауыз-мұрын, етек-жеңіңе толып қалады. Сонда да он жылдық мектепте оқитын туған бауырым Қадырбекке барып, анамыздың жағдайын айтып, өзім кетіп бара жатқанымды білдіріп келдім. Ештеңе естімеген ол көзі жасаурап, мөлтеңдеп қала берді. 

Хотгордан көмір артқан самосвал түс ауа келді. Қыста күн тез батады ғой, қараңғы түсе жолға шықтық. Шопыр егделеп қалған Зұлпыхар деген кісі екен, қайта-қайта «Әй, мына қарлы боранда Улақшын кезеңінен аса алмаспыз» деп қояды. Анама жету ғана жалғыз тілегім болған маған мәшиненің жүрісі өнбегендей, іштей қанша асықсам да амалсыз шыдаудан басқа амалым бар ма?!. 

Түн ортасында Делуін сұмыны орталығына келіп, бізге жамағайын болып келетін Монай ағайдікіне келдік. Ол кісі расында, Улашын кезеңінен жүк артқан машина аса алмайтындықтан Бұлғын сұмын басшысы Қыстаубай дарғы өзінің жеңіл УАЗ мәшинасын бізге қарсы жібергендігін, мәшина жолда бізге кезігетіндігін айтты. Делүннен жиырма шақырымдай алыстағанда алдымыздан жіберген жеңіл мәшине де шықты. Жүргізушісі Қабден ағай жанында бізге көрші болып келетін өзіміз Көктышқан атап кеткен Мизамхан деген жігіт бар екен. Анамның жайын сұраған маған екеуі де: «Жеңгейдің хал-жайы бірқалыпты» деп жауап берді…

Мәшинаның алдын бөгеген қалың қарды күреп, артына шегініп сырғып кетпесін деп тас қойып, кейде екі жақтап итеріп жүріп түн ортасы ауа жұлдыз тигендей биік Ұлақшын кезеңіне де шықтық-ау! Кезеңнің үсті бет қаратпайтын үскірік, ақ боран. Аялдамай, ылдиға тарттық. Қараңғыда жол бойы ештеңе көрінбейді. Қайта-қайта омбы қарға батқан мәшинаны қазып шығарып алып аздап алға жүреміз, ол қайта батады. Осылайша бір тоқтап, бір жүріп отырып Улақшын сайының аузына шыққанда таң да атты. 

Жазыққа шығысымен мотор үні өшті. Себебі, түні бойғы ауыр жүрістен болып бензин біткен екен. Бензин ала қоятындай жақын жердегі Елт елдімекені кем дегенде он бес, жиырмадай шақырым жерде алыстан көрінеді. Не істеу керек? Аяқ-қолымыз сірескен малмандай су аралас мұз-қырман, сықырлап қозғаламыз. Ары-бері жүрген жолаушы біреу кездеспесе, мына боранда өзіміз үсіп өлетіндей халдеміз. 

Мен не де болса Елтыға жаяу барып бензин алып келемін деп шештім. Бұл ойымды жанымдағы азаматтарға айтып едім, екеуі де шошып кетті. «Жоқ, жете алмайсың, Жолтыға қарағанда бағана өзіміз қорасынан өткен Обайхан шалдың қыстауы жақынырақ, сол жерден барып ат мініп, Жолтыдан бензин әкелейік» десті. Мен Қабден ағаның бұл айтқанына көнбедім. Ол кісі ақыры тарығып: «Онда қолыңа күрек ал, жолда қасқыр жеп кетпесін, ал Көктышқан сен жаңа өзіміз жанынан өткен ауылдан ат алып кел, мен мәшинада сендерді күтейін» деді. 

Қолымда күрек, қалың қарды омбылап жүгіріп келемін. Боран аздап басылғанымен, аяз бет қаратпайды. Аяғымдағы Мұрат досым берген бәтеңке сіресіп мұзбен қатқан. Өзіме-өзім: «тоқтап қалмау керек, не болса да тезірек Жолтыға жетіп, бензин әкеліп кеш батқанша анама жетуім керек»  деп қоямын. 

Хал үстінде жатқан қайран анам көзіме елестегенде баяулаған жүрісім жеделдей бастайды. Бір жарым сағатта ел шетіне ілініп, алдында Қабден ағай айтқан тракторшының үйіне келдім. Мені таныған тракторшы: «Қазір бензин әкеліп, тракторды тамыза берейін, сен пешке киіміңді кептіріп, бір-екі шыны шай ішіп ал» деп, шығып кетті. Ұзамай трактормен бензин алып мәшинаға да жеттік. 

Атқа кеткен Мизамхан ағай да жанына бір азамат ертіп келген екен. Үшеуіміз қиын кезде жанталасып жәрдем еткен жігіттерге рахметімізді айтып жүріп кеттік. Орта Жырғылтының аузына жеткенде алдымыздан қолдарында күрек-саймандары бар бір топ жігіті бар жүк мәшинасы (Минжүүр ағай) кездесті. 

Бізді іздеп шыққан беттері екен. Амандасқан азаматтардың ешқайсысы бетіме тура қарамайды. Алғаш рет «Осы анам тірі ме екен, ә? Егер, олай болмаса не істеймін?!» деген үрейлі ой көкейіме келді. Жүргізушіге: «Мәшинаны тоқтата тұрыңызшы!» дедім. Кәбинадан секіріп түстім де анадай жерге барып көкірегімді қысқан өксікті басып, өзімді сабырға шақырып ойланып тұрып қалдым. 

Иә, әкемнің түрі анау, дімкәс, сырқат адам. Үлкен апайым алыста Налайхан жақта, ол кісінің аяғы ауыр деп естігем, өзімнен кейінгі Бәшә жиырмаға жаңа толды, енді ғана бойжетіп келе жатқан жас қыз, он сегіздегі Сиез күзде алысқа әскерге кеткен. Ең кішіміз Еркінбек 2-ге енді толады, (соңғы кенже боп тууға тиісті сәби өлі туыпты, сонда соқырішек те қоса қабаттасып осы ажал болыпты) Қайырбек 3-те, Болат пен Гүлдәурен 5-те, Майра 7-де, Мұхтар 9-да, Ниязбек 11-де, Дәуірбек 13-те. Немере атамыз асырап алған баласы Қадырбек 16-да. Мен осындай ауыр мұңымды кімге шағамын?! Мен жыласам олар не болады? Енді әкеме тіреу, бауырларыма сүйеу болуым керек шығар, көз жасымды, жасығанымды оларға көрсетпейін деген оймен бекіп, көзіме келіп қалған жасты сүртіп мәшинаға оралдым. Сағат күндізгі үштер шамасында сұмын орталығына жеттік. Біздің үйдің алды қара тобыр халық қаптап жүр. Мені екі күн күткен халық ақыры тарығып күн батқаннан бұрын арулаған сүйекті жер қойнына тапсырмақ болып үйден шыққан беттері екен. Мәшинадан түскен бойда сүйекті көтеріп тұрған топқа қарай жүрдім. Алдымнан шыққан молда көңіл айтып: «Қарағым, арулаған адамды бөгеуге болмайды ғой!» деді. «Соншама жерден аңсап келген анамның жүзін бір көріп қалмай қалай қара жерге тапсырамын, көрсетіңіңізші!» деп, жалынып тұрып алдым. Тарыққан молда үйден алып шыққан  денені бұрғызбай шегіншектеп отырып, киіз үйге алып кіріп, ақыретті аздап ашып: «Арулаған мәйітке көзіңнің жасын тигізбе!»  деді. Анамның қан-сөл жоқ аппақ жүзін көргенде өрекпіген жүрегім тоқтап қалғандай, демім үзілгендей, аспан айналып жерге түскендей есім шығып кетті. Тәлтіректеп барып бойымды әрең жинап «Рұқсат, енді» дедім, көзімнен жасым тоқтамай ағып бетімді жуды. Енді, ойласам, сол кезде мына қу дүние иен қалғандай, айдалада қаңғып жалғыз тұрғандай, жетімдік тақсыреті мойыныма келіп түсіп еді…

Анам ауырғалы екі айдың жүзі болыпты, өзі күні таяған екіқабат. Бұрыннан анда-сонда ұстап қалып, дәрі ішкенде тарқап кететін соқырішегі ақыры түбіне жеткендей бопты. Сөйтіп, аяғы ауыр анамыз соқырішекпен қайта ауырады. Дәл анамыз осылай қысылған сәтте әкеміздің қолына шыққан жалғыз жара шыдатпай ауырып, ол кісі де ауық-ауық есінен танып қалады. Ақыры, соқырішек ұстаған анамызды аймақ орталығындағы үлкен ауруханаға (300-дей шақырым) апаруға мүмкіндік болмай, ауылдың ауруханасына жатқызады. Демалыс күні болса керек, ауылдағы жалғыз дәрігер Мизан емші қонақтан келіп, сырқатты көреді. Аздап қызу екен, ол кісі: «Соқырішегі ішіне жарылып кеткен сияқты, аймаққа алып жүруге болмайды, дереу әпресия жасау керек» деген шешімге келеді. 

Кеш болып қалғандықтан, электр жарығынсыз ота жасауға болмайтындықтан біреулер бұзылып жатқан дизель моторды жөндеп, тоқ беруге кетеді. Аптекадан денені жансыздандыратын новокаинді дайындатып алмақ болса, оған жауапты Жәнәпия деген кісі бір жұмыстарымен қырдағы туыстарына кеткен болып шығады. Ол кезде қазіргідей қалта телефоны жоқ қой. Аптекші Жәкеңді алып келуге мотоциклмен біреуі кетеді. Ақыры дизель мотор жөнделіп жарық келген соң, дәрігер тәуекел деп ота жасауға кіріседі. Анамыздың ота кезінде шыңғырған дауысын естіген халық түгелдей аурухананы қоршап алып Алладан тілеуін тілеп тұрады. Ота ортасына жете бергенде электр жарық өшіп қалады. Отаның қалған бөлігін шам жарығымен жасап, жарты сағатта бітетін шаруа жеті сағатқа созылады. Осылай кешке басталған ота түн ортасы ауа сәтті аяқталады. 

 Анамыз бір-екі күннен кейін өзіне-өзі келеді. Бірақ бірнеше күннен кейін қызуы көтеріліп, іші үлкейе бастайды. Себебі, ота кезінде соқыр ішек жарылып денесіне уыты жайылған әрі жарық сөніп ішек-қарны бірнеше сағат ашық қалғандықтан микроб денеге кіріп кеткен секілді. Осының салдарынан анамыз небәрі қырық төрт жасында пәни дүниемен қоштасқан еді. Бұл артында қалған ауру-сырқау жары, үрпердей он шақты баласы түгілі, бүкіл сұмындағы халықтың қабырғасын қайыстырған ауыр қаза болды. 

Біздің үйдің шаңырағы опырылып ортасына түскендей күй кештік. Жылаған шиедей бауырларымды кезек-кезек жұбатам, енді оқуға бару-бармауым да белгісіз, екіұдай ойға түсудемін. Шешеміздің қазасынан кейін үшінші күні ептеп өз-өзіне келген әкем: «Балаларым, болар іс болды, қанша жылағанмен шешелерің енді қайтып келмейді, тірі адам тірлігін жасайды. Көнсек те көнбесек те басқан түскен күніміз осы. Қаныкей, Қажай, (Налайхтағы әпке-жездем) сендер келгелі айдан асты, арттарыңда бала-шағаларың, істеп отырған жұмыс-шаруаларың бар. Әскерден рұқсатпен келген Съез де, оқуынан келген Мұхит та аналарыңның жетісі өтісімен қайтыңдар. Біреуің оқуыңды, екіншің әскери борышыңды атқарып келгенше біз амалдап күнелтерміз, өлгеннің артынан өлмек жоқ деген ғой. Алланың ісіне амал жоқ. Енді, апаларың балалары Дамыс пен Аманболды (8,10 жастағы екі баласын) келіні Хазыкейдің қолына қалдырып, біздің үйге келіп немерелерімді бағып, үлкен ұлы менің шайымды қайнатып, кір-қоңымды жуып беремін, деп отыр. Мұхит, Сиез екеуің келіп бізге келін түсіріп бергенше осылайша күнімізді көре береміз ғой»  деді. (Әкеміздің апаларың деп, отырғаны өзінің өгей шешесі Хадиша деген апамыз, атамыздың алдыңғы әйелі қайтыс болып бес жетім баламен қалғанда жиырма жасында екінші әйелі болып келіп, он бір құрсақ көтеріп әулетімізді молайтқан, өз әкеміз Жақсылық екінші шешемізге үйленгенше әлгі біздің оншақты көген көз жетім немерелерін бағысып отбасымыздың ыстығына күйіп, суығына тоңған қайран асыл апам ғой!)

Міне, «өз балаларын тастап апаларың бізге келеді» деген осы сөзді естіген қарындасым Бәшә жылап: «Мен ауру әке, қаншама баламен қалай қалам, апамның өзінің отбасы, бала-шағасы бар, ол кісі қалай біздің қолға келіп тұрады? Одан да үйленетін жасқа келді ғой, Мұхит ағам келін түсіріп беріп кетсін» деді. 

Мінезі жылдам Қажай жездеміз: «Ондай бір топ жетім баланың үстіне келе қоятындай дайын тұрған Құдайға қараған қыз бар ма? Бар болса айт, кәне!» деді. Бәшә отырып: «Мұхит ағамның былтырға дейін сөйлесіп жүрген осында қызы бар, болатын. Неге қатынастарын қойып кеткендерін білмеймін. Тәтем де (анамызды солай атаймыз): «Осы баланы келін қылып қолыма қондырсам арманым болмас еді» деп, отыратын. Қатты ауырып, тақмаққа көңілі соқпай жатқанда сол қыздың әкеп берген сусынын ішіп «Қарғам, мейірім бір қанды ғой, Мұхитым екеуің бақытты болыңдар» дегенін көзіммен көріп, құлағыммен естігем, сол қызды келін қылып түсіріп беріп кетсін» деді. 

Жездеміз: «Жұмбақтамай айтшы, ол кімнің қызы?» деді.  «Қабдырасол ағайдың қызы Табиғат. Жазда оқуын бітіріп келген, қазір Хұжырты бригадасында бага эмч (кіші дәрігер) болып істейді» деді. 

Әкей де: «Ә, өзіміз білетін, қолда өскен бала ғой, өзіміздің Қалдырдың тұңғышы, бірақ апасының баласы болып өскен шығар. Сол қыз бала босағамды аттаса, шаңырағымның жабылған түндігі қайта ашылып, үйімнің сөнген оты қайта жанып, түтінім тік ұшар еді, шіркін! Кім білсін, бір топ жетімнің үстіне біреудің әлпештеп отырған баласы келе қояр ма, екен!?» деп, көңіліне жаққан әңгімені демеп жіберді.

«Ондай болса, Бәшә, сен қызды шақыр!» деді, жездем. Ал, осы отырғандардан ешкім менен «Үйленесің бе, жоқ па?» деп сұраған да жоқ. Мен амалсыз қақпанға түскен қояндай құнжыйып, мүләйім күй кешіп жер шұқылап отырып қалдым. 

Сол күні кешке қарай қарындасым Бәшә маған келіп сыбырлап: «Таухат (Табиғатты бәрі осылай атайды) сізді далада тосып тұр» деді. Алдында өзінің құрбы қызымен бірге келіп, көңіл айтып, амандасып кеткен еді. Мен киініп сыртқа шықтым. Алакеуімде үйден алысырақ тұрған кісінің баранын көріп жанына келдім. Аман-сәлемнен кейін ол: «Неге хат жазбай хабарласпай кеттің?» деп, тіке сұрақ қойды. (Жасырары жоқ, қаптаған қалың сұлу қызы бар институтта бозбалалық қызу көңілмен жүріп, ауылдағы жаңа таныс қызды ұмыта бастағаным шын еді) Мен де: «Маған тұрмысқа шығасың ба?»  деп сұрағына сұрақпен тіке жауап сұрадым. Ол мұндайды ойға алмаған болу керек, не дерін білмей қалғандай біраз тұрып: «Қашан?» деп бетіме қарады. «Шешемнің жетісі өткеннен кейін, егер мені жақсы көретінің рас болса, басыма қиыншылық түскен осы күндері әкемнің, бауырларымның қасынан табылып, оқуымды бітіруіме көмектес» дедім. «Жоқ» деді ол – «Қазір өз шешемнің де аяғы ауыр, қан қысымы көтеріліп ауруханада жатыр, мен де әкемнің шайын қайнатып беріп, бауырларымды қарап үйде отырмын ғой. Отбасымызда менен басқа бас көтерер ешкім жоқ, жаз шықсын, демалысқа келсең сол кезде болмай ма?» деп, төмен қарады. Мен: «Айтпақшы, хат жазып, хабарласпағаныма ренжіме, мен сені жақсы көремін. Егер, осы жолы келсең өмір бойы бетіңе қарамай өтетін боламын. Ал менің осы жағдайымды біліп тұрып, бұл жолы келмесең онда жолымыз екіге айырылады» деп едім, қыз жылап кері бұрылып кетіп қалды. 

Мен состиып үйге келдім. Үйдегілер бір жақсы хабар күткендей аңтарылысып маған қарады. Жездем: «Не болды, көнді ме?» деді. Мен: «Көнді, бірақ жазда келетін болды» дедім. «Жазың не сенің айтып отырған, ол қыз бізге бүгін керек болып тұрғанын ұқпайсың ба, өзі? Мына жетім бауырларыңды кімге тастап кетпексің сен?» деп, жездем ашуға мінді. Бәшәға қарап: «Қыз өзі қазір қайда жүр? Оған мен сөйлесейін» деп орнынан тұрды. Бәшә: «Ағасының үйіне кеткен шығар, ертең көлік табылса ауылыма қайтам деген» деді. «А, онда қызды үйіне біз жеткіземіз, сонда сөйлесем!» деді жездем. Осымен әңгіме аяқталып жатып қалдық.

  Таңертеңгі шайдан кейін жездем: «Бәшә, құрбы қызыңа айт, ауылына біз жеткіземіз» деді. Маған қарап: «Қыздың айтқанына көне берме, осы жолы босаға аттатпасақ, бәріміз осында қаламыз»  деді, шегелеп. Шешемнің қазасынан есімді жинай алмай жүргенде аяқ астынан үйлену мәселесі көтерілгеннен бері мен де мең-зең күйге түсіп, сағым сынып, басымның әңкі-тәңкісі шығып жүрген басқалары қайдан білсін?!

  Түс ауа Қажай жездемнің Зил-130 жүк мәшинасының кабинасына қызды отырғызып отыз шақырымдай жерде тұратын Хұжырт бөлімшесіне бет алдық. Жол бойы жездем ауызын жапқан жоқ, қызды түрлі-түрлі тәсілдермен азғырумен болды. Ақыры, қыз: «Мен бәрін түсіндім, тек әкемнен рұқсат алсаңыздар болды» деді, көзі жасаурап. Қызды үйіне жеткізіп, көрші тұратын Мақшанай ағайдың үйінен шәй ауыз тиіп қайтып кеттік. 

Үйдегілерге болған жайды айттық. Әкей өзінің тете інісі Ноңайымды (Зуханай ағамды ауылдың үлкен-кішісі солай атайтын) шақыртып: «Ертең Қабдырасолге барып, алдынан өтіп, рұқсатын алып кел, мына ұлды осы жолы үйлендірейік деп отырмыз» деді. Бұл сөзді естіген ол кісі қуана келісті. Ноңайым мотоцикілімен Хұжыртыға кетті де қалғанымыз бір күннен кейін өтетін анамыздың жетілік науқанына отын-су дайындауға кірісіп кеттік. Кештетіп келген Ноңайым: «Жақаңа сәлем айта бар, ел ағасы ол кісіні қатты сыйлаймын, баласының да басын кемсітіп отырғаным жоқ. Үй ішім қазір, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде, дегендей емілгіде жатыр. Жазда өзім тойымды жасап екі баламды үйлендірейін, қазір қысамасын» дегенін жеткізді. Әкей жүйелі сөзге тоқтағандай үндемей отырып қалды. Тек жездем: «Қазақтың салт-дәстүрімен онда, қызды алып қашамыз, алдымен ертеңгі науқанды өткізіп алайық» деп маған қарады. Ол кісінің сөзіне ешкім ештеңе деген жоқ. 

Шешемнің жетісіне адам көп келді. Хұжырт бригадасынан келген адамдарды жездем мәшинасымен жеткізіп салатын болып жанына мені ертіп алды. 

Хұжырт ауылынан келген адамдарды жеткізе келген біз Мақшанай ағайдың үйіндегі жеңгейден қыздың көңіл-күйі туралы сұрап білдік. Кеше Зуханай ағай келіп кеткеннен кейін қыздың әкесі ешкіммен сөйлеспей төсегінде ары қарап жатып алыпты. Қыз келіп жеңгейге: «Кешеден бері мен әкеме не әкем менің бетіме тура қарай алмайтын күйге түстік. Жасымнан апамның баласы болып бәріне еркелеп өскен едім. Әкем де, басқалары да мені қыз деп бетіме қарамай еркін өсірген еді. Енді өз үйіме өзім отыра алмайтын халдемін, енді қайтемін?» депті. 

Жеңгем қызға: «Е, енді келін боп түскелі жатыр, деген атағың шығып кетті ғой. Бетің бірден ашылды, сенің ерте ме, кеш пе, біреудің етегінен ұстап кететінің бәріне белгілі болды. Мұхит та тегін жігіт емес, Мырза аға да (әкейді солай атайды) ел сыйлаған беделді адам. Осы жолы бастарына қиыншылық түскенде сүйетін жігітіңнің қолынан ұстмасаң, олар ертең сенен сырт айналса, ат-атағың бірден шығып қалады, өзіңе обал болады, қашып кет, шешең де Құдай сақтап қол-аяғын бауырына алып шаңырағына келер, оған алаңдама, алысқа кетіп бара жатқан жоқсың, үйіңе келіп тұрасың деп едім, көнгендей болды» деді. 

Жездем: «Қызға айт, біз үш күннен кейін сәрсенбінің сәтінде ымырт жабыла келеміз, дайын тұрсын, бұл мәселе шешілді» деп, орнынан тұрды. Үйге келісімен келін түсірудің дайындығы басталды. Осылайша 17-қаңтар күні түнде қызды үйінен алып қаштық. Сол түні қыздың анасы да аман-есен босанып ұлды болды. Бірнеше күннің ішінде аяққа жығылу, күйеу түсу сияқты қазақтың жол-жоралғылары жасалып, апыр-топыр болдық. Келіншек алып қызыққа бататын «бал айының» да дәмін шала-шарпы татып, артымда ауыр қайғым мен жаңа қызығым қатар қалып, ауылдан асығыс аттанатын, оқудағымыз оқуға, әскердегіміз әскерге, әпеке-жездем қалаға қайтатын кез де ілезде жетті. Өзі армандап, көзі тірісінде үйінің босағасын аттағанын көре алмай кеткен келінін ертіп анамның қамырының басына бардым. Сол зират басында төмендегі өлең жолдары ойыма оралған еді:


Келгенде ұлың алыстан аңсап, о, ана,

Күтпедің неге? Тоспадың неге сәл ғана? 

Қас қағым сәт қой, он екі сағат, жарты күн,

Көре алмай қалдым, әкетті-ау, әттең, ажал сұм.


О, анам, аяулы анам, саялы орман,

Өзің ең айдын көлім, сая қорған.

Өттің де алыс, шалғай жүргенімде

Қалды ғой қайғы толы көңілде арман.


Асықтым алыс жолдан құстай ұшып,

Үмітпен кездесер деп сүйіп-құшып.

Жолықтыр аман-есен деп анамды,

Тіледім бір Алладан пейілім түсіп.


Кез қылды тағдыр мені мұндай іске,

Өмір заңы амал не басқа түссе.

Көрдім тек анашымның жансыз жүзін,

Білмеймін бәрі мұның көрген түс пе?..


Алыстан жеткенімде арып-шаршап,

Алдымнан шықты ағайын дауысқа сап.

Қолымнан бар келгені - жалғыз күрек,

Үлгердім қабіріңе топырақ сап…


Білмеймін, тіпті, бұған көне алмадым,

Қолыммен сусын әкеп бере алмадым.

Ұлыңның үлкені едім, қызығымды,

Қайтейін армандап ең, көре алмадың.


Жер алыс, кешір ана, келе алмадым,

Алғаш мен ауырды деп сене алмадым.

Әке сырқат, бауыр жас, мұңым шағып,

Ешкімге көз жасымды төге алмадым.


Анашым, үйретіп ең қайратқа тек,

Жанымды жаралатпай ғайбатқа көп. 

Қайғы жолдас емес қой азаматқа,

Ұлың мұндай боларын ойлап па тек.


Жүруші ем өзің барда қызық қуып,

Қазір мен көшкен жұртқа болдым жуық.

Анашым, түскеніңде сен есіме,

Серпіліп жүре алмаймын ойнап-күліп.


Бұл соққы ауыр тиді, көтерермін,

Сынбаспын бірақ-тағы кетілермін.

Анашым, ақ сүтіңмен артқан сенім,

Білмеймін қайтіп, қалай өтелерін.


О, анам, алыс жолдан келгенде анық,

Мойныңнан құша алмадым мейірім қанып.

“Мәңгіге көре алмаймын” дегенді ойлап,

Кетеді кейбір сәтте есім ауып.


Көп тұрдым қабіріңнің басына кеп,

Боласың отырғандай қасыма кеп.

Бірақ жоқсың, маған ыстық сұр төмпешік,

Жатқандай «ұлым менің, жасыма!» деп…


Қош, ана, қалды міне күн кешкіріп,

Ақылың айтқан бәрі тұр естіліп.

Ақ сүтіңмен сыйлаған бар жақсыңды,

Берермін ұрпағыңа үлестіріп.


Анашым, қатем болса кешір менің,

Болса егер ренжіткен кесірлерім.

Өзіңнен қалған іні-бауырымды,

Кем қылмай құрбысынан өсірермін.


Енді ана, жолға шығам алыс тағы,

Өмір-тірлік күрес қой, шабыс бәрі.

Мен еді бар тілегің, бар арманың,

Ұлың кеп көз тіріңде қауышпады.


Қош, ана!

Жүрек шіркін жылайды анық,

Қабірің жатсын мәңгі гүлге айналып.

Топырағың торқа болсын асыл анам,

Рухың бірге жүрер жырға айналып...

Табиғатпен (Таухат) Гүлнармен ара қатынасымыз тоқтағаннан кейін «Өзің сүйетінді емес, өзіңді сүйетінді ал» деген ұстаныммен әрі жүрегім бос болғандықтан 1976-жылдан бастап сөйлесіп жүрген едім. IV курсқа кеткен жылы жүрегімді сайтан жалап оған хат жазбай, басқаға көңілім ауып жүрген еді. Бірақ анамыздың өлімі, тағдырдың өзі бізді осылай қосқанына еш өкінбеймін. Әкеміз де өтер-өткенінше осы келініне батасын беріп кетті. Қазір ауылымыздың ең «Үлкен мамасы» болды.

Иә, солайша аяқ-астынан үйленіп алып ақпан айы бастала оқуға жол тарттым. Ел астанасы Ұланбатырда бірнеше күн аялдадым. Көңіл айтуға келген бала досым Абай (Абай Мауқараұлы, қазір Алматы қаласында тұрады) аттандырып тұрып: «Досым, сен мүлдем басқа адам болып өзгеріп кетіпсің ғой!» деді. Иә, рас та шығар. Басқа түскен тағдыр салмағы, Алланың сынағы кешегі қызық қуған бозбаланы бір-ақ күнде есейтіп жіберді ме екен, досым соны байқаған шығар, бәлкім?..

Сөйтіп, Моңғолядан Совет еліне қарай пойз да қозғалды...


Келеді жүйткіп поезд,

Құйғыта шапқан жүйріктей.

Жарыса түсіп ойларым,

Біріне-бірі ілдіртпей.


Тұманда қалды туған ел,

Мұнарға бөгіп ауылым.

Кешегі жүрген сары бел,

Елестеп қана сағымың.


Жан жарым түссе ойыма,

Соғады жүрек бұлқынып.

Қарайлап менің жолыма,

Сағынып жүр-ау ынтығып.


Алыста қалды жан анам,

Қол бұлғап қана қорғаны.

Тірідей егер қоштасса,

Болмас ед ұлың арманы.


Анашым айдын көлімді,

Суалды деуге сене алман.

Анашым - алтын діңгегім,

Құлады деуге сене алман.


Анашым - күнім шуақты,

Шынымен мәңгі сөндің бе?..

Анашым - гүлім сымбатты,

Қуарып мәңгі семдің бе?..


Сыйлаған маған нұрлы өмір,

Тоқтады-ау ана жүрегі.

Енді кім мені аялап,

Бетімнен өбіп сүйеді? 


Оқудан қайтқанда ауылға,

Анашым қарсы алмайды-ау.

Сен кеттің енді орының,

Қайтадан мәңгі толмайды-ау.


Сен келгелі, ана, өмірге,

Қырық төрт-ақ рет айналды,

Жер шарының шеңбері.

Қырық төрт-ақ рет гүл көктем,

Қырды әнімен тербеді,

Қырық төрт-ақ рет қыр төсі,

Қары еріп, бусап терледі.


Нала айтып қайтем тағдырға,

Анасыз өмір - сусыз шөл...

Поезд жүйткіп келеді

Көңілім артта тек, енді...

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...