10 тарауТаң енді сібірлеп келе жатқанда Ғалам малды шолып қайтқан. Жарықтықтардың барлығы орындарына...
Н.Махфуздың «Біздің көшенің аңыздары» романының идеялық ерекшелігі
1988-ші жылғы Нобель сыйлығының лауреаты – египеттік Нагиб Махфуз болды. Дүниежүзі бойынша әдеби туындылар үшін берілетін Нобель сыйлығын, алғаш рет араб тілінде жазатын жазушы иеленді. Махфуз өз елінде және шет елдерде, Америка мен Европада “алғашқы араб романисті” деген атаққа ие еді. Әйтсе де, Нобель сыйлығының иегері болады деген жаңалықты ешкім күтпеген еді. Бұл сол қоғамдағы мәдени орта үшін өте қуанышты жаңалық болды. Себебі бұл Махфуздың еңбектерін мойындаумен қатар, сол заманғы араб әдебиетінің XX- шы ғасырдағы әлем әдебиетіне қосқан үлесінің маңыздылығын мойындау еді. Нагиб Махфуз араб әдебиетінің деңгейін осындай дәрежеге көтермес бұрын, шет елдерде ортағасырдағы араб әдеби ескерткіштері арқылы ғана танымал болатын.
Суретші-Махфузға тиесілі аса маңызды қасиеттерінің бірі, ол– уақытты сезіне алатын қабілеті. Айналада, қоршаған ортада болып жатқан әр құбылысқа өзінің қатысын сезіне біледі. Оның романдарында қаншалықты ежелгі, көне заман туралы сөз болып жатса да, онда бүгінгі күннің лебі сезіледі. Оның романдарындағы дәл осы фактор оқырмандардың әрдайым қызығушылығын тудырады.
Мәңгілік пен күнделіктіні ұштастыра білу – оның шығармашылығының әрдайым жаңарып отыруының кепілі. Өтіп жатқан күндер, айлар, жылдарға қарамастан, жазушылар ұрпағының ауысуына, әдебиет модасының заман талабына сай өзгеріп отыруына қарамастан, жазушылар ардагері – Махфуз әрқашан да араб әдеби ағымының көшбасшысы болып қала береді.
Нагиб Махфуз 1911 жылы 11 желтоқсанда Каир қаласының ортағасырлық көне кварталдарының бірі – Гамалияда, қарапайым бір шенеуніктің жанұясында дүниеге келді. Нагиб Махфуздың араб әдебиетінде “жаңашылдар” деген атақпен әйгілі Таха Хусейн, Аббас Махмуд әл-Аққад, Салам Мұса сияқты майталмандардың еңбектерімен танысуы оның азамат болып қалыптасуына, ұлттық сана сезімінің оянуына түрткі болды. Жоғарыда аталған жазушылар египет әдебиетінің европа мәдениетіне бет бұруына аса зор ықпал етті. Олардың еңбектері Махфуздың шығармашылығына да көп ықпалын тигізді.
“Жаңартушылар” жас талантқа кез- келген құбылысқа, өмірдің өзгерісіне сыни көзқараспен қарауды, қандай жағдайда болмасын өз сана-түйсігіне сүйеніп, өз еркімен ойлауды үйретті. Мына тұнып тұрған әлем, қоршаған орта қандай керемет, әрі жан-жақты болса, сол әлемнің қыр-сырын, тани білуге деген құштарлығын оятты. “Жаңартушылардың” шығрмашылығымен танысу барысында алған әсері соншалықты, ол европа әдебиетін бүге-шігесіне дейін жіктеп, зерттей бастады, ортағасырдағы араб классикасын қайтадан басынан бастап оқып шықты, әсіресе, өзінің сүйіп оқитын ақындары Абул Аля әл-Ма’арри, әл- Мутанабби және Ибн ар-Румидің еңбектерін қарастырды. Ол ақындар еңбектеріндегі әдеби образдардың күштілігі, сан-алуандылығымен ғана емес, сонымен қатар ойлай білу қабілеттерінің күштілігімен Махфузды қызықтырады.
Египет жазушыларының ішінде Махфуз – ең білімділерінің бірі еді. Жазушы тағдырының дәмін татып көруге шешім қабылдағаннан кейін, ол әлем әдебиетін, оның тарихын жүйелі түрде зерттеуді, әлем әдебиетінің ең керемет деген туындылармен танысуды өзінің парызы деп білді. Нагиб Махфуздың айтуынша, ол әлем әдебиетімен түгел танысып шықпағанда «ол білімдерсіз қазіргі күнге дейін жазылғандардың, бірі де жазылмас еді». Еркін ойлау қабілеті, таза сана-сезімі, арабтың поэтикалық салт- дәстүрімен тығыз байланысы, ұлттық мәдениеттің алдындағы өзінің борышын сезіне білуі, осылардың барлығы батысқа, европаға еліктеуіне жол бермеді. Нагиб Махфуз шығармашылығының негізгі қайнар көзі – өз елінің тағдыры, сол елдің әрбір азаматының мұңы мен зары, бақыты мен қуанышы, жалпы құлдырауды да, тоқырау мен жаңаруды да басынан кешірген Египеттің тарихы.
Өмір өзгереді…. Өмір талабы өзгереді. Бұларға сай жазушы талғамы да өзгереді. Махфузға жастайынан-ақ ойлаудың «романдық» стилі тиесілі еді. Бұл жерде бұған әсер еткен, мүмкін, ол игерген философия ілімі болу керек. Қалай болғанда да университеттегі жылдары зая кеткен жоқ. Философия ілімі оған әлемді толығымен дерлік танып-білуге құштарландырды. Махфузға тар мазмұндағы әңгімелер жазу қиынға түсетін. Махфуздің ойлауына әрқашан да шексіздік, кеңдік, кеңістік қажет болатын.
Нагиб Махфузды мүлдем басқа қырынан танытқан романдарының бірі, ол — «Біздің көшенің аңыздары» атты роман. Бұл роман, шынымен де, Нагиб Махфуз шығармашылығында жаңа бір кезеңді ашты десе болады. 1959 жылдан бастап «әл-Ахрам» газетінде «Біздің көшенің аңыздары» романы жариялана бастады. Осы кезеңнен бастап Махфуздың образды құру тәсілі, жазу стилі күрт өзгерді. Бұл роман сонау көне заманнан бастап қазіргі күнге дейін, тіпті, алдын ала болжай алмайтын болашақты да қамтыған. Романдағы өзекті оқиғалар алдыңғы романдардағыдай, бәріне танымал Каир кварталдарында, яғни, «біздің көшелерде» өріс алғанымен, негізінен, роман үш монотеистік діннің бесігі болған бүкіл Таяу Шығыс территориясын қамтиды. Ал олардың кейіпкерлері, бас кейіпкерлеріне келер болсақ, олар да жай ғана «біздің көшенің балалары» емес. Романның түп мағынасына үңіле қарайтын болсақ, бас кейіпкерлердің бет перделерінің астарынан бірқұдайлыққа бастаған, бүкіл халықтың қамы, тыныштығы және бақыты үшін, қоғамда әділеттілікті басшылыққа алатын тәртіпті орнату үшін күресетін жоғарғы миссияны жүзеге асырушыларды, пайғамбарларды көре аламыз. Інжілдегі, Құрандағы діни аңыздарды, сира, яғни, Мұхаммммед пайғамбардың өмірбаянын, жазушы, қарапайым халықтық әңгіме формасына негіздеген.
«Біздің көшенің аңыздары» романын философиялық мәні бар аңыз-роман жанрына жатқызуға болады. Жазушы Махфуз бізге ғасырдан-ғасырға өзгеріп отыратын адамзат тарихы туралы өз түсінігінің басын ашып бергісі келгендей. Жазушы роман арқылы өз халқы үшін қазақтың «Жерұйықты» іздеген Асан қайғысындай, ол да әділетті қоғамды көздейді.
Жоғалған жұмаққа, әлеуметтік әділеттілікке, ақылмен қаланған қоғамдық құрылымға қол жеткізу туралы халықтың утопиялық арманы – романның басынан аяғына дейін өзекті болып қалады.
Басты кейіпкер Габалауи өзінің шектен тыс қаталдығымен, әрі билік сүйгіштігімен ерекшеленеді, бірақ адам бейнесінің астарынан әлем Жаратушысының образын көруге болады. Ал Габалауидің ұлдары Адхам мен Идрис ше? Олардың бойынан алғашқы Адам мен шайтан жолын қуып кеткен Иблисті тануға болады. Иблис «Құран кәрімге» сәйкес, Алла жер бетіндегі өзінің көмекшісі етіп тағайындаған Адамға бағынбағаны үшін жазаланады. Өз әкесінің қалауына қарсы шыққан Идрис көптеген әлем әдебиеттерінде Жаратушыға қарсы шығуға, оның билігіне, құдіреттілігіне күмән келтіріп, бағынбауға итермелейтін жын-перінің бейнесі болып табылады.
Махфуз Габаль мен Рифааның образдарын ашу үшін Мұса мен Иса пайғамбарлар туралы Інжіл мен Құран кәрімнен алынған деректерге сүйенеді. Мұса пайғамбар алғаш рет Құдаймен тілдескен тау — Інжіл бойынша – Хорив тауы, Құран кәрім бойынша – Синай тауы . Осыған сәйкес жазушы Мұса пайғамбардың прототипіне – Габаль деген ат береді. Ал Рифааның аты – суфилік рифалия сектасының атынан шыққан, ол сектаның мүшелері адам баласының жан дүниесінің тазаруын уағыздап , «зар» дәстүрін жүргізумен айналысты ( «зар» дәстүрі –адамның бойын билеп алған «жаман рухты », «аурудың рухын » қудалау дәстүрі ).
Қасиетті кітаптардан алған дерек көздеріне сүйене отырып, романист- Махфуз адамзат тарихында болған діни кейіпкерлерді халық аңыздарының батырларына, яғни, «біздің көшенің балаларына» айналдырып жібереді. Қайткенмен де, жазушы түпнұсқаны көркемдеп, қатты бұрмаламайды, сол себепті де бас кейіпкерлердің образынан қасиетті пайғамбарлардың прототипін оңай тануға болады. Мысалы, Мұса пайғамбар прототипіндегі кейіпкер Габальді роман бойынша жергілікті билеушінің жұбайы жаңбырдан қалған шалшық суда жатқан жерінен тауып алып, бауырына басады. Ал Інжілге сүйенер болсақ Мұсаны Ніл өзенінің жағасынан фараонның қызы тауып, асырап алады. Ержетіп, ақыл- ойы толыққан шағында Мадиам жеріне қашқан Мұсадай, Габаль да өгей әкесімен келісе алмай Мукаттам тауына қашып кетеді. Ал Інжіл мен Құран кәрім сюжетіне сүйенер болсақ, қуғыншылардан қашып келе жатқан Мұса мен оның соңынан ерген халықтың алдында Қызыл теңіз екіге жарылып, алдарында жол ашылады. Фараонның атқа мінген қуғыншылары енді теңізден өтіп бара жатқан кезде жол жабылып, теңіз астында қалады. Дәл осы оқиға Махфуз романында былай бейнеленген: Халыққа күн көрсетпей жүрген футтувалардан қорғану үшін, бір жағынан кектерін қайтармақ болған Габаль бастаған көше тұрғындары үлкен ор қазып, бетін үстемелеп жасырып қояды. Ал футтувалар қақпанға түскенде, үстілерінен су құйып, тас лақтырып, өлімші қылады. Махфуз Мухамед пайғамбар жайлы Сираның да, Інжілдегі Иса пайғамбардың тарихының да мағынасын символикалық түрде еркін өзгертеді.
Романның ең соңғы бөлімінің кейіпкері Арафа, басқа кейіпкерлер сияқты тарихта болған белгілі бір тұлғалық прототипті емес, (арафа — араб тіліндегі «білу» деген сөздің түбірінен шыққан ) басқа бір мағынаны білдіреді, нақтылай келетін болсақ, романның алғашқы бөлімдеріндегі діни наным — сенімдердің орнына келген – білім мен ғылымды дәріптейді.
«Біздің көшенің аңыздарында» Нагиб Махфуз басқа романдардағыдай өзекті болған ғылым мен наным-сенім арасындағы қарым-қатынастардың қайшылықты діни-философиялық мәселесін өрбітеді.
Жазушы қазіргі әлемдегі негізгі үш дін: иудаизм, христиан және ислам дінінің пайда болу тарихын қарапайым халыққа тыныш өмір тілеп, әділеттілікке, адамгершілікке қол жеткізуді мақсат тұтқан ұлы тұлғалардың іс-әрекеттерінің жемісі екенін дәлелдегісі келген.
Романдағы Жаратушының бейнесін сомдаған Габалауи образы, оған қатысты оқиғалар, үлкен үйден алдымен Идристі, кейіннен Адхамды да қуып шығуы, әкесінің өз балаларынан бас тартуы сияқты тұстардан Махфуздың әлемді танудағы көзқарасын байқауға болады.
Оның әлемге, жаратылысқа деген көзқарасы деизмге («деизм» — әлемді құдай жаратқан, бірақ күнделікті қоғам өмірі мен табиғатқа құдай әсерінің қатысы жоқ дейтін діншіл – философиялық ағым) негізделген сыңайлы. Ол күллі әлемді жаратып, өз жаратылысының бойына жан бітірген Құдай қүдіретін, оның адамгершілік санасынан алатын рөлін, сонымен қатар жаратушы өз жаратылысының бойын, яғни, адамзаттың ақыл-оймен, санамен марапатталғанын толығымен мойындайды. Сондықтан да, Адхамның ақылы мен білімі, ой-санасы асып-тасардай жеткілікті болғандықтан ғана, әкесі салт-дәстүрді бұзып, басқару міндетін үлкен ұлы Идристің еншісіне емес, кіші ұлының еншісіне жазады. Адамның басты қасиеттерінің ішіндегі ең бастысы ретінде ақыл мен білім және ой- сананы бастапқыда мойындау арқылы Нагиб Махфуз ғылымның ұлылығы мен күшін адамның ой-санасының жемісі екенін айқындайды. Қорытынды бөлімде алдыңғы бөлімдердің логикалық байланысын жасай отырып, соңғы кейіпкер Арафаны Габлауидің ұрпақтары мен ұлдарымен қатар бір деңгейге қояды, яғни, «ғылымды» әділеттік орнату жолындағы «діннің» ізбасары қылады.
Алайда, адам баласын ақылды етіп дүниеге әкелгенмен, Жаратушы оған көмек бермейді, оның ісіне араласпас бұрын қиын жағдайларда қол ұшын да бермейді, роман бойынша, ол адам баласын ақылды етіп жаратқандықтан да өз қателіктері мен істері үшін өзі жауап беруін талап етеді. Габаль, Рифаа, Қасымдардың іс-әрекеттерінің өзі олардың аталары Габалауидің ақ батасын алдым деген өздерінің ішкі наным-сенімдерінің нәтижесінен болып отыр. Ал бас кейіпкерлердің қиналған сәттеріндегі Габалауидің «келу көріністерінің»- өңінде емес, түсінде болған жайт сияқты, немесе, өз қиялынан шығарып алғандай оқырмандарға күдік ұялатып, күмән тудырады.
Романда бас кейіпкерлердің қол жеткізген жетістіктерінің нәтижесі де, әлеуметтік-реформаторлық жұмыстарының негізінде орнаған әділеттілік те шектеулі ғана . Әр кейіпкер «біздің көшенің» тұрғындарының арасында әлеуметтік, мүліктік теңдікке, қоғамдағы әділеттілікке қол жеткізеді. Өкініштісі сол- қоғамдағы бұл қол жеткізген өзгерістердің барлығы өткінші ғана, кейіпкерлер көз жұмғаннан кейін бәрінің күл талқаны шығып, өткендегі бір елес, кейіпкерлер аңыз сияқты болып қана көрінеді. Қайтадан бай мен кедей пайда болып, күштілер билікті өз қолдарына алып, бұрынғы қоғамның қатаң тәртібіне оралады.
Махфуз заманының талабы қиын еді. Романның жазылуына қойылатын талаптарға қарамастан, Нагиб Махфуз кез- келген діннің әлеуметтік-реформаторлық маңыздылығының нәтижесіздігі туралы батыл ой-тұжырым жасайды. Осы себепті де роман көптеген араб елдерінде, сонымен қатар Египетте де көпке дейін жеке кітап ретінде жарық көрмей жүрді. Арафаның Жаратушыны қапыда өлтіріп алып, кінәлі болуы адамзат ой-санасында көптеген залалды ойлар тудырады. Ондай ойларға өз заманында Достоевский кейіпкерлері де берілген. Ол — адам қарым- қатынастарын реттеп отыратын адамгершілік критерийлері, жер бетіндегі кез-келген нәрсені істеуге рұқсат деген ойлар. Махфуздың түсінігіндегі ғылым дегеніміз- адам ой-санасының материалдық әлемді игеруі және ол әлемнің ресурстарын адам игілігіне жарата білу қабілеті. Адамзат табиғатты өзіне бағындырып, ғылыми-техникалық прогресске қол жеткізгенмен, оның жетістіктері адам баласына бақыт әкеледі деген, әлеуметтік құрылымның адамгершіліктік, әділеттілік мәселесін шешеді деген жауапкершілік қайда?! Арафаның қайғылы тағдыры Махфуздың әлеуметтік адамгершілік философиясының мағынасын нақтылай түседі, әрі адамгершіліктің критерийлері мен әділеттілік идеяларын іске асыру жолдарын ары қарай іздеуге бағыт береді. Біріншісі де, екіншісі де халық қалауымен тікелей байланысты болуы қажет. Халық өз мүдделерін қорғау үшін де бас кейіпкерлердің үгіт- насихаттарынан кейін ғана күресуге бел буады .
Романның әрбір бөлімінде халықтың, яғни «біздің көшенің» тұрғындарының «естеліктерінің шалалығы», «кейіпкерлер қол жеткізген әділетті қоғамды, адамгершілікке негізделген ортаны сақтай алмаулары» туралы сөз болады. Бірақ романның түйінінде әңгімелеушінің интонациясы өзгереді. Романды қорытындылайтын соңғы жолдарда автор келешекте әділетті қоғам құруда халық білім мен ақылға жүгінеді деген тұжырым жасайды.
«Біздің көшенің аңыздарында» діннің қоғамды өзгертудегі роліне күмән келтіріліп қана қоймай, сонымен қатар, қоғамдық құрылым принципі ретіндегі жеке бас билігі қатаң сынға алынады. Махфуздың сынына негіз болған — адам табиғатының екі жақтылығы, яғни, адам бойында әрқашан өзара тайталасып тұратын опасыздық, тек материалдық дүниені ойлау мен жоғарғы, рухани байлық бастаулары. Жазушының мұндай көзқарасы Египеттің қоғамдық өмірінен алынған тәжірибеге сүйене отырып зерттеуінен пайда болған. Халық мүддесін қорғау, халықтың пікірімен санасуға шақыру романда дәл осы күнге негізделіп айтылған. Тек сол бір тұжырымға келу үшін, Махфуз адамзат тарихына экскурс жасайды, бүгінгі күнге дәлелді әрі мәні бар фактілермен оралу үшін, сонау өткен, көне замандарға тереңделе түсетін ойлаудың параболалық формасын жасайды. Нагиб Махфуз бүгінгі күнгі өмір шындығы жайлы талас-тартыста жеңу үшін, оның көз алдындағы халықтың мүшкіл жағдайын дәлелдеп, оны жақсартуға мүмкіндік бар екеніне барлығының көзін ашу үшін өткен заманның аргументтеріне арқа сүйейді. Әділеттіліктің қайнар көзін халықтан тапқан Махфуз әлеуметтік әділеттілікті құру перспективасын халықты ғылыми білімдерге баулумен байланыстырады. Оның ойынша, білім нәрімен сусындаған, көзі ашық, оң солын ажырата алатын халық белсенді қоғамдық күшке айналады.
Жазушы романда «жарқын болашақ» қашан қарапайым халықтың есігін қағып тұрады?! — деген сұрақты жауапсыз қалдырады.
Иә, Нагиб Махфуздың шығармашылығын, еңбектерін парақтай отырып, «Біздің көшенің аңыздары» атты романы басқаларынан құрылымы, мағынасы жағынан мүлде өзгеше екендігін мойындағанымыз ақиқат. Оның да өзіндік себептері бар. Бұл роман Египет тарихының өтпелі кезеңінде жазылған. Алдыңғы жолдар келешектің көрінісін айқындау үшін керек еді. Қоғам дамуының жолдарын іздестіру қатаң саяси, идеологиялық күрес атмосферсында жүріп жатты.
М.Т.Дүйсенова