Мұхтар Әуезов және Абай сатирасы

ӘДЕБИЕТ
10677

Көркем сөз бен көркем ойдың алыбы – Мұхтар Әуезов өз кезінде қазақ халқының біртуар ұлдары Шоқан, Ыбырай, Абай туралы біршама зерттеу мақалаларын жазып, олардың есімдерін елге танытуға зор үлес қосты. Ол Шоқан мен Ыбырай еңбегін бір төбе етіп көрсете отырып, ұлы ойшыл ақын Абайға терең тоқталды.

Өзінің саналы ғұмырының басым көпшілігін М. Әуезов Абай мұраларын зерттеуге, ғылыми жүйеге келтіруге арнағаны тарихтан белгілі. Ұлы Абайдың телегей-теңіздей таусылмас, сарқылмас әдеби мұралары әлі күнге толық танылып бітті десек, бәлкім, артық сөз болар еді. Сөйте тұрса да Мұхаң бұл салада зор еңбек сіңірді. Ойшыл ақынды жалпы жұртқа ғана емес, әлем оқырмандарына таныта алды. Бұл – шындық. Қазір артында қалған еңбектерін саралап отырсақ, М. Әуезов Абай туралы, оның шығармашылығы жөнінде том-том болар жұмыс қалдырыпты. Олардың арасында үлкен-үлкен монографиялар, көлемі шағындау мақалалар да бар. Соның қай-қайсысын парақтасаң да Абай бейнесі көз алдыңда асқақтап, биіктей бастайды.

Бір нәрсенің басы ашық. М. Әуезов ақын Абайды ұлы ақын Абайға, ұлт ұстазы болған Абайға дейін көтерді, оны тек ауызбен айтып қана қоймады. Барлық зерттеу мақалаларында соны дәлелдеуді мұрат етті. Зерттеп қана қоймады, ол аз десеңіз Абай туралы драмалық шығарма жазды, онысы талай жылдар бойы сахна төрін бермеді. Тек қазақ сахнасы емес, орыс сахналарында да қойылды. Бұл да жеткіліксіз десеңіз – ұлы ойшылға арнап төрт томдық роман-эпопея арнады, оның аты «Абай жолы». Ең бастысы – осы аталған еңбектері арқылы М. Әуезов ұлы Абайды ұлттық ой-өрістің жетілген, өскен, өркендеген, шыңға көтерілген белгісі ретінде ұсынады. Абай арқылы біз ұлттық сананың биігін бағамдайтын дәрежеге жеттік.

Әдебиетші-ғалым М. Мырзахметов «1923 жылдың ішінде-ақ Мұхтарды Абай мұрасының білгірі деген көзқарас баспасөзде қалыптасып қалған-ды» деп жазды «Абай және Әуезов» деген кітабында. Бұл – шындық сөз. М. Әуезов Абай тақырыбына о бастан-ақ білек сыбана кіріскен, күш-жігерін аямаған әдебиетші. Сосын да артында Абай туралы өшпес те өлмес мол мұра қалдырды.

Алайда, осы күнге дейін ғұлама ғалымның тағы бір ерекше қыры, елеулі қыры – Абайға қатысты және бір тұжырымды ойы ауызға алынбай келеді. Ол не дерсіз? Ол – Абай ақынның сатирасына қатысты жазба ойлары болатын. Асылы, Абай Құнанбайұлын шын мәніндегі мысқылшы, әжуашыл ақын еді деп танытқан, соны ғылыми тұрғыда жүйелеген – Мұхтар Әуезов. Бұған дау айту еш қисынсыз.

Сонымен, Абай сатирасы қандай? Ол ақын шығармашылығында қалай көрініс тапқан? Зерттеуші-ғалым осыны қалай түсіндіреді? 

Әңгіме осы бағытта болмақ.

М. Әуезов Абайдың әлем әдебиетіне, оның ішінде орыс әдебиетіне баса көңіл аударып отырғанын өз мақалаларында үнемі көрсетіп отырған. Өзі оқыған, танысқан көркем де құнды шығармалар оның жеке шығармашылығына зор ықпал еткендігін терең талдап жазады. Солардың арасында, әсіресе, орыс әдебиетінің классиктері И.А. Крылов, М.Е. Салтыков-Щедрин, т.б. туралы жазған зерттеу еңбектері ерекше орын алады. Зерттеуші ғалым бұлардың туындыларына тән сын-сықақ, әзіл-қалжыңды дөп баса көрсетеді, талдап көрсетеді. Мысалы, оның «Орыс классиктері және Абай» деген мақаласында ұлы ақынға зор әсер еткен Лермонтов, Пушкин, Салтыков-Щедриндерді айта келеді де, бір жерінде: «Абайдың көп көңіл бөліп, тырысып аударуларына қарағанда, ол Крылов мысалдарын зор бағалаған» дейді. Сөйтіп, ақынның аударма жұмыстарына шолу жасайды. Абайдың Крыловпен салыстырғандағы өз ерекшеліктеріне тоқталады. «Крыловтың мысалдарын осылайша аударып, қоғамдық мін, кемшіліктерді тұспалмен ғана шенеп, әжуалап тоқтаған» деп, тағы бір жерінде Крыловтың ерекшелігін айта түседі, Абайдың оны дөп баса білгенін, қазақ тілінде сол Крылов әдісінен алшақ кете қоймағанын айтады (Жиырма томдық 18-т., 12). Осы мақаланың тағы бір тұсында М. Әуезов Абайдың ерекшеліктерін айта келіп, ол «Лермонтовша көзге шұқып, басқа ұра айтуды сүйетін ақын» дейді.

Ғалым сол мақаланың соңғы жағында Абайдың Салтыковпен байланыстылығын сөз қылады. Өз заманындағы патшалық бюрократизммен, чиновник алпауытымен, азған ымырашыл интеллигенттермен қалам арқылы қатты алысқан Салтыков Абайға аз әсер етпеген сияқты. Рас, Салтыков ақын емес, жазушы; оның пәлен шығармасы Абайдың пәлен өлеңінің түр, «нәріне үйлес келеді деп айту қиын» деп жазған.

«Абай еңбектерінің биік нысанасы» деген мақалада Мұхтар Әуезов оның өлеңдерін талдай келеді де, тағы бір тұсында Крыловқа қатысты мынадай жолдарды жазып қалдырған: «Мысалы, Крыловты Абай ақын ашық түрде таза аударушы болып ұғынады да, тек әрбір мысалдардың ақырындағы үгітін өзінше, қазақ ұғымына, ойына жанастыра түйіп беріп отырады» дейді [86, 18-т., 40]. Сөйтіп, аударма жұмыстарының да өзгеше ерекшелігін аша түседі.

Зерттеушінің тағы бір еңбегі – «Қазақ халқының ұлы ақыны» деп аталады. Осы мақаласында да М. Әуезов ұлы ақынның теңдесі жоқ көркем мұраларының арасында сатира, юморға қатысты пікірлеріне тоқталған. Абайдың әжуасына көңіл тоқайластырған. Ол «Абайдың көптеген өлеңдерінде («Қартайдық, қайғы ойладық», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Күлембайға», «Көжекбайға», тағы басқалар) надандық, дәукестік, парақорлық, арамтамақтық, қазақ халқын билеп-төстеушілердің рухани бишаралығы өлтіре сыналады» деп жазды, ал енді бір жерінде Абайдың «бұрынғы ауылдың ғасырлар бойғы ескіліктерін, енжарлық пен жалқаулықты қатты түйрегенін» айтып өтеді [18-т., 50]. Осы мақаланың кейінгі беттерінде ақын туралы былай деп те ой толғаған:

«Абайдың тікелей халықтығы – халықты езушілерді қаналушы бұқараның тұрғысынан әшкерелеуінде. Бұл ретте ол халықтың ауыз әдебиетіндегі нақыл сөздерді, мәтелдерді, тілдегі метафораларды, халық юморының тәсілдері мен құралдарын пайдаланады. Ол ауыл кедейін, батырағын, қазақ әйелін, қарапайым адамдардың бейбіт еңбегін жақтайды, надан әкелердің содырлы мінез-құлықтарының кесірі тиетін жас ұрпақты жақтайды. Бұл – тікелей халықтық белгілер. Шығармаларын өз халқының тілінде жаза отырып, ақын халық ойы мен арманын неғұрлым өткір, терең, нәзік түрде жеткізу үшін бұл тілді байытып, дамытады. Абай халық жыршылары айта алмаған, бірақ халық бұқарасының санасында жүрген ойларды айтты» [18-т., 57]. 

Міне, зерттеуші оны осылайша сыншы, кемшілікті әшкерелеуші етіп көрсетеді. М. Әуезов Абайдың сыншыл, міншіл, сықақшыл болып өсуі оның ата-тегінде жатқанын да тілге тиек етеді. Әсіресе өз шешесі – Ұлжан жағында қалжыңқой, күлдіргі кісілер көп болған. Соны былай деп жазады.

«Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесі Тұрпанмен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай қалжыңымен даңқы шыққан белгілі мысқылшыл; тапқыш күлдіргілер болған. Бұл әдет – Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Көрші ел Шаншардың қулары дегенде қатты ығысатын. Ас, жәрмеңке сияқты қалың жиындарда бір жерге тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе көп елдің кісілері: «Ойбай, Шаншар келе жатыр. Қылжақ етеді» деп өрттен қашқандай дүркірей қашады екен. Бұл әдет Шаншардың мысқыл, мазаққа ұста болып, тауып айтқыш, өткір тілділігінен туған нәрсе» деп келеді де, тағы да, осы ойларды жалғастыра түсіп, арғы жағында:

«Осы Шаншардың бұрынғы-соңғы заманға шейін аузынан тастамайтын атақты «қуы» Тонтай болған. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі болып кеткен. Түгелімен бастан-аяқ жеке-жеке күлкі әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда, Тонтайлар қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думаны, ұдайы қызық күлдіргісі. Бүгінгі Европа, Американың Чарли Чаплині сияқты болған. Осы Тонтайдың інісінен туған әйел бала Ұлжан болады» деп түйіндейді «Абайдың өмірбаяны» деген зерттеу еңбегінде [18-т., 70-71]. 

Ойлы зерттеуші осылай дейді де, бұдан кейін Абай жайына ауысып, былай деп түйін жасаған.

«Осындай тапқырлық және біреудің мінін ащы тілмен қатты түйрегіштік, нағашысы мен шеше жағынан Абайға да мол келген. Шынға келгенде: Абайдан қалған сөздің ішінде барлық ақындықтың шарты болатын, жалынды жанды, өткір сезімді былай қойғанда, қалған сарынның ішінде салқын ақылмен сөйлегіштік көп пе, жоқ шанышпа тілді, соқтықпалы, ащы мысқыл, улы күлкіге бой ұрғандық көп пе? Біздің ұғымымызша соңғы түрі көп сияқты» [18-т., 72].

Әрине, Абайды мысқылшы, әжуашыл етіп тәрбиелеген сол кездегі орта, сол шақтағы әділетсіздік, зорлық-зомбылық, бай-манаптардың әлсіздерге жасаған қиянаты. Мұны жас ақын көз алдында өткізгендіктен де өмір бойы жырына өзек етеді, әжуалайды, мінейді. Сосын да Мұхтар жазғандай «бәрінің мінезінен, ісінен жирентіп, оларды қарсы алушы, әшкерелеуші етіп шығаратын тарихи терең себеп осында болатын».

Мақаланың тағы бір тұсында М. Әуезов Абай туралы жинақталған әңгімелер, естеліктердің бәрінде де «Әзілқой, мысқылшыл Абай жайын айтатынын» жазады. Ақынның әзіл-қалжыңға теріс қарамағанын ол мынадай мысалмен дәлелдей түседі.

«Сондай әңгімелердің бір алуаны Абайдың қалжыңды қадірлегенін көрсетеді», – деп жазады М. Әуезов. Қалжың, әзілді Абай өлеңмен де, қара сөзбен де айтып, айтысып отырады екен. Абай «Қоңыр Көкшеге» жас жігіт кезінде бір рет болыс болады. Сонда бір күні Байкөкше ақын Абай отырған үйге кіре бергенде, Абай қарсы алдынан өлең бастап:

Тақыр жерге қауындап шөп бітеді,

Кей адамға мал мен бас көп бітеді... – дей салып, «ал осының аяғын отырғанша айтып жіберші» дегенде Байкөкше:

Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,

Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді, – деп қалжыңдаған [18-т., 137].

Қарап отырсаңыздар, Абай астарлы әзіл, ащы мысқылға бай, өте терең, ойлы ақын болған екен. Оған жоғарыдағы мысалдар куә бола алмақ.

Ұлы М. Әуезов осы мақаласында – А. Құнанбаевтың «турашыл, мысқылшыл өткір тілді өлеңдер» жазып қалдырған ақын екендігін жап-жақсы дәлелдеп, терең бойлап жазған. Сондай ойына ақынның «Күлембайға, «Көжекбайға», тағы басқа өлеңдерін негіз етеді.

Оның әсіресе, тәрбие тақырыбына арнаған, еріншектік, жалқаулықты сынаған өлеңдері мол екенін де жазады. Соны айта келіп, «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» деген мақаласында Мұхаң былай дейді:

«Еріншек, жалқау, шаруаға қырсыз, талапсыз әдеттердің бәрін де Абай мейлінше жек көріп, өзінің өткір тілімен мысқылдап қатты сынады. Абай өз шығармаларында пайдалы еңбек етуге, еңбекті сүюге шақырды, еңбек адамның тіршілік арқауы екенін, тек адал, өнімді еңбек қана қоғамды дұрыс жолға жеткізетінін айтып жырлады. Ол өзіне дейінгі ақын-жыраулардың еңбек жөнінде жалпылама айтып келгенін көрсетіп, өз шығармаларында оларға қарсы шығады» [18-т., 162-163].

Зерделі зерттеуші Абай туралы жазбасында оның көп әңгімелерден тұратын «Ғақлия» сөздеріне де тоқталып, ондағы мысқыл, сыни, әжуалы тұстарды дөп басып көрсеткен. Соларды талдаған, маңызын аша түскен.

«Абай мұрасы жайында» деген полемикалық мақалада М. Әуезов С. Нұрышев деген кісіге жауап түрінде хат жазады да, онда Абайға қатысты артық-кем пікірлерін таразыға салған. Оның ұлы ақынның поэзиясына қатысты ұшқары пікірлерін сынайды, дұрыс еместігін айтады. Соның бір тұсында С.Нұрышевке қаттырақ шүйлігіп, Абайдың «Шәріпке» деген өлеңін дұрыс түсінбегенін жазады. Ол былай деп көрсетеді.

«Ал, Нұрышев жолдас «жаман өлеңдер», «ұсақ-түйек», «ұят өлеңдер» деген бір топ өлең таппақ болады. Бірақ атайтыны бір ауыз экспромт қалжың – «Шәріпке» деген өлең. Ол – мысқыл өлең. Шәріптің күйеуі Түңлікбай Абайға жасы құрбы адам. Соған, әрине, қалжың айтқанда, сыпайы түрде айтпай, өткір мысқыл, тапқыр теңеу келтірсе де, Абай тұрпайы түрде, натуралистік дәрежеде айтады. Бірақ сол қалжыңның өзі де аңдасаңыз күшті ақын айтарлық қалжың өлең деп білеміз» [19-т., 21].

Міне, сөйтіп, «Шәріпке» деген өлеңіндегі ашы мысқыл, өткір әжуаны көрсете жазады, соған көңіл аудару керектігін ескертеді.

М. Әуезовтің тағы бір мақаласы «Ұлы ақын, ағартушы – Абай Құнанбаев» деп аталған. Ол бұнда да ақын еңбектерінің мәнін, мазмұнын аша түседі де, оған тән мысқылшылдық, әжуашылдыққа тоқталып өтеді, оның халық атынан сынаушы, мінеуші бола алғандығын тілге тиек етеді. Осының бәріне де адуынды, өткір ақынның тілі, шығармашылық қуаты жете алғанын тәптіштеп жазады.

Енді тағы бір үзіндіні оқып көрелік. Ол төмендегідей. 

«Абай өзінің көптеген өлеңдерінде халықты езушілерді қаналушы бұқараның тұрғысынан аяусыз мінеді. Ол мұның үшін халықтың ауыз әдебиетінің өткір сөздерін, нақыл сөздерді, мәтелдерді, астарлы бай теңеулерді, халық сынағының құралдары мен тәсілдерін пайдаланады. Халық арасына кең тараған көптеген өлеңдерінде Абай ауыл кедейін, батрақты жақтады «Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай», «Адасқанның алды жөн...», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым») қазақ әйелдерін, қарапайым адамдардың жасампаз бейбіт еңбегін жақтады («Жаз», «Күз», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман»), жас ұрпақты жақтады («Интернатта оқып жүр»)» деп жазды [19-т., 49].

Ғұлама ғалым осылай деп келеді де, Абай туралы ойларын түйіндеп, оның «қазақ әдебиетіндегі сыншыл реализмнің негізін қалағанын» айтады. Көптеген сықақ, әжуа өлеңдерін атап, соларға тоқталады. Талдап, ішкі сырын аша түсуге ұмтылады. «Абайдың өнері реалистік өнер болғандықтан да жоғары идеялы болғандығын» жазады.

Ойшыл зерттеушінің ұлы ақын туралы жазған ең көлемді еңбегі – «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» деген монографиясы болып есептелінеді. Мұнда ақын өмірі, өскен ортасы, араласқан кісілерімен қабат ақынды тану және шығармашылық өсу жолдары жан-жақты сөз болады. Оның ақындық жолы кезең-кезеңге бөліп қаралған. Мәселен, жас кезіндегі өлеңдері өз алдына сөз болса, орта жастағы тудырған дүниелері бір бөлек, ал соңғы жылдардағы философиялық еңбектері тағы бір қырынан талдау негізіне өзек болған.

М. Әуезов осы көлемді зерттеу еңбегінде де Абайдың артында қалған мол мұраларының ішінен сатиралық дүниелерді, әзіл-қалжыңға бейім шығармаларды ерекше атап өтеді. Сондай өлеңдерін бөліп алып, басқаша талдайды. Олардың арасында «Көжекбайға», «Күлембайға», «Қартайдық, қайғы ойладық», тағы басқалар секілді өлеңдері бар. 

Ғылыми монографияда Абайдың қалжың, әзіл, әжуаға өмірде де бейім болғаны, бұл тұрғыда аяқ астынан суырып салып шығарып отырған бірқақпайлары көп екендігі айтылған. Оған тиісінше мысалдар да келтірілген. Сондай мысалдардың бірі мынадай.

«Абай кейде әзіл сөзді қара сөздей қолма-қол айтып салып, қайта есіне алмай қалдырып кете берген. Осындай бір қалжыңды Ағыбай деген кісі туралы айтады. Біреу кеп: «Ағыбай тағы алдап, сырт беріп кетті» дегенде: 

Адам деп есеп қылма Ағыбайды,

Анттан қорқып, құдайды танымайды.

Сабын жаққан терідей жылп-жылп етіп,

Шіркін-ай, бір орнынан табылмайды, – дейді.

Кейде Абай оқыс бір сұраумен ел кісілерін сынайды. Шақантайдың Төлтай, Ошыбай деген кісілері келгенде, Абай: «Қаттыда не қатты, тәттіде не тәтті?» деп сұрайды.

Соған Ошыбай: «Құрттың малтасына қосып жеген қанттан тәтті бар дейсіз бе» деп бастағанда Төлтай Ошыбайдың құрдасы екен: «Ой, ит, оттама. Қатты дегені – жоқшылық, тәтті дегені – жас емес пе!» –депті. Абай күліп: «Жарайсың, Төлтайым. Құдай ақымақты да, ақылдыны да Шақантайға берген екен», – дейді [20-т., 85]. 

Бұл үзінді сол жоғарыда аталған ұзақ монографиялық еңбектен алынып отыр. Абайдың ауызекі сөзде де тапқыр, мысқылшыл екендігін Мұхтар тағы бір тұста былай деп дәлелдемек болған.

«Қалжыңды Абай билік үстінде де қолданып, мылжың даугерді мысқыл-әжуа етеді екен. Мамай Қарабас руынан шыққан Тоқа деген кісі өзінің бір туысынан құнан даулап Абайға келеді. Екі жағы бір-бір рет айтқаннан кейін Абай жауапкерге: «Мына Тоқаның құнанын бер!» – дейді. Бірақ, Тоқа дауқұмар, мұндай тез билікке айызы қанбай: «Абай, сөзімді екіндіге шейін тыңдашы!» – дейді. Абай қозғалмай, үндемей тыңдап, тыңдап алып, енді жауапкерге: «Сен енді құнаныңды берме!» – дейді. Сонда Тоқа: «Е, бұның не?» дегенде: «сен құнаныңды бағана алып ең, өзің дауға саттың» деп, мылжың даукесті жазалайды» деп жазады [87, 20-т., 85]. Оқырманға көреген ғалым енді бір тұсында ақынның поэзиясына талдау жасай отырып, солардың арасындағы әжуалы, қалжыңды өлеңдерді тілге тиек қылады. Нақты мысалдармен сол өлеңдерді талдап, ішіне үңіледі, түсіндіре баяндауға тырысады. Өз кезіндегі «әлеуметтік дерттің иелерін бұрынғыдан да күшейе түскен ызалы сыншылдық, өткір сатирамен әйгілеп әшкерелеген» өлеңдерін әсіресе дөп баса көрсетеді. Жалпы ақынның ең әуелгі мақсаты – қоғамдық мінді, қоғамдық кеселді сынау, әжуалау, мысқылдау болғандығын айтады.

Ақын, сондай-ақ өзінен бұрынғы, өзіне дейінгі ақын-жырауларды да талдап оқып, олардан қалған мол мұраға сыншы болады, мінін айтады. Көзге ұрып тұрған кемшіліктері болса мысқылға алады, астармен әжуа етеді. Бұған М. Әуезов Абайдың Шортанбай, Бұқар жырауларға арнаған өлеңін мысал етеді.

«Қыс» атты өлеңді талдай отырып, ғалым «Кәрі құда» деген сөзге тоқталады. Сол сөздің мәнін ашып түсіндірмек болады.

«Кәрі құда» – ең сұрамсақ, әсіресе алымпаз, тойымы жоқ, жеміт құда. Ол және қызын бермей талдырумен қатар, сан рет қайталап, еселеп соқпай, ала бермей тынбайды. Әрдайым айналып соғып отыратын қысты, осы құдаменен теңеу арқылы Абай Аяз-бабайды орыс әдебиетінен алып келіп, оқушысына өзінің құдасы етіп, қабыстыра кетеді [20-т., 136].

Осылай деп сөз сабақтайды, оған мән береді, астарын ашады, ащы мысқылды алдымызға жайып салады. Сөзбен сурет салған ақынның теңеуін, ойлы тіркестерін қайта-қайта еселеп таныстырып, ойымызға біржола орнықтырмақшы болады. Бұны көзіқарақты оқырман тез-ақ байқаса керек-ті.

Ғалым, әсіресе, ақынның «Болыс болдым, мінеки», «Мәз болады болысың» секілді сықақ өлеңдеріне ерекше тоқталады. Алғашқы өлең бертіндегі деректер бойынша, Күлембай деген болысқа арналған делініп жүр. Бірақ бұл өлең тек Күлембайдың айналасында қалып қойған емес, Мұхтар жазғандай осы еңбегі арқылы ол «болыс атаулының бәріне ортақ анық шындықты ерекше шебер мысқыл, сатирамен әйгіледі». Сөйтіп, осы өлең туралы ойын түйіндей келе, ғалым былай дейді:

«Көркемдік, суретшілік, сыншы мысқылшылдық жағынан ерекше толық шыққан бұл шығарма, ең алдымен, болыстың психологиялық портретін береді. Оның ішкі есеп, айла, тәсілін сан құбылған мінез-құлқын, қимыл-әрекетін қапысыз, толық бейнелеп шығады» деп ой тұжырымдаған [20-т., 138]. Расында да Абай:

Болыс болдым, мінеки,

Бар малымды шығындап, – деп, шенқұмар, атаққұмар байдың шен-шекпен үшін бар дүниесін шаша қызмет сатысына көтерілмек болғанын қалайша дөп көрсеткен дейсіз. Яғни болысты өз аузымен өзін әжуалайды. М. Әуезов «ақын сатиралық ең бір өтімді, дәлелді және өмір шындығына ерекше жақын, төте жолын алады» деп көрсеткен. Сондай-ақ, зерттеуші Абайдың жоғарыда аталған сатиралық өлеңдерінде «мысқыл эпитеттерінің» мол екендігін де алдымызға кесе-көлденең тартады.

Жалпы, ақынның «Болыс болдым, мінеки», «Мәз болады болысың» деген өлеңдеріндегі сатира, юмор, мысқыл элементтерінің молдығы соншалық, күні бүгінге дейін дәл осылай, асқан шеберлікпен, дәлдікпен, көркемдікпен бейнелеп жеткізген ақын қазақ топырағында кемде-кем. Бұл өлеңдерді тіпті орыс классиктері И.А. Крылов, Н.А. Некрасов, М.Е. Салтыковтармен ұялмай салыстыруға әбден болады.

Дәл осындай сатира элементтері ақынның «Сегіз аяқ» өлеңінде де кездесіп отыратынын зерттеуші еске сала отырып, талдайды.

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын, – деген жолдарды мысал етеді де, ойлы, философиялық өлеңнің ішкі негізін аша түседі. Еңбекті сүю, еңбекті қадірлеу туралы теңдессіз туынды екендігін еске салады.

Зерделі зерттеуші енді осы монографиялық еңбегінде Абайдың аудармашылық еңбегіне де тоқталып Лермонтов, Пушкин, Крыловтарды аударуы, олардың шығармашылық ерекшеліктерін сақтауы, әсіресе өткір тілі мен ащы мысқылы, орынды қалжыңы қатарласа берілгенін жазады. Мұны нақты фактілермен, бұлтартпас мысалдармен шегелей түседі. Әсіресе, ұлы мысалшы И.А. Крыловтың қазақ тілінде әдемі де әсерлі, өз күшінде сөйлеуіне тигізген зор үлесі бар екендігін айтады.

«Абай Крылов мысалдарынан, әсіресе орыс халқының Крылов заманындағы әлеуметтік, саясаттық ерекшеліктерінен туған әжуа, сатира жақтарын көп алмайды. Оның орнына өз оқушысына оңай, ұғымды боларлық, жалпы адам баласының қай қауымына болса да оңай үйлесетін мысалдарды бұрынырақ аударуға талап еткен» деп жазады зерттеуші ғалым [87, 20-т., 214-215].

Сөйтіп, Абайдың классикалық дүниелерді аударудағы ерекшеліктері мен кейбір кемшін тұстары да осы еңбекте әңгіме өзегіне айналып отырған.

Бұдан кейін ғалым оның «Қара сөздеріне» де ден қояды. Ондағы ащы мысқыл, өткір әжуа элементтері әңгіме өзегіне айналған, сондай тұстары ерекше назарға іліккен, мысалға алынған. Ақынның сыншылдығы, әжуақорлығы нақты мысалдармен дәлелдене түскен. Әсіресе, еріншектік, жалқаулық, өсекші-өтірікшілік, арамтамақтық секілді қоғамдық кеселдер – ақынның қара сөздерінде де назардан тыс қалғандығын ғалым елеп, ескере, ой бере айтады.

Міне, осылайша М. Әуезов көлемді де үлкен монографиясында Абай еңбектеріне кең түрде шолу жасаған, жан-жақты бағамдаған.

Сөйтіп, Абай ақынның тұрмыстық эпиграммаларын да, сықақ өлеңдерін де, мысалдарын да Мұхаң дөп басып, өз мақала – зерттеулерінде ашып көрсете алды. Оның өз бағасын бере алды. Біз ең әуелім М. Әуезов зерттеулері арқылы А. Құнанбаевты жақсы, жете тани алдық десек, еш артық айтқандық болмас еді.

Осы ретте айта кетер бір факті бар. М. Әуезов Абай ақынның сықақ өлеңдерін талдау үстінде оған ерекше назар аудара түседі де, сөздің тоқ етер түйінінде оны Салтыков-Щедринмен салыстырады. Былай дейді: «...Болыстарды, чиновниктерді, билерді, атқамінерлерді өлтіре сынап, мысқылдаған сатиралық өлеңдерінде ол (Абай – Ж.Ә.) Салтыков-Щедринге көркемдік жағынан да, саяси жағынан да жақын» деп түйеді [93].

Расында да осылай ма? Біздіңше, қисыны келеді. М.Е. Салтыков-Щедрин өзінің «Гуверниялық очерктерінде» де дәл осылай шалғай жатқан провинциядағы дворян, чиновниктерді өлтіре әшкерелемей ме! Соны оқып отырғанда бұл екі қаламгерді бір-біріне тез-ақ жақындастырып жіберуге болады.

Міне, осылайша ғалым Әуезов Абай ақынды философ, ойшыл, лирик ақын ғана емес, сонымен бірге сатира мен юморды да терең меңгерген сыншыл ақын ретінде де алдыңызға молынан тосады.

Жалпы алғанда, сөзді түйіндей айтар болсақ, Мұхаң Абай шығармашылығына, оның ішінде сатирашылдығына қайсыбір мақаласын алсаңыз да (біз атаған, атамаған) тоқталған, бағасын берген, ғылыми тұжырым жасаған. Бұрын-соңды айтыла қоймаған ғылыми ойлар түзген. Біз соның бірқатарын тілге тиек еттік, негізгілеріне ғана тоқтала алдық. Әйтпесе, айтылар, зерделенер мақала – зерттеулер ұлы суреткер М. Әуезовте ұшан-теңіз екені белгілі. Ең бастысы – зерттеуші ғалым Абай туралы жазбаларында оның «стилінің бір ерекшелігі – әшкерелеушілік және ағартушылық мотивтерді тоғыстыра алатынын» (М. Сильченко) дөп басып, соны көрсетуге күш салды. Ол Әуезов мұраларынан көрініп те тұр.

Ескерту: Бұл мақала автордың «Әуезовтің «Жұмбақ әлемі» атты монографиялық кітабынан алынып отыр.

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...