МАҚСАТ РАМАЗАНҰЛЫ. НАТЮРМОРТ

ӘДЕБИЕТ
1722

МАҚСАТ РАМАЗАНҰЛЫСол бір бейтаныс кісінің суретшілік ғұмыры жайында толық мағлұмат білмейтінмін. Оның қылқаламынан туған дүниелер қаны жерге тамбай шетелдік колекционерлерге өте қымбат бағаға сатылып кетуде ме, әлде өз шебарханасының бір бұрышында шаң басып жатыр ма, о жағынан да хабарсызбын. Қандай атақ-даңқтары бар екендігін де естімеппін. Мұның бәрін қалай білуім керек, егер өзі жайында жұмған аузын ашпаса. Онымен танысуым да кездейсоқ еді.

Бір күні уақыт тауып, қаланың шеткірегінде орналасқан сурет галереясын тамашалап жүргенмін. Барлық суреттерді көзіммен сыдырта қарап жүріп, бір суретке қадала қарап тұрып қалдым. Иесіз шөл далада бір нәрсе ағараңдайды. Үңіле қарап едім, адамның қураған бас сүйегі екен. Көзіне құм толып кеткен. Ауызы арандай ашылған. Бір қарағанда бас сүйек сөйлеп жатқан секілді. Сол суретке қанша уақыт қарап тұрарымды кім білсін, егер оқыс дауыстан селк ете түспегенімде. Жанымда біреу тұр екен. Шашы ұзын, сақал-мұртының қалыңдығы сондай, көзі ғана жылтырап көрінеді.

— Ұнады ма?

— Білмедім...

Тосын сұрақ. Басқалай жауап беруге сасып қалдым.

— Онда неге көп суреттің ішінен осыған ғана арбалып қалдың?

— Білмедім...

— Иә, солай деңіз...

— Бірақ онсыз да қасіреті қалың қу басты шөл далада қаңғыртып қою, жұмбақ ойға жетелейді екен. Дегенмен тас төбеден төнген күнді бейнелеу үшін сары бояуды оңды-солды пайдаланған сияқты.

— Сіз де суретші ме едіңіз?

— Жоқ. Өзіңіз ше?

— Мен...

— Түсінікті, енді ұққандаймын. Қателеспесем сіз осы суреттің авторы боларсыз?

— Егер солай деп қабылдасаңыз, келісуге болады.

Мен оның жауабынан кейін ештеңе демедім. Қол сағатыма қарап едім, кететін уақытым жақындапты. Онымен қоштасу үшін қолын қысып тұрдым да: «Менің атым...» дей беріп едім, қажеті жоқ деген ишара білдірді. Абдырап қалдым. Ең болмағанда өзінің есімін білейін деп «Онда сіздің есіміңіз кім болады?» дегенімде, ол: «Егер қаласаңыз жәй ғана «суретші» дей салыңыз» деді. Не себепті екенін ақтарып сұрап жатпай, басымды изедім. Сыртқа шығу үшін есіктің қасына жақындап қалып едім, ол артымнан қуып жетіп:

— Егер уақытыңыз болса ертең түс кезінде қаланың орталығындағы баққа келіңіз. Сурет өнері жайында пікір алмасуыңызға болады, – деді. Мен одан тезірек құтылғым келіп «Иә» дей салдым. Міне, Суретшімен таныстығым осылай басталды. Ертесіне қызық үшін түс кезінде Орталықтағы баққа барған едім, алыстан бірден таныдым. Бақтың шеткері жағында орналасқан орындықта отыр екен. Сол күні ұзақ сөйлеспедік те. Сәлден кейін өз жолыммен кете бардым. Қоштасар сәтінде ертеңіне дәл осы уақытта келетіндігімді айттым. Одан кейін де кездесіп тұрдық. Шындығында сурет әлеміне деген өзіндік ынтазарлығым болмаса, оның теориясы мен техникасы турасында ештеңе де білмейтінмін. Тек, онымен әлемдегі атақты суретшілердің картиналары жөнінде өзімнің пайымдауымдағы ойлар тұрғысынан пікірлесетінмін. Суретші сөзге сараң, көбінесе мен сөйлеймін. Ол менің айтқандарымды қортындылап қана отырады. Бірте-бірте сурет әлеміне деген құштарлығым күшейе түскендей. Осыны аңғарғандай бір күні ол: «Сенің сурет салғың келмей ме?» деп сұрады. «Жоқ» деп жауап бергеніммен, әрі қарай «Өмірімде сурет салып көрмеппін, тек бала күнімде әкем маған бір майлы бояу мен қылқалам әкеліп берген болатын. Не үшін әкелгендігін әлі күнге дейін білмеймін», – дедім. Әңгімеміз осымен аяқталып, мен үйге қарай аяңдадым. Есіме Суретші айтқан сөздер түсіп, «Осы мен шынында да сурет салып көрсем бе екен» деген ой келді. Сосын бала күнгі қылқаламым есіме оралып, үйге келгесін әрі-бері ақтарып таппай қойдым. Есік алдындағы ескі сарай ішінен де табылмады. Артынан «Айдаладағы суретшінің айтқанына ерген мен де ақымақ екенмін» деген оймен, өз-өзімді сабама түсірдім.

Ертеңіне Суретшімен кездесуге бардым. Ол күндегіден өзгеше қалыпқа енген. Сөз бастады. «Мен үнемі бір түс көремін»,— деген ол сөзін әрі қарай жалғастырып, — Түсімде адамның кесілген денелері шашылып жатады. Өте аянышты. Мен оны қанша жерден жинап үлгеремін деп жанталасқаныммен қарға-құзғындар іліп алып кетеді. Оларға шамам жететін емес. Сосын оянып кетемін. Үнемі осы түс көретінім. Кейде қорқамын...» – деді. Айтқандары қияли ма, қалай, сенбедім. Мен оған жаман түстерден арылудың жолын түсінідірдім, ол түс жайындағы әңгімеден сырт айналып кетті. Одан кейін:

— Осы әңгімеміз де бүгінге жетер. Айтпақшы, саған бір өтініш болып тұр. Өткендегі галереяда ертең көрме ашылатын еді. Мына суретті сонда апарып ілші. Өзім бір жұмыстардан үлгеретін емеспін. Және мұның сыртын ертең ілер кезде ғана ашарсың, – деді де, ұзындығы бір, ені жарт құлаш болатын, сырты мұқият оралған бір картинаны ұстатты. Сондай-ақ маған бір қағаз беріп, «Мынаның ішінде мекен-жай жазылған. Бүгін кешке сол жерге барып бір нәрсені аларсың» деді де, үнсіз орнынан тұрып кетіп қалды. Суретшінің аманатын қолтығыма қысқан күйі үйге қайтақаныммен, берілген мекен-жайды іздеп баруға еріндім. Тіптен қарамай-ақ, қалтама сала салғанмын.

Мен ертеңіне сурет көрмесі ашылатын жерге келіп, ораулы картинаны аштым. Бір орыннан қозғалмай сілейіп тұрып қалдым. «Натюрморт» деп ат қойылған картинадағы бейнелерден әлдебір философиялық ойлар түймек түгілі, оған қараудың өзі қорқынышты. Бөлме ішінің бір қапталы ғана алыныпты. Терезеден қып-қызыл Ай сығалайды. Ал үстел үстіне адамның кесілген денелері қойылыпты. Кеуде тұсы, қолы, аяғы, тек адамның басы ғана жоқ. Есесіне бір маска тұр. Үстел жиегін қуалаған қан, жерге тамшылап тұр. Денем түршігіп тез-тез ілдім де, ілезде алыстап кеттім. Көрмеге жиналған адамдардың барлығы сол суреттің қасына жиналып қалыпты. Әр түрлі дауыстар мен таңқалыстар галерея ішін жаңғырықтырып жатты. Бір кезде барлығы суреттің авторын іздей бастады. Біреуі көрсетіп жіберген болуы керек, жамырай менің қасыма келді.

— Мына картинаның авторы сіз бе?

— Жоқ.

— Мұны сіз ілді деп айтты ғой бізге.

— Иә, мен әкеліп ілгенім рас, бірақ бір танысымның салған суреті болатын.

— Ол кім, айтыңызшы тезірек?

— Шынымды айтсам аты-жөнін білмейді екенмін.

Менің жауабым қитықтарына тиген олар, «Біз бұдан адам секілді сұрап тұрсақ, бізді жындыға балап кергитіні несі» деген сыңаймен теріс айналып, қайтадан сурет ілулі тұрған жаққа қарай беттеді. Мен оның аты-жөнін білмейтіндігім анық, тек өзін Суретшімін деп таныстырғаны болмаса. Жұртты кимелей сыртқа шығып, Орталық баққа қарай жүгірдім. Суретшінің ізі де, өзі де жоқ. Ешкім де көрмепті, сұрастырып едім. Есіме кеше маған берген қағазы түсіп қалтамды ақтарыстырып тауып алдым. Онда мынадай сөйлемдер бедерленіпті. «Қаланың Шығыс жағынан кіретін жол бойында ерекше көзге түсіп тұрған ескі үй бар. Соның кіре берісінде бір ескі сандық жатуы тиіс. Әлі күнге дейін тұрғандығына сенімдімін. Соны аларсың». Суретшіні сол жерден табатын шығармын деген оймен айтылған мекен-жай бойынша іздеп бардым. Суретші жоқ. Тек ескі сандықты көрдім. Әуелі жүрегім дауаламай тұрды да, ақыр соңы тарс бекініп, сандықты аштым. Сылқ етіп жерге отыра кеттім. Ішінде менің бала күнімде әкем сыйлаған қылқалам жатыр екен.

author

Мақсат Рамазанұлы

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...