МҰХТАР МАҒАУИН. СОҢҒЫ СӨЗ

ӘДЕБИЕТ
6172



Таусыншақ күн, ақыр сөз... Ажал – түсінікті. Түсінікті емес, тоқтамсыз. Ал соңғы лепес... Қандай мәнісі бар? Арман ба, өкініш пе. Бәлкім, шарасыз тығырық. Немесе, тілек, тәуба. Әйтпесе, ойластырылған, иә қапелімде айтылған ғарыз. Қалай десеңіз де, жан ышқынғанда сыртқа шыққан зарлы леп.

Әлбетте, хақ дінді қауымның ақыр сөзі – “Лә иләһа илә Алла!..” Бұ дүние босағасындағы соңғы, о дүние қақпасындағы әуелгі сөз. Біздің кеңес – жалпақ жұртқа тән, пенделік, ең соңғы лепес турасында. Иә. Батыс әлемде, арғы-бергі ғұмырбаяндық әдебиетте айрықша мән беріледі. Кез келген жұмыр басты емес, ұлы адамның, тарихи тұлғаның бақұл сөзі. Марқұмның өмірлік қызыметі, өзіндік бет-бейнесінің тәсілім сәттегі айғақ, көрсеткіші тәрізді. Әлденендей тұспал, емеурін, немесе нақты ұғым, өзгеше таным белгісіндей. Атап айтады, тіркеп қояды. Ес пен түс арасындағы, жанталас болмаса да, жабырқау әуезден терең мағна тілеген соң, көбіне-көп өңдейді, бұрмалайды, өзгертпесе де, көп сөздің ішіндегі тиімді санағанын алға шығарады.

Мәселен, Ежелгі Рим императоры, зұлымдық пен нақұрыстық үлгісі есепті Неронның ең соңғы, керез лепесі: “Қандай ұлы артист өліп барады!..” – емес. Ондай сөздің болуы анық. Бір емес, әлденеше мәрте қайталанған. Тек ең соңында емес, төңірегімен түгел көтерілген астана жұртынан қашып шыққаннан кейін, өлімнен құтылмасына көзі жеткенде айтқан. Бірақ өзіне қанжар салуға қолы бармай, қатты торығады. Тек арттағы қуғыншылар тақап қалғанда: “Топырлай шапқан ат дүбірі құлағымды тесіп барады!” – деп, “Илиададан” бәйіт айтады да, тағы да шарасыз кейіпте жанталаса тыпырлап, жақын серіктерінің бірінің көмегімен тамағына семсер ұрады. Қаны шапшып, қорқырап жатқан сәтте айтқан шын соңғы сөзі: “Міне, нағыз адалдық!” Арам ғұмыр кешкен жауыздың бақи сөзі – Адалдық! – болыпты.

Орыстың ұлы әдебиетінің атасы, барлық бастаудың көзін ашқан Александр Пушкиннің ең соңғы сөзі – кітап сөрелеріне қарата айтылған: “Қош болыңдар, достарым!” – емес. Еріксіз дойыл нәтижесінде өлесі жараланған ақын ауыр азаптың әуелгі күнгі бір мезетінде сондай сөз айтуы рас. Өнеге тұтқан, серіктес, ақылдас, сырлас санаған кітапханасымен ғана емес, өзі жазып қалдырған ұлы кітаптарымен де мұңдасқан тәрізді. Ақынның соңғы екі тәулігі бастан-аяқ, сағат, минутымен таңбаланған. Ауыр жаралануы – 27-январь (1837), екінті – сағат кешкі бес шамасында. Түн ұзақ, ес пен түс арасында қатты қиналады. Ертеңіне, сағат екі, тал түсте: “Ажал келе жатыр!..” – дейді, бақиға мойын ұсынып. Кешке қарай: “Енді қанша азаптануым керек? Тез, тезірек кел!” – деп, өлімді өзі шақырады. Түн ортасында: “Көкірегім қайғыға толып барады!..” – дейді. Өлім қайғысы емес – өмір қайғысы, жеріне жетпеген арман, жас бала, жазылмаған шығармалар... Екінші түннің азабы әуелгіден азырақ болыпты. Жара қабынған, өлім сағаты жақындай түскен. Таң атқаннан сұлық қалады. Ақыл-есі қалпында, бірақ әл-дәрмен құрыған. 29-ы, түскі сағат бір, қол-аяқ салқындап, дене ауырлай берген. Есесіне өңі байыпты, мінезі байсал. Жараланған сәтінен ақырғы минутына дейін дәтінен айрылмаған екен. Басында отырған, заманында қанды ұрыстарға да қатысып, талай жарақатты алдынан өткерген әскери достарының өзі ақынның ерлігіне, сабыр, ұстамы мен төзіміне қайран қалған. Енді міне, уақыт озған сайын тамыр соғысы төмендей түседі. Ақын ауық-ауық естен тана береді. Әлдебір сәтте, қолын ұстап, қасында отырған жақын серіктерінің біріне: “Көтер, көтер мені жоғары! Ал, кеттік, биіктен-биікке!” – депті. Келер мезетте есін жиып: “Мен кітаптардың төбесіне шығып бара жатқандай көріндім...” – дейді. Содан соң, өң мен шалық арасында: “Пердені түсіріңдер, ұйықтағым келеді...” – депті; түскі сағат екі, соңғы демге қырық бес минут қалған екен. Міне, ұлы тұлғаның тәсілім сәті, ақыр сөзі: “Жизнь кончена!” – “Өмір бітті!” Шырайы ашылып, бар байыбы бет-жүзіне шықты дейді, жанында тұрған, көзімен көрген жаһаттас достары. Ақын бір сәт бөгеліп барып, қайталап айтады: “Кончена жизнь!” – “Бітті өмір!” Әуезі ашық, сөзі анық. “Тынысым тарылып барады...” – дейді ізінше. “Ажал келді!..” – деп айтып үлгермеген. Дем алысы әлсірей бере, тыныш қана аттанып кетіпті. Әсіресіз, нақпа-нақ куәліктер осындай.

Зұлым патшаның да, ізгі ақынның да ажалы дабылдап, атап келген. Жарық дүниемен қоштасар, жақын-жорамен ғарыз айтысар уақыты болған. Ойлана сөйлеген, өткенін байыптап үлгерген. Бәрібір, соңғы сөздер – бірі топас, бірі ізгі – екеуі де табиғи. Риясыз. Ал дәл осындай, айтып келген өлім, шарасыз мезеттегі басқа бір сөздер... көбіне-көп жан түкпірінен емес, парасат сүзгісінен шыққандай көрінеді. Жеке бастың абырой-намысын ұстанған. Болашаққа бағышталған. Десе де... ажал алды. Және сұраусыз, зорлықпен келген, кесімді ажал. Нюрнбергте үзілген Үшінші рәйх көсемдері туралы айтып отырмын. Екінші дүниежүзілік соғыста үстем шыққан жеңімпаз державалар құрған Халықаралық әскери трибунал шешімі бойынша өлімге кесілген фашистік қылмыскерлер.

Иә, одан бұрын... Октябрь төңкерісі, Советтік құрылым көсемдерінің соты болған еді ғой. Шексіз қинау, азапты тергеуден соңғы мазақ сот. Ол да түгел өлімге бұйырған. Дүниені төңкеріп, жаңа қоғамды өз қолдарымен орнатқан Зиновьев, Каменев, Бухарин, Томский, Рыков... және басқа да жүздеген большевик басшылар. Билік жолындағы жанталас күрес кезінде саясаты да, ақыл-парасаты да асқан, ең кереметі – есебі мен ебі ғана емес, жетесі ұзын, жүйкесі берігірек шыққан “Тау қыраны” – мұртты гүржіден қирап жеңілген бейбақтар. Бүгін бейбақ, кеше – жарым жалғанды тітіреткен, мейірден ада, қарымы қатты жын-перілер. Әуелі бір елде, содан соң жер жүзінде ертегілік коммунизм орнату үшін өз жұртының – неше миллион кінәсіз халықтың қанын арқалаған кереметтер. “Ақырына дейін қиратамыз, содан соң...” Қиратты. Содан соң, бірінші кезекте өздері құрбанға шалынды. Өздері орнатқан қылмысты құрылымның мәңгілікке есептелген жетпіс жылдық салтанаты жолына. Бас абыз Сталиннің ғұмырлық мерейі үшін. Кешегі жалынды, қажырлы күрескер, бүгінгі мүскін зағип пақырлар басқа болмаса да, бұл жағын жақсы ұғынған тәрізді. Бәрінің де атылар алдындағы ақтық сөзі: “Ұлы Сталин жасасын!” – болыпты. “Ұлы Сталин жасасын!” – тарс, тұрс, гүмп, гүрс!.. Кетті жаһаннамға. Керез лепесімен бірге. Керез сөз – “Ұлы Сталин жасасын!” – риясыз шыны ма? Шыны болса, өздері орнатқан өкімет, құрылым емес, сол жаңа тәртіптің төбесінде отырған көсемнің берік билігі үшін құрбанға байлануын жөн деп, оң деп білгені ме? Әлде, Сталиншіл ұранды бар дауыспен айтсақ, ең соңғы сәтте – адамзат алдындағы, өздері де байыптап ұқпаған өлшеусіз қылмыс емес, көсем алдында қалқиып тұрған күмәнді кінәратымыз кешірілер деген есек дәме ме? Қайткенде де жалған сөз. Ар-намысын тапайды, жанын шырқыратып, азапқа салады, ойламаған қылмыс, болмаған кінәсін мойынға қойып, атуға кеседі – бәрібір “Жасасын!..” Аяр лепес. Соңғы ғана емес, өткен-кеткен бар сөзі, бар ісі. Ғұмыр бойы адамзатқа қарсы қылмысқа батса, соңғы сәтте өзіне қарсы өзі қылмыс жасапты. Жексұрын ғұмыр, жиренішті өлім.

Ал манағы фашистік қайраткерлер... Олар да, атауы басқа демесеңіз, кәдімгі коммунизм жолында күрескен. Жер жүзінің пролетариаты емес, бір ғана халықтың мәңгілік салтанаты үшін. Неміс жұрты асыл. Қалған халықтар түгел тексіз. Тексізді табанға салып, бүкіл әлемді таңдама нәсіл билеуі керек. Ол үшін әуелгі кезекте асыл тектің өмірлік өрісін кеңейту шарт. Яғни, өз жұртына шектес, болашақ кең қонысты жат жұрттан тазарту. Тазарту үшін – қанды соғыс, қатал қырғын, аяусыз өлім... Бірақ тақау және алыс көршілер өз беттерімен тазарғысы келмейді, жеңіліп, қирап жатса да қарсылығын тоқтатпайды, ал үлкенірек ағайындар – ағылшын, француз, американ, орыс және олардың теліміндегі тағы қаншама жұрт жаппай ұйымдасып, жалғыз неміске жабыла түсіпті. Қырғын екі жаққа ортақ екен. Алты жылдық арпалыстан соң, өзі үшін ғана коммунизм орнатпақ жалғыз әбден қансырап, қирай жеңілген. Ақыр түбінде бас қолбасы у ішіп өлді, бас ұраншы оның соңынан кетті, қалған көсемдер кіріптар болып тұтқынға түсті. Енді міне, жеңімпаз жұрттың “Халықаралық әскери трибунал” аталатын рақымсыз сотына ілініп отыр. Алғашқы кезекте – бар басшының ішінен іріктеліп, трибуналға тартылған – он екі кісі: Геринг, Заукель, Зейсс-Инкварт, Йодль, Кальтенбруннер, Кейтель, Риббентроп, Розенберг, Штрәйхер, Франк, Фрик және сусып кеткен, бар-жоғы белгісіз Борман. Жер шарын теріс айналдырған мықтылар. Кеше әлем халықтарының тағдырын шешкен, енді өз тағдырларын басқаға тапсырып, пұшайман болып отыр.

Ілкідегі қызыл фашистердің соты да, қылмыс-үкімі де мазақ еді ғой. Күрең фашистердің бар болмысы басқаша көрінеді. Мойынға қойылған нақты айып: “Әлемге, адамзатқа қарсы қылмыс...”


Нюрнберг процесінен

Нюрнберг процесінің барлық жай-жапсары тарихқа түскен. Том-том кітаптар шыққан. Әлемдік сот туралы ғана емес; сотты болған кісілердің әрқайсының ғұмырбаяны, істеген іс, арқалаған жүгі түгел талданған. Бәрі де қорлық өлімге кесіліпті. Дарға тартылған. Ал қалай тартылды – бұл турасында “ізгілік жолындағы” совет кеңістігінде мүлде айтылмаушы еді. Өзінің бауыр етін өзі жұлып жеген коммунистік құрылымның екіжүзді идеологиясы ғана емес, көлеңкесі де ғайыпқа көшкеннен кейін, жақында ғана мағлұм болды. Тәуелсіз, ашық ақпарат көздері тарабынан.

Сонымен, өзгеше сот үрдісін бастан-аяқ атқарып шыққан Халықаралық әскери трибунал қатал үкімді межесіне жеткізу үшін арнайы комиссия құрады. Бұл, жеңімпаз төрт мемлекет – Құрама Штаттар, Совет Одағы, Ұлы-Британия және Францияның жоғары шенді әпесерлері енгізілген ғұзырлы топ жазалау ісін ұйымдастыруға және оның жүзеге асуын бақылауға тиіс екен. Барлық қара жұмыс американ әскерилеріне тапсырылады, бас экзекутор міндеті де мұндай істе тәжірибесі мол американ сержантына жүктеліпті. Сонымен, қажетті шаруалар жасалып, тиесілі жабдық, орындаушы кісілер түгел дайын болады. Ақыры, 1946, 15-ноябрь – мерзімді күні Нюрнберг түрмесінің үлкен спортзалында қатарынан екі дар құрылған арнайы эшафот орнатылады. Жабық залдағы ашық жазаны өз көздерімен көруге – арнайы комиссия мүшелері, орындаушы жендеттер, әскерият өкілдері, священник, дәрігер, журналист – жиыны қырық екі кісі қатысыпты.

Түнгі сағат он екі. Бәрі дайын. Түрме камерасындағы жазалылар тіршілік күндегі соңғы ұйқысынан оятылады. Дәл сол мезетте Үшінші рәйхтың Гитлерге тете, екінші дәрежелі көсемі, бас қылмыскер есебіндегі рәйхсмаршал Герман Герингтің у ішіп өлгені анықталады. Қажетті дәруді әлдебір құпия жолмен арнайы алғызып, дар тұзағынан құтылып кетіпті. Екіншіге талас, үшінші, төртінші дәрежедегі көсем, соғыстың соңғы күндері рәйхсфюрердің бірден-бір мұрагері деп жарияланған, ол да дарға кесілген Мартин Борман, өлі ме, тірі ме, белгісіз – әуелден қолға түспеген. Ендігі қалған он кісі рет-ретімен ажал алаңына шығарылады. Қабаттасқан кезегімен. Яғни, әуелі біреуі дарға тартылады; жаны үзіліп, сұлық қалған, өлімі нақты анықталған соң тұзақтан босатып жатқанда, екінші дарға келесі кісі жеткізіледі. Одан – үшінші, төртінші. Өстіп, қосарымен жалғаса береді.

Иә, бізге керегі – дарға қалай тартқаны емес, дар алдындағы соңғы сөз еді ғой. Осындай дәстүрлі кеңшілік жасалыпты. Арманыңызды түгесіп, ақырғы сөзіңізді айтыңыз. Дар тұзағын мойынға салып тұрып. Ажал сәтіне бір, бір емес, жарым минут қалғанда. Екі бейбақ – генерал-полковник, елу алты жасар Альфред Йодль және арнайы жедел әскер СА обергруппенфюрері, ол да Альфред, елу үш жасар Розенберг – бақұл сөзден бас тартыпты. Иә, соңғы сөзі бар. Не айтасыз? – деген сауалға жауап. “Жоқ!” Альфред Йодль бар болып шықты. Арада жеті жыл озған соң, жақындарының талабымен бар ісі қайта қаралып, таза әскери қайраткер, кінәсі болса да, қылмыстан тыс деген қорытынды бойынша ақталған. Біздің манағы балшабек көсемдер сияқты. Айырмасы– елу жыл күтпеген және ақтала сала, мерейлі екі жаз өтпей, қайтадан жау деп жарияланбаған. Бірақ одан қысаспен көз жұмған кісіге келіп кетер пайда-зиян жоқ. О дүниедегі соттың ережесі басқаша болса керек.

Екі Альфред жетінші, сегізінші кезекте тартылған екен. Ал ең алдымен дар ағашына шыққан – атақты Иоахим фон Риббентроп. Үшінші рәйхтың айнымас Сыртқы істер министрі, таңдаулы жасауыл әскер СС обергруппенфюрері. Бала кезінде скрипкашы болғысы келіпті, өспірім кезінде әлдеқалай, дәмнен ұшынып, бір бүйрегін беріп, ажалдан әрең қалыпты, содан соң жүрдек журналист болған, бизнеспен айналысқан, әлемдік алғашқы соғыс басталғанда алыс шет елдегі бар шаруасын тастап, асыға жетеді де, майданға түседі, атты әскер сапында ұрысқан, ең жоғарғы марапат – Темір крест орденінің Бірінші, Екінші дәрежесін қатарынан алған, бұдан соң тағы да бизнес, сәтті үйлену, мұрагерлік өсиет нәтижесінде туасы мәртебе, зор байлық, ақыры, су жұқтырмас дипломат, Гитлер билікке жеткеннен соңғы жерде шет жұрттармен арадағы барлық сәтті шаруаның дәнекері, бұл тараптағы көп табыстың ірісі – әлемдік жаңа соғысқа еркін жол ашқан, Совет Одағымен аралықтағы, өзара бейбітшілік пен мәңгілік достық һәм Еуропаны жаңаша бөлісу туралы 1939 жылғы атақты келісімдер. Жарым дүниенің, ондаған халықтың тағдырын қолына ұстаған ерекше тұлға. Енді міне, кіріптар тұтқын, бас қылмыскер. Арқаны салбырап, араны ашылып тұрған суық дарға қарай алып жүргенде... буыны босап, басы шалқайған, жүзі сұп-сұр, тас өлік сияқты еді дейді. Мойнына тұзақ ілінген сәтте оқыстан ес жиыпты. Соңғы лепесін қатты дауыстап, топ алдында кәдімгі мінбеге көтерілген кісідей, сергек айтыпты: “Жаратқан! Германияны сақтай гөр! Жаныма жеңілдік бер!..” Мойындағы тұзақ тартылды, аяқ астындағы тиянақ төмен құлады – бітті. Елу үш жасында осындай азапты ажал тауыпты. 

Арнайы эксперт дәрігерлер сұлық салбырап қалған Риббентроптың шынымен өлгенін айғақтап, көмекші жендет опырылған мойындағы қарысқан шылбырды босатып жатқанда тәжірибелі бас жендет – манағы, арнайы шақырылған американ сержанты екінші жазалыны тұзаққа іледі. Юлиус Штрәйхер, СА обергруппенфюрері, фашистік партияның көрнекті қайраткері, белсенді антисемит, жойыт халқын жер бетінен аластау ұраншысы. Алпыс бір жаста екен. “Ерте ме, кеш пе, большевиктер сендердің өздеріңді түгел дарға тартады!” – дейді, Батыс жұртының өкілдеріне қаратып, өзінің соңғы сөзінде. Осыдан кейін сәл босаңсып: “Міне, құдайыма кетіп барамын. Бақытсыз әйелім Адель...” – депті. Өзі билік тұтқасында отырғанда жазықсыз өлген мың сан кісі қайда кетті, олардың бақытсыз әйелі, басқадай жақын-жұрағаты бар ма еді – бұл жағын байыптап үлгермесе керек, дар тұтқасы тартылды, тұғыр құлады – құдайдың алдына емес, шайтанның құшағына аттанды.

Келесі кезекте – Фридрих Заукель, елу екі жаста, СА және СС обергруппенфюрері, партия қайраткері, Жұмыс күштері басқармасының жетекшісі, әскери тұтқындарды есептемегеннің өзінде, шет жұрттардан ішкері аймаққа, қара жұмысқа еріксіз айдалған әлденеше миллион басыбайлы құлдардың талмас ұйымдастырушысы һәм тежеусіз қожайыны. Өзінің он баласы бар екен. Соңғы сөзінде: “А құдай, отбасымды сақтай гөр!” – депті.

Артур Зейсс-Инкварт, партия және мемлекет қайраткері, СС обергруппенфюрері, елу төрт жаста. Негізінен жойыт нәсілін түп-тұқиянымен құрту тарабындағы зұлымдық істері үшін жауапқа тартылған. Соңғы сөзі: “Мен Германияның болашағына сенем!”

Генерал-фельдмаршал Вильгельм Кейтель. Алпыс төрт жаста. Байырғы әскери. Әлемдік әуелгі соғысқа қатысқан, Темір крест орденінің екі дәрежесін де алған, бұдан соңғы заманда Герман қарулы күштерін ұйымдастырушы және қайта құрушылардың алдыңғы сапында, Екінші соғыс қарсаңынан бастап ОКВ – вермахттың жоғарғы билігінің төрағасы, шын мәнісінде бас қолбасы Гитлердің штаб бастығы, 1945 жылы 8 май күні Германияның сөзсіз тізе бүгуі туралы Актіге қол қоюшы. Кезінде Совет Одағы тарабында соғыс ашуға мейлінше қарсы болған. Тергеу үстінде өзін Гитлердің жарлықтарын орындағаным үшін ғана кінәлімін деп мойындаған. Сот үкімі бойынша әскери қылмыскер деп табылған, өлімге кесілген. Дар алдындағы соңғы сөзі: “Менің екі миллион салдатым Отаны үшін жан қиды. Алғыс айтам. Сол балаларымның соңынан аттандым!..”

Эрнст Кальтенбруннер – СС обергруппенфюрері, полиция және СС генералы, РСХА – Империялық қауіпсіздік бас басқармасының төрағасы, қырық үш жаста. Соңғы сөзі: “Германия! Бақытқа жет!”

Ганс Франк. Қырық алты жаста. СС және СА обергруппенфюрері, соғыс жылдарында оккупациялық Польшаның генерал-губернаторы. Тежеусіз, қатал билік кезіндегі аяусыз геноцид нәтижесінде бес миллион төрт жүз мың адамның ажалына себепкер. Сот үстінде дін жолына беріліп, қылмысын түгел мойындаған. Өзінің және тағдырлас серіктерінің басына түскен ахуалды: “Жаратқанның жарлығымен жүзеге асқан әділ сот”, – деп бағалаған. Ақыр сөзі: “А құдай, маған кеңшілік жасай гөр!..”

Ең соңғы кезекте дарға тартылған – Вильгельм Фрик, тағдырластар ішіндегі жасы үлкені, жетпіске аяқ басқан, заңгер, партия және мемлекет қайраткері. Расист. Бақұл сөзі: “Ұлы Германия жасасын!”

Иә, айтпақшы, Герман Геринг бар еді ғой. Үшінші рәйхта Адольф Гитлерден кейінгі ең көрнекті тұлға, саяси, әскери қайраткер, люфтваффе – герман әуе күштерінің бас қолбасшысы, рәйхсмаршал. Елу үш жаста. Әуелгі әлемдік соғыста қырғи-ұшқыш, авиация тарихындағы әуе ұрыстарының алғашқы шеберлерінің бірі, өз қолымен жиырма екі ұшақ атып түсірген, Темір крестің екі дәрежесін және басқа да көптеген марапат алған. Майданнан соң, жаңа көтерілген Гитлердің қасында. Германия қарулы күштерін қайта құрушылардың бірі, әскери әуе флотын жасақтаушы. Отыз үшінші жылдан Екінші әлемдік соғыстың соңғы аптасына дейін Империялық авиация министрлігінің басшысы. Нюрнберг трибуналында жауапқа тартылған Үшінші рәйх көсемдерінің ішіндегі ең ірісі. Бас қылмыскер ретінде айыпталған. Сот үстінде өзін өте еркін ұстайды, өтімді жауап, өткір уәжбен трибунал мүшелерін талай рет тығырыққа тіреген, тіпті, мазаққа ұшыратқан. Бұл ретте тарихта қалған ең ұтымды сөзі: “Сіздің Халықаралық трибунал шынымен әділ болса, осы қазір, ең басты айыпкерлер ретінде менің оң жағымда – Сталин, сол жағымда – Черчилль отыруға тиіс!” – деген, қазақша айтқанда, түйеден түскендей, көпшілік жұртқа сөлекет көрінер, енді біреулердің пайымынша, шындыққа тым жақын, төтенше лепесі. Бәрібір, “жеңген итті желкесінен” дегендей, анау екеуінсіз, жалғыз өзі өлімге кесілген. Бірақ, айттық, дар тұзағынан құтылудың шешімтал әрі тиімді амалын табады. Соған қарамастан, Герингтің өз бетімен жүре алмас өлі мүрдесі әзірше аяғынан басып тұрған тірілермен қатар ажал алаңына жеткізілген екен. Яғни, ол да арнайы дарға тартылғандар есебінде. Мұнысы рас, әйткенмен, өлі дене жалпы жұртқа жасалған кеңшіліктен қақас – атаулы соңғы сөзін айта алмайды. Айта қалса, өлі мүрдесі емес, тірі өзі келіп, дар тұзағына мойны ілінсе, не дер еді? Күмәнсіз, жаңағы, негізгі сарын. “Жаратқан! Германияны сақтай гөр!” “Германия, бақытқа жет!” “Германия! Мен сенің болашағыңа сенем!” “Жасасын ұлы Германия!” Ақыр сәтінде дәп солай толғанары анық. Өйткені... Манағы, тәубаға келген, діндар Ганс Франктан басқа ешкім де өзін кінәлі санамаған. “Deutschland über alles!” – “Германия бәрінен де жоғары!” Германияның мүддесі асқар биік. Бәрі де ұлы Германия үшін!

Олай болса, дария толқып аққан қан, жер дүниені жапқан қасырет... қалай бағалануға керек? Өз жұртының өмірлік мүддесі деген желеумен қандай қылмысты да ақтауға болғаны ма? Мұншама безер қаталдық адамгершілік заңына сия ма? “Осының бәрі әлмисақтан қалыптасқан, табиғи жағдай. Қазір де солай. Мәселен, сіз үшін “Америка бәрінен де жоғары!” Рас қой?” – дейді, американ тергеушісіне жауап кезінде СА обергруппенфюрері, философия докторы Роберт Лей. Аса ықпалды, қатарында жаңа тәртіпті қолдайтын жиырма миллионнан астам мүшесі болған ДАФ – Герман еңбек майданы партиясының көсемі; фашизмнің бас идеологы Геббельске жете-қабыл насихатшы. “Мінекиіңіз, – дейді. – Испандар Оңтүстік Америкадағы үндістерді түгелімен қырып салды. Ал сендер, американдар – Солтүстік Американы байырғы жұртынан тазарттыңдар. Соның бәрін көтеріп алған адамзат. Егер біз де осы соғыста жеңіске жетсек, қызыл қырғын, өлім лагерьлерінің бәрі де уақыт оза келе мүлде ұмытылар еді. Күшің артық болса, тарих өзі ақтап алады!”

Айна-қатесіз ақиқат. Адамзаттың көтеріп алатыны, тарихтың ақтап шығары. Кім жеңсе, үкім соныкі. Қос емес, үш құрылық, Мұхитстандағы мыңдаған арал – жарым дүние бүгінгі қожайындарының иелігіне қалай көшіп еді? Испандар мен ағылшын-американдар жеңіп, жаулап қана қойған жоқ. Кіріптар жұртты түп-тұқиянымен отап салды. Бес, он емес, бір жүз, бес жүз жыл бойы тынымсыз қырып, ежелгі қоныс иелерін біржола жойды. Енді ешкімнің де ортағы жоқ. Бүгінгісі береке, ертеңгісі кеніш. Аяусыз қантөгіс, кенеусіз қаталдық – адамзатқа қарсы ғаламат қылмыс нәтижесінде өздері барақатқа жетіп, әулет-ұрпағының мың жылдық, мәңгілік игілігін қамтамасыз етіпті. Испандар мен ағылшындар қалыптаған, тарихтың сынынан өткен қапысыз тәсілді енді немістер жүзеге асырса несі бар. Бүгін – Еуропа құрылығы, әуелгі кезекте тұтас болмаса да, оның Орталық және Шығыс бөлігі түгелдей және біржола Германияның үлесіне кесіледі. Бұл – бастамасы ғана. Тақау жылдарға өлшенген. Одан әрі – асыл тек, ұлы халықтың өмірлік кеңістігі ұзарып, кеңейіп, аумақтана бермек! Бұрынғы тарихтағы ағылшын, испан экспансиясынан негізгі айырмасы – жүзеге аспай қалуы. Бар кілтипан сонда ғана. Енді міне, жарым дүниеге қарсы жалғыз аттанған, ақыры, жауын жапыра алмай, жеңіліске ұшыраған неміс өзі кінәлі болып шықты.



Біз де кінәліміз. Біз – бөрі нәсілді, арыстан айбат, жолбарыс жүректі түрік қауымы. Оның ішінде мына бүгінгі қазақ. Кінәміз – кейінгі жеңіліс емес. Бұрынғы жеңіс. Сол жеңісті орайымен пайдалана алмаған, қажетсіз жерде алдан шыққан аяушылық, адамгершілік қасиетте. Иә. Әлденеше ғасырлық ерлік дәуірдің бір ғана кезеңі – сайыпқыран Шыңғыс қаған заманын айтып отырмын. Бүгінгі ақ нәсілді үстем жұрттар “жауыз” дейді, “тағы” дейді. Мұнда, табанда езіліп жатқан бұралқы ұрпағы қожайынның өктем әуеніне жаңғырыға үн қосып, желге қарсы түкіреді. Соның бәріне кінәлі – ұлы қағанның өзі, сол заманда ту ұстаған, садақ тартып, қылыш шапқан – бүгінгі пұшайман мына менің аталарым. Яғни, бәріне Мен кінәлі!.. Е-е, айтпақшы, әңгіме – соңғы лепес турасында еді ғой. Біздің емес, өткендегі, жақсы ма, жаман ба, тірілердің ажал алдындағы ақыр сөзі. Ауытқып барады екенбіз, жаңа ұлы бабаның бақұл сөзіне ат басын тіремек болғанбыз. Сонымен, орайлы кезегі келді, Шыңғыс қаған.

Қаһарлы қаған о дүниеге бет бұрып, ажал мезеті жеткен күні айтыпты. Ақыр сөз, айнымас өсиет:

“О, ұланым! Менің тіршілік сапарым соңғы сәтіне тақады. Тәңірінің алқауымен, жер әлемді жаулап, бел ортасынан шет шалғайына дейінгі аралығы тұтас бір жылдық ұлан-байтақ қоныста ұлы мемлекет ұйыстырдым. Сендердің игілігің үшін! Сақтаңдар, салтанат құрыңдар! Әмәнда жауларыңа жұмыла аттанып, достарыңды жаппай жарылқаңдар. Бауырдағы жұрттың барақатын ойлаңдар. Береке-бірліктен айрылмаңдар. Менің “Жасағым” мен “Білігім” бұзылмасын!” – Солай депті.

Бәрі жөн. Тек... Ұлы қағанның тағы бір сөзі бар еді: “Орайымен басталған іс – оңтайлы шешімін тапсын!” Яғни... Қуатты ұлыс құрдыңыз. Ләббай. Орайымен басталған іс екен деп риза болдық. Хош. Ендеше... Оңтайлы шешімін неге ұмытқансыз? Әлгі, кейінде испандар мен ағылшындар жүзеге асырған қапысыз істі? Немістердің шамасы жетпепті, ал сіздің ашылған алақан, жұмылған жұдырығыңыз – толық ғұзырыңызда тұр еді ғой! “Онда... салықты кім төлейді?!” – деген, табғаш текті аяр уәзірдің сөзіне тоқтапсыз. Салық үшін жаулаған жоқсыз ғой соншама жерді. Ұрпағыңыздың болашағы үшін. Түнде ұйықтамадыңыз, күндіз отырмадыңыз. Төңіректің төрт бұрышын қылыштың жүзіне келтірдіңіз. Ендеше... ақырына жеткізу керек еді. Шүршіт-қытай да жоқ, сартауыл-қызылбас та жоқ, орыс-орман да жоқ – Өзіміз ғана! Бүкіл Еуразия кеңістігінде! Жарым дүниеде! Арғы бетте ағылшын мен испан. Бергі бетте мына – Мен! Әттегене... Барлық сөз біздікі болар еді!!

Жарар, ұлы қағанға өкпе, өткен тарихқа өкініш үстінде тағы да тиесілі тақырыбымыздан адасып барады екенбіз. Соңғы сөз еді ғой, біздің қуа шыққан мұратымыз. Қатардағы соңғы емес, жалғасы жоқ ақырғы. Әдепкі пенденің емес, топтан озған тұлғаның. Адамзаттан асып туған ізгі бабамыз Шыңғыс қағанды айттық. Келесі... біз тараптағы өктемдіктің басқа бір тұрғыдағы көрінісі – Ақсақ Темір. Бүкіл түрік дүниесінің, мұсылман әлемінің мейірімсіз жендеті. Бауырлас қауым, дін қарындас жұртты түгел ойрандап біткен соң, қанды ғұмырында алғаш рет жат нәсіл – тақау төңірегін түгел өзі тазартып берген, енді алыс келешекте, арада алты жүз алпыс жыл өткеннен кейін жер әлемнің жалғыз қожасы болуға тиіс Қытайға қарсы аттаныс алдында, Отырарда ажал сағаты жеткен. Соңғы сөзі: “Қылышты қолдан түсірмеңдер! Бірлікте болыңдар, алауыздық түпке жетеді. Қытай жорығынан ат басын бұрмаңдар!..” Иә, айтпақшы, бұл – соңғының алдындағы лепес. Бұдан соң: “Лә иллаһа ил-алла...” – дейді, қырылдап, ықылық атып. Кәлимасын тәмамдап үлгермепті. Қайткенде де он төрт ғасырлық мұсылман тарихындағы ең күнәкар пенде алла атымен көз жұмады. Тәубаға тым кеш келген. Иман-тілегі құрдымға кетеді. Дана неміс, көріпкел Гөте айтқандай, Мұхамед пайғамбардың қарғысына ұшырап, тұпа-тура жаһаннамның қақ ортасына барып түсіпті. Ұлы жорық туралы өсиеті де далада қалған. Қытайға қарсы, Анадолы – Еділ тарабындағы жойқын соғыстардың орнына, бұдан он бес, жиырма жыл бұрын аттану керек еді. Бірлік туралы насихат та керісінше шығады. Қылышын теріске бағыттаған мұрагерлер арасында таққа талас – ауыр ұрыстарға толы өзара қырқыс басталады. Ақыр түбінде қан – қанмен жуылыпты. Зорлықпен құрған мемлекеті шылпыра ыдырап, арада ғасыр өтпей бар ұрпағы – тақта отырған әмірінен бесікте жатқан баласына дейін түп-тамырымен – Шыңғыс қаған, Жошы хан әулеті, дала көкжалы Мұхаммед-Шәйбанидың қолынан ажал табады. Иә, жалғыз Бабұр ғана қашып құтылған. Бәлкім, ана тегі төре болғандықтан.

“Менің өлігімнің үстінде кенеусіз, бітіспес алауыздық басталады!” – ұлы жиһангер Ескендір Зұлқарнайынның ақыр сөзі. Ақсақ Темір сияқты, жақын жұрағатын ғана қарақтамаған, көзін шел баспаған жас падишах өзі құрған, халқы әр текті, байтақ мемлекетті қолбасы серіктері бөлшектеп әкететінін нақты пайымдапты.

Рим императоры, жетпіс жеті жасқа келген, елу жеті жыл ел билеген, оның қырық төрт жылында тежеусіз әмірші, көзі тірісінде Әулие танылған Октавиан Август та өз ұлысының болашақ тағдырын қапысыз болжапты. Қайткенде де береке-бірлікте тұрады, өсиетсіз-ақ ел мүддесін жоғары ұстайды. Сондықтан да ақыр сөзі табиғи әрі сырлы. Әйеліне айтыпты: “Ливия, қош... Қосағымызбен өткерген бақытты күндерді ұмытпағайсың!” Бірақ түптің түбі, арада он есе қырық төрт – төрт жүз қырық жыл өткенде мызғымас Рим де құлаған.



Ешқашан ескірмес, мәңгілік – Сөз ғана. Әмірші, зұлым... ақылман – Тұлғаның соңғы сөзі. Ақынның барлық сөзі. Барлық сөздің ішіндегі мәйегі. Перғауын пирамидаларынан да жоғары, тынымсыз бұрқасын да, ұйтқыған жел де, жылдар тізбегі, ғасырлар керуені де тоздыра алмас, бақилық мұра.

“Сырлы жырыммен мәңгілік Ескерткіш орнаттым!” – Гораций.

“Жоқ, өлмен, Жаным жасар өлеңімде!..” – Пушкин.

“Көңілім менің қараңғы, бол, бол, ақын...” – Байрон – Абай.

“Дүрілдеген найзағай – бұрқыраған жауынның, – Ашылмағы бар ма басынан – бағы қайтқан қауымның?” – Мицкевич – Абай.

“Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы...” – Лермонтов – Абай.

“Тыншығарсың сен дағы, – Сабыр қылсаң азырақ...” – Гөте – Абай.

Абай. Жалғыз Абай! “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!..”

Біз үшін арғы-бергі барлық патшаның барлық өсиетінен артық, шын асыл лепес. Бар толғамның бастауы. Және түйіні.

“Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!..”

Тәсілім сәтте үзілген деммен астас шығар ақыр сөз.

Абай – Мұхтар... Мағауин!..

Жоқ! Мен басқа бір сөз айтқым келер еді. Бүгінгі қауымға емес, болашақ ұланға:

“Уа, жаңа өспірім ұрпағым! Алаш ұраны бәрінен де жоғары! Туған халқыңның ұлттық мүддесі бәрінен де биік! Кеуделеріңді көтеріңкі ұстаңдар. Бабалардың бар мұратын берік тұтыңдар. Байырғы мекен, байтақ қонысты сақтаңдар. Ынтымақ, мейірден айрылмаңдар. Аруақтың аманаты ұмытылмасын. Сонда мәңгілік салтанатқа жетесіңдер!”

Осыншама ұзақ өсиет айтуға мүмкіндік таппасам, екі-ақ ауыз сөз:

“Қайран Қазақ! Ежелгі ерлігіңді тап! Қасиетіңді қалпына келтір!”

Ақырғы, тәсілім сәтте оған да дәрменім жетпей қалса, міне, алдынала айтып қойды деп есептеңіз:

“О, Тәңірім! Қазақ елін қолдай гөр!..” 

2005.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...