Абай Ораз. Қос басындағы екеу

ӘДЕБИЕТ
5160

 

Кемер жазығы. Жаз мәурітінің орталанған кезі. Кеужіріңнен құрт домалатқан шілденің шіліңгірі миды қақтайды. Ұшы-қиыры жоқ ұлтарақтай жазыққа жолаушылап келген қыли көз күннің теріскей тұсқа төркіндеуіне жарты тәулік. Қоңыр тірліктің томар қалпағын қисайта киген қойшылар дәл осы тақырға сүйреп әкеп вагон қондырған. Ғұмырының тең жарымын Кемерге қалдырып, тәтті дәуренінің дәл осы жазықта күнелтетінін бірі білсе, бірі білмейді. Жауын-шашында судырлақ брезент бүркеніп, күн шыжығанда жалаң аяқ-жалаң бұт жүруге әбден әуестенген қойшының құнттай қояры қай ғұмыр? Алды-артына қаратпай адам баласын қу тірлік ойға-қырға сүйремеуші ме еді? Міне, жазықтағы қоста малақайын милықтата киген Жаманқұл жалшы мен құлан иектен қара құптанға дейін тақымын тоқымға талатқан Таңат шалдың дәмдес-тұздас болғанына төрт айға жуықтапты. 

 Сақманның уағында маңыраған қой, жамыраған сиырдың ию-қиюына жалғыз жегілген Таңатқа өкімет совхоздан осы Жаманқұлды жіберген. Ештеңеге ебі жоқ, икемсіз тоң мойын серігінен түк қайыр жоғын келген бетте сезді. Ас-су қайнатқанға жараса болды деген де қойған. Ақсары шал құдайдан қайратының кемімей, бұ тіршілікте пенде атаулыға жалтақтатпай қойсаң болды деп қана тілек қылады. 

 Таң сәріден әумесер Жаманқұлды қыңыр шал оятады. Құланиектен қықақтап, қолына түскенді сираққа пісіп: «Қашанғы жабысасың, құдайға сәлем бермес кержалқау болармысың? Жұртта қалдың ғой!» - деп, сағат танауын әдейі бұрап қойған адамша, үшті екі деп соғып, төртті үшке бірақ құлататын. Жаманқұлдың жиырылған мысықша ұйқыдан тұруы шалға міндет. Бір қарыс шалдың сондайда күйгелектеп кететіні бар. «Өлсең сүйегіңді іздейтін ешкім жоқ» - деп күйіп-піседі. Жұлдыз жамыраған уақытта тұра қалар Жаманқұл кәне? 

 Сыртқары елге бөкен танаулы тапал шал күллі дүниені дәргейіне көшіріп алғандай көрінетін. Қауқарлы шағында асау үйретемін деп танау шеміршегіне ақау түскен. Мұрыны сәл қиыстау біткен. Жаманқұл бірде соны шай сораптап отырып сұраған. Қыңыр шал оған «жақсы айғыр таланып жүредіні» жауап етті де, шалт тұрып кетті. Сәлем қайыру салтанаты кісіліктен көрі кішілікті таңдайды. Бір иығына қиыс құлаған тығыршық дене зор еңбектің ауырлығын алыстан байқатады. Қыз-қыз қайнаған тірліктің басқаға мойын бұрғызбай әре-сәре қылары әлмисақтан белгілі. Пенде дегенің шет-шегі жоқ көл-көсір көк теңіздей болған аласапыран дүниеге малтығып жүре береді екен-ау. Қиырына көз жетпейтін ұзыннан-ұзақ созылып жатқан Кемер жазығында көрер жарығы таусылғанша жүрсе де Таңат шалдың ұпайы түгел. Құрттаған ешкідей шыжбыңдаған Жаманқұл ел жақтан жел тұра қалса болды совхозды көздей тартып отырады. Иесінен ығыр болған қойторыдай теріс қарап, шәлкез мінез танытып, жалшы болған күнін саусағымен есептеп жатпай, вагонның бір жақ қапталына қисық шегемен қырнап-тырнап өзі жазған тырнаның сирағындай сидиған жіңішке таяқшаларды жүгірте санап шығады. Бір,екі,үш...он жеті...жиырма... Сонан соң қос қолымен санын шапаттап:

- Міне, көрдіңіз бе, Тәке, тура жиырма күн болыпты. Ел жаққа барып моншаға түспесек, биттеп-құрттап кететін түріміз бар.

- Құлдықта жүргендей қутыңдайсың, ә, күн санап?! Құдай алдыңнан жарылқасын! Барып кел!

- Ал сен, то есть, кечирип қоюңыз! Сіз... иә, Сіз неге есепке алмайсыз ісіңізді. Менікі күн санау емес, еңбегімнің өтемақысының счет-фактурасы. Иә, дәл солай!

- Кетші әрі былшылдамай! - шал шімірікпеді.

 Жаманқұлдың ойдағы шаруасы іске асса болды ішкі қуанышы бүлк етіп бетіне шығады, риза кейіпте шалға «Тәке» деп ілтипат білдіріп, тоңтеріс бола қалған күні ол қылығы басқаша қылаң береді. Мұнысына Таңат шалдың еті үйренген.  Жалшыға дауа жоғын долы шал біледі.  Әуелгі келген уақытында сәл-сәл кідіре тұрғанын іштей қалайтын. Келе-келе ішкі түйсігін тұншықтырып қоятын мінез тапты.  Таңат кейде «кетем-кетемге» басқан күшік Жаманқұлға қолын бір-ақ сілтеп, буыншақ-түйіншегімен қоса қуып жібергісі келеді. Тіпті ызасы келген күні қамшының астына алып, қанға бөктірейін-ақ дейді, амал қанша, өбектеген өз баласы емес. Өкіметтің адамын өлімші еттің деп арыз түссе – шаруасының біткені. Шегірленіп шектен шыққан күні Жаманқұлға Таңаттың таяғы бірді-екілі тиген. Тигені былай тұрсын – қара сымнан жасалған ағаш сап божы қақ маңдайын сара тіліп осып түскен. Жаманқұлдың оң жақ көзі ағып кеткен екен деп ойлаған Таңаттың өне бойын терге малынған.Әйтеуір құдай қарасып жүріп бір жақ шекесі күптей боп ісіп, ақырында шор болып бітті. Содан бері қамшы көтермеуге серттесіп, ыза-кектің Кемерден әрі аттап шықпайтынына мәміле етіскен. Көп уақыт өтпей-ақ екеуара уағдаласқан сертке сызат түсті. Шал мен жалшының алдын қырсық кес-кестеп, кенезесі кеуіп теріге сыймаған тентек ашу қамшы сілтетпей қоймады...

 ***

 Өн бойына ыстық жалын тарап кеткен қортық вагон мелшиіп тақырда тұр. Қапырықтың бәрін жиып-теріп, қапқа нығыздай толтырып әкеп, вагонның ішіне лақ еткізіп төге салған құдай шебер. Вагон іші тып-типыл. Ел қырылып қалғандай.Төрде торсықтай салақтап тұрған сағаттың ғана тілі тық-тық етеді. Айдаладағы мидай жазықта тіршілік барын осы тынымсыз тықыл ғана еске салғандай. Тақ-тұқ-тақ-тұқ! Мезгіл түс әлетіне енді ілінді. Бұ дүниеде арсыз ұйқыдан басқа қыруар жұмыстың бары есіне түскендей төсектегі теңкиген дүмбілез дене ақырын қимылдады. Кереуеттің кәрі сүйегін сықырлатып, көзін сығырайта ашты да, терезе тұсына ілінген үтікке көнбеген көйлектей календарьға көз жүгіртті. Жаманқұл жағы жыртылып кетердей есінеп-құсынап, теңселе басып, таскөт шәйнекті қаңғыр-құңғырлатып суға толтырды. Шығаберіс есікке ентелей бере аяғы шалдың шылғауына оратыла беріп еді, жылан оралып қалғандай аяғын кейін серпіп қап тоқал елегендегі күпәйке иленген кірдің суын ақтарып төкті. Қазанның күйесіндей көзі сығырайған қарасұр жалшының осынысы олақтықтан, әлде оспадарлықтан болған хикмет екенін айырып білу қиын. Мұрын астынан мыңқ-мыңқ міңгірлеп ауызесікті шалқайта ашты да, төменге түсер баспалдаққа аяғын салар-салмастан мәңгіріп тұрып қалды. Сыңси соққан аңызақ дүниенің дидарын көлегейлейді. Былшық көзін бір ашып, бір жұмып қолжуғышқа қарай беттеді. Совхоздағыдай  беті-қолын шайып, қақырынып-түкірініп жүретін үйреншікті алюминий умывальник емес, дәл ортасынан қақ бөлініп қадаға қылқындыра байланған бөтелке ілулі тұр. Қоңыз мұртын жыбыр еткізіп, дәл осыны ойлап тапқан ісмерді кекете-мұқата «ыһһы-ыһһылап» миығынан күлді. Осы бөтелкені күнде көрсе де бұрынсоңды көрмеген адамдай бір үркіп алып, қық-қық етіп бір күліп алу міндеті. Жартылай жалаңаштана беті-басын үйкелеп, жуынып-шайынып жатып, ойда жоқта қайдан ғана сап ете қалғаны белгісіз құйтұрқы әнді ыңылдап бастап, даусын барынша кере даланы басына көтерді. Не айтып жатқаны өзінен басқаға беймәлім. Осы мезетте бүлкектей басып, желе жортып келген Таңат шалдың аттан түскенін де сезбей қалды:

- Тоғытылып келмедің бе? – деген шалдың пышақ кесті даусы беймәлім әнді бір сәтте көкке ұшырды.

- Ә-ә-әссалау... келіп қал...ған екенсіз ғоой!

- Кереуетке кө...т!- деп қала жаздаған Таңат: - Бөксең бір тисе айырылмай қалады екен жабысып, батыреке? 

- Енді...Қалай десем екен? Батыр болар....- деп мәтелдете беріп еді, ақсары шал:

- Көзіңнің іріңін сүйкелеп болсаң, шай қамда! Шаруа шаш етектен!

Жаманқұл шалдың асығыс-үсігіс екенін шалт қимылы мен ұзақ тайталасып тұрмай, қыңыр әңгімесін қысқа қайырғанынан-ақ  білді. 

 Өңеш құрғатқан ыстық қос басындағы екеудің ғана емес, ескі бейіт басын көлеңкелеп тұрған екі үйір жылқының да берекесін қашырды. Су соратын абадинді дарылдатып астауға құйған суды қаталап келген аптап қақтап еміп алыпты. Таң алагеуімнен айыр-тырмасын сүйретіп, көксау тракторын қақалтып-шашалтып қырдан әрі құлдилай кететін шөпшілер Таңаттың вагонымен қатар отыратын. Неге екені жаббар құдайға аян, дәл биылғы шілде Кемерді қырсықпен тұсады да қойды. Кеше түнде салдырлаған салдамасына салғырт шөпшілер үйме-жүйме етіп алажаздай жинаған қырыққа тарта шошақты бір-ақ сәтте өртеп тынды. Ертелі-күнді кеш қылмай қатар отырған қос вагон Қабанбай асуына таң салқынымен көшпек. Әлгі шалдың біреу қуып келгендей суыт жүргені сол. Кемерде шошайып жалғыз қалғанда не тындырады. Оның үстіне мал жайылар жер де өрт өңешіне жұтылып кетті.

 Осының бәрін шай сораптап отырып Жаманқұлға айтам деген Таңат шалдың ойы адыра қалды. Вагонға басын сұғар-сұқпаста ащы иіс қолқаны қапқан. Есіктің темір тұтқасы ыстықтан қол тигізбей, шың еткізіп шағып алады.Үнсіз ғана ішке кірме дейтіндей. Ішке кірсе бір пәленің тұтанып кетерін Таңаттың іші құрғыр сезген. Қыңыры мен қыжылы аралас шалдың даусы ақтарылған легенді көргенде-ақ саңқ етті:

- Сиыр бұзаулағандай етіпсің ғой, ей!..

- Байқаусызда іліп кеттім,- деді Жаманқұл теріс төңкерілген легенді оң аударып жатып. 

- Мына лашықта жел кіретін бір саңылау жоқ. Тура үй егесінің өзі... – дей беріп, ащы тілін тарта қойды. Арты лаңға айналып кетпесін деген сақтығы. Тілмен шағып отыратын қиқар шалдың қашанғы ғадеті. Өзімен бірге көлеңкесіндей әлі күнге бір елі қалмай ілесіп келеді.

 Жаманқұл абайсызда қағып кеткен кірдің суын тазалап сүртіп болған соң, іс бітті дегендей, қос алақанын бір-біріне үйкеп қателегін жуып-шайғандай болды. Шалдың қыңырлықпен құрдастығы сыңарының қытығына оңбай тиді осы жолы. «Жалшының қазаны тас түскендей кеш батқанша піспейді»,- деп естілер-естімес міңгірлеп еді, Жаманқұлға да жал бітті:

- Жаңа түскен келіндей сенің бабыңды табуым қиын. Осы сенің қимаң неге қыши береді? – деген көзі шатынап. Өмірінде тұңғыш рет Таңатқа «сен» деп тұр. – Төрт көзіміз түгел атауымызды да ішкізбедің ғой тақымдап.

- Төрт көз дейсің бе? Төрт көзден төбедегінің келгенін көргемін жоқ. Сен келгелгелі Кемер көгеріп, көктемеді. Сенің сақсырланған тойымсыз көзің құрымай қаулаған құдай атқыр қырсық та қайрылғанын қоймайды.

Оталып кеткен олақ пен оспадар көп айтысты. Ақыр соңында Жаманқұлдың ырық бермей ызадан тұтанған ауыр сөзі Таңаттың әлдеқашан қурап кеткен жеті атасының сүйегіне саңқ етті. Таскөзденіп тұра ұмтылған Таңатқа еңгезер жалпақ дене тоқтау бола алмады. Мал жайып өріске шыққан қыңыр шал аттан ауып түскен Жаманқұлға бірде:

- Шарадай қарныңа шөп толтырып алғансың ба? Қуыс кеуде екенсің ғой – деген ашумен.

 Сол айтқан сөзін бүгінгі тарамыс денелі Таңаттың әуселесі әйгілеп тұр. Қолына қара сым божысын ала жүгіріп басқа-көзге төпелей берген. Жаманқұл пеш үстіндегі шәйнекті даңғұр-дұңғыр еткізіп сұлап түсті. Өгіздей өкірген даусы өрістегі малды қайырардай. Таңат шал ашу-кекті ауыздықтай алмағанына екінші мәрте өкінді. Алғаш рет дәл осы қара сым божы Жаманқұлдың маңдайын сара тілеп еді. Ал бүгін тура оң жақ көзін ағызып түсіпті. Шөпшілермен бірге Қабанбай асуына көшемін деген шалдың арман-тілегі сол мезетте күл-талқан болды. Жер танабын қуырған ұлы шілденің аптабы Таңаттың табанынан өтіп, миын қақтады. Не істерін білмей алсұрған ақ сары шал сұлық жатқан денені бір иығына салып, құдыққа қарай беттеді. Адымдап басып бара жатып:

- Бір,екі,үш...он жеті...жиырма – деп күбірледі.

Кемер жазығы ыстық аптаптан қаталап-кепкенін, әлде осы екеуінен басқа жан баласы аяқ баспайтын қиырдағы қып-қызыл қырғыннан мәңгіріп қалғанын айыра алмады. Тақ – тұқ – тақ – тұқ! Мезгіл ақшамға асылып тұр!

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...