Заида Елғондинова, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «...
Наполеон Бонапарт: "Менің анам тұтас мемлекетті басқара алар еді"
НАПОЛЕОН БОНАПАРТ – Франция императоры
Анасы– МАРИЯ-ЛЕТИЦИЯ РАМОЛИНО
«Мәдениет порталы» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» кітабынан жарияланымдар топтамасын ұсынады.
Кітап аналарға арналған... және адамзат тарихында әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті данышпандарды тәрбиелеген аналардың ерекше өмірлік тарихына негізделген.
Кітап беттеріндегі мемуарларда өз балаларының таланттарын ашып, тұлға ретінде қалыптасуына ерекше үлесін қосқан даңқты аналар туралы сыр шертілген.
МЕНІҢ АНАМ ТҰТАС МЕМЛЕКЕТТІ БАСҚАРА АЛАР ЕДІ
Корсика және Эльба аралдарында ұлы қолбасшы Наполеон Бонапарттың ақылгөй анасы Мария Летицияның есімі берілген алаң мен көше бар.
Наполеон өз замандастарын қажырлы ой еңбегімен, терең ойлау қабілетімен таңғалдыратын, ол бірнеше рет: «Егер мен өмірімде кез-келген нәрсеге дайын адам болып көрінсем, бұл менің бір нәрсе істер алдында оны ой елегінен әбден өткізіп, нәтижесін алдын-ала болжай алуымда.... Мен әрдайым қозғалыс үстіндемін, тіпті түскі ас кезінде, театрда жұмыс істеп отырамын. Мен түнде жұмыс істеу үшін ұйқыдан оянатын адаммын», – дейді.
Ұлы Наполеонның дана анасы Мария Бонапарт ұлын жастайынан еңбексүйгіштікке баулыды, белгілі бір жағдайларға байланысты анасы үйде отағасы рөлін де атқарды. Наполеон өз жазбасында: «Менің анам – нұрлы ақыл мен жылы жүректің иесі. Ол батыл мінезді, намысқой және мейірімді жан. Менің бойымдағы бақыттың бәрі сол кісінің арқасы... МЕН АДАМДАҒЫ БАРЛЫҚ ІЗГІЛІК АТАУЛЫ АНАДАН БАСТАУ АЛАТЫНЫНА АНЫҚ СЕНЕМІН», – дейді.
Мария-Летиция Корсикада, Аяччо қаласында дүниеге келген. Наполеонның анасы текті әулеттің ұрпағы. Ата-анасы Марияның керемет білім алуына жағдай жасайды; оның білімі корсикалық әйелдердің білімінен жоғары екені анық еді. Әке-шешесі оның бала кезінен сауатын ашып, кітап оқуға баулиды. Марияның ең сүйікті кітабы Плутархтың атақты гректер мен римдіктер туралы шығармалары еді. Марияның өз балаларының тәрбиесі мен ерте дамуына қаншалықты көңіл бөлгенінен-ақ, оның ағартушылық идеясының жақтаушысы екенін байқауға болады.
Жас ана барлық ынта-жігерімен және туа біткен педагогикалық шеберлігімен балаларының бойындағы әр түрлі қабілет, дарынын ашуға тырысты. Бір күні балаларына қарап:
– Балалар, Македонияның әйгілі қолбасшысы Александр Македонскийдің бала кезінен македондық жауынгер ретінде тәрбиеленгенін білесіңдер ме? Ал, оның ұстазы ұлы философ Аристотель болған! – дейді.
– Ал македондық жауынгер болу деген нені білдіреді? – деп сұрайды кішкентай Наполеон.
– Ол әскери шеберлікті жетік меңгерген, көзі ашық, тарих пен басқа да ғылымдарды білетін, денесі шымыр, мықты, ержүрек адам болу деген сөз, – деп жауап береді Мария Бонапарт. Ойын жалғай түскен ол, – Сондықтан мен сендерге соғыс ойындарын ойнап, шулауға және ең үлкен бөлмедегі қабырғаға сурет салуға рұқсат беремін. Шыныққан жауынгер болу үшін біз таңертең суық суға шомылып, жаттығулар жасаймыз. Содан кейін ұлы қолбасшылардың ерлігі бейнеленген тарихи кітаптарды оқимыз, – дейді. Әрине, анасының мұндай ұсынысымен балалары қуана келіседі.
Мария Бонапарт балаларына ең құнды нәрсе – кітапқа деген құмарлықты үйретті, олардың бойындағы білімге, тарихқа деген сүйіспеншілікті арттырды, ұлы ойшылдардың идеясын түсіну үшін оқығанын қысқаша жазып алуды үйретті. Наполеон жасынан жаңаны танып-білмекке деген қызығушылығымен ерекшеленді, ол өзін Александр Македонский мен Юлий Цезарьдың рөлінде елестететін. Мария Бонапарт кішкентай ұлының бойында даңққа деген құштарлықтың оянғанын байқап, ұлы қолбасшыларға еліктеп, соларға ұқсап бағам деген құлшынысын қашан да қолдап отыратын.
– НАПОЛЕОН, БАСЫҢДЫ КӨТЕРІП, ДАУЫСТАП, АНЫҚ ЖӘНЕ ҚЫСҚА СӨЙЛЕ! – деп Мария ұлына бұйыра сөйледі. Бұл кезде Напалеон өзі құжаттарын тапсырғалы жатқан Бриен қаласындағы әскери мектеп мұғалімдерімен қалай тілдесетінін елестетіп тұрған болатын.
– Әскер қолбасшысы офицер болуға лайық па, жоқ па екеніңді сенің сөйлеу мәнеріңе қарап бағалайды!
– Рас айтасың, анашым! Мен өзімді тумысымнан командир сияқты ұстауым керек, сөйлесуім және әрекет етуім де соған сай болуы тиіс! – деп жігерлене жауап берді Наполеон.
– «Бриен – Менің Отаным... – деп жазды Наполеон. – Мен осында оқып, білім алдым. Өмір туралы ойлана бастадым. Бәрін оқып, үйрену қажеттілігін сезіндім. Мен кітаптарды «ашкөздікпен» оқитынмын. Мектепте мен туралы мақтап айтатын. Жұрт маған қарап, таң қалатын. Мен өзімнің үстемдігімді сезініп, осы артықшылығымды мақтан ететінмін»,– дейді.
Ұлының болашағы жарқын екенін түсінген Мария Бонапарт Наполеонға тәлімгер, кеңесші, дос ретінде қандай қолдау көрсете алатыны туралы ойлана бастады. Ол өзін де болашақ мемлекет қайраткері ретінде сезінді. Кейіннен замандастары анасы мен ұлы туралы: «Екеуі де – анасы да, ұлы да – әлемдік деңгейдегі саясаткерлер», – дейді. Бірде Наполеонның өзі де: «Менің анам тұтас мемлекетті басқара алар еді», – деп мойындайды.
20 жыл ішінде Наполеон, бас қолбасшы ретінде, көптеген аймақта, түрлі жағдайда шайқас жүргізді. Осы уақыт аралығында анасы Мария Бонапарт әскери стратегия мен тактика өнерін меңгеріп алды, себебі ол ұлын қолдап, оны түсіну қажеттігін сезетін. Ұлынының әр жазған хатында өзі қатысқан шайқастарды бүге-шүгесіне дейін сипаттауын сұраған Мария Бонапарт, сол хаттар арқылы Альпідегі қорғаныс қамалдарын құру, Англияға мыңдаған десантты енгізу, Мысырда және Апеннин түбегінде дала мен тау соғысын жүргізу сынды өзге де соғыс өнеріне қатысты дүниелерді меңгеріп алды.
Балалық шағы туралы еске түсіре келе, Наполеон:
«Бұл өмірде менің қол жеткізген жетістігім немесе біреуге жасаған жақсылығым болса, ол – менің анамның, оның берік ұстанымдарының арқасы... Мен сол үшін анама мәңгілік қарыздармын... Анам батыл мінезді, жақсы тәрбиеленген және ақылгөй әйел еді. Ол пасықтық атаулыдан алыс болатын... ОЛ БАЛАЛАРЫН АДАМИ АСЫЛ ҚАСИЕТТЕРГЕ, БИІК ҰСТАНЫМ МЕН КӨРКЕМ МІНЕЗДІЛІККЕ БАУЛЫДЫ... Ол тіпті кесе-көлденең келген кесапаттан да балаларын қорғағысы келетін... Балаларының бойында бірде-бір жағымсыз қылықтың болмауын қалаған ана оларға тек АСЫЛ ҚАСИЕТТЕРДІ дарытуға тырысты», – деген еді.
1789 жыл еді. Француз революциясы Бонапарт үшін үлкен мүмкіндік болды. Наполеонның өмірбаянын жазушы Ф. Кирхейзен «Наполеон I. Оның өмірі мен кезеңі» кітабында анасының беделін былайша атап өтеді: «Мария өзінің ұлы Наполеонға: «КОРСИКА – жай ғана жартас, ал ФРАНЦИЯ жері – кең байтақ әрі бай. ОЛ ЖАЛЫНҒА ОРАНЫП ТҰР! ҰЛЫМ, ФРАНЦИЯНЫ ҚҰТҚАРУ – АСЫЛ МІНДЕТ, СОЛ МІНДЕТТІҢ СОҢЫНДА КҮЛЛІ ҒҰМЫРЫҢДЫ ҚАТЕРГЕ ТІГУГЕ ӘБДЕН БОЛАДЫ!» – деп хат жазады.
Анасы Мария Бонапарттың тәрбиесіне сусындағын Наполеон өз дәуірінің қаһарманы ретінде өз өмірін үлгі ете отыра, іс-әрекетімен, жалынды тағдыр жолымен жаңа өмірлік ұстанымды бекітті: бұдан былай әркім өз күшімен өзін-өзі жасай алады!
Осылайша, Наполеон анасы Мария Бонапарттың 20 жыл бойы кеудесін кернеген асыл арманын жүзеге асыра бастайды. Тіпті, кейде жас Бонапарттың өзі де бұл мақсаттың орындаларына сенбеген кезде анасы арманының алдамасын білген еді. Кейінірек Франция императоры болған кезінде Наполеон анасынан құрмет-қошеметін аямады, ол үшін арнайы «Императордың анасы – аса мәртебелі Ханым» атағын енгізді. Наполеон анасына жазған хаттарында үнемі: «Тек көңіліңізді түсірмеңіз. Ол денсаулығыңызға әсер етуі мүмкін. МАҒАН СІЗДІҢ МАХАББАТЫҢЫЗ КЕРЕК!» – деп қайталайтын.
Порто Ферражода, Эльба аралынан аттанардан бірнеше сағат бұрын Наполеон түнгі айдың жарығында анасына тағы да билеуші тәжін өзіне қайтару үшін жорыққа шыққанын жеткізді:
«Біріншіден, – деді ол анасына, – Мен сіздің пікіріңізді білгім келеді». Бір минуттық үнсіздіктен кейін анасы: «Көк Тәңірі сенің қазаңа жол бермейді!» – деп жауап берді.
Жаны туған жері Франциямен тағдырлас баласына деген аналық махаббаты мен сенімінің күші осындай еді!
ДАНЫШПАН АНАЛАР! ОЛАРДЫҢ ӘЙГІЛІ ӘЙЕЛДЕРДЕН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ – ОЛАР ҚОҒАМҒА ӨЗІН МОЙЫНДАТУ ҚАЖЕТТІГІН СЕЗІНБЕЙДІ. ОЛАР БАЛАЛАРЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІМЕН МАРҚАЯДЫ. БАЛАЛАРЫНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ, ҚҰРМЕТІ МЕН РИЗАШЫЛЫҒЫ – АНА ҮШІН ЕҢ ЖОҒАРҒЫ МАРАПАТ.
«Сізден айырылып қалсам, күллі әлем мен үшін бос», – деп жазды жас Наполеон анасына. Бірақ анасы ұлының артында қалып, оның өлімінен кейін он бес жыл өмір сүрді. Мария Бонапарт қайғыдан қан жұтып, көз жасын ешкімге көрсетпей, қос жанарынан айырылды.
1830 жылы Мария Бонапартқа Францияда тұруға қайта рұқсат берілген кезде, ол Үкіметке алғысын жеткізіп, ақсүйектік танытып, көшуден бас тартты. Себебі балаларына салынған тыйым әлі де өз күшінде еді. Мария ұлына адал болған жандарды ғана өз маңайына жуытты. Мария Бонапарттың күймесінде ұлы Наполеонның елтаңбасы ілулі тұратын. Ол кезде Еуропада одан басқа ешбір жан ондай мүмкіндікке ие бола алмады.
15 жыл бұрын алынып тасталған Наполеонның мүсіні қайтадан Вандом колоннасына тұрғызылатыны туралы хабарды естігенде, Мария Бонапарт жылдар бойы таңылған арбасынан көтеріліп, туған-туыстары жиналған бөлмеге өз аяғымен барып, ұлының бюстіне қарап, байыпты дауыспен бәріне естірте:
«ИМПЕРАТОР ПАРИЖГЕ ҚАЙТА ОРАЛДЫ!» – дейді.
madeniportal.kz