Биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілмейтін болды. Бұл туралы ұйымның ресми сайты хабарла...
Көркем сөздің зергері
(Жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының әңгімелері хақында)
Кез келген елдің болмысын, дүниетанымы мен ұлттық сипатын танып, білу үшін оның рухани қазынасына үңілген дұрыс секілді. Сондықтан да барлық халықтың өзіндік құндылығы мен өсу мәдениетін өз ақын-жазушылары, яғни шығармашылық иелерінен іздеу орынды көрінеді. Ал сан ғасырлық тарихы бар қасиетті прозада – кейіпкер арқылы айшықталатын ұлттың даралық сипаты күн санап кемелденуде.
Әдетте біз көркем шығармаға талдау жасар тұста көбінесе ат басын роман жанрына бұрып келеміз. Бұл дұрыс та шығар?! Өйткені роман жүгін салмақтап, ғасырға жуық оқиғалар айшығын безбендемей, көңіліміздің күпті болатыны тағы бар. Ал кейде ұлттық бояуы қанық, жауаптылықты да талап етіп, қоғамдық-әлеуметтік жүгі бар шағын жанр, яғни, повесть, әңгіме, хикаяттар әлемін сөйлетуге аз қадам жасаудамыз. Осы тұрғысында аз-кем әңгіме жүргізгіміз келеді.
Таланттылық – Алланың, табиғаттың адамзатқа ұсынар ғажайып сыйы. Мұны әркім түрліше пайымдап, ел қажетіне жаратуда. Ақсүйек әдебиет өнерін серік етіп, жазу әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар талантты жазушы-драматург, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ж.Әлмашұлының көптеген туындыларды өз оқырманын тауып, бірнеше тілдерге аударылып та келеді.
Жазушы қаламынан туындаған ғылыми һәм тарихи, драмалық, прозалық шығармалары бүгінгі күні тәуелсіз еліміздің рухани дамуына үлес қосуда. Қаламгердің көптеген шығармалары мектеп оқулықтары мен ғылыми айналымға еніп, әдеби және тілдік талдауларға ие болуда.
Қазақта «бесік» ұғымынан асқан киелі түсінік бар ма? Автордың «Бесік ұшқан күн» әңгімесі философиялық және мифтік сарынды сөз етеді. «О заманда бұ заман бесік ұшады ма?» дейсіз. Оқиға желісі былайша өрнектелген: Белкөл атты ауылда (кейіндеу Керенау аталып кеткен) Естөре мен Есімкүл атты ерлі-зайыптылар құдайдан бала тілеп, өмірге Ертөре келеді. Жас сәби былдырлап, қылықтары да шыға бастайды. Әкесі Естөре жастайынан сурет өнеріне әуес болып, ой қиялымен бесіктің көкте самғауын армандап «бесік ұшқан» картинасын салуды көксейді. Алайда келесі күні аласапыран дауыл тұрып, ауылды шаң-тозаңға малып, сәби бесігін көкке ұшыра бастайды. Мұны көрген анасы жаратушыға деген барлық дұға-тілегімен бесіктің соңынан қуа жүгірсе, әкесі үшін бұл оқиға бар-жоғы таңғажайып күй кешкендей әсер береді. Ол осы көріністі өз қағазына шимайлаумен әуре. Бір мезетте ананы әбден әбігерге түсірген дауыл да басылып, көкке көтерілген сәби бесігі жерге қонады. Перзентінің аман-сау екендігіне шүкіршілік жасап, ана көзі жастан тиылар емес. Ал әкесі болса «сәттілік деген осы-ақ болар! Дөп басу деп осыны айт!» деген ұранмен өз шеберлігіне тәнті болғандай. Алайда бұл картинаның ғұмыры ұзақ болмай, Есімкүл ашу-ызамен оны жыртып тастайды. Бұл оқиға ауыл тұрғындарын да елең еткізіп, ұзақ әңгімеге ұласып, соңында Естөре ақыл-естен адасып, шарасыздың күйін кешеді.
Мұндағы басты нышан – бесік. Неліктен «жер бесіктен, тал бесікке дейін» деген ұғымның мәнін саралаймыз? Осынау саналы ғұмырда адамзат үшін қасиет, кие, таным пайымдарының маңызы неге саяды? Мүмкін сол көкке ұшқан сәбидің аман-сау, жазымсыз оралуы оның таза, күнәдан пәк жаратылысынан ба екен ойға келесіз? Қазақта мұндайды «періштесі қақты» дейді ғой. Автордың аллегориялық бейнедегі бұл тұспалы – мифологизмнің психологиялық егіздеу сарынын көрсетеді.
Адам жанын зерттеуші ғалымдар «әр пенденің өз даусы, ішкі үні болады» дегенді көп мысал етеді. Тіпті одан ілгеріректе де Абай, Шәкәрім аталарымыз «жүрегіңнің түбіне терең бойла», «жүрегіңнің аш көзін» демеп пе еді? Қаламгердің «Дауыс» әңгімесі осындай қат-қабат қалтарыс пен адам жанының ішкі әлеміне үңілу сипатын суреттейді. Мұндағы бас кейіпкер Дыбысбек жастайынан епті, елгезек болып өседі. Ол тау-тасқа үйір болып, жаңғырықпен сырласатынды және сол арқылы көкейіндегі сұрақтардың жауабын табуды әдетке айналдырғандай... Алайда бұл ісін әкесі құптай көрмейді. Алғашында мұның болжамдары дөп тиіп, көптеген істерге «жаңғырық қолдаушысы» арқылы септігі де тиеді. Жүре келе «жаңғырық даусы» шатасып, дұрыс райынан қайта бастайды. Бұл уәжге ауыл адамдары ренжіп, Дыбысбекке деген ыза-ашуларын білдіреді. Мұны «асылық» көрген кейіпкер былайша үн қатады: «Біз, пенделер, әр сәт сайын асылыққа жол береміз. Еңкейіңкіреп жүру орнына, шалқая-шірене адымдаймыз. Адал сөзге бас ию орнына өсек сөзге құмар-ақпыз... Мен дауыс туралы сан рет айтсам да сенбедіңіздер, мені мазақ еттіңіздер. Енді, міне, сол сенімсіздіктің алғашқы азабын тартып тұрмыз. Бұл – бізге ескерту!..» (46-б.).
Шығарма соңында Дыбысбек кейіпкер ізім-қайым жоқ болып кетеді. Әңгіме арқауы арқылы адам, қоғам өз үні мен ішкі әлемін барлап, санаспаған жағдайда жұтылып кету қаупі бар екендігі меңзеледі.
Өмірде сан түрлі адам, тағдыр иесі болады. Жаратқанға қалайша наз айтарсыз?! «Көртопырақ исіндегі» Кәрімжанның (кәсібіне қарай Көрімжан атанып кеткен) жастайынан қолға алған еңбегі – қабірхана қазу. Ол да басқа бозбалалар сияқты арманына қанат байлап, астанаға барып таңдаулы оқуына түсуге бел байлаған. Бірақ сәттілігі аздау болып, елге қайта келіп, осы жұмысты қанағат еткен. Ауыл адамдарының кәдесін атқарып, тазалықты жаны сүйіп, жұмысына ұқыпты болады. Осы кәсіпте жүріп жер мен топырақ, пенденің ғұмыры, өмір туралы көп ойланып, пайымдап үлгереді. Көптеген адамдармен кездесіп, жаны күйінеді. Оның пендеуи ойдан ада монологы әркімді де ар талқысына жетелейтіні хақ: «...Сен сенерсің, бәлкім сенбессің, жер астындағы өмір анағұрлым анық, шынайы, таза, қызғылықты! Ал, жер бетінде... өтірік көп, қызғаныш көп, қиянат баршылық-қ... Өйткені адамдар жалғыз көзді... Жер үстіндегі адамдар, ақыл салып қарасаң, екінші көзін мүлде естен шығарған: бәріне бір көзімен қарайды; сосын да оларда ар мен ұят, сезім мен төзім жоғалған; өзгеге құлақ қоймай, ақылды сөзге қонақ бермей, өз қиялындағыны ғана дұрыс деп санайды...» (27-б.). Шығарма желісінен қанағат пен тіршілік құнын бағамдайсыз.
Адамның өмір сүруі және өмірге икемделуі туралы ой-әрекетіне тосқауыл қою мүмкін бе? Қаламгердің «Чиновниктің мінезі», «Қазақы кісілік», «Жақсылығын бұлдаған басшы» әңгімелерінде кісілік келбет пен ағайын дарасындағы алауыздық, мансап тартысы, күнделікті күйбең тіршіліктегі пендешілік қарым-қатынастар арасы көрсетіліп, адамгершілік болмысы суреттеледі. Кейіпкерлер Қылыш қара, Үндемес сары, ағайынды Жармахан, Қалмахан, басшы Жасхан, достары Сақжан, Құлжандардың іс-әрекеттері арқылы жасалған детальдар екіжүзділік пен ар-ұят, дәрменсіздік кейпін сипаттап, оқырманға ой тастайды. Мұндағы кейіптеуде қоғамдық сипат пен әлеуметтік сыр жатыр.
Жалпы шығармашылық әлемінде қанаттас қаламгерлер арасында ұқсас дүниелердің болуы заңды құбылыс. Өйткені барлығы да бір қоғамда өмір сүріп, сол кезеңді шындық көзімен суреттейді емес пе?.. Бұл ретте біз Ж. Әлмашұлының «Сэм мен Сэмиха», «Сұлуды сүю», шығармаларына үндес дүниелер деп замандастары суреткер Р.Отарбаевтың «Торшақыз бен тотықұс», «Спектакль», «SOR» және Қ.Жиенбайдың «Ақмойнақ» әңгімелерін атар едік және бір деммен оқып та шықтық. Аталған бұл туындыларда ашкөздік пен тоғышарлық, сезім еркіндігі, адам тағдыры, ақ пен қара арасы сипатталған. Бұған қоса қаламгердің «Ел мен елес» (мінездер миниатюрасы), «Табиғатпен бетпе-бет» қысқа әңгімелер топтамасында да рухани азыққа септігі тиер көркем дүниелер өте тартымды, жеңіл тілде жинақталып, авторлық баяндауда даналық ойлармен түйінделген.
Планеталық ауқымдағы дағдарыстың күшеюі – табиғат пен адам жаны, сондай-ақ қоршаған ортаға қорған бола білу мәселесімен шектесуде. Сондықтан да көркем шығарманың бүгінгі белес биігі тым жоғарыда дер едік. Жалпы әдебиеттің қазіргідей – ұлттық колоридті сақтау, бірегейлік, тақырып пен өмір құбылыстарын бейнелеудегі тілдік айшықтар, жаңаша әдіс-тәсілдерге жол салу тұрғысынан көптеген ізденістерінің бары байқалады. Әсіресе, ұлттық идеяны берудегі әлеуметтік нышан мен адами құндылықтың ролі басымдық алуда.
Бұған дейін де сөз еткеніміздей және көптеген сыншы, әдебиеттанушылардың назарына іліккен суреткер Ж.Әлмашұлының жаңаша қалып, «фэнтези» жанрындағы «Олигарх пен Олимп», «Интерадам», «Жат планеталық жігіт», «Бумеранг», «Көлеңке-келіншек» шағын романдар топтамасы туралы айтар ой таусылмақ емес. Роман жанрындағы жаңашылдықтың орны бөлек. Өнердің өресі аз-көппен немесе көлеммен өлшенбесе керек-ті. Өнердің өлшемі – шеберліктің шегіне жетуінде.
Жазушы Ж.Әлмашұлының біз жоғарыда қарастырған әңгімелерінен бүгінгі адам болмысы мен ұлттың рухын көтеру идеясын, азаматтық үнді көреміз. Алдағы уақытта да қарымды қаламгерге мықты денсаулық пен шығармашылық табыстар тілеп, тың туындылар күтеміз!
Айнұр Найманбай,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты