Аударған Б.ҚожабековаБұл Гэнна жылы ма, әлде Каньэй жылы ма, әйтеуір, өте ертеректе болған еді.Ол ке...
Нұркен Нұрғазы: Періштеге айналып кетпей тұрып...
ҚҰШТАРЛЫҚ
Мейірімнің демінен нұр гүлдейтін,
Күн білмейтін, Жұлдызды түн білмейтін,
Есігінен жан қағып, жын кірмейтін
Бір мекен бар да шығар.
Ережесін екеуміз сақтамайтын,
Жапырағын еш аяқ таптамайтын,
Жағынбайтын әлдегім мақтау айтып,
Бір мекен бар да шығар.
Сол мекенге өзіңді алып кетсем,
Бұл дүниенің қарынын жарып кетсем,
Алып кетсем өзіңді сол мекенге,
Сол мекенде өзіңмен қалып кетсем...
***
Түскі асқа не пісірдің?
Ұмытпа кекісімді.
Шәй-қасық ала салшы,
Тағы да екі сүлгі.
Шекер қос. Араластыр.
Мойыл көз, қара қастым,
Өзіңдей жан барында,
Ішпейміз арам асты.
Орын бар кәуәпқа да,
Керегі тағат маған...
Ендігі дәмдеуішке
Сенсің ғой жауапты адам.
Шамалы тосылдың ә?
Тәбетің ашылды ма?
Дәмге бас қоймас бұрын
Оқиық асыл дұға!
...Жөнің жоқ айыптауға,
Кетпес бақ тайып қолдан –
Сен жей бер, мен жемеймін –
Көркіңе тойып қалғам...
САҒАН ТЕҢЕУ
Cенің жанарың - нұрдың жаратушысы,
Сенің ерінің – құлпынайдың сіңілісі,
Сенің шашың – теңіз толқының түп нұсқасы,
Сенің жүрегің – жер-жаһанның орталығы,
Сенің кірпігің – батырдың нәзік жебесі,
Сенің алақаның – анамның мейірімі.
Сенің сөзің – құлақтың сүйген қызы,
Сенің демің – ауаның күткен мерекесі,
Сенің ойың – мен таппай жүрген асыл кітап,
Сенің қиялың – шексіздікті жаулап алушы,
Сенің мақсатың – биіктіктің шатыры,
Сенің табиғатың – жаздың ақ таңы.
Сенің қызғанғаның – терезелердің сынғаны,
Сенің мұңайғаның – күзгі іңірдің сұрлануы,
Сенің түңілгенің – гүлдердің шылым шегуі,
Сенің жылағаның – оттың жаңбырға тұншығуы,
Сенің күлгенің – көбелектің қанат қағуы,
Сенің қуанғаның – соғыстың біткені.
Сенің асыққаның – уақытты мәңгілікке тоқтатады,
Сенің құлпырғаның – ақылы көптеу жігіттерді алаңдатады,
Сенің билегенің – тамсануды ғасырлық ұйқысынан оятады,
Сенің құшақтағаның – ұялу мен қызаруды достастырады,
Сенің шаршағаның – қимастықтарға жол ашып береді,
Сенің ұйықтағаның – түнді жек көрінішті етеді.
* * *
Білем, жаным,білемін!
Сен де білші.
Сенің жаның –жаныма дем беруші.
Дем беруші жүрекке – сендік жүрек.
Ал мен байғұс шипасыз емделушің
Болайыншы.
Болайын жасың сенің,
Досың сенің болайын,
сосын сенің
Махаббатың болайын,
жүрегіңде
жарық жағам,
Қалмаймын тосын сөніп.
Отын алып кіремін үй ішіне,
Оятамын кофенің иісімен.
Жастығыңа төгіліп шашың жатар,
Жо-жоқ оған болмайды тиісуге.
Перделерді сырамын,
терезені
айқара ашам!
Бұзамын ережені.
Бірі ояу,
біреуі ұйқыдағы
жұбайларға жұпарлы жел еседі.
Саған...
Саған:
Керемет жансың деймін.
Көздің жасы шамалы тамсын мейлі...
Тіпті дархан дәулеті тасыса да,
біздің ғажап өмірді хан сүрмейді.
Екеумізге жалғыз сәт жетпейтіні.
Екеумізге жалғыз сөз жетпейтіні,
Жаным! – деген сөзіңді қия салшы,
Періштеге айналып кетпей тұрып.
ӘЙНЕК
Саусағымның ізі жоқ бұл әйнекте,
Сірә оны өшірді жылай көктем.
Саусақ ізін өшірген тамшыға еріп,
Қара жерге жөн бе еді құлай кеткен?
Құлай кеткен жөн еді... құлай кеткен,
Жараспай жүр шуақты шырай бетке.
Ең соңғы рет құладым, неге өмедім?
Қолын созып қалды ма құдай көктен?
Жаурадық, - де, сұраса жұрт егер де,
Бақыт бізге жетеді бүркенерге
Әйнек булап, бір сурет салайықшы,
Тамшы болып, тағы да сүрте көрме.
Наурыз келер, бәйшешек аңқып-аңқып,
Көбелектер сүюге талпынады.
Үлгерейін гүл силап, кетпес бұрын
Сені менен уақыт тартып алып.
...Елестетіп некелі жүзікті ойша,
Саусағыма қарадым қызықтай сан.
Есімімнің алғашқы «Н» әрібін,
Жүрегіңе, шіркін-ай, сызып қойса...
ЖАЛҒЫЗ ДАНА
Аспанымды жап-жарық жұлдыз көміп
Үлгеріпті, жалынды жыр тізгелі.
Түнде ме еді, есте жоқ, күндіз бе еді,
Нөмірімді сұрады бір қыз келіп.
Нені іздедік өмірден, кімді іздедік?
Баққа бардық шашырап нұр біздегі.
Бақ ішінде гүл санап жүрдік бірге,
Жалғыздықты лестіріп жүргізбедік.
Ұқсамайды қонжыққа қоянға да,
Ұнау үшін әсіребоянбаған.
Ол - ұяңдау, мен - аздап тынымсызбын,
Енді екі жол тоғыспақ қай арнада?
Ол да мендей сағынып балалығын
Жүреді екен, ұқпасатан қала мұңын...
Кенет айтты: Сіз кітап жазыңызшы,
Жалғыз ғана болсыншы таралымы...
Жүрегімнің көмгендей маңайын шу,
Көрдім, - деді, - ақынның талайын шын...
Менің жалғыз ақыным бар, ол - сізсіз,
Сізге жалғыз оқырман болайыншы.
Неге? - дедім, - себебін ұға алмадым,
Иесі ел емес пе шығарманың?
Біле білсең ел ғана анықтайды
Қай сөзімнің бойында құнар барын...
Жоқ! – деді, өзге ештеңе қоспады да,
Таңырқап қарап тұрдым аспаныма...
Сұлудың сырға тұнған сөздерінің
Үңілемін бүгінде астарына.
...Қай бақыттан білмеймін дәметемін,
Қай сұлуды білмеймін жар етемін.
Жалғыз ғана бойжеткен біледі екен,
Жалғыз дана жүрегім бар екенін.
МӨЛДІРЛІК
Жүрекпен емес
Өлеңді
қантамырлармен жазасың.
Қантамырлардың... бейуақ бола да қоймас мазасы.
Кереуетіңе көмілсең, құлпытас болар жастығың.
Оятпаңдаршы!- дерсің сен...
Жазады сосын басты кім?
Әй, осы...
досым...
бір күні,
Қайғылы әрі күлкілі
Кезігерсің де сөздерге,
Кезерсің сосын ойларды қиылыстары өзгерген.
Мөлт! Мөлт! Мөлт! - еткен мөлдірлік құйылады да санаға.
Саныңды соғып жүргенде, табыла кетер жан ағаң.
- Құшақтап алшы, бауыры-ы-ым!
Бауыры-ы-ым менің, жан бауыр!
Ақымақ мына ініңнің мүмкін бе бағы жанбауы? -
Жымиюға да қол тимей,
Жұдырығыңды түйіп ап...
Жаныңды езген тағдырдың,
Жағынан ұрмау – қиын-ақ.
Жоғалыңдаршы бәрің де!
Е-хе-хе-е-ей! Бәрің кетіңде-е-ер!
Жаныңды ұқпайды: жалғыздық, мүгедек, ғаріп, жетімдер...
- дейсің де, көзіңді ашасың, оянып кетіп ұйқыдан.
Бақыт дейтін бір журналдың
Өзің тұрасың бетінде.