Өлең жайлы өлеңдер топтамасы

ӘДЕБИЕТ
6777

Бүгін – Дүниежүзілік поэзия күні! ЮНЕСКО Бас конференциясының 1999 жылдың 30-ыншы сессиясында 21 наурызда Дүниежүзілік поэзия күнін атап өтуге шешім қабылданған болатын. Дүниежүзілік Поэзия күні тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан Парижде атап өтілді. «Поэзия қазіргі заманғы адамның өткір де терең рухани мәселелеріне жауап бере алады - бірақ бұл үшін оған қоғам назарын мүмкіндігінше кеңірек аударту қажет. Сонымен қатар Дүниежүзілік Поэзия күні қазіргі ақындардың шығармалары оқырмандарына, негізінен солардың күшімен, жол тауып жатқан - шағын баспалардың, тебіреніске толы сырлы сөзбен мәңгілік дәстүрді қайта тірілтіп жүрген - әдеби клубтардың өздерін кеңінен танытуына мүмкіндік беруі тиіс»,- делінген ЮНЕСКО шешімінде. Бұл күн поэзияның шын мәніндегі қазіргі заманғы, адамдар ашық қабылдай алар өнер ретіндегі жағымды кейпін бұқаралық ақпарат құралдарында қалыптастыруға қызмет етуі қажет. 

"Мәдениет порталы" Дүниежүзілік Поэзия күніне орай, қазақ ақындарының өлең жайлы өлеңдер топтамасын ұсынады. Мархаббат!

Абай Құнанбайұлы, ақын

*   *   *
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.

Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.

Сөз айттым «Әзірет Әлі», «айдаһарсыз»,
Мұнда жоқ «алтын иек, сары ала қыз».
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.

Батырдан барымташы туар даңғой,
Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой.
Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз,
Елірмелі маскүнем байқалған ғой.
Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп,
Қинамай қызыл тілді, кел, тілді ал, қой!

Өлеңі бар өнерлі інім, сізге
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.
Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге.
Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез,
Қанша қызық болады өзіңізге?

Қасым Аманжолов, ақынӨзім туралы

Өзге  емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім, жалын атқан сөз дайында.
Тереңде  тұнып жатқан дауыл күйді
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да… 

Аманжол – Рахымжанның Қасымымын, 
Мен қалған бір атаның ғасырымын.
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде.
Қай жерде үзіледі  қайран сапар,
Түйін боп өмірімнің бір шетінде.

Сол жерге қалармын ба мәңгі тоқтап,
Жоғалып жер бетінен сүрлеу-соқпақ.
Немесе бастармын ба екінші өмір,
Жалынды жыр жолында қызыл шоқ қап.

Дүние,  жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетемін.
Арпалыс ала құйын заманалар
Арбасып тұрып алды, мен не етемін.

Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,
Көп күттім, көп тіледім құмарлана.
Қайтейін, жетер емес қысқа өмірім,
Алыстан көрінгенмен мұнарлана.

Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.

Жүзінде кәрі жердің әжімі көп,
Ізімді табарсыңдар  әзер іздеп.
Оқырсың сонда мүмкін бұл жырымды,
«Досың да, туысың да біздерміз» деп.

Ризамын туғаныма адам болып,
Өкінбен қаламын деп бір күн солып.
Адамзат сапарының мейманымыз
Бір мезет жер бетіне кетер соғып.

Екі көз – екі жұлдыз маңдайдағы,
Көруші ең құбылысты қай-қайдағы.
Япырмай, сен де бір күн сөнермісің,
Қап-қара түнек болып маңайдағы.

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп,
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.

Барым да, бақытым да осы өлеңім,
Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім.
Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,
Мен қайтып, босқа жасап, босқа өлемін.

Гүрілдеп жалын атқан кеудем – көрік,
Сөз соғам құлашымды еркін керіп.
Суарып шынықтырам күйге малып,
Болсын деп әрі әдемі, әрі берік.

Құя алман үгітілген балшық өлең,
Көңілімде көл жасаман тамшыменен.
Серінің семсеріндей сертке таққан
Өлеңнің өткірін бір алшы менен.

Ежелден ерке бұлан Қасым едім,
Бұлқына тасып едім, басып едім.
Жүзім – жаз , көңілім — көктем кең пейілді,
Жақсының жүрегіне ғашық едім.

Сөзім жыр, лебізім – күй ерке едім,
Өз жерім, өз елімде еркеледім.
Өмірдің алтын сарай аспанына
Қиялым қақты қанат ерте менің.

Кең жайдым құлашымды дүниеге,
Білдім мен қайғыра да, сүйіне де.
Әйтеуір әрі-сәрі болғаным жоқ,
Ұқтым мен, көңілімнің күйі неде…

Аяған жүрегім жоқ  жолдасымнан,
Сый көрді не бір сараң мол Қасымнан.
Жолдастың жүзін қайта алдым жинап,
Айырылсам ала көңіл он досымнан.

Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын,
Бақытын ойламаймын  құр басымның.
Тымырсық  түнек болсаң – дұшпаныңмын,
Ақ көңіл адал болсаң – сырласыңмын.

Боламын ақын Қасым әлі де мен,
Өлеңін  бөбегіндей  әлдилеген.
Қанатын қағып жылдам келер жылдар,
Бәрін де қарсы аламын ән-күйменен.

Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел, туған жерден кетпес көшіп.
Торқадай жамылып ап топырағын,
Жатармын өз жерімде бір төмпешік.

Дариға, о, дариға, шіркін дәурен,
Басымнан таярмысың бір күн, дәурен.
Жалт беріп жоғалар ма нажағадай,
Жүзіңде шалқып тұрған күлкім, дәурен.

Тоқтамас өмірімнің сағатындай,
Жүрегім енді қанша соғар тынбай.
Тыншыр ма ақтық рет бір талпынып,
Мерт болған балапанның  қанатындай.

Түсірген ой сәулесін шар тарапқа,
Ақылдың  алтын оты сөнген шақта.
Бұл күнде саңқылдаған сұңқар үнім,
Кетерсің судай сіңіп табиғатқа.

Сондықтан ап кел бері домбырамды,
Кеудеме күй қанатты қондыр әнді.
Берейін өмірімнен өлең жасап,
Шашайын оңды-солды сол мұрамды.

Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың!

Мұқағали Мақатаев, ақынҚара өлең

Қалқам, 
Мен Лермонтов, Пушкин де емес,
Есенинмін демедім ешкімге мен,
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.

Жат жерді жастанғанда жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.
...Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,
Қазақтың дәл өзіндей қарапайым.

Түзу-түзу тілінген таспадайын,
Қамшы өремін таспадан басқадайын.
Қаламасаң қамшымды аулақ жүргін.
Қараша үйдің есігін ашпа, ағайын!

Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,
Аңызыма неге нәр тамызбайын.
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын.

Іздемпаздық менің де бар өнерім,
Будан жасап бидай мен тары егемін.
Қазан-миым бәрін де қайнатады.
Дара қойып қазақтың қара өлеңін.

Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
...Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын...

Қадыр Мырза Әлі, ақынШындық

Ақындық шығар айыпты,
Әлі де білмен себебін.
Өлеңге айтып қойыппын
Өмірдің айтпа дегенін.

Өтірік жырдың қайдағы
Болмайсың жетіп шетіне.
Ақиқат – сөздің қаймағы
Тұрмайды шықпай бетіне.

Төлеген Айбергенов, ақынТуған жерден аттанарда

Сенделiп өрттей сезімнен
Лапылдап кетіп барамын.
Үзуге моншақ көзiмнен
Жақындап кетіп барамын.
Құдiретiңе, о, туған жер,
сеніп кетіп барамын. 
Қимастық, сенің отыңнан
Теңселiп кетіп барамын.

Алысты барам арман ғып, 
Ауырың болса арт, өмiр.
Жолына жырдың құрбан ғып, 
Басымды тiктiм, әйтеуір.

Сенімге мені бөлеген
Жандардың мынау алдында,
Ұялас дос ең, о, өлең, 
Ұятқа мені қалдырма.

Қанипа Бұғыбаева, ақын* * *
Жыр жазайын десем жақсы күз жайлы,
Шабыт шіркін шала бықсып, қызбайды.
Сұлулық жоқ жаздағыдай көз қанар,
Аққу көлді қанатымен сызбайды...

Көкірегін ойға көміп тау, алап,
Ештеңеге бойсұнбайды дауалап.
Бір кездегі қыз табиғат тұр бүгін,
Кәріліктен салқын ғана жауап ап.

Күздің жұмбақ жайып тастап бар сырын,
Мөлтілдейді тал кірпікте таң шығы.
Тас бұлақтың шығады үні тым бәсең,
Қарлыққан бір дауысындай әншінің.

Жапырақтар жерді жауып сары ала,
Кей көңілдің заманы ауып барады, ә.
Күйсіз күзде ит екеші, ит-тағы
Еріне үрер жатып алып қорада.

Алатауға әппақ мұнар түстеніп,
Бір күлуді жерге қарап күш көріп.
Анда-санда жылт етеді күн көзі,
Жастық жайлы жатқандай бір түс көріп!..

Жыр жазайын десем жақсы күз жайлы,
Шабыт оты бықсып шала, қызбайды.
Сонау сылқым сырлы көлге еркінсіп
Қанаттарын аққу құстар сызбайды…

Күләш Ахметова, ақынЖазылған жырлар 

Жазылған жырлар! Жанымның құйттай құстары,
Жайлап жүрсіңдер тірліктің қайсы тұстарын?
Сендерді көріп сүйсініп жүр ме достарым,
Таңырқап жүр ме, табалап жүр ме дұшпаным?

Ұшырып ем ғой, шартараптарға барсын деп,
Сендерден біреу керегін тауып алсын деп.
Ғимараттардың басына емес, өмірге
Ғашық жандардың кеуделеріне ұя салсын деп.

Құйттай құстарым, жаныммен жіпсіз жалғасқан,
Сау жүрсіңдер ме ақ қанаттарың талмастан?
Қалған жоқсыңдар ма қалтарыстарда елеусіз
Ғажап саздарды тыңдаған кезде таңғы аспан?

Қона алдыңдар ма махаббаттардың бағына,
Төге алдыңдар ма сағыныш толы лағыл ән?
Жанымның даусы сендерге еді аманат,
Жеткізе алмасаңдар не қылам?
Соны ойлап жиі қамығам.

Құйттай құстарым! Көмейлеріңде жыр-ән бар,
Жолдарың ауыр, арымай, талмай шыдаңдар.
Құйттай құстарым, құласаңдар да, өтінем,
Адамдардың тек жүрегіне жетіп құлаңдар!
author

Абай

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...