«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Мәдениет порталы» бір...
"Рахымжанның көз жасы"
Ұлыстың ұлы күні сонау Елордамыздан келген сый. Авторының өзі (Анар Қабылқақ) атымды әспеттеп, қолтаңбасын қойып, Жанэлла деген француженка қыз арқылы беріп жіберіпті.
"Рахымжанның көз жасын" (Анар кітабын солай атаған екен) қарап отырып, Альбер Камюдің «Мықты жазатындардың түсіндірушілері, ал қарапайым жазатындардың оқырманы ғана болады» дегені есіме түсіп, мырс еттім. Келіспегендіктен емес, мойындағандықтан. Рахаңа әубаста, "Соғыстың соңғы бомбасын" оқыған кезде-ақ тәнті болғанбыз. Шапқан сайын тынысы ашылатын "Құлагер" жазушы еді ғой, Рахаң. Мынау бес күндік жалғаннан сол ғадетінен жаңылмай өтті. Құлагердің шабысын берген Құдай, тағдырын да жазыпты. Құлагер мәреге жетпей үзілсе, Рахаңда "Қыз Данайдың қырғынының" нүктесін қоюға үлгермеген екен. Жазмыш!..
"Ұлт болмысы" журналы қолымызға тұңғыш рет тиіп отыр. Тұтас бір санын Рахымжан ағаға арнаған екен. Бас әрпінен бастап, нүктесіне дейін қарап шықтық. Әлі оқып жатырмыз. Сүйікті жазушымның шығармашылығына арналғандықтан да болуы мүмкін, журнал көзімізге бірден жылыұшарады. Дизайні, стилі, мазмұны, идеясы бәрі-бәрі ұнады. Сұхбаттар, естеліктер, фотошежірелер. Журнал ұжымы сан қырлы дарын иесі - Рахымжан Отарбаевтың характерін ашуға ден қойған екен. Және онысы сәтті шығыпты. Мүйіздері қарағайдай ылғи бас. редтердің Рахаң туралы естеліктері әсерлі. Солардың ішінде әсіресе, Ұларбек Дәлейұлының "Жетті сізге де өмір мизамы" жүректі елжіретті.
Жазушының жары - Сәуле ханымның сұхбатын оқи отырып, Рахымжан ағаның болмысын жете тани түскендей болдым. Рахаң тек қана жақсы жазушы ғана емес, сонымен қатар - жақсы жар, жақсы әке де бола білген екен-ау!
"Мінсіз шығарма жазу түк емес, ең бастысы ғұмырыңды мінсіз шығармаға айналдыру..." Егер қателеспесем, Асекеңнің ғой деймін, Сүлейменов, осы тақылеттес сөзі болатын.
Сұлу жазатын Рахымжан Отарбаевқа тағдыры, сұлу сүйіп, сұлу ғұмыр кешуді нәсіп етіпті. Сол үшін сүйсіндім.
"Ұлт болмысы" Рахымжан ағаның біздің елімізде әлі дүние жарықты көрмеген "Бас" романын толықтай жариялаған екен. "Басты" бас алмай оқып шықтық.
Осы қазір ғана Елордамыздан сүйінші хабар жетті. Рахымжан Отарбаевтың "Бас" романы Алман елінде баспаханадан шыққан екен. Бұйырса келесі айда қолымызға тиіп те қалар.
Сөзімнің соңында "Ұлт болмысы" журналының директоры әрі бас редакторы - Гүлжанар Амантайқызы мен сыншы һәм жазушы Анар Қабылқақ қарындасыма деген алғысым шексіз!
Қуанта беріңіздер!
Түйін:
"... Бұл пәниде ұсақтар сиғыш. Орын тапқыш. Іріліктің бір қасіреті осы. Еш жерге басы батпайды". (Р. Отарбаевтың "Бас" романынан).
Осы жолдарды оқи отырып, "Ноқтаға басы сыймаған қайран, Рахымжан ағам-ай!" дедім еріксіз.
28. 03. 19. Семей шәрі.