Олжас Сүлейменовтың айшықты ойлары

ӘДЕБИЕТ
2436

Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, тілтанушы, саясаткер, ядролық қару-жарақтарды жаппай қолдануға қарсы тұрушы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Омарұлы Сүлейменов жайында білмейтін қазақ кемде-кем.  Ақынның өлеңдері қазақ халқының талай ғасырлық мұңы мен қуанышын, сыры мен сипатын айтады.  Оқып отырып бір ақынның жырын ғана емес бір ұлттың сан ғасырлық салихалы тарихын аралағандай боласыз. Олжас өлеңдері қазақ пен орыс арасында ғана емес, Еуропа елдері, Кіші Азия, Қытай, Америка елдері арасында өзінің асқақ қазақы үнін аспандата саңқылдатады.  Ендеше ақынның  ел есінде қалған тұжырымды ойларын назарларыңызға ұсынамыз. 

* Менің дінім – махаббат. 

* Ақиқат қашан да аңғал келеді. 

* Махаббаттың да өз теоретиктері мен практиктері болады. 

* Қазақтардың моральдік кодексін олардың мақал-мәтелдері мен аңыз-әпсаналарынан іздеңіз. 

* Мәдениет дегеніміз – кісілер арасында адам болу өнері. 

* Мен әр халықтың ертегілерін оқуды ұнатамын: бұл ғажап ғадет – халықтар дүниетанымын ежелгі  авторлар метафоралары арқылы тануға жатады. 

* Тарихшы ғылыми жаттандылық біткеннің бәріне күмәнмен қарағаны жөн. 

* Жылнамаларда халық тарихының тек драмалық сәттері, соғыстар ғана қамтылады. Бейбітшілік тарих жадында ұзақ сақталмайды. 

* Тіл – жазғыштардың тәлкегінен аман қалған тарихи ақпараттың ең бай резервуары. 

* Кез келген тіл дерексіздікке (абстракция) құмар. Ал ең таза сөз – жүйелілік және семантикалық тұрғыда монополиске айналған сөз. 

* «Төлтума мәдениет» деген патриоттық ұғымды әлдебір алыс мұхит төрінде сан ғасырлар бойы кеме зәкір (якорь) тастап көрмеген аралға қатысты ғана қолдануға болады. 

* Гүлденген мәдениет дегеніміз – сан ғасырлар бойы өзге мәдениеттермен үздіксіз байланыс жасаудың жемісі. Тілге қатысты да осыны айтуға болады. 

* Жазба әдебиет тілі – мемлекеттіліктің бірінші айырым белгісі. 

* Көшпелілер Орхон-Енисей жазбаларынан басқа ештеңе дүниеге әкелмесе де – әлемдік мәдениетке қомақты үлес қосқан халықтар арасынан ойып орын сұрауға хақылы. Олар бізге керемет храмдар мұраға қалдырған жоқ, олар оқ-дәрі (порох) де, қағаз да ойлап тапқан жоқ. Бірақ тасқа мәңгілікке қашалған немесе халық зердесінде бағзыдан сақталған әдеби ой – солардан кем маңызды мәдениет элементтері деп кім айта алады?! 

* Қайсысын таңдау керек? Шекспирдің «Үнемі өзіңмен-өзің болып қалуы» ма, әлде оған керағар «Өз бойыңдағы ең жақсы қасиеттерді жарқыратып ашу» ма? Елімізді көптен бірге мекендеп келе жатқан басқа да халықтармен бірге тығыз қарым-қатынаста дамыған жаңа қазақ ұлтының алдында тұрған қазіргі маңызды мәселе осы. 

* Өзіңді-өзің тану тәрізді, тарихты танып білу де – қазіргі даму процесіне аса қажет әрекет. Ол – болмай қоймайтын жоғалтулар мұңын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді, сонымен бірге прогреске кең жол ашады. 

* Данышпандар туралы зерде – олардың өздері көтерген мәселелердің өзектілігі жойылғанша ғана ел жадында сақталады. 

* Шоқан – өткенде өмір сүрген бүгіннің адамы. Оның өз «бүгіні» − өз арманының балқымайтын құрамдас бөлшектерінен, үмітсіздіктен, өмірге шексіз құштарлық пен пессимизмнен тұратын. Оның ең тамаша реалистік фантазиялары – қалыптасқан жағдай шындығының дөкір етігінің табанының астында қалып, тұншығып өлді. Ол отыз жыл (1835-1865) өмір сүрді. Оның өмірі – қазақ халқының тарихындағы тұтас бір дәуір. Оның бүкіл ғұмыры – символ. Шоқан тағдыры – мұхиттың дәмін танытар тамшы іспеттес. 

* Тауларды аласартпай, даланы биіктетейік! 

* Ақын – өзінің туған топырағының елшісі. Әлем ақынға қарап, оның туған халқы туралы ой түйеді. Ақын өз халқына адамзат мәдениетінің, бүкіл дүниежүзі мәдениетінің нұрын шашады. 

* Қарама-қайшы көзқарастарға қашанда бір жақтылық тән – олардың екеуі де бірдей ақиқаттан алыс жатады: шындық – ортаға, экваторлық аймаққа таяу тұрады. 

* Этностар бір-бірін жеке тұлғалардың кездесуі арқылы таниды. 

* «Халықтар достығы» деген – нақты адамдар арасындағы достық пен өзара құрмет сезімінсіз, абстрактілі һәм тұрлаусыз ұғым. 

* Әдеби шығарманың мазмұны қоғамдық санадан нәр алып, тіл арқылы жүзеге асады. 

* Түркілік қоғамда әйелдерге кең құқықтар берілген, олар мемлекеттік істерге белсене араласқан. Тақтың мұрагерін ана тәрбиелеген.


author

Олжас Сүлейменов

ҚАЙРАТКЕР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...