ПушкинӨЛМЕС, ӨШПЕС, ӨЖЕТ ЖЫРОдан бері де дәл бір жарым ғасыр уақыт өтіпті. Мойкадағы он екінші үйдің...
Өмірден озған күні жоқ ақын
Дүниеге келген жылы, туған күні бар да, өмірден озған күні (жылы не айы) жоқ та АҚЫН болады. Соның біз білетін біреуі - Әділ Ботпанов еді. Мектепті бітіргеніне көп болмаған Әділдің алғашқы өлеңдерін мен "Қарлығаш" атты жинаққа енгізгенмін. Яғни, әдебиет деген аламан бәйгеде алдына жан салмасын деп тұсауын кескен өзім едім. Оның болашағынан көп үміт күттік. Амал не, тағдыр оның ғұмырын қысқа қылыпты. 27 жасында ешкіммен қоштаспастан жұмбақ жағдайда көзден ғайып болды. Бүгін Әділ Ботпановтың туған күні екен. Ақынды еске алып, махаббат жырларын оқи отырыңыздар...
Әдiл БОТПАНОВ
(1969–?)
* * *
Шығып кейде үнсiз жатқан қырға сан,
Сен жайында жұлдыздармен сырласам.
Қалай ғана ұмыта алам өзiңдi,
Ойлауымды қоя алмасам, тынбасам...
Iздеп сенi шығам, жаным, қырға сан.
Қою түнде өзiңдi iздеп қыр асып,
Кетем, жаным, жұлдыздарға сыр ашып.
Сенi iздеген менiң мұңды дауысым
Ақша бұлтты түнгi аспанға ұласып,
Кетем, жаным, жұлдыздарға сыр ашып...
Сенiң бейнең жаулап алған түн елiн,
Өзiңдi iздеп дала кезiп жүремiн.
Сенiң жүзiң ұқсайды анау Айға әсем,
Жарық Айға қол жетпейдi, бiлемiн,
Өзiңдi iздеп дала кезiп жүремiн...
* * *
Оңаша қалып,
Өткендi, жаным, еске алам,
Бола алармысың мәңгiлiк бiрге дос маған.
Басыма бәрiн сыйлаған «жомарт» тағдырым,
Қалайша бiздi көп жылдан берi қоспаған?!
Адасып ұзақ таба алмадым-ау мен сенi,
Түсiрiп,
қайта көтерiп қайсар еңсенi,
Өткенмен жылдар тек бүгiн ғана, аяулым,
Жанарың сенiң жанымды менiң өртедi...
Ғашық боп жырға жүйкеммен, барлық жаныммен,
Ұмытамын деп одан өзгенiң бәрiн мен,
Өзiңдi таптым,
Сен ендi, жаным, жүректi
Аялай бiлшi ақ махаббатпен, арыңмен...
* * *
Әнiм бе едiң?!
Жүректiң сеземiсiң жалын демiн?!
Ұзақ түн таң атқанша көз iлместен,
Сездiң бе,
Сенi iздедiм, жаным менiң?!
Арманым ба ең,
Сырласып кiрпiк iлмей таңдарыммен,
Ұйқымнан мың оянып,
Елесiңдi
Аялай әлденеше қармадым мен.
Тiрегiм бе ең,
Әйтеуiр, саған бақыт тiледiм мен.
Көз тiгiп суретiңе қарағанда,
Мөлдiр жас тамып түстi жүрегiмнен...
ҚОШТАСУ
Бұл сендердiң ең соңғы күндерiң деп,
Бұл сендердiң ең соңғы түндерiң деп,
Ақ қайыңдар, сыбдырла,
сыбдырлап бақ,
Мәңгi-бақи сөнбесiн үндерiң деп...
Шынымен бұл ең соңғы күнiмiз бе,
Шынымен бұл ең соңғы түнiмiз бе?!
Сенiң айдай жүзiңе телмiремiн,
Үмiтiмнiң жүректен гүлiн үзбе!..
Шынымен сол күндердiң өткенi ме,
Өткенi ме,
оралмай кеткенi ме?!
Қиындығы басымдау мына өмiрде
Қызық дәурен әрқашан өтпелi де...
Сенi, жаным, соңғы рет өбемiн де,
От сезiмдi жоғалтам тереңiмде.
Әкетедi ал сосын жолдар сенi...
Тағы қайта өзiңдi көремiн бе?!
Кешкi вокзал.
Қайыңдар тұнжырайды,
Бiр шөкiм бұлт бүркедi жылжып Айды.
Өбемiн мен өзiңдi есiм шығып,
Қимай сенi жұлдызды түн жылайды...
* * *
Қайтесiң, жаным,
Қайтесiң менi жұбатып,
Өзiмдi-өзiм аламын кейде жылатып.
Сезiмiм нәзiк жан-жүрегiмдi егiлтiп,
Көңiлiмде бiр келедi көктем бүр атып.
Намысым да бар арымды бiреу таптаса,
Арғымақ сынды қарғитын көкке от баса!
Несiне бiзге берiлдi дейсiң бұл жүрек,
Жылатып кейде,
Уатып кейде жатпаса?!
МАХАББАТ ДИАЛОГЫ
Кешкi аспан қызыл кiлем тоқып берiп,
Отырмын жанарыңнан бақыт көрiп,
Өзiңе Мұқағали iзiменен
Махаббат диалогын оқып берiп.
– Мен асқақ аспан болсам не етер едiң?
– Жер болып телмiрумен өтер едiм...
– Тулаған теңiз болсам не етер едiң?
– Түбiңе батып мәңгi кетер едiм.
– Ызғарлы дауыл болсам не етер едiң?
– Кеудемдi ызғарыңа төсер едiм...
– Өлсем ше?!
Иә, өлсем не етер едiң?
– Ақ бөз боп өзiңдi орап кетер едiм.
...Кешкiлiк.
Тек екеумiз.
Керенау бақ.
Отырдық табиғаттан өлең аулап.
– Жолында махаббаттың өлер болсаң,
Өле бер,– дейсiң күлiп,– менен аулақ!
– Дәмесiн қара,– дейсiң күлiп маған,
Ернiңмен ернiме кеп жуықтаған.
Демiңнен оттай ыстық балқып денем,
Бүксең де сүйерiңдi бiлiп қалам.
Сыңғырлап тағы күлдiң iңiрде осы:
– Шын ба, айтшы, «жазғандарым шыным» дешi!
– Шын,– деймiн,– айып екен мұның несi,
Сүйемiн өткенше ағып ғұмыр кешi.
Аппақ Ай төгiп жарық шұғыласын,
Қанатын жайды iңiрге түн ұласып.
Мойылдай жанарларың мөлт-мөлт етiп,
«Сендiм» деп құшағыма тығыласың...
Суретте Әділ Ботпановтың 16 жасар кезі бейнеленген. Фотоны түсірген Болат Омарәлиев.