Егінбай Бәйкенұлы. Көрші келіп, Қабырғаның табиғатын... (жыр)

ӘДЕБИЕТ
4555

Егінбай Бәйкенұлы – Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Қабырға ауылында туған.  Кезінде ауылшаруашылық саласында қызмет істеген. Қазір бір елдің үлкені болып отырған қазыналы қария.  Жасы сексеннен асса да зердесі мықты. Қолынан қаламын тастаған емес. Бір уақ жүрегін тебіренткен ойларын ақ параққа өлең етіп түсіргенді ұнатады. Ел ішіндегі ескі әңгімелерді жақсы біледі. Біз бүгін ақсақалдың туған жерін шынайы сезіммен толғаған бір үлкен шумақ жырын ұсынып отырмыз.

Арқаның Торғай атты кең ойпаты,

Тартыпты бауырына мол алқапты

Батыстың төрт-бес елі сияр бәлкім,

Кең далам жатыр шалқып кім байқапты.


Торғайда жер байлығы өзен - көл көп, 

Жатады қойнауында малым төлдеп.

Аралап Асан  қайғы келгенінде,

Болыпты қызыққаннан атқа өңгермек.


Бұл Торғай ұзын аққан үлкен өзен,

Өткізген бастарынан нелер кезең,

Жарысып сол Торғаймен қатар аққан,

Қабырға өзеніміз еншілеген.


Көктемде Қабырғаны келсең көріп,

Балығы жайылымға шығады өріп,

Тасыса арнасынан асар суы,

Көкпеңбек теңіздей боп көтеріліп.


Жайылар қос қапталға өткел бермей,

Бөгеуге жүрген жанбыз көңіл бөлмей.

Құяды артық суы құрдым барып,

Келеміз нендей сыр бар әлі білмей.


Сол сумен оянады барлық тірлік 

Байлықтың суда екенін халық біліп.

Егін сап, шөбін шауып, мал өсірген,

Кетпенін, бел орағын алып жүріп.


Су түсіп Сарталыма шабын өскен,

Шөбі кем талайлар бар бізге көшкен.

Жетеді екі-үш аудан аумағына,

Артықтау айтқаным жоқ деме бөскен.


Су тоқтап, жеріміздің қонған шөлі,

Бөгет бар бабалардан қалған белгі.

Жел шайқап толқындары бөгетті ұрса,

Бабамның естілгендей алған демі.


Ұсталған қара бөгет екі ашаны,

Білмеймін шыдайды екен ол қашанғы.

Қаппенен топырақ тасып, бөгет салған,

Сол кездің елестейді қара шалы.


Бір бөгет,бір өзеннің тағдырындай,

Су сақтап арнасына тұрады ұдай.

Елім бай, осы өзеннің арқасында,

Келеміз нарыққа да шыдай-шыдай.


Осы өзен елімізді асыраған,

Сырымды қалай ғана жасыра алам.

Кешегі нарық қысқан ауыр кезде

Біз едік, көшкен елге қосылмаған.


Әр, әкім берді уәде талай-талай,

Көз талды қырға шығып қарай-қарай.

Шалда жоқ, жанын жалдап бөгет бөгер,

Не болар бұзылса егер бұдан былай.


Қабырға жерұйық қой таптырмайтын,

Бар ма әкім аз ауылды жаптырмайтын.

Келеміз бізде ілесіп көппен бірге,

Табылар шындық сөзді жақтырмайтын.


Төрт түлік, аң мен құсы араласқан,

Шомылсаң балығы бар жағаласқан.

Шабыны белден тартып оралады,

Боз жусан иісі аңқып жұпар шашқан.


Көктемде бар тіршілік аралысып,

Әупілдек үн қосады ішін басып.

Аққуы - айдынына сән береді,

Сабалап қос қанатын, төсін ашып.


Талай құс Қабырғаны мекен еткен,

Көк кептер, тау құдірет, көкек көптен.

Шарылдап ақ шағала, қасқалдағы,

Әрқайсы тамылжытып әнін төккен.


Кегері, қоңыр үйрек, ала қазы,

Қырда жүр дуадақ пен тырна тазы.

Қызғышы, шіңкілдегі, сары шымшық,

Ителгі, қаршыға мен дауылпазы.


Жағалай қалың тоғай тал өседі,

Ішінде елік, қабан бар деседі.

Бойында түлкі, қарсақ, бөрі жортып,

Аттасаң қоян, борсық кездеседі.



Осындай байлығы бар Қабырғаның

Артық-кем, кім өлшеген тағдырларын.

Ондатр, ақ тиін мен күзен, зорман,

Түрлері табылады барлық аңның.


Жер шүйгін, жонышқалы малға – жайлы,

Тал, қамыс, тобылғы, изен, қарабайы.

Жалбызы, ит мұрыны жанға шипа,

Кім мұны жер жанаты баламайды.


Самалы тербеткенде тал мен шиін,

Маужырап ұйқың келер босап иін.

Аспанда бұлттар келіп сағынғандай,

Көзінің сығып-төгіп, құйып селін.


Жадырап күн шығады содан кейін,

Нұр сеуіп қуантуға о да бейім.

Іңірде ай-жұлдыз да жымың қағып,

-дегендей рахаттансың көңіл күйің.


Арала, саясына демал аздап,

Көркіне көз тояды, гүлдер маздап.

Сарайың ашылады, сезім сергіп,

Жаныңа күш толады, қуат қоздап.


 Х X X  

Айдын көп, Қабырғаның өн бойында,

Бір айдын аңыз болған ел ойында.

Естіп ем оқиғасын Төлеу қарттың,

Айтайын біразыр-ақ сол жайында.


Қара айдын түсі суық, тым сұрланған,

Сақтаған сыры бар ма, кім сұраған?

Аңыз ғып ел айтады, біз білмейміз,

Өтіпті бір оқиға шу шығарған.


Айдынның аты - Таймас аумағы кең,

Бердіқаз иесі еді, байлығы ең.

Суатқа келген жан мен малға шауып,

Суында бір мақұлық аулаған жем


Болмаған бұрын - соңды, дәл мұндай іс,

Үлкендер шошынып тұр, көргендей түс.

Жайын жоқ, Қабырғада шортан ғана,

Белгісіз, елді үркіткен бір алып күш.


Ұстауға ау құрыпты, шыжымменен,

Құтырған мал сияқты қызыл көрген.

Тосыннан терең тұстан тап береді,

Нақтырақ жан жоқ әзір түсін көрген.


Біреулер бұл тойымсыз жайын - дейді,

Біреудің - түскі асына тайын жеді.

Ішінде бұзау - торпақ ұсақ мал бар,

Бұндайды көрмеген ғой байырғы елі.


Бір мезгіл айдын беті болар тыныш,

Қозғалса суды жарып шығар дыбыс.

Не атып, не ауменен ұстаған жоқ,

Жоқ па екен? - cу түбінде бөлек қуыс.


Өткенін Қабырғаның тұрсаң барлап,

Айтылған аңыздар көп, тоссаң құлақ.

Біреулер көз бар дейді жалғасатын,

Деңгейі ортаймайды екен бірақ.


Сондықтан көз бар деуге сиятындай,

Бір дәліз болу мүмкін шығатындай.

Әйтеуір бір мақұлық елді үркіткен,

Туласа атан өгіз жығатындай.


Төлеу қарт айтты бізге анық - қанық,

Оқиға ел естіген құлақтанып. 

Көз болса бар шығар,- дейт, айдын сұсты,

Ел болып таба алмады су ақтарып.


Табиғат сыйы осындай нелер ғажап,

Асырып айтқаным жоқ тілмен жамап.

Жағада қона жатып көргендер бар,

Кей уақыт су қозғалып қақ жарылат.


Мен емес халық айтқан, шындық осы,

Дәлелге сиятындай барлық тұсы.

Бөгетбай, Таймас қарттың немересі,

Әзірге білетін сол жалғыз кісі.


Айдыны қолмен қазып жасағандай,

Кемерлеп шебер ойып қашағандай.

Тереңде жатқан шортан қозғалғанда,

Қалар-ау, пенде шіркін қаша да алмай.


Айдыны мөлдір тұнық тал қоршаған, 

Жағасы аумай қалған бау-бақшадан.

Тамаша сұлулықтың ортасында,

Келеді қоныс етіп, ел қашаннан.


Кіріп көр, қалың тоғай арасына,

Соқпақ бар апаратын жағасына.

Қармақ сал, суға шомыл, ауасын жұт,

Жаныңа не керектің бәрі осында.


Айдыны қыздың таққан алқасындай,

Бар екен алпыс айдын бір басындай.

Әрқайсын өлең етіп жырға қоссам,

Жетер-ау оқиғасы бір ғасырға- ай .


Сол айдын елді өзіне шақырады,

Тамаша құтты аймақ атырабы.

Аңызға сиятындай ғажап қойнау,

Келсеңдер көрсетемін жатыр әлі.


Қабырға - менің туған Бурабайым,

Қатар қой Бурабайға бұрылмаймын .

Тасқа өскен қайың, терек, қарағайдан,

Кем емес Тобылғы, ұшқат, тас, қурайым.


Су шайып көктем сайын тазалаған,

Жер ұйық қорықты аймақ оза ма одан.

Өн бойы Қабырғаның саяжай ғой,

Кел демал қызғанбаймын қазағымнан,


Туған жер әркімге ыстық ақиқаты,

Сүйсініп сұлулыққа жаздым хатты.

Келеді көктем туып күн жадырап,

Серуендеп көрші келіп рахатты.


Жарасып мал мен құсы жамырасқан,

Су келіп, шуақ төгіп жатыр аспан.

Табиғат құшағына ап Қабырғаны,

Ән – күйге бөленген кез қуаныштан.


Осындай туған жерім, жырға қостым,

Жеткізіп айта алмасам кешір достым.

Жаныма Қабырғадан жақын жер жоқ,

Аралап таба алмадым жердің үстін.


Егінбай Бәйкенұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...