(Ақын Светқали шығармашылығы туралы бірер сөз...) «Өлеңіммен келеді түйін шешкім...»...
Орхан Памук: «Оба түндері - ескі тәртіптің, патшалар дәуірінің күйреуі және жаңа демократиялық үлгідегі ұлт, ұлыстардың пайда болуы туралы аллегория"
Түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың соңғы романы «Оба түндері» жайлы сұхбаты
Өмер Мадра: Құрметті радио тыңдармандары! Белгілі жазушы, романшы Орхан Памукпен соңғы романы «Оба түндері» туралы сөйлесетін боламыз. Қош келдіңіз, Орхан мырза!
ОРХАН МАМУК: Хош болдық!
Өздеш Өзбай: Сәлеметсіз, хош келдіңіз!
OРХАН ПАМУК: Сәлеметсіз бе, Хош болдық!
Өмер Мадра: Кітаптың атауын «Оба түндерінің» орнына «ұйқысыз түндер» деп те қоюға болатындай, себебі роман мені бірнеше түн ұйқысыз қалдырды.
ОРХАН ПАМУК: А, солай ма? Қандай да бір жаман ниетім жоқ-ты. Қалайша ұйқысыз қалдырды екем.
Өмер Мадра: Кітабыңыз өте қызықты бір жағынан қорқынышты. Өзіңзден сұрағым кеп отыр, оқырман жұрт айтқандай барлық 32 бөлім шытырман оқиғасымен де(махаббат, толқу, қорқу, үміт, күдік), аралдың сұлу табиғатымен де үздіксіз толқытып, тартып отыратын сияқты.
ОРХАН ПАМУК: Yapı Kredi-дегі достарыма, әзіл-шыны аралас: «Түнде оқымаңдар» деп айтып едім. Бұрын қорқынышты кітаптардың соңына «түнде оқымаңыз!» деп ескерту жазылатын. Әрине, ол кітапты күндіз оқимын, қорықпайын деп ешкім оқымайды. Иә, мен романды жазып жатқанда, аты жаман коронавирус індеті әлі келе қоймаған. "Індет кезіндегі жұрттың психологиялық қорқынышын қалай бере аламын", деп көп толғандым. Ақыры жаздым, оқыдыңыздар. Бірақ тап қазіргі коронавирус маған қорқытуды әрі қорқыныш туралы баяндауды үйретті. (Күледі)
Өмер Мадра: Солай, шынымен тамаша, өзіңіз де кітапта атап өтіпісіз ғой , біз де келісеміз бір сөзбен айтқанда, кең құлашты тарихи роман туған.
ОРХАН ПАМУК: Солай, бірақ мұны соншалықты маңызды дей алмас едім, айтқым келген өзіндік идеямды жеткіздім. Тарихнама мұның бір бөлігі ғана. Мен көпшілік білетін империяның күйреуін және оның күлінен ұлттық мемлекеттердің құрылуын жаздым, көбі «бұл кітаптың аллегориясы не?» деп сұрайды. «Оба түндері» — ескі тәртіптің ақсүйектер, патшалар дәуірінің күйреуі және жаңа, демократиялық, ұлттық мемлекеттердің, анағұрлым демократиялық, зайырлы, дінен гөрі әлдеқайда бюрократия мен заманауилыққа негізделген жаңа ұлт, ұлыстардың пайда болуының қажеттілігі туралы аллегория. Шындығында, романның өн-бойында да ескі тәртіптің аяқталып, жаңа жүйенің келуіне деген халықтың мұқтаждығы көрініс табады.
Өмер Мадра: Мынадай қызық мысал: Бүгін таңертең ғана 1793 жылғы тарихи уақиға туралы сөйлесіп едік. Бұл Якобен терроры басталған кезең. Сіздің романыңызда өтпелі жағдаят саналғанымен аса ауыр террорлық режимнің де жарамды екені меңзеліп өтіпті. Шынымен таңғалаларлық. Яғни кітабыңызда бәрі бар.
ОРХАН ПАМУК: Иә, шынымен де бәрі бар, саясаттанушылар «саясаттану кітабы» деп атап жатса, мен келісемін. Саяси тақырып кең қамытылды, бірақ тап мына үкімет үшін Бүлент Эжевіт (Түрік саясаткері) бүйтіп еді, немесе Тайып Эрдоған сөйтіп еді деп саусақпен шұқып шашбау көтерген роман емес. Егер саясаттың құрылым, институттары мен дамуы бағытында түйіні шешілмейтін мәселелер болып, халық бұл мәселені шешуге талпыныс көрсетпесе, олардың мүдде, пікірімен сәйкес келмей үкіметке наразы боп жатса, керісінше үкімет қаһарлана түседі. Шындығында, індет басталғанда жұрт осындай реакциялар көрсетеді, індет те жаппай тарай бастайды. Соңы өсек-аяңға ұласады, бұл дертті сонда кім әкелді? Теңіз асып келген қытайлар ма, таяудағы мұсылман, шығыстықтар ма, әлде еуропалықтар, болмаса еврейлер ма, т.б осындай болжам-өсек өрбиді. Індет пен қатар саяси қақтығыс қоса ушығады. 1660 жылдардағы Миландағы оба туралы ағылшынша жарияланған жазбаларды оқыдым, індетті тізгіндеу үшін халық ішінен дәрігерлер іздестіріп, жұмысқа тартыпты. Оба жайылып жұрт қырылып жатса, жақын қаладағы ханзада туған күнін тойлапты. Ойлап көрсеңіз, тап қазіргі күнгідей.
Өмер Мадра: Иә.
ОРХАН ПАМУК: Ашынған халық бүлік шығара бастайды, карантин дегеніңіз бір жағынан жұрттың қалауын шектеп, қаламаған дүниені зорлап таңу сияқты. Осыдан барып жұрт ішінде, әміршіміз Еуропа, Батыстанып халықты өзі қаламаған жолға итермелеп жатыр деген түсініктік құлағы қылитяды. Сұлтан Абдулхамид болсын, обаға қарсы карантин енгізгісі келетін солдаттар немесе дәрігерлер болсын, індетті адалдықпен тежегісі келген басқалар болсын, бәрінің мақсаты бір: қалайда карантинді енгізу, белгілі бір себептермен карантин ережелері мен тыйымдарына құлақ аспайтын, карантин хакында ешқандай хабары жоқ қарапайым көпшілікті қалайда бағындыру. Романымның ішкі көрінісі де осы. Сіз сұраңыз енді.
Өмер Мадра: Мен сөз тиегін Өздешке беремін, бұл соңғы бір сұрағым болсын. Сіз жазуды бастаған сәтте көпшілік қауым тіпті «пандемия» сөзін ескеріп, біле бермейтін. Романда эпидемиялық мәселелер, оның қыр-сыры, Түркиядағы, бүкіл әлемдегі індет кезіндегі жағдаяттар соншалық егей-текжейлі, нанымды суреттелген. Оқырманды еріксіз еліктіріп, тартып отырады. «Ары қарай не болар екен?» деп құныға бас қоясыз. Осыны қалай сезініп, жаздыңыз?
ОРХАН ПАМУК: Негізі бұл туралы сұхбаттарымда талай айтылды, көп қайталамай, қысқаша тоқталайын. Осы жайында бір қысқаша мақала жазғам, індет жайында бір роман жазсам деп ұзақ ойландым, 40 жылға жуықтапты, ақыры қолға алып, 5 жыл жаздым, содан 1 жарым жыл бұрын осынау жұқпалы індет басталды. Шыны керек, өзім де қатты таңғалдым, тіпті аздап қынжылдым. Менің романда суреттегенім жасырын өлке, бейтаныс тақырып еді; енді міне, бірден жұрттың бәрінің назары ауа бастады. Бұл менің 40 жыл бойы ойымдағы, зерттеуімдегім тақырып саналып, жазу барысында басымнан өткерген психологиялық жағдаят болғанымен, енді шынайы өмірде қарсы алдымнан шықты, өзектілігі артпаса, кемімеген келелі мәселеге айналды. «Психологиялық ықпалы қандай болды немесе ескі оба індетінде не болып, не қойды? Бұның қазіргі коронавирустық пандемиядан айырмашылығы неде? Осы сұрақтарға жауап ретінде (жоғарыда атап өткенімдей) «Ұқсастықтар» атты мақала жаздым, жазба NY Times газетінде жарияланды. Мақаланы оқыған жұрт «тағы жазыңыз, кеңінен білгіміз келеді», деп өтініш білдіре бастады. Індет кезінде жайылған өсек-аяң, үкіметтің қатаң карантиндік режимі, аштық, ауру, өлім т.б туралы мақалада айтылды. Романдағы індет кезіндегі бас көтерулер, яғни «оба көтерілстері» жайында да айттым.
Өмер Мадра: Жақсы.
ОРХАН ПАМУК: Басқаша айтқанда, карантиндік тәртіпсіздіктер деген дұрысырақ. Халыққа карантин енгізілген соң, жұрт «жетер артық!» дейді дағы, ас үйдің есігінен көшеге шығып, онсызда балалар ауру таратып жатыр, «біз енді шыдай алмаймыз» деп бас көтере бастайды. Карантин қызыметшілеріне, үкімет шенеуніктеріне шабуыл жасайды, мұның бәрі тарихта болған жағдайлар. Бұ туралы мақаламда да айттым. Сосын, Джордж Флойд көтерілісі Америкада басталмаған.
Өмер Мадра: Сонымен?
ОРХАН ПАМУК: 20 жыл кейінгі Джордж Флойд көтерілісіне тоқталып, эпидемиялық, мейлі карантиндік шектеу болсын қашан да саяси толқу, бас көтерулерге жол ашатынын айттым.
Өмер Марда: Иә. Кітапта хаос пен анархия көріністері де жиі кездеседі. Өздеш бұған сен дейсің?
Өздеш Өзбай: Мен тағы осыған ұқсас жағдайды сұрағым кеп отыр. Кеше бір жаңалық оқыдық, Бүлент Шык Стамбұлға індет жақындап қалғанын, мұның Мәрмәр теңізіндегі «Müsilaj»
мәселесіне байланысты екенін айтты. Бұл өзіміз білетін кәдімгі оба шығар.
Өмер Мадра: Оба ма, әлде холера ма?
Өздеш Өзбай: Дұрыс, Холера сияқты?
ОРХАН ПАМУК: Иә, түсінемін. Оба мен холера 19 ғасырдың ортасынан бастап бауырлас (типтес) аурулар болып саналады.1894 жылы әлемде жаңа оба пандемиясы басталды, бірақ 1830 жылдан 20 ғасырдың басына дейін адамзат жеңе алмаған ең ауыр індет холера болып келді. Колумбия университетінде менің дәрігер достарым бар, олар холераны емдеудің бүгінде өте оңай екенін, бұрынғыдай адам шығының жоқтығын айтты. Менің түсінуімше, ештеңе істемей-ақ су ішіп те айығуға болады, бірақ ол кезде адамдар шыбынның ызыңындай ғана холерадан ажал табатын. Мен романды жазу үшін деректермен айналысып жүргенімде, 1894 жылы оба ауруының алғашқы белгілері Үндістаннан, Азиядан келе бастағанын, адамзаттың індетке деген алғашқы реакциясы холераға қарсы көрініс тапқанын түсіндім, себебі бұл соңы өлімге апаратын, үрейлі індет болған. Жұрт Көкөністен тиылып қауын-қарбыздан бас тартады. Шындығында, қауын-қарбыздың, жасыл желектің обаға еш қатысы жоқ. Енді, сіздің сұрағыңызға орай айта кетейін: бұрынғы індеттер мен қазіргі індеттің арасында, адамның білім деңгейі мен қарым-қатынасында аса айқын, үлкен айырмашылықтар бар. Адамзат жүздеген, мыңдаған жылдар бойы осындай індетпен күресті. Лондон, Милан, әлде Стамбулда нақты санын білмейміз, бәлки 10-15 мың, 20 мың адам ажал құшқан шығар. Қалайда мұндай жағдайлар орын алды, бірақ бүгінгі жұрт біле бермейді. Тіпті оба белгісіз, поэтикалық бірдеңе сияқты көрінеді. Ол кезде бүгінгідей медициналық білім де, жұртта бүгінгідей сауат та жоқ еді. Қазіргі вирус жағдайында, егер микробты жұқтырсаңыз, өлу ықтималдығыңыз 60-70% жақындайды екен. Ал, бұрынғы обада халықтың 1/10 бөлігі ғана ажал тапқан. Демек, бүгінгі коронавирустан төмен. Вирус қоғамға үлкен үйрей тудырды. Өйткені біз әсіресе бастапқы бірінші жылында, әр кеш сайын жүк көлігінің зираттарға мүрде тасығанын көріп жүрдік. Қатты қорықтық. Үрей буғанда, осынау жүк көліктерінің ішінде біз де ертең ессіз кетіп бара жатумыз мүмкін ғой деген ой келді. Сосын аурудың табиғатын білмедік. Оба пайда болған кезде 1894 жылы обаның микробтары белгісіз болды, 50 жыл бойы вакцинасы да табылмады.
Өмер Мадра: Иә.
ОРХАН ПАМУК: Ал қазір 1-ақ жылда вакцина таптық, әрі қолданылуда, пайдасын да көріп жатырмыз. Әрине, әр адам екпе алуы керек. Бірақ үрей бар, әлі күнге қорқамыз, өйткені ауруханалардағы адамдардың оттегі үшін қалай жанталасып жатқанын көріп отырмыз. Алайда ықтималдық, статистикалық тұрғыдан назар аударсақ, баяғы оба жұқпасы сияқты қорқынышты жағдайда емеспіз. Сондықтан да менің кітабымдағы оба көріністері бүгінгі біз бастан өткеріп жатқан коронавирустық көріністерге қарағанда қорқыныштырақ. Бұрынғы жағдай басқа. Теледидар, телефон жоқ. Мысалы, біреу Ыстамбұлға немесе Миланаға барды дейік, ағайын-жұрт бір-бірінен ауыру, бәле қайда деп сұрағыштайды: өлгендер көп, анау-мынау. Қауесет өрбиді, басылады. Не істей алады, өмірін сақтап қалу үшін жанталасады, үйден шықпайды. Бірте-бірте ескі надандық, қорқыныштың романтикасы басталады. (Күледі) Ырым-жырымға иек артқан ескі заман ғой. Мынау дұғаны оқы, мынаны оң қолыңа ал, ұстаздың бергенін ки, обамен ауырған адамды көрсең, сол қолыңды оң қолыңа екі рет апарып, осы дұғаны оқы т.б. Жұлдыздарға қарап бал ашады. Оба туралы осындай қызықты жазбаларға тосын тап болдым. Осыдан 20-25 жыл бұрын «Оба түндерін» жазуды жоспарлап жүріп, «шынымен мұсылмандар фаталист па? неге батыстықтар бізді фаталист деп төмендетеді?» деген ой келді. Мен де бір роман жазайын, оқысын, білсін деп ойладым. Содан 40 жыл бойы ойлап келдім. Бастабында өлім жайындағы роман болса, «Үнсіз үйдегі» Салахаддин бейдің ажал дилеммалары, әйелінің басының ісуі (есіңізде ма, білмедім) Фатма, Фатализм, шығыс-батыс тақырыптары қамтылса дедім. Бірақ бұны да аттап өтіп, жазба ақтарып, кітап оқыдым. Үздіксіз мәлімет топтадым. Тарихтағы жазбаларды оқыған сайын, оба, жұқпалы дерт десе әркім карантинді енгізу, карантинді сақтау немесе Манзони туралы сөз қозғай бергенін байқадым. Манзони Италияның ұлт жазушысы, Италияның Толстойы, Манзонидың "Байланыс" атты кітабының оба кезеңі сипатталатын 30 бетін бүткіл Италиядар оқыған, онсызда мектепте оқылатындықтан жалғасы оқылмайды. Бірі «Манзонидың "Байланыстарын" қатты жақсы көремін», десе тағы бірі «оқымадым, мектепте оқытылатын, бірақ маған ұнамайды», «Алайда кітапта өте тартымды оба көріністері бар», «А, иә 30 бетін оқығаным бар», дейді. Манзони маған індет жағдайында, карантин мәселесіне аса мұқият қарауды үйретті. Ал, Альберт Камю метафизика немесе, саяси-философия тұрғысынан көреді. Дэниел Дефоның «Оба күнделігі» де жақсы, себебі онда біз аңғара бермейтін бір түсініксіздік, жұмбақ бар. Міне осындай сұрақтар сұраңыз, кітап туралы да қуана-қуана әңгіме өрбітер едім.
Өмер Мадра: Иә, мен сізден тағы бірдеңе сұрайын. Жауап берген соң, қалған әңгімені Өздеш екеуіңізге қалдырайын.
ОРХАН ПАМУК: Жарайды.
Өмер Марда: Сонымен, романның соңына қарайғы 462-бетінде карантиндік анархия немесе оба анархиясы деп аталатын маңызды сөздер бар. Мысалы, «Біз 27 күннен кейін жарияланған карантинге және одан да маңыздысы осынау коменданттық сағатқа бағыну тарихымыздағы бетбұрыс деп ойлаймыз», - дейді баяндауышы.
ОРХАН ПАМУК: Иә, енді қараңыз, біз өз дилеммамызды осы жерден түсіне аламыз. Бүгінде біздегі елді басқарушылар, бізді ғана емес Еуропадан тыс кедей елдерді басқаратындар осы дилеммаға тап болды, әсіресе ол туризмі дамыған, ашық ел болса, халықты қысымға алып, қорқытып көрсін, карантин ережелерін сақтай ма екен! Бір жағынан, олар мұны істеуге міндетті, үкімет пен халық карантинді күшпен жеңе алмайды, олар өз еркімен тартылуы керек. Бір жағынан, Ақша да маңызды! «Осынша адам өліп жатыр деп айтпай-ақ қоялық, туристер келеді! Осындай екі жақты қайшылықты біржаққа жыға тартып, «біз кінәлі емеспіз, халық кінәлі» деуге тырысу – баяғыдан билік біткеннің әдеті. Мен өз көзіммен көрдім, осындай маскалы жазбалар күн сайын газетке де шығып жатты. Бір жағынан қорқасың шынымен, жас ұлғайғандықтан неге қорықпайсыз? Көшеде көріп жүрмдім, әсіресе қаңтар, ақпан айларында дәмханалардың төрінде отырып алып, сүйісіп жатқандарды.
Өмер Мадра: Өздеш сен не дейсің?
Өздеш Өзбай: Мен романды оқып жатқанда, анау аралға қызғып отырдым. Яғни аралдың табиғаты, аралдағы тіршілік т.с.с Көптеген тарихи деректерге барынша қызғып, назар аудардым. Бір жағынан құрлық болса, қалай болар еді дедім, бірақ көз алдымдағы оқып отырғаным бір арал, қиял аралы еді...
ОРХАН ПАМУК: Жақсы, түсіндіре кетейін онда. Аралдар, арал табиғатының әдебиетте, әсіресе роман өнерін дамуында өзіндік маңызы бар. Біз барлық романдардың атасы бастау нүктесі деп атайтын Дэниел Дефоның Робинзон Крузосы – белгісіз аралға барып, сонда жалғыз жасап, кейін өзіне көмекші табатын адамның бастан кешкен оқиғасы. Оқиға ойдан шығарылған, аралды да елестету арқылы қиялдан жасаған. Неге? Себебі аралға адам есебінде, адамдық қасиетіңді арқалап барасың, бірақ қоғамнан, мәдениеттен алшақтап, оқшау қаласың. Арал – оқшаулану хикаясын тудырды. Мысалы, сенаторийдегі адамдар сырттан басқа ешкімді көрмейді, оқшауланды. Романымдағыдай карантинге жабылды деп түсніелік. Оқшаулану туралы әңгімелер сіздің меңзеп отырған аллегориялар жасауға да қолайлы. Аңғарсаңыз, Дэниел Дефомен бір жылдары өмір сүрген Джонатан Свит балалар әлеміне белгілі «Гюливердің саяхаты» романын жазды. Ол аралға барып, мүлде басқа әлемді, бейтаныс дүниелерді көреді. Томас Мордың Утопиясында жағдай аралда, қиял аралында өтеді, жаңа әлемдер туралы түсініктер өрбіп, қазіргі әлемнен тыс өз болмысымызға басқаша, парықты көзбен зер салуға мүмкіндік береді. Әрі мұнда бұрын тасада қалып келген адамдық қалпымызды жақсырақ, тереңірек түсіндіре аламыз. Тағы да «Робинзон Крузоны» алайық – бұл қиял аралындағы екі адамның қарым-қатынасымен тұтас адам рухының тарихын баяндайтын роман. Демек, біз ойдан шығарылған кейіпкерлерді аралға қою арқылы оқырманды ойландыратын аллегорияларды, тұспалдарды, әзілдерді, симметрияларды кеңінен пайдаланып, адам баласының бейтаныс әлемін аша білеміз.
Өмер Мадра: Менің ойымша, ең маңызды нәрсенің бірі, тіпті бүгінгі күннің де ең өзекті тақырыптарының бірі – өзім оқу барысында аномия деп атаған Эмиль Дюркгеймнің әсіре заңсыздық ұғымы (басқарушылардың қабілетсіздігінен туған әлеуметтік топтың белгілі бір бөлігіне тіс батырған зорлығы) болды.
ОРХАН ПАМУК: : Иә. Шынымен де дәл қазір үкімет пен саясатта осындай жағдай орын алуда, мен мұны уақыттық қана жағдаят деп үміттенемін. Иләйім солай болғай! Бірақ роман жазып жатқанымда, Түркияның 40 жыл бұрын, не 5 жыл бұрын осылай болатынын мүлде ойламаған едім. Сізге түсіндіре алдым ба?
Өмер Мадра: Жақсы.
ОРХАН ПАМУК: Нашар ұйымдастырушылықтың кесірінен індеттің ортасында қалғандай, не болып жатқанын аңғармай қалдық. Ауыру саны10 мыңға жеткенде анархия, мемлекетке сенімсіздік белең алып, шенеуніктер індеттен қорқып жұмысқа келмей қоюы мүмкін. Губернияға барса, ұсталады, сылтау тауып, бармайды, ауылына қашады. Соңында мемлекетті, сарбаздарды, жинап, ұстай алмай қалатын жағдайлар болған. Қазіргі кезде Әлемде, Түркияда да мұндай жағдай атымен жоқ, бірақ үлкен оба індетінде, біз тіпті елестете де алмайтындай анархия, тәртіпсіздіктер орын алған. Мен бұл романды ішінара осы нәрселерді айту үшін және ішінара қиял күшімен романтикалау үшін жаздым. Әрине, коронавирустық індет кенет басталғанда, менің баянымнан ешқандай романтика көрінбейді. Кітабымда готикалық роман стилі бар, қорқынышты оқиғалар бар, бірақ ол да уақыт тұрғысынан алыс болғандықтан, ертегідей көрінеді. Осылай аңызбен басталған романым қызғылт тасты Мингер аралын суреттеуге ұласады. Романды жазып жатқанда кенет журналистикамен айналысып жүргендей болдым. Түркияда карантин кезінде қажылықтан қайтқан зияратшыларды алып келетін жері бар, қысқасы романды тура 100 жыл бұрын жазғандай сезіндім...
Өмер Мадра: Дәл айттыңыз.
ОРХАН ПАМУК: Қажылар кемеден түсірген бір алаңқайда бүлік шығарып жатқан. Осыдан тура 110 жыл бұрын романдағыдай, ұқсас жағдай болыпты. Мен де бірден романға осылай енгіздім.
Өмер Мадра: Сонымен уақытымыз да таяп қапты. Орхан мырза, соңғы айтарыңыз?
ОРХАН ПАМУК: Иә, бұл менің «ашық радиоға» бірінші рет шығуым! Балалық шағымда радио тыңдау аса маңызды еді, себебі біз радиодан (отбасы, нағашыларыммен бірге) балалар театрын тыңдайтынбыз. Сол жерде естен кетпестей бірдеңені ести қалсақ, бір-біріміздің көзімізге қарап, кейде көзімізді жұматын әрекеттер жасаушы едік. Неліктен көзімізді жұмамыз? Өйткені радионы немесе әдеби шығармаларды тыңдасақ, естігенімізді, болмаса радионың айтқанын санамыздағы бір механизм әп-сәтте суретке, киноға айналдыратын. Радио тыңдап отырып, арғы жақтағы радиотеатрда театр ойнап жүрген адамдардың дауыстарын естігенімде аралда бейне бір шұңқырдан шығып келе жатқандай елестететінмін. Былайша айтқанда, романизм де солай, көргеніңізді сөзбен жеткізесіз, сөзде шек жоқ, оны цифрлық әлемнен білесіз. Аргентиналық біреу менің жазғандарымды өз тіліне аударып, дауыстап оқыды делік, оқыған сәтте өзіне және айналасына жан кіргізіп, өзгеше әсер береді. Демек, радио тыңдау мен роман оқудың ұқсастығы бар, Өмер мырза.
Өмер Мадра: Иә, мен де солай түсінемін. Келіп, сұхбаттасқанымыз үшін қуаныштымыз.
ОРХАН ПАМУК: Маған да уақыт бөлгендеріңіз үшін көп рахмет.
Өздеш Өзбай: Сізге көп рахмет.
ОРХАН ПАМУ: Сізге де көп рахмет, ұжымға, ашық радионың жұмысына сәттілік тілеймін!
Өздеш Өзбай: Тағды да жақсы күнде жүздесейік!
Аударған: Естемес Шакіржан