Көктем қайтып келер болса... Көктем қайтып келер болса... Терер едім гүлдерді, &...
Өтен Ахмет. Арылу (Әңгіме)
Жанболаттың Арқа төсіндегі өндірісті үлкен қалаға келгеніне бір жетідей өтсе де, өзі ойлағандай арнайы шыққан шаруасы тез арада біте қоймады. Оның есесіне, қалтасындағы тиын-тебені таусылуға айналған соң, амалсыздан әйеліне телефон шалып, ақша салуын өтінген.
Кеше, түс әлетінде поштаға келсе, әшейінде сыра ішуге бірер сомды зорға қиятын бар болғыр, бұл жолы кәдімгідей кең мырзалық жасапты. Қайтсін енді, сыртта жүріп жаутаңкөз болмасын дегені де. Жанболат әйеліне іштей разы болып, жас балаша қуанды. Көкала, қызылала қағаздың бірнешеуін шалбарының терең қалтасына баппен салып, сыртынан алақанымен бір сипап қойды. Ақшаның шытыр еткен дыбысы жанына ән болып тиіп, көңілі таси түсті. Шығар есікке қарай тоқ көңіл бай адамша маңғазданып, ақырын аяңдаған. Дәл осы сәт ту сыртынан біреу мұның атын атап дауыстағандай болғаны. Оқыс кідіріп, артына жалт қарап еді, өзіне қарай ұмтылған түлкі жағалы аққұба өңді келіншекті байқады. Мұның бұрылғанын көрген ол жүріп келе жатып қолын бұлғап-бұлғап қойды. Жанболат оны бірден таныды.
-Апырмау, мынау Арман ғой,- деп таңданды Жанболат.
-Тап соның өзі,- деп келіншек жайраңдай күліп, сүйкене келіп тоқтады.
Жанболат ә дегенде келіншекті құшақтай алғысы келген. Бірақ пошта ішіндегі сұғанақ бөгде көздерден қаймығып, бойын тежеп, бар тапқаны Арманның кең ашылған шуақты жанарына телміре ұзақ қарап қалды.
-Жүдеулеу сияқтысың ғой, Жанболат, үй-ішің аман ба?- деп сұрады алдымен тілге келген Арман.
-Ал сен қатқан қатын болыпсың. – Бұл сөзді дүңк еткізіп қалай қойып қалғанын Жанболаттың өзі де байқамай қалды.
Келіншектің өңіне лып етіп қан теуіп, үлбіреген аққұба жүзі қызарып кетті.
-Туһ, баяғы қыңыр мінезің әлі қалмаған ба, қалай өзгермегенсің?
-Қисық, егер шын түзелгісі келсе, жарық дүниемен қош айтысады.
-Жә, жүре сөйлесейікші.- Арман жақсы әйелге тән сондай бір жарасымды назды қылықпен жанаса беріп, Жанболатты қолтықтай алды.
Неге екені белгісіз, далаға шыға сөзуар болып кетті Жанболат. Алыстағы шет ауылда орталау мектепте мұғалім болып істейтінін, қалаға мектеп үшін көрнекі және техникалық құралдар алуға келгенін, әзірше отбастарында бір ғана баласы барын тегіс қалдырмай айтып шықты тәптіштеп. Тек әйелі жайында ғана ештеңе деп тіс жармады.
-Біз де ел қатарлы тұрмыс құрып жатырмыз,- деді Арман біртүрлі селқос үн қосып.- Біз сендерден біразырақ озған екенбіз, бір ұл, бір қыз екі баламыз бар.
-Ерлеген екенсіңдер.
-Бес жылда екі бала көп пе?
-О, нан тауып бере алсаңдар, шұбырта беріңдер.
Екеуі қосыла күліп мәз болды.
Бұлар ақырын қатар аяңдап, пошта үйі алдындағы аялдамаға жеткенде, Арман осы жерде кідіріп, көлік күтпек ойы барын аңғартты. Ол басын төмен салып, етігінің үшкір ұшымен жер сызып тұрған еді, кенет бір қырындай жылжып келіп, жігіт төсіне маңдайын сүйей қойды. Жанболат келіншектен мұндай өзімсінген ерке қылық күтпеген еді, қапелімде оны не құшақтарын, не шегініп кетерін білмей сасып қалды. Ол есін жиғанша Арман өкшсімен шыр айналып, бір қадам шегініп тұрды. Келіншектің ыстық демі шалған Жанболаттың екі беті дуылдай ысып жөнелді.
-Қызықсың-әй, мұнда қайдан жүрсің деп неге сұрамайсың?- деді Арман қулана көзін төңкеріп.
«Осы сенің көзің-ай, сонша нұрлы болар ма. Бәрінен де сезім қаны лыпып тұратын аққұба ажарлы бетіңе сондай жарасатынын қайтейін».
-Бәсе, қайдан жүрсің?
-Осында кітапханашылардың республикалық семинары өтіп жатыр, соған келгенмін.
-Қайту қашан?
-Ертең кешкі пойызбен.
Жанболат тағы бірдеңелер айтпақшы еді, қас қылғандай тап осы кезде аялдамаға ысылдап-пысылдап автобус келіп тоқтады.
-Семинарға кешігіп қалар түрім бар,- деп Арман көпшілікпен таласа-тармаса автобус есігіне ұмтылды.
-Жұмысың біткен соң, маған кел,- деді Жанболат қозғала берген автобустың артынан айғайлап. - Тапжылмай күтем.
Бүгін қолы бос еді Жанболаттың. Ол ешқайда бұрылмастан тура тартып өзі жатқан қонақ үйіне келді. Бөлмесіне кіріп, ваннаға түсіп жуынды, асықпай таранды. Бірақ бойын билеген әлдебір жұмбақ мазасыздықтан байыз тауып тынши алмады. Көз алдында Арман тұрды да қойды.
Бұл өмірдің қилы-қилы жұмбағы көп болатынын кім білген. Әйтпесе, сонау жер шалғайы Шығыс Қазақстанда тұратын Арманмен бір күні жолығармын-ау деп ешқашан ойлаған жоқ еді. Арада өткен бес жыл бір кездегі студенттік шулы өмірдің әсіре қызыл суреттерін есінен баяғыда шығарған-ды. Енді соның бәрі қайта қопарылып, ойының ойран-ботқасын шығарып жібергендей.
Иә, жасы он тоғызға әлі толық тола қоймаған бозбала шағы еді-ау ол кез. Қазпидің бірінші курсында оқитын. Алматыға іздеп келгені білім болса да, жастықтың бәтуасыз желігін де қимайтын. Жатақхананың шағын бөлмесінде тұратын төрт жігіт кеш түсе қолдарындағы бар тәуірлерін үстеріне жапсырып, әрқайсысы үлкен қаланың әр түкпіріне қарай аттанар еді. Бірі Женпиді қаласа, екіншісінің көңілі Қазгу жаққа тартады. Бәрінің торуылдайтыны қыздар көп жиналатын түнгі сауық кештер. Содан үздік-создық болып ел жата оралады. Келе салып ұйықтап кету қайда, шамды сөндіріп қойып, біріне бірі кезек бермей жарыса-таласа сөйлеп, қандай қызбен неше рет билегендерін, қалай танысқандарын, араларында қандай сөз болғанын айтып тауысқанша, таңды таңға ұрып көздерін ілмейтін.
Осындай бір кезекті жорықтан кейін өз кезегінде сыр ақтарған Жанболат Женпидің кітапханашылар даярлайтын факультетінде оқитын Арман деген қызбен танысқанын баян етті. Қыздың Шығыс Қазақстаннан екенін, екеуінің кездесіп тұрмаққа сөз байласқандарына дейін жасырмады.
Әңгіме кезінде аш бүйірінен қадалып қандала шағып жатқандай Тоқберген өз-өзінен тықыршып мазасызданумен болған. Ертесінде, ояна салысымен, ол Жанболатты басқа бөлмелестерінен оңашалап далаға алып шығып:
-Турасын айтшы, сен маған доссың ба? - деп сұрады аяқ астынан тіксініп.
-Әрине,- деді оның бұл мінезін біртүрлі ерсі көрген Жанболат таңданып.- Әлде, күмәнданған жерің бар ма?
-Уһ, көңілім жаңа жайланды ғой. - Жанболат жалма-жан қалтасынан темекі алып тұтатып, түтінін танауынан будақтата шығарып, біраз тұрды.- Сенің түндегі бір сөзіңнен кейін қапаланып қалған едім.
-Ол қандай сөз, есіме түсірші?
-Ой, әлгі... Арман ше, екеуіңнің танысқаныңды айтамын.
-Оу, онда тұрған не бар. Әлде, жаман адам ба еді?
-Жоқ, ә. Қалай десем екен... Арман екеуміз бір ауылданбыз ғой.
-Е, енді түсіндім. Сен оны жақсы көресің?
-Жақсы көргенді айтасың, жүрегімді жұлып беруге бармын мен оған.- Тез айтпаса үлгермей қалатындай Тоқберген зуылдата жөнелді.- Сен өмірлік жар таңдауға әлі жассың. Бөгет болма маған, жарай ма?
Курстасы, осы бір арық қара жігітті, Жанболат шынында аса жақын дос көретін. Мүмкін Тоқберген жасының бұдан аз да болса үлкендігі, байсалды мінезі, алдындағы мақсатына тайсалмай ұмтылатын бірбеткей өжеттігі себеп болған шығар, әйтеуір, Тоқберген дегенде оған деген пейілі бөлек еді. Сол жақсы досы бұған қиыла қолқа салып тұр. Сонша бұлданатындай ештеңе жоқ. Рас, Арманмен бір кеш би биледі. Жатақханасына шығарып салды. Жолығыспаққа уәделесті. Бар болғаны осы. Ал жар таңдау, әйел алу жайында, Тоқберген досы дұрыс айтады, әлі ерте, тіпті ойланған да жоқ.
-Соған бола несіне қиналдың, Тоқберген, - деді Жанболат.- Арман саған қымбат болғанмен, мен үшін кездейсоқ таныса салған көптің бірі ғой. Менен саған жамандық келмейді. Бөгет болмаймын, қайта, бір-біріңді шын сүйсеңдер екеуіңнің қосылып бақытты болуларыңа тілектеспін.
Тоқберген жартылық әкелуге дүкенге жүгірді.
Кейін Жанболат қолына келіп қонып тұрған Махаббат деген бақыт құсынан оңай айрылып, өмірінде үлкен қателік жасағанын түсінді. Бірақ онысын бірбеткей қыңыр мінезіне басып, мойындағысы келмеді. Әрі Тоқбергенмен араларындағы достықтың ала жібін аттап та кете алмады....
Жатқан жерінде аңдаусыз келіп шаян шағып алғандай, Жанболат төсегінен кенет атып тұрды. Үлкен бір жауапты іске бел буған кісіше қара көзі ұшқын шаша жайнап, демін терең алып, ентіге тыныстады. «Бұл да болса Құдайдың бір басыма жазғаны шығар, тәуекел», деп күбірледі.
х х х
-Пай-пой, ханның қызын күткендей дайындалыпсың ғой тегі. – Табалдырықтан аттай берген Арман көзі алдымен бөлме ортасындағы жасаулы үстелге түскен еді.
-Е, немене, сен хан қызынан кемсің бе? –деп мәз бола күлген Жанболат келіншекті төрге шақырды.
Арман пальтосын шешіп, орындық арқалығына ұқыптап іліп қойды. Сосын босағадағы айна алдына барып, баскиім астында ұйпаланыңқырап қалған шашын реттеп жөндей бастады. «Қалай керемет боп өзгерген», деді іштей одан көз алмай тұрған Жанболат. Бұрын орта бойлы, талдырмаш қана бұраңбел қыз еді. Ал қазір ептеп толысып, бар мүшесі айқындала түсіпті. Өрнекті шұлық киген балтыры қандай оқтаудай түзу. Қос анары да төңкеріп қойған үлкен кеселердей болып, жапырылмай тік тұр». Бұдан артық тамашалауға шыдамы таусылған Жанболат:
-Кел, тамаққа отыр, бой қыздырып әлденіп алайық,- деді Арманды асықтырып.
Арман ішімдіктен тартынған жоқ. Тілді ойған ащы арақтан Жанболаттан қалыспай алып қойып отыр. Ішіне арақ барған сайын екі беті балбырай қызарып тіпті сұлулана түсті. Сол қолының алақанымен жағын таянып, жігіт әңгімесіне ықыласпен құлақ қойып, арасында мақұлдап бас шұлғып қояды.
-Студенттік шақ адам өмірінің ең бір жарқын белесті шағы ғой. Арада қанша уақыт өтсе де, ұмыта да алмайды екенсің. Әсіресе, сол ортадан біреуді қатты жақсы көріп, бірақ оған қолың жетпей біржола айрылып қалсаң...
-Қолың неге жетпеді?- деді Арман осы жерде араға сөз қыстырып.- Мүмкін ол сені сүймеген болар... Осыны айтып ол Жанболаттың көзіне көзін тіктеп әрі сынай әрі наздана қарады. Арманның тек бір өзіне ғана жарасатын осы бір ерекше назды көзқарас Жанболаттың онсыз да еліріп алған көңіл құртын одан әрмен қоздырып жіберді.
-Арман, сен қатқан қатын болыпсың, - деді батылдана түсіп.
-Сен бұл сөзді маған мана алғаш кездескенде айтқансың.
-Жоқ, шыным.
-Немене, қатқан қатын болғаным жаман ба?
-Мен сені қызғанамын.
-Қызғанамын?.. Кімнен, не үшін?
-Мен сенің әдемілігіңді, Тоқбергенге әйел болғаныңды, мен жоқ жерде жер басып жүргеніңді – маған бұйырмаған бүкіл болмысыңды қызғанамын. - Жанболат жақын келіп, оттай жанған алақандарымен Арманның екі бетінен қыса ұстады да, көзіне көзін тік қадады. – Егер қазір сол күндер қайта оралып келсе, Тоқбергеннің қажет болса бет-аузынан қан жоса жасар едім, не соның қолында өлер едім, бірақ сені оған бермес едім.
-Өткен қайтып оралмайды, Жан...
-Ал сен оралдың. Оралдың да бозбала кезімде кешпеген, бірақ аңсап күткен сезім дариясына шомдырдың. Мен білдім, бұл дүниеде әйелмен жолғасу бар, махаббатпен жолғасу бар – екеуі екі түрлі сырлы дүние дер едім. Алла соның алғашқысымен қуартпай, соңғысының да кәусарлы ләззатынан татқызса - өмірімнің қалған уақытында арманым жоқ. – Ол Арманның биік төсінен, еріндерінің әдемі иілген құйылмасынан, жұмыр да шымыр мойнынан есі кете елітіп аймалай бастады.
Арман күш сала бұлқынып, Жанболаттың қарулы құшағынан әрең босанды.
-Туһ, өзің қандай шыдамсыз едің.
Бұл сөзді өзінше ұққан Жанболат тыныштала қалды.
-Мен тез сыртқа шығып келейін, - деді Арман орнынан көтеріле беріп.
Арманды туалет жаққа кетті деп ойлаған Жанболат асығып жүріп төсек салды. Ұялмасқа жақсы деп шамды да сөндіріп қойды. Сосын жартылай шешініп, өзі төсек шетіне қисайды. Біраз жатты, тұрып отырды, бірақ Арман кешіге берді. Жанболат күдіктене бастады. Орындық басынан оның пальтосын іздеп еді, таппады. Өз сезімімен өзі арпалысып жүргенде, Арманның мұны алдап біржола кетіп қалғанын байқамай қалғаны ма... Бойын ыза буған Жанболат бөлме ішінде әрлі-берлі теңселіп жүре бастады.
Біреу еск қақты, кезекші әйел. Жанболаттың атойлап шыға келген қуанышы су сепкендей басылды.
-Сізге записка, - деп кезекші әйел қолына бірнеше бүктелген бір жапырақ қағазды ұстатта да, жөніне кетті. Жанболат қағаздың кімнен екенін іші сезіп біле қойды. Дереу шам жағып, бүктеуін жазып, оқи бастады. «Бұдан артық қасыңда оңаша қалуыма болмады. Ренжіме. Ертеңгі кешкі пойызға билет алғам. Шығарып салуға кел. Арман...»
х х х
Темір жол бекетінің басы әдеттегідей қаптаған жолаушылар, оларды шығарып салушылар, сапырылысып жүрген көп халық. Жанболат солардың ара-арасымен кимелеп, айнала шарқ ұрып іздеп, ақыры Арманды тауып алды. Ол шеткі вагондардың біріне тақау жердегі электр бағанына арқасын сүйеп өз-өзінен мұңайып жападан жалғыз тұр еді.
-Келдің бе?- деді ол жүзіндегі мұңды дереу ысырып тастап, Жанболатқа көзі күлімдей қуана қарап.
-Келдім...
Сүйткенше пойызға отыру басталып кетті де, Арман орнын тауып жайғасқанша да арада біраз уақыт өтіп кетті.
Олар вагоннан сыртқа қайта шыққанда, әлгіндей емес, адам аяғы сиреп, бекет басы саябырсып қалыпты.
-Кетіп барасың ғой, жолың болсын, - деді Жанболат өкпелі баладай ұртын томпайтып. - Маған өмірлік жар болуға жазылған жан едің. Бір мезеттік ыстық құшағыңды да қимадың. Қайтейін, жазмыштың бұйрығы шығар.
-Ей, асыл адам, көтер басыңды! – деді Арман кенет даусы дірілдеп. Жанболат түсіп кеткен кеудесін көтеріп, Арманның бетіне жасқанбай тура қарады.
-Иә, сен мен үшін асыл адамсың, - деді Арман қайталап.- Қазақ қызының жолы нәзік қашаннан. Мүмкін өзімнің тәжірибесіздігімнен де шығар. Ол кезде мен қалыптасқан ұят, әдеп деген ұғымдардан аттап кете алмадым. Бірақ сонда да, егер біле білсең, сені көріп жүру үшін, асыға-аптыға сөйлегеніңді естіп жүру үшін Тоқбергеннің жүретін қызы атанып едім. Жиын-тойларда тек сенімен ғана билеп, тек сенің қасыңда ғана отыратынымды ұмытқан жоқ шығарсың. Шынымды айтсам, ең соңғы сәтке дейін сенің бір ауыз сөзіңді күттім. Өзім ашылуға бойымдағы қазақы ұяң тәрбием ұстап жібермеді.
Есіңде ме, оқу бітіретін жылы Тоқберген екеуміздің үйлену тойымыз болды. Сен күйеу жолдассың, менің оң жағымда отырдың. Бір кезде қызып алған жұрт орысшалатып «горько», «горько» деп айқайға басты. Тоқберген құрақ ұшып бәйек болып жатса да, мен ұялған болып сүйгізбей қойдым. Саған көзім түсіп еді, өңің сұрланып кетіпті. Маған қарап өзіңше жымиған болдың. «Таза ауа» жұтамын деп далаға шығып кеттің.
Артыңнан ере барсам, ағаш шарбақтың қалам ұшынан ұстап ап әрлі-берлі шайқатылып тұр екенсің. Қасыңа келген мені оттай ыстық алақандарыңмен дәл кешегідей екі бетімнен қыса ұстап тұрдың да, ернімнен ұзақ қадалып сүйіп алдың. «Мас болып қалдым, айыпқа бұйырмаңдар, мен кеттім, бақытты бол», дедің де алды-артыңа қарамастан жүре бердің. Мен сол сүйістен тап сол арада тұншығып-ақ қалсам деп едім. Мен сол сәтте етегіңнен ұстап, сен қайда бастасаң, соңыңнан еріп кете беруге дайын едім.- Арман бойындағы буырқанған сезім дауылын тежеп алғысы келгендей ауыр күрсінді де, сөзін қайыра жалғады.- Кеше, пошта ішінде өзіңді алғаш көргенде, қалай қуандым десеңші. Кездесуге шақырдың, тартынбай жетіп бардым. Өткенді еске алып, бір серпіліп қалармыз деп ойладым. Ал сен басқа есеп құрыпсың... Сен мұндай емес едің ғой, Жанболат? Өрлігің, намысың қайда кеткен? Сезіміңді өрлігіңе жеңдіріп бір кезде мені Тоқбергенге қиып ең. Қазір сен әке, мен ана болған шағымызда мұның не?
Саған қосылып отыңда жаға алмағаныма өкінбеймін, сенің бұлай тіршіліктің ұсақ ағымынан шыға алмай қалғанына, жан дүниеңді аласартып алғаныңа өкінемін...
Пойыздың жүруіне белгі соғылды. Арман вагон басқышына аяғын сала беріп, Жанболатпен қол беріп қоштасты да, жоғары көтеріліп кетті.
-Мықты бол, Жан!- деді ол қол бұлғап.
-Сен де мықты бол, Арман!- деді Жанболат қозғала берген пойызбен қатарласа адымдап. Келіншектің екі бетін ыстық жас жуып кеткен еді, бірақ оны артта қалып бара жатқан Жанболат көре алмады.
Пойыз ұзап көрінбей кетсе де, доңғалақтардың болат жолды тынымсыз соққылаған дүбірі көпке дейін сарт-сұрт етіп естіліп тұрды. Бұл дүбір Жанболаттың осы уақытқа дейін мүлгіп келген керенау жан дүниесін еріксіз қозғап, адамда асыл арман, биік мақсат болатынын есіне салғандай еді. Ол кенет бойын тіктеп алды, арқасынан бір ауыр жүк құлағандай бойы біртүрлі жеңілденіп кетті. Оған енді дәл төбесі үстінде дөңгеленген мынау кешкі күңгірт аспан да, қызыл-жасыл от теңізіне оранып жатқан мына алдындағы мазасыз алып қала да ғажайып сырға толы сиқырлы дүниедей болып көрінді.
Жапалақтап қар жауып тұрды...
Өтен Ахмет