Алматыда Фариза Оңғарсынова тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

ӘДЕБИЕТ
2337

Алматы қаласында ҚР халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынованың құрметіне 1981-1996 жылдар аралығында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.  Салтанатты шараға қала әкімшілігі басшылары, жазушылар, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен Атыраудан келген делегация қатысты.  



Қала әкімдігінің тікелей қолдауымен қойылған осынау мемориалды тақтаны бүгінгі ұрпақтың аға буынға көрсеткен құрметі деп түсінген жөн. Қала әкі­мінің орынбасары Арман Қы­рықбаев ашып берген салтанатты рәсімде ақынның отты жырлары оқылып, қаламдас інілерінің жылы естеліктері айтылды. 

Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет:                                                                                   

- Әрбір өркениеттің, әдебиеттің деңгейі оның таланттыларының шыққан шыңымен есептеледі. Әрбір талант – әдебиеттің алтын қазығы! Фариза апайымыз әсіресе осы үйде тұрғанда өткір өлеңдер жазды. Қоғамның, әдебиеттің ар-намысы бола білді. Сонысымен де оқырманның көкейінде қалды. Бұл кісінің есімін ұлықтау ғанибет іс. Жазушылар Одағы ұсыныс жасап, оны қала басшысы Бауыржан Байбектің қолдап, бүгінгі ескерткіш тақтаның ашылып отырғаны әдебиетіміздің де мәртебесі деп есептейміз. Құтты болсын. Фариза апайымыздың есімі өшпейді, өлеңі өрлей береді. Және оған осы бір ескерткіш тақта белгі боп тұратынына сенемін", – деп атап өтті. 

– Бесігін Атыраудың ақ тол­қын­дары тербеген Фариза Оңғар­сынова Алматы­ға келіп өзінің өнер­мен, өлеңмен табысқан, халықтың ғұмыр­баянына кірген жаңа өмірін бастады. Оңғарсынованың атын аңызға айналдырған дастандары, ардақты туындыларының барлығы дерлік ару Алматыда кіндігін кесті. Бұл қала оның бүкіл жастық шағына, абыройын ас­қақтатқан сырлы сәттерге куә. Фариза өлең қыздар поэзиясы немесе ерлер поэзиясы деп бөлінбейтінін, мұнда тек ұлы дарындардың даңғылы болатынын дәлелдеп кеткен жан. Ұр­­паққа мұра болатын бұл игі істі бү­кіл қазақ жырына жасалған құрмет деп есептеймін, – деді мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин.

Айта кету керек, биыл Алматыда қазақ ақыны Фариза Оңғарсынова атына көше берілсе, тамыз айында Ақтөбе қаласында Фариза Оңғарсынова атындағы мектеп ашылған болатын.


madeniportal.kz



Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...