Уақыттың ерекшелігі – өткен мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің бір-бірімен тығыз байланыста екен...
Өтен Ахмет. «Астана жақтың әңгімесі» топтамасынан. Көңіл көкте, тірлік жерде
(Үш кілт туралы шолақ ой)
Құрбан айт күні, ертеңгісін. Компьютерде отырғам.
-Ойбай-ай, өлтірді-ау, - деген жұбайымның оқыс шыққан ащы даусынан селк етіп, терезеге үңілсем, үш жігіт жабылып ортада біреуді аяусыз сабап жатыр. Жалғыздың мұрны бұзылған, ерні жырылған. Жарақаттарынан қан саулап жүр.
Тез жиналып сыртқа атып шықтым. Сол екіортада бұзықтар жылыстап үлгеріпті. Таяқ жеген жігіттің үйді айнала берген жон арқасын ғана көріп қалдым. Бұлар не себепті төбелесті, кім кінәлі, қайдан білейін. Бар білгенім - бәрі түгел қазақ еді.
Көңілім құлазып есік алдындағы ұзынша орындыққа отыра кеттім. Қайдан тап бола қалғанын, қасыма үстінде қоңыр түсті көнетоз спорт кәстөм, дене бітімі келісті, орта бойлы, қара көзін бір ауыр мұң торлаған жас қыз келіп тұр. Маған бірдеңе дейтіндей. Ойым әлгіндегі бұзықтар салған әлектің төңірегінде болатын, не айтқанын естімедім. Бірақ мөлиген түрінен, жылаңқы үнінен емеурінін сеземін.
-Бірдеңе сұрадың ба?
-Иә.
Қай жынымның ұстағанын:
-Дәметпе, - деп бірден кесіп тастадым.
Жас қыз жасыған көңілмен үн-түнсіз бұрылды да жүре берді. Кетіп-ақ қалғандай еді. Енді бір қарасам, кеткен жағынан қайта оралып, қасымнан ақырын жылыстап өтіп барады. Кісі аяғыштығым ұстап, ішім біртүрлі езіліп кеткендей болды.
-Тоқта! – дедім қатқылдау үн қатып. - Сен жаңа менен ақша сұрадың ба?
-Иә. Қарным ашты.
-Қайда тұрасың?
-«Артем» жақта.
-Оқисың ба?
-Жоқ.
-Жұмыс істейсің бе?
-Жоқ. Қарным қатты ашып тұр.
Шолақ шалбарым қалтасынан 500 теңге шыға келгені. Іштей қуансам да, сыр бермеуге тырысып:
-Жұмыс істе. Іздесең табылады, жұмыс көп қой, -дедім, бергенімді бұлдамайын деген оймен жұмсара сөйлеп.
Балауса қыз ақшаны алып жатып, кемсең ете қалған. Жылағысы келгенін әрең деп тежегенін байқадым. Рахмет айтқан жоқ. Көз жасын көрсеткісі келмегендей шұғыл бұрылды да, өз жөніне кете барды...
Жұбайым базарға жұмсады. Автобусқа отырғаным сол еді, көпшілікпен қабаттаса кірген бір орыс кемпір қол жайып, шіркеу сөздерін айтып, сарнай жөнелді. Мұндайға қазір көпшіліктің бұрынғыдай бауыры езіле қоймайды. Дегенмен кемпірдің алақанына тиын теңге қыстырған бір-екі адам табылды.
Әлемге әйгілі, аса мақтаулы Нұр-Сұлтанда қазір мұндай бейшаралықтың әртүрлі нұсқалары жиілеп тұр.
Бұл көрініс манағы қарным ашты деген жас қызды еріксіз есіме түсірді. Байғұс баланың өзіне кінә арта салсам да болар ма еді: жалқау, жатып ішер екенсің, әке-шешең өзіңе не үйреткен, жап-жас басыңмен қайыр сұрағаның не, дегендей... Алаяқ екенсің десем ше? Жо-жоқ... Аллам-ау, мен оның қай сырын білем? Түгін де. Бар білгенім – жаңа бойжетіп келе жатқан қазақ қызы екені. Жүдеу. Бірақ тұлға бітімі сондай сүйкімді-ақ өзінің. Тұрмысы түзелсе, жауһардай боп жарқырап-ақ кеткелі тұр. «Қарным ашты» дейді...
Жұбайымның тапсырмасын орындап, үйге оралған бетте, неге екенін өзім де түсінбей, күнделігімді ақтара бастадым. Іздегенім тез табылды. Таптым да «бәсе» деп өз-өзімнен ақырын бір күрсініп қойдым. Ол тапқаным мынау еді:
«Қазақтың даңғойлығы мен мақтаншақтығы қай деңгейдегі азаматтың да бойында мен мұндалап айқайлап тұрады. «Қарың көтере алмайтын қылышты беліңе байлама», деген аталы сөзді ешкімнің де ескергісі жоқ.
Қазақ де, мейлің, қазақстандық де, 80 пайыздан астамы қарызға – галошқа отырды. Теңге қас-қағым сәтте 25 пайызға құнсызданды.
Дүние жүзінің алпауыттары дағдарыстан шығу жолын қарастырып жатыр. Әрине, олар қиындықтан шығады. Өйткені олар үшін бұл үйреншікті құбылыс, бірінші рет емес қой. Ал біздегідер әлемге ақыл айтуға кірісіп кетті. Яғни әлемнің ортақ валютасы доллар деген бәледен құтылудың тура жолын көрсетпек. Былтыр ғана әрбір қазақстандықта үш кілт блуы тиіс деген ұранмен марқайғанбыз: үйінің, машинасының, фирма кеңсесінің. Оған енді төртінші кілт болып – барша әлемді қаржы қиыншылығынан құтқаратын ортақ жаңа валюта қосылмақшы. Сөйтіп, әне-міне дегенше орындалып қалар арманымыздың саны төртеу болды.
Келесі бір үлкен арман қалай да космосқа шығу. Құны 100 миллион долларлық біріншіміз ғарыш қойнауына лағып кетті.
Бізге осындай шаш та төктік бос мақтан керек пе? Неге алдымен миллиондаған жүдеу қазақтың тұрмысын түзеп алмаймыз. Жастарға сапалы білім беріп, іскерлікке баулымаймыз. Қазақты ұлт болуға тәрбиелеп, қаракетшіл, жасампаздық пейіл қалыптастыруға күш салмаймыз.
Бір ғана мысал. Облыстық Мәдениет басқармасында іс жөнін білетін бір де бір маман жоқ.
Кешегі беті жылтыраған хатшы қызды бүгін әкеп басқарма бастығының орынбасары етіп қоя салады. Не үшін? Тәттісі үшін бе?..
Сот органындағы екі бет қағаздан 80 қате жіберетін сауатсыздыққа бұдан кейін таңдануға бола ма?
Әуелі өз үйіміздегі қордаланған көп шаруаны реттей алмай жүріп, алпауыт елдердің қолынан келмей жатқан әлемдік күрделі мәселелерді, ертегіде айтылатындай, оп-оңай шешіп тастағымыз келеді. Ол сөзімізді тыңдап жатқан әлем жұрты болса, кәне. «Әлін білмеген – әлек» деген осы ғой...»
Күнделіктен. 07.11.2008 ж.
Талдықорған.
P.S. Қалтасында үш кілті болса, қай қазақ өзін бақытты сезінбес дейсің. Өкінішке қарай, қазір мың емес, миллиондардың халі мәз емес-ау.Талайлар іздесе жұмыс таппайды. Тапса, айлап еткен еңбегіне ақы төлемейді, тегін пайдаланып алып, жұмыстан еріксіз кетуге мәжбүрлейді. Кейінгі өсуден кейін миллиондардың айлық еңбекақысы 42-60 мың теңгеге «шырқады». Қауқары осындай адамның қалтасында үш кілт болуы мүмкін бе? Менде де сол кілттердің біреуі де жоқ. Ханшайым болуға лайықты, бірақ ұятын жинап қойып, «қарным ашты» деп алақан жайып, ақша сұрап жылап жүрген жас қыздың қалтасында жалдамалы үйдің де кілті жоқ білем. Көңіл көкте болғанмен, тірлік жерде екен ғой. Иә, аспандағы кілтпен жердегі үйдің есігін аша алмайсың. Мені қойшы, қалған жерде өйтіп-бүйтіп күн көрермін. Жастарды айтсайшы, менікі солардың қалтасында үш кілт қоңыраудай соқтығысып сыңғырлап жүрсе екен дейтін баяғы қария кісіге тән көңілшектік қой; шетелдерге кетпесе екен, жастық қайраттарын өз елін дамытуға жұмсаса екен дейтін ізгі тілек қана ғой....
Өтен Ахмет