Тұрсынжан Шапай. Жол айырығы

ӘДЕБИЕТ
1294

Әдебиетке соңғы екі он жылдықтың (70, 80) ұласар шегінде келген жас буынның бүгінде өлең сүйер қалың жұртшылыққа танылып, бірді-екілі жинақ беріп үлгерген, поэзия әлеміндегі дара дауыстарын енді-енді еркін естіртіп, өз беталыстарын аңғартып қалған ең бір жемісті, мәйекті тобында Ұ. Есдәулетов, Е. Бағаев, Ғ. Құлахметов, Б. Серікбаев, А. Әлімов есімдері жиі аталады. Осы мақала, жасыратыны жоқ, жаңағы ақындар творчествосының қазіргі деңгейіне көңіл толған, құптаған, марапат сарындағы дүние болып шыға келуі де ғажап емес еді. Олар, адалы керек, бұл ілтипатқа лайық та болатын. Алайда, көзіміздің алдында үйірілген азды-кем табысқа алданбай (оны ешкім тартып ала қоймас), поэзияның биік мұрат-мүдделері тұрғысынан қарағанда кейбір көңіл алаңдататын жайлардың да бар екенін көрер едік.

Жастар поэзиясын дәл бүгінгі күйінде, шола қарағанның өзінде шүкіршілік етер сипаттар аз емес. Әйткенмен, творчествода да медальдың екі бетіндей шектес жататын кереғар құбылыстар кездеседі ғой. Жастар творчествосындағы жетістік пен кемшіліктің кейде іргесі ажырамас тұтастығын, бір есептен, осыған теліген де дұрыс болар.

Алдымен, жас ақындардың (аты аталғандардан басқа да) қызыға көз тігер өмір, болмыс құбылыстарының аумағын шамалап көрейік: Отан, туған жер, ауыл, балалық шақ суреттері, кешегі соғыс жаңғырығы, еңбек дүбірі тағдыр-тіршілік сырлары, көңіл-күй пернелері, махаббат, жастық әуендері... Бейбітшілік, нейтрон бомбасы, Виктор Хара, Дин Рид... «Сырқат» су, жүдеу орман, Отырар, Алматы, Космос...— тарих, бүгін, болашақ...

Көріп отырсыз, аз дүние емес. Осы «тізім» ақындарымыздың қай-қайсысының да тақырып аясының көрсеткіші десек, көп қателеспейміз. Творчествосы асса үш, өйтпесе, бірер жинақ көлемінде көрініс тапқан жастар үшін көптеу емес пе? Дәлірек айтсақ, шашыраңқылау емес пе екен? Әрине, кім нені жырлаймын десе де хақылы. Ток осы жырлар атымен ғана емес, көркемдік деңгейімен де тақырып үдесінен шығып жатса деңіз.

Аталған жас ақындардың кейінгі жинақтары есейген, қалыптасып қалған қолтаңбаны танытты. Заңды құбылыс. Өсу, толысу диалектикасы. Жас ақындар творчествосын тұтас алып қарағанда, бір орында байырқалап қалмаған үздіксіз қозғалысты, дамуды көрер едік. Олардың ақындық көру аясы, ізденіс өрісі кеңи түскенін, жаңа қиырларға, алыс кеңістіктерге самғау мүмкіндіктері ашылғанын сезесіз. Әйтсе де, осы жолда көп нәрсені жоғалтқандары анық. Сезімді жырлардың балғын ажары да қасаң тартқаны көпе-көрнеу тұр. Табу мен жоғалту — ұдайы ізденіс процесіндегі табиғи нәрселер. Тапқан асылдың төлеміне құны соған жуық өзге қымбатыңды қиятын жайлардың творчество үшін де жаттығы болмаса керек. Бірақ, осы кереғар ұғымдардың (табу — жоғалту) арақатынасы, жаңағы айтқан, кемелдену, творчестволық толысуға бастайтын қажетті пропорциядан табылмай жатса ше? Мазалай беретіні де — осы. Жас ақындарымыз қаламды сенімдірек ұстаған сайын шынайы толғанысты жырлардың орнын, кей ретте, машықты жаттығу дәрежесіндегі сұрғылт өлеңдер ығыстырып бара жатқандай. Жарқын, жанды эмоцияның орнына салқын сөз ойнату, өлеңнің ішкі өзегіндегі қуатсыздықты сылап-сипап байқатпай жіберетін жылпос шеберлік келген тәрізі бар (әңгіме, кең мағынасындағы кемел шеберлік туралы емес, әрине). Көп өлеңдерден жаттандылық, инерттілік сезіледі.

Ұ. Есдәулетов қысылып-қымтырылмай, кеуделеп-кимелемей, әдебиет есігін табиғи, еркін келіп ашқанда, қазақ өлеңіне жанашыр үлкен-кіші тегіс өлең еткендей болған. Болашағына үмітті көзбен, зор сеніммен қараған. Сол ықылас, сол пейіл әлі суыған жоқ. Талантты ақынның жинақтан жинаққа өскен (кейде тоқыраған, сүрінген) әр қадамы қызық: ризашылығын, мен «әттеген-айың» итжығыс түсіп жатады...

Ұлықбектің тұңғыш дербес жинағындағы («Жұлдыз жарығы», 1977 ж.) келбет, көркі әр деңгейдегі балаң жырлардың адамды еріксіз баурайтын бір қасиеті бар. Ақынның алаңсыз төгілген ақжарма сыры, ештеңеден тәуелсіз албырт жырлардың еркін құйылған мөлдір ағысы, табиғи, шынайы интонациясы оқырманын риясыз ұйытып, үйіріп әкететін. Ұлықбектің лирикалық кейіпкері үшін, ықылымнан бар осынау кәрі ғаламның өзі таныған әр құбылысы— жаңалық. Ол — әлемнің барша әуезі мен әріне сезімтал жүрегінің тыныс-дірілімен айқара ашылған балауса жас. Оның жанарында сәулеленген өзіне әбден таныс, күнделікті, үйреншікті әлем құбылып, ажарланып кетер еді... Бір қызығы, сол жырларды оқып отырып шеберлік, машық деген ұғымдар ойына да келмейді. Осы өлеңдер кәдімгі ұйқас, ырғағы бар, белгілі жүйеге бағындырылған, өлең құраудың түрлі-түрлі заңдылықтары бас қосқан қапысыз жарасымның көрінісі екені, әйтеуір, байқалмайды. Өлең емес, ақын жанының ең тұнық қайнарынан үзілген тамшылардай.

Сөйте тұра, әлбетте, тәжірибесіз балаң қолдың әр тұста-ақ қапы сілтеген жайларын да жазбай танисыз. Бірақ, ақын сезімі — шынайы, жыр рухы — тұтас. Сірә, ақын үшін творчестволық ғұмырының өн бойында жоғалтуға, жүдетуге болмайтыны — сол шынайылық, сезім мөлдірлігі болар.

Кейінгі жинақтарда («Алтайдың алтын тамыры», 1980 ж., «Ұлыстың ұлы күні», 1982 ж.) жақсы өлеңдер мол. Тақырып аясы да кең. Әйтсе де, соларды неше мәрте қайталай, оқып, әлдебір қымбатыңды жоғалтқандай алаңдап, әрі-сәрі күй кешесің. Рас, бұл өлеңдерде, сырттай қарағанда, бәрі бар. Көркем тіл, сурет, бояу — бәрі орнында. Алайда, ақынның бір жыры бойына балдай батса, келесісінен ішін қонылтақсиды. Алғашқы жырлардың алаңсыз сыр ашқан аңқылдақ, адал жаратылысы, шынайы сезімнің тәуелсіз өрнектері әлдеқайда көз жаздырып кеткендей.

Мысалдарға жүгінейік:

Бір сезім болар Адамда

Өмірмен егіз жасалған,

Күз озған сайын жасарған,

Бойдағы барша сезімнің

Атасы осы қашаннан.

Осы бір сезім құрығанда:

Тірлікке келер ұлы апат...

Бұл сезім бойда тұрғанда,

Өмір сүру — рахат!

Бұл жайдақ мәліметтерді «Алтайдың алтын тамыры» жинағындағы «Отанға деген махаббат» деген өлеңнен табасыз. Тұстастарының ішіндегі азаматтық даусы айқын, публицистикалық темпераменті қызғын Ұлықбектің өзінде осындай айтары аз, сұйық өлеңдер жинақтағы әдемі жырлармен талғамсыз араласып жатады. Төмендегі мысал «Еңбеккер адамдар» деген өлеңнен:

Күн сынды қызу күндізгі,

Жүректер бар нұрлы, ізгі:

Өзенді өрге ағызып,

Жағады жерге жұлдызды.

(Қалған шумақтар да осы деңгейде).

Хош. Ал, енді осы жолдарда қандай сонылық бар? Өлеңді түйіндеген «Осынау ұлы құдіретті адам алдында Жер бетіндегі тіршілік түгел қарыздар» деген күмәнды тұжырымнан не жаңалық табамыз? Бәрі – бесенеден белгілі, шағып, алақаныңызға салған жаңғақтай түсінікті, ап-айқын нәрселер. Таяз судай түбіндегісі түгел сайрап жатқан оңай қисындар.

Бұл тектес өлеңдер ішінара, әр жинақта сыңар қолдың саусағымен санарлық шамада болса, сөз басқа. Отты, серпінді жырлардан ішкі нұры көмескі, қасиеті аз өлеңдер де қалыспай, жинақтан жинаққа көшіп, өріп жүрсе, соны көре тура, «осы қалай-ау» деген ойларымызды бөліспесек, жырға жанашырлығымыз қайда?

Ақынның соңғы жинағы, («Ұлыстың ұлы күні») сөз жоқ, оның ақындық өресі мен құлаш-қарымын, қайратты, кең тынысты серпінін танытады. «Жылдамдық», «Тал түс», «Шал. Шабындық», «Түсімде бала болыппын», «Пауль Витгенштейннің роялі», «Ақ тума», «Көңіл сұрау», «Жер мен Адам», «Қазақстан құстары» т. б. өлеңдер — шын шабыттың жемісі. Ұлықбектің күші осындай өрнекті, шырайлы тілмен өрілген, жүрек-жарды сезімі күлбілтесіз еркін, әсем төгілген жырлардан танылады. Ал, оның есейген, бірақ сезімтал жап-жас лирикалық кейіпкері жүзіне әлдебір ақылды, сізге айтар кеңесі, сілтер және, пікір даналығы (көбіне, аксиома түрінде) мол жасамыстың пішінін киіп, ой толғап, үкім кескісі келгенде, әлгі жасандылық омыраулап шыға келеді. Айталық, ақын өзара шектес, ұласпалы жайттар тоғысынан тосын сыр аңғартқысы келеді: әркім өз жоғын — біреулер туыс-бауырын, біреулер — майдандастарын, біреулер — жоғалтқан дүниесін, ал енді біреулер жоғалтқан... ар-ұятын іздейді. («Іздеу саламыз»), Шынында, бір қызық өлеңнің сұлбасы елес бергендей. Бірақ жақсы елеске емексіген көңілдің әсері өлең соңындағы жалаң уағыздап кейін жүдеу тартады. Жоқ, ақынның таза ниетінде, ар-ұятыңды сақта деген мағыналы ескертпесінде еш қайшылық, бұрыстық жоқ. Рас, сондай-ақ жаңалығы да, демек, қызығы да жоқ. Аңғалдау болса да, осы моральды әсерлі, әдемі жеткізуге болар еді-ау деген түйткіл де көңілде тұрады. Бұл жерде кінәның бір ұшы формалық ізденіс төңірегінде жатса керек.

Ағаш егіп,

Егін сеуіп,

Канал қаз,

Қорғалжындай қорық орнат қонар қаз.

Жаңалықтың иесі бол санаулы — аз

Із деген сол

Болса тұран далаң мәз.

Қолдан қолға көшіп, әбден бедері кеткен тозық мыс тиындай осы ысқаяқ, жаттанды ақиқаттарда жаңсақтық бар ма? Жаңалық ше?

Сенімменен танымды атырамын,

Сенімменен кешімді батырамын,

Мен адамзат баласын

Алдауға емес

Бір-біріне сенуге шақырамын!

(«Бірінші апрель», 23-бет).

Дұрыс-ақ. Арлы, саналы азаматтың айтар сөзі ғой дерсіз. Дауымыз жоқ. Бірақ ақынның азаматтығы өзі үшін аса ыңғайлы үкімші позасында тұрып алып, әлдебір қол жетпес биіктен кесік айтып, құрғақ декларация, мораль ұсыну емес қой. Баяғы жылтыр жаттандылық жап-жақсы өрілген көп өлеңнің көркін қашырып тұр. Жинақтағы «Адам қуаты», «Арман», «Абайға», «Ақ тышқандар», «Пендешілік», «Қайыңның сөлі», «Наурыз», «Махаббат дебюті», «Махаббат деген немене?», «Табиғаттың жейдесі» сияқты өлеңдерде, «Біздің Эллада» топтамасында ақынның өз дүниетанымы мен позициясынан гөрі, естіген, оқыған, санада сіңіп қалған қағидалар мен әсерлердің, бөгде ықпал-сарындардың қайта ұрған жаңғырығын естігендей боласыз.

Өзге жас ақындарға ортақ көлеңкелі жайлар Ұлықбектей талантты ақын туындыларының фонында контрасты түрде айқын көрініс тапқан. Сондықтан да кеңірек тоқталдық.

Жаттандылықтың, дағдылы даңғылмен лекіте беретін интерттіліктің ой, образ жүйесіне сіңісті болып кетуі Е. Бағаевтың көп өлеңдерінен байқалады. Жалпы, ақын творчествосындағы кейбір балаңдық, арқауы ширамаған босандық белгілері іш жидырады.

Ерланның ақын ретіндегі бір жақсы қасиеті — азаматтық-саяси лирикаға аса ықыластылығы. Оның соңғы жинағындағы («Жиырма бес», 1982 ж.) «Туған жерім — тынысым», «Азамат үні» бөлімдеріне топтастырылған жырлар соның айғағы. Кітапты жай парақтап көргеннің өзінде, леп белгілі өлеңдердің тым көптігі көңіл аударады. Әйтсе де, сол леп белгілі өлеңдердің көркемдігі көп реттерде оз пафосын ақтамай жатады. Тағы да баяғы белгілі, жалпылама ойлар, таныс сарындар, желбуаз жасандылық, жайдақ ұран, таяз толғаныстар...

Адалдықтың өр дауысын

Жер жаһанға жаярмын

Әжетіңе жарау үшін

Тас болуға даярмын (?)

О, туған жер!

(«Ұланыңмын22-бет)

Бәрі, бәрі,

жақсылық атаулының

адамдарды-сүюден басталады (46бет).

Тау болсын,

қала болсын, дала болсын,

Шіркін-ай, туған жерге не жетеді?!—

деген тәрізді жаттандылық жаңғырықтары,

Көңілдер жайнасын,

Сезімдер ойнасын —

Жүрсін бе адасып

О, муза, қайдасың?

(«Музаны шақыру»)

сияқты көбіктей салмағы жоқ, желкеуек, құрғақ тақпақтар, өкінішке орай аз емес. (Келтірілген мысалдар жоғарыдағы өлеңдердің соңғы, түйінді жолдары екенін ескертеміз).

Сен жақында

Он жетіге толасың.

Сен жақында

Қанатыңды қағасың.

Ал ардақты анашын

Есі кете қуанар (?)

Көрген кезде

Жігіт болған баласын.

Өйткені сен

Ұлы өмірге

Нұр өңірге

Жолдамаңды аласың

Жолдамаңды аласың. (т. с. с... т. с. с...)

Осылай кете береді, кете береді. Поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын осынша қарабайырлықты, мағынасыз жол сындыруды (жол көбейтуді) немен ақтауға болады? Ақтауға келмес, түсіндіруге болады: жадау мазмұн көріксіз форма ада көрінген. Ақынның жаны қиналып тапқан дүниесі емес, еңіске жүгіргеннің шалғайы жалпылдап, өз екпінімен еріксіз дедек қаққаны сияқты күлдібадам көрініс. Алғашқы жинақтағы кемшілік болса, әңгіме басқа — жас баланын жаңа шыққан тіліндегі өтпелі кінәрат, мүкістей ғана естілер еді.. Ал, енді екі-үш кітаптың авторына, қалай десеңіз де, талап басқаша ғой.

Ерланның тәуір өлеңдері азаматтық өре, адамгершілік тазалық сияқты биік қасиеттерге үндейтін маңызды сипаттарымен ерекшеленеді. Бұл — ақынның дамыта ұштай түсер қырларының бірі. Оған айтылар көп сынның тиянағы — оқырманға ерін ұшы емеурінмен ғана айтылар жалпы жайларды емес, жан-жүйкенің азапты сығындысын ұсыну. Өлең сүйер қауымның күтері — бойкүйез инерттіліктің көк жасық өнімі емес, ақынның жүрегін қолына ұстап айтар имандай сыры.

Оқырманға Байбота өлеңдеріндегі көп қасиет ұнауға, бағалануға тиіс деп ойлаймыз. Кейінгі «Жұлдызым жоғары» (1981 ж.) жинағы — ақынның тәуір табысы. Үлкен әріптермен терілген сөздерге орынды-орынсыз құмарлығы да, ұзын жолдардың өзін бел ортадан қамтитын қарымды ұйқастары да, бұлшық еттері бұлтылдаған сіңірлі шумақтары да — бәрі де ақын туралы көңілде жақсы пікір ұялатады. Өз әуенін іздеудегі талпынысы көрініп тұр. Бірақ ол да кейде ескі сарындарды қуалап кетеді. Кей жырлары ойдың құбылыстың бәріміз-ақ білетін, ап-анық көріп тұрған қырларына ғана жарық төгеді. «Тасбақа туралы хикая» – бір көрмеге әдемі-ақ өлең: әр тармақты соңғы бес буынынан шырмап, тапжылтпай тастаған берік ұйқастар, тастан қашағандай мүсінді, сұлу шумақтар... Әттең....—көне қисын. Өлеңнің басталуы үміттендірсе де, түйіндеуге келгенде, тар соныдан — кең шиырым деп, ат басын ескі жұртқа бұра салады: Байботаның кейіпкері «Мағына қайсы мұнша ұзақ тірлігіңдегі?!» деп, жазықсыз тасбақаға кіжінеді. Тұлпар мен жабы, қыран мен жылан (не құзғын, қарға, тасбақа т. б.) ежелден дарын мен өлермендіктің, ерлік пен ездіктің, жарқ етіп өте шыққан қас қағым қайсар ғұмыр мен мағынасыз ұзақ тірліктің баламасы болып, әдебиет әлемінің неше ұрпағы талғажау еткен классикалық символдар. Белгілі ұғымды қайта жаңғыртып, вариация туындатқаннан ақын ештеңе ұтпаған.

«Жауапсыз қалған сұрақтар» балладасында ақын ақылды сәбидің аузына ақылды сұрақтар салады да («Неліктен оқты адамдар қолданады?», «Айғай-шу неге көбірек болған батыста?» т.. е.. с..)»„ оған өзі жауап бере алмай, қиналған болады. Ниет, бағдар дұрыс, бірақ туынды бастан-аяқ жасанды. Жөнсіз шарттылықтан туған жасандылық.

«Жедел жәрдем келеді», «Боксер» сияқты өлеңдер поэтикалық шығармадан гөрі репортажға көбірек ұқсайды. «Пифагордың қателігін ақтау» да — айтары аз дүние. Ақынның ең жақсы өлеңдерінде оның поэзиясына тән саздылық, сыршылдық, белгілері бірден аңғарылады (мысалы, «Әлемнің кіндігі» циклы). Тек үлкен әріптермен терілген сөздердің контекстегі мағынасы графикалық тұрғыдан бұлайша айқындап, ерекшелеуге татымайтын тұстарда кері әсер тудыратыны, өзіндегі мағына салмағын жеңілдетіп көрсететіні байқалып қалады

Құрбымның мөлдір қарашығынан

Көргенмін алғаш өзімді.

Бізге арнап өзбек қаласы бір ән

салған-ды

шертіп сезімді.

42-бет

Автордың жеке басына қымбат әлдебір естелік-ассоциацияларға ғана нұсқамаса, осындағы үлкен әріпті сөздердің өлеңнің көркемдігінде, оқырманның эстетикалық, қабылдауында атқарар мысқалдай рольі жоқ десек, өлеңді тұтас оқып шыққан кім-кім де бұған сөзсіз келісер еді деп ойлаймыз.

Алдымен бізді алаңдатады,

Шаттығы, мұңы өмірдің.

Қамшының ізі маған батады

Арқасын осса негрдің

57-бет

Поэзия мәдениетінің бүгінгі деңгейінде, әдемі қиыстырылған дәлелсіз салқын хабарламадан гөрі, «арқасына қамшы батқан» (қамшының ізі емес) ақынның шын ашынысы, жан айғайы естілсе керек еді ғой. Бұл жерде ақын әлмисақтан әйгілі, ары, адамшылығы, азаматтығы бар әрбір ақын үшін сызылып қойылған дерлік дайын программа, абстракты позиция тұрғысынан сөйлейді. Бірақ ақынның осы тұрғыдан сөйлеуге хақы барына біз сенуіміз, ақын сендіруі керек емес пе?

Ғабиден Құлахметов өлеңдерінде қазақ әнінің бұрмасы мол нәзік қайырымы, жүрекке ыстық іңкәр әуезі мен уілі бар. Халық әндерінің тұнып тұрған ұлттық құнарын өлеңдеріне қасиет етіп сіңіру талабы, біздіңше, өз тұрғыластарының арасында Ғабиденге тиесілі енші. 

«Көзімнің қарасындағы» көп жырлар тіл кестесі, иірім-сазымен, жан баураған музыкалы табиғатымен осы пікірімізге айғақ болады. («Идиллия», «Қош, балалық», «Сол жаңбыр», «Әлсіз нұр төккен алыс ай», «Қараңғы түнде», «Ән салшы-ей, бір бала» «Айгөлек» т. б.) Кейінгі «Ақ бастау» кітабында жас ақын алғашқы жинағындағы қазақы әуезі тамылжыған сағынышты тұнық сазынан, романтикалық алып-ұшпа әсіре бояулардан сейіле түскендей. Әрине, бұл өзгерісті ақынның бірыңғай «жоғалтқаны», ұтылысы деп емес, творчестволық дамуға тән сапалық жаңғыру деп қабылдағанымыз әділетті болар. «Құралай», «Қыс пен өзен», «Туған қыстауда», «Қазақстан күзі», «Саржайлау», «Туған жерге барғанда», «Жол», «Қарлы жел әйнек қаққанда» т. б. өлеңдерден оның қаламына тән суреттілік, әрлі әуен, бояуы қанық ұлттық нақыштар көз тартады. «Әке туралы баллада», «Көзге көрінбейтін жағалаулар» поэмасы ақынның эпикалық қарымын айғақтап-ақ тұр... Дегенмен, осы соңғы жинақтағы қайсыбір туындыларда шынайы сезім мен машықты жүйрік қаламның салқын өрнектері қарайлас түсіп жатқандай.

Тау менен тау кездеспеген

Ал, адам

Мәңгі-бақи кездесуге жаралған,

Жалғыздықтан ауыр айып болмайды,

Адам болып туғандарға Анадан.

16-бет

Жел қақсын, малшынайын жаңбырыңа

Аязыңмен шынықтыр қолды мына.

Кетпен, мейлі, қалам ба ұстағаным,

Жауап берем, туған жер, тағдырыңа!

(37-бет)

Ұлықбек пен Ерланға айтылған сындарды дәл сол қалпында көшіре салуға осы келтірілген шумақтар сұранып-ақ тұрған сияқты. Өлеңнің өзегінен жырып, оқшау ой түйгісі келгенде, ақын жыры табиғи тартымдылығынан ажырап, жорғасынан жаңылып сала береді. Өз қолтаңбасына жат, тегі «сезікті» ағыстардың бастауы, мазмұн-көрік тұтастығының іріткісі — сол «оқыған-тоқығанның» көкіректе қорытылмаған, көңіл тереңінде емес, тіл ұшында қалған сарқынында жатқандай. Талаптың босаңсыған тұсында, қалам оңтайына жеңіл үйіріле кететін «икемділігі» де сол оңайда тұрғандығында ғой. Бұл жайда, «Жол үстінде» өлеңі Ғабиден туындыларының шырайлы сипаттарынан өзге, біз кемшілік деп білетін тұстарын айқынырақ танытар үлгі... Жол үсті. Поезд купесінде үш адам: автор (әңгімеші), ғалым, сағатшы... Ақынның суретші қаламында қапы жоқ:

Сексеуілдер еңбектеген құм төбе,

Төніп келген доңғалақтан үрке ме?

Белін жазбай бүкірейген қалпында

Қорқынышпен жалт қарайды купеге?

Ал, айтары не? Ғалым жарты ғасыр жолы түспеген өңірде кім бар, кім жоғын білмей күрсінеді. (Ғылым қуып, туған жер, ағайын-жұртын ұмытқан, санасына енді ғана саңылау кірген пұшайман деп біле беріңіз — әдебиетіміздегі, әсіресе прозада иі қанған таптаурын жай). Оның ойын «сағатшының дарақылау күлкісі» бұзады. Сөйтсе «Бір тісі таза алтын екен» (Байлықты мұрат тұтқан, өзінде бармен көзге ұрғыш тоғышар деп таныңыз — жазыла жазыла жауыр болған мелодрама).

Адамдардың тозақ қонған көңілін

Жел боп жұлқы,

Оят, сілкі,

Толғандыр,

...Жау, жау, жаңбыр, жау жаңбыр.

Адамның жан дүниесін, «көңіл тозаңын» тазартар бір күш керек болса — ол міндетті түрде жаңбыр (самал жел, ақша қар, долы дауыл т. б.) болуы тиіс. Мәлім сүрлеу. Оңай шешім. Рас, дәл бұлай іші-сыртын тінткілемей, жай көзбен қарасақ, осы өлеңде алып-жұлып бара жатқан қайшылық та, басқалай кемшілік те жоқ. Дұп-дұрыс өлең. Әйтсе де бүгінгі талғамы биік оқырман бұл тектес «дұрыс» өлеңдерге тұшына қоя ма?

Аманханның майда қоңыр, ұяң үнді, жұмсақ ескен самалдай сыпайы өлеңдерінің де шырқын өз табиғатынан бөлек, кейбір жат сарындар, жаттанды әуендер бұзып тұрған секілді көрінеді.

Мен-дағы күннен нұр құштым,

Сен-дағы күннен нұр құштың.

Арасында жүріп ұлы істің

Өтеуге соны тырмыстым(?)

Мендегі арман тәтті арман.

Сендегі арман тәтті арман

Жүректің сырын ақтарған.

Күн-шуақ жасыл бақтардан,

Жанында ойнап от жалған...

(«Кездесу» жинағынан, 12-бет). 

Енді болмаса, жаңылтпашқа ұқсаңқырап кеткелі тұрған осы шумақтар мазмұн таяздығынан туындап жатса, «Қуат», «Краншы», «Шабуыл», «Жетегінде жүргенде алмас жырдың», «Өмір», «Құрылыста» тәрізді өлеңдер де айтары белгілі, татымы аз дүниелер болып шыққан. Жас ақынның әлі де болса көпшілік қолды арзан ақиқаттар шылауынан, жасанды, шалқыма пафостан арыла алмай жүрген жайы байқалады.

Ақындарымыздың қай-қайсысында да шын қимастық, махаббат сағынышын шерткен мөлдір жырлар ұшырасып қалады. Бірақ (тағы да «бірақ», амал не?!) сүйіспеншілік сырларын толғаған өлеңдердің көбі «ысынып-суынуы» жоқ, «температурасы» қалыпты дүниелер. Жаттанды ұғымдар, сезім салқындығы, жасандылық көзге ұрады. Сол жырлардың сүю әуресін шеккен лирикалық кейіпкерлері сөз жүзінде жылайды, егіледі, мұңданады, сағынады, наз айтады, іздейді, торығады — ал сізге бәрібір, селт етпейсіз, сұп-суық қалпыңызда сезімге жадау жолдарды жүрегіңіз ұқпай, көзіңізбен түгендеп шығасыз да қоясыз. Орыстың данышпан жазушысы айтпақшы: «Ол мені қорқытқысы келеді, ал маған тіпті де қорқынышты емес». Ашығын айтсақ, жас ақындарға әлі ыңғайын таптырмаған тақырып осы.

Махаббат деген немене?

От болса егер сене ме?

Гүл болса егер сола ма?

Дән болса егер өне ме?

Осылайша тақпақтап келіп, Ұлықбек махаббаттан қастерлі сезім турасындағы ойларын:

«Сүйемін» деген бір сөзге

Сыймайтын ұлы сезім бұл!—

(«Махаббат деген немене?»).

деп түйіндейді. Қандай салқын, жеңіл жолдар еді?!

Еритінін біле тұра бір күні

Қарға неге жаздым екен атынды?

(28-бет).

Бұдан бұрып да талай ақынның кейіпкері ғашығының есімін тасқа, құмға жазып жүретін...

«Мен саған келем» дедің,

Есік жаққа көп қарап елеңдедім.

Шуағыңды жаныма себер ме едің,

Өміріме өлең боп енер ме едің? 

Бұл — Ерлан. Келтірілген шумақ артық түсінік қажет етпейді.

Сағына білу — шын бақыт,

Сарғайтсаң бекер... ол — қайғы.

Жүректі алсаң жылатып,

Өкініш орны толмайды.

(«Ақ бастау», 23-бет).

Ғабиденнің осы жинақтағы махаббатқа қатысты бас-аяғы 3-4-ақ өлеңінің өзінде осындай жүдеу, қайталанды жолдар біршама. Аманханның Елік-қызы да лирикалық Ғашық кейіпкердің жан-жүйкені жұлқып өтер, жүректі елжіреткен шын аңсар сөзі мен сырын ілуде бір, сарылып күтіп, өзегі талғанда әрең еститін сияқты.

Қыздар, қыздар,

Қай ақын жыр етпеген,

Өмір құмар, гүл құмар жүрекпенен,

Шағаладай шарқ ұрып сендер жайлы

Жаза алмай-ақ келемін бір отты өлең,—

(«Кездесу», 70-бет).

деп, бұл ретте, ақын шынын айтқан.

Бұл ақындардың Қолтаңбалары бір-біріне қалай ұқсамаса, біз кемшілік деп тапқан жайлары соншалық ортақ. Іздегеніміз сәтті тіркес, ұтымды теңеу, метафора, суретті жолдар болса, онда олжаға шаш-етектен батқанымыз. Әңгіме — бөлшектегі емес, тұтас бітімдегі, сыртқы ажардан гөрі ішкі тереңдегі кінәрат-күмәнды жайлар туралы. Біз мысалға келтірген және сол келедегі өзге өлеңдер — ақындарымыздың өз мүмкіндіктерінен көп төмен жатыр. Жазылғанның бәрі керемет болуға тиіс деген орынсыз талаптан аулақпыз. Бірақ, өлеңге арқау болған жайлардың оқырманға тосын сырдай ашылар, көңілінің көкейкестісін адаспай табар мүмкіндіктері шегіне жеткізе, сарқа пайдаланылмаған реттері бірді-екілі ғана құбылыс емес, байқамауға, көрмеуге болмайтындай дәрежеге жеткені және айқын.

Есею мен ақын ретінде тұлғалану — бір ұғым болмаса керек. Соңғысы ақынның дүниені, болмысты өз көзімен кәріп, өз көкірегінің сәулесінде пайымдайтын биіктен басталатын болар. Ал, жадағай ойлар, жаттанды ұғымдар, жасандылық — біз сөз еткен ақындар үшін сол биікке барар жолдағы ең үлкен кедергілер. Көптеген өлеңдер ұшқыр шабыт пен сұңғыла интуицияның бір жарқ еткен қайталанбас сәттік олжасы да емес, өмір тәжірибесі, дүние сырынан өзегі өртене ұзақ толғап, қиналып тапқан асылы да емес — бойға сіңісті болған бөтен ықпалдар мен ақынның өз талпынысы арасындағы дүбара көрініс. Жаттандылық дегеннен гөрі «ықпалдар өрісі» деген дұрысырақ болар. Оның әсер ету аясы кең: жекелеген сөз, поэтикалық образ, орамдардан тартып өлеңнің бүкіл рухына тарап жатады. Тіпті, ақын өз бедерін жоғалтып, толайым сол ықпалдар уысында қалуы да ғажап емес. Ықпал — творчестволықпен қорытылғанда ғана, ақын талантын ұштап, толыстыра түсер игілікке айналмақ.

Ақындарымыздың әр өлеңінен осынау темір құрсау тегеурін шеңгелді бұзуға талпынған жанкешті қайраты танылып тұрар болса, бәлкім, арнап мақала жазбас та ма едік...

Жас ақындар, көбіне, жырға өзек болған құбылыстардың үйлесімі мен қайшылығынан, ұласпалы, немесе контрасты ұғымдардан сыр түйіп, ой айтуға талпынады. Мұндайда өлеңнің образдық-логикалық құрылымы белгілі схемаға саяды: шумақтан шумаққа жіңішкелеп арқау тартып келіп, түйінді ой соңғы жолдарға сарқылады. Ол ойлар, жоғарыда мысалға келтірілгендей, таптаурын болып шығатын жайлар аз емес. Теннис добындай теп-тегіс бұдырсыз, жеп-жеңіл «домалақ» ойларды қанша қақпақыл ойнатқанмен, одан поэзия туа бермейді ғой. Ақындарымыз өз ой-пікірлерінің қалыпты, елге түсінікті ежелгі арнадан ауытқып кетпеуін қатты қадағалайтын сияқты. Айтылған қисында көзге ұрып атойлап тұрған қайшылық, қиғаштық жоқ болса, қуанатындай. Жұртқа белгілі жалпылама ойларда қателік жоқ. Дау туғызбайды. Демек ой салмайды, сезім қозғамайды. Әйтеуір әдемі сөздер мен әуезді ұйқастардың жайдақ жарасымы болып, құлақ түбінен сусылдап өте шығады.

Көп өлеңдердің кейіпкері ештеңеге күдіктенбейтін, қобалжымайтын, жан дүниесі жайдақ, ой әлемі жұтаң жан. Жүрегіндегі өмірдің нәзік, қиын құбылыстарын безбендейтін толқымалы таразы да үнемі оның өзіне ыңғайлы, түсінікті жағына ауытқиды. Сондықтан алаңсыз кесіп-пішіп үкім айтады. Болмыстың мәңгілік сұрақтары оның жанын көп ауыртпайды. Бұны қалай түсінуге болады? Адамның ар-ұятында, тоғышарлық түсінік-психологиясында сілкініс туғызар өткір өлеңдер неге жоқ? Адамгершілік әлеміндегі жастыққа ғана тән ымырасыз максималистік идеал-ұмтылыстар қайда? Шынында, бұл дүниенің барша құйтырқысымен, жақсылық-жамандығымен қапысыз үйлескен ақын көңілінің гармониясы ма, әлде, болмыстың қалтарыс сырларына әлі де өз жанарымен жете үңіле алмаған поэтикалық ойдың таяздығы ма?

Соңғысы болар. Жас ақындар көңіл эфиріндегі барлық толқын атаулыдан із кескісі, сыр торығысы келеді. Құптарлық құлшыныс. Алайда, бұл шашыраңқылыққа ұрындырмай ма? Көмескі, тыныс бояуы, үн ажары еркін жете бермейтін әуендерге шашылмай, ақындық қуатты өз жүрек антеннасы аймағындағы айқын дыбыстарға бағыттаған жөн болар еді. Бұл — творчестволық бітімдегі тұтастыққа апарар шарттардың бірі болса керек. Қайталап айтып, жоқтай беретін шынайылық та ақынның өз табиғатына жақын жайларды жырлауынан тумай ма? «Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді ғой.

Бүгінгі сүреңсіз өлең тасқынында жаңағы мысалға келтірген нашар туындылардың өзі інжу-маржандай көрінер ме еді, кім білсін. Бірақ бойымызды ергежейлімен салыстырып мәз болғанда не ұтамыз?

Әлі бәрі алда. Жастарымыз алғашқы белестерді асып, еліктеу-солықтау, жаттандылық ауылынан енді-енді ірге үзердей. Өз өрістеріне бастар тараптарды барлап, бейне, жол айырығында тұрғандай. Әдеби сынның міндеті — ақыл айту емес. Сөйтсе де, олардың биікке апарар жолды адаспай тауып, сәтті сапарлар кезеңін бастауына иненің жасуындай себі тиер болса, осы тым-тым жайсыз мақаланың мұратына жеткені.

Кейбір жұмсақ айтып, еппен ескертетін тұстарда қаттырақ (мүмкін, артығырақ) кеткен болармыз. Бірақ талантына қарап, таудай талап қойғаннан еш сөкеттік көрмедік.


1984


author

Тұрсынжан Шапай

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...