Өтен Ахмет. Бітеу (Мөлтек әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
3376

Керекті есіктен ішке бірден кіре алмайтынын қарт жазушы білетін. Жертөлеге түсті. Аядай терезе ойығының аржағындағы қызметкердің қолына төлқұжатын ұстатты. Ол әлдебіреулерге телефон шалды, мұның кездесуге алдын-ала жазылған-жазымағанын тағы бір пысықтап алып, ақыры бір жапырақ рұқсат қағазын жазып берді.

Қарт жазушы жертөледен шығып, тиісті есікті тауып, табалдырықтан аттады да тұрып қалды. Есік аузы бөгет еді. Полицей пормасындағы соқтауылдай жігіт жазушының қолынан рұқсат қағазды алып, өз тарапынан ол да әлдекімге телефон соқты. Ол жақтан тиісті жауабын алып, «Күте тұрыңыз» деді. Күтті. Он минөт өтті. Он бес, әлде жиырма минөт. Әлден уақытта жоғарғы қабаттардың бірінен түскен болар, жас бикеш көрінді. Бикеш бұған жақын келіп амандасқан соң, полицей күзетші бөгеттің темір белдігін төмен түсіріп, жазушыны кең дәлізге қарай өткізген. Оған дейін қалтадағы телефон, кілт, тиын ақша-бәрін сүзіп алып қалды. Бикеш жазушыны лифтіге отырғызып, бастық отырған кабинеттің алдына алып келді. 

Қарт жазушы сырт киімін шешіп, жеңілденіп, тағы да бес минөттей ауыз бөлменің еденін таптаған соң, «кірсін» деген пәрмен келіп, ақыры ішке өтті.

Жазушының жоғарыға хат жазу, лауазымды адамның алдына бару бұрын-соңды әдетінде жоқ болатын. Жасы құрғыр, алда уақыт бар ғой дейтін жайбарақат кезеңдерден асырып жіберді. Оның үстіне, баспагер ескі досының: «Жыламаған балаға емшек қайда» деген, қамсыздықты қой, нең кетеді», деп қадап айтқан сөзі қамшы болды да...

Бастықтың кісі қабылдайтын үстелі мен орындықтары бөлек екен. Екеуі сол жерге барып, қарама-қарсы келіп отырды. Бастық жас, бірақ жүзі үлкен қаланы қақ бөліп тұрған қамалға ұқсас ғимараттың қалың қабырғасындай сұп-сұр. Нағыз сазбет. Жымимайды. Жымимағасын жылуы да жоқ. Қарсы жақтан бұған безірейе қарап қалды. Еріксіз, сөзді алдымен қарт жазушы өзі бастады: «Мені білетін шығарсыз?». «Жоқ, білмеймін». Жүрегіне тура көздеп біз сұғып алғандай болды. Жарайды, мемсыйлық алмаған шығар, шекпеніне тағылған шылдырмақтары жоқ дейік, бірақ жарты ғасырдан астам уақыт бойы қатарынан қалыспай еңбек етіп келеді ғой. Әлі де белсенді, жазғандары жарияланып жатыр, қойылып жатыр. Совет кезінде комсомол, коммунист сыйлығын алған кейбіреулердей бұрынғы ескі-құсқы бірдеңелерін малданып жүрген жоқ. Оны да қойшы. Есігі шалқасынан ашық тұрған, кез келген адам емін-еркін келіп кететін жайдақ жер емес. Бұл жерге кім болмасын сүзгіден, бөгеттерден өтіп, діңкесі құрып әрең деп жетеді ғой. Қазір бәрі ашық, интернетте тұр. Алдына келетін адамның шек қарнына шейін ақтарып біліп алудан оңай нәрсе жоқ. Және жоғарғы кеңселерде қалыптасқан сондай мызғымайтын тәртіп бар. Ал мынау... Осы жасы ішінде талай ортада болып, талай лауазымды адамдармен кездесіп жүріп қарапайым ізгіліктен жұрдай, қызметтік этикадан хабары жоқ безбүйрек, иіс алмас тас наданды өмірінде бірінші рет көруі. Ел маңдайына жазылған шенеуніктер жайында келеңсіз әңгімелердің талайын естіген. Бірақ солардың ішінде де тап мынадай «дарасы» болатыны үш ұйықтаса, түсіне кірмес еді. Қарт жазушы қатты қателескенін, бекер келгенін бірден білді. Алдында отырған шенеуніктің кеудесінде жаны бар демесең, өліге тең құр қуыршақ бітеу екенін бажайлады. Бар айтқаны: «Өкінішті», деді. Әңгімені тез тұйықтап шығып кетті.

Кіргендегі бөгеттерден қайта, кері өтіп, көшеге шыққанда мыс шахтасында кенші болған бозбала жастық шағы есіне түсті. Жеті жүз метр жер астынан жұмысын тындырып, күн құдіреттің нұрына бөленген жер бетіне шыққанда аспан асты, жер беті әдеттегі үйреншікті қалпынан өзгеріп, құлпырып кеткендей боп көрінуші еді. Қазір де бойынан тап сондай бір ерекше күйді сезінді. Алды жап-жарық боп, қызылды-жасылды cан алуан сәулелермен құлпырып тұрды. Аспан көкпеңбек. Бұрылып артына көз тастаған, қаланы қақ жарып тұрған қамал үй ғана жылусыз, әрсіз, баяғыша сұп-сұр әрі суық екен. Мынадай жерде отырған адам қарадан қарап қанын ішіне тартып, жау күткендей түнеріп, жансыз құр қуыршақ БІТЕУ болмағанда қайтеді, деп қарт жазушы кеңкілдеп еріксіз күліп жіберді... 

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...