Ұларбек Дәлейұлы. Мұңға байлап қойды мені дала бұл…

ӘДЕБИЕТ
2447

 ТҮН.  ӨСКЕМЕН.  АЛТАЙДЫ АҢСАУ

Ислам Әбішевке

 Ескіртіп жыл азабы,

Сарғайтып күн аптабы,

Өзіңмен қайран Алтай, қауыштым жылап тағы.

Жорықтар шаңын жұтып, найзасын түтін шалған,

Түркінің тумасы едім сен үшін күшін салған.

Қалдырып күнгей бетін қанша жыл ел аунады,

Ертістің енін бойлап қанша жыл сел аунады?!

Түрусіз түндігімді жұлқыды қанша боран,

Іргеме қонды қанша іңірде шаршаған ән.

Былтырғы кеткен құстар келді әне, жолаушылап,

Соңғы құс мен іздеген мұңлығым сол-ау, сіра…

Есімде:

Сол бейбақтың қадірін білмеген түн,

Есімде:

Осы тауда емендер бүрлеген түн.

Жол қарап жүрген шығар жолсызбен кеткен ерге,

(Желіккен жетесізі айналып кетті өлеңге).

 

Шығысқа апаратын ақырғы жол емес бұл,

Батысқа әкететін сапарлар соңы емес бұл!

Алтайдай жүрегі бар, рухы өр, санасы аман,

Ертісім қалды аманат – Ислам аға, саған!

(Ертістей қаны таза, бекзада аға, саған!..)

 

Іні боп ергендерге жараған ағалыққа,

Сыналған адамдығы өткелсіз сан ағыста.

Шөлдеген адалдыққа, ездіктен запы ғасыр,

Ер едің аты Ислам, жаны – мәрт, Заты – ғасыл.

Өзінің биіктігі өзіне жара салған,

Тауларым тағы аманат – Ислам аға, саған!

 

… Ескіртіп жыл азабы,

Сарғайтып күн аптабы,

Өзіңмен қайран Алтай, қауышам жылап тағы.

Мамырда найзағайдың оғына жараланар,

Жүрмейді шың басында алайда, шағалалар…

Сыймаймын дүниеге,

Сыймаймын аспан, жерге,

Мендегі қалғаны тек – өкініш басқан кеуде.

Осылай өкіндіріп өтеді өмір жазған,

Парқым аз менің сірә, мекенсіз қоңыр қаздан.

Еңсемді езеді мұң, басады қорғасындай,

Ақшамда жауған жаңбыр бейне бір көз жасымдай.

Анасы Алтай үшін өлуді бақ санаған,

Еліктеп ертегі еміп, ой алған әфсанадан.

Сенің өр даңқың үшін, семсерлі сертің үшін,

Неркескен намысың һәм қастерлі көркің үшін,

Хафизді етіп үлгі ақын боп жаралсам да,

Мен сені бермен әсте жиырма Самарқанға.

Ерлікті, есерлікті серт еткен салты күшті,

Іздей ме мынау аспан,

Мекенсіз жалқы құсты?…

 

…Іңірде туған айды тіреу ғып өз басыммен,

Сен үшін жыр жазамын, қайғым һәм көз жасыммен…

 

САҚТАР

 Қан жұққан сапысын асынып,

Жебесін жеті бел асырып.

Айдаһар ысқырған түндерде үрейлі,

Жолбарыс терісін жамылып,

Молалар басында түнейді.

Қабыланға сілтеген найзасын,

Жеті қат жартасқа сіңіріп,

Уа, менің семсермен серттескен ерлерім!

Көрмеген тізесі бүгіліп.

Алты күн, алты түн айқасқан жауының

Ып-ыстық қандарын қымызша сіміріп.

Ауызданып бөрі-Ана сүтімен,

Жер басқан жебеге сүйеніп.

Беріспей сілтескен берендер ұшынан

Мың түрлі ажалдың күйі өніп.

 

Хан тіккен қаһарлы ордаға,

Қолдарын қусырмай кіретін.

Қодасты сұлатқан қамшысын

Қайыра босағаға ілетін.

Ханзада жүзінен төгілген қатулы сұраққа,

Қабанның жалындай

Қайратты мұртымен күлетін.

 

Жарық еткен қылыштар жүзіндегі ақ сәуле

Бесіктен оятып,

Аптаған сәбилер жүрегін.

О, менің киелім!

Сен онда кім едің?!

Арқалап сол күннің рухын, тілегін,

Қайғысын, азабын, түнегін,

Көтеріп жүретін сан ғұмыр

Жалында тұлпардың, қомында түйенің.

…Бүгінгі көртышқан ас етті-ау,

Сондағы оғландар сүйегін.

О, менің киелім!

Сен басқан әр тасты етпеттеп сүйемін!!

… … …

Ал, бүгін қасиетің ұрғырлар

Молаңды құлқынға сатса да,

Аналар көз жасы көл болып ақса да,

Өткенін ұмытып, тегіне тас атса да,

Теңгеге тапталып намысы,

Арына ит сиіп жатса да…

… … …

Көзіне қып-қызыл қан ұйып,

Сақалы кемсеңдеп

Сендерді еске алар жаралы тарих!!

 


 ЕЛЕГІЗУ

 Сере сере, сере қар,

Сені күттім селкілдеп,

Күз бораны іргемді көтереді кеңкілдеп.

………………………………

Сеңгіл тұман ішінде боз шудасы желкілдеп,

Боз жауында сонау-у-у жыл қалып қойған көшімнен.

Бозадырда жоғалған інген кірді түсіме,

Бір емшегі тесілген,

Тілерсегі кесілген…

Мынау мәңгүрт, меңіреу дүниені қарқ қып,

Бөз бұйдасын жұлқылап боздады-ау бір жарықтық!

Қарашада қар жауар, қармен бірге зар жауар,

Уа, Шығыс аспанын шулатпаңдар, қарғалар!

Көзім жасын көп ішкен мұңаясың жер неге,

Көшпенділер жебесі бата ма әлі кеудеңе?

Мына әлемге һәм адал ниетімдей бір ізгі,

Серіліктаудың басынан сыңсып жетті сыбызғы.

Бүгін саған дүние, белгісіздеу дерегім,

Алтай қолда тұрғанда Мен Мен едім, Мен едім.

«Басы сайран, түбі ойран» – дүние жолы кіл аңғар,

Тобылғы түбін босатып, неге ауады жыландар,

Толарсақтан тер қатып, неге ауады бұландар?

Мынау жансыз мезгілге сұрап тұрмын жан сауға,

Ат шалдырып қайтайын атам құны бар тауға.

Селдер жүрген бұлаққа жасым сығып қайтармын,

Бұлақ басы суалса басым сығып қайтармын.

Қарашада жауған қар тас бетінде ериді,

Тасқа туса тарлан боз табан күші кемиді…

 

Ақ тұмсығын күн шалған Аспан текті шайырдан,

Оңқай соққан құба жел!

О, құштарын айырман!

«Ақын симас табытқа» теріс біткен өлеңмен,

Түннің зілдей мүрдесін көтеріп ап келем мен…

 

 

ҚАРАША АЙЫ КЕЛГЕНДЕ

Баһадүрлер сияқты майданда сап түзеген,

Иіліп тұр сені еске ап,

Мың самырсын, жүз емен.

Дала мұңды болғанмен, қала таңы қарбалас,

(Жауған жаңбыр шайырдың сағынышын аңдамас).

Жан азабын кімдердің жырға қосып келем мен,

Көз жасымен аялап бұлт қарайды төбемнен.

Мен іздейтін дерегін,

Сен, сен едің, сен едің,

Қара жердің қайғысын бір көтеріп келемін.

Түн де қара бұл жақта, жол да қара, бұлт қара,

Мен айтатын ескі әнді алайда, сен құптама.

Жүрегімнің жыртығын сенен басқа кім жамар,

Сенбеймін мен құстарға, кетеді алдап тырналар…

Һәм жаралы, һәм мұңлы,

Елесімен барады айлар кесіп алдымды.

Шайырлар көп айтатын күтер мені нұрлы күн,

Сағынышың боп оралам,

Ораламын, құлдығым!

Қараша айы келгенде қасымда бол, қамқорым,

Қарауытқан таулардың басында бол, қамқорым!

Жел сүйреген құмдардың ішінде бол, қамқорым,

Мен сүйреген мұңдардың түсінде бол, қамқорым.

Ақшам келсе желпініп көп ұшады сауысқан,

Ол әкелген хаттарды оқып-оқып тауысқам…

……………

Баһадүрлер сияқты майданда сап түзеген,

Иіліп тұр сені еске ап,

Мың самырсын, жүз емен.

Қараша айы болғанда, қара жаңбыр жауғанда,

Сен сияқты күтетін құлазыған орман да.

 

…Күз жауыны онсызда қасіретімді молайтар,

Мен жайлы ізгі хабарды іңір барып сол айтар…

 КҮТУ

 

Сарғайған жолдар бойымен,

Шалғайға сапар шекті қыс.

Алысып өз-өз ойымен,

Сарыарқаға да жетті құс.

 

Арқаға құстар келгенмен,

Аңсарым бірге келер ме?

Ақыны түсте көргенмен,

Ардағы түсте көрер ме?

 

Дертім бұл менің ескірмес,

Өмір бұл

Өмір – заңы үстем.

Ымыртта дауысы естілмес,

Келмейді жылы ағыспен…

 

Кеудеме түнде түнеген,

Бұлттардың ауыр салмағы.

Менен де бетер жүдеген,

Дүниенің мынау арманы.

 

Келмейсің, білем, желмен де,

Мезгілдер жасын көп ішіп.

Рубаб тартқан керуенге,

Ғазалдарымды бөлісіп.

 

«Ұмытам!..» деген сөз ескі,

Ұмытпас тіпті, молалар.

Жолдарым алыс, көмескі,

Күтеді бірге далалар.

 

Сені ертпей көктем келгенмен,

Бәрібір күтем түнеріп.

…Сандалған сонау керуеннен,

Сарғайған хаттар жіберіп…

  

КӨКТЕМ РОМАНСЫ

 

Мұңға байлап қойды мені дала бұл,

Мұнартауға батып күн.

«Жылқы ішінде ұстатпайтын ала жүр…»

Киесіндей бақыттың.

 

Киесі ұрған шығар бізді бақыттың,

Батпан батпан, жол батпан.

Ескерткіші секілденіп уақыттың,

Сен келерсің сол жақтан…

 

Сен келерсің серті де ауыр, Бекзатым,

Бесіні ауған сорлыға.

Алыс маған, маған әрі ең жақын,

Таңдап алып қырау тұнған жолды да.

 

Сексен көлден туған шолпан жұлдыздай.

Сән берерсің өмірге.

Сүйрейді іңір саған мойын бұрғызбай,

Түн жылайды терең қазған көрінде.

 

Мен құштармын құм илеген белдерге,

Шер илеген тауларға.

Түн илеген көлдерге,

Сел илеген жолдарға.

Мені іздеген орманға!

О, сағыныш!

Айтарым көп сендерге,

 

Мұңға байлап қойды мені дала бұл,

Мұнартауға батып күн.

«Жылқы ішінде ұстатпайтын ала жүр…»

Киесіндей бақыттың…

 

Неге сорға қайта есігін ашты күн,

Күрең жанар күзден бе?

Боран көмген іздеріндей бақсының,

Мына жолдар қалады ертең бізден де…

Мына көктем қалады ертең бізден де…

 

Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ

Астана қаласы

 

author

Ұларбек Дәлейұлы

АУДАРМАШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...