Өтен Ахмет. Орнын таппаған медаль (Күнделіктен)

ӘДЕБИЕТ
2193

Жас мемлекетіміздің он жылдық мерекесі өтті. Биліктегілер  мен билікке жақын жүрген біраз шөпкетышарлар марапатқа қарық болды. Юбилей деп арнайы медаль шығарған екен. Онысы да әлгіндейлерге тиді. 

Ордендердің, медальдардың, мақтау қағаздардың, басқа да шендердің сорт-сортына айдың-күннің аманында өз өзінен күйреп түскен кешегі Совет өкіметі аса бай еді. Бір орденнің немесе медальдің өзінде ғана әлденеше дәрежесі болатын. Бірдей еңбек етіп, бірдей тер төгіп жүрсе де біреулердің бешпентінің омырауы әлгіндей шылдырмақтар мен қарғыбауларға толып тұрса, екінші біреудің ондай «қазына байлық» түсіне де кірмейтін. Бұл -адамдарды жіктеудің, өзара күндестірудің ешбір елдің ойына келмейтін, ойына келсе де теңесе алмайтын ғажап әдісі еді.

970 жыл. Күн көсем, иә, иә, Жамбыл атамызша айтқанда, «күнсіздерге күн болған, жер жүзіне нұр болған, ақылдың кені данышпан» Лениннің 100 жылдығы тойланды. Осы тура бүгінгідей мерекелік естелік медаль шығарды. Ол кезде мен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде істеймін. «Индустриальная Караганда» деп аталатын орысшасында Игорь Казанцев редактор болып тұрды. Аласа бойлы, төртбақ, ботқа бет, беті де, мұрны да үнемі қызарып жүретін менмендеу кісі еді. Ол кезде қазіргідей емес, редактор шынында ірі лауазым иесі. Облпартком мүшесі болады. Облыстық кеңеске депутат боп сайланады. Облыс басшыларымен бірге салтанатты жиындардың төрінде отырады. Осы мықтының қоластында Л. деген қыз істеді, стенографист болып. Ақ борықтай уылжыған жас. Өзін еркек санайтындар көре қалса, сол жерде аузынан еріксіз құмарлық суы шұбыра жөнелер еді. Естелік медаль үлестірілгенде, соның біреуі жұмыс істегеніне небары жарты-ақ жыл болған әлгі Л. деген қызға тимей ме. Кәрлен кеседей төңкерілген кеудесіндегі бітік «алмасының» үстінен салбыратып тағып алып жүретін. Белгілі ақын Михаил Балыкин бір топ әріптестерімен дәлізде тұрған, ішінде мен де бармын. Бізден құттықтау, марапат сөз естігісі келді ме, Л. жанымызға келе қалды жайнаңдап. Михаил редакцияның байырғы қызметкері, ұжымға бір адамдай еңбегі сіңген. Оның үстіне Республикаға біршама танымал ақын. Ақынға біткен мінезбен жалтақтап, жалпақтауға бейімі жоқ. Алдында кім тұрмасын ойындағысын тура бетке айта салатыны бар. Сол тік мінезіне басып:

 - Ай, Л., -деді Михаил қыз көзіне тік қарап. Біз құлақ түріп, елеңдесе қалдық. – Сен анау салпыншағыңды омырауыңнан алып таста.

- Өзінің орны ғой, - деген Л., домаланған торсықтай тырсиған омырауы үстінен салбырап тұрған медальді алақанымен аялай бір сипап қойды.  

- Жоқ. Орны ол жер емес. Оның орны борбайың арасы. Жырығың үстінен іліп қой. Еңбек соныкі. Құрмет те соған тиесілі.

Тура солай деді.

Жігіттер қарқ-қарқ күліп жатырмыз. Лена қызарақтағаны болмаса, қарсы сөз айтып үндей алмады. Табанын жалтыратып арамыздан тез тайып тұрды.

Қалай да осы әңгіме кезінде бүкіл Қарағандыға анекдот болып кеткен еді.

Менің көзімнің бір анық жеткені, мәдениетіміздің тарихынан байқағаным, кімде кім билік тарапынан көзі тірісінде шен-шекпенді орынсыз мол алса, соның аяғы қайыр болмайды екен. 

Биліктің орынсыз марапаты –талантты жанның тілерсегін кескенмен бірдей секілді-ау...

Өтен Ахмет

31.12.2001. 

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...