Мәриям мен Сайын(эпистолярлық эссе)Шындықты да әлсін-әлсін ел есіне салып отырмасаң, оны...
Өтен Ахмет. Той көлеңкесі (Күнделіктен. 1994 жыл, қазан айы)
Қонақтар жан-жақтан көп жиналды. Әсіресе, Алматыдан үш самолет, бір вагон болып келді. Өзім деген шөпкетышарлардың бәрі бар. Жәй дүрмек үшін жүргендер де жетерлік. Ал ірілері мардымсиды, көсемсиді. Бірақ алақ-жұлақ еткен көңіл ниеттерін де жасыра алмайды. Алып үйренген жаман әдет. Машина мінем бе, телевизор арқалаймын ба, жоқ әлде, кілем жамыламын ба, неде болса қомақтылауы, қымбаттауы болса екен деп мазасызданады.
29 қыркүйекте күні бойы Сәкен классик, Сәкен мемлекет қайраткері тақырыбына ғылыми-теориялық конференция өтті. Көп мылжың сөз. Баяғыдан қалыптасқан ескі сүрлеу, қайталама жаттанды пікірлер. Баяғы сол «біздің жердің топырағы ерекше қасиетті, сондықтан ақыны басқа елге қарағанда әлдеқайда асқақ, батыры білекті де жүректі, аты жүйрік, қызы көрікті де қылықты, қойының қиына дейін алтын» деп келетін ру, атаға бөлінетін белгілі әуен. Тек Зейнолла Қабдолов пен Жайық Бектұровтың сөздері ғана әрі ықшам, әрі тұздықтылау естілді.
Ғалымдар Серік Қирабаев пен Тұрсынбек Кәкішевке бір-бір «Жигули» машинасын тарту етті. Үзіліс кезінде екеуін есік алдында қатар көрдім, жүздері алабұртып жер мен көктің арасында тұрғандай сезімде екен. Менің «құтты болсынымды» шала естіді, әлде елемегенсіді. Енді қайтсін, том-том кітап жазғанда, ақ тер, көк тер болып шәкірт алдында дәріс оқығанда, профессор, академик атанғанда қолдары жетпеген дүние-байлық, ғайыптан-көктен түскендей бір мезетте қарқ ете қалды. Өмір бойы қара өгізше қыбырлап, екі-үш адамның жұмысын істесем де, машина түгіл, тақымыма велосипед бітпеген мен де, бәлкім, сондай күйде боларма едім, кім біледі. Адам пенде жерден тауып алған қара бақырға да қуанады ғой...
х х х
Той салтанатының шұғылалы кезі - төңкерісшіл ақынның ескерткішін орталық алаңдағы алдын-ала дайындап қойған тұғырға орнатылатын сәтін күтіп тұрмыз. Ескерткіш уақытында жеткізіле қоймады да, жиналған жұрт мазасыздана бастады. Кенет қатарымдағы көптің ішінен Мұхтар Мағауинды көріп қалдым. Сол-ақ екен, 1993 жылы Қарағанды облысының Далба тауы етегінде, кесене басында, Бұқар жыраудың 325 жылдығына арналған той дүрмегі ойыма орала кетті.
... Күн жарықтық бір ашылып, бір түнеріп әлсін-әлі құбылумен тұрды. Ызғырық жел сүйектен өтті. Бірақ облыс әкімі П.Нефедов мырза бастаған бишікештерге бәрібір болатын. Олар темір шыбықтардан «қазақтың киіз үйі» деп құрастыртқан аумағы тай шаптырымдай жасанды күмбез ішінде «бухали мен жралидің» әкесін көкесіне танытумен болды да, тойға келген ақын-жазушыларды естерінен шығарды.
Бейіт үстінен аңыратып тікұшақтар ұшырған, сырнайлатып-кернейлетіп, қиқулатып-ұрандатып қазақ-қалмақ «соғысын» бейнелеген жүгенсіздеу ойындар аяқталған, далада азынаған жел болмаса, жан қалмаған еді. Мен баба кесенесін асықпай аралаймын деп кешігіп жүріп Мұхтарға кездестім. Бас изестік. Ішімнен бұл неге жалғыз жүр деп ойладым да қойдым. Бұқар баба аруағы асқақтауы үшін мен оның қайсарлықпен ұлтқа сіңірген еңбегін жақсы білемін ғой. Қайсар демегенде, не дейін? ХХ ғасырдың 70-ші жылдарына дейін Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов сияқты бірен-сарандардың ғана аты аталғаны болмаса, одан әріде қазақта әдебиет жасаушылар болған жоқ деп келгенбіз. Мұхтар «Алдаспан» атты зерттеу монографиясы арқылы сол өтіріктің бетпердесін сыпырды. Қазақ әдебиетінің тарих арнасында ХҮ ғасырдан, яғни сонау Асан қайғыдан бастап мәлім болғанын паш етті. Сосын да шығар, дәл қазір тобыр дүрмектен бөлініп, баба кесенесін оңашада жеке аралап жүргені. Мен ішімнен осылай деп түйін түйдім. Мұхтар, басқа да бірсыпыра жазушы ағайын той дастарқанына шақырылмай далада қалып қойыпты, жаңбыр мен суыққа ұрынып жүдеушілік көріпті дегенді кейін естідім...
Кеш ұзарып түнге айналды. Ақыры жеткізілді-ау ескерткіш. Асығыс-үсігіс орнатыла бастады. Көп тосқаннан шаршай бастаған жұрт көңілі ептеп серпіліп, біршама жеңілденіп қалғандай еді. Біреулер Қарағандыда былтыр өткен Бұқар жырау тойы жайында бірдеңе деді білем, Мұхтардың әлгіге қарсы сөйлеген қатқыл даусы саңқ етті. Үкімет адамы Төлеген Жүкеев бар, бәріміз қатарласа тұрғанбыз. Кім білсін, әдейі біз естісін деді ме:
-Қарағандыда жібі түзу азамат бар деп айтпаңдар, - деді Мұхтар әр сөзін шегелеп, -Қарағандыда ер азамат жоқ, қонақ сыйлауды да білмейді екен. Былтыр Бұқар баба тойында далада қалып үсіп кете жаздағам.
Тура маған қаратып айтылғандай еді. Ұялған тек тұрмастың керімен:
-Халық көп жиналып, жұрт ерсілі-қарсылы сапырылысып жататын үлкен тойларда ондай-ондай болып тұрады ғой, - деп өзімше ақталып, міңгірледім-ау деймін...
х х х
30 қыркүйек. Таңертеңгі шай үсті. Тамағын ішіп болып қасыма Шынболат келді. Сөз тастап, әзілмен қағысып тұрдық. Біздің топқа қарай Қасым Қайсенов жақындады. Шынболат екеуінің арасы көптен біліс, жақын сияқты. Кейін шыққан үрдіспен олар сүйісіп амандасты. Шынболат оған мені көрсетіп:
-Мына жігіт маған ұрса береді, - дегені ғой.
Қасекең одыраңдап:
-А, неге өйтеді, бастық па? – деп сұрады.
-Бастық.
-Өй, әкеңнің... – Қасым ағам табан астында дымымды қалдырмай мені сыбады да салды.
Бәріміз күлкіге қарық болдық та қалдық. Тек өзі ғана күлген жоқ...
х х х
Ертеңінде Жаңаарқа даласындағы «Жеңіс» кеңшарының жерінде Тұрсынбек ағаммен бетпе бет кездесіп қалдым. Ышқырынан көйлегінің етегі шығыңқырап, бет-аузы қызарыңқырап, маған таяу келіп:
-Әй, Өтен, сен неге менімен сәлемдеспей жүрсің? – деді.
-Тұрсеке, сәлемдескенді айтасыз, кеше сіз ат мінгенде құтты болсын айтқанмын, - дедім, - бірақ сіз кәйіп жағдайында тұрдыңыз да, елемедіңіз-ау деймін.
Менің байқауымда, Тұрсекең адамға деген жан жылу жақсылығын тауыспаған адам. Кібіжіктеп үндей алмай қалды.
х х х
Сәкен тойы жалпы қазақтікі дегенмен, ұйымдастырушылар басты бәйгелердің жерлестерінде қалғанын көздегендері атойлап білініп тұрды. Мүшәйраға «девятка» тігілген, мен білетін жезқазғандық азаматтар, ішінде бозбала күннен айнымас адал досым Шынболат Ділдебаев бар, оны Жүрсін Ерманов алуға тиіс деумен болды. Жүрсін Жезқазған – Ұлытаулық. Біздегі қаптаған көп ақынның бірі. Тележурналист. Ақындар айтысы өшіп қала жаздап, қайта бұрқ еткенде, қазақ теледидарының әдеби хабарлар жағында жүрді де, ана облыс, мына облыс, ана аудан, мына ауданда айтыстар ұйымдастырып, мол дүние ішіне кірді де кетті. Биылғы қыстағы парламент сайлауы кезінде депутат болудан үміттеніп, өз елі Ұлытаудан шарға түскен. Әркім өз баласын жақсы біледі ғой, елі оны парламентке өткізбей тастаған. Жүрсін содан ел-жұртына өкпелі-міс. Оның өкпесін тарқату үшін мүшәйра бәйгесін соған берген жөн деседі жерлестері. Айтқандай «девятканы» Жүрсін иеленді. Екінші орын жаңаарқалық Ғалым Жайлыбаевқа бұйырды. Өз тұстастары арасында, жазба ақындары ішінде, қабырғалы саналатын Иран Ғайып атанып жүрген Иранбек үшінші орынға әзер дегенде ілікті. Ақындық намысы ұстап, бұл қалай болды деп Иранбек назаланғандай еді. Сонда бас бәйгені бөктерген Жүрсіннің оған берген жауабы: «Тегі қызылордалық Иранбектің Жезқазған жерінде өткен жыр бәйгесінде жеңемін деп ойлауының өзі ағаттық. Өйткені бас бәйгені ақындық қуат емес, ел «намысы» айқындайды...»
Мүшәйраға менің көңілім толған жоқ. Әр ақынға өзімше баға қойып отырдым. Бір-екеуінен басқасына тегіс екілік қойдым. Жайдақ. Өлеңмен жазылған мақала іспеттес. Кейбіреулер тіпті оғаш қылық көрсетті. Мысалы, Ғафу Қайырбеков. Жақсы ақын ғой, әрине. Дегенмен, өлең-очерк жазатыны да бар екен. Қалай десек те қазанның құлақ жағына жақын жүретін, төрде отыруға үйренген ағамыз ғой. Бойындағы сырқаты дендегендей екен. Көп отыруға шыдамаған соң, конференция үстінен алып та кеткенбіз. Демалған болып мүшәйраға қайтып келді. Конференцияға дайындағаным еді деп қырық минуттай қағаз оқыды. Жаңылды. Сүрінді. Қақалды. Шашалды. Бәрінен де ыңғайсызы мүшәйраға шыққаны болды ғой. Әлсіз, сырқат адам, сөйтіп жүріп құлап қалғаны ғой. Әсілі, қартая білу де өнер деген сөзді осындайда еріксіз еске алады екенсің.
х х х
Ақындар айтысының сорақысы да аз болған жоқ. Анайы сөз, анайы теңеу. Жайдақ бөсу. Ұлытау жағынан Мұқаш па, Мұқашев па «дай-даридай» деп оспадарсыздау сілтейтін бір ақын бар. Шынболат досымның бәйгеге тігілген «УАЗ» машинаны соған алып берсем деп жансебіл болғанын көрейін. Мәстекті қанша қамшыласаң да жорға шыға ма... Бәрібір оған екінші бәйге бергізді.
«Волга» бастатқан барлығы 12 жеңіл машина таратылыпты Ал мен анық сегізінің иесін білемін.
х х х
«Жеңіс» кеңшары тіккен киіз үйге түскенбіз. Есіктен бойшаң, толық денелі, жасы алпыстар ішіндегі әлпетті ана кіріп келді. Балпаңдай басып жоғары қарай бір-екі аттады да, бізге сыртын беріп төменірек отыра кетті. Жасында өңді, еркін де ерке болған ба, көп бала тапқан ардақты ана ма, қолы мол, жаны таза әділдігімен әйгілі ме, ол жағын қайдан білейін. Әйтеуір, «Қатын алсаң аққұба зорынан ал» дейтіннің нақ өзі болғандай апамыз екен. Отыра кетті де, ас-су жағында жүрген бойжеткен қыздарға: «Әй, алма беріңдерші»,- деді. Қыздар үндемеді. «Алма беріңдер деймін!». Қыздар сызылды: «Қонақтар үшін ғой, апа. Бастықтар ұрсады».
«Бастықтарыңа сиейін, - деді Ана, - Алма жегім келіп тұр. Әкеліңдер!»
Мен Ананың еркелігі мен еркіндігін түсінгендеймін. Ол аш емес, әрине. Ет бар, сүт бар. Жаздай қымызын да ішкен шығар. Ауылды жерде әлі де баяғыдай көкөніс, жеміс-жидек жоқ. Бұрынғыдай қала базарына шығып тұру мүмкін болмай қалды. Ал адам ағзасы үлкен, кіші демейді, кейде әлдене жетпей тіс қышытады...
х х х
Дәмді сөз айтқандардың бірі Жайық Бектұров дедім ғой. Оған «Ана тілі» газетінің редакторы Жарылғап Бейсенбаев та назар аударған екен. Ол Жәкеңе сөзіңді бер, жариялаймын деп қолқа салды. Қарағандыға келген бетте менің көмегіммен Жәкең ол өтінішті орындады да.
Жалпы, осы тойға облыстан арнайы қонақ болып барғандарды айтсам да жөн білем. Басында облыс әкімі П.Нефедовтың өзі бастап, біраз басшы барады деген сөз шыққан. Соңынан айныса керек.
-Сен бастайсың,- деді маған, әкім орынбасары Нұралы Бектұрғанов, - қасыңа Жайық Бектұровты, профессор ғалым Ғабдолла Құлқыбаевты аласың.
Қолыма бір қызыл папке ұстатты.
-Ау, құрғақ қасық ауыз жыртады. Естелік болар көрнекті бірдеңе бермейсіңдер ме?
-Қазына түбі тесік, түк жоқ. Осылай-ақ бара бер.
Олай баруға болмайтынын білемін. «Дос» корпорациясының басшысы Ерлан Сұлтанұлына телефон соқтым. Осылай да осылай, қандай көмегің болады. Айналайын, екі сөзге келтірмеді. Оқалатып, зерлетіп шапан тіктіртіп берді. Қарағанды атынан той иелеріне соны тапсырдым. Әйтеуір, жүніміз жығылған жоқ.
Иә, тойда дәмді сөзді Жайық ақсақал айтты. Жалпы, Жәкең Сәкен Сейфуллинге қатысты, оның артта қалған жанұясының бастан кешкен тауқыметі жайында алғаш айтқан, басты деректерді келтірген қаламгер. Мұндай тойда босада біреуге сый беру керек болса, Жәкең басты сыйлық алуға әбден лайық еді. Қолтығына жұпыны шапан ғана қыстырып жіберді. Соған да рахмет...
Жалпы, қазақ тойлары арақ-шарап ішумен өнегесіз, тым дарақы өтіп жүр. Түбі форматын өзгертпей болмайтын шығар.
Өтен Ахмет
Күнделіктен. 1994 жыл, қазан айы.