Осы біз ұлы Абайдың ұрпақтары жөнінде не білеміз? Асылдың сынықтары қайда жүр? Не істеп жүр? Бұл сау...
ПУШКИНДІ АТҚАН – КІМ?
немесе «ескі дауды» жаңаша үрлегендер ақиқатқа жетуден үміт үзбейді
Жақында Ресей Федерациясының Тергеу комитетіне Ленинград облысының Владимир Петров деген депутаты ақын Александр Пушкиннің 1837 жылғы өлімін тергеуді талап еткен ұсыныспен шықты. Оның айтуынша, ұлы ақынның өлімін батыстың құпия күштері – мосондар ұйымдастырған. Оның анық-қанығына жету үшін Пушкиннің сүйегі қабірінен қайта шығарылуы керек. Дәрігер Дальдың жазып қалдырғандай, ақын сүйегіне қадалған оқ алынбаған. Сол оққа қарап, оның қандай қарудан атылғанын анықтауға болады. Оның үстіне Пушкиннің дәл қайда жерленгені жөнінде де күмәнді сұрақтар көп.
Биыл туғанына 220 жыл толатын, орыстың ғана емес, күллі өркениет атаулының маңдайына басқан ақындарының бірі – Пушкиннің бұдан 182 жыл бұрынғы өлімінің құпиясы, шынында да, әлі күнге дейін ақи-тақи ашылмағаны аныөқ. Бір қарағанда, Пушкин мен Дантестің арасында бұдан 182 жыл бұрын болған дуэльге қатысты пушкинтанушылар том-том кітап кітап жазып, барлығын егжей-тегжейіне дейін әлдеқашан қаттап-шоттап қойғандай көрінеді. Жалпы, солай екені де рас. Бірақ ақын өмірінің ақтаңдақтары әлі де жетерлік. Бұған басқаны қойып, соңғы жылдар бедерінде пушкинтануға елеулі үлес болып қосылған зерттеу еңбектерін мысалға келтірсек те жетіп жатыр.
Пушкин өз қызғанышының құрбаны болған
Шет елден орыс жеріне шен іздеп келіп, Ресейдің мәңгілік қарғысына қалған Жоржды Кеңес өкіметі қанқұмар, залым, әйелқұмар ретінде санамызға сіңдірді. Ал бұл айтылғандардың Дантеске ешқандай қатынасы болмай шықты. Осыдан біраз жылдар бұрын италиялық аудармашы, профессор Серена Витали Дантестің ұрпақтарынан оның өкіл әкесіне жазған бүтіндей 25 хатын алып жариялады. Бұл хаттардың сақталғаны ғылыми әлемге белгілі болғанымен, Виталиге дейін ресейлік пушкинтанушылардың ешқайсысының қолы Дантестер-Геккерндердің отбасылық архивіне жетпей келген-ді. Оның бір себебі пушкинтанушылардың француз тілін білмеуіне тірелгендей. Ақыры теңдессіз дүниені Дантестің ұрпақтарының бірі аталған пушкинтанушының қолына тапсырған. Яғни Дантестің Пушкиннің әйелін төңіректеп жүрген кезінде барон Геккернге жазған 25 хаты! Осы хаттан Санкт-Петербургтің бірінші сұлуының өзімен түйдей құрдас 23 жастағы Жоржды бір көргеннен сүйіп қалғаны болмаса, оның Дантеспен жасырын қатынаста болмағаны анықталып отыр. Пушкинге бірнеше бала туып берген әрі тағы да аяғы ауыр сұлу келіншек жастық желікпен сымбатты французға ғашық болып қалып, оған өз сезімін қылаудай да жасырмай, көзінен жасы боталап отырып, жақындасуды кейінге қалдыруды өтінген көрінеді. Міне, Дантес барон Геккернге 1836 жылдың 6 наурызында жазған хатында былай дейді: «Ол менен гөрі мықты болып шықты. Жиырма реттен де көп өзін, балаларын, олардың болашағын аяуды жалынып сұрады және бұл шақта оның аса сұлу болып көрінгені соншалық, оны аспаннан түскен періште деп қабылдауға болатын… ол таза, пәк күйінде қалды және басын асқақ ұстап, жұрттың бетіне тік қарай алады». Осы табылған хатқа орай, зеттеушілердің пікірі соңғы кезде «Пушкин бәрінен бұрын өз қызғанышының құрбаны болған, ал Наталья оған жан-тәнімен берілген және ақын мұны жақсы білген» деген қорытындыға ойысып отыр.
Зерттеушілердің пікірінше, бар-жоғы алты жыл отасқан өмірінде ақынға төрт бала туып берген әйелді жазғырудың қаншалықты жөні бар? Пушкин періштедей сүйген осы аруы үшін өзінің өрт өмірін қиған жоқ па? Бар мен жоқтың арасында жатып, ерні дірілдей: «Сабырлы бол, сен бұған кінәлі емессің» деп маңайындағыларға естірте үн қатқанын қайда қоямыз. Өзінің көзі кеткен соң, байғұс әйелінің қандай ауыр күндерді басынан кешетінін, өле-өлгенше қым-қиғаш өсектің қыр соңынан жабысып қалмайтынын жүйке жүйесімен түйсінген ақынды әулие демей көр. Пушкиннің ішін жидырған сол қарғыс атқыр өсек әлі күнге дейін тарихтың таңынан тартуын қоймай келеді.
Осы арада Пушкиннің өлерінде айтқан өтінішін орындап, тура екі жыл ерінің артын қара жамылып күткен Наталья кейін генерал Ланскийге күйеуге шығып, одан да бала сүйгенін, сөйтіп, өзінің бірінші жұбайынан соң 26 жылдан кейін қайтыс болғанын еске сала кетелік.
Пушкинді өлтірген Дантес емес
Марқұм украиналық жазушы, тарихшы, зеттеуші Александр Зинуховтің 2004 жылы жарық көрген «Александр Пушкинді кім өлтірді?» деген кітабы пушкинтанушылардың төбесінен жай түсіргендей болғаны анық. Жиырма жыл бойы осы тақырып бойынша архив құжаттарын көз майын тауысып, зерттеген ғалымның қисынды пікірлерінің көздеген нысанаға дәл тигені сондай, оны жырынды тарихшылардың өзінің мойындамасына әдді қалмады. Зерттеушінің жазуынша, Пушкин Дантестің қаруынан өлмеген, арт жағынан дәлдеп атқан снайпердің оғынан өлген. Және өлген соң Пушкиннің мүрдесі із-түзсіз жоғалып кеткен… Яғни Святогорск монастрінің маңындағы Михайловскіде мәңгі дамылдап жатқан мүлдем Александр Сергейұлы емес. Осы жерде мұндай күмәнді пікірдің бұған дейін де болғанын айта кеткен жөн.
Тарихи құжат бойынша жекпе-жек 27 қаңтар күні кешкі сағат 6-лар шамасында болған. Бұл мезгіл қыстың онсыз да қаңтарулы күнінде көз байлана бастайтын шақ. Зерттеушінің түйіндеуінше, мұндай кеш қараңғылығында атысқандардың алыстан бір-бірінің қарасын айырудың өзі мүмкін емес. «Жекпе-жек өткізілетін орынға коменданттық саяжайдың түбі таңдалғанына да таңданбай болмайды» дейді тарихшы. Пушкин бұл кезде жүйкесі сыр беріп жүріп, дуэльдің өтетін орны мен уақытын белгілеуге қатыспай, Дантестің ұсынысына келісе салған. «Ақынға оқ оның арт жағынан, комендант саяжайының шаруашылық үйінің төбесінен атылған» дейді зерттеуші. Оның айтуынша, сол күні саяжайды күзеткен қарауыл жақын жерден атылған мылтық дауысын естіген. Бұдан бөлек, оқ тиген Пушкин шалқасынан емес, алдына қарай етбетінен құлаған. Яғни кез келген нәрсенің соққы тиген жаққа қарай жығылмайтынын ескерсек, зерттеушінің дәлеліне сенбеске амалың жоқ.
Шындықтың кілті немесе дәрігер Дальдың көрегендігі
Ақын дүниеден өткенде көзін жапқан оның досы, жазушы, дәрігер Владимир Даль Пушкиннің ақырғы сәтін егжей-тегжейіне дейін жасырмай жазып кеткен. Ақын мүрдесін ашып көрген оның оқтың бағытын анықтауынша, арқа тұстан жоғарыдан төмен қарай тиген қорғасын сегізкөзге барып қадалған. Бәрін кәнігі криминалисше әбден өлшеп-пішкен Зинуховтің әскери сарапшылардың есебіне сүйенген дәлелінше, оқ 50 метрден кем емес жерден тиген. Дантестің қасына ере келген барон Геккерннің өзімен бірге дәрігер ала келмегені де күдік бұлтын қоюлатып, дуэльдің соңы немен бітетінінің алдын ала белгілі болғанын айғақтап тұрғандай.
Өзінің сенсациялық пікірімен қалың елді шошытып оятқандай болған Зинухов ақын ажалының ақиқи шындығына көз жеткізу үшін кәсіби тергеушілер мен кәнігі криминалистер бастаған зерттеу жұмыстары жүргізілу керектігін айтады. Яғни ол қазір Францияда сақтаулы тұрған дуэльде қолданылған тапаншаның оқтарымен, ақын қабірін ашып, оның сүйегіне қадалған оқты салыстырып, сәйкесе ме, жоқ па баллистикалық сараптама жүргізу керектігін ұсынады.
Зинухов Дальдың ақын тәніне қадалған оқты алмау себебін дәрігердің өзінің мұны әлдебір «жағдайға» байланыстырғанына назар аудартып, мұндағы «жағдай» сол күні Пушкиннің үйінде ақынның достары мен дәрігерлерді он орап алардай топырлаған жандармдар болуы мүмкін екенін айтады. Яғни олар тапаншаның оғын танытпау үшін патронды алуға мүмкіндік бермеген. Бәлкім, ақын денесіндегі оқты алмауы Дальдың Пушкинге жасалған қастандықты алдын ала біліп, келешек ұрпақтың қолына шындық шылбырының бір ұшын шиыршықтап ұстатып кеткен көрегендігі де болар.
«Бұл ешқандай кездейсоқтық емес, арнайы тапсырыспен жасалған, жандармерияның анық қолтаңбасы бар өлім. Барлығы алдын ала орындаушылар мен ұйымдастырушылар тарапынан жеріне жеткізіле ойластырылған. Мұндай операцияны үшінші күштің көмегінсіз ұйымдастыру мүмкін емес» дейді Зинухов.
Пушкиннің соңғы қызын патша неге өбектеп өтті?
Зерттеушінің жазуынша, сұлу Наталья Дантеске құр әуейіленгені болмаса, шын мәнінде, Николай патшамен көңілдес болған. Зинухов Пушкин өлген соң императордың Натальяны барлық қажетімен қамтамасыз етіп, қамқорлық аясына алғанын алға тартып, «Императордың бал айы» деген арнайы тарауда Пушкиннің соңғы қызы осы Николайдан туғанын жеткізеді.
Ал жандармерияның үшінші бөлімшесінің агенті болған Дантес жоғарыдағылардың тапсырмасын орындаумен шұғылданып, ақынның назарын әйелінің махаббат ойынынан өзге жаққа аудару үшін ғана сахнаға шыққан. Зерттеуші оның Пушкин талай сықақтаған полиция құпия бөлімінің бастығы генерал Бенкендорфқа құнды жазбаша ақпарлар беріп тұрғанын нақты деректермен дәлелдейді. Сонымен қоса, Жорждың бәтшағар (көгілдір) болғанын да. «Пушкин Үшінші бөлімшенің кейбір құпияларын білген, сондықтан ажалдан қашып құтыла алмайтынын анық сезген» дейді Зинухов.
Зинуховтың осы айтқандарының қаншалықты тарихи шындық екенін анықтау болашақ пушкинтанушылардың үлесінде. Жалпы, Пушкин өз ажалының Дантестен болатынын білген. Лицейде оқып жүрген кезінде белгілі палшы Александра Кирхгофф оған ажалының ұзын бойлы, ақ сұр адамнан болатынын болжап берген. Ал Пушкиннің туған бажасы – Дантес дәл сондай адам болған. Соңғы деректер Пушкиннің қайын әпкесі Александра Николаевнаның абыройы үшін де атысуға мәжбүр болғанын айғақтап отыр. Қаскөйлер ақынды қайын әпкесімен де төсектес болған деген өсек шығарған.
Базбір зерттеушілер Пушкиннің ажалын масондық ложамен тығыз байланыстырады. Бұл орайда ақынның масондардың құпия қоғамына қабылданғандығы айтылады. Пушкиннің досы П. Я. Чаадаевтың ірі масон болғаны белгілі. Ақын тығыз араласқан декабристер де түгелдей масондар болған. Құпия қоғамның кейбір мүшелерімен бірге 1825 жылғы оқиғадан кейін ақын декабристер қозғалысын да сынға алған. Сондай-ақ Пушкин масондар тарапынан тыйым салынған тақырыпқа барып, олардың кейбір құпиясын ашып қойған. Мәселен, Ресейге Польша дайындап жіберген жансыз, жалған патша Е. Пугачев тақырыбына барып, оны індетіп зерттей бастаған. Тарихқа терең сүңги бастаған ақын орыс императорлары туралы да жазбақ болған. Ал императорлардың масондармен тығыз байланысты болғандығы, кейбірінің масондық келісімнің құрбанына айналғандығы белгілі. Сондықтан масондарға Пушкиннің көзін құртудан басқа жол қалмаған. Сөйтіп, олар жоғарыдағы Дантеспен болған оқиғаны қолдан ұйымдастырған.
Сонымен, ақынға жасалған қаскөйлік дәл неден болды? Шынымен, ақын ажалына себепкер оның тірі кезінде-ақ құпия болудан қалған төсектегі өмірі ме? Әлде базбір зерттеушілер айтқандай, шабыты шарықтағанын қойып, таланты тақырлана бастаған соң өзін-өзі өлімге қиған ба? Әлде ақын ажалының артында шынымен әлдебір әлеуетті күш тұр ма? Жалпы, Пушкиннің патшаға дуэльге шықпауға берген уәдесінен тайқып, сабырын сарқуына не себеп? Бұған жауапты нақты ғылым ғана берері анық. Ал ғылым тоқтамайды. Ендеше, «ескі дауды» жаңаша үрлейтіндер легі де үзілмек емес.