Ақберен Елгезек. Риторикалық сұрақтар

ӘДЕБИЕТ
4561

ЕЗУ ТАРТЫП КҮЛГЕН МҰҢ

Осы бір ақын жігіттің ныспысы – Ақберен. Дулығалы, дулы есім, асқақ естіледі. Оның топтама өлеңін (6 өлең) бұдан көп бұрын «Қазақ әдебиетінің» «Жас қалам» қосымшасынан (№4 (43) оқығам. Оқығам да қойғам. Оным бекер екен, жақында қағаздарымды қопарыстыра келе, жас дарынның сол өлеңдерімен қайта қауыштым. Сол сәт өзім де күзгі тұманды түндей қандай да бір қамырықты күйде болғандығымнан ба екен, әуелі бірден көзіме түсе кеткені «Депрессия» атты бірінші өлең еді. Қайыра оқып шықтым. Бек лыпыған күлгін-жасыл жүзінде қас дұшпанның арам қаны алабөтен ырши безектеген ақ берендей Ақберендік сұмдық өткір күйзеліс!

Шынымды айтайын, «Әлі бала деуге де болатын өрімдей жас ақынның мұншама ышқынуына не себеп?» деген ауыр ойға қалдым бірден. Өйткені тіршілікте «плюс-минус» екі энергия өзара кенет жалғаса қалғанда, жарқыраған үшінші бір қозғалыс болмысы қашан да тосыннан ерен жаратыла кететіні секілді, қарама-қарсы орасан қуаттарға ие «параллель» сезімдер өзара «күркіресе қиылысып» түскенде де не осындай депрессиялық түңіліс түнегі күрт тұтанады, не әлденендей тылсым бір ізгі түйсік оты ілкім пайда болады.

Жан дүниенің ондайлық сұрапыл динамикасы аузымыздан ақ жалын сөз болып және ақтарыла жөнелу үшін төсіміз ішінде – көзі тостағандай Көңіл, төбемізде – кемел ақылға лайық көсем Рух болуы қажет.

Ал Ақберен – жазмыш дариясын жалпағынан кешіп, «қайран жиырма бесін» қамыға жырлайтын қапері толық қартаң жаста  емес, әлі балғын азамат. Алайда белгілі бір мөлшерде Ақберенде көпті көрген көсемдарларға ғана тән, әрі кез келген уақытта шағылыса кетуі бек мүмкін әлгіндей «өзара параллель» екі алапат та бар болып шықты.

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ,

Ақын,

«Қазақ әдебиеті» газеті, №11,

10.11.2006

ҰЙҚЫСЫРАУ
(цикл)
 І өлең

...Бұрыш жақта су ағады шүмектен,
Сыра біткен. У ағады жүректен.
Мен тынышпын, мен мұңлымын,
Дір еткен,
Иек қана құлап кеткен білектен.
Естеліктер.
Балалық шақ елесі
Қалқып шықты мылқауланған түнектен.

Болмайтындай енді мүлде ертеңі,
Үлкен сәби жазып отыр ертегі...
Тозып біткен тоқсан жылдық күнделік
Парақтарын боратады, түрленіп,
Кезектегі мыңжылдыққа, ең кемі...

Қас қағымның шырымынан емделіп,
Ары қарай кетпеу күнә сенделіп...
Өлмеген соң балконыңа жерленіп,
Шылымыңды сорғылайсың шерленіп.
Анау жақта жарқырайды салюттер,
Олар мәз ғой,
Менікі – құр пенделік...


ІІ өлең

Тағы да түн.
Жалғыздық.
Темекінің тұқылы,
Ақыл-есі түтіндеп, күлсалғышқа жұтылды.
Ми ішінде майысып көркем ойлар үкілі,
Үлбіреген үмітке тәж тоқиды жұпыны...

Тағы да түн.
Жалғыздық.
Сары шөлмек сыра бар,
Шылымым бар тағы да,
Бәрі жақсы, сірә да!
Тек іштегі біреудің маза бермес сұрағы,
Дір-дір етіп тұрғанша шайырлардың шырағы...

Жоғалғандай жаһаннан жұбандырар бар қызық,
Тағы да сол күйге еніп, бойды мұңға алғыздық,
Жүрегімді орап ап, тоңдырады бар мұздық,
Темекінің түтіні...
Тағы да түн.
Жалғыздық.


ІІІ өлең

Тағы да түн торлады мынау әлемді,
Әлемде мынау әлдиге әуес бала өлді.
Жүрегім болса бүк түсіп жатыр кеудемде,
Жыламай көрші, шошымай көрші, ал, енді!

Домалақ бала сәскеде әлі ерке еді,
Батыстың шашын демімен қызыл өртеді.
Мәңгілік Түннің түбіне құлап өлетін
Жап-жарық Күннің ғұмыры неткен келте еді?!.

Бір таңға дейін қалған соң шыбын жандары,
«Еһ, дәурен-ай!» – деуші еді ауыл шалдары.
Бір күнге тағы үмітін жалғап отырып,
Бір түннен ауыр, қорқатын еді, алдағы.

Шалдардың сонда әжімдер тілген бетінен
Ажалдың түрін көргендей шошып кетіп ем.
Өмірдің бірақ білмеген екем күн сайын
Дөңгелеп жүріп, сынатын бір сәт шетінен.

Тағы да түн торлады мынау әлемді,
Торына кімді түсіріп алар ол енді?..
Жүрегім болса сандырақтап жатып ұйықтады,
Түсіне оның ажалдан қашқан бала енді...


ІV өлең

Би кешіндегі арудайын сырғалы
От түрінде газ билейді ырғалып...
Терезені ашып қалсам айқара,
Күмілжіген көктен тұрар Ай қарап.
Көше жаққа елеңдеумен отырам,
Жазылмаған жырларымды қайталап.

Жаурап өткен сұр көктемде кеш шығып,
Ауламызда дірдектейді бес шыбық.
Бес досыма ұқсатамын оларды
Мені іздеп келе жатқан, ес шығып.

Телефон да... өзі суық, өзі үнсіз,
Қозғалыссыз, қоңыраусыз, көңілсіз.
Жылан-сағат оратылып білекке,
Айыр тілін қозғалтады сенімсіз.

Сөредегі кітаптар да қызықсыз,
Көңілдегі сұрақтар да қызықсыз.
Теледидар терезеден аумайды,
Терезеден Ай қарайды құлықсыз...


РИТОРИКАЛЫҚ СҰРАҚТАР

Қала, сен бе күрсінген?.. үйлерің бе?
Бір тылсым бар көлеңке билерінде...
Түйсігімде боздайды қобыздар – мың,
Абыздардың тарта алмас күйлеріндей...

Дала, сен бе жылаған?.. жусаның ба?
Кім билеп жүр төсіңде, қу сағым ба?
Анау ару Анам ба,
теріс қарап,
Кімді қысып барады құшағында?..

Аспан, сен бе жөтелген?.. бұлттарың ба?
Мұз қатып тұр неліктен мұрттарында?
Анау жігіт Әкем бе,
басын шайқап,
Қабақ шытқан арақтан ұрттарымда?!

Жаным, сен бе сөйлеген?
Тәңірім бе?
Қырық құбылған алаң бар көңілімде...
Анау бала – өзім бе – жаутаңкөзді,
Жылылықты сезбеген өмірінде?..

Дәуренімді өшірген алақайлы,
Талай сұмдық көрсем де талапайлы,
Мен әлемді кешірем.
Бірақ қалай
жұбатамын іштегі балақайды?..


АЛАБҰРТУ

Мен баяғы баламын, кекілдімін...
Әй, бірдеңе білетін секілдімін.
Түнде менің етімді ұйқы құшып,
Таңсәріде сүйеді бетімді Күн.

Өтініш пен өкініш арасында,
Тоңып жүрмін өмірдің жағасында.
Түстерімде – сабылып сансыз аруақ,
Бата берер...
Нанбайсың... нанасың да.

Шаршадым ба өмірден?
Жалықтым ба?
Жұмақ – анда... білемін, тамұқ – мұнда.
Менің ішкі дүниемді аластауға
Құдіреті жетпейді-ау жарықтың да...

Бір үмітті іздеймін бекер күннен.
Өлең жаздым.
Ал содан өтелді нем?
Нәрестенің иісін аңсап жүрмін...
Әлде, қатты сағындым Әкемді мен?..


КҮПІРЛІ ИРОНИЯ

Бәрі өтірік боп шықса –
Хауа Анаң да,
Қабылың да...
Ең алғашқы Адамың да!
Жердің бетін күл қылатын,
Жарық Дүниемді түн қылатын
Ақырзаманың да.

Бәрі де өтірік боп шықса –
Жұмағың да,
Жұмақтағы ғажабың да,
Тозағың да,
Тозақтағы азабың да!

Гөйтіп жүргенімізде
«Жан дегенің – құпия құбылыс» деп,
Періште мен ібілістер,
Қылкөпірлік «жүгірістер»,
Күнәлар мен түңілістер –
Бәрі ақырында өтірік боп шықса!

Онда мені діншілдердің қатарынан шығарып,
Салып көрші жүрегіме бұғалық!
Өлгеннен соң бәрібір ғой,
Дінге мүлде бөлінбейтін,
Көзге мүлде көрінбейтін
Аруақтарға айналмаймыз ба, Құдай-ай,
Соны неге түсінбейді бұ халық?!.
author

Ақберен Елгезек

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...