Күні кеше ақын, аудармашы Роза Аспанқызының "47" атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді, д...
Қабыл Әбдірахманұлы. Иммунитет (әңгіме)
Халық таразы. Елі үшін тақ тұрған ерлер ешқашан ұмытылмайды. Кешегі азып-тозған елдің айбаты болған ер көңіл ер туралы көптен бері жазу ойымда жүр еді.
****
Бірліктің аты – бірлік. Елден бірлік кетіп, жатты сағалағанда жат сені жарылқамайды. Мүсіркейді. Жатқа сыйлы болуың үшін, бірде қайратты боласың, бірде бай боласың. Бірде аруақ қонған, оқыған терең боласың. Ағаш үйдің шаңырағы далалықтар үшін күш өлшемі болғанға ұқсайды. Күнінде болған барымтада көп болған қариялар шалқалап жатып «ыһық-тфу дегенде қақырығы шаңырақтан асып кетеді» дейтінді еститін едік. Жөні бөлек Дерекемнің қайраттылығы сондай, ағаш үйде отырып есіп ширатқан арқан-жібін шаңырақтан әрі асырып құлатады екен. Хорезм шұңқырында бұлайша жіп есетін адам болмаса керек. Менің қасымда «Жіп есе алмайсың» дегенде осындай күш өлшеміме шақ келмейсің дегенді білдірсе керек.
****
Қыраулы күзде қыс-қыстауға мал құлайды. Ой жылы ғой. Ойдың тұзы ауыр. Ойда жиын-терімнің аяқталар шағы. Енді ауыл-ауылда зияпат қызып береді. Диханның 2-3 ай демалыс отпускісі басталады. Бал татыған тәтті күзгі қауынын айтсаңшы...
Егінге түспесін деп ойдағы ел түйелерді көктем шыға қырға айдайды. Жиын-терім аяқталар шақта түйе ойға құлайды. Қырдан ойға құлар "Қасқа жолдың" маңдай тірерлігіндегі түйелі ауылға жырларда "еркек бітім" ретінде суреттелетін кейіптегі ірі денелі, орта жастағы қазақ пошымды кісі Шоманай жағынан келіп жүк көлігінен түсті. Сүйегі ауыр кісі машинадан түскен кезінде су артқан флягін ауырсынып, мықшиған есекше күшенген машина жеңіл ойнап үріліп шыға келді. Келе-келе түйе біткен ауыл шетіндегі Өкшебайдың үйіне жолаушы тікеледі. Шаруа адамының жыбыр-жыбыры көп. Өкшебай сыртта күйбеңдеп жүр екен. Олда жолаушыға қарай жүріп келе жатып: "Дерекембісің-ай" деп көтеріңкі дауыспен үн қатты.
- Ассалаумағалейкум!
- Жол болсын!
- Әлей болсын!
Екі дос құшақтасып көрісті. Былай көрімге палуан денелі Өкшебай түйенің қасындағы тайлағындай болып сүйекті кісінің тасасына жасырынып қалды.
- Көкжалым аман-есенсің бе?
- Аманбыз. Өкшеке көрісіп, аман-саулығыңды біле кетейін деп келе қалдық.
- Е, жөн-жөн. Көптен көріспеп едік. Ішке кірелік.
Бұрынғының адамдары әйелдің қас-қабағына қарамайды. Бұрынғының ауыл адамдары дархан көңілді ғой. Әйелдері еркегінің ығына жығылып тұрады.
Өкшебайдың әйелі даладағы ошақ басында жүр екен.
- Әй, мында кел, - деп Өкшекең қапталымен үн қатты.
Кімді айқайлап шақырып жатқаны белгілі болды. Бір минут өтер-өтпестен аяғын жеңіл басатын, денсаулығы жақсы екендігін жүзінен танытып әйел кісі көрінді.
Қолындағы сап-сары жаңа піскен бауырсақ толы табағы қонаққа деген қабағының ашық екендігін білдіріп тұр. Өзі ұяң кісі болуы керек.
- Неге шақырдың дегенін көз жанарымен байқатты.
- Балаларды жұмса, - деді Өкшебай.
Ерінің ыңғайымен жүретін нағыз сыралғы әйелге осы бір ауыз сөз жетіп жатыр. Мал сойдырып, қазан көтер дегенін "Балаларды жұмса" деген емеуіріннен ұқты. Қонақ та ұқты. Шаруа адам осылай сөйлейді. Егер келген жолаушыны жаратпаған не сараңдығы ұстаған үй иесі «Атқа жем салма» деп әйеліне айтса «Мал сойдырма немесе қазан көтерме» деген емеурін екенін аңдауға болады.
Мал сойдыр, қазан ас дегенді түсінген жолаушының көңілденгенін көзі айтып берді.
- Өкшеке осы «Сараңдықтың болып болғаны деп нені айтады?», - деп қалжыңдады жолаушы.
- Сараңдықтың болып болғаны «Күлмес хандық» ешкімге жылы жүз танытпау. «Сәлем бермеу сараңдыққа жатпайды». Ол басқа статья, - деді. Статья дегенге екпін бере сөйледі. Бұл жолаушыны қағытқаны. Жолаушы күнінде болған адам. 17 жыл Сібірде айдауда болған. Сонысын қатар-құрбы болып бетіне салық қылғаны. Оған қыңатын жолаушы ма?
- Көкшебай қойыңның етін қазанға түгел сал.Тәтті арақтан 4 шиша алдыр, - деді.
Жолаушы «қонақ екенмін» деп тәлімсімеді. Осы елге өткізіп қойғаны бардай омыраулай сөйлейді. Иә, жолаушының бұлай жүріп тұратын, омыраулай сөйлейтін жөні бар. Ашаршылық кезде қырдан ел ауды ғой. Ауған елдің көбі жолда аштан өлді. Ойға құлағандары кісі есігінде жүрді. Талмаусырап бара жатқан баласын бір зағараға беріп кетті. Бетінің қызылы бар әйелдер отырықшы елдің көз түрткісіне айналды. Сарт-сауан тізесін батырды. Осы жолаушы банды атанып, үкіметке қарсы шапты. Ағайындарына қорлық көрсеткен түрікпені бар, сарты бар, оншақтысын лақша бақыртып жүріп, сабап өлтірді. Өлтіргенін өлтіргендей құмға көміп кететін. «Неге бұлай жасайсың?» дегендерге: «Өзекті жанға бір өлім. Қайратым елдің кәдесіне жарасын. Өзім өз болғаны, қазақтың иті таланып жатса намыстанамын. Қазақ баласын басқалар басынбасын деймін» - дейтұғын.
Өкшебай екеуі қатар өскен. Қатар топқа да, төбелеске де түскен. Ол күнде дала заңының әлі өктем кезі. Босқын қазақ сығаннан әрі жиіркенішті көрінетін. «Ит қазақ», «Құдайдан тапқан қазақ», «Әпенді қазақ» деп отырықшы ел алапес көргендей тыжырынатын. Талап іздеп, қаңғырған қазақ не көрмеді. Осындайда боқтап жатқан отырықшы елдің озбырлығына шыдап жүрген, өмір сүргісі келіп сынған қазақтың ортасында Дерекең жүні жығылмай отырықшы елдің озбыр жуандарын лақша бақыртып сабап жүретін.
Бірде Дерекең пойызда ұстаған мелисаны пойыздан лақтырып кеткен. Қараңғы елді қорқытып үйренген әдетімен мелиса Дерекеңе дікең-дікең етеді ғой. Ондайды көтеретін Дерекең бе? Айдалада ағып келе жатқан пойыздан мелисаны лақтырып кеткен. Мелиса рельске бастан түсіп жұлыны үзіліп өлген.
Сені құдай айдап келді. Осы ауылда бір-екі бала көкжөтел. Солардың алқымын сығып бер. Жігілдік атты жеміс бар. Жиде сияқты болып өседі. Жемісі қойдың құмалағындай болады. Қырау түскеннен кейін пісіп жетіледі. Қырау түспей көктей жеген бала құр өзек болып ауырады. Кейбіреулері жөтелгенде шиқылдап қалатын көкжөтел болады. Бұл аурудың емі, адам өлтірген кісі баланы буындырса көкжөтел ауруы сап тиылады. Ауру артына қарамай кетеді. Асқынып кеткен көкжөтел баланы әлсіретіп тастауы мүмкін. Көкжөтелдің пірі бұрын баспашыда болған көкнәрші түрікпен шал мен арақтан аузы кеппейтін 41-45-тің соғысына қатысқан ветеран почташы шал еді. Екеуі де бақилық болған.
- Алып кел. Орыстың сорпасын татпай тұрып ырымдап берейін. Ай осында басмашы мен боқтық бар емес пе?
- Олар қайтыс болды ғой.
- Бет сипап шығуым керек. Шамасы бір-бірін танитын жүректілер бір-бірін сыртынан түгендеп жүрсе керек.
...Күн еңкейе лайдан соғылған тоқал тамнан зор дауыспен салынған ән екпіндей айналаға сіңіп барып, анау қырға шығарлық қабаққа жұтылып жатты. Иманжүсіптің әнін шырқағанда «Бақыртып сабаушы едім лақтайын» деген жеріне ерекше екпін бере айтады. Бұл да бір Байұлының Иманжүсібі ғой. Ән салса Дерекең салсын.
Иә, Иманжүсіп айтпақшы «Қыпшақтың 100 қатыны ұл тапса да, бәрібір бола алмайды Иманжүсіп». Енді қайтып айналып келмес Дерекең ғой. Өкшебайда өкшелеуін қояр емес.
- Бір қойдың етін түгел жедің. Бұл жесіңе дүние шақ келе ме?
- Өкшебай, мен күнде бұлай тамақ жемеймін. 7 кілә ет, 3 литр сорпа-суан –менің өлшемім. Кей-кейде осылай тамақ жегім келеді. Күнде бұлай бір қой не 20-22 кг ет жесем, ана 16-17 түйе бітпейді ғой, - деді.
- Еліңнің сағын сындырмайын деп намысқа тырысып, ағайынға тізесі батқандардың талайын өлтірдің ғой. Ішінде бекер өлтірдім дейтінің бар ма?, - деді үй иесі.
- Өкшебай, айтқызбасыма қоймайсың-ау. 10-11 адамды өз қолымен аттандырдым ғой. Соның екеуі сауап болды да, біреуін бекер істедім, - деп домбырасын жанына сүйеп қойды.
Күректей қолын шоқпарға ұқсатып түйіп, жаздырды. Қары бір жарым есе сияқты ұзындау екен.
«25 жылды арқалап алып Сібрге барған кезім. Шамалыны шаршататын сапар ғой. Барған жерімде жұртты бір шыбықпен айдайтын Татар бегі бар екен. Сол татар қоқаңдады. Күндіз ағаш кесеміз. Бәленің бәрі түнде болады. Үюлі қарағайдың бекітпесін жаздырып дайындап кеттім. Түнде татарды сөйлесейік деп шақырдым. Ізімнен боқтанып жүріп келе жатыр. Пәшкілеп жиналған қарағайдың біреуін жұлқа тартып қалғанымда, татарды ағаш басты да қалды. Үні өшті. Талайдың аузын ластап жүрген азғын екен. Дін мұсылманы бар, кәпірі бар тозақтан құтқардым.
Қасына адам топтап жүретін бәріне әмірін орнатқан орыс бар деп естідім. Сол орыс адам азаптауға машықтанып алған. Адамдардың құлақ-мұрынын кесіп, тісін қағып алады деп лепіртіп айтатын. Бір күні мені шақырып алып сөйлес қылды.. Заң айтқан болды. Өз заңым барын қайдан білсін албасты орыс. Жан-жағыма қарасам пеш жанып тұр екен.Әлгі орысты бұтымен жағасынан бүріп ұстадым да, пешке атып кеп жібердім. Қасындағылар қайрат қыла алмады. Өкшебай-ау сөйтпесең, 17 жыл түгілі 17 күн жүре алмайсың», - деді.
Істемеуім керек еді деп өкінетінім ол былай: «Үшеуара бір ешегіміз бар, екі жеңгем қасымда тамақ іздеп ілбіп келеміз. Ауылдың шетінде отырған түрікменнің әйелі тандырға нан жабайын деп от жағып жатыр екен. Қасымдағы екеуіне бара беріңіздер, мен іздеріңнен жетемін деп қалып қойдым. Жинаулы тұрған қауыштың ығына Жантайып жатып едім, қалғып кетіппін. Аштың қалжырауы да. Ойым нан сұрап алу еді. Тандыр жаққа қарап едім. Нанның алды піскен екен. Қалыңның ішінен шығып барамын дегенше он шақты нанды тандырдан шығарды.
Таяп барып:
-Нан бер. Қарын аш, - дедім.
Сорына шығар. Бажылдай бастады
- Ит қазақ. Қаңғырған қазақ. Сен үшін нан жауып жатқаным жоқ. Қаңғыған қазаққа бергенше, өзімнің итіме бергенім жақсы. Кет жоғал диуана, - деді.
Ит дегені батып кетті. Түрікменнің сідіккөт, дамбал кимей жүретін жалаңбұт жаман қатыны да.
Үндемей тұрдым. Өз обалы өзіне. Әй біз осыларға ақ жұмыртқа сары уыз балаларымызды бір таба нанға бола беріп кетіп жүрміз. Қаңғыған қазақтан есіктің алдындағы Бөріалар төбет абыройлы. Уақытылы ас ішеді. Қан басқа шапты. Гүмін шегейін дедім. Абалаған күйі тандырға еңкейе бергенде, аяғынан көтеріп, тандырға салып жібердім. Шыжғырылды да қалды. Қасында екі бетте шөгіртек бар екен. Үстіне тастап жібердім де, нанды ала қаштым. Қамырында қоса алып кеттім. Жеңгелеріме түрікпен әйелдің өзі берді, дедім.
- Сібірде балаң қалды ма?
- Иә. Сібірде орыстың бір қайтпа келіншегін қатын қылдым. Қатынның төресі еді. Бір балам сол жақта қалды. Алып кетем деп едім, болмады. Сол баламның қайратына көңілім толатын еді, - деді қонақ.
Өкшебай «Көкжалым-ай» - деді. «Көкжалым-ай» дегенді қамығып айтты. Көзіне жас үйіріліп Өкшебай теріс айналып кетті. Қонақ адамды қозғайтын күйді шерте бастады...