Қалам ұшындағы Астана метаморфозасы

ӘДЕБИЕТ
2434

6-шілде – Астана күні. Атаулы күнге орай "Мәдениет порталы" бір топ ақындардың елордаға арнаған өлеңдер топтамасын ұсынады. Мархабат!

Ғалым Жайлыбай. Астанада, ақпанда

Белім шықпай жатқанда бесікте мен,
Керуен соққан кездерден көшіпті өлең.
Астанада Ақпанда, Ақ боранда
Әппақ-әппақ түстерді кешіп келем.

Ақпан әні, Астана, көшең де кең,
Ақ бораны – әппақ нұр десем бе екен?
Ел қондырған Есілдің жағасына
Есіл де есіл, есіл жұрт есен бе екен?

Барысқа да ұмтылар бақанды алып,
Қазақ деген – нар халық, атан халық.
Ұтылмаса жарады, жұтылмаса –
жалмауыздың аузында жаһанданып.

Тиер жерге мың тиіп мына маңдай,
Сыңар арман сыңсиды сыналанбай.
Құйқылжытқым келіп тұр қыстың әнін,
Құстың әнін жырлаған Тұмағамдай.

Үмітіңнің үрлетіп үр шырайын,
Нұр сұрайын саған кеп, жыршы қайың.
Айтулы ағам Айтұлы секілденіп,
«Бәйтеректің» басына бір шығайын.

Айдындардай жағама кеме қашқан,
Ортаймайын... Көлімде көне-дастан.
Қара өлеңнің қазанын қайнатайын,
«Қараөткелде ақын жоқ менен асқан».

Қара өлеңнің қазаны қайнағасын,
Астананың әз жұртын айналасың.
Ақпан киіп кірер ем Ақордаға,
Онда мені күтеді, қай нағашым!...

Есіл жұртта тосайын арысымды,
Есілге әкеп қосайын ағысымды.
Ақ дүниеге сыйлайды – ақын бақыт,
Жақындатып кетейін алысыңды.

Қосын қонғым келеді... қосұдай жыр,
Тоңған шығар жолымды тосып ай-нұр.
Астанада, Ақпанда, Ақ боранда,
Өлеңдетіп қояйын осылай бір...


Күләш Ахметова. Астана.

Өнерлі орда, аспаны ән,
Жаңбыр — нұрмен жуынған —
Көшіп кеттің, Астана —
Жауһар Жетісуымнан.
Алатаудан бата алған,
Арқадағы қаламсың.
Қаратаудан апарған
Қара мәрмәр қалансын.
Ақтауымнан алынған
Ақтастарым көрінсін.
Көкшетаудан шағылған
Көк тастармен өрілсін.
Асқақ тұрған қалпы — айбын,
Айбатымен танылсын.
Ағашынан Алтайдың
Айшықты есік салынсын.
Әміриаттан алғызған
Асыл шамдар ілінсін.
Ұсталарға салғызған
Ұлы сесі білінсін.
Аппақ Есіл аққанда
Айдың нұры ашылсын.
Ай орнына батқанда
Күннің нұры шашылсын.
Бір қарағай, бір емен,
Орманымдай созыл сен.
Көктен медет тілеген,
Қолдарымдай созыл сен!
Береке бол халқыма,
Әулетіме кие бол.
Сәулеттеніп жарқыра,
Дәулетіме ие бол!
Ұқсап ыстық құшаққа,
О шетің мен бұ шетің.
Ақсұңқардай ұшақтан
Ақылдылар түсетін.
Астана бол, аман бол,
Ақылман бол, амал бол.
Тайсалатын тәмам қол,
Тәуелсіздігіме қамал бол!
Қара өлеңім жететін,
Қайда барсын ол да ұзап?
Жалғыз — менің мемлекетім,
Жан далам да жалғыз-ақ.
Өс, Астана, өркенде,
Көзіңде — байтақ жерұйық.
Бүгін де және ертең де,
Ел мүддесінен не биік?!


Оңайгүл Тұржан. Жаңа Астана

Анау жақтан мойнын созып Көкше шың,
Санап тұрар әрбiр үйдiң текшесiн.
Әр күн сайын бара жатыр ұзарып,
Көшелерiң тық-тық басып өкшесiн.

Самал желi бұйра талды тарайды-ай.
Түнгi шамдар-ұжмақтағы арайдай.
Түнгi Астана сұлулығын қызықтап,
Оңға, солға шығып көрiп қарайды Ай.

Көк құрақтар Есiл суын көмкерiп,
Бойжеткен үй суға көзiн төңкерiп.
Көшелерден түрегелген фонтандар,
Қызғалдақтың күлкiсiне өртенiп.

Көрiктiден көркi артса неше есе,
Сөнiп қалған оттарымды көсесе.
Шiркiн, деймiн, мына жерге әкелiп,
Есiм ханның ескi жолын төсесе.

Есiлiмнiң көше сынды айдыны-ай!
Сол көшеге төгiлетiн ай нұры-ай!
Қасым ханның қасқа жолы бiр көше,
ол да жатса туралықтан айнымай.

Ұлы елiң сенiм артқан гүл-өңiр,
Сол жолменен сен де тура жүре бiл.
Дiлi менен тiлiн сақтапбабаның,
Тура жолмен келе жатсын ұлы өмiр!


Гүлнар Салықбай. *** 

Ән дарыған далада шыңға айналған Астанам,
Төбесінде жарқырап, күн байланған Астанам!

Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам,
Қыс та қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам...

Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам,
Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам!

Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам,
Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам.

Еркелеген Есілдің ағасындай Астанам,
Азаттықтың ақжолтай баласындай Астанам.

Көзін ашып, тұрғанша күн бесіктен, Астанам,
Бір жеңе алмай жарығын, түн кешіккен Астанам...

Мен қайтер ем түс болып, өң болмасаң, Астанам?!
Мен қайтер ем жаһанда сен болмасаң, Астанам?...


Ерлан Жүніс. Астана метаморфозасы

...Әр қаланың болады екен өз жаны!
Һәм
сүйегі,
қаны,
ары,
ожданы,
санасы мен сезімі де,
мұңы да,
ордалы ойдың орманы мен сөз бағы!
Арманы мен үміті де,
Сенімі,
Қасиеті мен киесі де – ең ұлы!
Туады олар,
Өседі олар,
Өледі,
Қала өмірі – халықтардың өмірі!
Ал өлімі – өркениеттер өлімі!

Жаяу – жалғыз,
Ат үстінде – көппіз біз!
Топырақпыз, желміз, сумыз, отпыз біз!
Сақта, Тәңір,
Жазмышты сөкпедік,
Заманаға тіл тигізген жоқпыз біз!
«Бар бол!» дедің...
Біз бар болдық,
Өрледік,
Шер де кештік,
Кер де кештік,
Өлмедік.
Малымыздың санын – даламен өлшедік,
Баламыздың басын санап көрмедік.
Айбатымыз – сыртқа,
Ішке – қайраты,
Халық болдық,
Қазыққа ат байладық.
Қобыз аршып,
қоңыр домбыра һәм жебе
жондық,
Қылыш қайрадық.

Сақта, Тәңір,
Әлһамдулләх, көппіз біз!
Домбырамыз, алдаспанбыз, оқпыз біз!
Дәуірлерді тежемедік,
Жоймадық,
Адамзатқа зиян қылған жоқпыз біз!
Сүйдік бәрін!
Бауыр дестік,
Аталы
Сөзге қонақ,
Тұрақ бердік баталы.
Анамыздың бауыры – кең жайлаудай,
Атамыздың қырық көш жер шапаны.

Жер бетінен жойылуға шақ қалып,
Тұрғанда да,
Аманатты ақтадық.
Қуғын көрдік – қанымызды бұзбадық,
Атылдық біз – арымызды сақтадық.
Бір қыранға қайран қылмас көп құзғын,
Шетін кетпей, шектен шықпай, шеп бұздым!
Біздің тарих ардан ғана тұрады,
Ұялатын ештеңеміз жоқ біздің!

Сақта, Тәңір!
Сақпыз,
Ғұнбыз,
Түркіміз,
Тұранда өскен тұлпар тектес тұрқымыз!
Ер Тоңғаның,
Тоныкөктің,
Тұмардың,
Әз Тәукенің,
Абылайдың жұртымыз!

Сөз киесін,
Ой салмағын,
Жыр құнын,
Қасиетін білдік дала ғұрпының,
Көшпендінің қара шаңырағымыз,
Отанымыз үш жүз миллион түркінің!

Қоныс қарап,
Қанша қала тұрғыздық,
Көшін бастап,
Керуенін жүргіздік.
Дұшпандарды талтаңдатып қашырдық,
Досымызды алшаңдатып кіргіздік!

Қақ маңдайда Хақ Тәңірдің оты бар,
Таңдайымда – түркілердің даты бар!
Тараз,
Сайрам,
Баласағұн,
Алмату,
Сүяб,
Сауран,
Сарайшық пен Отырар –
Қала салған бабалардың шырағы,
Түн ғасырын жарық етіп тұрады.
Көк кесене,
Түркістан мен
Сығанақ,
Бозоқ,
Сүткент – тарихымның тұмары!

Содан бері қанша дәуір алмасты,
Қанша кезең кезеңдерге жалғасты.
Қанша қала құм көшкенде – жұтылып,
Қанша кітапханаларды шаң басты!

Сақта, Тәңір,
Сақпыз,
Ғұнбыз
Түркіміз,
Дәшті Қыпшақ,
Дін Исламның кіртіміз!
Әл-Фараби,
Яссауи,
Һәм Махамбет,
Бұқар,
Абай,
Жамбылдардың жұртымыз!

Бер Тәңірі!
Тәңір берген текті жұрттың даласын,
Алтай менен Атыраудың арасын,
Алатау мен Шыңғыстаудың арасын,
Кең жайлаған күллі қазақ баласын,
Қосатындай бір биік,
Ғасырлардың іште кеткен наласын,
Ғасырлардың іштен біткен жарасын,
Достардың да аласын,
Дұшпанның да табасын,
Басатындай бір биік,
Дүниеге әр қазақтың кесімін,
Дүниеге әр қазақтың шешімін,
Дүниеге әр қазақтың есімін,
Дүниеге әр қазақтың есігін,
Ашатындай бір биік
Қала туды!

Ғасырларды жарып шыққан жан жайлы,
Қараңғыны қарып шыққан таң жайлы,
Қара қазақ – қайыспаған нар жайлы,
Һәм
Ар жайлы дастан еді бұл қала!
Көкіректен тарқатылған шер жайлы,
Көкірегін қалқан қылған ер жайлы,
Жарасынан енді айыққан жер жайлы,
Һәм
Сұңғыла ел жайлы дастан еді бұл қала!

Әр ғасырға бір-бір таудан жидырып,
Әр жылдарға бір бөрене идіріп,
Әр күндерге бір-бір кірпіш құйдырып,
Әр сағатқа бір шатырын жаптырып,
Әр минутқа бір-бір шеге қақтырып,
Әрбір сәті дайын тұрған сап құрып,
Туды дағы өсе берді гүл қала,
Әр сәт сайын Бәйтерегі ырғала,
Әр қазақты айналдырар тұлғаға,
Тұлғалықтың дастаны еді бұл қала!

Сақта, Тәңір!
Әлһәмдулләх, көкпіз біз!
Бәйтерекпіз, Самұрықпыз, доқпыз біз!
Көзімізді жоғары ұстау үшін де,
Сөзімізді төмен айтқан жоқпыз біз!

Паң Астана,
Патша Астана,
Өр болған,
Мыңжылдықтың қолындағы мөр болған,
Алты құрлық салтанаты өзінде,
Алты алашқа төр болған,
Ақын қала,
Аппақ қала,
Әз қала,
Кербездене, бой түзейді наздана,
Алты құрлық аңсары бір өзінде,
Алты алашқа тәж қала!
Биік қала,
Бекзат қала,
Бақ қала,
Сен – астана ғұнға, түркі, саққа да,
Алты құрлық назары бір өзінде,
Алты алашқа тақ қала!

Бер, Тәңірі!
Қала туды!..
Туады,
Туады әлі заманалар шуағы,
Тұрады әлі –
Бір қаланың өзінде –
Отыз миллион ұлы қазақ тұрады!..
Тұрады әлі,
Тұран – елдің бір аты,
Құзар шыңға қол созатын құлаты,
Мен арманшыл бір бала едім,
Арманым –
Үш жүз миллион Ер Түркінің мұраты!..


Қалқаман Сарин. Астана

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.

Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман…

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер
Қарайды әлі саған сәл қызғана.

Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің,
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.

Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,
Қашан да еркіндіктің құны басым.
Керіліп кербез далам көсіледі,
Сезініп бостандықтың шұғыласын!

Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,
Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам.
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!

author

Ерлан Жүніс

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...