Қалиакбар Үсемханұлы. Кездейсоқ ашылған құпиялық

ӘДЕБИЕТ
23097

(Әңгіме)

Шілденің бас шені. Күн аспан айналып жерге түсердей ыстық. Жан иесінің бәрі табақтай күнің табадай қақтаған ыстығынан қашып, көлеңке қуып кеткен. Үп еткен жел де жоқ, бөлмедегі қарапайым желдеткіштің өзі даркөріктей еріні пырылдап қанша үрлегенімен, демінен жалын бүркеді.

Алты айырғымнан тер кетіп, сорпам шығып, журналдың кезекті нөмірін дайындап отыр едім, телефоным шыр ете қалды. Асан екен. Кезінде фотосурет түсіруге біраз әуестеніп, журналға түсірген фотоларын жіберіп тұратын. Кейін апаратын сатты да, фотографтық кәсіпке қош айтқан. 

– Армысың Асеке? – деп телефонды көтердім. 

– Хал қалай Қалеке, кешегі журналдан маған біреу салып жіберші. Бекетке барсаң, сонда Алтайға жүретін таксилер тұрады, солардан беріп жібер, ақшасын өзім төлеймін, – деді бас-аяғы жоқ. 

– Асаке, қай журналды айтасыз? анықтап айтшы, – деп едім, «кеше екеуміз кезіккенде сенің қолыңда жүрген журнал бар ғой. Сол журналды мына қатын көремін деп көктей ерегесіп тұрмай ма» деп кіжінді. Көзіме оның екі езуі көбіршіп, көздері ақшиып, мұрты едірейіп тұрған бейнесі елестеп кетті. 

Бір пәленің болғанын сезе қойдым. Оның үстіне кеше Асан екеуіміз кездескеміз жоқ. Мен Үрімжіде, ол Алтайда жатса, қайдан кездескен. Амалсыз Асанның емеурінін баға сөйледім .

– А, кешегі журнал ма? Жарайды, бірақ бүгін үлгермеймін, ертең кеште беріп жіберейін. Айтпақшы, кеше мен саған үш журнал көрсеттім ғой, қайсысы керек саған? Әлде үшеуін де салайын ба? – дедім түсінбей тұрғанымды тұспалдап жеткізіп. 

– Бәрін салып қайтесің, мен бір қыздың фотосын түсіріп алып едім ғой, сол журналды жіберсең болды, – деді де, арғы жағындағы біреуге «Ертең жіберетін болды» деді зілденіп. Енді мен сасайын дедім, ол қай журнал? Қайдағы қыз? деген сұраулар миымды солқ еткізді. 

– Асеке-ау, үш журналдың ішінде кемінде бес-алты қыздың фотосы бар, мен қайдан білем сенің қай қызды түсіріп алғаныңды,- дедім бір белгі берер деген үмітпен. 

– Ой әлгі ақ көйлек киген қыздың фотосы бар журнал, – деп аз кідірді де, – мен қазір саған фотосын жіберейінші, – деп телефонды жаба салды. 

Аздан соң Асан ақ көйлекті қыздың фотосын ватцаптан жіберіп берді. Ат жақты, ашаң жүзді аққұба қызға ақ көйлек құп жарасыпты. Мұнтаздай аппақ кереуеттің үстінде басын сәл қисайтып, күлімсіреп отыр. Кереуеттің басындағы кішкентай қобдишаның үстінде үстел шырақ пен жылтыраған ақ шәйнек, қызыл күрең шай толтыра құйылған екі кесе тұр. Қызға қарап тамсанып, шайға қарап жұтынып қойдым. Әңгіме осы қызбен қатысты екені белгілі болды. «Жақсы, ұқтым, ертең салып жіберем» деп келте хат жаздым да, Асаннан хабар күттім.

Аздан соң Асан қайта телефон шалды. 

– Ойбай Қалеке, құтқар, жаңа қатын қасымда тұрған. Телефонымды ақтарып отырып, ана қыздың суретін көріп қойды да, «мынау кім?» деп бұлқан-талқан болғаны. Содан қапелімде аузыма сөз түспей «Үрімжіге барғанда Қалидың қолында бір журнал жүр екен, содан түсіріп алдым» деген едім, «Онда қазір Қалиға менің көзімше телефон шал, 2 күн ішінде сол журналды қолыма тигізбесең, менен жақсылық күтпе» деп шабынған соң, саған амалсыз телефон жалғадым ғой, сенен басқа біреу болса, артым ашылар еді, үһ, – деді, ит қуып келе жатқандай алқынып.

– Ойбай-ау Асеке, өзің құтылып, мені ұстап беріпсің ғой, мен қайдан табам ондай журналды, – деп бажалақтап едім, Асан алды-еркіме қоймады. 

– Қалеке, қайтсең де бір амалын тап, әйтпесе ана көкбет қатын ажырасып кеткеннен тайынбайды, екі бүйірін таянып, екі иығын жұлып жеп, бурадай буырқанып отыр. Қазіргі бейнесі қатын емес, көзін қан жапқан моңғолдың ноянына ұқсайды. Артым тағы ашылмасын десең, құтқар досым, – деп қиыла жабысты. «Қанша ақша алсаң да мейлі» деген сөзді қосып айтты да, телефонды жаба салды. Қасына қатыны кеп қалды деп ойладым. «Шық бермес Шығайбай» атанған Асанның «қанша ақша алсаң да мейлі» дегеніне қарағанда жағдай тым күрделі. 

 «Бөріктінің намысы бір» дегендей, ер азамат басымен қолқа салып тұр. Енді не істеу керек? Маңдайымнан сорғалаған терді алақаныммен сүртіп аз отырдым да, дереу журнал жасайтын дизайнер жігітті шақырдым. «Көше автобусымен пұшпақ- пұшпағымнан тер сорғалап үйге енді жетіп едім, қайта барам ба?» деп қиналғанына қарағам жоқ, «ішкі саясат басқармасынан телефон келді, тез жет» деп келте қайырдым. Жарты сағатқа жетпей ол да жетті ентігіп. Ыстықтан ба, жоқ әлде «не пәле болды екен» деп қатты қорқып кеткен бе, өңі өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті. 

– Аға, не боп қалды, – дейді есіктен кіре көзі алақ-жұлақ етіп. Қорқақ, аңқау жігіт еді, «ішкі саясат» дегенге тіпті үрейі ұшып кеткен көрінеді. Бейшараның зәресін алмайын деп оған болған жағдайды айтып, «осылай да, осылай, мына қыздың фотосы басылған журнал керек» деп түсіндірдім. 

– Ой аға, сөйтіп айтпайсыз ба енді, ыстық күнде адамның зәресін алмай,- деп қарсы алдында тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетті де, оң қолымен кеудесін басып, көзін жұмып шалқалай берді. Онысына да қарағам жоқ, жұмысқа кірістік. 

«Адам және табиғат» журналының жұрт қолында жоқ-ау деген бір-екі жыл бұрынғы санын таптық та, ортасынан екі бетті алып тастап, орнына әлгі қыздың фотосын қосып «ауылдағы арулар» деген тақырыппен төрт бетті қайта беттедік. Қапелімде оған қосатын фото таппай, өзіміздің телефонда жүрген фотоларды да қосып, төрт бетті әзер толтырдық. «Аға, ертең біздің қатындар көріп қойып, шу шығып жүрмесін» деп дизайнер жігіт әзілдеп қояды. Сезіліп қалмас үшін мазмұнын да қайта жасап, сурет авторына танымал фотограф досымыз Ермек Алтайдың есімін жазып, зауытқа алып бардық. Біздің үш айда бір журнал бастыратынымызды әбден білетін зауыттағылар «бұлар неге келді» дегендей аң таң. «Тыныштық па?» деді олар да ит көрген ешкі көзденіп.

Ақшасын берейік десең немесе басқа себеп айтсаң бұлардың бес журналды баспайтыны анық. Басқа сылтау айттым. 

– Журналдың мына нөмірінен үлкен саяси қателік кетіпті. Біреу партия комитетіне осы жайлы шағым жазыпты. Олар «журналды тексереміз, алып келіңдер» деді. Біз қателікті түзетіп алып келдік, – деп мүсәпірсідім де, «егер олар қателікті байқаса, біз біттік, сендерді де оңдырмайды-ау» деп төндіріп қойдым. Менің кейпім не жырғап тұрғанын кім білсін, қасымдағы серігімнің көз жанары өшкіндеп, екі ұрты суалып, қатты уайымдап тұрған адамнан аумай тұр. Партия десе, пұтына жіберіп қоятын қытайлар көздері шарасынан шығып аз тұрды да, әй-шайға қарған жоқ, әп-сәтте 5 журналды қайта басып, түптеп қолымызға берді. Бір тиын ақша да алмай, бізге «сәттілік» тілеп қала берді. 

Ой, қуанғанымыз-ай. Қытайлардың көзінен таса бола бере, тап бір қатынымыз ұл тапқандай қуанып, екеуіміз де секіріп-секіріп кеттік. 

Ертесі 3 журналды қолымызбен ұйпалап, қағазын аздап «көнерттік» те Алтайға салып жібердік. 

Журналды алған Асекең есіктен кіре әйелінің басына ақтырыпты. «Мә көр» депті қоқиланып, екі күннен бері жүні жығылып, өтірігім ашылып қала ма деп қылпылдап жүргені ойда жоқ. Журналды қолына алған әйелі парақтап, әлгі қыздың фотосын көрген соң, көңілі орнына түссе керек, «Жаным, ренжімеші» деп жатып кеп жалыныпты. Арасында «Қайдағы қаншықтың суретіне бола сонша жынданып нем бер еді» деп өзін-өзі де сыбап қояды дейді. Ол жалынған сайын Асекең жатып кеп тулапты. Сосын қатты ашуланған күйеуінің көңілін аулау үшін келіншегі Асекеңнің қалтасына ақшасын салып беріп, «3-4 күн демалып кел» деп  ашуын әзер басыпты. Осының бәрін телефонда айтқан Асан бірер күнде Үрімжіге келіп, біздің ерен еңбегіміз үшін ерекше дастарқан жаятын болды. 

Арада төрт күн өткенде Асан бізді Үрімжідегі Алмалы ресторанына қонаққа шақырды. Күн жұма еді, кеште қайда барсақ екен деп дизайнер жігіт екеуіміз де бір-бірімізге жалтақтап отырғанбыз, қуанып кеттік. Әсіресе, салқын сыраны ұнатып ішетін дизайнер жігіт ернін сылып еткізіп, орнынан секіріп тұрды. Күн ұясына батып, сам жамыраған шақта Алмалыға келдік. Асан бізді есік алдында күтіп тұр екен, анадайдан жүгіріп келіп құшақтап, «рақмет досым, керемет құтқардың» деп арқамнан қақты. Екі езуі екі құлақта, ыржың-ыржың етеді. Тап бір жоңғарларды ойсырата жеңіп, олжалы қайтқан сардардай масайрап тұр. 

 Аман-сәлемінен кейін Асанға еріп ішке кірдік. Ат шаптырымдай үлкен ресторанның ішіндегі айырым бөлмесін алған екен, кірсек, іште аққудай сызылып бір қыз отыр. Өңі таныс сияқты. 

– Танысып қойыңдар, аты Шолпан, сіздердің фотосын журналға басқандарыңызға рақмет айту үшін с-о-н-ау Алтайдан арнайы келіп, осы дастарқанды жайып отыр, – деді Асан әлгі қызды нұсқап. 

– Менің фотомды журналға басқандарыңызға рақмет, – деп, қыз орнынан тұрып, бізге ілтипат көрсеткенде барып, бізді әбден әуреге салған ақ көйлекті қыз есімізге түсті. Бірақ, ол бізге де, Асанға да алғыс айтқанына қарағанда, болған жайдан хабарсыз сияқты... 

Ертесі Асандар қайтып кетті. «Асан екі жеп биге шықты-ау, сонша пәлден қорғап, аман алып қалсақ, көрсеткен сыйын көрдің бе? Оның ақшасының өзін ана қызға төлетіп кетті» деп дизайнер жігіт біраз өкпелеп қайтты.

Екі күннен кейін бір әйелден телефон келді. Өзін Асанның әйелі Ақгүлмін деп таныстырды. Ішім қылып ете қалды, бірақ сездірмеуге тырысып қайыра есендік сұрадым. Ол да жайбырақат көрінді. Дегенмен аман-сәлемнен кейін «сөйлесуге қолайлы ма?», – деді бір бұйымтай айтатын сияқтанып. «Иә, қолайлы, айта беріңіз» дедім тобық жұтқандай қылғынып.

– 2018 жылғы маусым айындағы журналға сен кезекші болыпсың, иә, – деді.

– Мүмкін солай шығар, оған да 2-3 жыл болды ғой, есімде қалмапты. 

Айтарға болмаса, қол-аяғым дірілдеп кетті.

– Кезекші редакторы Қали Ермантай деп тұр. Жақсы шығыпты. Суреттер де әдемі екен. «Ауылдағы арулар» деген тақырыппен берілген суреттерді кім түсірген? 

Енді шындап сасайын дедім. Мына қатын бірдеңені сезген тәрізді.

–Ермек Алтай деп жазулы тұр ғой, – деп едім, – иә, жазулы тұр, көрдім, бірақ Ермек түсірген фотоға ұқсамайды,- деп сық-сық күлді. 

– Неге ұқсамайды? Ермек мықты фотограф қой, – дедім сөзден жалтарғансып.

–Ермек мықты фотограф болса болар. бірақ мына фотоны Ермек түсірген жоқ деп кесіп айта аламын, – деп ол онан арман күлді. Асан болған жағдайды түгел айтып қойған екен деп ойладым. Десе де, оспақтап тұр ма деп ойлап, сыр суыртпақтадым. 

–Сіз бұл қызды танушы ма едіңіз?

– Жоқ танымаймын. Асан да жай адам емес, ең сұлуын таңдап жүріп түсірген сияқты ғой.

– Ол не дегеніңіз? әдемі қыз болған соң қызғанып тұрсыз ба? Бұл фотомен Асанның қатысы қанша? Суреттегі адамның кім екенін танымасаңыз, қайда, қашан түсірілгенін білмесеңіз, ондай сәуегейлік жасамаңыз, – дедім дауысымды қатайтып. 

– Сәуегейлік жасап тұрған ешкім жоқ, суреттің қашан түсірлгенін  білмеймін. Бірақ суретті Асан түсіргенін фотоның өзі айтып тұр. Бұл фото қонақ үйде түсірілген, оны Асан жартылай жалаңаш, дамбалшаң тұрып түсіріпті, – деді ол. Дауысы да қаталдау шықты. Шошып кеттім.

– Дамбалшаң тұрғаны несі? Оны кім айтты? – деппін сасқанымнан.

– Ешкім айтқан жоқ, фотоның өзі айтты. Өткенде Асан әкеп қолыма ұстатқанда анықтап қарамаппын. Бүгін қарап отырсам, барлық құпиялықты сол фотоның өзі айтып тұр екен емес пе. 

– Қойыңыз, қалжыңдамай. О заман да, бұл заман дамбалшаң жүріп фото түсіретін фотографты көргем жоқ, – дедім. Тапқан сөзім сол болды.

– Көрмесең көр енді. Анау қыздың алдында тұрған ақ шәйнекке анықтап қарасаңдаршы, досқа күлкі, дұшпанға таба болмай, – деді де, телефонды жаба салды. 

Жау қуғандай журналға жүгірдім. Журналды алып қарасам, мәссаған, қыздың алдындағы ақ шәйнекте ақ дамбал киген, қарыны салақтаған адамның фотоға түсіріп тұрған сұлбасы тұр... 

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...