Георгий Андреевич санаулы физиктердің арасында Мәскеуде ғана танымал адам болатын.Мамыр айының...
Әл-Фарабидің өмірбаянын жазудағы олқылықтар
Біз «Отырардың зерттелмеген тарихы немесе Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірбаянына қатысты күмәнді деректер» атты мақаламызда Екінші Ұстаз атанған Ұлы Ғұламаның өмірбаянының Кеңес Одағы идеологтарының ықпалымен бұрмаланған деректері жайында жазған болатынбыз. Енді, сол мақаланың жазылуына не себеп болды және Ұлы Ғұламаның өмірінің қазірге белгілі деректерін пайдаланып, жобамен өмірбаянын қалпына келтірсек дейміз. Бәрі де Ұлы Ғұламаның кіндік қаны тамған жері Отырардағы мемлекеттік археологиялық қорық музейінен басталды. Музейде әл-Фарабиге арналған бөлме бар екен. Онда «Алғашқы сауатын туған жерінде өз тілінде ашқан ол 12-16 жас шамасында керуенге ілесіп, білім іздеп «Байт әл-Хакма» атты ғалымдар үйі мен бай кітапханасы бар Бағдатқа барады» деп жазылыпты. Мен қайран қалдым. Себебі, мен бұрын оқыған Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты тарихи романында Әбу Насыр 24 жасқа келгенде әкесі қастандықпен өлтіріледі. Осыдан жобамен екі жыл өткенде, 26 жастар шамасында Бағдат халифын қорғайтын таңдаулы түріктерден құралған гвардияға Отырардан іріктеліп жүз жігіт алынып, Әбу Насыр осы жүз жігітке басшы болып Бағдатқа аттанады. Ұлы Ғұламаның туған жеріндегі музейдің деректері мен оның өмірін баяндайтын тарихи романның деректері тіптен қарама-қайшы.
Мен өз көзіме өзім сенбей аудандық кітапханаға келіп, кітапханашы қыздан Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты романын сұрадым. Менің қазақша да, орысша да оқи беретінімді білетін кітапханашы қыз маған осы романның орысшасын әкеліп берді. «Возвращение учителя» . Алматы . Қазығұрт баспасы.2010 жылы шығарылған. Мен үшін қазақша-орысшасы бәрібір. Мен кітапты парақтап, керекті бетті тез-ақ тауып алдым. Бірақ, о ғажап. Кітаптың 66 бетінде «…к тому времени Абу Насру уже минуло восемьнадцать лет…» деп жазылып тұр. Мен кітапханашы қыздан енді осы романның қазақшасын тауып беруін сұрадым. Аздан кейін ол да табылды. Ә. Әлімжанов. «Ұстаздың оралуы» Алматы 1981ж. 56 бетте «…бұл кезде (әкесі өлер кезде) Әбу Насыр болса 24-ке толған…» Мен бұдан отыз жыл бұрын оқыған романдағы деректің есімде жақсы сақталғанына риза болсам да, осы романның орысша аудармасы мен Ұлы Ғұламаның туған жеріндегі музейдегі мәліметтерге түсінбей қайран қалдым. Бүкіл әлем мойындаған Ұлы Ғұламаның өміріне қатысты үш түрлі дерек шықты. Рас, Әнуар Әлімжанов ағамыз романды қорытындылай келе «…Ұстаздың өзі де, замандастары да оның өмірі жайлы еш дерек қалдырмапты» деп ескертіп кетіпті. Сонда, романдағы орысшасында «18 жасында…», қазақшасында «.. 24 жасында әкесі қастандықпен өлтірілді…» деген дерек жазушының қиялынан шыққан болып шығады.
Ұлы Ғұлама туралы шындыққа неғұрлым жақын, көңілге неғұрлым қонымды ой айтқан өз ағамыз өзбек ғалымдары болыпты. Мұзаффар Хайруллаев бастаған өзбек ғалымдары қазақ ғалымдарының салғырттығын пайдаланып, әл-Фарабиді өзбек қылып алмақ та болады. Тек Ақжан Машановтың бұлтартпас дәлелінен соң ғана Ұлы Ұстаздың қазақ жерінің тумасы екенін мойындауға мәжбүр болған. Сонда да болса, олар жазған деректер шындыққа әлдеқайда жақын. М.Хайруллаев былай деп жазады: «Орта Азиядан кетпей тұрғанда әл-Фараби Шаш пен Самарқанға соғып, біраз уақыт Бұхарада оқып, жұмыс істегені туралы әдебиетте деректер бар. Ол Бағдатқа барар жолда Иранның көптеген қалаларында: Исфахан, Хамадан, Рей (Тегеран) және т.б. болады. Фараби саяхатқа шығып, Бағдатқа келген уақыты белгісіз. Кейбір дереккөздерде ол Бағдатқа халиф әл-Мұхтадирдің тұсында келгені туралы айтылады» дейді. Ал, әл-Мұхтадирдің халифтік құрған уақыты 908 жылдан 932 жылға дейін. Өзбек ғалымдарының дерегі бойынша Ұлы Ұстаз Бағдатқа ең ерте дегенде 908-870=38 жасында, ал, ең кеш дегенде 932-870=62 жасында келген болып шығады.
Ал, 1988 жылы шыққан Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы мен 1998 жылы шыққан Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында (қазірше соңғы шығарылым) жазылғандарды түсіну мүмкін емес. Онда алдымен 12-16 жасында керуенге ілесіп Бағдатқа кеткен дей келе, кейіннен тағы да өзбек ғалымы Хайруллаевтың пікірін жазып қойыпты. 12-16 жасында Бағдатқа кетіп қалған әл-Фарабидің қай уақытта Шаш, Самарқан, Бұхара қалаларында оқып, жұмыс істеп жүргенін енді түсініп көріңіз. 1977 жылы шыққан Үлкен Совет энциклопедиясында: «Әл-Фараби ғылыми білімді Халеб (Алеппо) және Бағдат қалаларынан алды» деп бір-ақ кесіпті. Бұның бәрі Кеңес Одағы идеологтарының «бұрын түркілердің жазу-сызуы болмаған. Мал соңынан көшіп жүріп, мал баққаннан басқа ештеңе білмеген, надан халық болған» деген Ұлы Орыстық шовинистік теориясымағына ыңғайланып жазылған бұрмалаулар болатын. Енді, осыдан кейін «қазіргі жастар кітап оқымайды, қазіргі жастар сауатсыз» деп кінәлаудың қаншалықты орынсыз екенін өзіңіз де түсіне берерсіз. Оның үстіне қазіргі жазғышбектердің бар әлемнің тарихы өз руынан басталғандай қылып көпіртіп жазған еңбектерін қоссаңыз, қазіргі жастарға кітап оқып миды ашыту қажет пе деген де ой туады. Осы жерде 5 маусым 2013жылы Мемлекеттік хатшы Марат Тажиннің төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасының Ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында тарихты қайта зерделеу туралы Қазақстан тарихшыларына берілген тапсырма еліміздің болашағы үшін, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп,отаншылдық рухта тәрбиелеу жолында жасалған нақты дұрыс қадам болды.
Түрлі «измдермен» уланып, бұрмаланған деректерге сыни көзбен қарап, електерден өткізіп, қазіргі ашылып жатқан жаңалықтармен толықтырып, ұлттық тарихты қайта жазып шығу туралы тапсырма, егемендік алғаннан 22 жыл өткенде емес, бұдан 22 жыл бұрын қолға алынуға тиісті, егеменді мемлекетіміз үшін өте маңызды шара еді. Әлі де кеш емес. Әсіресе, рушылдыққа бой алдырып, лағып бара жатқан жазғышбектерге тыйым салып, Мемлекет басшысы «Бүкіл қазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс» деп көрсеткендей елді біріктіретін ұлттық тарих жазу еліміз үшін өзекті мәселе.
XIX ғасырдағы Ресей діни қызметкері Клапрот қазақ жерін аралап көріп, былай деп жазыпты: «Мен қазақтың ұлы жүзін де араладым, орта жүзін де, кіші жүзін де араладым. Бір таңқаларлығы, олардың арасында ешқандай айырма, диалект, наречия деген атымен жоқ. Бәрі таза бір ғана тілде сөйлейді». Қазақтар Еуразияның ең байырғы автохтонды халықтарының бірі. «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ. Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рол атқарып келді. Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныс аударумен болған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес бірнеше рет өзгертті» – деп Елбасымыз атап көрсеткендей, қазақ халқының тарихы теңдесі жоқ Ұлы Тарих. Бұған дейін біз пайдаланып жүрген тарих «қазақ халқы мал баққаннан басқаны білмеген надан халық» – деген далбаса «ұлы орыстық» шовинизммен уланған Кеңестік идеологтардың ойдан шығарған өтірігі болатын. Шын мәнісінде исі түркінің қара шаңырағында орналасқан қазақ халқының орыстар түгілі, өздерін ақсүйекпіз деп жүрген еуропалықтардан да әлдеқайда бұрын өзінің төл жазу-сызуы, жоғары өркениеті болғаны, басқа халықтарға өркениетті үйреткен халық болғаны қазір дәлелденген шындық. Сол түркілердің жоғары өркениетінің, ғылым-білімінің қазіргі тарихта белгілі әлем мойындаған дара тұлғасы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз. Әрине, түркі тарихында бізге жетпей еңбектері жойылып, аты-жөні ұмытылып, тарих тереңіне кеткен небір Ұлы Ғұламалардың өткені даусыз. Әбу Насыр әл-Фараби мен Арыстанбаб әулиелер оқып, білім нәрінен сусындаған Отырардың теңдесі жоқ кітапханасы аспаннан түскен жоқ қой. Бұл қаншама ғалымдардың жүздеген жылдық еңбегінің жемісі екені даусыз. Біздің дәуіріміздің I ғасырының өзінде алыстағы Египет ғалымы Птоломей жазғандай әлемдегі ең үлкен кітапхананың бірі болған Отырар кітапханасы Әбу Насыр әл-Фараби мен Арыстанбаб заманында, Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін қаншама ғалымдарды тәрбиелеп шығарып, қаншама ғалымдар тер төккен ғылым-білімнің Ұлы Ордасы болғаны сөзсіз. Ең өкініштісі сол мыңдаған жылдар бойғы түркі өркениетінің, ғылым-білімінің алтын қоры сақталған осы қасиетті білім ордасы Шыңғыс ханның қолымен жойылып, ондағы ғылым-білімнің қорларымен қоса, сол түркі ғылымына еңбек сіңірген небір Ұлы Ғұламалардың аты да мәңгілікке жойылғаны. Алыстағы араб-парсы елдерінде деректер сақталып қалуы арқасында ғана бізге белгілі болып отырған Ұлы Ғұлама қазіргі белгілі түркі ғылымы өкілдерінің ішіндегі ең бетке ұстар туы іспетті ірі тұлға. Бірақ, сондай әлем мойындаған Ұлы Ғұлама туралы туған жеріндегі музей мен Қазақстан Ұлттық энциклопедиясындағы көрсетілген деректер егемендік алғанына 22 жыл болған Қазақстан мемлекетінің тарихшы ғалымдары үшін сын көтермейтін ұят іс. Сондықтан да , қазіргі жинақталған мәліметтерді зерделей келе Ұлы Ғұламаның өмірбаянын қалпына келтіруге тырыстық. Ол шамамен былай болып шығады:
Ғұламаның толық мұсылманша аты- Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки. Ат-Турки атауы ғұламаның тегі түрік екенін білдіреді. Ол заманда қазақ, өзбек, ноғай, татар деген ұлт аттары атымен болмаған. Бұл атаулар Шыңғыс ұрпақтары таласының нәтижесінде, бүтін бір халықты бөлшектеуден кейін пайда болған атаулар. Сондықтан, Ұлы Ғұламаны ұлтқа, руға бөлмей-ақ, бүткіл түркінің мақтанышы деген орынды болады. Ал, кіндік қаны тамған жері Фараб қаласы.
Жалпы түркілер мекен еткен Орта Азия аймағында үш Фараб атауы тарихта сақталыпты. Оның біріншісі қазіргі Түркіменстан жерінде, Чарджоудың қарсы бетінде, Әмударияның қарама-қарсы жағалауында; екіншісі қазіргі Өзбекстан жерінде, Самарқанның оңтүстік-шығысында орналасқан; ал, үшіншісі Қазақстанда, Отырар шұратындағы Фараб қаласы. М.Хайруллаев бастаған өзбек ғалымдары Ұлы Ғұламаны өзбек етіп меншіктеп кетпек болғанда, оның Қазақстандық Фарабтың тумасы екенін дәлелдеп шыққан, жатқан жерің жайлы болғыр Ақжан әл-Машани ағамыз болатын. Ол кісі күншілдердің түрлі аяқтан шалу, қастандық әрекеттеріне қарамастан әл-Фараби ғұламаны елге оралту, қазаққа таныту, әлемге мойындату жолында көп еңбек сіңірді. Осы жерде айта кететін бір нәрсе, осы күнге дейін Әбу Насыр әл-Фараби деп біз көрсетіп жүрген суреттер мен мүсіндер өзбек ғалымдарының Ұлы Ғұламаны өзбек етіп меншіктеп алмақ болып, ертерек қамданып, алдын ала жариялап жіберген суреті болса керек. Ал, нағыз Ұлы Ғұлама туралы замандастары мынандай дерек қалдырыпты: «Әл-Фарабидің бойы орташадан төмен, ылғи да түрік киімін киіп жүреді екен. Ол мықты , күшті және ержүрек болған. Жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дәл тиетін деседі». Кезінде Ақжан ағамыз Ұлы Ғұламаның замандастары салған суретін тауып, жариялаған да болатын. Ол суретте Ғұлама дөңгелек жүзді, басына қазақы бөрік, үстіне қазақы шапан киіп, белін кемер белдікпен буынған нағыз қазақ дерсің. Бірақ, бұған назар аударып, қателікті түзетпек болған ешкім де болмапты. Өзбек ғалымдары алдын ала жариялап жіберген, өзбекке ұқсас сурет сол күйі қалып қойыпты. Сонымен, Ұлы Ғұламаның кіндік қаны тамған жері Отырар шұратындағы Фараб қаласы. Қазір ол қаланың (Уасижд) орнында Оқсыз деп аталатын төбе бар.
Ғұламаның азан шақырып қойған аты –Мұхаммед. Ғұламаның әкесінің де аты Мұхаммед. Атасының аты –Тархан. Бабасының аты Узлағ. Ғұламаның да, әкесінің де аттары Мұхаммед болып келуіне қарағанда бұл әулет ислам дініне нағыз берілген әулет болса керек. Ғұламаның өз замандастары жазып қалдырған деректерге қарағанда, ол әскери өнерге өте мығым, атқан оғын нысанаға дәл тигізетін болған деседі. Бұл Ғұламаның жастайынан ат құлағында ойнап, аң аулап, садақ атып, әскери өнерге бейімделіп өсетін нағыз түркілердің арасында өсіп, ер жеткенін көрсетсе керек.
Ғұлама алғашқыда қазы(сот) болып жұмыс істеген, кейіннен ғылымға қатты ден қойып, бұл жұмысты тастап кеткен дейді бір деректер. Ал, қазы болып жұмыс істеу үшін өте жоғары білімді, тиісті қорытынды жасап, шешім шығару үшін алғыр да зерек болып, тиесілі заң ережелерін мүлтіксіз білуге тиіс. Осыған қарап Ұлы Ғұламаның жас кезінен-ақ ерекше білімге алғырлығымен, ақылдылығымен көзге түскенін байқаймыз. Алғыр да дарынды жасты күніге дау-жанжалды тыңдап, өтірік пен шынды, ақ пен қараны ажырату үшін, күніге неше түрлі адамдарды тыңдап, шешім шығару мезі етсе керек, ақырында бұл жұмысты тастап, біржолата ғылымға ден қойыпты. Дарынды жастың ғылымға деген құштарлығын ол кезде әлемде теңдесі жоқ Отырардың Ұлы кітапханасы аша түскен сияқты. Осыдан бастап Ұлы Ғұламаның табылатын орны Отырар кітапханасы болса, араласатын, пікірлесетін ортасы осы кітапханада бас қосатын ғұлама-данышпандар болса керек. Осы ғалымдардың арасында жас Мұхаммедке ғылым-білімді үйреткен көптеген ұстаздардың да болғаны даусыз. Олардың арасында тіптен Ұлы Ғұламадан да жоғары, терең білімді ғалымдардың болуы мүмкін. Бірақ, олардың еңбектері де, аттары да Шыңғыс шапқыншылығы кезінде мәңгілікке жойылған. Енді оларды біз ешуақытта біле алмайтынымыз өкінішті. Ол заманда Отырар-Фараб қаласының ғылымының өте жоғары деңгейде болғанын Бағдат халифтерінің сенімді уәзірлері, осы Фарабтан болғаны дәлелдеп тұрса керек. Халифке ақыл қосатын уәзірлердің терең білімді адамдардан таңдалатыны даусыз. Бір өкініштісі осы уәзірлердің де аты-жөндері сақталмапты.
Ұлы Ғұлама Отырарда жүріп-ақ өзінің терең білімімен атағы кеңге жайылса керек. Олай дейтін себебіміз, Түркістанның Саманидтік билеушісі Мансур ибн Нух Ұлы Ғұламадан кітап жазуын өтініпті. Сол өтініш бойынша Ғұлама «әт-Тағлим ас-Сани» (Екінші ілім) деп атаған еңбегін жазып шығыпты. Бұл кітап бүгінгі күнге жетпеген дейді ғалымдар. Бірақ, кезінде көптеген ғалымдар бұл еңбекті оқып, көп білім алғанын, бұл еңбектің өте құнды, ғылымға қосқан үлесі өте зор болғанын айтады. Өзін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкіртімін деген, кейін бүкіл әлем мойындап медицинаның атасы атанған Әбу Әли ибн Сина (Авиценна) осы «әт-Тағлим ас-Сани» еңбегін Иранның Исфаһан қаласындағы «Сиуан ал-Хикма» атты кітапханадағы көшірмесінен оқыған екен. Фарабитанушы Әнел Әзімхан деген ғалым «Ибн Синаның «Арылу кітабы» (Книга исцеления) әл-Фарабидің осы «Екінші ілім»деген энциклопедиялық еңбегінің қысқартылып, өңделген нұсқасы болып табылады» дейді. Ибн сина Ұлы Ғұламаны «Шейх Фараби» деп атаса, кейінгі кездегі Шығыс ғалымдары оларды бөліп- жармай «Қос Фараби» деп атапты. Ұлы Ғұламаның «Екінші Ұстаз» атануы осы еңбегіне байланысты берілген атау дейді замандастары. Әл-Фараби дүниеге келерден бір ғасырдан астам бұрын түркілердің үлкен мәдени орталығы болған Фараб қаласы бейбіт жолмен ислам дінін қабылдаған болатын. Ол кез санасы ашық әрбір мұсылман баласы ислам діні ғылымымен шұғылдануды парыз еткен. Әбу Насыр әл-Фарабидің де араб тілді ғалымдар санатына қосылуы осы кезден бастау алады. Қасиетті Құран Кәрім тек діни қағидалар жинағы ғана емес, сонымен қатар талай ілімнің құпия кілтін бойына бүккен ғаламдық кітап болғандықтан, Әбу Насыр әл-Фараби бүкіл ислам ғалымдарына парыз болған – иджтихат (ойлау қабілетінің шыңына жету үшін беріле еңбек ету) және муджтахит (иджтихатпен шұғылданған адамдардың өз жаңалықтарын Құран Кәрім мен Хадис Шариф-парыз-сүннет амалдарына негіздеп отыруы) жолына түскен. Әл-Фараби мен Ибн Сина нағыз шынайы дінді философия деп санаған және философияны діннің жүрегі деп есептеген. Ибн Сина философия мен оның әдістемесін діни қағидаларды талдау мен түсіндіруге пайдаланған және философия сопылық ілімнің негізі болып табылады деп есептеген. Әл-Фараби Құрандағы болмыс, Алланың заты, сипаты, саналар әлемі, мемлекеттік жүйе, кемел адам мен кемел қоғамның мәнін рухани арылуға және рухтың дамуына негіздейді. Ибн Сина да Құрандағы рухани хал-ахуалды сөз еткен.
Ұлы Ғұламаның «Екінші Ұстаз» атануы осы еңбегіне байланысты және бұл атау Ұлы Ғұламаға Орта Азиядан кетпей тұрғанда берілгенін ескерсек, қазіргі ғалымдардың әл-Фарабиді Аристотельден кейінгі Екінші Ұстаз атап жүргені еуроцентристердің қалайда түркі текті мұсылман ғалымының алдындағы бірінші орынға еуропалықты тықпалап жүрген жалғандық сияқты. Бұл кезде әл-Фараби әлі грек ғылымымен түпкілікті айналыса қоймаған болатын. Ал, шын мәнісінде бұл еңбектің «Екінші ілім» аталуы ислам дінінің №1 қасиетті кітабы Құран Кәрімнен кейінгі «Екінші кітап» деп берілген атау сияқты. Құранда дүниенің жаратылуы, Алла мен адамдардың байланысы, пайғамбарлар өмірінен ғибраттар, адалдық, әділдік, иман мен қанағат, рухани байлық туралы түсіндірсе, әл-Фараби бұл еңбегінде кемел адам мен кемел қоғамның мәнін рухани арылуға және рухтың дамуына негіздей отырып түсіндірген сияқты. Алла көрсеткен тура жол-ислам дінін адамдарға жеткізіп, үйретуші «Бірінші Ұстаз» Мұхаммед пайғамбар десек, Құран Кәрімнің қағидаларына сай адамдарды жаны мен тәнін қоса рухани арылуға, кемелденуге үйрететін ілім деп осы әл-Фарабидің «Екінші ілім» атты кітабын мойындаған сияқты.
Ортағасырлық фарабитанушылар Отырардан шыққан ұлы философты: «Әл-Фараби – нағыз мұсылман философы. Ол бұл пән бойынша күллі мұсылман философтарын қуып жетті». «ол Алла тағаланың рахымы түсіп, кемеліне келген философ, мейірімді имам, мұсылман құқығының нағыз білгірі ретінде танылады». «Әл-Фараби- ислам дінінің ғұламасы, данышпаны» – деп құрметтейді. Көріп отырғанымыздай ортағасырлық фарабитанушылар грек ғалымы Аристотель туралы сөз айтпайды. Сондықтан да, Ұлы Ғұламаны мұсылман ойшылдары Мұхаммед пайғамбардан кейінгі «Екінші Ұстаз» деп атаған деп ойлаймын. Ұлы Ғұламаның пайғамбармен атының да сәйкес келуі, бірінші Мұхаммед-пайғамбар, екінші Мұхаммед-Ұстаз атануына себеп болған сияқты. Осы жерде айта кететін бір мысал: Отырардан шыққан тағы бір ғұлама , Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстанбабты араб, парсы деп шатастырып жүр. Бұл да кезінде орыс идеологтарының «қазақтарда бұрын жазу-сызу болмаған, надан халық болған» деген жалған теориясының біздің қанымызға әбден сіңіп кеткенінің әсері болса керек.
Арыстанбабтың Мұхаммед пайғамбардың сахабасы болуы мүмкін емес, себебі, арада 400 жыл жатыр.
Пайғамбардың аманатын жеткізу деген, қолдан-қолға зат жеткізу емес, пайғамбардың ілімін жеткізу деген мағынада айтылған.
Мұхаммед пайғамбардың жанында 33-діннің негіздерін білетіндей өте жоғары білімді адамның болғаны туралы дерек кездеспейді. Мұндай жоғары білімді адам қаншама ғасырлар бойы Шығыс пен Батыстың күре тамырында орналасып, әлемнің түрлі елдерінің ілім-білімін жинақтаған Отырар кітапханасының білім нәрінен сусындаған адам ғана болуы мүмкін.
Қожа Ахмет Яссауидің өз еңбектерін таза түркі тілінде жазғанынан, оның ұстазы Арыстанбаб та түркі тілінде тәрбиелеген деп есептейміз.
Арыстан деген атаудың өзі таза түрік сөзі.
Арыстанбабтың жанында жерленген Қарғабаб, Лашынбаб атаулары да бұлардың таза түркілік атаулар екенін білдіріп тұр. Сондықтан да, Арыстанбаб та ешқандай да арабтан немесе парсыдан келген сахаба емес, таза түркі ғұлама сопысы деп есептеймін. Ұлы Ғұламаның исламдық дәстүрге сай Әбу Насыр атануынан оның Отырарда жүргенде үйленіп, отбасылы болғанын, оның бір баласының аты Насыр болғанын білеміз. Ғұламаның Насырдан да басқа ұл-қыздары болуы мүмкін. Бірақ, олар туралы дерек бізге жетпеген.
Ұлы Ғұламаны замандастары 70 тіл білген дейді. Бұл жерде 70 деген нақты санды емес, ол кездің әсірелеу үрдісіне сай өте көп тілді білген деген мағынаны білдірсе керек. Отырарға әлемнің түкпір- түкпірінен жиналатын саудагерлер мен дін уағызшылары, кезбе саяхатшы ғалымдармен пікір таластырып өскен, Отырар кітапханасында жинақталған әлем ғылым-білімінің інжу-маржандарын оқып білім нәрінен сусындаған Ұлы Ғұламаның өте көп тіл білгені араб ғалымдарын таң қалдырыпты. Әл-Фараби бала кезінен-ақ музыкалық аспапта ойнап, өлең айта білген. Бағдатқа алғаш келгенде Ұлы Ғұлама өзін ақын, әнші, күйші ретінде танытады. Әсіресе, ол өзінің музыка саласында асқан шебер, талант екенін көрсетеді. Оның музыкалық дарыны туралы араб елдерінде түрлі аңыздар таралған. Әсіресе оның Бағдатқа барар жолда Орта Азияның Соғд қаласынан ала барған «Шаһруд» деп аталатын музыкалық аспабымен орындаған әндері мен күйлері арабтарды тәнті етеді.
М. Хайруллаев айтқандай Ұлы Ғұлама өзі туып өскен өлкеден шығып Бағдатқа келгенге дейінгі жолда Маураннахрдың, Месопотамияның көптеген қалаларында болған сияқты. Мысалы: Ұлы Ғұлама «Музыка өнеріне кіріспе» атты кітабында «Шаһруд» аспабы туралы: «Ол біздің заманымызда жасалып, бұрын танымал болмаған. Мұны бірінші болып тауып жасаған Самарқандық Сағди Хулайс ибн Ауас есімді адам болған. Ол бұл аспапты хижра жылымен 306 жылы (918-919жж) тау бөктеріндегі әл-Мах елінде жасаған. Кейін ол оны Соғд қаласына алып келеді» дейді. Осы Соғд қаласында Ұлы Ғұлама Хулайс ибн Ауаспен жолығып, бұл аспапты өзімен бірге араб еліне ала келеді. Сол сияқты, Әбу Әли ибн Сина Исфаһан қаласында Ұлы Ғұламаның өз қолымен жазылған бірнеше шығармалары мен каллиграфтар көшірген көптеген шығармаларын тауып оқығанын жазады. Ол «Екінші ілім» еңбегін де осында оқып, үйренген. Жалпы, Ұлы Ғұлама өз еңбектерін жазған жерлерінде шәкірттеріне тастап кете беретінін, өзімен бірге алып жүрмегенін замандастары айтады. Соған қарағанда, Ұлы Ғұлама Иранның Исфаһан қаласында да біраз болып, тұрақтап еңбектер жазған сияқты.
М.Хайруллаев Ұлы Ғұламаны Бағдат қаласына халиф әл-Мұхтадирдің кезінде (908-932жж) келген дейді. Ұлы Ғұламаның өзі жазған «Музыка өнеріне кіріспе» атты кітабындағы дерек бойынша хижраша 306 жылы (918-919жж) жасалған «Шаһруд» аспабын өзімен бірге ала келгенін ескерсек, жобамен 919 жылдан кейін келген болып шығады. Бағдат халифы әл-Мұхтадир Ұлы Ғұламаны қатты қадірлеп «Досым» деп атапты. Жарты әлемнің билігін уысында ұстаған билеуші жалғыз басты ғұламаны өзімен теңестіріп «досым» дегенде, басқа қарапайым араб халқы, оның музыкалық өнері мен теңдесі жоқ біліміне қайран қалып, Ұлы Ғұлама туралы небір таңғажайып аңыз таратқан.
Бір аңыздар бойынша Ұлы Ғұлама 70 тіл білген десе, енді бір аңызда Ұлы Ғұлама өз тыңдаушыларын музыкамен елітіп ұйықтатып, кетіп қалған дейді. Енді бір аңыз бойынша, Ұлы Ғұламаның өзіне-өзі сенімді болғаны сонша Алеппоға келген кезде, Сирия билеушісі Сайф ад- Дауланың өзін тақтан ығыстырып, тағына отырған екен. Бұған ашуланып жазаламақ болған билеушіге Ұлы Ғұлама өз білімін мойындатып, сарайдағы ғалымдардың бәрін жеңіп шығыпты. Содан бастап Сирия билеушісі Саиф ад-Дауланың Фарабиге құрметі ерекше болған. Ол ғалым үшін сарайда барлық жағдайды жасауға әзір болған. Бірақ, Ұлы Ғұлама патша сарайынан өзінің еркіндігін артық санаған сияқты, бұл ұсыныстан бас тартыпты. Сайф ад-Дауланың өтініші бойынша Ұлы Ғұлама «Музыканың Үлкен кітабын» жазып шығыпты.
Ұлы Ғұламаның араб елдеріне келгеннен кейінгі өмірі туралы жеткілікті жазылғандықтан біз оларды қайталамай-ақ қойғанды жөн көрдік. «Екінші» Ұстаз атанған Ұлы Ғұлама осы Сирия жерінде, Шаш (қазіргі Дамаск) шаһарында қайтыс болады. Жаназасына қасына он бес нөкерін ерткен Сирия билеушісі Саиф ад-Дауланың өзі қатысып, Ұлы Ғұламаны өз қолымен Баб ас-Сағир зиратына жерлейді. Мысырды билеген Бейбарыс бабамыз өзінің әлемге әйгілі ғұлама бабасы, жерлесі , бауыры Әбу Насыр әл-Фарабидің зираты жанына кесене-мешіт , кітапхана салдырып, өз өсиеті бойынша осында жерленген екен. Тағы да бір айтпай кетуге болмайтын дерек: Қазір Ұлы Ғұлама 870 жылы дүниеге келіп, 80 жас жасап, 950 жылы қайтыс болған деп жазылып жүр. Ал, бірақ, Ұлы Бабаның зиратында болып қайтқан кісілер Ұлы Ғұламаның құлпытасында :
«Фатиха
Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын,
Бұл зират мұсылман ғалымы және философы әрі әдебиетшісі, музыканты.
Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ
Мәшһүр(танылған есімі) Әбу Насыр әл-Фарабидікі
Хижраның 260 жылы Фарабта туды және Хижраның 329 жылы Дамаскіде опат болды» – деп жазылған дейді.
Бұндағы хижраша 260 жыл григориянша календарьмен 874 жыл, ал, 329 жыл 941жыл болып шығады. Демек, ғұлама құлпытасындағы жазу бойынша 67 жасында қайтыс болған болып шығады. Ғұламаның құлпытасындағы туған жылы туралы дерек қате болуы мүмкін десек те, қайтыс болған жылы туралы дерек қате болуы мүмкін емес. Сонда Ұлы Ғұлама 80 жас жасап 950 жылы қайтыс болған деген дерек тағы да қате болып шығады.
Сөз соңында айтарым: 2006 жылы наурыз айында сол кездегі еліміздің бас муфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі бастаған делегация қасиетті Отырар жерінен бір уыс топырақ алып Дамаскіге барып қайтты. Құрамында республикаға белгілі ғалым, жазушы, әкім, телевидение және музей өкілдері болған бұл делегацияны Сирия елінің өкілдері құрметпен қарсы алғаны кезінде телевидениеден, газеттерден жарыса беріліп жатты.
Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс бабаларымыздың қабірлеріне туған жерінен апарылған топырақ салынып, ол жақтан бір-бір уыс топырақ әкелініп, Арыстанбаб кесенесінің жанына арулап қойған болатын. Сол кезде осы қасиетті бабалардың рухы сіңген топырақтар қойылған жерге кесене орнатамыз деп уәде берілген болатын. Содан бері 7 жыл өтсе де сол аруақтарға берілген уәде әлі орындалған жоқ. Қазір ұмытылған сияқты. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді естен шығармаған жөн-ау.
Бекжан Бейсенбай,
отырартанушы