Биыл Әбіш ағамның туғанына 80 жыл толады, Осыдан төрт жыл бұрын ол туралы жазғалы жүрген дүниемді әл...
Қарлыға. Адамдар – Құдайдың өлеңі
Арғы беттегі қазақтардың әдебиет әлемінде Қарлыға деген есіммен танымал болған,нәзік те тосын ойларымен, өзгеше жырларымен жырсүйер қауымды елең еткізген жап-жас ақын қыздың топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Оқи отырып, біз де елең еттік...
Радкция
Табытқа өнетін сол гүлдер
Түсіме кіреді сағымдар,
Сәрурәр ертеңдер ауырлау.
Есігі жабылған үйлер мен,
Есімі жазусыз қабырлар .
Жарала қоймаған өмірлер,
Жаралы кеуделер елім дер.
Түбі жоқ аспандар жасаурар,
Қағаздан жасалған кебіндер.
Түсіме құлаған тау кірер,
Қарусыз жау кірер.
Табытқа өнетін... тамырсыз,
Сол гүлдер тағдыры ел.
Түсімді
Кінә ғой жорымау,
Сен жақта түс көру,
Мен жақтың өңінен көрім-ау,
Жаным-ау !
* * *
Билемей қайтамын әр тойдан,
Ұмыттым дегенмен мен оны.
Ұйқасын іздеумен қартайған,
Адамдар – Құдайдың өлеңі.
Оңаша қалғанда өкініп,
Тірліктің болмайтын бір мәні.
Бақытты болғандары өтірік,
Басқаны қайталап жүр бәрі.
* * *
Түн.
Қараңғы бөлме іші одан бетер түнек тым,
Тілегіңмен тілегімді түн еліне түнеттім.
Керуен көшіп келе жатты кеудеңдегі лүпілмен,
Ал мен әлсіз, әміріңе аласарған жүрекпін.
Алқындың да адасқандай кезіп құмды даланы,
Сағынышың саулап тәннен саусағыма тарады.
Құны жәннат бір бақыттың оттан ыстық алауы,
Қірпігімнен сусып ағып барады.
Жаңбыр сынды кеттің иіп, жалын құйып себелеп,
Тағдыр берген тәтті күйік, тәңір неткен керемет.
Тілсіз, мінсіз, һәм күнәсіз, күмәнсіз,
Езілуден, сезінуден өзге бізге не керек?!
Бір қайықта жатты ырғалып соңында алтын ескегің,
Барды ұмытып, жанды үгітіп, жанды қайта Өшкенім.
Мағынасыз тірлігіме маңдайыңнан тамды тер,
Мауқы қанбас мәжнүн түнді кешті «оның»...
Мен де… сен де…
Манаураған минуттарды көп үзбей,
Сәл бәсеңдеп қайта соққан жағалауға теңіздей.
Мәңгі дейтін бір ұғымға масаң күйде еніппіз,
Әуенімде айтылады, айтылмаған лебіз кей...
Сен қуандың, мен күрсіндім,
Бақ қонғанға бармақтай,
Бөлме іші…
ай қараңқы…
адастық па, шам жақпай!
Алты ай бойы ақ шаһарын алдырмаған жерінен,
Бір-ақ күнде жаулап алған солдаттай.
Аңғардың да жұбаттың кеп, құлап қалған мұңымды әр,
Қалды сенен сыр боп үйіп шөлмегімнің түбінде ар.
Қырқаны асса қырық үйден қырық жоқшы сөз ерген,
Қалауы да қасіретке айналатын сұлулар..!
Кешіріп жүрмін, тағдырлы болғандығыңмен
Мен сенбегем,
Менімен бірге жылайды дегенге сені,
Жүзімнен төмен құлдилап өлең көшеді.
Қабырғам содан аяусыз қайысар менің,
Құлдыраң жылдар тұр сызып төбеңде соны.
Бұлт та сенсің,
Соншама биік пе ең, тіптен,
Ай бетіндегі суретсің күйіктен біткен.
Саулаған ұсақ ақ гүлдер самала коктен,
Оларда сенсің соншама сүйікті ең неткен.
Жазулы қылмыс пешенем, түнеріп күз кеп,
Ауламда жүрмін мен әлі… түнерулі із көп.
Жыртып-ап аулақ лақтырған өлеңдеріммен,
Өкінштерге көмілген жүрегімді іздеп.
Болмады деуге жоқпын түк, кішірген ешкім,
Бәріне сеніп қайтейын, түсіңде елеспін.
Сертінен тайған ерлердің сансыз жолдарын,
Көз жасы күткен қыздардың ішінде емеспын.
Атырмай тұрып іздеспей таңдарды мүлдем,
Өзіңсіз жаным жаурауды аңғарды, бірдем.
Кешігіп кейбір жолдардан қалғанды білген,
Кешіріп жүрмін тағдырлы болғандығыңмен.
Тағдыр жайлы не білем
Айтші мені кешер ме ең,
Ендігәрі кезікпесем көшеңнен.
Атыңды атап өлең жаза білмейтін,
Әп-әдемі ақын емес екем мен.
Күңгірт бояу, көңіл күйдің сөзі кем,
Көңіл тұйғын, көбін сүйдің сезіп ем.
Саған арнап кітап жазар сол қыздың,
Ұнатпайтын алқасының көзі мен .
(Мен, менмін ғой, керек пе еді басқа адам?)
Әне содан біздегі дау бастаған.
Қызыл арақ іше алмаймын, ал ішсем,
«Қымбаттым» деп айту үшін мас болам.
Тағы ол жайлы, тағдыр жайлы не білем,
Көңіліме сидырғамын сені мен.
Ұлан-асыр тойға барса түңліктен,
Алақандай аспан көріп жеріген .
Жалқы түннен жамырадық қалайда,
Сыйлап үміт санаусыз күн, сан айға.
Мен осындай бағалымын бағасыз,
Бағытымыз тағы бөлек...
Солай ма?
Басымның ішінде жалғыз өй
Нәзікпін, мықтымын мен әлі,
Кемісем күндерге обалы.
Кімдерден бикпін сонда да,
Биіктер мен үшін шамалы .
Түнде есен болғаным таңда аман,
Сол ғана зор маған...
Басымның ішінде жалғыз ой,
Жалғанда періште болмаған.
Сол үшін кінәмді кеш демен,
Ібіліс отымын өшпеген.
Мейлі мен, сондаймын, оңбаймын,
Бәрібір не істер-ең!
Өлең қып жүрмеймін хаттарды,
Сүрмеймын ғұмырды жаттанды.
Онсыз да масаңмын ерленсем,
Көзімнің жасы да дәп-дәмді.
Сондаймын,мен сондай өр болам,
Кіна артпа сен маған.
Соншама такаппарлығыммен,
Тағы да сүйемін…
Ееей , оңбаған.!
Қабірлер ғана қалады
Мен айтпайтын болғанмын жалғыздығымды,
Байлап алғанмын жаныма бар күзгі мұңды.
Қартайып жатса кеселеп қан сіміретін,
Жер шары дейтін сүйемін жалғыз жұмырды!
Құмдарға жазған жылдарды күтіп баяғы,
Басымнан кеткен бағымның ұшып баяны.
Сұп-сұлу мынау дүние мүсіркеп тұрып,
Мені де білем құласам жұтып қояды.
Ешкімің жоқтай ертеңнің мұңына алаңдар,
Қабірлер ғана қалады түбі ғаламда ар.
Опасыз мынау жалғанның тамырындағы,
Бүлкілдеп аққан сайтанның ғұмыры адамдар.
Бақытқа бармай-ақ бағыттар
Онсызда аз ба еді мұң-қайғым,
Күндердің қайрымы болмай дым.
Өртенбес кездерде жалындап,
Жанатын кездерде жанбаймын!
Онсызда көп еді жол кілең,
Онда да жалғыз ем мәңгі мен.
Бақытқа бармай ақ бағыттар,
Басқаша айтылған әңгімем.
«Жазмыш» деп атаулар жоқ емі,
Жазбай-ақ, сүйесің сен оны.
Қабырға сүйектен жаратпай,
Қайғыдан құраған денені.
Осыған сенемін!
* * *
Өзімнің әлемім, өзімнің әлегім бұл деген,
Өзімнің көз жасым – оқитын түнге өлең.
Өзімнің жүрегім – бокалдар емес бүл,
Өзгесі жүрексіз мүрделер …
Өзімді ішемін, таусыла жаздайтын,
Өзімді өртемек, өз отым маздайтын.
Тәңір де ақын-ау, асылы,
Қара өлең жазбайтын.
* * *
Басталған ең мұңлы алғашқы сапарым,
Сиреген сол күннен достардың қатары!
Айықпай айтарым – аспан боп жылағам,
Мен аппақ көйлекпен енгенмін.
Кінаға...
Оралдым, кімдерге?
Өзгерген күзім бүл...
Өткенмін, өшкенмін, бұрынғым, бүгінгім!
Ескексіз қайықта қаңғырған кешумін,
Көз жастың нілімен жазылған есіммін!