Қазіргі балалар әдебиетін оқытуда жобалау әдісін кешенді қолдану ерекшеліктері

.

ӘДЕБИЕТ
1008
Исина Бақытжан Қапанқызы,
Қарағанды қаласы  химия-биология бағытындағы 
Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
 
 
2024 жылы 20 сәуірде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Филология факультетінде «Педагогикалық шеберлік мектебі» ұйымдастырған АР 19679524 «Қазіргі қазақ прозасындағы қалалық балалар типологиясы және ұлттық ментальдік (ағылшын әдебиеті мен қазақ әдебиеті шығармаларын салыстыру)» ғылыми жобасы аясында «ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ: МЕКТЕПТЕ ОҚЫТУ ТӘСІЛДЕРІ МЕН  МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты мектеп мұғалімдерімен біріккен практикалық семинар нәтижесінде қазақ әдебиеті пәнін мектепте оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ұсынған мақала. 
АҢДАТПА       
Мақала  балалар әдебиетін оқытудың өзекті мәлелелерін қозғай отырып, оқушылардың зерттеушілік және  шығармашылық қабілеттерін дамытуда маңызды орын алатын жобалау әдісін кешенді қолданудың тиімді жолдарын ұсынады. Жобалау әдісінде оқушылардың қалауы мен қызығушылығын ескере отырып, сыныптан тыс уақыттағы тәрбие ісімен сабақтастыра оқытудың ерекшеліктерін қамтиды. Бөлімді біртұтас модуль ретінде кешенді жоспарлай отырып, оқытудың  әр кезеңінде оқу тапсырмаларын шағын жоба қорғауға негіздеп құру  оқушылардың  өзін-өзі реттеуі мен ғылыми зерттеушілік дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін  жетілдіруге, тілдік дағдыларын арттыруға  көмектесетін әдіс ретінде танылғаны талқыланған. Қазақ балалар әдебиетін оқытуда  сахна өнерімен байланыстыруға қатысты маңызды ұсыныстар берілген.
 
Кілт сөздер:  ізгілендіру, зерттеушілік-шығармашылық қабілет, жобалау әдісі, кешенді жоспарлау.
Ұлт болашағы  өз ана  тілінде сөйлейтін, өз ұлтын ұлықтайтын ұрпағымен тұрлаулы болмақ. Осы тұрғыда оқушы қызығушылығын ескеру және көркем туынды арқылы тілді  үйрету, көркем ойлауын қалыптастыру және қазақтың болмыс-бітімін, дүниетанымын, адамгершілік құндылықтарын бала санасына сіңіру  жаһандану дәуірінде өзекті мәселеге айналды.
 
Оқушылардың қазақ әдебиетіне, қазақша жазылған көркем шығармаларды оқуға деген қызығушылығының болмауы  бүгінгі таңда оқытуды ізгілендірудің жетіспеушілігінен де туындап отырғанын мойындауымыз керек. Біз қазіргі қазақ балалар  әдебиетін оқытуды қалай ізгілендіре аламыз? Ізгілік ұғымының түпкі мәнінде оқушының еркіндігі мен қалауы, қызығушылығы сияқты құндылықтар жатқаны  белгілі. Ал әдебиет пәні оқушының даналық пен ізгілікті бойына сіңіріп, тұлғалық қасиетін даралап, адами құндылықтарды дарытатын пән. Оқушының өз бейімі мен қызығушылығына қарай таңдау жасау еркіндігін ескере отырып, тұлғаны әрекетшілдікке бағыттап дамыту мәселесін қозғамақпыз. Ендеше оқушылардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, өзара азаматтық жауапкершілікті сезіну, танымдық іс-әрекетке құлшындыру, зерттеушілік-шығармашылық қабілетін  жетілдіру қазақ әдебиеті пәні бойынша оқу үдерісін ұйымдастыруда  тың ізденістерді қажет етеді. Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында қарастырылатын оқу мақсаттары оқушылардың зерттеушілік-шығармашылық қабілеттерін дамытуды нысана еткенімен, мектебімізде  оқитын 8-сынып оқушыларының бойынан анықталған түрлі интеллектуалдық аспектілер осы қабілетті біртұтас жоспарлауды, үздіксіз әрі кешенді түрде жетілдіру жолдарын қарастыру міндеттерін қояды. Осыған орай, мектебімізде  қолданысқа ие болған жобалау әдісі оқушылардың еркін таңдау жасауы  мен оқытудың демократиялық сипатта өріс алуы оқытуды ізгілендіру қағидатына негізделген. Психологтың зерттеуі мен бақылау нәтижесінде  8-сынып оқушыларының  бойынан айқындалған түрлі интеллектуалдық аспектілер: логикалық-математикалық; адами-тұлғалық (тұлғааралық);  ішкі-жеке  тұлғалық  интеллектілерінің (зерттеушілік қабілет, әлеуметтену) жоғары  екені анықталса,  вербальды-лингвистикалық  интеллектілерінің  орташа екені байқалды және оны дамыту қажеттілігі туындады [1]. Бастапқы көрсеткіш оқушылардың бойындағы бар интеллектілерімен қоса орташа деңгейдегі  тілдік қабілетті  кешенді түрде дамыту керек  деген пайымдаулар шығаруға әкелді. Тұлғаның ең үлкен жетістігі қашан көрінеді?  Аталмыш интеллектілерін қай кезде  дамыта аламыз? Осыған орай, зерттеу жұмысы 8 «А», «В» сыныптарында жүргізілді. Зерттеудің мақсаты: оқушылардың зерттеушілік-шығармашылық қабілеттерін дамыту  үшін жобалау әдістерін кешенді қолданудың  тиімді жолдарын анықтау. 
 
Күтілетін нәтиже ретінде  оқушылардың зерттеушілік-шығармашылық қабілеттерін дамытуда  маңызды  болатын жобалау әдісін кешенді қолдану жолдары анықталып, ол оқушылардың өзіндік білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру, сыни тұрғыдан ойлау  қабілетін арттыру, түрлі жағдаяттарда, әртүрлі қоғамдық ортада өзін-өзі өзектілендіре білуге бейімдеу,  тұлғаның даралық, руханилық, зерттеушілік  қабілеттерін дамытуға негіз болады деп болжанды.
 
Аталмыш мақсат пен күтілетін нәтижеге қол жеткізу  үшін оқушылардың іс-әрекетін зерттеу барысында төмендегідей  жұмыстар жүргізілді:
• теориялық кезеңде  жобалау әдісі мен кешенді оқытуға  қатысты Ж.Аймауытовтың педагогикалық еңбектері; ДЖ. Кэрролл, Б. Блумның ой-пікірлері; Джон Дьюидің «RWCT» философиясы;  М.Жанпейісова «Модульдік оқыту технологиясы»; «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» ; Н.А. Оразақынованың зерттеу  еңбектерін оқып, сараладық;
• сауалнама  алынды: кіріс сауалнамасы 42; ал шығыс сауалнамасы 34 оқушыдан;   әртүрлі бірлестіктегі 22 мұғалімнен сауалнама алынып, қорытындысы  шығарылды;
• оқушылар, психолог, куратор, әріптестермен сұхбаттар жүргізілді; 
• әрекет, яғни атқарылған істер:  бөлімді тұтас жоспарлау нәтижесінде  әр сабақ мазмұнына шағын жобалау әдістері қолданылды, бөлім бойынша жиынтық бағалау  бойынша оқу мақсаты   мен    зерттеу тақырыптары, бағалау критерийлері алдын-ала ұсынылды, сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылды.
• зерттеудің әр кезеңі бойынша кері байланыс берілді және зерттеудің әр кезеңінде талқылау, рефлексия жүргізілді.
 
Зерттеудің алғашқы кезеңінің нәтижесі бойынша  негізге алынғаны -   оқыту үдерісінде оқушы бойындағы бірнеше интеллект түрлерін  пайдалана білу  үшін бөлім бойынша жиынтық бағалауды жоба қорғау түрінде алу, яғни оқушылардың  өз өнімдерін шығаруы нысана етілді. Осы тұрғыда     оқытуда кешенділікті негізге алу өте маңызды.  Бұл жайлы Ж.Аймауытов былай деген: «...Өмірдегі құбылыстарды, нәрселерді бір тақырыптың, бір пікірдің төңірегіне жинап, қосып, түйдектеп, біріктіріп оқытуды комплекс деп атайды. Одан да дәлдеп айтқанда: Өмірде шын жолығатын нәрселерді, құбылыстарды байланыстырып, ол құбылыстарды байланысқан, іліктескен, бір-біріне әсер еткен қалпында араларындағы қатынасын зерттеуді комплекс дейді...» «...Пәндердi бөлшектеп оқыту баланың жан жүйесiне қарсы. Бала нәрсенi тұтас түрiнде, iске пайдалы жағын қарап, ұғып бiледi, бөлшегiн, тарауын, қимылын елемейдi. Комплекс тұтас, түйдек түрде ұқтырады, баланың жан жүйесiне тура» [2].  Осы негізде жобалау әдісін  кешенді қолдану  барысында  бөлімді біртұтас жоспарлай отырып,  соңында  алынатын нәтиже көрсеткіштерінің жоба қорғау түрінде жүзеге асатындығы алдын-ала хабарланады және осы бөлім бойынша оқушы атқару қажет толық ақпарат алдын-ала беріледі. Оқушылар ұсынылған жоба тақырыптарын таңдап алып, оқылатын бөлімнің өн бойында зерттеушілік немесе шығармашылық жұмысымен айналысады.  Сонымен қатар сабақтар осы бөлім аясында  маңызды деп танылған сыныптан тыс жұмыспен астастып, өмірмен тығыз байланыс орнайды. Осы бөлім мазмұнына  қатысты түрлі кездесу немесе сахналық қойылымдар ұйымдастырумен  ұласып, оқушы өз  қызығушылықтарына орай әрекеттенеді деп жоспарланды. 
Модульдік оқыту әдісі  бойынша сабақты ұйымдастыру арқылы бала өмiрдi, құбылысты бақылайды, зерттейдi, тәжiрибе қылады, оқуды заманға тiреп, заманмен байланыстырып оқиды. Соңында өз жобасын ұсынады.
 
Жобалау әдісін кешенді қолдану үшін бөлімді  жоспарлау төмендегідей сипатта жүзеге асырылады: 
1. Модульдің соңында оқушылар шағын жоба қорғау керек. Жоба бөлім бойынша бағалау үшін таңдалып алынған оқу мақсатына негізделеді.
2. Бөлім бойынша оқушылар қызығатын зерттеу тақырыптарын және әр зерттеу тақырыбына қатысты бағалау критерийлері мен дескрипторлары  құрастырылады.
3. Оқушыларға  бөлім басында зерттеу тақырыптары  ұсынылады.
4. Оқушылардың бөлім бойынша зерттегісі келетін тақырыбын таңдауға да мүмкіндік беріледі.
5. Оқушыларға жобаны жұпта әзірлеуге немесе жеке әзірлеуге мүмкіндік беріледі.
 
Бөлім бойынша жұмыс барысы төмендегідей сипатта әзірленеді:
• оқушылардың таңдаған тақырыптарын байланыстыра отырып, сабақ жоспарларын құрастыру.
• оқушылардың жоба жұмыстары бойынша 1 сағат арнайы жұмыс жасауына мүмкіндік туғызу. Мақсат-міндеттерін қоюға бағыт-бағдар, беріп, ресурстарын таңдауға көмек  жасау.
• оқушыларға өз жобасына қажетті ақпараттармен жұмыс жасату.
• сабақтарды зерттеудің түрлі әдістеріне негіздеп құру:
 
І Проблеманы айқындау кезеңі: «Ой шақыру», «Миға шабуыл» .
ІІ Проблеманы шешу кезеңі: «ДЖИГСО 1», «ДЖИГСО 2», «Ментальді карта», «Аргумент шеңбері», «Әдебиет үйірмесі», Жобаға дайындық/ толықтыру/ түзету енгізу/ аудитория алдында сөйлеуге  жаттығу;
• сыныптан тыс дамытуды жүзеге асыру  үшін бөлімді сыныптан тыс жұмыспен сабақтастыру.
ІІІ Проблеманың шешімін ұсыну, яғни  нәтижені ұсыну кезеңінде:
           жоба  жұмысын қорғау.
 
Бөлімнің соңында жоба қорғау мынадай сипатта жүзеге асырылады:
1. Оқушылар жұмыстарын топта қорғап, әр жұп 5 минуттан сөйлейді.
2. Топтағы оқушылар бағалау критерийлері бойынша бағалайды.
3. Ең үздік жұмысты таңдап алады.
4. Ең үздік  жұптар сынып алдында қорғап сөйлейді.
5. Сынып оқушылары жұмыстарға байланысты сұрақтар қойып, бағалайды.
 
Осы бағытта жүргізілген бір-екі бөлімді оқытуды қарастырсақ,  бөлім бойынша  (М.Мақатаевтың  «Аққулар ұйықтағанда»  поэмасы) жоба тақырыптары таңдалған оқу мақсаттарына негізделіп, күнделікті өмірлік жағдаяттармен тығыз байланыста алынды,  осыған  қатысты  оқушыларға ұсынылған жоба тақырыптары кестеде ұсынылды.
 

Реті

Тақырыптар

Түрлері

1

Автор идеясын жеткізудегі поэманың прологы мен эпилогының ро

зерттеушілік жоба

2

Поэманың шиеленісіндегі психологизмнің тілдік құралдар арқылы танылуы

зерттеушілік жоба

3

Поэмадағы наным-сенімге қатысты халықтың ұстанымы (ырым, кие, қасиет, обал-сауап ұғымдары)

зерттеушілік жоба

4

Поэманың шешіміндегі автор көзқарасы және қазіргі экологиялық мәселелер

зерттеушілік жоба

5

Шығармадағы символдық атауларды жеткізудегі көркемдік қолданыстар және оның  автор ойын жеткізудегі орны

зерттеушілік жоба

6

Шығармадағы қайталау түрлері: эпифора, анафора, аллитерация, ассонанстың  автор ойын жеткізудегі орны

зерттеушілік жоба

7

Шығармадағы риторикалық сұрақтың автор ойын жеткізудегі орны

зерттеушілік жоба

8

«Қасиет пен қасірет»

шығармашылық жоба

(сахналық қойылым)

9

Кейіпкер үні (Жетімкөл, аққу, ана, әке, тәуіп шал, жылқышы қарт) (сурет, монолог, өлең, эссе)

шығармашылық жоба

10

«Бала – адамның бауыр еті»

(жетімдер үйімен байланыс, бейнебаян әзірлеу)

шығармашылық жоба

11

Бала ауруы  және  халықтық ем

зерттеушілік жоба

 
 
Қ. Жұмаділовтің   «Қаздар қайтып барады»  әңгімесі  бойынша жобалау әдісі  қолданылған бірнеше сабақты   қарастырып көрейік.  «8.А/И1.Шығармадағы эпизодтар мен бейнелерді салыстыру. 8.Б/С4.Әдеби шығарманың эстетикалық құндылығы туралы шағын сыни шолу жазу» оқу мақсаттары бойынша өткізілген сабақтағы оқу тапсырмалары мен бағалау критерийлері төмендегідей сипатта жүзеге асты. 
Бағалау критерийлері: шығармадағы идеяға қызмет ететін  маңызды  эпизодтар мен бейнелерді салыстырады; әдеби шығарманың эстетикалық құндылығы туралы шағын сыни шолу жазады; шығармаға қатысты пікірін білдіреді. Проблеманы айқындау кезеңінде  «Шығармадағы қандай эпизодтар мен бейнелерді өзара  салыстыруға болады? деген  зерттеу сұрағы қойылды. Осы сұрақ негізінде төмендегідей  шағын жоба тақырыптары ұсынылды:
1. Жазушы және кейіпкер тағдырын салыстыру.
2. Шығармадағы  жазушының пейзажды  сипаттауын кейіпкердің басындағы жағдаймен салыстыру.
3. Шығармадағы кейіпкердің  сипатын танытатын сөз қолданыстары 
4. Шығармадағы символдық қолданыстарды өзара салыстыру.
5. Қарттың басына түскен қиындықтар мен тауқыметті  өзара салыстыру.
6. Шығармадағы теңеулердің кейіпкер сипаты мен автор ойын жеткізудегі орнына қарай салыстыру.
7. Қарттың сағыныш сезімін танытатын сөздік қолданыстарды өзара салыстыру.
8. Қарт пен адасқан ұлдардың өмірін салыстыру.
9. «Адасқан ұлдарға арнау» шығармашылық жұмыс
10. «Туған жерге тағзым!» монолог оқу.
 
Зерттеу жұмысының бағалау критерийлері:
  • ғылымилық сипаты: мақсаты мен өзектілігінің негіздей алады;
  • зерттеу кезеңдерін айқындайды;
  • зерттеу жұмысының құрылымы: кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімі сақталған;
  • тақырыпты теориялық тұрғыда негіздейді;
  • шығармадан мысалдар келтіріп талдайды;
  • зерттеу жұмысын аудиторияға түсінікті  етіп жеткізе алады;
  • таныстырылымның эстетикалық талғамға сай әзірленеді;
  • жұмыс көлемі: кіріспе мен қорытында бөлімі жарты беттен, негізгі бөлімі 3 бет, таныстырылымы  5-7 слайд. 

Шығармашылық жұмыстың бағалау критерийлері:

  • тақырып, мақсат, өзектілікті айқындайды;
  • креативтілігі мен тың идеясы бар, ерекше формадағы жоба ұсынады;
  • кейіпкер қабылдаған 1-2 маңызды  шешімнің заманауилығына  салыстырмалы талдау жасайды;
  • 1- 2 қарама-қайшылықты айқындап, екі кезең тұрғысынан талдап, баға береді;
  • Таңдаған стиль талаптарына сай әзірленеді.
 
Жобалау әдісін кешенді қолдану сыныптан тыс  жүргізілетін іс-шаралармен астасып, әдебиетті сахна өнерімен тоғыстырып, Қ.Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады» әңгімесі негізінде қытайдан оралған  қандасымызбен дастархан басында  жарқын жүздесу, Р.Мұқановнаның «Мәңгілік бала бейне» әңгімесі  негізінде  Семей полигонының құрбаны, суретші Кәріпбек Күйіковпен кездесу, М.Шахановтың «Танакөз» поэмасын  оқушылардың әзірлеген сценарийі негізінде сахналау ұйымдастырылды. Шығармалардың жобалау әдісі негізінде осындай іс-шаралармен, сахна өнерімен астастырылуы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оята отырып, сөздік қорының жетілуіне, ұлттық  құндылықтарды бағалауына әкелер еді.
                                                       
Іс-әрекеттегі зерттеу соңында сауалнама нәтижесін қарастыратын болсақ, жоба тақырыптарының мұғалім тарапынан ұсынылуы оқушы қызығушылығын арттырмайды, оқушы көркем мәтінді оқып, мазмұнын меңгергеннен кейін өз таным-түсінігі тұрғысынан және қызығушылығына қарай жоба тақырыбын өзі анықтауы қажет. 
 
Зерттеудің нәтижесінде бөлімді біртұтас модуль ретінде кешенді жоспарлау; жоба  тақырыптарын  өз қызығушылығына қарай таңдату, яғни жоба тақырыптарын күнделікті өмірлік жағдаяттармен тығыз байланыста алу, белгілі бір бөлімді оқытудың  әр кезеңінде оқу тапсырмаларын шағын жоба қорғауға негіздеп құру  оқушылардың  өзін-өзі реттеуі мен ғылыми зерттеушілік дағдыларын дамытуға, шығармашылық қабілеттерін,   ақпараттық-комуникативтік құзыреттілігін арттыруға, жұрт алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіруге көмектесетін әдіс ретінде танылды. Кешенді  оқыту   вербальды-лингвистикалық, тілдік және когнитивтік, әлеуметтік және эмоциялық дағдылары жетілдіруге мүмкіндік туғызды.  
Қазақ әдебиетін оқытуға қатысты  бірнеше ұсыныстарды атап  өтуге болады:
 
  • оқу бағдарламасындағы шығармаларды  жаңарту;
  • оқу бағдарламасына өзгерістер енгізіп, балалар әдебиетіне ұсынылатын шығармалардың заманауилық сипатын ескере отырып, балалардың жас ерекшелігін сай ұғым-түсінігіне сәйкес келетін қызықты мазмұндағы шығармаларды іріктеп енгізу;
  • әдебиеттік оқу кабинеттерін сахна өнерімен байланыстыра отырып, оқушылардың образға енуіне, рөлдерді сомдауына мүмкіндік туғызатындай жабдықтау;
  • балалар әдебиетін  сахна өнерімен байланыстыра отырып оқыту;
  • оқушылардың өзіндік  қалауы бойынша шағын жобалар әзірлеуге тарту.
  •  
Әдебиет:
1. Гарднер Х. Рамалық ойлар: Көптеген интеллект теориясы. 3-ші шығарма. Нью-Йорк: негізгі кітаптар; 2011 ж.
2. Ж.Аймауытовтың бес томдық шығармалар жинағы. 4-том, – Алматы, Ғылым баспасы, 1998 ж. – 446 б.
3. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ. «Қазақ әдебиеті»  пәні  бойынша оқу бағдарламасы. Негізгі мектеп. Астана- 2018. - 44 б.
4. Жанпейісова М. М. «Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде».- Алматы, 2002.
5. Жанпейісова М. М. «Модульдік оқыту технологиясы». Ақтөбе. – 2000.
6. Ж.Аймауытовтың бес томдық шығармалар жинағы. 5-том, – Алматы, Ғылым баспасы, 1999 ж. – 301 б.
7. «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» мектепішілік кәсіби даму курсының білім беру бағдарламасы  бойынша мектеп тренерлерін оқыту бағдарламасы, «ЦПМ», Астана қ., 2018ж.
 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...