Қуандық Түменбай. Қазақы әйел (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
5257

- Мынаның есі ауысқан шығар. Аман шықса болар еді. Байы соғысқа кеткендер осындай боп қалды ғой. – Шыт көйлегінің етегін делеңдетіп, ағын суға шолп ете қалған әйелге ат үстінде алыстан қараған ақсақ бригад Жұмабек сау аяғын тепсініп, шоқытып кетті. – Тәнін мұздай суға малып, жаны жай табатын шығар, - деп ат бүйірін тепсінгенде үзеңгіге жетпей тұрған қысқа аяғы шолтаң ете қалды. Қазір ерге тік отыра алмайтындар белсенді боп жүр. Жұмабек те соғысқа жарамай қалған еркек, кілең қатынның үстінен қараған бригад.

Айжан суға сүңгігенде тұлабойы жеңіл тартып, жаны иіріммен бірге үйіріліп кетті. «Иірімге барма, су перісі тартып әкетеді» дегенді қыз күнінде әке-шешесінінен талай естіген. Бойы мұп-мұздай боп, үш жылдан бергі күйіп-жану бір сәтте сытылып жүре берді. «Су жарықтықтың құдіреті бар ғой, су бәрін тазартады». Көңіліндегі күбір-сыбыр мен қиқым-сиқымды мына ағын су әпсәтте сыпырып әкеткендей. Бірақ, үш жыл бұрын үйден шығып кеткен Сейітжанның бейнесі суға сүңгігенде де көз алдынан кетпей қойды. Тіпті, су астында құдай қосқан қосағының бейнесі жақын келіп, бір жерінен түртіп қап қытығын келтіргендей ме? «Осы менің қытығым келді ме?». Судан шығып, арна жағасында тізесін бүгіп, шоқиып отырды. Көйлегін шешіп кептірмек түгілі етегін түріп сықпады да. «Ана ақсақ қайда жүр екен? Сол көрсе деп едім суға түскенімді. Соның аңдығаны аңдыған, менен қайтсе де «халық жауын» шығармақшы. Қатындар егістен қайтарда етегіне тығып не алып қайтар екен деп өзінше үкімет болған түрі ғой. Алса екі уыс, бір тақия дән алады. «Ит жоқта шошқа үрген» неме. Тағы да тісі ақсиып, әзіл айтқысы келеді қатын-қалашқа. Екі аяғын тең баса алмай жүріп... Мұрныңнан аққан маңқаны сүртіп алсайшы. Соны көрсем жүрегім айниды» десе де, сол жарымжан еркек суға малшынған көйлегім мен сидам денемді бір көрсе екен деп уытты ыза бойын биледі. «Ол көргенін әуелі колхоз бастыққа айтады, бастық нәшәндік мілитсаға жеткізеді. Ол «не үшін колхоздың астығын үйіңе тасыдың?» деп тергейді келіп, тергейді, бір тақия бидай үшін. Көрмеді. Көргенде болар еді, қолымның бос, арқамда қапшығым жоқ екенін, үйіме қарай су-су боп бара жатқанымды". Айжан айналасына алаңдай қарап, алыстан шоқытып кеткен ақсақ бригадты іздеді. Шешесінің сөзі құлағына құйылып қалған. ...31-жылы мал-жанды тартып алды. Ел ауа көшті. Көше алмағандар кеуіп-пісіп, көздері аларып өліп жатты. Аш қатын-балаға колхоз қамыс орғызды. Орақ ұстағанда қол дірілдеп, өткір орақтың жүзі қата тиіп, сар қамыс қып-қызыл қанға боялатын. Сонда Айжан онда екен. Шешесі орған қамысты баулап, қалт-құлт етіп жүретін. Бір күні шешесі өзінің тұла бойына, сосын он жасар қызының қойын-қонышына бырт-бырт сындырып қамыс тықты. Сары қамыс еті сүйегіне ілінген екеудің бойынан түк те білінбеді. Тек жол бойы қышытып, қасынғылары келді. Сөйтіп, үйге әкеп, ыстық суға қайнатып берді. Сол сары қамыстың дәмі қандай тәтті еді, қант қосқан талқандай боп сояу қамыс ауызда былбырап еріді. Суын сораптап ішіп, маңдайы терлеп-тепшіп, көнтақа боп қалған дене табиғи өсімдіктен қуат алып, тіршілік үшін талпынды. Бірақ, осының бәрін біліп қойып, шешесін қамыс орудан да босатып, үй түбінен өтетін темір жолға жүкші ғып жіберді. Сорлы шеше көп ұзамай көз жұмды, Айжан жетімдер үйінен пана тапты. Кәмелетке толып қайтып кеп ауыл баласы Сейітжанға тұрмысқа шықты. Ол да жетім. Екі жетім қол ұстасып, бірде аш, бірде тоқ боп жетіліп келе жатқанда соғыс басталып, Сейітжан майданға аттанды. Сонан бері хабар жоқ. «Е хат жоқ, е...». «Беті аулақ» деп шошып кетті. Қара қағаз алғандарды көріп жүрміз ғой». Көйлегі денеге дене боп жабысып тұр. «Көрмеді-ау, ана ақсақ. Қолымның таза қайтқанын көргенде, ана еркегім. Сейітжаннан қалған тұяқты аман-есен жеткізсем. Аяғаным аман болсын. Сол үшін бәріне барам. Сол бар болсын». Күн ұясына қонақтап барады. Қызарып батқан күннің аясында тұла бойы су-су әйел шалт басып, жайқалған егіні орылып, жетімсіреп жатқан атызға қарай адымдады. Жан баласы жоқ. «Құр қол кетіп бара жатқанымды ана ақсақ көрсе деп едім. Қолмен орылып, сабағынан төгілген қалдық дән әбден ұясына батқан күннің астында көлеңкедей қарайып жатыр. «Шешемнің істегенің істейін. Он жасымда көрген тірлікті мен де қайталайын». Жиырманың бел ортасындағы буырқанған келіншек атыздан аттады да, денесіне жабысқан су-су көйлегімен қара жерге жата қап аунай бастады. Іле текемет басқанда киізге ораған шидей дөңгелей жөнелді. Сабағынан үзіліп түскен сары дәннің үстінде арлы-берлі аунақшыды. «Жер жарықтықтың иісі қандай тамаша. Сейітжанның денесінде де осындай жағымды иіс болатын». Жас көңіл балаша рахатқа кенелді. «Тұр, Айжан, тұр, ақсақ Жұмабек көре қалса «қылмыс үстінде ұсталды» деп баян етеді басқаларға. Бүгінгі атқамінердің бәрі мілитса. Сейітжан келсін, сол келгесін армансыз жатам. Сейітжан келгесін біледі Жұмабек өзінің кім екенін». Ол ұшып тұрды да, ауылға алып барар соқпаққа тұсті. Қолына ештеңе ұстамады. Қолы таза. Тек денесіне жабысқан бидай дәні бүршік-бүршік боп бұртиып тұр. Арқасы мен омырауы, суы кеппеген көйлегінің делеңдеген етегіне дейін жабысқан сары дән. «Қолым – таза, денем – қылмысқа толы. Бәрі бір Аяған үшін. Сол үшін денемді жалдап қылмыс жасап келемін. Ол да денемнен шыққан қаным емес пе, денемнің бір бөлшегі емес пе? Демек, бұл қылмыс емес, денемнің түк те кінәсі жоқ. Жаратқан ием, қызыл дән, өзің кешіре гөр!» Соқпақ жол ауылға жақындап қалды. «Ешкім көрмеді. Бригад Жұмабек те қараңғыда кездесе қалса, не жабысқанын көреді дейсің бе? Бір көзі қысық, бір көзі былшық. Еркек боп едіреңдеп жүр ғой». Екі аяғы жерге бірде тисе, бірде тимей үйге жеткенде Аяған алдынан жүгіріп шықты. «Тұра тұр!» деп баласын кері итеріп жіберді. Бала томсарып тұрып қалды. «Апама не болған?» деген түсініксіз ой санасында ирелең ете қалды. Аяғының ұшымен келіп, көн тулақтың үстінде тұрып тұла денесін қағып-сілки бастады. Шыт көйлектің жағасынан бастап, делеңдеген етегіне дейін өз денесін өзі сипалап, баданадай дәнді шымшып-шымшып жерге түсірді. "Аяжан, арқамды алақаныңмен бір сипап өтші", - деді жүзін жылытып. Баланың алақаны анасының арқасынан бір жүріп өткенде сары дән тырс-тырс етіп жерге түсті. Етегін тағы бір сілкіді. Тағы да сіркіреген жаңбырдай тырс-тырс етіп тулаққа дән түсті. Сонан кейін ғана бес жасар баланы жаңа көргендей құшағына басып, айналып-толғанды.

- Қазір диірмен тартамыз. Мен диірмен тасты айналдырам, сен дән сап тұрасың. Сосын саған талқан былғап берем. Бірақ, бүгін көргеніңді ешкімге айтпа, тісіңнен шығарма. Көкең соғыстан келгесін соған ғана айтасың. Танауыңнан! – деп  бір айналғанда қарны қабысқан бала бір сәт болса да ашыққанын ұмытып кетті.

***

Аяған әкесін соншама күтті, бірақ келмеді. Анасының үсті-басын қағып, денесінен дән түсіргенін еліккен көңілмен еліріп отырып айтқысы кеп еді, бірақ сол күйі әкесін көре алмады. Ол із-түзсіз кетті, бұл белгісіз солдаттың баласы боп қала берді. Сол өзіне қызық боп көрінген сәт – апасы үсті-басын қағып-сілкігенде тырс-тырс етіп жерге түскен дәннің ұрлықы дән екенін кейін білді. Өзі де ержетіп, әскерге барып, ел қорғап жүріп шешесін ойлағанда күн батып кеткеннен кейінгі сол көрініс әрдайым есіне түсе береді.

Бүгін Аяған Шиелі аудандық әкери комиссариатынан шұыл шақырту алды. Комбат: «Буыншақ-түйіншегіңді дайындап, тез жолға аттан!» деп бұйырды.

- Не боп қалды? Шешем аман ба?

- Шешең аман емес деген хабар жоқ. Шақыру соттан және әскери комиссариаттан. Тез аттан!

- Құп болады!

Бұл Сібір ормандарын артқа тастап, жолға шыққанда шешесі баласын уайымдап, түрмеде екі көзі төрт болып отыр еді. «Жалғызыма кесірім тиіп кетпесе екен. Сол аман-есен ел қатарына қосылса екен. 37-нің зобалаңын көрдік, соғыстан шықтық ыңыршағымыз айналып, енді тағы бір нәубеттің басталғаны ма? Қашан біз қарнымыз тойып ас ішіп, ың-шыңсыз ел қатарына қосылар екенбіз? Әйтеуір Сейітжанның көзі Аяғаным аман болса екен. Кеселім соған жұғып кетпесе екен».

Айжан қою түнді қамыстан соғылған түрмеде ұйқысыз өткізді. Бір ай болды осында жатқанына. Баяғы ақсақ Жұмабектің тізгінін бригад боп қортық Қойшыбай ұстаған. Екеуі немере. «Неге осы екеуі халықтың өздері еккен егінін өздеріне жеткізбейді екен?» Осындай сарыала оймен бүктүсіп отырғанда таң атып, күн шықты. Ағаш есік сықыр етіп еді, мілитса екен.

- Апа, сотқа жүріңіз, - деді ауылдағы Ерәлінің баласы. Биыл әскерден келіп, мілитса боп жүр. «Апа!» деген сөз құлағына майдай жақты. Аяғанның даусы секілді. – Апа, мен айтты деп ешкімге айтып қоймаңыз. Сотқа Аяған да келеді. Тісіңізден шықпасын. Айтсаңыз, мен құримын. Ауылдас болғасын ғана өзімсініп айтып тұрмын.

Айжанның тіл қатуға ауыз икемі келмеді. «Аяған келеді дей ме?.. Сорлы бала сорлап қалмаса кетті...» Сот кеңсесі он бес шақты адым ғана жер екен. Ерәлінің баласы алдына сап айдап келді. Тек сот кеңсесіне кірерде: «Апа, қолыңызға кісен салам. Мен сізді кісенмен айдап келуім керек еді. Тек ауылдас болғасын... Сізді сот залына кісенмен кіргізуім керек», - деп білегіне ат тағасындай имек темірді қапсырғанда өмірі білезік сап көрмеген жұмыр білегі мұздай боп, тұла бойын қарып кетті. Қолын артқа ұстап, мәжіліс залына кірді. Төрт-бес адам шошайып отыр. Сот төрағасы, айыптаушы прокурор, ақтаушы, колхоз бастығы мен бригад тапал Қойшыбай. Әнебір жерде үстіне әскер киімін киген біреу отыр. Мілитсаның бірі ме деп еді, мынаның әудем жерден көрінген түр-тұрпаты мен қисайып отырысы көзінен бұлбұл ұшқан Сейітжанның өзі. «Аяған да қатысады деген сөзді естідім ғой». Мілитса қолын кісеннен босатқан сәтте білегін бір сипап, әлгілерге тағы бір көз салғанда келмеске кеткен қосағы мен ұлының кейпі көз алдында бұлдырап тұрып қалған Айжан: «Аяған-ау, мұнда неғып жүрсің?!» деп тұра бергенде, Ерәлінің мілитса баласы: «Рұқсатсыз тұруға болмайды, отырыңыз!» - деді иығынан басып. Әлгіндегідей емес, дауысы қайыстай қатты. «Мынау да демде өзгеріп шыға келгені ме?»

- Аяған-ау, әйтеуір амансың ба?! – деп талықси берді.

- Аманмын, апа, аманмын, - деді солдат орнынан қозғалмай.

Айжан тез есін жиып ап тіктеліп отырды. Мілитса жігіт крөшкемен су әкеп беріп еді, қылқ еткізіп ұрттаған жоқ.

Төраға сот мәжілісін ашық деп жариялады. Көк киім киген қасқа бас прокурор сөз алып, айыпталушы Айжан Құмалаққызы Айымбетованы қоғам мүлкіне суық қол салушы деп тауып, қылмыстың бабын атап көрсетті.

Енді сот төрағасы сөйледі.

- Сіз бидай аңызынан бір дорба масақ теріп алғаныңызды мойындайсыз ба?

- Енді, теруін тердік қой. Аштан өлеміз бе? Тірі жан тіршілігін жасайды. Балам әскерден келгенше там-тұмдап күнімді көрсем деп едім. Мал жайылып жүрген аңыздан жұмыстан қайтарда бір дорба масақ теріп алғаным рас. Аспанда Құдай бар ғой, жасыра алмаймын. Үйде тіске басар дәнеңе қалмады.

- Сіздің үй ерекше үй емес шығар. Елдің бәрінің жағдайы бірдей. Соғыстан бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру жылдарында ешқандай ұрлық атаулы болмауы тиіс, - деді сот төрағасы қабағын түйіп. – Куәні шақырыңдар.

 Мәжіліс басталарда сыртқа шығарып жіберген баяғы ақсақ Жұмабектің немере інісі, бүгінгі бригад қортық Қойшыбай тыпырлай басып ішке кірді. СССР-дің Елтаңбасы бейнеленген мінбеден бір тұтам мойны қылқиып әрең көрініп тұр.

- Сіз қылмыскер Айжан Аймауытовның бидай аңызынан бір дорба масақ теріп алғанын көрдіңіз бе?–деп сот төрағасы сауал қойды.

- Бойым тапал болғанмен көзім сау. Оң көзіммен көрдім. Көрдім де, «Бұның не?» десем, «Өлеміз бе, тісіміздің суын сорып отырмыз ғой», - дейді қасқайып. Ертең азанда бастыққа кел дедім. Бастық мілитса шақырып, қаматып тастады.

- Сіз бригадирдің айтқан сөзін растайсыз ба? – деді сот төрағасы.

- Өтірік айтсам, аузым қисайып қалсын. Өзім еккен егіннің мал мен құс теріп жеп жатқан масағынан бір дорба теріп алғанымды қылмыс деп ойламаппын. Уһ! – деп күрсінгенде, «Отырыңыз!» - деді төраға. – Мал мен құста сана жоқ. Ал, адам социализмнің саналы тұлғасы, - деп қосып қойды.

- Жолдас сот, - деді тапал Қойшыбай сөз сұрап. – Бұл әйел менің ағам бригад боп жүргенде қамыс ұрлаған. Денесіне жабыстырып, үйіне дән тасыған.

- Сіз көзіңізбен көрдіңіз бе?

- Жоқ, ағам айтты.

- Бұл қай кезде болған оқиға?

- Соғыс жылдары.

- Ағаң қайда?

- О дүниеде.

- Ағаң тірі болғанда қоғам мүлкіне қол сұғушыны көріп тұрып, қасақана хабар бермегені үшін жауапқа тартылуы керек еді, қылмыстың мерзімі өтіп кетті. Отырыңыз! Сержант Аяған Айымбетов, тұрыңыз!

Сұңғақ бойлы, кең иықты жігіт орнынан көтерілді. «Жане-е-е-ем, айнымаған әкесі ғой, әкең соғыстан тірі келгенде осындай солдат боп келер ме еді» деп ұлына қараған ана жүрегі езіліп қоя берді. Бірақ, тілін тістеп, көзіне ерік бермеді. Балама бір бәлесі тиіп кетер деп артық сөз, артық әрекеттен сақтанып, тып-тыныш отыр.

- Сержант Аяған Айымбетов!

- Мен.

- Сіз сотталушы Айжан Құмалаққызы Айымбетованың кімі боласыз?

- Баласымын.

- Қай әскери округтан келдіңіз?

- Қиыр Шығыс әскери округінің құпия бөлімшесінен.

- Шешеңіздің қылмысты ісімен таныстыңыз ба?

- Сот тергеуі барысында танысамын. Әзір маған ештеңе белгісіз.

- Отырыңыз!

Ақтаушы әйел орнынан тұрып, сөз сұрады. Ол әскери қызметте сержант Аяған Сейітжанұлы Айымбетовтың өзін тек үлгілі жауынгер ретінде көрсеткені жайлы әскери бөлімшеден алынған мінездемені оқып берді. «Саяси сауатты, моральдық деңгейі биік» деп қосып қойды. Жақында КПСС мүшелігіне кандидаттыққа қабылданғанын да хабардар етті.

Айыптаушы сөз алды.

- Қылмыскер Айжан Құмалаққызы Айымбетованың қылмысы толық дәлелденді және екі жыл бас бостандығынан айыруды сұраймын, - деді.

Ақтаушы орнынан көтеріліп, айыпталушы әйелдің колхоз құрылғалы сол шаруашылықтың қара жұмысына қолының иін қандырған еңбеккер екендігін бейнелеп айтып, жазаны бас бостандығынан айырмай шартты түрде беруін сұрады.

Сот төрағасы үкім шығару үшін заседатель-ақылмандармен келісімге кетті де, ұзамай суыт басып қайтып келді.

- Сот келе жатыр. Тұрыңыздар! – деді сүйріктей хатшы қыз ернін шүйіріп.

Бәрі өре түрегелді. Төраға селт тұрған күйі үкімді оқыды. Әуелі «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы атынан!» деп бір қақырынып ап, сөзін жалғастырды. – Айыпталушы Айымбетова Айжан Құмалаққызы Қазақ ССР қылмысты істер кодексінің 76- статьясының 2-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 2 жыл бас бостандығынан айыруға үкім етемін, - деді де,  қарсы алдында отырған шинель киген жігітке қарап сөзін жалғады. – Айжан Айымбетованың ұлы Аяған Сейітжанұлы Айымбетов совет армиясы қатарында қызмет етіп жүргендіктен және оның үлгілі мінездемесі ескеріліп, Айжан Құмалаққызы Айымбетованың жазасы шартты түрге ауыстырылып, қара жұмысқа салынсын. Тұтқыннан босатылсын.

Айжан ағаш орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Не істерін білмей дел-сал күйге түсті. Тіл қатып сөйлемеді, айналасына мойын бұрып қарай алмай екі бүктетіліп отырып қалды. «Сені көрдім ғой, әйтеуір, саған күйе жағылған жоқ па, балам? Жаманатым тиіп кеткен жоқ па? Қандай жаза берсе де көтерем, арбаға жегіл десе де жегілем». Жан сарайы гүрілдеп тартқан пештей оталып, қасына келген ұлын маңдайынан иіскеді. Кісеннен босаған білегін сипады. Баласы шешесін қолтықтап, сот залынан шықты. Екеуі қара жолмен ауылға жаяу тартты. Бір-біріне жаңа көргендей көз алмай қарап, әңгіме көрігін қыздырды. Анасы баласына бәрін жайып салды, жер үстінде өзінен бақытты адам жоқтай ақтарылып келеді.

- Сәбеттің заңы әділ ғой. Қарашы, ит өлген жерден шешесінің сотына баласын әкеп қатыстырғанын. Сенің бала күніңде де, ересек күніңде де істеген қылмысым, ақыры, алдымнан шықты. Қамыс та ұрладым, денеме жабыстырып дән де тасыдым. Ұрының арты ашылмай қалмайды екен. Мен осыны ұрлық деп ойламаппын, тірі адам тіршілігін жасау керек емес пе? Әкеңнен айнымай қалыпсың ғой, жан-е-е-ем! - деп, баласының иығына басын салып, алып-ұшып, алқынып сөйлеп келеді. «Үйге жетейік, мені сотты қылған бір дорба бидайдың жартысы қалған. Соны табаға қуырып, қуырмаш жасап беремін. Үйдің дәмін сағынған шығарсың, жан-е-е-ем!» деп әскерше  киінген баласының бетіне қайта-қайта қызығып қарай берді.

***

Айжан аудан орталығы – Шиеліге барып келген Аяғанның алдынан алып-ұшып жүгіре шықты.

- Қашан қайтатын болдың? – деді жанұшырып.

- Қайтпауым да мүмкін.

- Не дейд... Әскерің ше? Сен Отан қорғап жүрген жоқсың ба?!

- Апа, Отанды осы жерде қорғайсың, дейді. Жұмысқа алып қаламыз, дейді. Қалсам, саған да жақсы болады. Қалмасам, қайта кісен салынуы мүмкін.

- Мені қойшы. Өзіңді ойла. Мен боласысы болған, білегіме білезік емес, кісен салған қатынмын. Екеуінің де тегі темір ғой. Өзің аман болшы. Не жұмыс? Әскерің әлі біткен жоқ. Бір жылың бар емес пе? Әйтеуір менің кесірім тиіп кеткен жоқ па?!

- «Үндемес мілитса» дейсіздер ғой. Соған жұмысқа алып қалмақшы. Ел ішінің қауіпсіздігін қорғайсың, дейді. Жаным сүймейтін жұмыс. Елдің бетіне күйе жағып жүргендер де солар. Сіздің істі болғаныңызды желеу ғып мені жұмсамақшы... Оның үстіне партия мүшесіне кандидат боп өтіп ем ғой...

- Балам, солардың дегеніне көне берсейші. Әкесіз өстің, мені қайтесің, мен оңайлықпен өлмеймін. Бір басыңның амандығын ойласайшы. Өкіметтің құрығы ұзын. Ит өлген жерден босқа шақырмаған шығар.

- Сіз уайымдап, жолымды тосып жүр ғой деп, бір хабарын берейін деп келіп едім.

Аяған солдат белдігін қынай буынып ап, шинелінің жағасын бір түзеп қойып, тағы да жолға шықты. Қиыршық тас керзі етіктің тұмсығына тиіп, арлы-берлі ұшып жатыр. Шиеліге жеткенше түйенің құмалағындай қиыршық, ар жағы таздың басындай тап-тақыр. Әскери комиссариат пен қауіпсіздік комитетіне алып барар қамшының сабындай қысқа жолға ғана асфальт төселген.

Аяған бұрылып, артына бір қарап еді, шешесі қара жолдан көз алмай тұр екен. Ертең ол да үкім бойынша қара жұмысқа жегіліп, темір жол депосында күйелеш-күйелеш боп вагоннан көмір түсіреді. Күрек пен кетпеннен алақаны мүйізделген қазақы әйел жалғызым бір пәлеге ұшырап қалмаса екен деп шыр-пыры шығып тұр.

 

author

Қуандық Түменбаев

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...